Ауа райы
Мерекелер

БІТІМ – БОЛМЫСЫ БӨЛЕК, ӘЗІЛ – ҚАЛЖЫҢЫ ЕРЕК ЖАН ЕДІАдам өмірі мәңгілік емес. Қамшының сабындай ғана бес күндік өмір қас пен көздің арасында тоқтаусыз зымырап өтеді де шығады. Өткен өмірімізге көз жүгіртіп, өмір кітабының беттерін ақтарған кезде мейірімді ісімен, ақкөңіл мінезімен адамдардың жүрегіне жылулық сыйлаған жарқын бейнелер көз алдымыздан кетпейді.

Сондай жандардың бірі ардақты досым, әріптесім Бекназарұлы Болаттың өткен өмір жолы, бүкіл болмыс-бітімі жадымда жаңғырып, енді естелікке айналып отыр. Оның жаратылысы бөлек еді. Мол пішілген денесіне сай ішкі әлемі де кең, маңайлай кеткенді жатырқамайтын жайсаң азамат болатын. Өзгені сыйлай білетін қасиеті, қарапайымдылығы, кішіпейілділігі өзіне жарасымды еді. Оның тұлғалы бейнесі мен өңіндегі жайдары жарқын күлкісі әлі күн­ге дейін есімде.

Оспанов Болат Бекназарұлы 20 ақпан 1954 жылы Қызылорда қаласында қызметкер отбасында дүниеге келген. 1962 жылы қаладағы 1-Май мектебінің табалдырығынан аттап, он жылдықты үздік бағамен бітіріп шықты.

Мектепті жаңа бітірген жігерлі жастың ендігі мақсаты - жоғары білім алу еді. Медицинаны таңдаған қызылордалық жастар, оның ішінде мен де бармын, 1972 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтына емтихан тапсырып, конкурстан ойдағыдай өтіп, оқуға қабылдандық. Қуанышымызда шек жоқ. Жалпы студенттік өміріміз қарбаласқа толы болып өтті. Үкімет бізді тегін оқытты, стипен­дия­сы тағы бар. Мұңсыз-қамсыз болдық. Сырқаттанып қалсақ, тегін емделетінбіз. Үкімет осындай жағдай жасап тұрғанда неге оқымасқа, жанымызды салып оқыдық. Оқу орнының қоғамдық жұмыстарына да құлақ қақпай қатысатынбыз. Оқу, оқу деп оқудан бас көтере алмай жүргенімізде студенттік өмір­дің қалай өтіп кеткенін де байқамай қалыппыз. Дипломды «өте жақсы» деген бағамен қорғап, 1979 жылы елге келдік.

Болат Қызылордаға келісімен, қалалық жедел жәрдем станциясына жұмысқа орналасып, еңбек жолын бастап кетті. Сол жылы Үрзада Рысмаханқызымен отбасын құрды. Өмірлік жан жары Үрзада да Ақтөбе медициналық институтын бітіріп, сол 1979 жылы №1 қалалық емханаға мамандығы бойынша дәрігер болып жұмысқа орналасқан болатын. Екеуі де үлкен жауапкершілікті талап ететін медицина саласының қызметкерлері атанды. Адам өмірінің сақшысына айналған Үрзада мен Болат ұжымдарында табан аудармастан бірі 20 жыл, екіншісі 33 жыл еңбек етті.

Жедел жәрдем қызметі - қаланың дамылсыз соғып тұратын қан тамыры іспетті. Мұндағы дәрігерлердің емхана, аурухана дәрігерлерінен айырмашылығы - олар жан-жақты әмбебап маман болуы қажет. Себебі, жедел жәрдем ауруханаға дейінгі сатыда шұғыл көмектің барлық түрлерімен қамтамасыз етуге міндетті. Науқасқа шұғыл көмек көрсету үшін дәрiгердiң хирургия, травматология, гинекология, педиатрия, токсикология негіздерінен білімі және әйелді босандырып алу тәжірибесі болуы керек. Әрине, бүкіл халыққа жағу оңай емес. Мысалы, қаланың бір шетінен телефон шалып, жедел жетуін талап етеді, барып не болғанын сұраса, "мен ұйықтай алмай жатырмын, ұйқының уколын салыңызшы” дейді. Ал дәл сол кезде қаланың екінші шетінде көлік апаты болып, адам өлімі орын алып жатады. Негізі жылына 400 мыңнан астам шақыру болатын болса, оның 60-70 пайызы жедел жәрдем жұмысына еш қатысы жоқ. Жедел жәрдем негізі түрлі апатты жағдайлар болған уақытта, күйген кезде, жүрегі қысылып өлім жағдайы туындағанда, төтенше жағдай орын алғанда барып қызмет көрсетуі керек. Ал аталғаннан бөлек шақыртулар емхана қызметіне тиесілі. Әр емхана өз учаскесінде есепте тұрған науқастарды аралап, солармен байланыста болуы тиіс. Алайда, шақырту түскен соң, жедел жәрдем баруға міндетті. Кейде тіпті бастарын қатерге тігетін күндер болады. Тұрғындардың өмірі мен денсаулығын қорғаймыз деп жүріп итке де таланады, жазықсыз боқтау сөздер де естиді, жәбірленіп жатады. Иә, жедел жәрдем - алғысы аз, арқалағаны ауыр қызмет.

1982 жылы қала халқының саны өсуіне байланысты және осы саланың білікті маманы ретінде Болат Оспанов жаңадан ашылған №1 жедел жәрдем бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды. Заманның ең қиын кезеңдерінде 33 жыл бойы тынбай, адал қызмет атқарды.

Сол жылдары қалалық дәрігерлік жедел жәрдем станциясының ұжымында барлығы 500-ден астам қызметкер, оның ішінде 57 дәрігер, 200-ден астам орта білімді мамандар жұмыс істеді. Негізгі қалалық жедел жәрдем станциясының Қызылорда қаласы бойынша төрт бөлімшесі ғана болатын: КБИ-де, Шанхайда, Тасбөгетте және қаланың орталық аймағындағы Ә.Бөкейхан көшесінде. Сол кездері жедел жәрдем қызметінде Болат Оспановпен қатар Алмат Байнаев, Айкен Есіркепова, Марал Айтимов, аға дәрігерлер Закира Таширова, Ғалия Нұрсейітова, Анар Сыздықова, Марина Толыбаева, балалар дәрігерлері Роза Арпабаева, Жанар Қалмағанбетова сынды білікті мамандар абыроймен жұмыс істеді.

Ол кездері жедел жәрдем автокөлікпен толық қамтамасыз етілмеген еді. Автокөлік болғанымен олар жиі бұзылатын. Оларға арналған гараж немесе арнайы автотқұрақ болған жоқ, қыстың қақаған суығында далада тұрған автокөлік жедел шақырту түскен кезде от алмай қалып жататын. Байланыс жүйесі де толықтай орнатылмаған. Материалдық-техникалық базаны, дәрі-дәрмек жетіспеушілігін және т.б. Болат Оспанов осындай қиын жағдайлардың бәрін облыс басшылығына жеткізіп, олардың алдына мәселе етіп қойып отырған. Нәтижесінде 2012 жылдары жедел жәрдем станциясы 70-80 пайыз автокөлікпен қамтамасыз етілді. Байланыс жүйесі жолға қойылып, тиісті құрал-саймандар мен қажетті дәрі-дәрмектер, заман талабына сай түрлі керекті аппараттар берілді. Қала халқының көп шоғырланған аумақтарында жедел жәрдем станциясының бөлімшелері кезек-кезегімен ашылып жатты.

- Болат нар тұлғалы, жүзінен мейірім шуағы төгіліп тұратын жайсаң жан еді. Ал, ұйымдастырушылық қабілетін айтар болсам, оның шешпейтін мәселесі болмайтын. Ол «жоқ» деген сөзді қолданбайтын. Жоқтан бар жасап, қиюы кеткен мәселені лезде шешіп беретін еді... Өте ұқыпты, қандай қиын жұмыс болса да сол мерзімде орындап, сылтау айту, екі сөйлеу дегенді білмейтін. Оның қарапайымдылығы, ақжарқындығы мен кішіпейілдігі соншалық кішімен де, үлкенмен де тіл табыса кететін. Жүрген жерінде үнемі әзіл, қалжың айтып, кез-келген жерге сіңіп кететін, - деп есіне алады сол жылдары қалалық дәрігерлік жедел жәрдем станциясының бас дәрігері болған Сағындық Шәмшіұлы.

- Осыдан бірнеше жыл бұрын ұжымымызда бір қызымыз тұрмысқа шығып, үйіне тойға шақырды. Оған бір машине болып бардық. Аса құрметпен күтіп алды. Құттықтап, өлең айтып, би билеп жатырмыз. Сонан үзілістiң кезiнде Болат үй егесінің жанына барып: "Аға қалайсыз, той құтты болсын, не ел боласыз?” деп сұрап жатыр. Ол кісі: "Біз Сумұрын деген ел боламыз, он екі ата Байұлы, кіші жүзбіз” дейді. Сөйтсе Болат: "Ойбай, көке, сіз менің бауырым екенсіз ғой, туысқан екенбіз, сіз Сумұрын болсаңыз, мен Көкмұрын боламын” деп қалжыңдап, ақжарқын, ашық мінезімен әзіл әңгімелер айтып, көпшілікті күлкіге бөлеген еді.

Болат табиғатынан өте қазақымай, өзі ірі денелі болса да қимылы жеңіл, барлық жерге үлгеріп жүретін. Ұжымында да беделді, сыйлы болды. Басшымын деп ешуақытта көкірек көтермейтін. Қоғамдық жұмыстардың үнемі басы-қасында жүретін. Мәселе туындап жатса, дереу шешуге тырысатын.

Бір күні мынандай жағдай болды. Таңертең жедел шақыру түсті. Көлік жоқ. Айналдырған 3-4 машине, олар да шақыруда жүр. Сонымен жағдайдан қалай шығамыз деп, жеке көліктері барларға жалындық, бензин құйып берейік деп. Көлік тауып барсақ, шақырған кісіміз қайтыс болыпты. Содан қиқу арыз, у-шу. Сөйтсек, ол адамымыз түнде масақанада жатқанда қайтыс болған екен. Үйіндегілер таңертең оянбаған соң, жедел жәрдем шақырған. Сонда "сен барып сөйлес” деп Болатты жібергенмін. Ол барып, жағдайды түсіндіріп: "Арыз жазамын десеңіз жазыңыз, бізге жазғаныңыз керек, мүмкін осыдан кейін бізге көлік бөліп, жағдайымыз жақсаратын шығар” деп мәселені шешіп қайтты. Айтайын дегенім, Болат үнемі осындай жағдайлардың басы-қасында жүретін, шешімін тауып, ақкөңіл мінезімен ешкімді ренжітпеуге тырысатын. Халыққа көп қызмет етті.

1999 жылдары бір жылға жуық айлық алмаған күндер болды. Ол кездерде де Болат басқаратын бөлімше қызметкерлері қыңқ етпестен түсіністік танытып, ешқандай дау-дамай шығарған жоқ. Жұмысынан да ешкім шыққан жоқ. Ол да болса Болатты сыйлап, қадірлегендері деп ойлаймын.

Құдайға да жақсы адам керек. Болаттың пайғамбар жасы 63-ке келгені сол еді. Өмір-ай десейші, тағдырға не дауа! Зейнетке шығып та үлгермеді. Ол өмірінің 38 жылын медицина саласына арнады. 2012-2015 жылдары "Авицина” медициналық мекемесінде, 2015-тен 2017-жылға дейін Қызылорда қаласындағы психикалық жүйке аурулары интернатында дәрігер болып қызмет атқарды. Еңбегі бағаланып, көптеген марапаттарға ие болды.

"Орнында бар оңалар” дегендей, Құдайға шүкір, Болаттың асыл жары Үрзада ұл-қыздарының тілеуін тілеп, шаңырағы­ның тірегі болып отырған жайы бар. Үрзада Рысмаханқызы осы күнге дейін медицина саласында қызмет етеді. №1 қалалық емханада 20 жыл дәрігерлік қызметінен кейін облыстық медицина орталығында, облыстық денсаулық сақтау басқармасында статистика бөлімінің меңгерушісі болып, ал 2010 жылдан бері қазақ лепрозориясында дәрігер-терапевт қызметін атқарып келеді. Үлкен қызы Майра "Казгермұнай” мекемесінде кадр бөлімінің меңгерушісі. Екінші қызы Сәуле Астанада тұрады, қаржы министрлігінде қаржыгер. Ал ұлы Алпамыс 10 жаста.

Алла жасамаған жасын, көре алмай кеткен қызығын жан жары Үрзада мен ұл-қыздарына берсiн, ұрпағы аман болып, ұлы Алпамыс әкесіндей еңселі азамат болсын деп тілеймін.

 

Төрехан ҚАСЫМҰЛЫ,

Қызылорда

"Сыр медицинасы" газеті

 

 

БУЫН АУРУЛАРЫ НЕГЕ КӨБЕЙДІ?

Қазіргі кезде сырқаттың түрі көп. Солардың бірі – буын ауруы. Қарап отырсаңыз, арамызда белін қозағалта алмай, аяғын басуы мұң болып жүрген жандар жиі кездеседі. Бұл ауру жастарды да өз құрығына түсіруде. Мамандардың айтуынша, буын сырқаты қазір бүкіл аурудың алдын орап, алдыңғы қатарға енген. Оның соңы мүгедектікке әкеп соқтырады. Ең қауіптісі де осы.

«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деп ата-бабамыз бекер айтпаса керек. Мәселен, бізде көбісі дәрігерге өз еркімен көрінбейді. Ауру жанына батқанда немесе төсек тартып жатқанда ғана ақ халаттылар еске түседі. Соңғы жылдары буыны сырқырап аяғы бастырмай жүргенін айтып шағымданатындар қатары көп. Алайда, оған адамдар әлі де жіті мән бермейді. Уақытылы емделмейді. Соның салдары оның асқынуына әкеп соқтырады.

Сыр өңірінде бұл сала енді ғана дамып келеді. Өйткені, бізде ревматолог дәрігерлер саны аз. Дегенмен, оларға деген сұраныс жоғары. Осыған орай биылғы жылдың ақпан айында «Қуаныш Мед» медициналық орталығы ашылды. Оның басшысы жас та болса өз ісінің нағыз маманы, білікті терапевт-ревматолог дәрігер Гүлназым Қожахмет.

Орталықтың басты мақсаты – буын ауруына шалдыққан жандардың дертіне дауа болу. Айта кету керек, мұнда науқастарға барлық медициналық көмек көрсетіледі. Сондай-ақ, олардың нақты диагнозын анықтап, соған байланысты ем-дом беріліп, буын ішілік иньекция жасалады. Одан бөлек, терапевт, ревматолог, невролог, гастроэнтериолог, эндокринолог, кардиолог, уролог дәрігерлер қызмет атқарады. Онда барлық анализ түрлері, органдарды ултьра дыбыстық зерттеу, физотерапия кабинеті, егу бөлмесі, күндізгі стационар қызметтері ұсынылады.

Қазіргі кезде Гүлназым Болатханқызы қалалық ауруханада да қызмет атқарады. 1988 жылы Қазалы ауданында дүниеге келген. Ол Ақтөбе қаласы М.Оспанов атындағы медицина университетін терапевт мамандығын бітірді. Содан соң ревматология саласы бойынша білімін әрі қарай жетілдірді. Осы салада жүргеніне биыл 6 жыл толады.

Жастығына қарамастан өз кәсібін жетік меңгерген Гүлназым өз ісін әрі қарай дамыту мақсатында осы орталықты қолға алды. Ол алдағы уақытта буындардың барлық қозғалысын жақсарту үшін оңалту кабинетін ашуды жоспарлауда. Оның негізгі мақсаты – буынның қызметін жақсартып, мүгедектіктің алдын алу. Сондай-ақ, дерттің пайда болуы, соңы неге әкеліп соқтыратыны және оның емі туралы шеберлік сағаттары ұйымдастырылуда.

Ақмарал ОЛЖАБАЕВА.

https://aqmeshit-aptalygy.kz/zanalyk/3342-buyn-aurulary-nege-kbeyd.html


...Арал ауданы, Аралқұм станциясындағы тылсым табиғаттың құдіретімен пайда болған «Жұмбақ көл» туралы білесіз бе?Бүгінде осы аймақтың тұрғындары аталған көлге жиі барады. Өйткені, көлдің емдік қасиеті өте мол...
Иә, «Қара су» – тұзды, тереңдігі белгісіз, ұзындығы да, ені де шамамен 100 метрдей аумақты алып жатыр. Жұрттың қызығушылығын тудыратын бұлақ көзінің басты ерекшелігі–жылдың жаңбырлы, қуаңшылық мезгілдерінде де деңгейі еш өзгермейді. Темір жолдың екі жақ бетінде де көлемі мен аумағы бірдей орналасуы да тегін сәйкестік емес. Ғажабы да осы. Судың беті мұздай болғанымен, астыңғы жағы ыстық болып тұрады. Оған ешқандай өзен құймайды. Құм төбенің ортасына орналасқан. Шілде, тамыз айларында «Жұмбақ көл» әбден піседі. Бұл суға жергілікті жұртшылық шілде айының ортасында түсудің денсаулыққа пайдасы орасан екенін айтады. Сондай-ақ, көнекөз қариялар ілгері замандарда орыстардың сонау Мәскеуден ат арылтып келіп, арнайы палатка тігіп, құдіреті бөлек суға шомылатынын еске алады.

Тылсымға толы көлдің емдік қасиеттеріне тоқталсақ, аталған су сүйек сырқырағанға, салқын тигенге, қышыма ауруына, денеге шыққан жараға және тамырдың тартылып қала беруіне бірден-бір ем көрінеді. Жаз мезгілінде адамдар көлдің жиегіндегі балшыққа аяғын көміп, жандарына шипа іздейді.

–Бұл таңғажайып су туралы деректер еш жерде жоқ. Сонау 60 жылдары Кеңес Одағының білікті дәрігерлері арнайы ат басын бұрып, көлге зерттеу жүргізген. Нәтижесінде, судың пайдалы екендігін медициналық тұрғыда дәлелдеген. Бұл көл ертеректе пайда болған. Су көзінің қай жақтан келіп тұрғаны белгісіз. Қыс мезгілінде бетіне мұз қатпайды. «Қара су» деп аталу себебі кәдімгі суларға ұқсамайтындығында. Түрі түнеріп, қарайып жатады, –дейді ауылдың қадірменді қартының бірі Жақсыбай Алмағанбетов.

Қара судың киелілігі сонша, бір кездері бір адам мас күйінде шомылып, ақырында аяғы күйіп қалған. Сондықтан, осынау табиғаттың жұмбақ сыйына жақсы ниетпен, үлкен сеніммен қарау керек.

Көпті көрген Іңкәр Аққалиқызының сөзіне қарағанда, көл қаншама науқастың дертіне шипа болған көрінеді. Тіпті, адамдар емес, шалажансар туылған тайлақ, қозыларды да осы көлдің суымен жуындырғанда құлан таза айығып, аяғына тұрады екен. Суының айрықша қасиетінің бірі–оған түсіп шыққан адам балбырап, ұйкысы келетін көрінеді. Тіптен тұрғындар көлдің суын бөтелкеге құйып, салқын тигенде қолданған.

Осындай айрықша құбылысты зерттеу, қорғауға алу әлі де кемшін. Алдағы уақыттары көлдің жайы назарға алынып, айналасын қалыпқа келтірсе, жаз мезгілінде халыққа талапқа сай жағдай жасауды қаперге алса дейміз.

Балауса ТӨРЕБАЙ.

https://tolqyn.kz/zanalyk/ruhaniyt/1258-asiet-mol-ara-su.html

ШИПАСЫ МОЛ ШИПАЖАЙ


Ертеректе Тоқтамыс әулиені қоныс еткен бір мерген теріскеннің шипалы батпағының сырын ұғып, емдік қасиетін аңғарыпты. Бірнеше жыл сал болып жатқан анасын ұлтанында қара лайы ұйыған Теріскен көлінің басына әкеліп, 15 күн шайла тігіп, оны балшыққа бөлеп, өзі қос аяғын салыпты. Содан, анасын сал ауруынан жазыпты. Бұл – Теріскен көлі жайында бабадан қалған аңыздың бір парасы. Ертеректен сыры ашылып, бір ғасырдан бері балтыры сыздағанға дауа болып, адам тәніне дәрмен берген шипалы мекен қазірде кемеліне келіп, заман талабына сай қызмет көрсетуде. Оған бүгінде Бақытжан Абдуллаев басшылық жасайтын «Жаңақорған шипажайы» АҚ-да емделушілерге көрсетіліп жүрген сапалы қызмет түрлері дәлел.
Иә, қуатты мемлекеттің басты байлығы – дені сау адам. Осы тұста, адам тәнін сауықтыратын табиғи емдік-шипалық факторлардың орны бөлек. Сыр өңіріндегі тұңғыш емдеу-сауықтыру орны болып табылатын «Жаңақорған шипажайы» акционерлік қоғамы бүгінде табиғат тарту еткен дертке дауа батпақты ұтымды пайдаланып, оның емдік қасиетінің маңыздылығын арттырып, ем алушыларға жүйелі жағдай жасауда. Әсіресе, түрлі дәрігердің басын қосып, ем алуға келген адамдар осы ортадан қажетті дәрігеріне қаралуға мүмкіндігі зор. Осы тұрғыда, айтулы мекемеде келушілерге ем-дом көрсетіп, әр емделушінің денсаулығына жауаптылықпен қарайтын дәрігер – Мұзафар Асланов.
Ол аудан орталығындағы №169 Низамеддин Илялетдинов атындағы мектепті бітірген соң, Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы қазақ-түрік университетінің медицина факультетіне оқуға түседі. Адам жанының жанашыры болуы үшін, медицина саласын жеті жыл оқып, «жалпы тәжірибе дәрігері» мамандығы бойынша үздік бітіреді. 2005 жылы аудандық орталық ауруханаға терапевт болып, халыққа қызмет көрсетіп, алған білімін қайнаған жұмыс алаңында шыңдайды. Кейіннен Алматы қаласынан «урология» саласын қайта оқып келіп, 2013 жылдан бері қарай «Жаңақорған шипажайына» дәрігер-уролог қызметіне орналасады. Содан бері осы мекемеде адам денсаулығына жауапты маман ретінде қалтқысыз қызмет жасап келеді.
Бір күнде көбі 30 науқасқа дейін қабылдайтын дәрігердің жұмыс кестесі өте тығыз. Өйткені, қазіргі таңда діттеп тұрған бедеулік, белсіздік, бүйрек аурулары, простатит, цистит секілді ауру түрлерімен дәрігер көмегіне жүгінетіндер қатары көп.
– Қазір түрлі ауру асқынып барады. Әсіресе, бедеулік пен белсіздіктен зардап шегетіндер қатары көбейген. Сонымен қатар, бүйрек ауруынан да шағым көп түседі. Негізінен бізге келіп ем алғандар арасынан көп ұзамай сәбилі болып жатқандар көп. Халық бір-бірінен емнің қасиетін естіп, жыл сайын ағылып келіп жатады. Тағы да айта кететіні, емделушілерге «яровит», «мавит» сияқты заманауи аппараттардың көмегімен ем дайындаймыз, – дейді Мұзафар Тамалұлы.
Иә, дәрігердің сөзінің жаны бар. Бұлай деуімізге Алматы қаласынан келген Ерлан Бектемісовтың пікірі түрткі болды.
– Өздеріңіз көріп тұрғандай урологтың көмегіне жүгінетіндер көп. Алайда, шипажайдың шипалы батпағымен қатар алған емнің қонымдылығы жоғары болады. Өткен жылы осы жақтан ем алып, бетім бері қарады. Емнің әсері кез-келген адамға шипасын берері анық, – дейді алматылық емделуші.
«Алғыс алған арымас» демекші, көпшіліктің ықыласына бөленіп, алысты-жақынды елден келген ем алушылардың алғысын алып жүрген Мұзафар Тамалұлы отбасында ардақты әке, бір отбасының отағасы. Анасы Василя Ахметованы алақанына аялап отырған, адал перзент. Жары Хабиба Асланова екеуі төрт баланы тәрбиелеп, қарашаңырақтың түтінін түзу ұшырып отыр.

Айсұлу АЛДАНАЗАР.

https://zhanaqorgan-tynysy.kz/zanalyk/1402-shipasy-mol-shipazhay.html

 

Защиты прав врачей от «пациентского экстремизма». Адвокат Гриценко Ирина Юрьевна (Москва). Обязательно смотреть врачам всех специальностей

RosOncoWeb

Денсаулық саласында серпіліс бар

Қазақ қоғамында адам өмірінен қымбат нәрсе жоқ. Бүгінгі қоғамда да қазақстандықтардың өмірі мен денсаулығы ұдайы назарда. Елбасы «Дағдарыстан жаңару мен дамуға» атты Қазақстан халқына жолдауында денсаулық сақтау ұйымдарының жаңартылуына, ауруханаларға жөндеу жұмыстарын жүргізуге, олардың заманауи құралдармен жабдықталуына, білікті мамандар даярлауға ерекше мән берді. Сондай-ақ, жолдауда отандық медицина саласына жаңа технологиялық әдістерді қолдануды ұйымдастыру жұмыстарын қолға алу керектігі айтылған.

ХХІ ғасырдың технологиясын медицина саласына енгізу – адамның өмір сүру жасын ұзартудың кепілі. Қазақстандықтардың орташа өмір сүру ұзақтығын 75 жасқа жеткізгені де еліміздегі медицина саласының жыл санап дамып келе жатқанын аңғартады. Соның ішінде Сыр елінің денсаулық сақтау саласында да серпіліс бар. Соңғы жылдары өңірімізде аталған саланың материалдық-техникалық базасы нығайып, науқастарды диагностикалау мен емдеуге бөлінетін қаржының көлемі де ұлғайды.
Аймақ басшысының биылғы жылы халыққа берген есебін тыңдаған Сыр жұртшылығы медицина саласындағы оң өзгерістер мен толымды жетістіктерді естіп көңіл тоғайтқан болатын. Мәселен, 2017 жылы денсаулық сақтау саласындағы маңызды басымдықтың бірі – апаттық нысандардың мәселесін шешу және олардың материалдық-техникалық базасын нығайту болды. Соңғы 5 жыл ішінде салынған 57 нысанның 49-ы апатты нысандардың орнына қайта салынып, жаңғыртылды. Ал, қалған 8 нысанның екі жыл ішінде аяқталатыны айтылды. Өткен жылы Қазалы ауданының Әйтеке би кентіндегі 150 орындық орталық аудандық аурухананы іске қосылса, биыл Арал ауданындағы 150 орынға арналған орталық аудандық аурухана пайдалануға беріледі. Жаңақорған кентіндегі 250 адамға арналған орталық аудандық емхана да толық іске қосылады. Сол секілді жыл аяғында Шиелі ауданындағы орталық аудандық аурухананың құрылысы аяқталып, Жалағаш ауданындағы аурухананың құрылысы басталады. Ауданымыздың орталығындағы тоқырау жылдары асар әдісімен салынған орталық аурухана тұрғындарға заман талабына сай жоғары дәрежеде медициналық қызмет көрсете алмай отыр. Міне, биыл аудан орталығынан типтік жобадағы жаңа аурухананың құрылысы басталатынын естіген жергілікті тұрғындардың қуанышында шек болмады. Медицина саласының кем-кетігін тізбелегенде жетістіктерін де айналып өтуімізге болмайды. Қазіргі уақытта бас ауырып, балтыры сыздамайтын адам жоқ. Науқас ауруханаға жатпас бұрын алдымен емхана арқылы диагностикалық тексеруден өтеді. Ал, бұрын біздің аудандағы емхананың жағдайы да мәз емес еді. Дәрігердің қабылдауына келіп қуықтай тар дәлізде тұрып сағаттап сарылып кезегін күткен науқастардың өкпе-назы көп болатын. Бүгінде ол мәселе де түбегейлі шешімін тапты. 2015 жылы аудан орталығынан жаңадан бой көтерген ауысымына 250 келушіге арналған үш қабатты типтік жобадағы емхана ғимараты ел игілігіне пайдалануға берілді. Бұл медицина орталығы заман талабына сай жаңа медициналық құрылғылармен жабдықталды.
Аймағымыздағы медицина саласында атқарылған жұмыстар мұнымен шектеліп қалған жоқ. 2016 жылдың тамызынан бастап Байқоңыр қаласында облыстық медициналық орталықтың филиалы ашылса, 2018 жылғы қаңтардан бастап 30 мың қазақстандық азаматтарға медициналық қызмет көрсететін емхана жұмыс істей бастады. Сонымен бірге биыл мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) аясында Арал ауданының Бекбауыл, Қазалы ауданының Өркендеу және Сырдария ауданының Ақжарма ауылдарында 3 дәрігерлік амбулаторияның құрылысын бастау жоспарланып отыр. Ал, Қазалы ауданында 250 орынға арналған жаңа емхананың және Қызылорда қаласында онкологиялық бөлімі бар 100 келушіге арналған емханасымен 300 төсекке арналған көпсалалы аурухана құрылыстарының жобалары әзірленетіні айтылды. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 15 дәрігерлік амбулаторияның, 3 емхана құрылысының жобалары әзірленіп, құрылысы басталуға таяу. Сондай-ақ, медициналық жабдықтарды сатып алу бойынша 6 жоба жүзеге асатынын да айта кетуге тиіспіз. Қазалы орталық аудандық ауруханасының негізінде Арал, Қазалы, Қармақшы аудандары мен Байқоңыр қаласының тұрғындары үшін 3 тері асты қантамырлары орталығын ашу жоспарланып отыр.
2018 жылы денсаулық сақтау мекемелерін заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтуды 90 пайызға жеткізетін боламыз. Салыстырсақ, 2015 жылы бар болғаны 43 пайыз болса, 2017 жылы бұл көрсеткіш 76,5 пайызға жеткен. Бірнеше жыл қатарынан біздің аймақта орта республикалық көрсеткіштерден жоғары және өлім жағдайларына жиі кездесетін ауру түрлері бойынша арнайы «жол картасын» іске асыру тәжірибесі енгізілді. Қазір тұрғындардың өлім көрсеткішінің 52 пайызын анықтайтын аурудың 5 тобы бойынша 5 «Жол картасын» жүзеге асырылып келеді. Нәтижесінде, 2017 жылдың қорытындысы бойынша қан айналымы жүйесі ауруларынан өлім көрсеткіші 2,2 пайызға, сәби өлімінің көрсеткіші - 10,5 пайызға, туберкулезден өлім көрсеткіші - 17 пайызға, қатерлі ісіктен өлім көрсеткіші 8 пайызға төмендеді. Ал, өткен жылы ана өлімі тіркелмеген.
Міне, өңіріміздегі денсаулық сақтау саласының бүгінгі жетістіктері мен көрсеткіші осындай. Ал, бүгін жаңа жүйеге көшіп, медициналық нысандар заманауи жабдықтармен жаңартылып жатқан аймағымыздың денсаулық сақтау саласының көрсеткіші алдағы уақытта көтерілмесе, төмендемесі анық.

 

Қ.АХЕТОВ.

https://zhalagash-zharshysy.kz/kogam/1679-densauly-salasynda-serpls-bar.html

 БЕС МЕДИЦИНАЛЫҚ ЖАҢАЛЫҚ ТОПТАМАСЫТЕХНИКАЛЫҚ ИННОВАЦИЯЛАР


БЕС МЕДИЦИНАЛЫҚ ЖАҢАЛЫҚ ТОПТАМАСЫ

1. АЛҒАШ РЕТ АДАМ ЭМБРИОНЫ СӘТТІ «РЕДАКЦИЯЛАНДЫ»

АҚШ-да генетиктер тобы оның геномынан гипертрофиялық кардиомиопатияның дамуына жауапты MYBPC3 генін кесіп алып, адами эмбрионды сәтті «редакциялады». Жұмыс CRISPR технологиясын қолданумен өтті. Эксперимент барысында 12 дені сау әйел мен геномында MYBPC3 гені бар еркектен генетикалық материал алынды. Жасанды ұрықтандырудан соң 58 эмбрион қолға тиді. Зерттеушілердің манипуляциясының нәтижесі ересек адамға айналуы мүмкін 42 дені сау эмбрион болды.

2. АЛЦГЕЙМЕР КЕСЕЛІН УЛТРАДБЫСПЕН ЕМДЕУДІҢ ҮМІТ СИЛАР НӘТИЖЕЛЕРІ АЛЫНДЫ

Квинсленд ми институтының австралиялық ғалымдары иммундық терапиямен бірге ултрадыбыстық толқындарды қолдану Алцгеймер дертінің пайда болуына жауапты уытты ақуыздардан организмнің арылуына ерік беретінін пысықтады. Әдістеменің оңды әсері егеуқұйрықтарда дәлелденген және 2017 жылы адамдарды клиникалық зерттеу басталған. Жаңа әдістеме кеселді емдеуде серпінділік иеленіп оны емделуге болатын ете алады.

3. АИТВ ВИРУСЫН БӨГЕУДІҢ СӘТІ ТҮСТІ

Темпл халықаралық зерттеу университетінің ғалымдары тышқандардағы АИТВ вирусының әсерін бөгей алды. Зерттеушілер CRISPR әдістемесінің көмегімен cas9 ақуызын вирустық кодты тануды үйренетіндей етіп өзгертті. Тышқандардан қан алынып, оғанcas9 ақуызы қосылды. Ақуыз АИТВ ДНК-сын иммундық жасушалардан тауып, вирустардың бір бөлігін аластады, одан кейін сау модифицирленген торшалар тышқандарға кері құйылды. Тышқандарға жүргізілген эксперименттер 95% ықпалдылық көрсетті. Келесі қадам – мұны приматтарда сынау.

4. РОБОТТАРДЫ ҚОЛДАНЫП АЛҒАШҚЫ СУПЕРМИКРОХИРУРГИЯЛЫҚ ОПЕРАЦИЯ ЖАСАЛДЫ

Нидерланды еліндегі Маастрихт университетінің Медициналық орталық хирургтары лимфедеманы емдеу үшін Microsure технологиясын қолданып алғашқы супермикрохирургиялық операция жасады. Роботқа өлшемі 0,3 мм болатын аса кішігірім қан тасушы және лимфатикалық тамырларды тігуге тура келді. Бүгінде бұл роботталған хирургия саласындағы серпінділік, бірақ көп кешікпей оның кәдуілгі жұмысқа айналуы ықтимал.

5. АҒЗАЛАРДЫ МҰЗДАТУ МЕН ҚАЙТА ЕРІТУ ТЕХНОЛОГИЯЛАРЫНДАҒЫ СЕРПІЛІС

Миннесота штаты (АҚШ) Университетінің бір топ ғалымдары шошқаның бірнеше жүрек қақпағы мен артериясын сәтті мұздатып және қайта ерітті. Ондағы температура минутына жүздеген градус болған еріту процесінен соң жасушалардың өміршеңдігі 100%-ке жетті. Технология әзірше тек тіннің аздаған көсегінде жұмыс істейді, алайда ғалымдар жуық арада оны үлкен нысандар үшін бейімдеуді жоспарлауда. Сол кезде трансплантацияға арналған ағзаларды сақтау мәселесі шешілетін болады.

Сурет medwb.ru сайтынан алынып, өңделді.

Дайындаған: Наталья СЕГЕН.

Қазақшалаған: Серікбай СМАҒҰЛҰЛЫ.

Украина елінің «Участковый врач» журналынан.

ТОРШАЛЫҚ ТЕРАПИЯ ЕКІ ПАЦИЕНТКЕ ЖАНАРЫН ҚАЙТАРДЫ

 

Ұлыбританияның мамандары жас шамалық макулярлық дегенерацияны емдеудің төңкерістік әдісін алғаш қолданды. 80 жасар еркек пен 60 жастағы әйел тіпті көзілдірік арқылы да оқи алмайтын. Бірақ діңдік торшалар қолданылған терапияның нәтижесінде пациенттердің жанары қалпына келді деп хабарлайды The Daily Mail.

Процедураны денсаулық сақтау саласындағы зерттеулердің Ұлттық институты қызметкерлерінің көмегімен Лондонның Университеттік колледж ғалымдары ойлап тапқан. Ол жергілікті анестезия арқылы бар болғаны 45 минутте атқарылады. Бір ғана эмбрионалдық діңдік торшадан тор қабықтың 100000 пигменттік жасушасы бар 6 миллиметрлік телім алынады.


Одан соң телімді орап, жұқа түтікке айналдырып кішкене есік арқылы көзге енгізеді. Кейін орау ашылып, жарамсыз жасушаны алмастырады. Бұл тор қабықтың ар жағына орналастырылады. Телімді тор қабықтың астына қою үшін арнайы жобаланған хирургиялық аспап қолданылды. Пациенттер 12 ай бойына бақыланды.Олардың жанары елеулі түрде жақсарды.Емнің нәтижесінде еркек пен әйел енді оқуға арналған көзілдірік арқылы минутына 60-80 сөз оқи алады.

 

«Сыр медицинасы» газеті

 

Дереккөз:http://www.meddaily.ru ://www.meddaily.ru/article/21mar2018/zamvrdiag">http://www.meddaily.ru

 

АҚЫЛДЫ КОМПЮТЕРЛІК БАҒДАРЛАМА ДИАГНОСТ-ДӘРІГЕРЛЕРДІҢ ОРНЫН БАСУҒА УӘДЕ БЕРЕДІ

 

Қытай ғалымдары ауру адамның тін (ткан) үлгілерін сау адамнан ажыратып, аталық без (простата) обырын (рагін) нақтылауға қабілетті өзі оқитын жасанды интеллектті ойлап тапты. Жүйенің бақылау дәлдігі шынайы дәрігердің нақтылығымен теңесе алады деп хабарлайды The Deccan Chronicle.

Келешекте жүйе диагнозды қою процесін толығымен автоматтандырады деп есептейді құрастырушылар. Мұндай жүйеге қажеттілік аса жоғары, өйткені простата рагі – ерлер арасында кең тараған онкологиялық дерт (жылына миллионнан астам жаңа оқиға диагностикаланады). Диагнозды дәлелдеу үшін оны кейін дәрігер зерделейтін материал алынатын биопсия қажет болады.

Алайда жаңа жүйеде бәрі өзгереді.Ол қатерлілік дәрежесін дәл сыныптайды. Жүйе 283 пациенттен алынған патологиялық тіннің 918 үлгісін сынақтан өткізді делінеді. Деректер өз жұмысын ұдайы жетілдірген және диагноз туралығын арттырған жүйе арқылы сүзгіден өткізілген. Нәтижесінде 99,38% дәлдікке қол жетті.

 

«Сыр медицинасы» газеті

 

Дереккөз: http://www.meddaily.ru

0

БІЛІКТІ ДӘРІГЕР АУЫЛҒА ДА КЕРЕК


Досбол Жұмашевтың медицина саласында қызмет еткеніне сегіз жыл болды. Осы уақыт аралығында Оңтүстік Қазақстан облысында тәжірибе жинақтаған дәрігер 2017 жылы туған өлкеге қайта қоныс аударып, еңбек жолын Қандөзде жалғастыруда. Ауыл тұрғындарының сауықтыру және емдеуге жауапты маманды әңгімеге тартқан едік.
Қандөз ауылында туып-өскен Досболдың бала кезгі арманы дәрігер болу болатын. Осы жолдан адаспаған ол өзі қалаған мамандық иесі атанды. 2002 жылы Ғ.Мұратбаев атындағы мектепті бітіргеннен кейін Ахмет Яссауи атындағы Қазақ-Түрік университетінің медицина факультеті, емдеу ісі мамандығы бойынша білім алады. Одан кейін, 2009 жылы бітіреді. Алайда, тағы бір жыл өзі тәмамдаған оқу орнының Шымкент қаласындағы филиалында интернатура бойынша білімін шыңдайды. Оқу бітіргеннен кейін ОҚО, Ордабасы ауданында еңбек жолын бастайды. Аудандық емханада дәрігер-хирург болып қызметке орналасып, өзінің кәсіби деңгейін көрсете бастайды.
– Ең алғашқы емделушім Қасымбек деген ел ағасы болатын. Әлі есімде ол кісінің батасы жылы лебізі маған үнемі жігер сыйлап жүреді. Өмірден озған шағына дейін ақылын айтып, жол сілтейтін жанның бірі еді. Осындай ағалардың ақ батасымен қызметте өстім, өндім, – деді білікті дәрігер.
Жалпы, дәрігер-хирург бас дәрігердің нұсқауы бойынша науқастарға түрлі дәрежедегі оталар жасап, әрі қарай да бақылап, қажетті емін қолданып, олардың толық сауығып кетуін қамтамасыз етеді. Шұғыл ота жасау олардың басты міндеті. Кейіпкеріміз мұндай жауапкершілікті сезініп келеді. қызметтегі жауапкершілігі мен адалдығын бағалаған басшылық оны 2011 жылдың «Ең жас үздік дәрігері» атайды.
Осындай білікті дәрігерді ауылдағы ағайын кіндік қаны тамған жерде қызмет етуді ұсынады. Мұны ауылдық әкімдік қолдай кетеді. Ағайынның тілегін дәрігерде қуаттайды. Үнемі біліктілігін арттыруды мұрат еткен дәрігер былтыр Алматы қаласында үш айлық оқуға барып, тәжірибе алмастырып, білімін жетілдірді.
– Әрбір жанның арманы туған өлкенің өрістеуіне еңбек етуінде деп білемін. Иә, кіндік қаны тамған ауылыңа, ондағы тұрғындарға қызмет ету үлкен абырой. Әрі, жауапкершілік жүгін арттыра түседі. Сондықтан, былтыр Қандөзге қайта қоныс аударып, осында қызметке кірістім, – деді ол.
Қазір ол ауылда жалпы тәжірибелік дәрігер қызметінде. Бүгінде екі баланың әкесі Досбол Жайылұлының алға қойған мақсаты медицина саласында абыройлы еңбек ету.
Түйіндей айтқанда, медицина саласында еңбек етіп жүрген Досбол Жұмашевтің бойынан қызметке деген адалдықты ғана емес, туған өлкеге деген сүйіспеншілікті, сағынышты байқадық. Мұндай ізгі қасиет адал қызмет етуге жетелейтіні анық...

Әлібек ТЕМІРБЕК.

https://zhanaqorgan-tynysy.kz/zanalyk/1198-blkt-drger-auyla-da-kerek.html