Ауа райы
Мерекелер

Гинекологиялық дерттердің алдын алуГинекологиялық дерттердің алдын алу қыздардан басталады. Оны қыз бала дүниеге келгенге дейінгі және туғаннан кейінгі деп бөледі. Баланың жоспарлануы – бұл қалаулы бала, байсалды ата-аналар тіршілікке келетін баланың денсаулығына теріс әсер етуі мүмкін көптеген факторлардан бой тасалауға ұмтылады. Жүктілікті жоспарлаудан бұрын әйел өз организмін сауықтыруы тиіс. Болашақ жүктілікті сақтаумен сабақтас барлық емдік манипуляцияларды, дәрілік препараттарды қабылдауды ұрық қалыптасуға дейін өткізген жөн. Алғашқы бала көтеруге қолайлы анасының жасы – 20-24, ал әкесі үшін – 25-30 жас.

Психологиялық тұрғыда дайындалмаған анадағы созылмалы кеселдер фонында пайда болатын жүктілік ауыр, жиі асқынулармен өтеді. Бұл екіқабаттылыққа да, бала босануға да және баланың денсаулығына да теріс әсер береді.

Балаға ерте емшек беру оңды әсер етеді, өйткені ол бала үшін ең оңтайлы тағам.

Қыз дүниеге келгеннен соң ондағы гинекологиялық дерттердің профилактикасы – бұл дұрыс сау өмір салты. Сыртқы жыныстық ағзалардың гигиенасы қыздың өсіп келе жатқан организмінің қажеттілігі болуы тиіс. Бұған оны өмірінің алғашқы күндерінен бастап үйрету керек. Сондай-ақ қыздың салмағын қадағалаған жөн: семіздіктің ерте жыныстық жетілуді шақыруы, етеккір қызметінің қалыптасуына теріс әсер етуі және бедеулікке жетелеуі мүмкін.

Жиі суық тиюге, созылыңқы кеселдерге жол бермеу керек: жиі сарқаттанатын балалар қабынулы сипаттағы гинекологиялық дерттерден зардап тартады.

Қыз балада алғаш рет пайда болған етеккір – оның өміріндегі маңызды сәт. Етеккірдің қай жаста, қаншалықты мол, ұзақ және қандай уақыт аралығында келуіне, оның тұрақтылығына болашақ ана денсаулығы тәуелді болады. Сондықтан күмәнданған кезде маманға бірден қаралу қажет. Сондай-ақ бұл күндердегі гигиена туралы да сұхбат өткізген жөн.

Қыздың өміріндегі келесі маңызды кезең бұл жыныстық өмірдің басталуы. Қыз алғашқы жыныстық контакттан кейін пайда болуы мүмкін проблемалар жөнінде ақпарат алуы тиіс. Дәлірек айтқанда қалаусыз жүктіліктен және жыныс жолдары арқылы берілетін жұқпалардан сақтану туралы. Мұндай сұхбаттар үшін қызды мазалайтын барлық сауалдарға жауап беретін мамандардың қабылдауы болады.

Қыз жыныстық өмір бастағаннан кейін гинекологта жылына бір рет тексеруден өтуі тиіс. Жоспардан тыс қаралу қандай да бір шағымдар болғанда немесе сексуалдық серіктес ауысқанда қажет.

Көбіне-көп гинекологиядағы кеселдер анық білінусіз симптомдармен өтеді және ол өтіскен болса онкологиялық патологияға, бедеулікке, жатырдан тыс жүктілікке немесе мезгілінен бұрын бала босануға жетелеуі мүмкін.

Гинекологқа міндетті түрде қаралу мына жағдайларда аса қажет:

-15-16 жаста етеккір басталмаса;

-өте ауыртпалы етеккірлерде;

-аса мол немесе ұзақ менструация (7-10 күннен астам);

-тұрақсыз етеккір – кідіріс немесе айына екі рет;

-ашу, қышу, жағымсыз иіс немесе ерекше бөлініс;

-іштің төменгі бөлігінің ауыруы;

-жыныстық акт кезіндегі ауыру немесе қанды бөлініс;

-дене массасының күрт артуы немесе күрт жүдеу.

 

 

 

Мауекул Кашкинбаевна АИМБЕТОВА,

акушер-гинеколог дәрігер,

"№1 Қызылорда қалалық емханасы” ШЖҚ МКК

 

Сурет www.medkras.com сайтынан алынды

Мезгілінен ерте босануМезгілінен ерте босану деп жүктіліктің 28-ден 37 аптасына дейінгі кезеңде өткен бала босану есептеледі. Зерттеушілердің деректеріне сәйкес бұл екіқабаттылықтың 7%-ін құрайды. Мерзімінен ерте жарық дүние есігін ашқан нәрестелерге дер кезінде туғандармен салыстырғанда жатырдан тыс өмірге бейімделу қиын.

Қауіп факторлары.

Мезгілінен ерте босану ана тарапынан да және ұрық тарапынан да болатын кейбір қауіп факторларына байланысты.

Ана тарапынан:

1. Ауырлаған акушерлік-гинекологиялық анамнез: медициналық аборттар, өз бетінше болатын түсіктер, бұрынғы жүктіліктегі мерзімінен ерте босану, етеккір қызметінің бұзылуы, ішкі жыныс ағзаларының дерттері.

2. Екіқабат кезде темекі тарту, алкоголді шамадан тыс тұтыну, есірткі пайдалану.

3. Жүктілікте бастан кешірген жұқпалы аурулар.

4. Денеге күш түсу.

5. Ауыр гестоз.

6. Стресстік жағдаяттар.

Ұрық тарапынан:

1. Көп ұрықтың болуы.

2. Судың мол келуі.

3. Ұрықтың жамбаспен орналасуы.

4. Плацентаның ажырауы.

5. Ұрықтың жатырішілік инфицирленуі.

Акушерлер жағдайдың күрделілігін ескеріп мерзімінен бұрынғы босануды қатер төндірерлік және енді басталған деп бөледі. Қатер төндірерлік мезгілінен ерте босануда туу әрекеті басталмаған, бірақ ана организмі "шектік сызыққа” таяу. Мұнда белде немесе іште төмен тартатын күшті емес ауырудың білінуі мүмкін. Бұл сезімдер елеусіздеу байқалады. Ішті қарап, дәрігер жатыр жақтауының тонусының үлкеюін, оның қозуының артуын анықтайды (жатыр ішке қол тигізгенге жауап ретінде өз тонусын күшейтеді).

Әйелге қауіп төндірерлік мезгілінен ерте босануға күдік туғанда ішін өзінің сипалап көруіне болмайды.

Дәрігер тактикасы.

Мезгілінен ерте босану басталған кезде әйелдерге анестезия өткізіледі. Бұл жағдайда есірткілік ауру басатын препараттар шала баланың оған аса сезімталдығына байланысты тынысының тарылу мүмкіндігі ескеріліп оны қолданбауға тырысады. Оның орнына эпидуралды анестезия қолданылады. Сондай-ақ спиналдық анестезияны пайдалануға болады. Ауыру басудың бұл тәсілдері жамбас түбінің бұлшықеттерінің жаңа туатын баланың басына қарсылығын азайтуға және сол арқылы босану жарақаттану қауіпін сейілтуге ерік береді. Бұл мақсаттарда шатты профилактикалық кесу – эпизио – немесе перинеотомия қолданылады.

Шала туған балаға күтім жасау арнайы компьютрленген аспаптардың көмегімен жүзеге асырылады. Қазіргі кезде заманауи дәрілік препараттар және неонатолог-дәрігерлер мен мейірбикелердің арқасында тіпті 28 апталық нәрестелердің (салмағы бар болғаны 1000 г) өмірін сақтап қалудың сәті түседі.

Алдын алу.

Әйелге жүкті болар алдында зиянды әдеттерден бас тарту, созылмалы жұқпа ошақтарын емдету қажет. Сондай-ақ әйелдер консультациясына ерте есепке тұру, жүктіліктің дамуын ерте мерзімде дәрігердің ұдайы бақылауы керек.

Әйелдің өз өмір салтын өзгерткені, көбірек серуендеуге және тынығуға уақыт бөлгені абзал.

 

 

 

Мауекул Кашкинбаевна АИМБЕТОВА,

акушер-гинеколог дәрігер,

"№1 Қызылорда қалалық емханасы” ШЖҚ МКК

 

Сурет baby-i-mama.ru сайтынан алынды

Екіқабат әйелдердегі темір тапшылығы: профилактикасы мен еміЕкіқабат және бала босанған әйелдердегі темір тапшылық жай-күйінің (ТТЖК) проблемасы оның жоғары таралымы мен темір жетіспеушілігінің жүктілік, босануға дейінгі, босанудан кейінгі кезеңге, ұрық пен нәрестенің жағдайына жағымсыз әсер етуіне байланысты практикалық акушерлікте барынша өзекті болып табылады.

Әлемдегі әйелдердің арасында темір тапшылық қаназдылығының (ТТҚА) таралу жиілігі 25%-тен 50%-ке дейін ауытқиды. Дамушы елдерде ұрпақ өрбітер жастағы әйелдер арасында оның таралуы 40-50% болса, дамыған елдерде – 18-20%-ке дейін жетеді. ТТЖК барлық екіқабат әйелдерде ұшырасады.

Жүктілік кезіндегі ТТЖК-нің дамуы темірді артық тұтынуға немесе оның шектеулі түсуіне байланысты шығындалудан туындайды.

Темір тапшылығының түрлі сатыларын нақтылау үшін темір метаболизмінің қорларын сипаттайтын көрсеткіштерді анықтау жүргізіледі: тасымалдық, функционалдық, кейінге сақталған және темір-реттеулі.

Көліктік қор көрсеткіші ретінде қан сарысуынан сарысулық темір, трансферрин анықталады. Гемоглобин (Нв), эритроциттер (RBC) және гематокрит (Ht) деңгейлері функционалдық қорды білдірді. Кейінге қалдырылған қор сарысулық ферритин (СФ) деңгейімен, ал темір реттеулі эритрокинетикалық көрсеткіш (ЭКК) арқылы бағаланады.

Қазіргі кезде темір тапшылығын диагностикалаудың "алтын стандарты” СФ-ді анықтау болып есептеледі.

ТТҚА профилактикасын бұл кеселдің дамуының жоғары қауіпі бар екіқабат әйелдерге жүргізу қажет. Оларға: бұрын анемиясы бар әйелдер; созылмалы инфекциялық кеселдері немесе экстрагениталды патологиясы бар әйелдер; көп бала босанған әйелдер және т.б. жатады.

Жүкті әйелдерге қаназдықтың алдын алу шараларын жүргізу нәрестелерде темірдің жоғары қорын жинақтауға ықпал етеді.

Латенталды және латентті темір тапшылығының профилактикасында барлық екіқабат әйелдерге ерте мерзімде витаминдік-минералдық кешендер нұсқалады.

Индустриалды дамыған елдерде әйелдер жүктілікке темірдің қалыпты қорымен келеді. Алайда кейбір авторлар барлық екіқабат әйелдерге гестацияның ІІ және ІІІ триместрлерінде профилактика жүргізуді қолдайды. Қазіргі кезде Дүниежүзілік денсаулық сақтау Ұйымы (ДДСҰ) барлық өңірлердегі жүктіліктің ІІ және ІІІ триместрлерінегі екіқабат әйелдерге тәулігіне/60 мг темір + тәулігіне/400 мкг фолий қышқылын қабылдауды ұсынады.

Акушерлер мен гинекологтардың Америкалық колледжі барлық жүкті әйелдерді қаназдыққа скринингтен өткізуді және темірі бар дәрумендік қоспаларды пренаталды профилактикалық беруді, анемия анықталғанда – темір препараттарымен адекватты терапия бастауды нұсқайды.

Қазіргі уақытта жүкті және бала емізетін әйелдердегі ТТҚА емдеу мен профилактикасы үшін Ферро-Фольгамма, Сорбифор Дурулес және Мальтофер Фол мен т.б. препараттар табысты қолданылады.

Мауекул Кашкинбаевна АИМБЕТОВА,

акушер-гинеколог дәрігер,

"№1 Қызылорда қалалық емханасы” ШЖҚ МКК

 

Сурет nebolet.com сайтынан алынды

0

Акушерлік-гинекологиялық практикадағы жұқпалы-қабынулық кеселдерКіші жамбас ағзаларының қабынулық кеселдері (КЖАҚК) бедеуліктің, эктопиялық жүктіліктің, жүктіліктің соңына жетпеуінің, ұрықтың даму ақауларының және т.б. ең жиі себебі болып табылады. КЖАҚК-нің даму тәуекелі әйелдің сексуалдық белсенділігіне және серіктесті ауыстыру жиілігіне, оның жасына, контрацепция тәсіліне, инвазивті гинекологиялық операцияларды өткізуге байланысты болып келеді. Бұл патологиямен науқастану шыңы жас әйелдерде байқалады.

Мысалы, Ресейде КЖАҚК 65%-ке дейінгі амбулаториялық гинекологиялық науқастарда және 30%-ке дейін – госпитализацияланғандарда кездеседі.

Шарт бойынша КЖАҚК – бұл эндометриттің, сальпингиттің, параметриттің, оофориттің, тубоовариалдық абсцесстердің және пельвиоперитониттің дамуына жетелеуге қабілетті эндоцервикстен жоғары өрлейтін жұқпалардың нәтижесі. Этиологиялық факторлар қатарында хламидия, гонорея, микоплазма, анаэробтар сияқты жыныс жолдары арқылы берілетін инфекция (ЖЖАБИ) қоздырғыштары бар.

КЖАҚК жеке нозологиялық форма (эндометрит, сальпингит, оофорит, тубоовариалдық абсцесс, пельвиоперитонит) түрінде де, олардың бірлесіп келуімен де білінуі мүмкін.

Сондай-ақ қабынулы кеселдерге түсік те (аборт та) ықпал етеді. Екі рет болған түсіктен кейін 100% оқиғада оның соңы жүктілікті соңына дейін жеткізбеумен, ерте босанумен, бедеулікпен аяқталатын созылмалы эндометриттің туындайтыны дәлелденген.

Қабынулық процесстің бірден басталуы сирек байқалады, шарт бойынша дерт біртіндеп, анық көрінбейтін клиникалық біліністермен дамиды, кейбір жағдайларда бірінші реттік-созылмалы ағым қалыптасады.

Көбіне кеселдің субклиникалық ағымы болады. Мұндай пациент әйелдер амбулаториялық жағдайда емделе алады, 36%-те – жеңіл немесе орташа ауыр ағым болса, тек 4%-те ауыр ағым білінеді.

КЖАҚК-ін емдеуде патогендік микрофлораны эрадикациялау, қабынудың бетін қайтару және кеш болатын асқынулардың (жамбастағы созылмалы ауырулар, эктопиялық жүктілік және бедеулік) алдын алу керек.

Бұл кездегі қабыну процесі біртіндеп ревматизмді немесе полиартритті еске салатын аутоиммундық жағдаймен асқынады. Мұнда кешенді антибактериалды, физиотерапиялық ем, проқабынулық цитокиндерді жаншитын, иммундық жүйені ынталандыратын факторларды қолдану қажет.

КЖАҚК мен ЖЖАБИ туындауында хламидиялық және гонорреялық жұқпалардың мәні ескеріле отырылып, табысты ем мен жағымды ем және оңтайлы прогноз үшін эмперикалық антибактериалды терапия кестесіне макролидті антибиотиктерді қосқан жөн.

 

 Мауекул Кашкинбаевна АИМБЕТОВА,

акушер-гинеколог дәрігер,

"№1 Қызылорда қалалық емханасы” ШЖҚ МКК

Сурет ginekol.com сайтынан алынды

 


Қазақстанда тұңғыш рет 2016 жылдан бастап «Сот сараптамасы» мамандығы енгізіледіАЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Қазақстанда 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап тұңғыш рет «Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім мамандықтары Жіктеуішіне» магистратура деңгейі бойынша «Сот сараптамасы» мамандығы енгізіледі.

Бұл туралы бүгін Алматыда Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Сот сараптамасы орталығының ұйымдастыруымен өткен «Шығыс-Батыс: сот сараптамасындағы әріптестік. Сот сараптамасының теориясы мен тәжірибесінің өзекті мәселелері» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы барысында ҚР Әділет министрлігінің Сот сараптамасы орталығының директоры Исидор Борчишвили мәлім етті.

Оның айтуынша, қазір бұл мамандықты Жіктеуішке PhD докторантурасы деңгейі бойынша да енгізу жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта бакалавр деңгейі бойынша да жұмыстар қолға алынуы мүмкін.

«Қазақстан Республикасының «Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім мамандықтары Жіктеуішінде» «Сот сараптамасы» мамандығы тіпті болған жоқ. Бұл жағдайда сот-сараптама мамандығы бойынша магистр және докторларды даярлау өте қиын соқты. Ал, ҚР құқық қорғау органдарын 2020 жылға дейін жаңғырту мемлекеттік бағдарламасында сот-сараптама мамандығы бойынша магистрлар, докторлар даярлау көзделген. Біз сол үшін 2014 жылы - бір жыл бойы ҚР Білім және ғылым министрлігімен жүйелік жұмыстар жүргіздік. Бұдан басқа, еліміздің бірқатар жоғары оқу орындарымен сот сарапшыларының біліктілігін арттыру мәселесі бойынша ынтымақтастық орнаттық», - деді И. Борчишвили.

Сонымен қатар ол сот сараптамаларының жаңа түрлерін әзірлеу керектігін жеткізді.

«Қазір Қазақстанда 44 сараптамалық мамандық бойынша 22 түрлі сот сараптамасы жүргізіледі. Бұл жеткілікті ме? Олар заман талабына жауап бере ала ма? Сараптамалық іс-тәжірибелер, құқық қорғау және басқа да органдар мен соттардың қажеттіліктері бойынша жасалған талдаулардың нәтижелеріне, ел ішіндегі және шет елдердегі қазіргі жағдайға қарайтын болсақ, біздің жүргізіп жатқан сараптамаларымыз трансұлттық қылмыстар, лаңкестік әрекеттер, техногендік сипаттағы апаттар, әуе көліктеріндегі апаттар секілді қауіп-қатерлерге толық көлемде жауап бере алмайды екен. Не істеу керек? Мына жаhандану кезеңінде, мемлекеттер әр түрлі одақтарға бірігіп жатқан шақта, шетелдік әріптестермен кейбір сараптама түрлері бойынша ортақ әдістеме әзірлеу керек деп санаймын. Бұл сот-сараптамалық зерттеулерді тиімді жүргізуге мүмкіндік берер еді. Біз түрлі елдердің сот сараптамасы органдарының күшін біріктіруіміз қажет. Сонда кез келген қауіп-қатерге қарсы тұра аламыз», - деді И. Борчишвили.

Қазір елімізде сот сарапшылары ҚР Әділет министрлігінің Сот сараптамасы орталығы және «Болашақ» мемлекеттік бағдарламасы арқылы шет елдерде даярланады әрі біліктілігін арттырады.

Биыл осы бағдарлама аясында Сот сараптамасы орталығының 18 сарапшысы Лондонның экономика және саяси ғылымдар мектебінде бір жылдық тағлымдамадан өткен. Сонымен қатар, 87 сарапшы биыл басқа да елдерде білімдерін жетілдіріп қайтқан.

Айта кетелік, бүгінгі халықаралық конференцияға ҚР Әділет министрлігінің өкілдері, ҚР Парламентінің депутаттары, Қазақстанның сот сараптамасы мекемелерінің басшылары мен жетекші сарапшылары және Армения, Әзербайжан, Беларусь, Вьетнам, Қырғызстан, Қытай, Ресей, Тәжікстан, Түркия, Украина және басқа да елдерден келген ғалымдар, барлығы 150-ден астам адам қатысты.

 

 

Автор:Жаппарберген Айбота

http://inform.kz/kaz/article/2828897

Радиологтардың VI Еуразиялық форумы профессор Жанғали Хамзабаевтың рухына арналдыАстана. 15 қазан. Baq.kz - Бүгінгі форум медицина ғылымының докторы, ғалым, профессор, еліміздің радиология саласына сүбелі үлес қосқан тұлға Жанғали Хамзабаевтың рухына арналады. Бұл жөнінде бүгін өткен Радиологтардың VI Еуразиялық форумы барысында Президенттік іс басқармасы емханасының дәрігері, профессор, медицина ғылымдарының докторы Исламбек Мұхамеджанов айтты.

 

«Бүгінгі халықаралық форум еліміздің радиология саласына сүбелі үлес қосқан тұлға Жанғали Хамзабаевтың рухына арналып отыр. Радиологияның туын көтерген профессор Жанғали Хамзабайұлы осыдан 1 жыл бұрын дүниеден озды. Ол кісі сонау 70 жылдардан рентгенологияның маманы болып кейін радиологияға ультрадыбыс, компьютерлік тамография, изотопттық диагностика сынды әрі жаңа диагностикалық тәсілдерді енгізді. Өмірінің соңына дейін ғылыммен айналысып, еліне адал қызмет еткен тұлға»,деді ол өз сөзінде.

Сондай-ақ, ол бүгінгі форумның Қазақстан медицинасының дамуы үшін пайдасы зор екенін атап өтті.

«Радиологтардың алғашқы форумы Астанада 2005 жылы өткен болатын. Осы уақытқа дейін радиология саласы қарқынды дамып, шетел мамандарынан көп тәжірибе алмасып үлгердік. Бұл форумның өтуі радиология саласының қарқынды дамуына ықпалы зор. Әрі қазіргі заманғы жаңа зерттеу әдістері, сүт безі рагы мен туберкулез мәселелерін емдеудің тиімді әдістерін қолдануға, жүрек ауруын ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді. Соңғы он жылда ғылыми техника жаңарып, түрлі жаңа технологиялар пайда болды. Соңғы жылдары осы технологиялардың дамуына байланысты елімізде түрлі дерттердің алдын алып, күрделі операциялар жасалуда. Бұл деген сөз жаңа технологиялар артып, білікті мамандар көбейе берсе болашақта елімізде науқастар саны азаятын болады», деді профессор.

Айта кетейік, 2 жылда бір өтетін осынау форумға дамыған мелекеттерден оның ішінде Ресей мен ТМД елдерінің ғалымдары келіп өздерінің жетістіктіктерімен бөлісті. Жиында радиология саласындағы барынша өзекті проблемалар талқыға салынды. Форум аясында Смоленск және Санкт-Петербор қалалары профессорларының басшылығымен шеберлік сыныптары өтті.

 

Дана Сағынбек

http://baq.kz/kk/news/ult-sauligi/radiologtardin-vi-euraziyalik-forumi-professor-zhangali-hamzabaevtin-ruhina-arna-73053

Салидат Қайырбекова «Ұлттық медициналық холдинг» АҚ басшысы болып тағайындалдыАСТАНА. ҚазАқпарат - Салидат Қайырбекова «Ұлттық медициналық холдинг» АҚ Басқарма төрайымы болып тағайындалды. Бұл туралы «Назарбаев Университетінің» баспасөз қызметіне сілтемемен ҚазАқпарат тілшісі хабарлады.

«2015 жылдың 13 қазанында Салидат Қайырбекова «Ұлттық медициналық холдинг» АҚ Басқарма төрайымы болып тағайындалды», деп атап өтті баспасөз қызметінде.

Бұған дейін хабарланғандай, 12 қазан күні Салидат Қайырбекова басқа жұмысқа ауысуына байланысты ҚР денсаулық сақтау және әлеуметтік даму бірінші вице-министрі қызметінен босатылған болатын. Осыған дейін Ұлттық медициналық холдинг» АҚ Басқарма төрағасы қызметін Нұржан Отарбаев атқарып келген еді.

 

http://inform.kz/kaz/article/2828152

Елімізде 235 мыңнан астам балаға екпе егілдіАстана. 13 қазан. Baq.kz – Ағымдағы жылдың 13 қазанында Қазақстанда қызылшаға қарсы қосымша иммундау кампаниясының аясында 15-19 жас аралығындағы 235 мың 164 адам немесе 74,3% жасөспірім вакцинацияланды. Бұл жайында ҚР ДСӘДМ баспасөз қызметі хабарлады.

Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында қызылшаға қарсы қосымша иммундау кампаниясы 100%-дық қамтумен аяқталды. Ақмола, Атырау, Қызылорда облыстары мен Алматы қаласында 90%-дан астам адам вакцинацияланды.

Өзге 10 аймақта (Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан облыстары мен Астана қаласы) вакцинамен қамту көрсеткіші 50-ден 80 %-ға дейін құрайды.

Иммундау шараларын жүзеге асыру барысында жағымсыз жағдайлар тіркелген жоқ.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда ағымдағы жылдың 1 қазанынан бастап 15-19 жас аралығындағы жасөспірімдерді қызылшаға қарсы қосымша иммундау кампаниясы өткізілуде.

Фото: todaynews.kz

http://baq.kz/kk/news/ult-sauligi/elimizde-235-minnan-astam-balaga-ekpe-egildi-72922

Қазақстанда әйелдер денсаулығын қорғау бойынша онкүндік басталдыАСТАНА. ҚазАқпарат - 2015 жылдың 12 мен 21 қазан аралығында сүт безі қатерлі ісігі туралы хабардар болу дүниежүзілік күнінің аясында республиканың барлық аймақтарында әйелдердің денсаулығын қорғау онкүндігі өтеді, деп хабарлайды ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінен.

Шараның негізгі мақсаты - халықтың назарын қатерлі ісік ауруларының алдын алу мен ерте анықтау мәселелеріне аудару, сүт безі қатерлі ісігін ерте анықтаудың маңыздылығы жөнінде әйелдердің сауаттылығын арттыру, өз денсаулығы үшін ортақ жауапкершілікті қалыптастыру, уақытылы скринингтік тексеруге (маммография) және салауатты өмір салтына бейімділікке ынталандыру.

Ауруды ерте анықтау мен уақытылы емді бастау - әйелдер денсаулығын сақтаудың басты кепілі. 2014 жылы қатерлі және қатерсіз сүт безі ісіктерін ерте анықтау скринингінің аясында 386 112 әйел тексерілді, 45 077 (11,7%) қатерлі ісік және ісік алды жағдайлары анықталды.

Қатерлі ісік ауруларын ерте анықтау тамақтану барысында жемістер мен көкөністерді аз пайдалану, физикалық белсенділіктің болмауы, шылым шегу мен ішімдік ішу сияқты ағзаға зиянын тигізетін қауіптің мінез-құлық факторларының әсерін болдырмау; адамның паппилома вирусын шақыратын (HPV) жұқпалы ауруларға қарсы вакцинациялаудан өту, жұмыс орнында денсаулыққа зиян және қатерлі факторларды бақылау арқылы жүзеге асырылады.

Осы тұрғыда еліміздің аймақтарында өтетін онкүндік барысында сүт безі қатерлі ісігін алдын алу мәселелері бойынша медицина қызметкерлеріне алғашқы медициналық-санитарлық көмек, оқу семинарлары, тренингтер, дөңгелек үстелдер мен АМСК мекемелерінде салалық мамандардың қатысуымен ашық есік күндері өткізіледі. Жұмыс орындарында онкологиялық қызмет мамандарының қатысуымен профилактикалық скринингтік тексерулер ұйымдастырылатын болады. Сүт безі қатерлі ісігінің алдын алу денсаулық мектептерінің жұмысы жандандырылады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, сүт безі қатерлі ісігі әйелдер арасында кең таралған. Жыл сайын бұл ауруға 1,38 млн адам шалдығады, 458 мың жағдай өліммен аяқталады.

Қазақстанда сүт безі қатерлі ісігі жаңадан пайда болатын қатерлі ісіктер құрылымында, сонымен қатар, жалпы құрылымда да бірінші орында. Аталған ауру бойынша өлім-жітім 2014 жылы 100 мың адамға шаққанда 7,8 пайызды құрады. Сүт безі қатерлі ісігінің I және II кезеңі 2013 жылмен (77,1%) салыстырғанда 80,6%-ны құрады.

Әлемде Дүниежүзілік сүт безі қатерлі ісігі туралы хабардар болу күні жыл сайын 21 қазанда атап өтіледі.

 

http://inform.kz/kaz/article/2827664

С. Қайырбекова Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму бірінші вице-министрі қызметінен босатылдыАСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Үкіметінің 2015 жылғы 9 қазанындағы қаулысымен Салидат Зикенқызы Қайырбекова басқа жұмысқа ауысуына байланысты ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму бірінші вице-министрі қызметінен босатылды, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Естеріңізге сала кетейік, Салидат Қайырбекова 2010 жылдың қазанынан 2014 жылдың тамыз айына дейін ҚР Денсаулық сақтау министрі қызметін атқарды. 2014 жылдың тамыз айынан бастап ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму бірінші вице-министрі қызметіне тағайындалған болатын.

http://inform.kz/kaz/article/2827365