Ауа райы
Мерекелер

ҚАНДАУЫРДЫҢ ЖҮЗІНДЕ ҚЫЛПЫЛДАҒАН ӨМІР ТҰР …Түнгі кезекшілік. Облыстық ауруханадағы науқастарға арналған дәрігерлік процедуралар аяқталып, медицина қызметкерлері таңғы қызметтеріне дайындыққа кірісіп кеткен. Тәулік бойы бір тыным таппайтын қабылдау бөлімі конвейер тәрізді. Науқастарды ауру түріне қарай бөлімшелерге жөнелтіп, дәрігерлер жедел жәрдеммен әкелінген келесі науқасқа қарай құстай ұшты. Кезекші хирург Сағымбай Құлсартов қансырап жатқан пациенттің жағдайы өте ауыр екенін бірден байқады. Жүрегіндегі пышақ жарақаты өмір мен өлімнің арасындағы жанталасқа себеп болған. Науқас ес-түссіз, медициналық анықтамалықтарда ғалым Чейн Стокс бұл жағдайды «тыныс алудың соңғы сәті» деп сипаттаған. Күретамыр соқпайды, артериалды қан қысымы анықталмайды.

Науқас дереу операция столына жеткізіліп, жасанды дем беретін аппарат қосылды. Дәрігер Құлсартов жансыздандыруды күтіп тұрмастан кеуде қуысын кесіп, жүректің сыртқы қабатын тіліп, жиналған қанды алды. Жүрек соғысы тым нашар. Толық жиырылмай, тек жыбырлап тұр. Әр минут түгілі секундтың бағасы артып барады. Жасанды дем беру құрылғысы да жан берісіп, жан алысқан жауынгерлердей күресіп жатқан дәрігерлерге болысуда. Бір кезде… жүрек тоқтап қалды. Тез шешім қабылдап, жедел әрекет ететін уақыт – осы кез. Операция столы ойланатын орын емес. Мұнда тек хирург, оның ассистенті, анестезиологтың іс-қимылы жеміс береді. Шұғыл түрде адреналин егіліп, ашық массаж жасалды. Әлгінде соғуын тоқтатқан жүрек біртіндеп қозғала бастады. Түн баласы тікесінен тік тұрып, өліммен арпалысқан дәрігерлер иығынан ауыр жүк түскендей терең дем алды. Пышақ тиген жарақат тігілген соң, біртіндеп науқастың қан қысымы көтеріліп, жағдайы жақсара бастады. Дер кезінде көрсетілген жедел хирургиялық көмек­тің арқасында адам аман калды.

Хирург С.Құлсартовтың мойнын­дағы жауапкершілік салмағы бас­қаларға қарағанда ауырырақ еді. Екі дүниенің ортасын жалғаған тінді қолымен ұстап тұрғандай, сол нәзік тін тарқатылып кетсе, қандауыр жүзіндегі қылшылдаған ғұмырды үзіп алатындай өз ісін беріле атқарады. Жүректің қайта соға бастағаны – жедел қабылданған шешімнің дұрыстығы.

Бұл – Сағымбай Құлсартов жасаған мыңдаған операцияның біреуі ғана. Қазір сексен жастың ауылын еркін аралап жүрген елімізге белгілі хирургтың медицинаның осы ауыр да жауапты саласын таңдайтыны институтта оқып жүрген кезде белгілі болды.

Сағымбай Қарақұлұлының балалық шағы сұрапыл соғыс жылдарымен тұспа-тұс келді. Ауылдық амбулатория­да жұмыс істейтін фельдшерді жұрт ерекше сыйлап, «доктор» деп атайтын. Әкесі «балам, дәрігер бол, таза жұмыс, жылы жерде, ақ халатпен жүресің, барлығы сені құрметтейді, жұмысы да көп емес сияқты ғой» дейтін. Жанашыр адамының арманы орындалды. Расында баласы ел сыйлаған, кіші үлгі тұтып, тұстастары құрметтеген дәрігер болды. Әкесі «жұмысы көп емес сияқты» деген тұста ғана қателесіпті. Хирург ақ халат киіп, жылы, таза жерде отыратын маман емес екен.

Институтты бітірген 1961 жылы Сағымбай Қарақұлұлы өзі оқыған оқу орнының түлегі Мира Қасымқызына үйленіп, еңбек жолдарын Ақтөбе қаласында бастады. Арада төрт жыл өткенде Қызылорда қаласына қоныс аударып, отағасы – хирург, ал жұбайы облыстық ауруханада терапевт болып жұмыс істеді.

Білікті дәрігер облыстық ауру­хананың жалпы хирургия бөлімшесін басқарды. Кейін ұзақ жылдар бойы облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас хирургі болып еңбек етті. Облыстық хирургтар ғылыми қоғамының төрағасы қызметінде жүріп хирургиялық саладағы дәрі­гер­лердің біліктілігін арттыру, дәрі­герлер мен орта буын медицина қызметкерлерін аттестаттау және қайта аттестаттау, жергілікті тұрғындардың аурушаңдығын зерттеу және оны барынша төмендету бағытындағы жұмыс­­тарымен айналысқан. Еліміздің Хирургтер қауымдастығы облыстық филиалының алғашқы төрағасы болу да өз саласының білгіріне жүктелді.

Жақсы дәрігер болу үшін жақсы оқу, оқуды бітірген соң біліміңді жетілдіріп отыру, дәрігерлер бір-бірінен үйреніп, бір-бірінің кемшілігінен сабақ алу керек. Бұл – өз кәсібінің шыңына шыққан адамның өмір бойы ұстаған қағидасы.

– Бір күні қабылдауымдағы науқас әйелдің «ішім ауырып бара жатыр, ұстатпайды» деген шағымын тексеруге кірістім. Ол кезде жас хирургпын. Әйелдің денесін жазып жатуына шамасы жоқ. Хирургия бөлімшесіндегі тәжірибелі дәрігерге телефон шалдым. Жағдайды айтып түсіндіріп едім: «жас хирург, тыңдап ал, ол жатырдан тыс жүктілік болуы мүмкін, құрсақ қуысы жарылып, жиналып қалған қан қысым жасап тұрған болуы керек» деп кеңес берді. Бірнеше жылдан кейін Тереңөзектен телефон шалған жас хирург тура сондай белгілермен науқас әйел түскенін айтып, кеңес сұрады. Бірден «дереу операцияға ал, жатырдан тыс жүктілік» дедім. Міне, білмегенді сұрағанның айыбы жоқ, өзімбілемдік біздің кәсібімізге жат қылық, – дейді ол.

С.Құлсартов өңірдің емдеу меке­мелеріне кеңес беру, жоспарлы және шұғыл операциялар жасау үшін іссапарға жиі шығатын. Аудандардағы дәрігерлер, әсіресе жедел хирургиялық көмек көрсетудің нағыз маманы жасаған көрнекі операцияларға қатысуға асығатын. Ол ұйымдастырған хирургиялық қоғамның көшпелі отырыстары мен ғылыми-практикалық, патологиялық-анатомиялық конференцияларда адам өлімі себептері жан-жақты талқыланатын. Бұл жұмыс­тармен қатар Сағымбай Қарақұлұлы асқазан және ұлтабар ойық жарасын емдеудің жаңа әдістерін ендіру, бауыр, ұйқы безі, өт жолдарына операция жасау, қалқанша безін, өкпе және көкірек, паразитарлық ауруларды, іріңді-септикалық ауруларды хирургиялық емдеу практикалық қызметімен айналысты. Облыстық онкология орталығында білікті дәрігердің қатысуымен асқазанды хирургиялық жолмен алып тастау, асқазанның бір бөлігін алып тастау, тоқ ішек пен тік ішектің бөліктерін резекциялау, ішекаралық безді сылып тастау, т.б. операция түрлері тәжірибеге енгізіліп, жасалған. Жаңа әдістемелерді тану талпынысы, эксперимент жасаудағы батылдығы мыңдаған адамдардың өмірін құтқарды.

Жарты ғасырдан астам уақыт бойы науқастың жан әлеміне үңіліп, өткір қандауырдың жүзіндегі суық­тықты сездірмей, жылы сөзі мен жанашырлығын аямаған Сағымбай Құлсартов сияқты «алтын қолды» дәрігердің жасаған еңбегі ізсіз емес. Отандық медицинаның үздіктері атан­ған шәкірттері, өз ісінің шебері ретінде мойындалған беделі бар. Өмірден көрген-түйгені мол, еңбегінен берекет тапқан адамдардың арамызда жүргені қандай жақсы.

 

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,
«Сыр бойы».

http://syrboyi.kz/tagilim/18145-andauyrdy-zhznde-ylpyldaan-mr-tr.html

МЕДИЦИНА МАЙТАЛМАНДАРЫ

Қасиетті Қармақшы мекенінде талай дарын иелері өмір сүріп, туған еліне адал қызмет істеп келеді. Солардың қатарында бүгінде ата-баба жолын жалғастырып, аудан әлеуетінің дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан Алмас Қаржаубаевтың отбасы өңір жұртшылығының алғысына бөленген. Расында да, киелі Қармақшы топырағынан нәр алып, туып-өскен еліне перзенттік парызын өтеп жүргендер аз емес. Десе де, осы өңірдің тумалары бір отбасының отағасы мен отанасы атанып отырған Алмас Қаржаубаев пен Раяш Құрманбаеваның есімдерін жерлестері мақтанышпен атайды.

Шынында да, бұл әулет несімен сыйлы? Әрине, олар өздерінің мейірімділігімен, іскерлігімен, еңбекқорлығымен, ағайыншылығымен, ізденімпаздығымен құрметті.

Ал, енді туған халқының ықыласына бөленген осы екі жан туралы айтар болсақ, Алмас ағамыз Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері Жұбан Қаржаубайұлы мен Дәмелі Айдарханқызының отбасында өсіп-өнген 8 перзенттің ортаншысы. Анамыз Дәмелі 16 перзент сүйген, бірақ оның 8-і сәби кезінде өмірден өткен екен.

Міне, осындай отбасында тәрбиеленген 8 ұл-қыздың ортасында өскен Алмас өсе келе аудан орталығындағы №26 орта мектепті тәмамдаған соң, «Автобаза» мекемесі жанындағы жүргізушілер мектебінде дәріс алады. Содан кейін ол еліміздің Қиыр шығысында азаматтық әскери парызын өтеп келеді және аудандық орталық ауруханада жедел-жәрдем бөлімшесінің жүргізушісі болып жұмысқа орналасады.

Тұла бойы жігерге толы жас жігіт өзінің білімін одан әрі жетілдіру мақсатында 1980-1983 жылдары аралығында облыс орталығындағы медициналық училищеде тіс дәрігері мамандығы бойынша арнаулы білім алып шығып, 1986 жылға дейін аудандық ауруханада тіс дәрігері болып абыройлы қызмет істеп, жас та болса бас болып жүреді.

Ал, отанасы Раяш Шәкенқызының шыққан тегіне зер салсақ, ол өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарында еліміздегі ұсақ ауылдарды біріктіру мақсатында жүргізілген саясат қорытындысымен ірілендірілген қазіргі Иіркөл ауылының алғашқы төрағасы Есенбек атамыздың баласы, бар саналы өмірін осы ауылдың өсіп-өркендеуіне арнап, ел құрметіне бөленген Шәкен ағамыз бен Үрліхан анамыздың отбасында тәрбие алған үш баланың үлкені. Раяш Шәкенқызы да аудан орталығындағы №26 орта мектепте Алмас ағамызбен бірге бір сыныпта білім алады. Ол да аталмыш мектепті тәмамдаған соң, Қызылорда қаласындағы медициналық училищесін «орта буын медицина қызметкері» мамандығы бойынша бітіреді. Аудан орталығындағы ауруханада операциялық бөлімде өз мамандығы бойынша еңбек етіп жүрген кезінде Алмас Жұбанұлымен шаңырақ көтереді. Перзент сүйеді.

Бірақ, бала кезден арман болған мамандықтарын орта жолда тоқтатып тастауды жөн санамаған екі жас ата-аналарымен ойласа келе, білімдерін одан әрі жетілдіру мақсатында 1986 жылы Алматы қаласындағы медициналық институтқа оқуға түсіп, бірі – стомотология, ал енді бірі – гинекология бөлімінде аталмыш жоғары оқу орнының білікті сала мамандарынан білім алып шығып, 1991 жылы туған елге оралады. Туған халқының денсаулығын нығаюуына үлестерін қосуға еңбек етеді.

Арада жылжып, ай мен жыл өтті. Кешегі жас мамандар алғаш аудандық ауруханаға келгенде бауырына басып, ақыл-кеңесін берген ұстаздарының бүгінде қатары сиреді. Тіпті, қазіргі таңда өздері сол аға-апаларының орнын басты деуге болады.

Алмас Жұбанұлы бүгінде ауданның бас стомотологы, амбулаториялық емханалық қызметі бар аудандық емханада стомотология бөлімшесінің меңгерушісі, бөлімде қызмет ететін 10-ға жуық маманның ақылшы ұстазы. Ел әлеуетінің өсіп-өркендеуіне қосқан перзенттік парызы үшін ол ҚР-сы Президенті сайлауларында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан екі рет алғыс алса, 2017 жылы тәуелсіз еліміздің медицинасын дамытудағы қажырлы еңбегі үшін «ҚР-ның еңбек сіңірген дәрігер-стомотологі» төсбелгісімен, бірнеше рет облыс және аудан әкімдіктері мен салалық басқармалардың құрмет грамоталары және алғыс хаттарымен марапатталды. Сонымен бірге, білікті сала маманы «ҚР-сы Тәуелсіздігіне–20, 25 жыл» мерекелік медальдарының иегері атанды.

А.Қаржаубаев майталман маман аудан жұртшылығына тек медицина саласының білгірі ретінде ғана емес, өңірімізде шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға да белсене аралысып жүрген азамат ретінде танылған тұлға. Бүгінде оның «Абылай» шаруа қожалығы мемлекеттік «Сыбаға» бағдарламасы бойынша несие алып, 70-тен астам мүйізді ірі қара малын асылдандыру бағытында жемісті еңбек етуде. Екі отбасыны тұрақты жұмыспен қамтып, олардың толықтай жұмыс істеуіне жағдай жасауда. Сонымен бірге, Қамбар ата тұқымын да көбейтуге еңбек етуде.

Алмас Қаржаубаевтың тағы бірі қырына тоқталар болсақ, ағамыз аудандық мәслихат депутаты, аудандық қоғамдық кеңес мүшесі және аудандық «Қармақшы-Даму» кәсіпкерлер бірлестігінің төрағасы ретінде өңір дамуының өркендеуіне сүбелі үлесін қосып келе жатқан атпал азамат. Туған халқының әлеуетін арттыру мақсатында аудандық депутат ретінде өзі сайланған учаске сайлаушыларының мұң-мұқтажын құзырлы органдарға дер кезінде жеткізіп, оның орындалуына аянбай еңбек етуінің арқасында ел құрметтеген халық қалаулысы атанды.

Ал, енді «аудан сәбилерінің анасы» деген үлкен құрметке ие болған Раяш Шәкенқызының туған еліне сіңірген еңбегі жайлы айтар болсақ, 1991 жылдан бері ауданда дүниеге келген сәбилеріміздің тең жартысы осы аялы алақан иесінің қолымен жарық дүние есігін ашты десек артық айтқандық емес. Расында да, майталман маманның 31 жылдан бері бар саналы өмірін арнап келе жатқан мамандығы бойынша талай баланың екінші анасы атанды.

«Еңбек – түбі береке» дегендей, еңбек ешқашан елеусіз қалмайды. Міне, Раяш Шәкенқызы да өзінің өмірлік жары Алмас Жұбанұлы сияқты туған елінің өсіп-өркендеуіне арнаған ерен еңбегі үшін көптеген алғыс пен мадақтамаларға ие болған білікті маман. Киелі өлке тұрғындарының денсаулығын нығайтуға қосқан жемісті еңбегі үшін 2016 жылы ҚР Құрмет грамотасымен марапатталса, алдыңғы жылдарда ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің, сонымен бірге облыс, аудан әкімдерінің құрмет грамоталары мен алғыс хаттарына ие болды. Ал, 2014 жылы аудан әкімінің «Жылдың үздік дәрігері» номинациясының иегері атанды.

– Біз бақытты ұрпақпыз. Олай дейтінім, біз ғасырлар бойы ата-бабамыз армандап өткен тәуелсіздікке қол жеткізіп, сол арман еткен қоғамда өмір сүріп келеміз. Лайымда осы күніміз ұзағынан болғай. Расында да, өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарының ортасында Ақтөбе өңірі қазақтарының ұйымдастыруымен сталиндік саясатқа қарсы өткізген «Қарақұм көтерілісінде» хабарсыз кеткен атам Қаржаубай, 1939 жылы Отан алдындағы азаматтық парызын атқарып жүрген кезінде КСРО мен Финляндия мемлекеттері арасында өткен соғысқа қатысушы, сондай-ақ Ұлы Отан соғысында, яғни 1943 жылы өзі қызмет еткен әскери бөліммен бірге неміс шапқыншыларының тұтқынына түсіп, 1945 жылы АҚШ әскерінің көмегімен босанып елге келген, бірақ сол кездегі солақай саясаттың салдарынан «халық жауы» ретінде еліміздің Қиыр Шығысында жапон елімен өткен соғысқа қатысып, аман-есен елге оралған Жұбан майдангердің ұрпағымыз. Соғыс жылдарында Қызылтам елді мекені тұрғындары арасында «кендірком» аталып кеткен, яғни кендірден есілген арқан шығарған комбинаттың бастығы, үш жүзге пір атанған әйгілі Марал ишанның қалпесі болып қызмет еткен Есенбай атамыздың баласы Айдарханның қызы Дәмеліден өрбіген 8 ұл-қыз бүгінде тәуелсіз еліміздің өсіп – өркендеуіне сүбелі үлесімізді қосып келе жатқан жайымыз бар. Ата-анамыз медицина саласында еңбек етпегенімен, жоғарыда айтып өткенімдей, Марал ишанның қалпесі, емшілік қасиетімен елге танылған нағашы атам Есенбайдың ұрпағымыз. Міне, бүгінде Қаржаубаевтар әулетінде туған апайым Тұрар және мен, жарым Раяш, сонымен бірге қызым Зухра мен кіші ұлым Абылайхан медицина саласын таңдадық, – деді А. Қаржаубаев.

Иә, адамзат баласы бұл фәниге пенде болып келген соң, әрине, ұрпақ өрбітіп, олардың өзі өмір сүрген қоғамнан орындарын нықтап табуына еңбек етуі тиіс. Бұл ретте, мақала кейіпкерлері Алмас ағамыз бен Раяш апайымыз қалыс қалған емес. Тұңғышы Спартак Ақтау қаласында отбасымен тұрып жатса, қызы Зухра да жанұялы. Қазіргі таңда Қызылорда қаласындағы облыстық медициналық орталықтың нейроинсульт бөлімінде невропотолог әрі доплер Узи дәрігері болып қызмет істеуде. Ортаншы ұлы Талғат жоғары білімді маман, қазіргі таңда отбасылық шаруашылықты басқарады. Яғни «Абылай» шаруа қожалығының барлық шаруасы оның басқаруында. Ал, оның жары, отбасының инабатты келіні Анар болса енесі Раяш Шәкенқызының қолқанаты. Сондай-ақ, отбасының кішісі Абылайхан Ақтөбе қаласындағы мемлекеттік медициналық академиясының 5-курс студенті. Балаларының барлығы да жоғары білімді.

Мен өткен сенбі күні кешке Алекеңнің отбасында болдым. Ол кісі бөлмесінде «Астана» арнасындағы жаңалықтарды тамашалап отыр екен. Жөн сұраса отырып, ауыл ахуалына да назар салдық. Ел жаңалықтарын да сараладық. Оңтүстік Кореяда өтіп жатқан қысқы олимпиадада ел намысын қорғап жүрген қазақстандықтардың өнері жайлы айттық. Тіпті, Сыр медицинасындағы толымды жаңалықтармен де таныстырды. Отбасылық шаруашылықтың жаңалықтарына да қанықтырды. Әңгіме арасында Раяш апайымызды сұрап едім. Ол маған күле қарап: «Ә, манадан бері сені неге жан-жағына алаңдап отыр десем,қайын апаңды іздеп отыр екенсің ғой пәтшағар. Апайың қазір Қызылорда қаласында, біліктілігін арттыруға кетті. Бүгін тест тапсырып жатқан шығар. Бірер күннен соң келіп те қалар», – деді әңгіме артын әзілге айналдырып. Алекең екеуміз түннің бір уағына дейін әңгімелесіп отырып қалыппыз. Сағат тілі түнгі 12-ден асып түсіпті. Ағайдың жүзінен мен шаршаңқылықты көрдім. Сәлден соң мен де үйіме қайттым.

Нұрбай ӘБІЛАХАТҰЛЫ,

«Қармақшы таңы».


Қазақстан - Қызылорда

Опубликовано: 20 февр. 2018 г.

Мемлекет басшысы кезекті жолдауында «адами капиталды – жаңғырудың негізі» деп атап көрсетіп, онда денсаулық сақтау жүйесін жетілдіруге мән беру қажеттігін тапсырды. Бұл бірінші кезекте дені сау ұлттың қалыптасуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ жекеменшік медицинаны дамыту – бұл қызмет сапасын арттырады. Елбасы саяси салмағы басым 100 нақты қадам тапсырмасындағы 81-ші қадамда осындай міндет жүктеді. Бәсекелестікті арттыра отырып, медициналық қызмет деңгейін көтеру осы саланың қарыштап дамуына септігін тигізеді. Осы орайда аймағымызда және бір жеке емдеу орталығы халыққа қызмет көрсете бастады.

БІЗДІҢ БІЛІКТІ ДӘРІГЕР

Тұрғанбай Маханов есімі өңіріміздің денсаулық сақтау саласында етене таныс. Саналы ғұмырында айналасына мейірім шуағын төгіп, санмыңдаған білікті шәкірттер тәрбиеледі. Қаншама науқасқа шипа дарытты. Ерен еңбегінің арқасында мемлекеттік деңгейдегі марапаттауларға да қол жеткізді. Атап айтқанда,1982 жылы «Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген дәрігер» атағы, «Құрмет белгісі», «Халықтар достығы», «Құрмет» ордендерін, СССР және ҚазССР «Денсаулық сақтау саласының үздігі» белгісін омырауына тақты. Ұзақ жылғы еңбегі елеусіз қалған жоқ. Бүгінде ол «Облыстың құрметті қайраткері», облыстың «Құрметті» азаматы. ҚР Тәуелсіздігінің 10 жылдығында, Астана қаласының 10 жылдық мерейтойында Елбасының «Алғыс хатымен», облыс әкімі мен облыстық мәслихаттың «Алғыс хатымен» марапатталды.

Тұрғанбай Маханұлы – Сырдария ауданының тумасы. Қызылорда қаласындағы №1 мамыр мектебінде білім алған. Ақтөбе қаласындағы медициналық институтты тәмамдаған. Еңбек жолын Жалағаш аудандық ауруханасында бастаған. Аталмыш ауруханада екі жылдан астам қызмет атқарып, облыстық денсаулық сақтау бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметіне тағайындалады. Еңбекқор дәрігер орынбасарлықтан облыстық аурухананың бас дәрігері, облыстық медицина орталығының директоры болып қызмет атқарады. Сондай-ақ, бас дәрігерлікпен қатар облыстық денсаулық сақтау басқармасына басшылық етеді. Бүгінде құрметті зейнет демалысында. Зейнетке шықса да, жұмыссыз емес. Медицина саласының дамуына сүбелі үлес қосуда. Ол облыстық медициналық орталықтың Құрметті директоры-кеңесшісі қызметінде.

– Бүгінде медицина саласы қарқынды дамуда. Өңірімізге ота жасайтын көптеген аппараттар келді. Дәрігер боламын деген маман білікті болуды мақсат тұтқан жөн. Себебі адам жанына араша түсу, өмірін сақтау дәрігердің борышы, және дәрігердің мейірімді де кішіпейіл болғаны жөн деп білемін. Науқастың жан-дүниесін түсініп, демеу білдіру дәрігерге артылатын жүк. Денсаулық сақтау саласының сапалы дамуы, халық денсаулығының жақсаруы жоғары білікті дәрігер еңбегінің жемісі, – дейді Т.Маханов.

Өз ісінің білгірі 1964-1976-1991 жылдары бірнеше рет ауылдық, қалалық және облыстық кеңеске, сонымен қатар 1989 жылы КСРО Жоғары кеңесіне депутат болып сайланған. Ол халық қалаулысы ретінде өзекті деген мәселелерді қозғап, оңтайлы шешілуі үшін үлкен жұмыстар атқарды. 1978 жылы Алматы қаласында өткізілген Дүниежүзілік денсаулық ұйымының халықаралық конференциясында, сондай-ақ, София қаласында өткен әлемдік денсаулық сақтау ұйымының мәжілісінде республика атынан сөз сөйлеп, қазақ жерінің, елінің хал-ахуалымен бірге Арал аймағы экологиясының медициналық аспектілері жайын көтерген. Ол 1980-1991 жылдар аралығында КСРО денсаулық сақтау министрлігінің орта медициналық білім беру комиссиясының мүшесі болды.

Оның өмір жолынан байқағанымыздай, ол жан жүрегімен дәрігер болды. Уақытпен санасу дегенді білмейтін адам жанының арашасы абырой биігінде жастарға қашанда үлгі бола бермек.

Мөлдір САБЫРЖАН

https://aqmeshit-zhastary.kz/zanalyk/suhbat/1308-bzd-blkt-drger.html

Серікбай Смағұлұлы

Опубликовано: 20 февр. 2018 г.

Қызылорда облыстық бірыңғай медициналық Call-орталығы туралы "Қоғам ТВ" хабары.

АКЦИЯ АЯСЫНДА КЕҢЕС БЕРІЛДІ


№1 қалалық емханаға қарасты Қызылорда қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі қызметкерлері арасында «Обырсыз өмір!» ұранымен кең ауқымды акция өткізілді.
Дүниежүзілік қатерлі ісік ауруларының алдын алу мақсатында ұйымдастырылған акцияда қызметкерлердің артериялық қан қысымы, антропометриялық өлшемдері, қандағы қант пен холестерин мөлшері тексерілді. Акция барысында 57 адам қамтылып, қан қысымы, қант мөлшері, холестерині жоғары болғандарға аймақтық емханаларға жолдама берілді. Тақырыптық ақпараттық-танымдық материалдар таратылды.

Индира АХМЕДОВА,
№1 қалалық емхана қызметкері.

https://tirshilik-tynysy.kz/zanalyk/1265-akciya-ayasynda-kees-berld.html


ЖОЛДАУДА ЖҮКТЕЛГЕН МІНДЕТТЕР ҚЫЗМЕТ САПАСЫН АРТТЫРАДЫДенсаулық сақтау саласы адам өмірімен тығыз байланысты болғандықтан аталған сала үлкен жауапкершілікті талап етеді. Оның үстіне медицинада заманауи технологиялар қатары да артып келеді. Жыл сайын үлкен жаңалықтар енгізілетін бұл саланың қыр-сыры мен жергілікті тұрғындардың денсаулығын жақсарту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстармен танысу үшін амбулаториялық-емханалық қызметі бар аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Әсия Бекбергеновамен сұқбаттасқан едік... 

– Әсия Мүсілімқызы, кемел келешегімізді қалыптастыруда барлық сала бойынша әлемдегі озық технология үлгілері қолданысқа енгізіліп жатқанын және халық денсаулығын нығайту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Жалпы денсаулық сақтау саласын дамытуда аудан көлемінде қандай жұмыстар атқарылуда?

– 2016-2019 жылдарға арналған "Денсаулық" мемлекеттік бағдарламасы аясында ауданның денсаулық сақтау саласында медициналық қызметті жетілдіру, медициналық қызмет сапасын арттыру, халықты қолжетімді медицинамен қамтамасыз ету, профилактикалық медицинаны дамыту, аурудың алдын алу шаралары мен алғашқы медициналық көмекті жетілдіру және ана мен бала денсаулығын қорғау бойынша тиісті жұмыстар жүзеге асуда. Қазіргі таңда аудан халқына – аудандық орталық аурухана, 4 ауылдық аурухана, аудандық орталық емхана, 10 дәрігерлік амбулатория, 4 фельдшерлік-акушерлік және 3 медициналық бекет сапалы қызмет көрсетіп келеді. Бұл саланың үлкен жауапкершілікті талап ететін сезінген мамандарымыз да барынша сапалы қызмет көрсету жолында аянбай еңбек етуде. 

– Қанша маман жұмыс жасайды?

– Аудандағы емдеу және алдын алу ұйымдарында 92 жоғары білімді дәрігер жұмыс жасайды, 10 мың тұрғынға шаққанда дәрігермен қамтылу деңгейі 26 пайызды құрап отыр. Оның ішінде 36 дәрігердің біліктілік санаттары бар, жоғарғы санатта 18 маман, І санат бойынша 12, ІІ санат бойынша 6 маман халыққа сапалы қызмет көрсетуде. Жалпы аудан бойынша 479 орта буынды медицина қызметкері жұмыс жасауда, орта буынды медицина қызметкерлерімен қамтылу 100 пайыз орындалды деп айтуға болады. Сондай-ақ, олардың 30 пайызының біліктілік санаттары бар.

– Қазір медицина саласына озық технологиялар мен тың жаңалықтар енгізілгелі мамандардың біліктігі басты назарда болатыны белгілі. Осы орайда денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің біліктілігін арттыру бойынша қандай шаралар қолға алынуда? 

– Өткен жылы 26 дәрігер мен 148 орта буын медицина қызметкері өз білімін жетілдірді. Сондай-ақ, 3 дәрігер қайта даярлау курсынан өтті. Медициналық қызметтің сапасын арттыру мақсатында және сала жұмысын жетілдіре түсу назарымыздан тыс қалмайды. Облыстық медициналық мекемелермен де байланыс орнатып, мамандар арасында тәжірибе алмасулар, семинар-кеңестер, арнайы дәрістер тұрақты түрде өткізілуде. Мырзабай ахун, Бұқарбай батыр, Таң және Есет батыр ауылындағы дәрігерлік амбулаторияларға жаңадан дәрігерлер жұмысқа орналасты. Сонымен қатар, 2017 жылғы бітірген түлектер арасынан аудандық аурухананың реанимация бөліміне 1 дәрігерді қайта даярлау курсында оқытылып, жұмысқа тартылды. Мұның барлығы науқастарға сапалы қызмет көрсету мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар деп ойлаймын.

– Мемлекет келешек үшін маңызды салалардың бірі болғандықтан медицина мен білім саласына қыруар қаржы бөледі. Жалағаш та бұл тұрғыда тапшылық көрмейді деп ойлаймыз. Жалпы бөлінген қаржы денсаулық саласын жақсартуда қаншалықты оң әсерін тигізуде?

– Жалағаш аудандық денсаулық сақтау саласына бюджеттен бөлінген қаржы көлемі өткен жылы 1 млрд 505 млн 128 мың 600 теңгені құрады. Оның ішінде республикалық бюджеттен 1 млрд 240 млн 179 мың 800 теңге қаралса, облыстық бюджеттен 178 млн 814 мың 800 теңге бөлінді. Сонымен қатар, мемлекеттік кәсіпорындарды материалдық-техникалық тұрғыда қамтамасыз етуге 12 мектепке 8 млн 400 мың теңге қаржы қаралып, медициналық құрал-жабдықтар сатып алынды. «КМИС» бағдарламасы бойынша 75 компьютерге 10 млн 142 мың 200 теңге қаралып, мекеме есебінен 20 компьютер сатып алынып, қызметкерлер техникамен толық қамтамасыз етілді. Жол карталары бойынша барлық медициналық құрал-жабдықтарға 55 млн 701 мың теңге қаржы жұмсалды. Мекеме есебінен 1 млн 832 мың 80 теңгеге медициналық құрал-жабдықтар сатып алынды.

– Аудан халқына көрсетіліп жатқан медициналық қызмет нәтижесі қалай?

– Медициналық қызметтің нәтижесін демографиялық көрсеткіштер арқылы байқауға болады. Өткен жылы аудан бойынша 699 бала дүниеге келді. Былтыр сәби өлімі бойынша 5 жағдай тіркелді, оның ішінде 4 жағдайды жаңа туылған нәрестелердің ақаулармен туылуы себепкер болып отыр. Осы орайда, туу жасындағы әйелдерге өз денсаулықтарына, дені сау ұрпақ әкелуге аса мән беріп қарауға шақырғым келеді, атап айтқанда, жүктілікті жоспарламас бұрын алдын-ала тексеріліп, созылмалы сырқаттарын сауықтырып барып, ана болуды жоспарласа дүние есігін ашатын сәбидің де дені сау болып туылары хақ. Сондай-ақ, аудан бойынша 194 адам көз жұмды. Алдыңғы жылы марқұм болғандардың қатары 214-ке жеткен еді. Олардың ішінде 37-сі жүрек-қан тамыр ауруларынан қайтыс болса, қатерлі ісік ауруларынан 25 адам көз жұмды. Біз науқастардың сауығуы үшін алдағы уақытта барлық жағдайларды жасаймыз. Өткен жылы да денсаулық сақтау саласының мамандары аз жұмыс жасаған жоқ. Нәтижесінде, қайтыс болғандар қатары төмендеді. Осы жылы да тиісті жұмыстар жалғасын табады. 

– Тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету шаралары біздің өңірде қаншалықты жүзеге асуда?

– Аудан бойынша тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін «Д» есепте тұратын 5026 науқасқа сұраныс берілген болатын. Бүгінде 4064 науқас тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді. Осы орайда оларға 100 млн 926 мың 918 теңгеге 17 мың 140 рецепт жазылды. Бөлінген дәрі-дәрмектер 100 пайыз толықтай игерілді.

– Ауданда жалпы суицид, яғни өз-өзіне қол жұмсау жағдайы тіркелді ме? Жалпы бұл кеселмен қалай күресудесіздер?

– Өз-өзіне қол жұмсау жағдайлары еңбекке қабілетті жастағы тұрғындарымызды қамтып отырғандықтан, халықтың әлеуметтік-психологиялық жағдайларына көңіл бөлу бағытында облыстық денсаулық сақтау басқармасы бекіткен жол картасы аясында жасалып жатқан жұмыстар жетерлік. Осы бағытта аудан бойынша 4 маман-психолог жұмыс жасауда. Сонда да болса, суицидтен қайтыс болғандар салмағы жыл сайын төмендемей отырғанын мойындауымыз керек, өткен жылы өзіне-өзі қол жұмсау әрекетімен барлығы 17 жағдай тіркелді, соның ішінде балалар мен жасөспірімдер арасында өз-өзіне қол жұмсап, қайтыс болу жағдайлары тіркелген жоқ.. 

– Жыл басында Елбасы Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Саяси құжатта Мемлекет басшысы заманауи технологиялар барлық саланың жұмысын оңтайландыратынын жеткізіп, үздік денсаулық сақтау ісі және дені сау ұлт жайына ерекше тоқталды. Жалпы Жолдау денсаулық сақтау ісін ілгерілетуде қандай міндеттер жүктейді? 

– Елбасы айтқандай, халықтың өмір сүру ұзақтығының өсуіне және медициналық технологиялардың дамуына байланысты медициналық қызмет көрсетуге деген сұраныс арта түсетін болады. Расында, бүгінгі денсаулық сақтау ісі қымбатқа түсетін стационарлық емге емес, негізінен аурудың алдын алуға бағытталуы қажет. Себебі, біз салауатты өмір салтын насихаттай отырып, қоғамдық денсаулықты басқару ісін күшейтуіміз қажет. Сондай-ақ, жастардың репродуктивті денсаулығын қорғауға және нығайтуға ерекше назар аудару – бүгінгі күннің талабы. Жалпы Елбасы саяси құжатта тек медицина саласының қайтсе ісі алға басатынын емес, барлық сала бойынша тиімді жұмыс жасаудың үлгісін көрсетіп берді. Жолдауда жүктелген міндеттер жүзеге асса, халықтың денсаулығы жақсарып, әрбір салада толайым табысқа жетеріміз анық.

Сұқбаттасқан Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ.

 

https://zhalagash-zharshysy.kz/zanalyk/suhbat/862-zholdauda-zhktelgen-mndetter-yzmet-sapasyn-arttyrady.html


Қазақстан - Қызылорда

 

Сыр өңіріне жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева сала мамандарымен жүздесті. Елбасы жолдауынан туындаған міндеттер жөнінде сөз қозғап, денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру бағытындағы жоспарларымен бөліскен вице-министр аймақтағы ахуалға оң бағасын берді.

АЛЛО, БҰЛ 103 ПА?

Жедел-жәрдем дегенде көз алдымызға жүйткіген көлікпен науқас жандарға көмекке асыққан ақ халатты абзал жандар елестейді. Біреудің өміріне араша түсуге асығып бара жатқанын көресің де, қобалжи бастайсың. Өйткені «жылдам көлік» жаны қиналған кісіге асығып барады. Осындай халық алдындағы міндетін қалтқысыз орындап жүрген жандарды жазғыратындарымызда аз емес. Осыған байланысты жедел-жәрдемнің бір күндік қызметін көруге бел будық.

Біз жедел-жәрдем бөліміне барғанда шамамен ымырт үйірілген шақ еді. Есік алдында белгіленген үш бригаданың біреуі ғана болды. Қалған екеуі шақыртумен кеткен екен. Кіре бергенім сол еді№60 бригаданың екі фельдшері де шақыртуға жиналып жатыр екен. Жөн сұрасып, біліскеннен кейін жолға шықтық. Баратын мекен-жайымыз – Батыс көшесі, №8 үй. Науқастың есімі – Мырзалы Аманжолов. Жол бойғы әңгімеміз осы кісі жайында болды. Науқастың дерті біраз жылдан бері дендеп келе жатқанға ұқсайды. Асқазанның обыр дертіне шалдыққан. Күніне осы науқастан2-3 рет шақырту түсетінін жасырмады жедел жәрдемдіктер.Сонымен біз белгіленген мекен-жайға да келіп жеттік. Қызметкерлер шалт қимылдап, төргі бөлмеге өтті. Керуерт үстінде жасы егде тартқан, өңі бозарған қария жатыр. Қасында қызы мен жұбайы зыр жүгіріп жүр. Жедел-жәрдем қызметкерлерінің бірі дереу қан қысымын өлшеуді қолға алса, екіншісі дәрі-дәрмек әзірлеп жатты. Қарияның жанына батқан дерттің бетін қайтарып жеделжәрдемдіктер қайта жолға шықты.

21:38. Бөлімге келгеніміз сол еді фельдшердің телефонына тағы да шақырту үсті. Бағытымыз- Қармақшы көшесі, №8 үй. Бұл жолы да көптен бері төсек тартып жатқан науқас Роза Тұрдалиеваның үйіне бардық. Оның диагнозы бүйрек үсті безінің қатерлі ісігі. Жағдайы орташа деңгейде. Науқастың ауруы жанына батпаса дәрігерлерді жөнсіз мазаламайтын көрінеді. Көрсетілген емнен кейін бөлімшеге бет алдық.

22:02. Бөлімге жетпей жатып тағы да хабарлама келді. Бұл жолғы шақырту Марал баба көшесі, № 19 үйдің тұрғыны Д.Дагировтен еді. Науқастың қан қысымы көтерілген. Фельдшерлер өздерінің алғашқы көмегін көрсетіп жатты.Науқастың жанында бақылып, әдеттегіден ұзағырақ отырды. Науқастың көңілі жайланғаннан кейін бөлімшеге қайта келдік.

23:45. №59 бригада жедел-жәрдем бөліміне жетті. Жүздерінен шаршаңқылық байқалады. Соған қарағанда «Шақырту» көп болғанға ұқсайды. Бұл топ кешкі сағат 17:00 ден түнгі 24:00 ге дейін қызмет көрсетеді.

00:03 №59 бригада қайтатын шағында тағы да шақырту түсті. Бір емес екі бірдей көлікпен екі бригада баруға міндеттелді. Шақыртудың себебі бір әйел мен екі баланың көмірқышқыл газынан иістенуі. Дәрігерлердің айтуы бойынша балалардың жағдайы орташа. Бірақ әйелді ауруханаға әкелуге тура келді.

Жарты сағатқа жуық бөлімшеде отырдық. Күн ұзақ безілдеп қоймағандиспечер Айнагүл Ақболтаеваның да телефоны тынышталды.

- Қазіргі күні біздің жедел-жәрдем бөлімі облысқа қарайды. Шақырту бірінші кезекте сол жаққа түседі, содан кейін бізге баяндалады. Күніне 60-70 шақырту болады. Қазір таңғы 8-ден бері 46 шақырту тіркелді. Ауру атаулы түнде қозады. Мейрам күндері тіпті көбейеді. Тамақтан улану, күйіп қалу, тағы басқа. Бүгін балалардан келген шақырту аз. Ылғи ересектер. Кейде үш бригаданың үшеуі де шақыртумен кетіп қалып жатады. Сол кездебөлімде жалғыз өзім қаламын,-деп А.Ақболтаева ағынан жарылды.

Тыныштық. талай дерттің бетін қайтарған жеделжәрдемдіктер тоңа бастады. Үлкен шаруаны тындырғаны жүздерінен байқалады. Күрес. Дертпен күрес. Бұл ақхалаттылардың күнделікті тірлігі. Тынымсыз тіршілікте бұл кісілердей жанталаса жүріп жұмыс істейтіндер аз. Уақытпен санаспай, түн-күн демей өңір халқының саулығы үшін күресіп келеді. Былайғы жұрт жеделжәрдемдіктерге сын айтқыш. Сынды айту оңай, ал тірлік ету бір бөлек. Дерт атаулы тыншыған уақытта жедел-жәрдем қызметі туралы әңгіме тарқатыла бастады. Алдымен жүргізушілер назын жеткізді.

- Тұрғындар бізді кешігіп барады деп жатады көбіне. Біз кешікпейміз. Себебі бізді телефон арқылы, GPS арқылы қай жерде бара жатқанымызды, қай кезде шыққанымызды облыстан бақылап отырады. Кейде кешігетін жайттар болады. Көшені тапқанмен үйді таппай әлекке түсеміз. Нөмірсіз үйлер көп. «Пәленшенің» үйінің жанында дейді. Жобалап барамыз, әйтеуір. «Жастар» көшесі, «Мөлтек», «Жол бойы» көшелеріне барсаңыз, шақырту түскен үйді табу аса қиын... Болмаған соң «есіктің алдына шығып тұрыңызшы» деп өтініш айтамыз. Осы жайға мән берілсе дейміз.Тағы айта кетері, темір жолды кесіп өтетін шойын жолдың үстінен көпір салынса. Біз күткенмен, науқас күтпейді. Кейде бір пойыз, кейде бірнеше пойыз өткенде ғана ұзақ кідіруге тура келеді. Әйтпесе, көлігіміз бен өзіміз шақыртуға дайын тұрамыз ғой»,-деді жедел- жәрдем жүргізушілері.

Иә, не нәрсені көзбен көрмей, тон пішуге болмайтынын тағы да білгендейміз.Уақытпен санаспай жұмыс істейтін ақхалаттылардың жанында жүріп, біраз жағдайға да қанық болдық. Жедел жәрдемшілер шынында да жан арашашысы екен.

Арайлым АБАЙҚЫЗЫ.

https://qarmaqshy-tany.kz/kogam/970-allo-bl-103-pa.html