Ауа райы
Мерекелер

ЗЕРТХАНАШЫ ГҮЛБИКЕ


 

Арал – аймағымыздың облыс орталығынан шалғай орналасқан аудандарының бірі. Экологиялық апат аймағы саналатын сол өңір тұрғындарының денсаулығына бүкіл әлем көз тігіп отыр десек, артық айтқандық емес. Жол дорбасын арқалап апат аймағын өзі көзімен көруге ынтық көптеген шет елдіктерді қала көшелерінен әлі де кездестіруге болады.

Ауданда мүмкіндігінше замануи медициналық құралдармен жабдықталған орталық аурухана бар. Жаңасы да бой көтеруде. Сол аурухананың зертханалық бөлімшесінде отыз жылдан астам уақыт қарапайым лаборант қызметін атқарып келе жатқан Гүлбике Әбжәмиқызы Қалиева бұл мақалаға арқау болмақ.

1961 жылы Арал қаласында дүниеге келген Гүлбике Әбжәмиқызы №220 орта мектепті ойдағыдай бітіріп ару қаламыз Алматыдағы республикалық медициналық колледжде лаборант мамандығына оқыды. Оны 1981 жылы аяқтап Арал аудандық орталық ауруханасына зертханашы болып жұмысқа орналасты. Осы кезге дейін сол бір орында еңбек етіп келеді.

Әдетте пациенттер емдеуші дәрігердің өзіне жасаған медициналық қызметін көзбен көріп бағалай алады. Алайда соның бойындағы кеселді нақтылауға үлес қосқан зертханашы еңбегі тасада қалады. Тек саусағынан қан алғандағы қысқы мерзімді шым етіп ауырған сезім болмаса...

Көз майын тауысып, микроскопқа үңіле қараған зертханашының диагноз қоюдағы үлесі зор. Мұндайда мина іздеген сапер сияқты қателесуге болмайды. Өйткені асығыстық жасап талдау нәтижесіне немқұрайлы қарау бұрыс диагнозға жетелейді, дәрігерлі шатастырады. Сондықтан зертханашыға мол шыдамдылық, зор ыждағаттылық пен аса дәлдік қажет.

«Менің лайықты маман ретінде қалыптасуыма алғаш рет жұмысқа орналасқан кездегі бөлімше меңгерушісі дәрігер лаборант Ғаламнұр Ғалымжанқызы Бекмамбетованың жәрдемі тиді – деп еске алады Г.Қалиева. Ал Нәзира Қапанқызы Есжанованы өз ұстазым ретінде құрмет тұтамын. Өйткені ол кісі осы күрделі мамандықтың бар қыр-сырын жалықпастан үйретті».

Бүгінде ауруханадағы зертханалық жұмыс электронды микроскоп, үлкен гематологиялық талдау аппараттарының көмегімен жаңа сатыға көтеріліп, салыстырмалы түрде біршама жеңілдеді.

Г.Ә.Қалиева өз саласы бойынша бірнеше рет білім жетілдірген, жоғары санатты лаборант. Ол үлгілі еңбегі үшін сан рет түрлі марапаттарға ие болды. Ұжымда силы. Дәрігер лаборант Нұрбек Сұлтановпен, лаборант Айнұр Жарымбетовамен және тазалықшы Ләззат Жұбандықовамен бірге дәрігерлердің дерт түрін нақтылауына қомақты үлес қосып келеді. 90-шы жылдары Аралда болған оба мен безгек дерттеріне шалдыққан науқастардан сақтық шараларын сақтай отырып талдауға материал алғаны және оны анықтағаны ерекше есінде қалыпты.

Гүлбике күйеуі құрылысшы Бақытпен бірге қазір химия-биология пәнінің мұғалімі Клараны және Арал аудандық әкімшілігінде заңгер болып жұмыс істейтін Берікті өмірге әкеліп тәрбиеледі. Сонымен қатар қыздарынан немере сүйіп отырған аяулы жан.

 

Гүлдана АСАНОВА,

Арал қаласы

«Сыр медицинасы»


МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ СПАРТАКИАДАСЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ


Қызылорда қаласындағы орталық алаңда Астана қаласының 20 жылдығы, Қызылорда қаласының 200 жылдығы, Қызылорда медициналық колледжінің 90 жылдығы және медицина саласының ардагері Ақмырза Сыздықовтың 80 жылдық мерейтойына орай және салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында ұйыдастырылған медицина қызметкерлерінің спартакиадасы қорытындыланды.

Акцияда «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ибадулла Құттықожаев, облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ақмарал Әлназарова және облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілбек Шаухаманов құттықтау сөз сөйлеп, Қызылорда қалалық ауруханасы қызметкерлерінің командасын "Орнынан тұрып секіру" спорт түрінен І-орынды иеленгені үшін және басқа да спартакиада жеңімпаздарын «Дипломмен» және бағалы сыйлықтармен марапаттады.

Мұна соң Елбасының бұқараны салауатты өмір сүруге шақырған - «Сhallange! Сенің жаңа қырың!» атты акциясына үн қосқан «Денсаулық Көші» орталық алаңға дейін келіп, түрлі-түсті шарларын көкте ұшырып жиылған қауымға әсерлі көрініс сыйласа, сонымен қатар орталық алаңда спорттық көрсетілімдер көрсетіліп, 3000-нан аса қала тұрғындары бір мезгілде таңғы жаттығу жасап, спорттық «флешмоб» биін биледі.

Сондай-ақ «Денсаулық қалашығында» «Флюро», «Қан тапсыру» жылжымалы кешенді машинасы жұмыс жасаумен қатар, «Балалар қалашығында» түрлі ойындар ойнатылды.

Шара одан әрі концерттік бағдарламаға ұласты.

МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ СПАРТАКИАДАСЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ
МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ СПАРТАКИАДАСЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ

Қызылорда қалалық ауруханасының баспасөз қызметі

https://syr-media.kz/news/3972-medicina-yzmetkerlern-spartakiadasy-orytyndylandy.html

Байқоңырда медицина мамандары тапшы

Байқоңырда кардиолог, уролог, невролог мамандар тапшы. Бұл туралы кеше жұлдызды қалашықта өткен «Қазақстан – Ресей татулығы мен достығы» дөңгелек үстелінде айтылды.

– Жасым 90-ға таяды. Осындағы ауруханаға жатып, емделейін деп едім, бас дәрігер облыстық ауруханаға баруымды сұрады. Өйткені, мұнда мені қарайтын маман дәрігерлер тапшы екен, – деді Байқоңыр қаласының іргетасын қалауға атсалысқан ардагер Мұратбек Ниязов.

Бұл ретте облыс бойынша қарқынды жұмыс әлдеқашан басталып кеткен. Қазір республикада медицина саласының мамандары тапшы. Облыстық мәслихат хатшысы Н.Байқадамов мәселенің кезең-кезеңімен шешілетінін жеткізді.

– Қазір облыс бойынша жыл сайын 20 маман оқытудамыз. Бәрі бір уақытта шешіле қоймайды. Сондықтан, қолға алған бастамамыздың нәтижесінде жылына 20 маман қажетті жерлерге жолданатын болады, – деді Н.Байқадамов.

Дәулет ҚЫРДАН,

Байқоңыр қаласы.

https://qarmaqshy-tany.kz/zanalyk/3519-bayoyrda-medicina-mamandary-tapshy.html

ДӘРІ БАҒАСЫ НЕГЕ ҚЫМБАТ?

Қызылордада дәрі-дәрмектер зауыттан шыққан бағасынан 500 есе артық бағамен сатыла ма? Ауру жағадан алғанда дәріханалар неге етектен тартады? Ауырып ем іздегендердің қалтасын қағатын кім? Бұл туралы қаладағы «Достық» үйінде өткен кезекті қоғамдық қабылдауда кеңінен талқыланды.
Сөз тізгінін алғашқы болып ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Фармацевтика Комитетінің Қызылорда облысы бо­йынша департаментінің басшысы Ғалия Бәйменова алды. Қаптаған стати­стика, мол мағлұматтарды сөйлеткен ол қоғамдық тыңдауға қа­тысушыларды ойландырып тастағаны рас.
Облыс әкімдігінің тапсырмасына сәйкес, биылғы 2 наурызда об­лыстық денсаулық сақтау басқармасы аталмыш депар­таментпен және фармацевтикалық ұйым басшыларымен 2018 жыл­ға үшжақты меморандум жасады. Ол құжат бойынша дәрілік заттар және медициналық мақсаттағы бұйымдардың бағал­арын тұрақты ұстау қажет. Оған 100 фармацевтикалық субъект басшылары қол қойған. Ғ.Бәйменованың сөзіне сенсек, Меморандуммен бекітілген дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдар, 150 аталымның 92 пайызы сатылымда бар. Жалпы, біз кім шығарған дәрі­лерді тұтынып жүрміз? Қазіргі күні елімізге басқа­ мемлекеттерден импортталатын дәрілік заттардың үлесі 66 па­йызды құрап отыр. Ал негіз­інен дәрілік заттар Үндістан, Қытай, Германия, ТМД елдері, Франция, АҚШ-тан келеді. Қазақстан бойынша Бір­ыңғай дистрибьютор – «СҚ-Фармация» ЖШС арқылы жүзеге асыры­лады.
Осы тұста кездесетін түйткіл – дәрілік заттардың жеткізілмеуі. Аталмыш мекеме биыл Паркинсон ауруы бойынша «Прамипексол, 0,25 мг таблетка, ұзақ әсер ететін 3 мг таблетка» дәрілік затын,­ қант диабеті нозологиясы бойынша «Таңбаланған бір реттік қолдануға арналған инсулиндік шприцтер» ме­ди­циналық мақсаттағы бұйымын жеткізген жоқ. Бұл туралы Ғ.Бәйменова өз баяндамасында атап өтті. Осы және өзге де проблемаларды анықтау – арнайы мониторингтік топтың жұмысы.
Алқалы басқосу барысында дәрі-дәрмек барысындағы көкейкесті мәселелер ашық айтылды. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Шаухаманов қаладағы дәріханаларда бір дәрінің түрлі бағада сатылатынын тілге тиек етті. Бірінде қолжетімді дәрі келесі бір дәріханаға келгенде қымбаттап кетеді. Бұл не «құдірет»? Осындай ол­қылықтардың салдарынан ардагерлер үйіндегі қарттардың қолжетімді бағада дәрі-дәрмек алуы­на қиындық туып отыр.
Дәріханалар тарапынан келіп отырған өкіл дәрілік заттарды шығарған зауытынан емес, Шымкенттен алатынын жеткізді. Сонда баға шека­радан асып-аспай тұрып-ақ өзгеріп кетеді екен. Ал зауыттан шыққан алғашқы бағасынан 500 есе қымбат­тайды деген – бос сөз.
Мұнан өзге дәрілік препаратты екіншісімен ауыстыру туралы да тал­қыға түсті. Екінші дәрі­мен ауыстырған кезде оның сапасы қалай болмақ? Осыны жүйелеу қажет десті олар. Ал жиын­ды жүргізіп отыр­ған облыс әкімінің орынбасары С.Қожаниязов «зауыттан шыққан бағасынан 500 есе шарықтап кетеді» деген ақпараттың растығын анықтауды сұрады. Ғалия Бәйменова бұл ретте оның жаңсақ пікір екенін алға тарт­ты. Осы тұста қатысушылар тарапынан айтылған тағы бір мәселе – қауқарлы заң. «Қазір біз­дің елде кәсіпкерлерді қорғайтын заң бар. Ал халықты кәсіпкерлердің алдында қорғайтын заң жоқ. Парадокс» деді Қо­ғамдық кеңестің мүшесі Талғат Телеубаев.
Жиын барысында Қоғамдық кеңес мүшелері халықтың тарапынан айтылған сын-ескертпелерді жеткізе отырып, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Фармацевтика Комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Ғалия Бәйменоваға са­уал­ қойды. Қызылордадағы дәрі-дәрмек баға­сының қолжетімділігі турал­ы. Алайда ол өзде­ріне кәсіпкерлерге ондай талап қою туралы құзыреттілік берілмегенін айты­п ақталды. Сонда халық арасында зерттеу жүргізіп не дәріханалардағы заттардың бағасы мен сапасына мән беріп жүргенмен, мониторинг­тің нәтижесі ештеңе өз­герте алмауы мүмкін. Тек бұқараның базы­насы туралы талап, арыз, өтініштерді билікке жеткізе алады. Бұған да шүкір. Әйтпесе кәсіп­керлер бағаны «ұшырып» әкетуі де бек мүмкін емес пе? Осы тұста кеңес мүшелерінің бірі «біз халық­тың қалтасын қа­ғатын дәрі-дәрмектердің бағасын түсіре алмасақ, ондай құзыреттілік сізде (Ғ.Бәйменоваға қарап. – авт.) болмаса, не үшін бас қосып отырмыз?» деді.
Қарап отырсақ, мемлекет қара халыққа жағдайды жасап-ақ отыр. Бұл денсаулық сақтау салас­ы бойынша да. Мәселен, «ҚР Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылға арнал­ған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарла­масында Ұлттық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету саясатын іске асырудың негізгі міндеттері­нің бірі – дәрілік зат­тардың қолжетімділігін қамтамасыз ету деп қадап айтқан. Бұл аз десеңіз, Елбасы 2017 жылы халыққа жариялаған «Қа­зақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында заңнамалық тұрғыдан барлық дәрі-дәрмектің бағасына реттеуді енгізу қажеттігін атап, дәрі-дәрмектің халыққа­ қолжетімділігін қамтамасыз етуді қатаң тапсырған болатын. Олай болса, дәрі-дәр­мек­тің әр жерде әртүрлі бағамен сатылуына кінәлі кім? Аңдасаңыз, дәрі­ханалар белгілі бір медициналық ұйымдардың емес, жеке кәсіпкерлердің қол астында. Бұл көп нәрсеге әсер етеді емес пе? Десе де, мемлекеттің құнды капиталы адам мен оның денсаулығы екенін ешкім ұмытпауы тиіс.
Ал баға шарықтамас үшін не істеу қажет?
Жазира БАҒЛАНҚЫЗЫ
http://www.halyk-gazeti.kz/index.php?option=com_content&view=article&id=9223:2018-06-07-06-21-08&catid=10:2011-11-18-09-11-48&Itemid=10

 

Ауыл тұрғындарымен кездесті

Қызылтам елді мекенінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша ауыл тұрғындарымен кездесу жиналысы өтті. Кездесу қонақтары облыс орталығынан Серік Игембаев, ауданнан Арман Нағаев, Ләззат Қыпшақбаева, Жоламан Измаханов ауыл тұрғындарымен сұрақ-жауап жүргізіп, ой бөлісіп, түсінік жұмыстарын жүргізді. Ауыл тұрғындары МӘМС жүйесі 2020 жылдың 1 қаңтарына шегерілуіне байлнанысты жарна төлеу тәртібі, 2018-2020 ж белгіленген МӘМС жарналары мен төлемдерінің мөлшері , сақтандыру пакеттері, кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеттері т.б түсінік алды. Мектеп директоры С. Әбікенова қонақтарға алғыс білліріп, алдағы жұмыстарға сәттілік тіледі.

https://qarmaqshy-tany.kz/zanalyk/3472-auyl-tryndarymen-kezdest.html

ДӘРІГЕРГЕ РАҚМЕТ!

 

 

Деген сөз бар «қарап қалмас қарманған»,

Адамбыз ғой, сүйек-еттен жаралған.

Жүрек ауырып, жан қиналған кезімде,

Түн ішінде облысқа алып келді Аралдан.

 

Ойламайсың, қиналғанда қалғанын,

Аман қалу ойымда бар арманым.

Көзім жетті аз уақыт ішінде,

Бұл дүниенің өте шығар, жалғанын.

 

Ескі «скорый» мені қатты қинаған,

Құрастырып бәрін қолдан жинаған.

Екі сағат жолда жаттық бұзылып,

Үміт оты бара жатты үзіліп.

 

Жан қиналып, жеттік зорға қалаға,

Ризамын дәрігерлік салаға.

Арпалысқан өмірімді сақтауға,

Міндеттімін мен оларды мақтауға.

 

Кеше ғана шырқыраған шыбын жан.

Бүгін, міне, секілдімін дін-аман.

Маған ота жасап шыққан дәрігер,

Рахмет айтқым келеді мен саған.

 

Түн ішінде бәрі лезде жиналды,

Мен қиналсам, бәрі бірге қиналды.

Тек сендрге Аллам берген секілді,

Адамзатқа қайта өмір силауды.

 

Бүгін білдім, өмір тәтті екенін,

Жердің асты бола жаздады мекенім.

Осыменен екінші рет байқадым,

Дәрігерлер бізден мықты екенін.

 

Ақ халатты абзал жандар – қорғаның,

Тілеңіздер солар аман болғанын.

Денсаулығың, ең бастысы өмірде,

Қолдан жасап аласыңдар қалғанын.

 

Бақытжан БАЖИКОВ,

Арал қаласы.

«Толқын» газеті

Сурет ru.stockfresh.com сайтынан алынды.

Дәрігерге мың алғыс!


Ақ халатты абзал жандарға алғысымыз шексізҚазіргі таңда облысымызда онкология, инфаркт, инсульт аурулары белең алып бара жатқаны жасырын емес. Ауруханаға түсіпті деген екі адамның бірі, асыра айтты демеңіз, осы аурудың біріне шалдыққан болып шығады. Қатерлі дерт болып саналатын осы ауру түрлерінің дендеп бара жатқаны үлкен мәселе деп ойлаймын. Халықтың денсаулығы - мемлекеттiң байлығы, оған немқұрайлы қарауға болмайды. Дер кезінде көңіл бөліп, шешімін тауып, алдын алмаса, болашақ ұрпағымыздың денсаулығына балта шапқанмен бірдей емес пе.

Әрине, ауру айтып келмейді. Менің күйеуім Болтаев Бақытжан Арапбайұлы да, жұмыс орнында аяқ астынан қан қысымы 250-ге дейін көтеріліп, «жедел жәрдеммен» облыстық медицина орталығының нейроинсульт бөліміне дер кезінде жеткізілген болатын. Жұмысынан телефон шалып, жағдайын айтқан кезде қорыққанымнан бір Аллаға сиынып, ауруханаға қалай келгенімді білмеймін. Ес-түссіз ауыр халде жатқан күйеуімді көргенде аяғымның астынан жерге еніп бара жатқандай сезіндім.

Нейроинсульт бөлімшесінің дәрігері Шакиров Ғалымжан дереу шара қолданып, қан қысымын 160-қа түсірді. Алайда, күйеуімнің тілі байланып, сол жақ аяқ-қолының жаны кетіп, қозғалмай қалды. "Ишемиялық инсульт” деп диагноз қойған дәрігер Ғ.Шакиров:

– Жақсы болып кетеді, уайымдамаңыз. Ауруханаға дер кезінде жеткізілді. Комаға түсіп кетпегеніне Аллаға шүкір деңіз, әйтпегенде комадан шыққанша ештеңе жасай алмас едік. Қан қысымы көтерілу әсерінен басына қан ұйыған (гематома), кешіктірмей ота жасамаса болмайды, - деп мені жұбатып, ота жасауға рұқсат сұрады.

Қан қысымы көтерілгеннен пайда болған гематомаға дер кезінде ота жасалмаса, өліп кетуі мүмкін көрінеді. Отаның қай-қасысысы да, әсіресе миға жасалатын ота өте қауіпті екені айтпаса да белгілі. Алайда, медицина-лық орталық заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтылғандықтан, ұйыған қанның қай жерде орналасқанын бірден тауып беретін құрылғы бар екен.

Алматыда оқитын ұлымыз, туған-туыс, бауырлар түгелдей жиналып, отағасының жанын бірінші Аллаға, екінші осы дәрігерлердің қолына тапсырдық. Күйеуімнің шашын алып, отаға дайындап, наркоз берді. Біз ойлаған едік, ұйыған қанды алу үшін бас сүйегін кесетін шығар деп. Аллаға шүкір, компьютерлік тамография арқылы гематоманың қай жерде орналасқанын анықтап, кішкентай ғана тесік жасап, ұйыған қанды сыртқа ағызып жіберіпті. Медицинаның жетілгенін мойындамасқа амал жоқ. Қазіргі заманның тағы бір жетістігі - жердің түкпір-түкпіріндегі дәрігерлер бір-бірімен онлайн-режимде байланысқа шығып, түскен науқастарының дертiн жан-жақты зерттеп, талқыға салып, ақылдасып отыратын көрінеді. Адам өміріне жауапты дәрігер қателік жібермеудің бар амалын жасайтыны анық. Сол үшін де оларға мың алғыс.

Отаны нейрохирург Қанат Набденов жасады. Айтайын дегенім, өзі қаншалықты қарапайым болса, қолы да соншалықты жеңіл, өз ісінің хас шебері екен. Хирургке сақтық, ептілік, шыдамдылық, ең бастысы білім қажет. Адам өмірін құтқару үшін ота жасау оңай іс емес, оның үстіне, мидан аққан қанды дер кезінде дұрыс тоқтата білу үлкен шеберлікті талап етеді, ол үшін мықты жүрек керек деп ойлаймын.

Ақ халатты абзал жандарға алғысымыз шексіз
Ақ халатты абзал жандарға алғысымыз шексіз
Ақ халатты абзал жандарға алғысымыз шексізБұл жерде дәрігерлер Ғалымжан Шакиров пен Қанат Набденовтың ұқыптылығын, өз ісіне барынша берілгендіктерін ерекше атап өткім келеді. Түскен науқасты, жағдайы қаншалықты қиын болса да, аспай-саспай, салқынқандылық танытып, ажал аузынан алып қалу баға жетпес ерлік. Күніне алдарына инсульт алған бір емес, бірнеше науқас келетінін ескерсек, жандарының беріктігіне таң қаласың.

Ота өте сәтті өтті. Қуанышымызда шек жоқ. Отадан кейін бір күн жан сақтау палатасында (реанимацияда) жатты. Сосын нейрохирургия бөлімшесіне жатқызды. Күйеуімнің қол-аяғы қозғалғанымен, сөйлеуі қиын болды. Алайда, қайта қалпына келтіру (нейрореабилитация) бөліміндегі мамандардың көмегімен сөйлеуі де қалпына келе бастады. Емдік денешынықтыру, жаттығу залы, қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған физиотерапиялық кабинеттер, сөйлеу қабілетін қалпына келтіруге арналған логопед маманының көмегі сауығып кетуіне мол мүмкіндік берді.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді қазақ атамыз. Мен бір апта нейрохирургия бөлімшесінде күйеуімнің қасында болып, күтімін жасадым. Сонда байқағаным, бөлімнің меңгерушісі Шынжырбай Оразмаханұлы күнделікті таңертең жұмысқа келісімен алдымен науқастардың палатасын аралап, амандасып, жай-күйлерін сұрайды екен. Қарап отырып риза боласың. Оның өзі емделушілердің көңіл-күйлерін көтеріп, сауықтырып тастағандай әсер қалдырады. Дәрігердің жылы сөзінің өзі науқасқа жарты терапия деп бекер айтылмаған ғой.

Нейрохирургия ұжымының дәрігерлері, мейірбикелері, кіші буын қызметкерлері өте ұйымшыл, ауызбірлікті екені көрініп тұр. Олар үнемі бірін-бірі қолдап, қандай қиын жағдай болса да дайын тұрады. Атап айтар болсам, дәрігерлер: Марат Алматов, Нұржан Байдүйсенов, Абай Тайманов; мейірбикелер: Гүлмира Түменбаева, Шолпан Оспанова, Ақжарқын Пржанова, Жаңагүл Абубакирова, Майра Жүсіпбекова, Айнұр Мырзахметова; санитаркалар: Гүлжан Ахметова, Жансая Қалиева. Барлығыңызға да алғысым шексіз.

Дәрігердің біліктілігі мен білімділігін, олардың науқасқа деген ілтипатын шипа іздеген жан ғана бағалай біледі. Сіздердің ақылдарыңыз өткір, ойларыңыз дана, ал қолдарыңыз - сиқырлы дер едім, өйткені сіздер науқасты өлімнен арашалап, дертіне шипа беріп, үмітсізге үміт сыйлайтын керемет жансыздар. Алла сіздердің жолдарыңызды жарылқасын! Еңбектеріңізге табыс, жанұяларыңызға бақыт, өмірдегі бар жақсылықты тілеймін Сіздерге! Жұлдыздарыңыз әрдайым жоғарылай берсін, құрметті ақ халатты абзал жандар!

Захро БОЛТАЕВА,

Қызылорда қаласы,

"Сыр медицинасы" газеті

МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ СПАРТАКИАДАСЫНЫҢ АШЫЛУЫ


Қызылорда медициналық жоғарғы колледжінің спорт алаңында Қызылорда қаласының 200 жылдығы және медицина ардагері Ақмырза Сыздықов 80 жылдық мерейтойына арналған облыстық медицина қызметкерлерінің 52-ші спартакиадасының ашылуы болды. Бұл туралы қалалық аурухананың баспасөз қызметі хабарлады.

Жарыстың ашылуында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жақсылық, Абдусаметов, Қызылорда медициналық жоғарғы колледжінің директоры Салтанат Тасмағамбетова және сала ардагері Ақмырза Сыздықов қатысушыларға сәттілік тіледі.

Бір айға жуық созылатын жарыста қатысушылар спорттың 8 түрінен бақ сынамақ.

МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ СПАРТАКИАДАСЫНЫҢ АШЫЛУЫ
МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ СПАРТАКИАДАСЫНЫҢ АШЫЛУЫ

https://syr-media.kz/sport/3538-medicina-yzmetkerler-spartakiadasyny-ashyluy.html

ҚОЛЫ ШИПА, СӨЗІ ДӘРУ ДӘРІГЕРӘр кезеңнің алмағайып күндерін өз абыройына, адами биіктігіне сай өткере білу, азаматтық таным-пайымына сәйкес етіп тіршілік кешу — шын мәнінде, қажырлы да табанды кісілердің еншісіндегі қасиет. 1938 жылдың 15 қарашасында Сайғонды ауылдық кеңесіндегі Ақжона елді мекенінде дүниеге келген Қали Әбішев талайлы тірлікке, құндылық пен құбылыстарға куә болған ақсақал. Арал-Қазалы өңіріне жігерімен, өз саласына адалдығымен танымал болған Қалидың өрелі де өнеге тұтарлық өмір жолы көпке үлгі. Әр заманның өзіндік құбылыстары, дүрбелеңі болатындығы уақыт шындығы емес пе?

 

Иә, ол жылдары Арал-Қазалы өңірінде лепра ауруымен ауыратын жеті мыңдай адам бар еді. Екі ауданда бұл сырқатпен күресетін 11 пункт ажал аузындағы адамдарды арашалау жолында жұмыс жасап, жыл сайын Қызылорда қаласындағы емдеу ауруханасына жүздеген осы аурумен ауыратын адамдарды жіберіп тұратын. Маман аз ба, әлде дәрі жеткіліксіз бе, әйтеуір, сонда да бүл дерттен сауығып қайтушылар аз еді. Осындай зұлмат жылдарды басынан өткерген Қали қария бүгінде сексеннің сеңгіріне шығып отыр. Кезінде қара халықты күйзелткен дертпен күресу жолында аянбай тер төге еңбек еткен білікті маман саналы ғұмырында сан алуан тірліктің дәмін татты. Түйткілі мол тіршіліктің тауқыметіне ерте араласты. Жас күнінде әке жолын қуып шопан да болды. Ерте есейіп, бауырларына қамқор, қорған да бола білді. Алайда, бала күннен бері дәрігер болсам деген арманын ешқашан естен шығарған емес. Сол мақсатына жету үшін 1958 жылы Ақтөбе мемлекеттік медицина институтына оқуға түсіп, емдеу ісі факультеті бойынша тәмамдады. Жоғары оқу орында оқып жүрген кезінен білімпаздығымен, жан-жақтылығымен ерекшеленді. Өз дарынымен көзге түскен болашақ маманнан ұстаздары үлкен үміт күтті.

Дәрігер мамандығын алған Қали 1966 жылы Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің жолдамасымен сол кездегі «Арал-Қазалы» лепродиспансеріне жұмысқа жіберіледі. Институтта үздік болуды мақсат еткен ол, медицина жайлы кітаптарды ізденіп оқыған болса, жұмысқа орналасқан соң да, ел ішінде «жаман ауру», «алапес» деп аталатын дертпен күресу жолында жазылған әдебиеттерді ақтарды. Сонау Қытай, Индия, Парсы, Африка, Латын Америкада көптеп кезігетін бұл лепра ауруы Арал-Қазалы аймағындағы Карл Маркс кеңшары, Құланды, Ауан, Ұялы, Аманөткел елді мекендерінен қылаң беруі қатты алаңдатты. Жүртшылық үшін де үлкен қасірет болған бүл дертпен күресу жолында, яғни, 1962-1965 жылдар аралығында екі ауданның кішкене баладан қарияға дейін жалпы саны 70 мыңга жуық адамға екпе жасалды. Сол қажырлы еңбектің арқасында ауру саны күрт азайды. Яғни, Арал-Қазалы лепродиспансерінде меңгеруші-дәрігер қызметін атқарған Қали ағамыздың ұжымы көптеген жетістіктерге жетті. Ұйымшыл басшының жүйелі жоспарларының нәтижесінде жыл сайын бұл ауруды емдейтін әдістер жетілдіріліп, дәрілердің түрлері табылды. Мәселен, жыл өткен сайын елді мекендерде аталған ауру түрімен ауыратындар саны өте сирек болып, кейіннен мүлдем жойылды.

Осы салада 40 жылдан астам басшылық қызмет жасаған «Қазақстанның денсаулық саласының үздігі», «Еңбек ардагері» төсбелгілерінің иесі, бірінші санатты білікті дәрігер Қали Әбішев мехнаты бөлек абыройлы жұмыс жасап, өз ісіне деген жауапкершілігімен ел құрметіне бөленіп отыр. Абыройлы жұмыс жасаған сала мақтанышы Қали Әбішев:

— Дәрігер болуды арман ететін жандар өте көп. Алайда, екінің бірінің дәрігер бола алмасы анық. Ол үшін қызметке деген қызығушылық пен мамандық алу ғана жеткіліксіз. Сондай-ақ, олардың құлшынысы мен адалдығы, адамдығы маңызды. Дәрігер болатын жанға ең алдымен, үлкен жүрек пен өзіңе деген сенімділік қажет. Ұзақ жылғы жүмыс тәжірибемде қарамағымдағы мамандардың барлығы дерлік жауапкершіліктері жоғары, өз саласының үздіктері болатын, Атап айтар болсам, кезінде әр жылдары жұмыс істеген маман дәрігерлер — марқұм Зейнолла Мамырбаев, Аққағаз Оспанова, Ұзақбай Әлсейітов, Жеткерген Әзілхановтың еңбектері өлшеусіз. Олардың барлығы дерлік күн-түн демей елді мекендерді аралап, мүмкіндігінше көмек қолдарын созып, қажет болған жағдайда Қызылордадағы емдеу орталығына жолдама беріп отыратын. Ылғи өзім де, әріптестерім де Алматыдагы республикалық тері аурулары институтында, Ленинградта, Мәскеудегі Бүкілодақтық лепро институтында білім жетілдіру сатыларынан өтіп отыратынбыз. Қаншама адамның жазылуына себепші болып, ризашылығына бөлендік — деп, дәрігерлік қызметтің қыр-сырымен бөлісті.

Мыңдаган науқас жанды емдеп, алғысына бөленген Қали ақсақал жұмысқа келгенде қандай талапшыл болса, ұрпақ тәрбиесінде де сондай мінез-құлық танытты. Жұбайы, зейнеткер-ұстаз Света екеуі балаларына өнегелі тәлім-тәрбие бере білді. Әке мұратын, ана мерейін мәртебе тұтқан ұрпақтары азамат болып жетілді.

 

Света АРТЫҚБАЙҚЫЗЫ,

Арал қаласы.

Арал аудандық «Толқын» газеті.

11 мамыр 2018 жыл

ЖҮРЕКТІ ЕМДЕЙТІН ЖАБДЫҚҚА ЖАУАПТЫ КІМ?

ҚР Денсаулық сақтау министрі Е.Біртановтың,
Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының
басшысы А.Әлназарованың назарына

Халықтың денсаулығын бақылап отырған жоғарғы лауазымды басшыларға науқастардың мұңын көзбен көріп, құлақпен естіген шынайы әңгімелерімді халықтың қамын ойлайтын «Халық» газеті арқылы білдірмек болып, қолыма қалам алдым.
Әңгіме түсінікті болуы үшін көргенімді айтайын.­ 2009 жылы облыстық ауруханада кар­диология орталығы ашылды. Оның ішінде кардио­хирургия бөлімі жұмыс істей бастады. Шетел­ден мамандар келіп, бір жылдай жергілікті жерден мамандар дайындап, тәжірибеден өткізіп, облыста­ алғаш рет жүрекке ашық ота жасауды бастады­. Халық­тың шексіз шынайы алғыстарына бөленді.
Жас мамандар жыл сайын шетелдегі білікті мамандардан тәжірибе жинай бастады. Жүрек, жүрек-қан тамырлары ауруларымен ауы­ра­тын адамдар ота жасату үшін Астана, Алматы қалаларына бармайтын болды. Әрине, бұл тұрмысы төмен отбасылар, зейнетақы алмайтындар, зей­нетақы алса да, отбасын толық қамтамасыз ете алмай­тын отбасыларға өте тиімді еді. Жылына 200-ден астам адамның жүрегіне ашық ота, 2500-ге жуық адамға коронарография жасап, қаншама адамның өмірін ұзартып, аман алып қалды. Есептей берсеңіз, 8-9 жылда қаншама адамның өмірін сақтады. Халыққа осындай түн ұйқысын төрт бөліп қызмет жасап жатқан білікті дәрігерлердің еңбектерін еш қылып, 2018 жылдан бастап облыстық кардиохирургия бөлімінде жүрекке ашық ота жасауд­ы тоқтатып отыр. Не себепті екенін ешкім дөп басып айта алмай­ды. Жүрек ауруымен ауыратын адамдардың жүздері солғын, емдеуші дәрігерлер «бізде аппарат бұзылып жатыр, оны жөндеу үшін көп уақыт кетеді, уақыт кетірмей Астана, Алма­тыға барыңыздар» дейді. «Осы облыс орталығына зорға жол қаражатын тауып келгенімізде Астан­а, Алматыға қалай барамыз, тағы да портал дегені бар, ол қай уақытта болады? Оған дейін кім бар, кім жоқ? Мұңымызды кім тыңдайды, бұған кім жауап беретінін де білмейміз?» деп, науқастар­ төмен қарайды, жанарына жанарың түссе, өзің ауырасың.
Бүгінгі таңда жүрек ауруы өте белең алып тұрған жоқ па? Қаншама адам аяқ астынан өліп кетіп жатыр­. Бұл дерт жас та талғап тұрған жоқ. Біздің облыс нағыз экологияның орталығы емес пе? Жел батыстан соқса, Арал теңізінің ұлтанынан ұшқан тұзды шаң үстімізді басып, тынысымызды тарылтып жатқан жоқ па? Соны біле тұра, халыққа адам өмірін сақтап қалу үшін күні-түні қызмет жасап жатқан жабдықты «бұзылып жатыр» деп, неге жүрекке ашық ота жасауды тоқтатады? Біздің білуімізше, әңгіме аппараттың бұзылуында емес, әңгіме қаражаттың жоқтығында болуы керек. «Ауруын жасырған өледі» демекші, түбінде шындықтың беті ашылады емес пе? Халықты қашанғы алдайды?
2010 жылы облыстарда кардиохирургия орталығ­ы сынақ үшін ашылды дейді. Сонда кімді кім сынап жүр? Халықты ма, әлде халыққа көмек көрсеткен дәрігерлерді ме? Қаншама жас мамандар шетелге барып оқып, тәжірибеден өтіп туған жерінде қаншама халыққа қалтқысыз қызмет жасап­ жатыр, олардың ертеңі қалай болады? Кім тұрақтайды?
Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына биылғы Жолдауының жетінші міндетінде «Денсаулық сақтау саласында жаңа техно­логияларды қолдану, аурулардың алдын алу мен емдеуді айтарлықтай жақсартып, медициналық қызмет көрсетулердің сапасын жоғарылатуы тиіс» деген. Ал ойланып көрейік, бұл Елбасымыздың Жолдауына қарама-қайшы жұмыс емес пе? Аурудың алдын алғанымыз қайсы, жаңа технология дейміз, жаңа аппарат қайда? Облыстық медициналық орталықтың эндоваскулярлық бөлімінде коронарография жасайтын жалғыз-ақ аппарат бар. Ол да 2009 жылы алынған. Ал қазіргі кезде 10 жыл­ға жуық үздіксіз жұмыс істеп келеді. Құдай білсін, оның да қай уақытта істен шығатынын, әйтеуір операцияның үстінде бұзылмасын деп тілейік. Бұзылған жағдайда ауыстыра қоятын қосымша жабдық жоқ. Сонда науқастың күні не болмақ, шарасыз дәрігер не істейді?
Оқырман қауымға түсінікті болу үшін бұл аппа­раттың қызметін айтайын. Бұл аппарат жүректің, жүрекке баратын қан тамырларының, мидың, миға баратын қан тамырларының қызметін анықтайды. Қан тамырларының бітелген жерлері болса ашып, стенд (стенд дегеніміз – кәдімгі серіппе.-ред.) қояды, жүрек-қан тамырлары қалыңдау болып бітсе, онда оған ота жасау керек екендігін анықтап береді. Менің білуімше, бұл ангиография аппараты күрделі аурулардың қай түрі болмасын, анықтап береді.
Халық саны бойынша бізде 3 аппарат болуға тиіс. Ал бізде біреу-ақ. Ол да ескі. Ойланып көрейік, ағайын. Әлемдегі дамыған 30 елдің қатарында боламыз дейміз, сонда 30 елдің қатарында қалай боламыз? Ұлттың байлығы – адамның денсаул­ығы емес пе?
Дені сау ұлттың ғана келешегі кемел болмай ма? Олай болса, ҚР Денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов, Қызыл­орда облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы А.Әлназарова тұшымды жауап берер деген үміттеміз. Біреуді кінәлаудан аулақпыз. Тек түсіністікпен қарап, қаражат көздерін тауып, облыс орталығындағы жүрекке ашық ота жасап жатқан кардиохирургия бөлімін жаппай, қолдан келген көмегін халыққа көрсетеді деген сенімдеміз.
ТҮЙІН. Ойлы да білікті, елдің қамын күні-түні ойлап, халықтың көңілінен шыға білген аймақ басшысы­ Қырымбек Елеуұлы бұл жағдайды біл­мей­тін шығар. Білсе, науқастарды әуре-сарсаңға салмай­, оң нәтиже шығарады деген ойдамыз.
 

Сердалы ШАЛБАЕВ,
Жаңақұрылыс ауылдық ардагерлер
кеңесінің төрағасы,
Арал ауданы
Сурет Tomografa.net сайтынан алынды.
«Халық» газеті