Ауа райы
Мерекелер

ҚЫМБАТ ҚОНДЫРҒЫЛАРДЫҢ ҚОЛЖЕТІМДІЛІГІ ҚАНДАЙ?Жыл санап жаңа технологияның енгізіліп жатқандығы медицина саласын­а да соны серпін әкелді. Мемле­кет басшысының тапсыр­ма­сы­мен жүзеге асырылып жатқан бағ­дарламаларға да баса көңіл бөлудің нәтиже­сінде халықаралық стандартты­ жүйенің тетігіне қол жеткізуге мүм­кіндік туды. Соңғы бірнеше жылда отандық денсаулық сақтау жүйесінде айтарлықтай өзгерістер болғанын мойындау керек.Денсаулық сақтауды одан әрі дамыту бойынша мемлекеттік бағдарламалардың қабыл­дануы және олардың іске асырылуы осы бағытта бірқатар жетістіктерге қол жеткізуге ықпал етті.

Бұған дейін қабылданған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде денсаулық сақтау жүйесі кең көлемде жаңғыртылды.Емдеу процесінде жаңа тех­нологиялар белсенді қолданылып,тәжірибе жинақталды. Қазір бізде ауруды ерте кезде анықтауға мүм­кіндік беретін Ұлттық скринингті бағдар­лама, Бірыңғай ұлттық ден­саулық сақтау жүйесі жұмыс істейді. Фертильді жастағы әйелдер,жүкті және ауыр жағдайда жатқан науқастар тіркелімі жасалған. Тиісті және шұғыл медициналық көмек көрсету үшін ескерту және іс-қимыл алгоритмінің кестесі қабылданды.Осының нәтижесінде өмір сүру ұзақ­тығының шамамен 3 жылға ұзаруы, мемлекеттің басты капиталы– халықтың, оның ішінде ана мен бала өлімі деңгейінің төмендеуі аталмыш бағдарламаның негізгі нәтижесі екені рас. Осы секілді жағымды өзгерістерге толы салада қазір өлімнің негізгі себептері болы­п табылаты­н қан айналымы жүйесінің бұзылуы, қатерлі ісіктер секілді қауіпті аурулардың алдын алуға,ерте анықтауға және уақытылы емдеуг­е бағытталған кешенді шаралар облыс көлемінде жүргізілуде.

Ауырып ем іздегеннен аурудың алдын алып, салдарымен күрескен әлдеқайда пайдалы. Аймақ бойынша соңғы жылдары қан айналымы жүйесінің бұзылуы салда­рынан туындайтын аурулар көбейген. Асқынған дерттің соңы ота жасауға алып барады. Бүгінде осы кеселдің алдын­алу бағытында аймақтағы жергілікті емханаларда мойын және аяқ тамыр­ларын ультрадыбыстық зерт­теу құрылғысымен анықтау жұмыстары жүргізілуде. Ота демекші, қазіргі күні аймақта науқастарға жасалатын отаның­ барлық түрі ангио­графиялық қондырғы арқылы жасалуда.Бұлқондыр­ғы­ға қажеттілікті есептейтін болсақ,­ 250 мың халыққа бір қондыр­ғы қызмет етуі тиіс. Ал біздің аймақ тұр­ғындарының саны 800 мыңға жуықтап қалды.Демек, облысқа әлі де осындай екі аппарат қажет.Ангиографиялық қондырғының адам өмірі үшін қандай қызмет атқаратынын,өмір мен өлім аузындағы адамды аман алып қалуға тигізе­тін көмегін көру үшін облыстық денсаулық сақтау басқармасы облыстық медициналық орталықтың ішкі жұмы­сы­мен таныстырды.

ОМО-ның бірінші қабатындағы қабылдау бөлімінде бұрынғыдай ұзын-сонар кезек, дәліз жағалап отырған науқ­ас жоқ. Өйткені ел президентінің айтып жүрген қымбатқа түсетін стацио­нарлық ем көрсету қызметі бойынша арнайы бөлімше ашылды. Онда шұғыл көмекті қажет ететін, ауру­ханаға түскен ауыр науқастарға алғашқы медициналық көмек көрсетіледі. Перде жапқыштарының түсі – қанық сары. Бұл түс – әлем­дік медицинада «шұғыл көмек» түсі деп аталады екен.Бағытымыз – эндоваскулярлы бөлімше. Ол жерде 1946 жылы туған аралдық азаматтың жүрегіне ангио­графиялық аппаратпен ота жасалуд­а. Тәжірибелі дәрігерлер мен мамандардың көмегімен ота бар бол­ғаны 30 минутқа ғана созылды.Бар болға­ны дейміз-ау, өмір үшін күресіп жатқан ағза үшін секундтың өзі – уақыттың төресі.

ҚЫМБАТ ҚОНДЫРҒЫЛАРДЫҢ ҚОЛЖЕТІМДІЛІГІ ҚАНДАЙ?- Бұл аппараттың бізге берер көмегі ұшан-теңіз. Өйткені науқастың өмірін сақтауда біріншіден,уақыт тиімділігін сыйласа, екіншіден, бұрынғыдай кеуде тұсын толық ашып жатпаймыз.Аппараттың көмегімен түйінделіп тұрған тамырды тауып, оған «стенд» қойып, әрі қарайғы отаны сәтті жалғастырамыз. Өткен жылдың өзінде2700-ге тарта науқа­стың жүрек-қан тамырларына ота істелді, - дейді ОМО-ның кардиология бөлімшесінің меңгерушісі Ғалымжан Әбішев.

Айта кетейік, мемлекет басшысы қойған міндеттер негізінде денсаулық саласын одан әрі дамытуға бағытталған бағдарлама 2020 жылға дейін толы­ғы­мен іске асуы керек.Басым бағыт ретінд­е қарастырылып отырған тап­сырманың бірі – мемлекеттік-жекеменшік әріптестік және заманауи ақпарат­тық-коммуникациялық технологиялар негізінде денсаулық сақтау инфрақұрылымын одан әрі дамытуды қамтамасыз ету. Осы ретте аймақтағы емхана, аурухана, медициналық бекеттердің материалдық-техникалық базасын 2020 жылға дейін тыңғылықты нығай­ту жоспарда тұр. Қыруар қаржы талап ететін жобаны іске асыруға тек мемлекет емес, жеке инвесторлар да жұмылады.Яғни, қажетті қондырғылар мемлекеттік-жекеменшік әріптестік келісім бойынша алынады.Осы мақсатта облыстық денсаулық сақтау басқармасы қажетті қондырғы, құрал-жаб­дықтардың тізімін жасап,жоба әзірлеген. Құны 5,9 млрд теңгені құрайтын жобаға сәйкес облыстағы бүкіл емдеу мекемелеріне,халықтың денсаулығын тексеріп, қажет жағдайда жедел әрі сапалы­ медициналық көмек көрсетуге жарамды аса қат қондырғыларды ауыс­пал­ы және майда бөлшектерімен бірге кезең-кезеңімен алу көзделген.Оның ішінде магнитті-резонансты томограф, компьютерлік томограф, маммограф, террогамм, ангиографиялық және басқа да қымбат аппараттар бар.

- Облыс халқының санына шақсақ,бізге әлі екі ангиографиялық қондырғы қажет. Бүгінде ол бізде біреу ғана. Осы аппаратпен жылына орташа есеппен4500-5000 коронография жасалуы тиіс. Ал қазір бұл көрсеткіш 2 мыңның ғана шамасында. Бұдан тұрғындардың қажетті медициналық көмекті алуға қолжетімділігінің азайып отырғанын аңғарамыз. Облысымыздағы жалғыз ангиогра­фиялық қондырғы 2009 жылдан бері жұмыс істеп тұр. Тоғыз жыл ішінде 5000-нан астам коронографиялық зерттеу­лер мен операциялар жүргізілді. 2012 жылдан бастап нейроинсульт орталы­ғы ашылғалы бері осы қондырғы нейрохирургиялық операциялар жасау кезінде де кеңінен қолданылуда. Одан бөлек 15 түрлі операцияға да қолда­нылып жүр. Аса үлкен жүктемемен жұмыс істеп тұрғандықтан бірнеше рет істен шығып, нәтижесінде жедел коронарлы синдроммен түскен науқастарға медицин­алық көмекті толық көлемде көрсету мүмкін болмады, - деп мәлім­деді облыстық денсаулық сақтау басқа­р­масы басшысының орын­ба­са­ры Баян Боранбаева.

Ашылғанына бес айдың ғана көлемі болған «Диабет орталығы» да жаңа қондырғылармен жабдықталған. Соның бірі – денситометр. Аяқтағы сүйек тығыздылығын анықтап, нәтижесін қолыңызға ұстатады. Айта кетейік­, бұл аппарат тек Алматы мен Қызылорда облысында ғана бар.

- Қант диабеті ауруымен жылына 1000-1200 адам тіркеледі. Жас мөлшерлері әртүрлі. Тіпті жаңа туылға­н нәрестелер де бар. Ал басым көп­шілігі – 40-60 жас аралығындағы азамат­тар. Орталық ашылғалы аурудың­ алдын алу, дұрыс тамақ­тану, күтіну туралы 361 емделушіге 1000-ға тарта сабақ өткізілді. Орталыққа 10 млн теңгеге 5 жаңа қондырғы орнатыл­ған. Сол аппараттардың көмегімен­ науқастарды емдеу шара­лары жүргі­зіледі, - деді эндокрино­логия бөлім­шесінің меңгерушісі Елена­ Цхай.

Облыстық медициналық орталық – дәлізін кезіп, санитарлық талапта­рды бұзатын орын емес. Сондықтан жаңа қондырғылардың жұмысымен танысу сағатының өзінде біраз жайтқа қанықтық. Айтпақшы, Арал, Қазалы, Қармақшы ауданы тұрғындарына инфаркт, инсульт сияқты ауруларға жедел коронография қажет бол­ған жағдайда «алтын сағат» қағидасының сақталуы қиынға түсіп отыр. Нау­қ­астарға жаңа технология арқылы уақытылы медициналық көмек көр­сету мүмкіндігі болмай тұр. Сол себептен бұл аудандардың облыс орталығынан алыс орналасуына байланыс­ты жаңадан алынатын 2 ангиография­лық қондырғының біреуі Қазалы ауданы­на орналастырылады. Қон­дыр­ғыны жеткізу, орнату және бес жыл көле­мінде сервистік қызмет көрсету жұмыс­тарын жеке инвестор арқылы жүргізу жоспарланып отыр.

Нұрбике ҚАЗИҚЫЗЫ,

Н.Нұржаубай (сурет)

http://www.halyk-gazeti.kz/index.php?option=com_content&view=article&id=8537:2018-02-08-04-14-49&catid=5:2011-11-18-09-02-24&Itemid=5

ЗАМАНАУИ АППАРАТҚА МАМАНДАНҒАН МЕЙІРБИКЕ


ХХІ ғасырда технология қарыштап, медицина, нанотехнология, ІТ-технология белсенді дамып, зор табысқа жеттік. Осы тұста, әлемдік бәсекеге қабілетті болудың бірден-бір жолы – адами капиталы болмақ. Адам капиталын дамытуда заманауи ілімдерді меңгеріп, біліктілігін арттыруымен қатар, денсаулығы мықты болғаны абзал. Демек, адам өмірінің барынша жақсаруы үшін медицина саласының соңғы технологиямен жабдықталғаны маңызды. Бұл тұрғыда, «Жаңақорған шипажайы» АҚ-ның уақыт ағымына сәйкес түрлі медициналық құрылғылармен жабдықталуы бәсекеге қабілеттіліктің бір көрініс екені һақ. Ал, оның тілін түсініп, адам игілігіне икемдейтін маманның орны бір бөлек. Бұл мекемеде заманауи аппараттардың пайдасын жұртшылыққа ұсынып жүрген мамандар көп. Солардың қатарына Динара Аманованы жатқызуға болады.
Ол қызмет көрсететін рафа және ішек жуу бөліміне барғанымызда алпысты алқымдаған ел ағасы оның қызметіне оң бағасын беріп, алғысын білдіріп жатқанын естідік.
Ем алушыны әңгімеге тартқанымызда:
– Шипажай қызметі өте сапалы. Жоғарғы стандарттарға сай жұмыс жасайды. Әсіресе, бұл жердегі жұмысшылардың жылы шырай танытуы дертіңе шипа болатындай. Осымен Жаңақорғанның шипалы батпағына үшінші рет келіп отырмын, – деп пікірін білдірді Алматы облысынан келген Нау­ан Тышқанов.
Иә, «Қонағыңның алтынын алма, алғысын ал», демекші Динара бір күнде оннан аса емделушіні қабылдап, оларды сауықтыру жолында талмай еңбек етеді. Ол қызмет жасайтын ішек жуу бөлімі заманауи медициналық аппараттармен жабдықталған. Ал, сол техниканы тұтынушының игілігіне асыру мейірбикенің басты міндеті. Оның тілін меңгеріп, дұрыс пайдалана білуде білім мен біліктілікті қажет ететіні сөзсіз.
– Біздің бөлімде рафа терапия мен колон-гидротерапия жұмыс жасайды. Рафа терапияда тұтынушыларға арнайы тұзды судан ванна дайындаймыз. Ал, колон-гидротерапиясының пайдасы зор. Оны германиялық «colon-hidro» аппаратының көмегімен жүргіземіз. Аталмыш құрылғы ішкі ағзаны, яғни, тік ішектен асқазанға дейінгі жолдарды жеңіл түрде сумен тазалайды. Негізінен, ішкі ағзаны сумен тазалау ежелгі уақыттан бері пайдаланып келе жатқан процедура. Ол көптеген созылмалы ауруды емдейді, – дейді мейірбике.
Динара Жаңақорғанның тумасы. Кенттегі №51 мектепті бітіргеннен кейін, Тараз қаласындағы Жамбыл медициналық колледжіне оқуға түседі. Колледжден мейірбикелік мамандық алып шыққан соң, 2007 жылы «Жаңақорған шипажайы» АҚ-на жұмысқа орналасады. Бастапқыда шипажайдың физиокабинетінде қызмет жасап, кейіннен рафа және ішек жуу бөліміне ауысады. Содан бері аталмыш сауықтыру орталығында өз қызметін абыроймен арқалап келеді.
Осы мекемеде он бір жылдық жұмыс өтілі бар жас мейірбике әріптестері арасында да абыройға ие. Оның ұқыптылығы мен өз ісінің кәсіби маманы екенін осы сауықтыру орталығының бас дәрігерімен әңгіме барысында аңғардық.
– Динара Әбубәкірқызы біліктілігімен ұжымда сыйлы. Ол өз ісіне үлкен жауакершілікпен қарап, әр емделушінің денсаулығына алаңдайды. Олармен жылы қарым-қатынас орнатып, шипажай жұмысының ілгерлеуіне өзіндік үлес қосып жүрген кәсіби маман, – дейді директордың емдеу ісі жөніндегі орынбасары Ғабит Үйсінбаев.
Кейіпкеріміз қызмет орнында білікті, еңбекқор маман болғанымен қатар, шаңырағында бір үйдің ұйытқысы, аяулы ана, асыл жар екенін естен шығарған емес. Жолдасы Бақытжан Қалдыбаев екеуі екі перзентті тәрбиелеп отырған жас отбасы.

Түйін. Теріскеннің қара батпағынан қазына тауып, дертіне дауа іздегенге сүйеніш болып жүрген «Жаңақорған шипажайы» бүгінде жаңа технологиямен тұтастай жабдықталған. Әлемнің түкпір-түпкірінде өндірілген брендтік аппараттардың игілігін осы сауықтыру орталығынан көруге мүмкіндік зор. Ал, жаһандық жаңарудың ағымынан қалмай, оның қызметін көпшілікке ұсынып жүрген жас мейірбике Динара Аманованың қызметі замандастарына үлгі болары сөзсіз.

Айсұлу АЛДАНАЗАР.

https://zhanaqorgan-tynysy.kz/zanalyk/414-zamanaui-apparata-mamandanan-meyrbike.html

САУЛЫҚТЫҢ ҚАДІРІН, САУЫҢДА БІЛ


«Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде». Бұл халық даналығы заман жаңарып, уақыт өтсе де өзектілігін жоймақ емес. Десе де, денсаулықтың қадірін ауырғанда ғана білетініміз ақиқат. Осы тұста, елімізде бастапқы медициналық-санитарлық алғашқы көмекті ұйымдастыру жүйесі ұтымды жүзеге асуда. Әрі профилактикалық шараға баса маңыз беру арқылы халық саулығын жақсартудың жолын жетілдіруде. Осындай маңызды саланың аудандағы ахуалын білмекке аудандық емхананың есігін қақтық. Мұнда бас дәрігердің бастапқы медико-санитарлық көмек жөніндегі орынбасары Алғатай Қаратаевамен тілдестік.
– Келешек ұрпақтың баянды болашағының кепілі болып табылатын денсаулық мәселесін жетілдіру – біздің дәрігерлік борыш. Бұқараның бізге деген сенімі артатындай, халыққа қызмет көрсетсек одан артық абырой жоқ – деп бастады әңгімесін Алғатай Әбітайқызы.
Тілдесу барысында белгілі болғандай, алғашқы еңбек жолын арқа төсіндегі кербез Көкшетаудың Чкалов ауданындағы дәрігерлік-амбулаторияда педиатр болып бастайды. Араға бір жыл салып, бас дәрігер ретінде жауапкершілік жүгі күшейеді. 1991 жылға дейін арқа төрінде саланың серпінді дамуына өзіндік үлесін қосып, дертіне шипа іздегеннің жанның қасынан табыла біледі. Тәуелсіздік алған тұста туған жерге оралып, аудандық емханаға жасөспірімдер дәрігері, аймақтық дәрігер, Талап ауылдық ауруханасы бас дәрігері, аудандық емхананың терапия бөлімінің меңгерушісі, Талап ауылында аға дәрігер, аудандық емхананың бас терапевті қызметін абыройлы атқарады. Өткен жылдан бастап Алғатай Әбітайқызы бас дәрігердің бастапқы медико-санитарлық көмек жөніндегі орынбасары. Оның қатарында, аудандық әскерге шақыру медициналық комиссиясының төрағасы, Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің электронды қызметін ұйымдастыру жүктеледі.
Бізде өз кезегінде денсаулық сақшысынан Елбасы Жолдауындағы он басымдықтың бірі – медициналық қызмет сапасын арттыру бағытында аудан көлемінде қандай тындырымды жұмыстар жасалып жатқанын сұрадық.
– Президент Жолдауында: «Халықтың өмір сүру ұзақтығының өсуіне және медициналық технологиялардың дамуына байланысты медициналық қызмет көрсетуге деген сұраныс көлемі арта түсетін болады. Қазіргі денсаулық сақтау ісі қымбатқа түсетін стационарлық емге емес, негізінен аурудың алдын алуға бағытталуға тиіс. Саламатты өмір салтын насихаттай отырып, қоғамдық денсаулықты басқару ісін күшейту керек» деген болатын. Бұл бағытта нәтижелі жұмыс бар. Жалпы, ауылдық округ бойынша 17 дәрігерлік емхана жұмыс жасап тұр. Барлығы да медициналық алғашқы көмек көрсетуге қауқарлы» дей келе, стратегиялық құжаттағы ақпараттық жүйелердің медицинаға енуін сөз етті. Яғни, Жолдауда айтылған «электрондық денсаулық паспортын енгізу, «қағаз қолданбайтын ауруханаға» көшу» сынды жеделдетілген технологияның аудандағы қарекетін тыңдадық.
– Медицина саласы күн өткен сайын даму үстінде. Осыған орай, емдеу мекемелеріндегі заманауи құрал-жабдықтар мен қызмет көрсету сапасы да уақыт талабына сай болуы қажет. Ал, электрондық денсаулық паспорты бойынша аудан тұрғындарының 70 пайызға жуығын базаға енгіздік. Келешекте амбулаторлық картаның номерін айтып, тексерілуге мүмкіндік алады. Әлі де осы бағытта жұмыс қарқынды. Оған қоса, e.gov порталы арқылы дәрігер қабылдауына жазылу не ауыр науқастар үйіне шақыртуға мүмкіндігі бар. Және де аудандық емхананың екінші қабатында арнайы талон беретін терминал іске қосылды. Ол бойынша жалпы тәжірибелік мамандар мен бейінді мамандарға электрондық кезек алады, – дейді Алғатай Қаратаева.
Сондай-ақ сала қызметкерлеріне мемлекет тарапынан жасалынып жатқан қолдау шарасы қомақты. Бұған емдеу мекемесіндегі білікті мамандар мен мекеменің заманауи медициналық қондырғылармен толығуы дәлел. Бас дәрігердің орынбасары профилактикалық және әлеуметтік психологиялық көмек беру бөлімі және де функциональды диагностика (рентген, УДЗ), кардиофункционалды диагностикасы бар екендігін жеткізді. Мемлекеттік «Денсаулық» бағдараламасы шеңберінде жасалған Жол картасы арқылы жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алуға мүмкіндігі бар екен. Және де Жолдау­да айтылған қоғамдық денсаулықты басқарудың көкжиегін кеңейту мақсатында аудандық емханадан 9 денсаулық мектебі ашылған. Оның ішінде; қант диабеті тобы, қарттар тобы, қауіп-қатер тобы сынды кабинетте мамандардың кеңесін алып, скринингтік тексерілуден өтетіні белгілі болды.
Осылайша, отыз жылдан астам аудан медицинасының серпінді дамуына өзіндік үлесін қосып келе жатқан Алғатай Әбітайқызы алдағы уақытта да ақпараттық жүйенің кең ауқымды қамтылуына жұмыс жасай беретінін жеткізді.
Самат керуенбектегі.

https://zhanaqorgan-tynysy.kz/kogam/497-saulyty-adrn-sauyda-bl.html

АДАМ ЖАНЫНЫҢ ЖАНАШЫРЫ


Жаңадан бой көтерген аудандық емханада кісі қарасы көп екен. Анықтамадан діттеген жеріміздің қайда орналасқанын біліп, солай қарай бет алдық. Тіс дәрігерінің алдында кезекте тұрғандардан рұқсат сұрап, ішке ендік. Бибігүл Амантайқызы жылап тұрған алты жас шамасындағы балғынға ауыртпай емдейтінін айтып, психологиялық тұрғыда дайындап жатты. Осыдан-ақ, дәрігердің өз ісінің нақ маманы екенін аңғардық. Бастысы, жылап кірген бала күлімдеп шықты...
Иә, адам баласының ең асыл құндылығы денінің саулығы, жанының амандығы екені рас. Алайда, адам жанын уақытылы қадағалап, оның ауруға шалдығуының алдын алу дәрігерлердің міндетіне жүктелген үлкен жауапкершілік екені тағы бар. Осы тұста, аудан тұрғындарын салауатты өмір салтын ұстануға шақыратын дәрігердің өмір жолына тоқтала кетсек.
Бибігүл Матешова Алматы облысының тумасы. 1992 жылы С.Асфендияров атындағы медициналық институтты «стоматология» саласы бойынша бітірген. Алғашқы еңбек жолын Қызылорда облыстық стоматологиясында бастап, білікті мамандардың ортасында тәжірибе алмасып, шыңдалады. Одан кейін Жаңақорған аудандық емханасына ауысып, содан бері жиырма алты жыл медицина саласында абыройлы қызмет етіп келеді.
– Дәрігерлік үлкен жауапкершілікті талап ететін мамандық. Елбасы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында айтқандай, медицинаны аурудың алдын алуға бағыттап, халыққа әр алты ай сайын уақытылы тексерістен өтудің маңыздылығын түсіндіріп жатырмыз. Әсіресе, ана мен бала денсаулығы басты назарда. Күніне міндетті түрде 10-15 минут жүкті әйелдерге кеңес беріп, ағзаға керекті дәрумендер тізімін ұсынып отырамыз, – дейді тіс дәрігері.
Бір күнде кемінде 50-60 науқасқа дейін қабылдап, сапалы қызметін ұсынатын дәрігер біліктілігін арттыру мақсатында әрдайым ізденіс үстінде жүреді. Ол жыл сайын бірнеше оқуға барып, стоматология саласына келген жаңалықтар мен жаңа аппараттардың тілін меңгеріп отырады. Мәселен, осыған дейін жалпы стоматологияны, балалар стоматологиясын, хирургиялық стоматологияны оқып, әр елдің мамандарымен тәжірибе алмасқан.
– Біз бес жыл сайын міндетті түрде деңгей көтеру мақсатында оқуға барып отырамыз. Әр оқу 286 сағаттан тұрады. Оқу барысында медицина саласында болып жатқан жаңа өзгерістерді игереміз. Тәжірибе алмасу дәрігерлер үшін өте маңызды. Өткен жылы Алматыда Германия, Корея мен Қытайдың білікті мамандарымен тәжірибе алмастым. Сондай-ақ, Қытайда екі апта болып, ол жақтың медицинасындағы артықшылықтарды көріп, өзіме қажеттіні алып қайттым. Жалпы, дәрігерлерге қанша ізденсе де артықтық етпейді. Өйткені, адам жанына араша түсу білімділік пен біліктілікті талап етеді, – дейді ол.
Дәрігердің айтуынша, бүгінгі денсаулық сақтау саласы аурудың алдын алу бағытында жұмыстар атқарып жатыр. Әсіресе, ауданның бас дәрігері Сәулебек Ысқақов осы мақсатта тапсырмалар беріп, орталық емханаға білікті дәрігерлердің басын қосып, арнайы жиындар өткізіп отырады екен.
Стоматологтың сөзінше, ақпарат заманындағы жаңа технологияның арқасында тіс емдеу барысындағы бұрынғы ауырсынулар жойылған. Соның нәтижесінде тұрғындар дәрігер алдындағы үрейден арылып, сапалы ем алып, уақытылы тексерілуден өтіп жүр.

P.S.: Бибігүл Амантайқызымен дидарласу барысында дәрігердің үнемі білімін жетілдіріп, уақыт ағымына сай біліктілікті арттырып отырса кәсіби маман ретінде сыйлы болатынын көрдік...

Айсұлу АЛДАНАЗАР.

https://zhanaqorgan-tynysy.kz/kogam/500-adam-zhanyny-zhanashyry.html

МҮРДЕЛЕР «МЕКЕНІ»

 

Қытай мәдениетіне оптимистік дүниетаным, өмір мен өлімге табиғи тұрғыдан қарау тән. Адамдар жер бетінде тіршілік етеді, ондағы тірілер мен өлілер өзара тығыз байланыста. Бұл – барлығы үшін ортақ дүние, ортақ тылсым. Бұл – философиялық даналық. Қытай халқының салт-дәстүрлерінде, наным-сенімдерінде кеңінен көрініс тапқан, еуропалықтарды таңғалдырған дәстүр – қатты ауруға шалдыққан адамға сыйға табыт тарту. Бұл ауырған адамға құрмет көрсету мен оған деген шынайы сезім белгісі болып табылады, өйткені өліп бара жатқан адам алыс сапарға шығып бара жатқан жолаушымен пара-пар. Біздегі мәңгі өмірге аттанып кеткен адамдардың уақытша тұрағы саналатын мәйітханалардың жай-күйі қай деңгейде? Әсіресе, табытқа дейінгі зерттеулерді қажет ететін мүрделердің «мекені» - сот-медициналық сараптама орталықтарындағы ахуал «аһ» ұрып тұрғандай. Маман тапшылығын айтып оң жақ, мардымсыз жалақыны айтып сол жақ бетіңізді шымшырсыз-ау, одан арғысын естісеңіз, бетіңізді қос алақанмен жабуға тура келеді. Катастрофа. Жағдай мәз емес. Мәселе қандай?

Сот-медициналық сараптама дегеннен бастап мәйітті тіліп, зерт­теп жатқан көрініс көз алдыңызға келеді. Рас, солай. Алайда «катас­трофа» деп жаға ұстайтындай не болып­ қалды деуіңіз мүмкін. Ай­тайы­қ. Бұл саладағы маман тап­шылығын еліміздегі 175 ауданның 92-сінде сот-медициналық сарапшының жоқтығынан топшылау қиын емес. Осыдан бірнеше жыл бұрын сот сараптамасы мен сот медиц­инасы орталықтары бірік­тірі­ліп, денсаулық министрлігінен Әділет министрлігінің қарамағына өткені белгілі. Сол кезде дәрігерлерге мәйітпен жұмыс істеп және иммун жетіспеушілігі вирусын жұқтырғандар үшін төленетін үстемақ­ыны соттың алып тастағанын Үкімет сағатында айтқан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұрлан Әбдіров «осы мәселені Үкімет неге шешпей отыр?» деп тамамдады.­

- Еңбекақыны атқарған жұмысына қарап төлеу бірден бірнеше кадрлық мәселені шешуге мүмкін­дік береді. Сарапшылар штаттық қызметкер ретінде өзінің атқарған жұмысының көлеміне қарамастан, белгіленген жалақы алып келді. Бұл қызметкердің кәсіби өсуіне деген ынтасын жоғалтады. Жаңа жалақы төлеу жүйесі әлсіз мамандарды ығыстырып, жұмыс істейтін адамдарды іріктейді деп ойлаймын, - деп жауап берді ҚР Әділет министрі М.Бекетаев.

Мәселенің мәнісіне осылай жылы жауып ғана жауап қатқан минист­р мәйітхана төңірегіндегі жайттарға миын қатырғысы келмейтін сыңайлы. Әйтпесе, түсін­генге мүрдеге сараптама жасау – психологиялық жүктеме, ал канцерогенді және улы химиялық зат­тармен жұмыс істеу – адам денсаулығына аса қауіпті жұмыс. Ал канцерогендік заттардың ағзада қатерлі ісік ауруларын және әртүрлі қатерлі, қатерсіз ісіктерді туғызушы химиялық қосылыстар екенін жақсы білеміз. Демек, сот-медициналық сараптама орта­лығындағы әр сарапшы маман кез келген сәтте денсаулығына қауіп туғызып, кез келген мезетте ауру жұқтыруы ықтимал. Мұндай жағдай да жоқ емес.

- Соңғы бес жылда сараптамалық мекемелерде 56 дәрігер, медби­ке мен тазалықшы тубер­кулез, 26 қызметкер әртүрлі вирус­ты гепатит жұқтырған. Мұндай жағдай Ақмола, Қарағанды және Маңғыстау облыстарында ғана тіркелмеген, - деп мәлімдеді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Н.Әбдіров.

Үш облыста ғана тіркелмегені анық болған соң Қызылорда об­лысы бойынша сот сараптамалары инс­ти­тутына сауал жолдадық. «Апатты» жағдай бізде де бар. Бірақ...

- Мекемедегі сот-медициналық сарапшыларға республикалық бюджет есебінен және Үкіметтің 31.12.2015 жылғы №1193 қаулысына сәйкес еңбекақы төленеді. Денсаулыққа зиянды зертханалық жұмыстар жүргізулеріне байла­нысты тегін сүт өнімдерімен және қауіпсіздік шараларын сақтау мақсатында арнайы медициналық халат,­ бас киім, алжапқыш, бетперде және резиналы қолғаптармен қамтамасыз етілген. Қазіргі таңда институтта жұмыс жасайтын ме­дициналық қызметкерлер арасынан 1 сарапшы туберкулез ауруымен ауырып есепте тұрады. Бірақ бұл қызметкердің туберкулез ауруы­мен ауырғандығын «кәсіби ауруға» байланыстыруға негіз жоқ, - деп жауап берді аталмыш институ­т директорының сот-медициналық сараптамасы бойынша орынбасары Рақымжан Әліп.

ҚР Парламенті Мәжілісінің вице-спикері В.Божко қаңтар айын­дағы Үкімет сағатында елдегі мәйітхана ғимараттарының талап­қа сай еместігін айтып, жиынға келген ҚР Әділет министрі М.Бекетаевты тұрған жерінде «тұқыртты». Зерттеу жұмыстарына қажетті қондырғылардың ескілігі өз ал­дына бөлек әңгіме.

- Біздегі сараптама жасауға қажетті қондырғылар әзірге жет­кілікті. Дегенмен соңғы техноло­гиялық құрылғылардың қажеттігі барлық жерде білінеді. Сондықтан 2018-2021 жылдарға жаңа жаб­дықтар мен қондырғылар алу үшін министрлікке ұсыныс бердік. Әрине, ескі қондырғылар да бар, жылына біреуден болса да жаңаланып тұрады. Мәселен, орталыққа соңғы рет 2014 жылы бір қондырғы берілген, - деді Қызылорда об­лысы бойынша сот сараптамалары инс­титутының директоры Бақытбек Ержанов.

Дегенмен, Мәжіліс депутаты Балайым Кесебаеваның сөзіне сенсек, елімізде толықтай стандартқа сәйкес жабдықталған сот сарап­тама орталықтары жоқтың қасы да емес, жоқ! Бұл мәселені Әділет минис­трлігінің тарапынан шешу үшін де қомақты қаражат керек. Ежелгі 15-16-ғасырларда туындаған «Өлілер тіршілік етеді» фразасын естеріне түсірген мәжілісмендер Үкіметке, облыс әкімдеріне тиісті ұсыныстар беретін болды.

Н.ҚҰДАЙБЕРГЕН

http://www.halyk-gazeti.kz/index.php?option=com_content&view=article&id=8552:-lr&catid=6:2011-11-18-09-03-06&Itemid=6

АҚ ХАЛАТТЫЛАРДЫҢ 2017 жылғы межесі


Былтыр Аққұм, Еңбек, елді мекенінде медициналық бекеті халық игілігіне берілсе, кентте ауысымына 250 науқасты қабылдайтын типтік жобадағы жаңа емхана жұмыс жасауда. бұл 2017 жылы денсаулық сақтау саласында атқарылған ілкімді істердің бірі. Одан бөлек мамандардың біліктілігін арттыруда және заманауи медициналық аппараттарға қол жеткізілді. Бұл жөнінде аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Сәулебек Ысқақов дәрігерлердің басын қосқан жиында баяндады.
Есептік кездесуге облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Баян Бұрамбаева, аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Айтбембет және «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мәжит Балқожаев қатысты.
– Тұрғындарға көрсетілген медициналық қызмет сапасын арттыру бағытында денсаулық сақтау саласы бойынша бекітілген Жол картасы аясында жұмыстар жүргізілді. Емдеу және алдын алу ұйымдарындағы мамандарды қайта даярлау және біліктілігін арттырудың 2016-2018 жылдарға арналған преспективалық жоспарына сәйкес былтыр 74 дәрігер, 236 орта буын медицина қызметкері білімін жетілдірді. Облыстық, республикалық бюджеттен бөлінген қаражатқа керекті құрал-жабдықтар алынып, толық игерілді. Былтыр 61 543 мемлекеттік қызмет көрсетілсе, оның ішінде «электронды үкімет» веб-порталы арқылы 15 192 қызмет тұрғындарға ұсынылды, – деді бас дәрігер.
Сала басшысының сөзіне қарағанда, былтыр аудан бойынша бала туу көрсеткіші жоғарылап, 1875-ке жеткен. Алайда, өлім-жітімнің саны кемімей тұр. Мәселен, 2017 жылы 370 ауыр жағдай орын алды. Жалпы, қайтыс болудың салдарының көбі жүрек және қан-тамыр ауруларынан болған. Тыныс алу, қатерлі ісіктерден де қауіп көп.
Бас дәрігер «Жіті миокард инфарктісі мен ми қанайналым жіті бұзылыстары», «Жедел ми қан айналымы бұзылуы» кезіндегі медициналық көмек көрсетудің біріктірілген үлгісін енгізу жөніндегі» және «Жарақаттану кезіндегі медициналық көмек көрсетудің біріктірілген үлгісін енгізу жөніндегі» Жол картасы аясында атқарылған жұмыстарды талдады. Сондай-ақ, Онкологиялық ауруларды бақылаудың біріктірілген үлгісін енгізу жөніндегі Жол картасы бойынша былтыр 82 науқас тіркеліпті.
– Былтыр ОДСБ-ның бұйрығы негізінде емханада арнайы жүкті әйелдерге арналған «Жасыл дәліз» және «Отбасын жоспарлау бөлмесі» ашылды. Отбасын жоспарлау бөлмесі арқылы 2017 жылы 5508 әйелге кеңес беріліп, 317-сі контрацепциямен қамтылды. Жалпы, ауданда жүктілікпен есепке алынғандар саны 1990-ға жетті, – деді Сәулебек Есхожаұлы.
Сонымен қатар, жүктілік кезінде қателікке жол берген ауылдар да жеке-жеке аталды. Одан кейін Баян Рүстемқызы денсаулық сақтау саласындағы кемшіліктермен жұмыс істеуді қатаң талап ететіндігін ескертіп, суицид, онкологиялық аурулардың алдын алу жолында атқарылған жұмыстарды саралай кетті. Әсіресе, ана мен бала денсаулығына бақылауды күшейту керектігіне жіті тоқталды.
Келесі кезекте облыстық ересектерге арналған туберкулезге қарсы санаториясының бас дәрігері Ерғабит Ильясов 2017 жылы атқарылған жұмыстарын сөз етті. Есептік кездесуді қорытқан басқарма басшысының орынбасары Ерғабит Орманұлының баяндамасын мұқият тыңдап, жақсы деген баға берді. Әрі, «ұрпақ саулығы ұлт болашағы» ұстанымын берік ұстаған басшы келешек үшін адал қызмет етуге шақырды.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ.

https://zhanaqorgan-tynysy.kz/zanalyk/539-a-halattylardy-2017-zhyly-mezhes.html

ЖАҢА ЕМХАНАНЫҢ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ


Жауапты адам қашанда іс басында. Мың естігеннен бір көргенге жетпейді. Сол себепті аймақ басшысы әрбір ауданның тыныс-тіршілігін, әлеуметтік ахуалын назардан тыс қалдырған емес. Бұл жолы да қарбалас жұмыс кестесінен уақыт табылды.
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев жұма күні Жаңақорған кентіндегі жаңа емхананың тынысы мен медицина қызметкерлерінің жұмысымен танысты.
Жаңа жыл қарсаңында пайдалануға берілген әлеуметтік нысанның ішкі мүмкіндігін таныстырмақ ниетте аудан әкімі Ғалым Әміреев, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ақмарал Әлназарова мен сала басшысы Сәулебек Ысқақов жол бастады. Әуелі, бірінші қабаттағы профилактикалық ем-дом шараларын жүргізетін бөлімге тоқталды. Аймақ басшысы алдында:
– Медицина қызметкерлеріне мемлекет тарапынан жасалынып жатқан қолдау шарасы қомақты. Бұған емдеу мекемесіндегі білікті мамандар мен мекеменің заманауи медициналық қондырғылармен толығуы дәлел, – деген сала басшысы Сәулебек Ысқақов, бұл блокта профилактикалық және әлеуметтік психологиялық көмек беру бөлімі орналасқанын және де функциональды диагностика (рентген, УДЗ), кардиофункционалды диагностикасы бар екендігін жеткізді. Сондай-ақ, Елбасы Жолдауында айтылған жеделдетілген технологияның тың үдерістері бізге де келгенін айта келе, тұрғындар облыс орталығына бармай-ақ осы емханада қажетті диагностикалық сараптамасын алуға мүмкіндік мол екендігіне сендірді ауданның бас дәрігері.
Одан әрі «Жас аналар» кабинетін аралап көрген облыс әкімі Қырымбек Елеуұлы ауданның демографиялық ахуалын сұрады. Бұл жөнінде облыстың бас дәрігері Ақмарал Әлназарова: «Ұлт саулығы – мемлекет байлығы. Сондықтан бүгінгі таңда аурудың алдын алу біз үшін өте өзекті болып табылады. Келешек ұрпақтың баянды болашағының кепілі болып табылатын денсаулық мәселесін жетілдіру – біздің дәрігерлік борыш. Бұл бағытта Жаңақорған ауданының демографиялық ахуалы қалыпты. Өсім бар. Жылына 2000-нан аса нәресте дүние есігін ашады. Ал, жаңа туылған нәрестелердің шетінеуі бойынша республикалық көрсеткіштен төмен. Нақты айтқанда, соңғы 3 жылда 25,4 пайызға төмендеген» – деді.
Аймақ басшысы Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарынан туындаған басым бағыттың бірі Ұлт жоспарының 80-қадамында айтылған Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің жүзеге асуына белсенділік танытуға шақырды. Жалпы бұл денсаулық сақтаудағы халықтың мүддесін әлеуметтік қорғаудың бір түрі екенін айтқан облыс әкімі негізгі мақсат – қоғам мен халық арасында аурудың алдын алумен қатар, ұлт денсаулығының сапасын арттыру, яғни, профилактикалық шараға аса мән беруімен түсіндірді.
Мұнан кейін Сәулебек Ысқақов пациенттердің күту дәлізіндегі арнайы слайд арқылы ауданның денсаулық саласындағы атқарылып жатқан жұмысын қысқаша баяндады.
– 2013-2017 жылдары ауданда сегіз медициналық нысан бой көтерді. Оның үшеуі дәрігерлік амбулатория. Екеуі фельдшерлік-акушерлік және үш медициналық бекет. Оның қатарында ауысымына 250 адам қабылдайтын аудандық емхана бар. Ал, 2018 жылы М.Нәлібаев, Қожамберді ауылдық округінде 2-ФАБ, Талап, Қанқұдық елді мекенінде медициналық бекет салу жоспарда тұр. Оған қоса, мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында Бірлік, Өзгент ауылына 2 дәрігерлік-амбулатория салуға конкурстық құжаттарын дайындаймыз, – деді сала басшысы.
Өз кезегінде облыс әкімі Қырымбек Көшербаев: «Ұлт саулығы бүгінгі таңда басты назарда екені айқын. Сондықтан медицина қызметкерлерінің алдында халықтың денсаулығын жақсарту, ана мен бала өлімін азайту міндеті тұрғаны белгілі» дей келе, басшыларға ақ халаттылардың жауапкершілік жүгін арттыруды тапсырды.

Самат ОҢҒАРҰЛЫ.

https://zhanaqorgan-tynysy.kz/zanalyk/399-zhaa-emhanany-zhmysymen-tanysty.html

ЖАҢА ҚҰРЫЛҒЫЛАРМЕН ЖАБДЫҚТАЛҒАН САЛА

Медицинаның қазіргі таңдағы даму үдерісіне ілесу - сала мамандарының басты міндеті. Қашанда адам өміріне араша түсетін ақ халаттылар жұмысын жүйелендіру арқылы жыл сайын жаңа қызмет түрлерін жетілдірілуде. Аудан халқына сапалы медициналық көмек ұсыну арқылы сенімге ие болу абзал жандардың негізгі кәсіби мүмкіндіктерін арттыратыны мәлім. Биылғы жылғы Жолдауда көрсетілген басым бағыттар сала мамандарының еңбек бөлінісін айқындап, халыққа тиімді жұмыс көзін жасауға жағдай туғызады.
Амбулаториялық емханалық қызметі бар аудандық орталық ауруханасының қабылдау бөлімі ҚР ДСМ–ның 2017 жылғы 3 шілдедегі №450 бұйрығына сәйкес Қазақстан Республикасында жедел медициналық көмек көрсету қағидаларын бекіту туралы бұйрық негізінде арнайы құрал-жабдықтармен жасақталды. Аталмыш бөлімде реанимациялық шараларға арналған төсек орындар қарастырылған. Ауыр науқастарды аман алып қалу шаралары жүргізіліп, жедел түрде тексе- ру нәтижелері шығарылады. Сынама сараптамалары алынып, тиісті орындарға жіберіледі. Бақылау және диагностика палатасы ауыр жағдайда келіп түскен науқасты сауықтыру шараларына жедел кіріседі. Қауіпті диагноздар арнайы технологиялардың көмегімен анықталады. ЗН (Триаж) жүйесі қарау қабинетінде жедел келген науқасты жатқызып, дәрігерлер азаматтардың ауырсыну белгілеріне қарай ем тағайындайды. Сонымен қатар тексерулер нәтижесіне байланысты дәрігерлер кеңестер беріп, өз қадағалауына алады. Манипуляциялық бөлмеде медбикелер дәрігер тағайындаған дәрі-дәрмекті, ерітінділерді даярлап, науқасқа егу жұмыстарын жүргізеді. Түрлі жарақат алған пациенттердің жарақатын қарап, оның қаншалықты ауыр, жеңілдігіне қарай бөліп, оған алғашқы көмек көрсетіп отырады. Бұдан бөлек аса қауіпті жұқпалы инфекциялық ауруларға және күмәнді науқастарға арналған изолятор қарастырылған. Мұнда арнайы тіркеуде тұратын науқастарды қарап, тексеріп, тиісті орындарға жіберіледі. Инфекционист мамандардың кеңесіне жүгініп, вирустық аурушаңдық белгілері бар азаматтарды қатаң қадағалауда ұстайды. Аталмыш бөлімде ана денсаулығын қалыпты жағдайда ұстауға аса мән берілген. Арнайы технологиялардың көмегімен жас босанғалы отырған аналарға жедел қызметтер ұсынылады. Жүктілік жағдайында қатерлі факторларды болдырмау мақсатында акушерлік- гинекологиялық жедел көмек көрсету қызметтері жүзеге асырылады.
Бүгінде қабылдау бөлімшесінде 12 қызметкер мен 1 дәрігер жұмыс жасайды. Күніне жоспарлы және жедел түрде жиырмаға жуық науқастарға көмек көрсетіліп отырады. Түнгі уақытта ауысымдық жүйеде мамандар пациенттердің денсаулығын қадағалауға алады. Жақсарған бойда үйге шығарылып, аймақтық дәрігердің бақылауына бару ұсынылады. Аталған кабинеттердің ашылуы халық денсаулығының жақсаруына себепкер болатыны анық. Ендігі жерде тәжірибелі мамандар тарапынан сапалы жұмыс жа- сау керектігі басты бағдарға алынады.

Б.АЯБЕКҰЛЫ

https://tirshilik-tynysy.kz/zanalyk/1051-zhaa-rylylarmen-zhabdytalan-sala.html

ҒАЛЫМДАР АУЫР ӨТЕТІН ЕТЕККІРДІҢ (МЕНСТРУАЦИЯНЫҢ) СЕБЕБІН ТАПТЫЭдинбург университетінің ғалымдары оның жетіспеуі күшті қан кетумен бірге ауыртпалы етеккірге жетелейтін ақуызды (белокты) тапты. Бәлкім, келешекте бұл жаңалық ауыртпалы етеккірді емдеуге арналған гормондық емес препараттарды жасауға негіз болатын болар.

 

 

Зерттеушілер ұрықтың (эмбрионның) енуіне қолайлы орта болып табылатын жатырды қаптайтын шырышты қабықты – эндометрийді зерттеді. Егер аналық торша ұрықтанбаса, эндометрийдің жоғарғы қабаты сырылып түседі де бұл оның қалдықтарын организмнен жуып тастайтын қан кетуге әкеледі. Етеккір аяқталғаннан соң эндометрий қайтадан өсіп, қалпына келеді.

Эндометрийдің сырылатын кезінде гипоксия (оттегі жетіспеген) фонда эндометриалдық қабаттың қалпына келу үдерістерін іске қосатын HIF-1 ақуызының өндірілуі ынталандырылатын болып шықты. Бірақ, егер HIF-1 ақуызы тым аз болса, онда біріншіден, қан кету аса күшті болады, екіншіден, қалыпқа келу үдерістері өте баяу дамиды. Ал бұл нәтижесінде ауыр, ұзаққа созылған ауыртпалы және күшті қан кетумен бірге жүретін етеккір сияқты көрінеді.

Тышқандарға жүргізілген тәжірибелер HIF-1 деңгейінің артуы қан кетуді төмендететінін және етеккірден кейінгі эндометрийдің қалпына келуі үдерісін жеделдететінін көрсетті. Енді ғалымдар бұл ақуызды негізге алып жер шарындағы мыңдаған және миллиондаған әйелдің өмірін жеңілдетуге ерік беретін гормондық емес дәріні жасау нұсқасын қарастыруда.

 

«Сыр медицинасы» газеті.

 

Дереккөз:https://medaboutme.ru/zdorove/publikacii/novosti/meditsina/uchenye_nashli_prichinu_tyazhelykh_menstruatsiy/
МИ ОБЫРЫН (РАГІН) ЕМДЕУДІҢ ЖАҢА ТӘСІЛІ ҰСЫНЫЛДЫ

Егер оны молекулярлық терапияның жаңа әдістерімен толықтырса, глиобластоманы дәстүрлі тәсілдермен емдеу барынша ықпалды болады.

Глиобластома– обырлық ісіктердің ішіндегі барынша проблемасы молдардың бірі. Ол ерекше озбырлығымен, көршілес тінерге күшті енуімен және сәтті өткізілгендей емдеу курсынан кейін жиі қайталаулармен (рецидивтермен) ерекшеленеді. Терапияның стандартты тәсілдері: хирургиялық операция, сәулелік терапия, химиотерапия. Диагноз қойылғаннан кейінгі бір жылдан соң бәрібір пациенттердің тек жартысы ғана, 2 жылдан соң - тек 15%-і ғана тірі қалады. Мұндай пациенттердің орташа өмір сүру ұзақтығы 15 айдай.

Вюрцбургуниверситеттікауруханасының (Германия) ғалымдары глиобластоманы емдеудің жаңа әдісін ойластыруда. Ол ісіктің ми тіндеріне таралуын шектеуге бағытталған. Зерттеушілер ісік торшаларының миграциясын және инвазиясын реттейтін: Hsp90, PI3K жәнеmTOR ақуыздарын анықтады. Бұл ақуыздарды глиобластома торшалары мол көлемде синтездейді. Ғалымдар аталған ақуыздардың әсерін бөгеу (блоктау) ісіктің таралуын тоқтататынына және қазіргі қолда бар емдеу әдістерін барынша ықпалды ететініне сенімді.

 

«Сыр медицинасы» газеті.

 

Материалдың дереккөзі:https://www.medikforum.ru/news/medicine_news/66483-predlozhen-novyy-metod-lecheniya-raka-mozga.html