Ауа райы
Мерекелер
50 түрлі дертке дауа болатын ерекше өсімдікАСТАНА. ҚазАқпарат - Қара зере (черный тмин) - ерекше емдік қасиеті бар өсімдік.

Қара зеренің жиырмаға жуық түрі бар. Өсімдік дәнінің түсі қара болып келеді, оның «қара зере» деп аталуының себебі де осы. Қара зеренің емдік қасиетіне байланысты көптеген ғылыми зерттеулер жүргізілген. 1960 жылы профессор Дахакна қара зеренің майымен артритті емдеуге болатындығын дәлелдеген. Ал 1992 жылы Дакка (Бангладеш) университетінде жүргізілген зерттеуде қара зеренің бактерияға қарсы тұра алатын қасиеті анықталған. Сондай-ақ ол қатерлі ісікті емдеу үшін де қолданылады.

Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ерекше мақтаған бұл өсімдік бар дерттің дауасы екенін бірі білсе, бірі білмейді. Араб елдерінде «пайғамбар өсімдігі» аталып кеткен қара зеренің пайдасы айтарлықтай. Медицина мамандарының айтуынша, қара зере майының химиялық құрамын фосфат,темір,фосфор,кальций, карбогидраттар,Ежәне В дәрумендері, линолей, олеин,пальмитин, эйкозен, стеарин, альфа-линолен қышқылдары құрайды.

Ғалым Ибн Қайым Жаузия өзінің «Пайғамбар медицинасы» атты кітабында қара зеремен 50 шақты ауруды емдеуге болатындығын көрсеткен. Кейінгі зерттеулер бойынша да оның мынандай ауруларға ем екендігі белгілі:

Қандағы холестеринді азайтады;

Ағзаны улы заттардан тазартады;

Иммунитет жүйесін күшейтеді;

Инсультқа (миға қан кету) қарсы тұрады;

Артрит (буын ауруы) пен бауыр ауруынан айықтырады;

Құрамындағы тимохинон арқылы қандағы глюкозаны азайтады;

Құрамындағы эфир майлар арқылы бактерияларды өлтіріп, олардың көбеюін тоқтатады;

Бронхит пен астмаға (тыныс жолдарының қабынуы) ем;

Ішектердегі қажетті бактерияларды қалпына келтіру арқылы іш-құрылыстың жүйесін реттейді;

Тері ауруларына пайдалы (қотыр, қышыма, бөртпе т.б.);

Өт пен бүйректе жиналған майда тастарды уатады;

Несеп жолдарын тазалайды;

Ішті жүргізеді;

Ішек құрттарын жоюға көмек береді;

Бала емізетін әйелдердің сүтін молайтады;

Сүйелді кетіреді;

Жөтел мен сарыауруға таптырмайтын ем;

Белсіздікке ем;

Семіздіктен арылуға көмектеседі;

Тәбетті арттырады;

Асқазанның ойық жарасын (язва) жазады,

Етеккiр циклын қалпына келтіреді, т.б.

Қара зере майы.Қара зеренің, негізінен, дәнектері мен майы емге пайдаланылады. Мәселен, қара зере майы аллергияны, қышыма мен псориазды бәсеңдетуге, демікпеге қарсы ағзаның иммунитетін арттыруға, асқорыту қиындағанда, жоғарғы қан қысымы байқалғанда емге пайдаланылады. Түрлі витаминдер, минералды тұздар, микроэлементтермен қатар, қара зере майының құрамында көмірсулар, белоктар мен майлар да бар. Өсімдік майы негізгі маймен қатар майлы қышқылдардан да түзіледі. Осы себепті аталғандардың соңғысы қанықпаған майға жатады. Зерттеуші медицина мамандарының айтуынша, қара зере майының химиялық құрамын фосфат,темір,фосфор,кальций, карбогидраттар,Ежәне В витаминдері, линолей қышқылы, олеин қышқылы, пальмитин қышқылы, эйкозен қышқылы, стеарин қышқылы, альфа-линолен қышқылы құрайды. Ол сондай-ақ нигелон семохиропинон немесе меланин секілді арнайы белсенді компоненттерге де ие.

Қара зере шайы.Бүгінгі күні қара зеренің дәндерінен қайнатылған арнайы шай да жасалады. Бұндай шай көбіне іш кебу, іш өту және өт шаншуы сияқты ауруларға ем. Жас босанған сүті аз әйелдерге де оның пайдасы зор.

Қорыта келгенде, Қара зере - расында да емдік қасиеті мол шипалы өсімдік. Оның өлімнен басқаның бәріне ем екендігін бүгінгі медициналық зерттеулер бірінен соң бірі дәлелдеуде.

Ақпарат интернеттен алынды.

 

http://www.inform.kz/kaz/article/2846168

ҰЛТ ДЕНСАУЛЫҒЫ: Академик Т. Шарманов дұрыс тамақтану жөнінде айтып бердіАЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Елбасы таяуда өзінің «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» аты жаңа Жолдауын жариялады. Онда Мемлекет басшысы әлемдік дағдарыс жағдайында Қазақстанда қолға алынатын жаңа іс-әрекеттер туралы айтты. Оларды жүзеге асыруда халықтың тұрмысы мен денсаулығының мықты болу керектігін баса атап көрсетті.

«Біздің халқымыз ешқашан бүгінгідей бақуатты тұрмыс кешіп көрген жоқ. Тәуелсіздік алғаннан бері 1300-ден астам денсаулық сақтау нысаны мен 1700-ден астам білім беру ошағын салдық. Жалпы халықтың тұрмысының, денсаулығының түзелуі, санының өсуінің нәтижесінде қазақстандықтардың орташа өмір ұзақтығы 72 жасқа жуықтады», - деді Елбасы. Осыған байланысты халқымыздың тұрмысын жақсартып, денсаулығын нығайту жолында тағы қандай шараларды жүзеге асыру керек? Саламатты өмір салтын ұстануда дұрыс тамақтана білу қаншалықты маңызды? «ҚазАқпарат» тілшісінің осы және өзге де сұрақтарына Қазақ тағамтану академиясының академигі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Төрегелді Шарманов жауап берген еді.

- Бүгінде тренажер залына барып жаттығу, дұрыс тамақтану қалыпты үрдіске айналып келеді. Осы орайда денсаулықты нығайту үшін тағы қандай шараларды жүзеге асырған дұрыс?

- Ұзақ өмір сүруге және денсаулықты нығайтуға өмір бойы ұмтылу керек. Өмірге дені сау ұрпақ әкелу үшін, оның денсаулығын, анасының құрсағында жатқан кезден бастап қамқорлыққа алу керек. Қазіргі таңда, майлы тамақты аз пайдаланып, көкөніс пен бидайдың төменгі сұрыптарын пайдаланған маңызды. Яғни, талшықты өнімдер пайдалы деген сөз. Жоғарғы сұрыпты ұннан жасалған нанды, қантты өте аз пайдалану қажет. Адамдар «майлы тамақ семіздікке әкеп соғады», - деп санайды. Жоқ, тек олар ғана емес. Қанттың көмірсулары мен құрамында қанты бар сұйықтықтарды аз пайдалану керек. Мысалы, кока-кола, пепси-кола, фаст-фуд, хот-догтар өте қауіпті. Қуырылған тамақтар жүрек-қан тамырлары ауруына, тіпті қатерлі ісік дертіне әкеп соқтырады. Қазір адамдар холестерині бар тамақтарды жеуден қорқады. Негізі олардың өздері қауіпті емес. Оларды қауіпті ететін транс-майлы қышқылдар. Бұл қышқылдар сиырдың сүтінде болады. Сондықтан, күніне кем дегенде 400 грамм көкөніс пен жеміс-жидектерді пайдалану қажет. Ал бізде бұл көрсеткіш әзірге жан басына шаққанда 150-200 грамнан аспайды. Бұл аз.

Негізі тамақта майлардың мөлшері 25-30 пайыз, ақуыздар - 11-13 пайыз, көмірсулар 55 пайызды құрауы керек. Тағы бір маңызды жәйттің бірі, ол - қимыл-қозғалыс. Негізі көп жүріп-тұру керек.

- Биологиялық белсенді қоспалар жөнінде пікіріңіз қандай?

- Ұзақ жылдар бойы техногендік үдерістердің салдарынан азық-түліктің құрамында дәрумендер мен микроэлементтер азайды. Сондықтан бұл белсенді қоспалар мен дәрумендерді пайдалану өте қажет. Дегенмен, оларды қабылдаудың алдында дәрігермен кеңесіп алған жөн.

- Базарларда гендік модификацияланған жемістер көбейіп жатыр. Бұл туралы да пікіріңізді білгіміз келеді.

- Бұл туралы көп әңгіме айтылып жүр. Мұндай өнімдердің өмірімізге мықтап енгендігін мойындау керек. Бір сөзбен айтқанда мұндай өнімдер адам ағзасына кері әсер ете алмайды.

- Төрегелді Шарманұлы, өзіңіз қалай тамақтанасыз?

- Мен бұл жағынан қатал ережені сақтаймын. Таңертең міндетті түрде дене шынықтыру жаттығуларын жасаймын. Жүремін. Қыста тренажерлік залда жаттығамын. Кейін душ қабылдаймын. Бірінші жылы сумен, кейін мұздай сумен шайынамын. Таңертеңгілік асқа - бір қызанақ, бір қияр, бір болгар бұрышы немесе алма және кілегей қосылған шай. Ал нан, май, шұжық дегендерді жемеймін. Түсте тауық еті немесе жылқы еті салынып әзірленген сорпа ішемін. Қойдың етін татып алмаймын. Жалпы, қызыл етті көп жемеймін. Дегенмен, жылқының еті өте пайдалы. Биенің сүтін зарарсыздандыруға, яғни стерильдеуге және қайнатуға әсте болмайды. Себебі сапасын жоғалтады. Бұл өте нәзік сүт. Оның ақуызы ана сүтінің ақуызымен бірдей. Ал сиырдың сүтін қайнатпасаң, тазартпасаң тез бұзылады, ал қайнатсаң пайдалы қасиеттерін жоғалтады. Сондықтан мен сиырдың сүтін ішпеймін, одан жасалған ірімшікті жемеймін.

- Биыл биенің сүтінен жасалған жаңа өнімді жұртшылыққа таныстырдыңыз. Қазір осы бағытта қандай шараларды жүзеге асырып жатырсыз?

- Иә, біз биенің сүті негізінде жаңа өнім жасап шығардық. Бұл -торттар, балмұздақ, шоколад, тәтті тоқаштар және йогурт. Бұл өнімдерде қант, транс-майлы қышқылдар атымен жоқ. Қазір біз бұл өнімдерді кең көлемде шығару үшін қажетті жабдықтарды сатып алып жатырмыз. Ал әзірге Төле би, 127 мекен-жайында біздің дәмхана бар. Сонда тұтынушыларға аталған өнімдерді ұсынамыз. Олар дән риза. Болашақта бұл өнімдерді экспортқа да шығаруды көздеп отырмыз. Бұл жерде әсіресе шоколадтың бағасы қымбаттау. Бірақ сапасы керемет, ал балмұздақтың дәмі ерекше.

- Тәуелсіздік күні, Жаңа жыл мерекесі жақындап келеді. Мерекелік дастархан қандай болуы керек?

- Өте құнарлы және майлы тамақтардан бас тартқан жөн. Мереке өтеді де кетеді. Ал майлы тамақты көп жегеннен денсаулық сыр беруі мүмкін. Ұйқы безінің осыншама тамақты қорытуға шамасы жетпейді. Дегенмен, ферменті бар таблеткалар алып қойыңыздар. Салаттарды, балықтан және құс етінен жасалған тағамдарды көбірек жасаған абзал. Және әрине бауырды ойлау керек, яғни ішімдіктен мүлдем бас тарту керек.

- Отандық денсаулық сақтау саласының дамуы қандай дәрежеде?

- Отандық денсаулық сақтау саласының болашағы бар. Мемлекет бұл жүйеге көп қаржы бөліп жатыр. Бірақ әзірге тиімділігі аса жоғары емес. Ана мен бала өлім-жітімі жоғары деңгейде. Жүрек-қан тамырлары аурулары бойынша әлемде алдыңғы орындардың біріндеміз. Дейтұрғанмен, медициналық-санитарлық көмек көрсету саласына көп көңіл бөліне бастады. Қазір қоғамдық денсаулық сақтау маңызды роль атқарады. Сондай-ақ аурулардың алдын алуға күш жұмсалып жатыр. Өйткені ауруды емдегеннен оның алдын алу анағұрлым тиімді әрі арзан. Бұл жерде ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі қажырлы еңбек етіп жатыр. Қазіргі министр дәрігер болмаса да бұл саланың мәселелерін, әлеуметтік дамудың маңыздылығын өте жақсы түсінеді.

- Әңгімеңізге рахмет.

 

Автор: Жаппарберген Айбота

http://www.inform.kz/kaz/article/2845742


Құнарлы құрттың қадірін білеміз бе?АСТАНА. ҚазАқпарат - Құрт - құрғатылған, кептірілген сүт өнімі. Пісіліп, майы алынған айранды қайнатып, кенеп дорбада сүзіп алып, тұздап, өреде кептіріп сақтайтын тағам түрі, деп жазады ұлттық тағамымыз жөнінде «Сарыарқа самалы» басылымы.

Адам денсаулығына аса пайдалы екендігінің дәлелі, құрт - кальцийдің көзі. Сондай-ақ, ақуызға өте бай. Сондықтан, ол құнарлы тағам. Оның құрамында А, В, С дәрумендері, мыс, мырыш, күміс, темір, кремний, магний, кальций, алюминий микроэлементтері жетерлік.

Балалар үшін де құрттың пайдасы ұшан-теңіз. Ол - баланың бойының өсуіне және сүйектері, тістері дұрыс қалыптасып, жетілуіне септігін тигізер тағамдардың бірі. Әсіресе, қатқан құрттың пайдасы зор. Себебі тісі енді шығып келе жатқан балалардың иектерінің қатаюына жәрдемдеседі. Кепкен құртты мүжіген баланың тісі сау, сүйегі берік болады. Ал сау әрі мықты сүйек-тірек қимыл аппаратының дұрыс әрі белсенді жұмыс жасауына сеп болады. Жасы ұлғайған кісілерде зат алмасу баяулай бастайтыны белгілі. Құрттың құрамында зат алмасуды және бауырдың қызметін жақсартатын холин және метионин деген заттар бар. Сондай-ақ, В тобының дәрумендері болғандықтан, қарттарда жиі кездесетін атеросклероз ауруының алдын алады.

Құртты көктем, жаз айларында жеген өте пайдалы. Себебі көктемде дәрумендердің жетіспеушілігі байқалады. Жаз айында ыстық шай ішкен кезде, термен бірге тұзды да жоғалтады. Сол жоғалған тұздың орнын толтыруға көмегі зор. Құртты әркім өз қалауынша қалаған тағамына қосып жей беруге болады.

Сусын әрі қорек

Езілген құрт түйіршіктерін малта дейді. Ол - өте кәделі әрі жұмсақ ас. Ұзақ сапарға жолаушылар көбіне малта алып аттанған. Өйткені малта бір жағынан ашыққан адамның өзегін талдырмаса, екіншіден шөлдеген кісіге сусын болған. Адам аштыққа бір айға дейін шыдауы мүмкін, ал шөлге бір жетіге де шыдай алмайды. Егер де ұзақ жолға шығатын адам қалтасына бес-алты түйір малта құрт салып алса, еш алаңдамауға болады. Себебі малта құрттың адамды шөлден құтқарар ерекше қасиеті бар.

Соғыс ардагерлерінің естеліктеріндегі мына бір хикая ерекше назар аудартады. Соғыс алдындағы қырғын шайқаста, қатары селдіреген взвод қорғаныс шебін тастап, шегінуге мәжбүр болады. Күші басым жау әскерінің танктері екі қанаттан орап, ту сыртынан өтіп кеткен. Тірі қалған бес жауынгер сай-жыраны сағалап, жаудың тылында қалады. Аштық пен шөл бірдей қысқанда қатардағы жауынгер жүк қапшығын ақтарып отырып, бес-алты құрт тауып алған екен. Майданға келгеніне сегіз ай болса да, «елдің дәмі ғой», - деп ырымдап, жемей жүрген көрінеді. Жасырынған жерде төрт күн, төрт түн жатады. Бесінші күні таң ата қоршаудан сытылып шығып, өз бөлімдеріне қосылыпты. «Жанымызды сақтаған бес-алты құрт болды» дегенге бөлімнің басқа жауынгерлері таңқалыпты.

1836-1838 жылдардағы Бөкей Ордасындағы көтеріліс басшыларының бірі әрі өткір тілді, өр мінезді ақын Махамбет Өтемісұлы «Ерлердің ісі бітер ме?» атты өлеңінде:

Алты малта ас болмай,

Өзіңнен туған жас бала

Сақалы шығып жат болмай...» - деп құрттың тағамдық құндылығын өлеңге қосқан.

Тіптен Беташарда да:

Қаптың аузы ашық деп

Құрт ұрлама келінжан,- деген жолдар кездеседі.

Сондай-ақ жарапазан жырында да:

Аяқ-табақ сылдырап,

Құрт бергелі жатыр ма?

Аузы-басы жылтырап,

Май бергелі жатыр ма? - деп келетін жолдар бар.

Наурыз мерекесіне арналған бата мен ән-шашуларда да құртты қоспай кеткені жоқ.

Жаңа жылда жарылқасын!

Саба іркіт пен саумалдан босамасын.

Өре құрт пен ірімшектен босамасын, - деп ақсақалдар бата берсе, «Наурыз» өлеңінде

Құрт пен майы,

Қаймақ, шайы,

Шұбат, қымызы,

Қазағымның сазды қобызы, - деп құрт құндылығын жырға қосқан.

Осы тәріздес жырлар мен деректерде кездескен ақпардан құрттың қазақ өміріндегі орасан зор маңызын байқаймыз.

Таспен емес, аспен атқан

Сталиндік репрессияның кезі. Шаш ал десе бас алатын шолақ белсенділердің құтырып тұрған шағы. Жалған жаламен сотталған жандардың әйелдері қазақ жеріндегі АЛЖИР лагерінде жазасын өтеп жатқан еді. Бір топ тұтқын әйел қыстың қақаған боранында Жалаңаш өзенінің бойынан барак салу жұмысына жегіледі. Үкімет үшін бұлар керексіз жандар болатын. Сол себептен дені дұрыс ас берілмей, таңның атысы, күннің батысы, ызғарға қарамастан, қаумалаған күзетшілердің ортасында жүріп жұмыс істеген.

Бір күні сол маңдағы Жаңашу деп аталатын ауылдан бір топ кәрі-құртан шал-кемпірлер мен жас балалар тұтқындарға жақын келіп, әйелдерді таспен атқылай бастайды. Ал күзетшілер болса балалар мен қариялардың бұл әрекеттеріне риза болып, күле қарайды. Әйелдерге: «Көрдіңдер ме, сендерді Мәскеу ғана емес, осы жақтағы ауылдың балалары да жек көреді», - деп масайраса керек. Белгіленген жоспар бойынша күніне 40 бау қамыс жинауға тиіс әйелдер аштық пен ауыр жұмыстан, қара суықтан қалжырап жүргенде жергілікті тұрғындардың мына бір мазағы жығылғанға жұдырық болып тиеді. Сол күннен бастап ауыл адамдары әйелдерге «тас атып» тұруды әдетке айналдырып алады.

АЛЖИР-де жазасын өтеген тұтқын әйел Гертруда Платайс өзіне қарай құлаш сермей лақтырылған кесектен жалтармақшы болып бұғып қалғанда, аяғы сүрініп, жерге құлап түседі. Өмірге әбден налып, көз жасы көл болған әйел әлгі жерде ірімшік пен құрттың иісін сезеді. Кесекті ұстап, дәмін көрген кезде оның тас емес, жеуге келетін тамақ түрі екендігін бағамдайды. Әлгі кесектерден бірнешеуін жинап алып, кешке баракка алып келіп, сол жердегі қазақ әйелдеріне көрсетеді. Олар мұның тұздалып, күн астында кептірілген сүт тағамдарының бір түрі - құрт екендігін айтады.

Сөйтсе өздері де бір кездері аштықты бастарынан өткерген жергілікті тұрғындар тұтқын әйелдерге жандары ашып, көмектесуді ойластырады. Бірақ Сталиндік саясаттың қырына ілінуден корқып, амал-айла іздестіреді. Сондықтан осы бір амалды тапқан екен. Жас балалар жау есебіндегі тұтқын әйелдерге деген жек көрушілік сезімін жеткізбек болғандай, оларды таспен атқан болып күзетшілерді алдаған. Осылайша тұтқындарға тамақ береді. Олардың бұл көмегі тұтқындағы әйелдерге үлкен демеу болып, өлімнен аман қалуына септігін тигізеді. Өле-өлгендерінше қазақтардың алдында, олардың дарқандығы мен тапқырлығы алдында бас иіп өткен екен.

Құрттың түрлері:

Ж а с қ ұ р т. Жайғанына бір-екі күн ғана болған, әлі толық кеуіп үлгермеген құрт. Жас құртты сары маймен жентектеп бастырма ретінде шаймен бірге дастарқанға қояды. Әсіресе кепкен құртқа, бауырсаққа тісі өтпейтін қарттар үшін өте кенеулі ас саналады.

К ө б і к. Қайнап жатқан кұрттың қалқып алған беті. Ағаш қасықпен бетінен жайлап қалқып, ыстық күйінде жалап жейді. Көбік құрт майлы болады. Әрі құрттың бар нәрі осы көбігіне жиылғандықтан дәмі тіл үйіреді.

Ыстық құрт. Қайнап жатқан құртты алып, май қосып сапырып ішетін кенеулі ас. Өкпе ауруына, суық тиіп ауырған сырқаттарға ем саналған.

Сықпа немесе сүзбе құрт. Мұның қайнатқан кұрттан айырмашылығы айранды ұйытып, қапқа кұйып сүзеді де, тұздалып, әртүрлі үлгімен бөлшектеліп, тақтайшаға кептіріледі. Ертеректе мұндай кұрт жайған әйел ауыл балаларына арнап дөңгелек жасап, жіпке тізіп мойындарына іліп қуантқан деседі.

Малта құрт. Езілген құрттың түйіршіктері, ол әрі жұмсақ, әрі сүйкімді ас саналады. Ұзақ сапарларда сусын әрі қорек болған.

Езген құрт. Сорпаға, тұздыққа, көжеге және басқа тағамдарға қосу немесе сұйық күйінде ішу үшін кепкен құрт ұнтағы.

А қ м а л т а. Езілген құрттың ең соңғы шайындысы. Ол өте жұғымды және тез сіңетін тағам болып саналады. Оны сол сұйық түрінде ішеді.

Ұнтақ құрт. Арнайы түйіп ұсатқан немесе қап түбінен жинап алған үгінді. Оны сүттің піскен қаймағына былғап жейді.

Ақ құрт. Іркітті қазанда қайнатып, суыған соң қапқа салып, сорғытады. Содан соң түрлі формаға келтіріп, өреге жаяды. Бұл құрттың ақ болатын себебі тұзын анағұрлым көбірек қосады.

Қара құрт. Ашыған іркітке аздап сары май қосып қайнатады. Тұзын аздап қана қосады.

К ұ р т - м а й. Сары майға батырып жасайтын кепкен құрт. Оны асығыс кезде дәм таттыру үшін немесе жеңіл-желпі түстік ретінде дастарқанға қояды. Кейде құрт, ірімшік, май тағамдарының қосындылары да кұрт-май деп аталады.

А.Қуанышева

http://www.inform.kz/kaz/article/2844507

Алматыда жүйке жүйесі науқастары заманауи оңалту шараларын қабылдадыАЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыдағы №1 қалалық ауруханада орталық жүйке жүйесі ауруына шалдыққан науқастарға арналған «Нейрореабилитация. Неврологиядағы заманауи оңалту тәсілдері» шеберлік класы өтті.

Шара барысында науқастар ReoGo заманауи медициналық техникалар және ReoAmbulator (Motorika, Израиль) роботтандырылған кешені, Gloreha (Италия) тренажері, MediTouch (Израиль) жүйесінің HaTutATutLTutDTut тренажерлерінде оңалту шараларынан өтті.

Сондай-ақ, келушілерге «Экзарта» кинезотерапиялық құрылғысының мүмкіндіктері таныстырылды.

№1 аурухананың бас дәрігері, профессор Дамир Дәулетбаев мұндай шараларды өткізу отандық медицинаға әлемнің озық тәжірибелерін енгізуге септігін тигізеді деп санайды.

«2006 жылы біздің ауруханада Қазақстанда тұңғыш рет нейрореабилитация бөлімшесі ашылды. Басында бөлімшеде 215 төсек болса, қазір 30 адам қабылдай аламыз. Бас ми ісіктері, миға қан құйылу, жұлын опперациясынан кейін мультидисциплинарлық көмек көрсетіледі. Бірнеше дәрігер емдейді. Сал боп жатқандарды тұрғызу үшін үшін массаж, ЛФК инструкторы, логопед, ревматолог, невропатолог, психолог керек. Бір адам орнынан тұру үшін бірнеше дәрігер жабылады. Бүгін мастер класқа арнайы дәрігер шақырып отырмыз. Ресейлік мамандар тәжірибесімен бөлісіп жатыр. Бізде С.Асфендиаров атындағы Медициналық университетте дипломнан кейінгі білім беру кафедрасы ашылған. Солармен бірге ғылыми жұмыстар жасап жатырмыз. Соның ішінде фонофорез деп аталады. Адамның сары суын алып, тромбоциттерін центрифугадан өткізіп қайта егеді. Бұл науқастың тез оңалуына көмектеседі. Бостонда, Германия журналына шығардық. Батыс Еуропа ғалымдары қазір біздің жобамызға қызығушылық білдіріп жатыр», - деді Дамир Дәулетбаев.

Айта кету керек, келушілерге В. Д. Середавин атындағы Самара облыстық ауруханасының маманы Багрова Жанна, РФ Президенті істерін басқару кеңестік диагностикалық орталығының дәрігері Коноваленко Кирилл дәріс оқыды. Шеберлік сағатына Қазақстанның әр түкпірінен ревматолог, невропатолог, травматолог-ортопед, реабилитолог мамандар қатысты.

 

 

Автор:Гүлмира Ғосманәли

 

http://inform.kz/kaz/article/2842989

C.Асфендияров атындағы медицина университетінің ректоры істі болдыАЛМАТЫ. ҚазАқпарат - C.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің ректоры Айқан Ақанов істі болды. Оған мемлекет қаржысын қымқырды деген айып тағылды.

Іс материалдарына сәйкес, 2012 жылдың тамызында ҚазҰМУ мен «Фламинго-9» ЖШС арасында жатақхана құрылысы туралы келісімге қол қойылған. 512 орынға арналған жаңа нысан Құрманғазы көшесінің бойында салынуы тиіс болатын.

Құрылыс кезінде ЖШС үш лифт пен технологиялық құралды тапсырмай тұрып, ғимаратты қабылдау актісін өткізген. Онда 48 997 054 теңге шығын кеткені жазылған. Экс-ректор аталған құжатқа қол қойған. Осылайша, бұл сома ЖШС-ның шотына негізсіз аударылады.

Кейін белгілі болғандай, ақша өз мақсатында жұмсалмай, банктегі несиені жабуға, ЖШС жұмысшыларына жалақы ретінде бөлініп берілген. 2013 жылдың жобалық-сметалық құжаттамасының өзгеруіне байланысты жатақхана құрылысы тоқтатылады.

Сот барысында Айқан Ақанов өзінің қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланғанын мойындағанымен, ақша ұрлау айыбымен келіспей қойды.

Сот процесіне қатысқан университет өкілдері Ақановқа ешқандай кінә артпайтындықтарын айтып, оны бас бостандығынан айырмауды өтінді.

Судья Ақановты ҚР ҚК 307-бабының 2-бөлімімен айыпты деп тауып, 2000 АЕК (3 964 000 теңге) көлемінде айыппұл салды. Сондай-ақ Айқан Ақанов 7 жыл бойы мемлекеттік қызмет атқару құқығынан айрылды.

Автор:Гүлмира Ғосманәли

http://inform.kz/kaz/article/2842761

Ми қызметін 14%-ға арттырғыңыз келсе...Зерттеуші ғалымдар судың құрамындағы ерекше пайдалы сипаттарды анықтады. Мамандар ми жұмысының қызметін 14%-ға арттыру үшін суды көбірек ішу қажет деген ұсыныс айтады.

 

Зерттеушілер ақыл мүмкіншіліктерін тексеруге арналған күрделі екі сынақтан өткен 34 адамға тәжірибе жүргізді. Бірінші тест таңғы асқа дейін, екіншісі таңғы астан кейін, яғни ас-тамақ пен су пайдаланғаннан соң өткізілді. Тәжірибе негізінде адам ақыл-есінің су ішкеннен кейін белсенді жұмыс істейтіні анықталды.

Ал соңғы зерттеулер әр адам тәулігіне кемінде 1,5 литр су ішу керектігін дәлелдеп отыр.

ummet.kz-ақпарат

 

Елімізде медицина мамандарын даярлау сапасы сын көтермейді - Қ. ТоқаевАСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатында өтіп жатқан Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрімен кездесу барысында сөз сөйлеген палата спикері Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі медицина кадрларын даярлау сапасын сынға алды.

Сөз барысында спикер Мемлекет басшысының денсаулық сақтау саласы бойынша алдыға жүктеген міндеттерге тоқтала келе, оны тиімді орындауда медицина кадрларын даярлау сапасының маңызды екенін атап өтті. «Мойындауымыз керек, бұл бағытта біздегі жағдай жақсы емес, сын көтермейді. Жыл сайын қоғамдық өмірдің стратегиялық саласы саналатын медицинаға біздің жоғары оқу орындарымызды тамамдаған жүздеген даярлығы төмен мамандар келіп жатыр. Қажетті білім мен дағдының жоқтығынан олар ұлттық денсаулы сақтау жүйесіне залалын да келтіруде. Бұл - жалпыға мойындалған факт. Ол туралы баршаңыз да білерсіздер», - деп атап өтті Сенат Төрағасы.

Дей тұрғанмен, палата спикері Қазақстанның қалаларында жоғары білікті мамандар бар екенін, олар қарапайым ауруханалар мен клиникаларда қызмет етіп жатқанын да тілге тиек етті.

Бұдан бөлек, Қ. Тоқаев медицина қызметкерлерінің әлеуметтік мәселелеріне де тоқталып өтті. Оның айтуынша, еңбекақы төлеудің жаңа моделіне сәйкес, медицина қызметкерлерінің жалақысы 7-ден 25 пайызға артады. Бұл ретте спикер аталған шараны маңызды қадам ретінде санағанымен оны жеткіліксіз деп есептейді.

«Дәрігерлерді баспанамен қамту проблемалары баршылық. Тұтастай алғанда медицина маманының беделін арттыра түсу қажет. Біз қыруар жұмыстар істейтін медбикелер мен санитарлардың еңбекақыларына үлкен назар аударуға тиіспіз. Біз өзіміз ұмтылатын батыс елдеріндегі жүйеде бұл бірнеше есеге жоғары», - деді Сенат Төрағасы.

Автор:Қанат Мәметқазыұлы

http://www.inform.kz/kaz/article/2841206

Дәрігерлер пациентті қараудың орнына қағазбастылықтан арыла алмай келеді - Қ.ТоқаевАСТАНА. ҚазАқпарат - Дәрігерлер пациентті қараудың орнына қағазбастылықтан арыла алмай келеді. Бүгін Парламент Сенатында өтіп жатқан Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрімен кездесу барысында сөз сөйлеген палата спикері Қасым-Жомарт Тоқаев осылай мәлім етті.

«Денсаулық сақтау саласындағы қалыптасқан ахуалға басымдықтардың ұдайы өзгерістерге ұшырауы әсер етіп келеді. Қаптаған бағдарламалық құжаттар, стратегиялар, нормалар мен ұсыныстарды толтырудан дәрігердің қолы босамайды. Денсаулық сақтау саласы бюрократтанып кетті. Азаматтар дәрігерлердің өздерін қараудан бұрын қағаздарды рәсімдеп, формулярларды толтырумен айналысуға мәжбүр екенін айтып, таң қалады, осыған шағымданады. Ал дамыған елдерде орнықты модельдер бекітіледі, сосын бағдарламалар мен стратегияларды өзгертуге ешкім құлықты болмайды», - деп атап өтті Сенат Төрағасы.

Бұл ретте Қ.Тоқаев Қазақстандағы денсаулық сақтау саласы үшін бір ғана оңтайлы модельге тоқталатындай уақыт жеткенін айтып, соны табанды түрде жүзеге асыру қажеттігін атап өтті.

«Бізде осы жылдары денсаулық сақтау министрлері аз ауысқан жоқ. Келген әр министр өзінің бағдарламасын ұсынып, Парламент депутаттарын соған сендіріп, әркім өзінің үлгісі оңтайлы екенін, сынақтан сүрінбей өткенін айтумен болды. Алайда олардың барлығының аяғы қалай болғаны да бәрімізге белгілі», - деді Сенат Төрағасы.

Бұдан бөлек, спикер депутаттарға азаматтар тарапынан дәрі-дәрмек бұйымдарына, оның сапасына қатысты көптеген шағымдар түсетінін де алға тартты.

«Дәріханалар контрафактілі өнімдерге толып тұрғаны да жасырын емес. Мұнда мемлекеттің реттеуші рөлі болмай отырғаны да анық», - деді Қ.Тоқаев.

 

Автор:Қанат Мәметқазыұлы

http://www.inform.kz/kaz/article/2841222

Қызылорда дәрігерлері енді шала туған нәрестелерді ескі салт - «тымаққа салу» амалы бойынша бақпақҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облыстық Ана мен бала орталығының мәліметіне сүйенсек, аймақта өткен жылы дүниеге келген 350 нәрестенің 37-сі шала туылған. Биыл 9 айда 510 бала мерзімінен бұрын туылған. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.

Жаңа туған 35 шақалақтың салмағы 1 келіге де жетпейді. Бұрын егде жасқа келіп босанған әйелдердің баласы әлсіз болса, бүгінде иммунитеттің төмендігі жас аналарда да байқалады.

- Көптеген адамда мерзімінен бұрын дүниеге келген балалардың ары қарайғы тағдыры мен мүгедектікке байланысты сұрақтар туындайды. Жөргекте жетілуге тиісті бөпенің бабын табу оңай шаруа емес. Аса ұқыпты күтім, жоғары технологиялық құралдарды қолдана отырып сапалы емдеу қажет. Ұзақ бақылау тағы керек,-дейді облыстық ана мен бала орталығы бас дәрігерінің орынбасары Манат Бодықова.

Ата-әжелеріміз бұл проблеманың түйінін өткен ғасырларда-ақ шешкен. Он құрсақ көтеріп, оларды өсіріп-жетілдірген батыр ана Ұлжан әжей шала туылған немересін «тымаққа салып» өсіріпті. Қазір ол салт біршама өзгерген. Жаңаланған нұсқаның авторлары - «28 ілмек» клубы. Қайырымдылық ұйымы шала туылған нәрестелерге қажетті тоқыма бұйымдарын әзірлейді.

Әлжуаз баланы баптауда ата-бабалар амал-әрекетін қазіргі медицина да мойындады. Тоқыма киімдердің шала туған балалардың өсіп-жетілуіне пайдасы орасан екенін ақ халаттылар медициналық тұрғыда дәлелденгенін айтады. Қазіргі таңда облыстық перинаталды орталық «28 ілмек» клубымен тығыз байланыста.

 

Автор:Елубай Әуезов

 

http://inform.kz/kaz/article/2840646

 


 

ДДСҰ: адамдар антибиотиктерді дұрыс қолданбайдыАнтибиотиктерді ретсіз қабылдау денсаулыққа қауіпті. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мамандары осындай мәлімдеме жасады. Себебі дұрыс қолданбаған дәріге ағзада төзімділік пайда болып, инфекциялармен күрес қиындайды.

 

Тіпті АҚШ-та өткен зерттеу антибиотиктер тиімділігінің әлсіреуіне байланысты елде жылына 6 мыңнан аса адам қайтыс болатынын көрсетті. Бұған бұл дәрілерге қатысты халық сауатының төмендігі себеп. 12 елде зерттеу жүргізген Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мамандары осындай қорытындыға келген. Зерттеуге қатысқандардың 64%-ы антибиотиктер тұмауды емдеуге көмектеседі деп санайды. Үштен бірі тәуір бола бастағанда-ақ дәрілерін қабылдауды доғарады екен. 25%-ы дәрігерге көрінбей, кезінде белгілері ұқсас ауруға шалдыққан таныстарының кеңесі бойынша антибиотик ішуге дайын.

Маргарет Чен, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Бас директоры: - Антибиотиктерге төзу қабілетінің артуы жаһандық дағдарысқа айналған. Көптеген мемлекеттер осы мәселенің маңыздылығын мойындап, денсаулыққа төнген ең басты қатерлердің бірі ретінде қарастырып отыр. Бұл әлемнің бүкіл аймақтарына тән мәселе.

Дереккөз:24.kz