Ауа райы
Мерекелер
Сіз емшіге қаралдыңыз ба?

Қазақстан - Қызылорда

 

Сыр өңіріне жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева сала мамандарымен жүздесті. Елбасы жолдауынан туындаған міндеттер жөнінде сөз қозғап, денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру бағытындағы жоспарларымен бөліскен вице-министр аймақтағы ахуалға оң бағасын берді.

АЛЛО, БҰЛ 103 ПА?

Жедел-жәрдем дегенде көз алдымызға жүйткіген көлікпен науқас жандарға көмекке асыққан ақ халатты абзал жандар елестейді. Біреудің өміріне араша түсуге асығып бара жатқанын көресің де, қобалжи бастайсың. Өйткені «жылдам көлік» жаны қиналған кісіге асығып барады. Осындай халық алдындағы міндетін қалтқысыз орындап жүрген жандарды жазғыратындарымызда аз емес. Осыған байланысты жедел-жәрдемнің бір күндік қызметін көруге бел будық.

Біз жедел-жәрдем бөліміне барғанда шамамен ымырт үйірілген шақ еді. Есік алдында белгіленген үш бригаданың біреуі ғана болды. Қалған екеуі шақыртумен кеткен екен. Кіре бергенім сол еді№60 бригаданың екі фельдшері де шақыртуға жиналып жатыр екен. Жөн сұрасып, біліскеннен кейін жолға шықтық. Баратын мекен-жайымыз – Батыс көшесі, №8 үй. Науқастың есімі – Мырзалы Аманжолов. Жол бойғы әңгімеміз осы кісі жайында болды. Науқастың дерті біраз жылдан бері дендеп келе жатқанға ұқсайды. Асқазанның обыр дертіне шалдыққан. Күніне осы науқастан2-3 рет шақырту түсетінін жасырмады жедел жәрдемдіктер.Сонымен біз белгіленген мекен-жайға да келіп жеттік. Қызметкерлер шалт қимылдап, төргі бөлмеге өтті. Керуерт үстінде жасы егде тартқан, өңі бозарған қария жатыр. Қасында қызы мен жұбайы зыр жүгіріп жүр. Жедел-жәрдем қызметкерлерінің бірі дереу қан қысымын өлшеуді қолға алса, екіншісі дәрі-дәрмек әзірлеп жатты. Қарияның жанына батқан дерттің бетін қайтарып жеделжәрдемдіктер қайта жолға шықты.

21:38. Бөлімге келгеніміз сол еді фельдшердің телефонына тағы да шақырту үсті. Бағытымыз- Қармақшы көшесі, №8 үй. Бұл жолы да көптен бері төсек тартып жатқан науқас Роза Тұрдалиеваның үйіне бардық. Оның диагнозы бүйрек үсті безінің қатерлі ісігі. Жағдайы орташа деңгейде. Науқастың ауруы жанына батпаса дәрігерлерді жөнсіз мазаламайтын көрінеді. Көрсетілген емнен кейін бөлімшеге бет алдық.

22:02. Бөлімге жетпей жатып тағы да хабарлама келді. Бұл жолғы шақырту Марал баба көшесі, № 19 үйдің тұрғыны Д.Дагировтен еді. Науқастың қан қысымы көтерілген. Фельдшерлер өздерінің алғашқы көмегін көрсетіп жатты.Науқастың жанында бақылып, әдеттегіден ұзағырақ отырды. Науқастың көңілі жайланғаннан кейін бөлімшеге қайта келдік.

23:45. №59 бригада жедел-жәрдем бөліміне жетті. Жүздерінен шаршаңқылық байқалады. Соған қарағанда «Шақырту» көп болғанға ұқсайды. Бұл топ кешкі сағат 17:00 ден түнгі 24:00 ге дейін қызмет көрсетеді.

00:03 №59 бригада қайтатын шағында тағы да шақырту түсті. Бір емес екі бірдей көлікпен екі бригада баруға міндеттелді. Шақыртудың себебі бір әйел мен екі баланың көмірқышқыл газынан иістенуі. Дәрігерлердің айтуы бойынша балалардың жағдайы орташа. Бірақ әйелді ауруханаға әкелуге тура келді.

Жарты сағатқа жуық бөлімшеде отырдық. Күн ұзақ безілдеп қоймағандиспечер Айнагүл Ақболтаеваның да телефоны тынышталды.

- Қазіргі күні біздің жедел-жәрдем бөлімі облысқа қарайды. Шақырту бірінші кезекте сол жаққа түседі, содан кейін бізге баяндалады. Күніне 60-70 шақырту болады. Қазір таңғы 8-ден бері 46 шақырту тіркелді. Ауру атаулы түнде қозады. Мейрам күндері тіпті көбейеді. Тамақтан улану, күйіп қалу, тағы басқа. Бүгін балалардан келген шақырту аз. Ылғи ересектер. Кейде үш бригаданың үшеуі де шақыртумен кетіп қалып жатады. Сол кездебөлімде жалғыз өзім қаламын,-деп А.Ақболтаева ағынан жарылды.

Тыныштық. талай дерттің бетін қайтарған жеделжәрдемдіктер тоңа бастады. Үлкен шаруаны тындырғаны жүздерінен байқалады. Күрес. Дертпен күрес. Бұл ақхалаттылардың күнделікті тірлігі. Тынымсыз тіршілікте бұл кісілердей жанталаса жүріп жұмыс істейтіндер аз. Уақытпен санаспай, түн-күн демей өңір халқының саулығы үшін күресіп келеді. Былайғы жұрт жеделжәрдемдіктерге сын айтқыш. Сынды айту оңай, ал тірлік ету бір бөлек. Дерт атаулы тыншыған уақытта жедел-жәрдем қызметі туралы әңгіме тарқатыла бастады. Алдымен жүргізушілер назын жеткізді.

- Тұрғындар бізді кешігіп барады деп жатады көбіне. Біз кешікпейміз. Себебі бізді телефон арқылы, GPS арқылы қай жерде бара жатқанымызды, қай кезде шыққанымызды облыстан бақылап отырады. Кейде кешігетін жайттар болады. Көшені тапқанмен үйді таппай әлекке түсеміз. Нөмірсіз үйлер көп. «Пәленшенің» үйінің жанында дейді. Жобалап барамыз, әйтеуір. «Жастар» көшесі, «Мөлтек», «Жол бойы» көшелеріне барсаңыз, шақырту түскен үйді табу аса қиын... Болмаған соң «есіктің алдына шығып тұрыңызшы» деп өтініш айтамыз. Осы жайға мән берілсе дейміз.Тағы айта кетері, темір жолды кесіп өтетін шойын жолдың үстінен көпір салынса. Біз күткенмен, науқас күтпейді. Кейде бір пойыз, кейде бірнеше пойыз өткенде ғана ұзақ кідіруге тура келеді. Әйтпесе, көлігіміз бен өзіміз шақыртуға дайын тұрамыз ғой»,-деді жедел- жәрдем жүргізушілері.

Иә, не нәрсені көзбен көрмей, тон пішуге болмайтынын тағы да білгендейміз.Уақытпен санаспай жұмыс істейтін ақхалаттылардың жанында жүріп, біраз жағдайға да қанық болдық. Жедел жәрдемшілер шынында да жан арашашысы екен.

Арайлым АБАЙҚЫЗЫ.

https://qarmaqshy-tany.kz/kogam/970-allo-bl-103-pa.html

КӨЗ АУРУЫНА «КӨЗ ЖҰМЫП» ҚАРАМАЙЫҚ

 

Әлемде көз ауруы ушығып тұр. Әрбір үшінші адам көру мүмкіндігінен айырлуға шақ тұр. Бұрын көз ауруы деген бірен-саран болмаса, кездесе бермейтін. Тіпті, көзілдірік тағатындар сирек соншалық оларға тоқырқай қарайтынбыз.

Елімізде де көзілдірік киетіндер қатары көбейіп келе жатқанға ұқсайды. Шамамен, Қазақстандықтардың 32,3%-ның көзінде ақау бар. Ғалымдар әлі де болса көз ауруына себеп-салдары анықтай алмай отыр. Бірі-қазіргі замандағы сымсыз құрылғылардың әсері десе, енді бірі, елдегі экологиялық жағдайдың салдарынан көреді.

Көзілдірік тағу бір кездері қиямет секілді көрінгенмен, бүгінде екінің бірі көзілдірікке тәуелді бола бастады. Алаңдатыны, тіпті, жастарды айтпағанда мектеп табалдырығын кеше ғана аттаған бүлдіршіндердің көзілдірік тағып, асыр салып ойнап жүргенін жиі көреміз. Бұрынғыдай, көзілдірік таққандарды мазақтап, келеке етіп жатқан да ешкім жоқ. Бұл жайға да көзіміз әбден үйренген сыңайлы. Әрине, техниканың мысы басып тұрған заманда көзге көңіл бөлмей, дертке қалай кез болғаныңды білмей қаласың. Ата-ана өзінің құлағы тыныштығын ойлап, баланың көк жәшік алдында телміріп отыруына, компьютерде ойын ойнауына, ұялы телефон мен планшеттерде сағаттап отыруына жол береді. Күні-түні телефонға, теледидарға шұқшиып отыратын баланың көзі тек жақыннан көруге ғана қалыптасады. Себебі жақыннан көріп үйреніп қалған көз алыстағыны көруге «ерінетін» көрінеді. Бұл ауруды ғылыми тілде-миопия деп атайды. Атаулы дерт қазірдің өзінде балалар арасында дендеп келе жатқан көрінеді. Ата-аналардың қателігі де сол баланың көз ауруларын мектеп жасына жеткен соң ғана анықтауға болады деп ойлайды екен. Сол үшінде балаларды ай сайынғы тексерістен уақытында өтіп, денсаулыққа бей-жай қарамауға мамандар кеңес береді.

Осы мәселеге тұздық ретінде ауданымыздағы мамандардың пікірін білуді жөн көрдік. –

-Ауданымызда туа бітті көзі көрми қалған балалар жоқ. Мұндай жағдаймен Төретам кентінде 6 бала тіркелген. Бұл экологияның әсері шығар деп ойлаймын. Негізінен ондай балалар мерзімінен бұрын дүниеге келіп жатады. Әкесі немесе анасы көзілдірік тағатын болса, міндетті түрде бұл бала да көзілдірік киеді деген сөз. Себебі қай ауру да тұқым қуалайтын ауру түрі. Кейде жүре пайда болып та жатады, кейбірі жанарларынан абайсызда айырылып қалады. Мысалы, тас тиген, отшашу, жебе т.б. Егер осындай жағдайлар болып, ертерек қамданса мүлдем көрмей қалудың алдын алуға болады. Себебі мұндай көз дерті жазылады, ал туа бітті көрмей қалған балалардың жазылуы сирек кездеседі.Бір жағынан, дамыған заманда компьютерсіз, телефонсыз жүре алмаймыз. Күндіз-түні соған байлаулымыз. Кейбір оқушылар көзілдірік кигісі жоқ, кейде ата-аналардың қалтасы көтермей дерті одан сайын асқындырып алып жатады. Көзге кішкене демалыс жариялап тұру керек. Күніне 15 минуттан артық экран алдында отырмағанымыз жөн және көзімізге арнайы гимнастикалар жасап тұру керек- дейді аудандық емхананың балалар офтальмологі Зағипа Көпбергенова.

-Біздің мектепте көзілдірік тағатын оқушылар бар. Бірақ саусақпен санарлық қана. Тұқым қуалайтын болғаннан кейін, әкесінен не анасынан берілген болуы керек. Кейбір оқушылар көзілдірік тағуға қысылып, ұялып, басқа оқушылардан оқшауланып өзімен-өзі жүреді. Ондай жағдайды болдырмас үшін, мектепте әрбір сыныпқа алдын ала түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. «Екі көзің -шырағың» деп тегін айтылмаса керек, сондықтан көзімізді барынша сақтағанымыз абзал- дейді №183 орта мектептің психологі Г.Нұрланқызы.

-«Бала-болашағымыз. «Баламыз көштен қалмасын, қатарынан кем болмасын» деген желеумен қолына арзаны бар, қымбаты бар, әлімізге қарай ұялы телефон ұстатып қойдық. Мектептен «Ұялы телефон ұстауға болмайды» деген ескертпеге, «баламыздың қайда жүргенін, не істеп жүргенін біліп отыруымыз керек» деген сылтау дайын тұр. Бала ұялы телефоннан не көріп жүр, кіммен не туралы сөйлесіп жүр, оған аса мән бермейміз. Балаларымыз өз денсаулығын көз алдымызда құртып жатқанын білсек те, түк етпейміз.Қазіргі кезде тайға таңба басқандай көрініп тұрғаны – оқушылар арасында көздің көруінің нашарлап бара жатқандығы. Көзілдірік киіп жүрген баланың саны жыл сайын артып келеді. Бұл қолдан жасалған кемшіліктеріміз десе де болады.

Жанардан айрылу-күллі дүниенің қызығынан айрылу. Сондықтан көзге күтім жасаңыз. Балалардың жанарын сақтаңыз.

Арайлым Абайқызы

https://qarmaqshy-tany.kz/kogam/789-kz-auruyna-kz-zhmyp-aramayy.html

ҚЫЗЫЛОРДАДА ОНКОЛОГИЯЛЫҚ БӨЛІМШЕСІ БАР КӨПСАЛАЛЫ АУРУХАНА САЛЫНАДЫ

Алдағы 2 жылда тағы 8 нысанның құрылысы жүреді. Бұл туралы Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев халықпен есепті кездесуінде мәлімдеді.

«2017 жылы денсаулық сақтау саласындағы апатты нысандардың мәселесін шешу және олардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға басымдық берілді. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде авариялық нысандар проблемасы шешіліп жатыр. 5 жылда салынған 57 нысанның 49-ы апатты объектілердің орнына бой көтеріп, жаңаланды. Қалған 8 нысанның құрылысын алдағы 2 жылда бітіреміз деп жоспарлап отырмыз. Өткен жылы Қазалы ауданы Әйтеке би кентінен 150 орындық аудандық аурухана пайдалануға берілді. Биыл Арал ауданында 150 орындық орталық аурухана ашылады. Келер жылы Шиелідегі аудандық аурухананың құрылысын тәмамдаймыз. Сондай-ақ, Жаңақорған ауданындағы 250 келушіге арналған емхананы салып бітіреміз»,-деп атап өтті аймақ басшысы.

2018 жылы мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында Арал ауданының Беубауыл, Қазалы ауданының Өркендеу, Сырдария ауданының Ақжарма ауылдарында дәрігерлік амбулаториялардың құрылысын бастау көзделіп отыр. Сонымен қатар, Қазалы ауданында 250 орындық емхананың жобасы әзірленеді. Қызылорда қаласында 100 келушіге арналған 300 орындық емханасы мен онкологиялық бөлімшесі бар көпсалалы аурухананың іргесі қаланады.

«Сондай-ақ, биыл Жалағаш кентіндегі апатты жағдайдағы 100 орындық аурухананың жобасын әзірлеу жұмыстарын аяқтап, жыл соңына дейін құрылысын бастап кетуге күш саламыз. Денсаулық сақтау саласындағы тағы 24 жобаны мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында жүзеге асырамыз, яғни 15 дәрігерлік амбулатория, 3 емхананың жобалық құжаттарын дайындап, құрылысына кірісеміз. Медициналық қондырғы алу мақсатында 6 жобаны іске асырамыз», - деді облыс әкімі.

Айта кетейік, биыл аймақтағы денсаулық сақтау мекемелерінің медициналық қондырғымен қамтылу көрсеткішін 90%-ға жеткізу жоспарланып отыр. 2015 жылы бұл көрсеткіш 43% болса, 2017 жылы 76,5%-ға жетті.

https://aqmeshit-aptalygy.kz/zanalyk/2425-yzylordada-onkologiyaly-blmshes-bar-kpsalaly-auruhana-salynady.html

БАЛАЛАР ХИРУРГІ

Балалар дәрігері мамандығын таңдауға екінің бірінің батылы бара бермейді. Өйткені, тілі шықпаған, қай жерінің ауыратынын айта алмайтын бүлдіршінді емдеу қиынның-қиыны. Оған сезімталдық пен үлкен жауапкершілік қажет-ақ.

Облыстық балалар ауруханасында дәрігер-хирург қызметін атқаратын Болат Маханбетияров жарық дүние есігін енді ашқан шақалақтарға ота жасайды. Әрине, дүниеге дімкәс күйде келген сәбиді емдеу, оны аман алып қалу – ақ халатты абзал жанға артылған жауапкершілік. Сондықтан олар науқас балаға қайта өмір сыйлау үшін күреседі.

Біздің кейіпкеріміз – Болат Үмбетиярұлы 1984 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келді. Титов қыстағындағы №173 Ә.Молдағұлова атындағы орта мектепті бітіргеннен кейін М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетіне оқуға түсіп, педиатрия мамандығын алып шықты. Ақтөбе облысының балалар ауруханасында балалар хирургиясы бойынша интернатураны тәмәмдағаннан соң, туған топыраққа қадам басты. Облыстық медицина орталығына қызметке орналасты. Алғаш еңбек жолын балалар хирургі болып бастаған ол 2009 жылдан бері бөлім меңгерушісімен бірігіп, дүниеге келген нәрестелердегі ақауларға ота жасауға қатысты.

Ал, 2011 жылы Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы В.А.Алмазов атындағы ұлттық медициналық зерттеу орталығында неонаталді хирургия бойынша білімін жетілдірді. Өз қызметіне қайта келгеннен кейін науқастың ата-анасына кеңес беріп, жеңіл, алғашқы кезеңдегі оталарды өзі істей бастады. 2016 жылы ресейлік аталған орталыққа қайта оқуға барып келді. Сол кезден бері аурудың барлық түріне отаны жеке жасау мүмкіндігі туды. Осылайша ол аймақтағы мықты неонаталді хирургтардың біріне айналды. Бүгінге дейін өңеш атрезиясы, асқазан-ішек жолдарының даму ақаулары мен диафрагмальды жарықтар дерттері анықталған сәбилерге ота жасады.

Ол бала күнінен адам жанына араша болғысы келетін еді. Арманы алдаған жоқ. Оның ендігі мақсаты – антына адал мықты дәрігер болу. Сондай-ақ, туа бітті ақаулары бар сәбилердің болашағына жарқын жол ашып, қайта жарық сәуле сыйлау – негізгі міндеті.

– Соңғы жылдары науқас нәрестелер қатары артты. Оны көбінесеэкологияның салдарынан туындап отырған мәселе деп қараймыз. Алайда, оған күнделікті тұтынатын тағамдардың құнарсыздығы да тікелей әсер етуде. Сондай-ақ, ересек адамдардың уақытылы дәрігерге көрінбеуі, ішімдік ішіп, темекі тартуы өз зиянын тигізіп отыр. Осыдан кейін ауру бала дүниеге келуде. Сондықтан болашақ ата-ана баланы жоспарламай тұрып, алдын-ала өз денсаулықтарын тексеруден өткізіп алғандары жөн. Айта кету керек, қазір физикалық қимыл-қозғалыс та өте аз. Оның үстіне соңғы жылдары адамдардың басым көпшілігі, әсіресе, жастар тез әрі дәмді дайындалатын фаст-фуд тағамдарына үйреніп алды. Қазір газды сусындарды да көп қолданамыз. Сондай-ақ, уақытылы ұйқыны да ұмыттық. Қарап отырсаңыз, кейбір адамдар үнемі күйзелісте, ашуланып жүреді. Міне, осының бәрі денсаулыққа кері әсерін береді. Әсіресе, мұндай жағдай іштегі шарананың жетілуін бөгейді. Сөйтіп, аз салмақтағы бала дүниеге келеді. Айта кететін тағы бір жайт, жүкті әйелдің мерзімінен бұрын босануы өзекті мәселеге айналып отыр. Осының салдары аш және тоқ ішектің шіруіне әкеп соқтыруда. Бүгінде бұл жағдай тек бізді емес, әлемдік деңгейдегі мамандарды да алаңдатуда. Өйткені, ол – күрделі ақаудың бірі, – деді кейіпкеріміз.

Расында, біз өз денсаулығымызға салғырт қараймыз. Мәселен, жүктілік кезінде басым көпшілігі тұмау болса да, дәрігерге қаралмай, үй жағдайында емделеді. Бірақ, саналы дені сау ұрпақты өмірге әкелуді барлық ана қалайды. Алайда, ол үшін ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеген жөн секілді.

Осы салада 10 жылға жуық жемісті еңбек етіп жүрген дәрігердің жеткен жетістіктері де аз емес. Бастысы көптеген ата-ананың алғысына бөленді. Республикалық, облыстық, қалалық деңгейде түрлі марапаттарға ие болды. Атап айтсақ, балалар ауруханасының басшылығы «Жыл дәрігері» номинациясын табыстады. Сондай-ақ, облыстық медициналық орталықтың директоры С.Пазыловтың алғыс хатына ие болды.

Кейіпкеріміздің жары да осы саланың маманы. Ақ халатты абзал жандардан құралған отбасы бүгінде үш баланы тәрбиелеуде.

 

Ақмарал ОЛЖАБАЕВА.

https://aqmeshit-aptalygy.kz/zanalyk/2393-balalar-hirurg.html

ЕКІ КӨЗІҢ – ШЫРАҒЫҢ...

Адамның ең нәзік бөлшегі – көз. Көру арқылы біз қоршаған ортаны тани отырып, ақпаратты көріп, оны ұғына аламыз. Қарап отырсаңыз, соңғы жылдары көзілдірік кигендердің саны артқан. Тіпті, олардың саны жылдан-жылға өсіп бара жатқаны ойлантады. Оның ішінде жастар жағы көзілдірік киюге намыстанып, линза тағады. Алайда, оны дұрыс қолданбау ертеңгі күнге қауіп төндіреді. Себебі, линза көзге ауаның баруын тежейтін көрінеді.

XXI ғасыр – техниканың дамыған заманы, бұл кезеңде көзге көңіл бөлмесек дертке қалай шалдыққаныңды білмей қаласың. Қазіргі кезде адамдарда қозғалыс аз. Қыс түгілі жаймашуақ жаздың өзінде далада бұрынғыдай асыр салып ойнап жүрген баланы көрмейміз. Өйткені, олар оның орнын компьютер мен ұялы телефондағы ойындарға алмастырды. Бұл дегеніміз –көздің шаршап түрлі аурулардың пайда болуына әкеп соғады.

Бүгінде офтальмолог мамандарды оқушылардың арасындағы миопия дертінің көбею мәселесі толғандыруда. Миопия – жақыннан көргіштік дерті. Мұндайда адамның алыстан көру қабілеті нашарлайды. Бұл ауру көбінесе мектеп жасындағы балаларда пайда болады екен. Себебі, компьютерлік ойындар, ұялы телефонды шамадан тыс пайдалану, теледидар көргенде арақашықтық сақтамай ұзақ отыру салдарынан туындайды. Сондықтан әрбір адам жас ерекшелігіне қарамастан жылына бір рет көз дәрігеріне тексерілгені абзал.

Облыстық медицина орталығында офтальмохирургия орталығы жұмыс істейді. Онда барлығы 6 дәрігер, 16 медбике қызмет етуде. Аталған бөлімде өткен жылдың қорытындысы бойынша 2825 науқас емделіп шыққан. Мамандардың айтуынша, оның ішінде 2099 науқасқа ота жасалған. Алайда, бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 358 науқасқа азайды. Орталық соңғы үлгідегі диагностикалық және офтальмологиялық емдеу аппараттарымен жабдықталған. Атап айтқанда, хирургиялық лазер, офтальмологиялық микроскоптар, факоэмульсификатор инфинити, контактасыз офтальмотонометр тағы осы секілді құрылғылар бар. Мұнда емделушілер күндізгі және ақылы негізде, сондай-ақ портал бойынша ем қабылдайды. Соның нәтижесінде аймақтан сыртқа емделуге кеткен науқастар саны 4 есеге төмендеді. Айта кету керек, басқа өңірден осы орталыққа 21 науқас емделуге келді.

– Қазіргі кезде глаукома (су қараңғы) мен катаракта (көз ішіндегі бұршақтың қартаюы) ауруы кең белең алуда. Глаукома ауруы тұқым қуалайды. Бұл дерт адамның көру қабілетін төмендетіп, уақытысында емделмесе соқырлыққа алып келеді. Бір өкініштісі, науқастар ауруы асқынып, көзінің көру қабілеті төмендегенде ғана тексерілуге келеді. Осындайда «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген тәмсіл еске түседі. Бұл дерттің алғашқы белгілері бірден байқалмауы мүмкін. Сондықтан әрбір адам біздің орталыққа келіп, қаралғаны жөн, – дейді облыстық медицина орталығы көз аурулар бөлімшесінің меңгерушісі Сәкен Бабаомарұлы.

Оның айтуынша, ұзақ уақыт қызмет істесе көздің қызаруы, бұлдырлауы секілді ауру белгілері біліне бастайды екен. Жолда немесе көлікте отырғанда қалтафонды қарау немесе кітап оқу секілді әрекеттер ауруды одан әрмен асқындырады. Көз шаршағанда адамдар оны уқалауды әдетке айналдырған. Алайда, қолда бактериялар көп болғандықтан көзге қол тигізу ауруды одан әрі асқындырады.

Қазіргі кезде ата-аналар жан тыныштығы үшін балаларына ұялы телефондарын береді. Тіпті, бесіктегі сәбидің өзі әуен тыңдамаса ұйықтамайтын жағдайға жетті. Десе де, ондағы балаға берілетін жағымсыз энергияны ескеріп отырған ешкім жоқ. Бірақ, баламыздың ақыл-есі дұрыс, он екі мүшесі аман болсын десек, жаман әдеттерден аулақ ұстағаныңыз абзал.

Фариза МАДИЯРОВА,

ҚМУ-дің IV курс студенті.

https://aqmeshit-aptalygy.kz/zanalyk/2359-ek-kz-shyray.html

ДЕРТКЕ ДӘРУ ІЗДЕГЕН

Соңғы жылдары аймақ медицинасына ерекше көңіл бөлініп келеді. Бұл адам денсаулығы – басты назарда деген сөз. Расында, аталған салада жыл сайын қарқынды істер көбейіп, қолжетімділік артты. Оның ішінде соңғы үлгідегі заманауи қондырғыларды ерекше айтуға болады. Нәтижесінде ақ халатты абзал жандар әрбір науқасқа әлем елдерімен терезесі тең дәрежеде көмек көрсетуде.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы осы орайда БАҚ өкілдеріне баспасөз турын ұйымдастырды. Ондағы басты мақсат – емдеу мекемесіндегі құрал-жабдықтардың сапасы мен қолжетімділігі туралы.

Ең алғашқы нысан – облыстық медицина орталығы. Ондағы кардиология бөліміне 2009 жылы алынған ангиограф құрылғысының мүмкіндігі таныстырылды. Сыр өңірі жұршылығына арналған қондырғы қаншама адамның өміріне араша түсуде. Бүгінге дейін онда 5000-нан астам коронографиямен басқа да зерттеулер жүргізіліп, ота жасалды. Өкініштісі, соңғы кезде науқастардың барлығына бірдей көмек көрсету мүмкін болмауда. Өйткені, жүктеменің көптігінен құрылғының жалғыз өзінің шамасы келмейді. Ал, мамандардың айтуынша, біздің облысқа мұндай құрылғының 3-і қажет. Емдеу мекемесі жанынан 2012 жылы нейроинсульт орталығы ашылды. Содан бері оны нейрохирургиялық ота жасау кезінде кеңінен қолдануда.

Жанына шипа іздеген әрбір жанға жылы сөздің өзі үлкен ем. Дегенмен, инфаркт, инсульт алған науқастарға жедел көмек көрсетілуі керек. Мұндай кезде әрбір минуттың өзі үлкен маңызға ие. Сол үшін дәрігерлер «алтын сағат» қағидасын ұстанады. Алайда, шалғай орналасқан Арал, Қазалы, Қармақшы аудандарының тұрғындары бұл мүмкіндікті пайдалана алмауда. Себебі, ауруды облыс орталығына жеткізу үшін қаншама уақыт кетеді. Осыған орай сала мамандары осы жаққа да ангиограф қондырғысының қажет екенін айтады.

Баспасөз туры барысында журналистерге бұл құрылғының көмегімен жасалған отаны экран арқылы көруге мүмкіндік туды. Жетпіс екі жастағы науқас Арал ауданының тұрғыны. Ол кісі жүректің ишемиялық ауруымен сырқаттанған. Дәрігерлер жарты сағаттың ішінде бітелген тамырды қайта қалпына келтірді. Осылайша аталған қондырғының арқасында ота сәтті аяқталды. Енді емделушінің өміріне қауіп жоқ. Мамандардың айтуынша, бір-екі күнде аяғынан тік тұрып кетеді.

– Қазіргі кезде облыстық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында біршама жұмыстар атқарылуда. Мәселен, бұл саланы халықаралық стандарттарға сәйкестендіру мақсатында – 2020 жылға дейін 5,9 млрд. теңгеге кезең-кезеңімен қымбат тұратын, аса қажетті құрал-жабдықтарды сатып алу жобасы жасалды. Оған алдағы уақытта медицина саласындағы сұранысқа ие барлық құрылғылар алынады деп жоспарлануда. Атап айтсақ, МРТ (магнитті резонансты томоргаф), КТ (компьютері томоргаф), ангиограф, маммограф, террогамм және осы секілді сапалы қондырғыларды әкелу көзделуде, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Баян Боранбаева.

Содан соң, былтыр қолданысқа берілген қант диабеті орталығына бас сұқтық. Соңғы жылдары өңірде осы дертке шалдыққандар саны артып келеді. Мәселен, біздің өңірдің өзінде тоғыз мыңнан астам ауру тіркеуде тұр. Олардың саны жыл сайын 1000-1200 адамға толығып отыр. Аталған бөлім меңгерушісі Елена Цхайдың айтуынша, бұл еліміз бойынша төртінші орталық. Науқастарға жүйелі көмек көрсету мақсатында – инсулинді помпа, денсинтометр секілді замануи құралдар пайдалануда. Олар емделушінің жағдайын бақылап, бірқалыпты ұстайды.

Осылайша аймақ медицинасының адымын барлап, емдеу мекемелерінің жеткен жетістігін көзбен көріп, соңғы үлгідегі заманауи құрылғылардың оң нәтижесіне куә болып қайттық. Сондықтан бұл салаға қандай құрал-жабдықтар алынса да артықтық етпейді. Өйткені, қай кезде де адам денсаулығы назардан тыс қалмайды.

Ақмарал ОЛЖАБАЕВА

https://aqmeshit-aptalygy.kz/zanalyk/2356-dertke-dru-zdegen.html

Алпыс жылда 11000 шәкірт тәрбиеледім

Шет елдерде өмір сүріп жатқан көптеген қандас бауырларымыз баршылық. Олардың арасында биік лауазымға қол жеткізгендері немесе ғылым-білім, кәсіп, медицина саласында танымалдылыққа ие болғандары қаншама. Солардың бірі – көзі тірісінде «Моңғол медицинасының атасы» атанған дәрігер-хирург, Моңғолияға еңбек сіңірген дәрігер (1990), Моңғолия Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1993), Моңғолия елінің Халық дәрігері (2001), Еңбек Ері (2007), академик (2009) ардагер ақсақал Қайыролла Жәлелұлы.

Жоғарыда жазылған марапаттарға қарап-ақ бұл қазақ дәрігерінің осал адам емес екенін аңғарғандаймыз. Өткен жылдың соңы желтоқсан айында кезекті еңбек демалысын пайдаланып, байөлкелік ағайындардың аман-сәлемін біліп қайтқан едік. Осы сапарымызда ел астанасы Ұлан-Батырда тұратын Қайракеңмен онлайн тілдесіп, маңдай терімен моңғол жұртын мойындатқан абыз ақсақалды атажұрттағы ағайындарымен қауыштыру мақсатында азғана әңгіме өрбіткен едік.

– Ассалаумағалейкум Қайыролла аға, мен Қазақстанның бас газеті «Егемен Қазақстан» басылымның қызметкері боламын...

– Уағалейкумсалам, қош келіпсіз, ел-жұрт, Елбасымыз аман ба? Газеттеріңді білем, интернет арқылы қадау-қадау қарап отырамыз. Қол тигенде дегендей... ал енді сұрағыңды қоя бер, қалқам!

– Өмір тарихыңыз жайлы қысқа-нұсқа айтып берсеңіз?

– Қобда бетінде (Моңғол елінің батысын айтады) туған адаммын. Жеті-сегіз жасымда әкем Жәлелді халық жауы ретінде ұстап, атып тастады. Жарықтық көзі қарақты адам еді, 1900 жылдардың басында Қазан, әлде Уфа қаласында молданың оқуын оқыған екен...

– Қай жылы оқуға бардыңыз?

– Екінші дүниежүзілік соғыс бұрқырап жатқан 1941 жылдың күзінде Бай-өлке аймағында ашылған алғашқы орта мектепке бардым. 1945 жылы төрт жылдық білім алған соң, кабинасы ағаш ЗИС-5 дейтін шабан машинамен 21 күн жүріп Ұлан-Батырға келдім. Мақсатым – офицерлік мамандықты оқу.

– Жалғыз келдіңіз бе?

– Жоқ. Мені Ұлан-Батырға сол тұста аймақ басшысы болған Қаби деген ақсақал жетектеп әкелді. Қабаң жарықтық қалқа-моңғолдың адал перзенті, қазіргі Моңғол елінің негізін қалаушы қайраткер тұлға, дарынды қолбасшы Д.Сүхэ-батордың отбасымен етене араласады екен. Мені сол үйге алып барды. Ол тұста қайраткердің өзі өмірден өткен, шаңырағында жесірі Янжыма, ұлы Ғалсын және келіні бар екен. Қабаң Янжымаға мені аманаттап «сабағы басталғанға дейін осында жүрсін» деп тапсырды. Сөйтіп атақты адамның үйінде екі ай жаттым.

– Содан...

– Содан 1945 жылдың күзінде әскери шенділерді дайындайтын Д.Сүхэ-батор атындағы офицерлік мектепке қабылдандым. 1951 жылы әскери оқуды тәмамдап, келесі жылы елдегі жалғыз университеттің медицина факультетіне оқуға түстім. 1957 жылы оны үздік аяқтап, содан бері үздіксіз дәрігерлік қызмет атқарып келе жатқан жайым бар...

– Сіздің бітірген мамандығыңыз ортопедия екен. Қалай нейрохирург болдыңыз?

– 1960 жылы Чехословакияда социалистік режім аясына топтас­қан елдердің дәрігерлерін жинап «Жасөспірімдерге жасалатын ортопе­диялық отаның ерекшелігі» атты сегіз айлық курс ұйымдастырылды. Моңғолия атынан мен бардым. Курсты аяқтап, елге қайтуға қамданып жатыр едім, денсаулық министрі хабарласты: «Қайыролла қарағым, елімізде миға ота жасайтын бірде-бір маман жоқ, осы сала бойынша оқысын деп Мәскеуге төрт дәрігерді жіберген едік, олар оқуды игере алмады. Сен соған бар!» деді. Бардым. Оқыдым. Үйрендім.

– Түсінікті. Сіз моңғол медицинасы тарихында тұңғыш рет 1966 жылы адамның миына ота жасаған көрінесіз...

– 1966 жылы тұңғыш рет Дарима деген кішкентай қыздың миына ота жасадым. Оның алдында мынадай бір кездейсоқ оқиғаға тап болдым. Ауруханада кезекші дәрігер едім. Үсті-басы қып-қызыл қан кішкентай қызды көтеріп ер адам кіріп келді. Баланы мотоцикл қағып кетіпті. Соққының қатты болғаны соншалық, сәбидің басы жарылып, миы сыртына шығып кетіпті. Жеткіншектің миын бүлдіріп алмай орнына салып, басындағы жарықты тіктім. Аман-есен жазылып кетті. Ол кезде мен хирург те емес едім...

– Қанша балаңыз бар?Осылардың ішінде жолыңызды қуғандары бар ма?

– Балам бесеу еді, бір ұлым ертерек дүние салды. Екі қызымның бірі – экономист, бірі – мұғалім, қалған екі ұлымның бірі – инженер, бірі – өзімнің жолымды қуған нейрохирург. Аты – Құсайын. Бұдан басқа жолымды қуған Абай атты жиенім бар. Жақында осы жиенім мидың ішкі құрылысындағы өте нәзік тамыр талшығын екінші тамырға жалғайтын аса күрделі операцияны жасап шықты. Бұл моңғол түгілі әлем медицинасында аса ептілікті қажет ететін нейрохирургия. Тіпті атағынан ат үркетін мына менің де қолымнан келмеген шаруа.

– Тәрбиелеген шәкірттеріңіз көп шығар?

– Баршылық. Дәрігерлік жұмыспен қатар күні бүгінге дейін мединститутта сабақ бергеніме 60 жылдан ас­ты. Осы аралықта 11000 шәкірт тәр­биелеппін. Біршама жыл бұрын «Моңғол нейрохирургиясының тарихы» атты еңбек жаздым. Осы кітапты жазу барысында байқағаным, ел тарихында 2000 жылға дейін ми және жұлынға ота жасатқан 20 мыңнан астам адам бар екен. Осылардың 90 пайызына мен ота жасаппын.

Әңгімелескен

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ.

egemen.kz

АҚ ХАЛАТТЫЛАР АҒАТТЫҚ ЖАСАСА...Әсел ӘНУАРБЕК

 

Ұлттың саулығыболашақ ұрпақтың да саулығы. Сондықтан, азаматтардың денсаулығы әрқашан басты назарда. Бұл ретте Денсаулық сақтау министрлігі мен ақ халаттыларға артылар жауапкершілік үлкен. Бірақ соңғы жылдары дәрігерлер абзал жан болудан қалып бара ма деген үрей басым. Жұртшылықтың дәрігерлер жұмысына көңілі толмауы, олардың үстінен шағым түсіруі, тіпті, дәрігерлердің біліксіздігі байқалатын жайттар жиі кездесуде. Осындай жайттардан кейін антына адал бола алмаған дәрігерлерді қалай жазалау керек? Жалпы, оларды жазалаған дұрыс па? Дәл осы сауалдар қазір қоғамда қызу талқылануда. Бұған Денсаулық сақтау министрінің жасаған мәлімдемесі себеп болды.

Дәрігердің қателесуіне бола ма?

Жуырда Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Мәжіліс депутаттарының алдында жаңа реформаны таныстырған болатын. Денсаулық сақтау саласын цифрландыру жүйесіне көшіру туралы жобасын таныстыруға сақадай-сай болып келген министр ә дегеннен-ақ халық қалаулыларының қатаң сынына ілікті. Цифрландыру жүйесінен бөлек әңгіме ауаны дәрігерлердің жауапкершілікке тартылуына ойысты. Бұл ретте министр ақ халаттыларды ақтап алуға барын салды. Сөйтті де, «қате диагноз қойған дәрігерлер қылмыстық жауапкершілікке тартылмауы қажет» деп кесіп айтты. Неге? Министрдің сөзінше, дәрігерлерді жауапкершілікке тарту медицина саласына кері ықпал етуі ықтимал. Себебі ақ халаттыларды қателігі үшін соттай беретін болса, жастар дәрігер болудан қорқып, адам емдейтін мамандар таппай қалуымыз әбден мүмкін. Қазірдің өзінде қауіп-қатері жоғары салаларда мамандар тапшылығы сезіліп отыр.

Ал Елжан Біртановтың келесі сөзі жұртшылықтың тіптен ашуын туғызған сыңайлы. Ғаламтор қолданушылары министрдің сөздерін ертегіге балады. Ол – «медицина қызметкерлерінің қателік жіберуге қақы бар». «Дәрігер жұмысына атүсті қараса жазалау керек. Ал егер науқасты емдеуге бар күшін салып, бірақ қателік жібергені дәлелденсе, кешіріммен қарауға шақырамын. Дәрігерлік қателік үшін жазалауға болмайды, бұл біздің қатаң ұстанымымыз. Өйткені дәрігерлердің қателік жіберуге құқысы бар. Жүз пайыз науқастың диагнозын, оны емдеу жолын білу мүмкін емес», – деді Елжан Біртанов. Министрдің айтқанынан түйгеніміз, медициналық көмек көрсетуге мүмкіндігі бола тұра немқұрайлылық танытқан дәрігер жазалануы қажет. Ал науқасты аман алып қалуға барын салғанымен, қателік жіберіп алған ақ халаттының ағаттығы кешірілуі тиіс.

Хош, кез келген пенде қателеседі. «Қателеспейтін адам болмайды» деп жұрт өзін жұбатып жүре берер еді. Бірақ дәрігердің дұрыс диагноз қоя алмағанының кесірінен адам өлімі орын алса, оны кешуге бола ма? Жұртшылық үшін министрдің дәрігерлерді бұлай ақтауы қисынсыз көрініп отырғаны да түсінікті. Бір жағынан, Елжан Біртановтың кадр тапшылығы орын алуы мүмкін деп қауіптенуі де ойға қонымды мәселе тәрізді. Десек те, адам тағдыры таразыға түскен сәтте мәселенің оңы мен терісін айқындап отыру орынсыз.

Айта кетейік, қазіргі қолданыстағы заңнама бойынша дәрігерлік қателік жасаған мамандар қылмыстық жауапкершілікке тартылуы тиіс. Ал министр осы құжатты қайта қарау керектігін айтып отыр. Министрдің айтуынша, денсаулық сақтау жүйесі дамыған мемлекеттерде қателескен дәрігерлер жазаланбайды. «Қателіктер қарастырылады, персоналды оқытуға бағытталған тиісті шаралар қолға алынады, бірақ дәрігерлер жазаланбайды. Егер біз дәрігерлік қателік үшін жазалай берсек, онда дәрігерсіз қалатынымыз анық. Өзім бұрынғы дәрігер-реаниматолог ретінде айтарым, адамдардың қателеспеуі мүмкін емес», – дейді Денсаулық сақтау министрі.

«Тәуекел салығы» туралы сөз

Естеріңізде болса, 2017 жылдың жазында да Денсаулық сақтау министрлігі дәрігерлер кәсіби қателіктер үшін қылмыстық жазаға тартылмайды деп мәлімдеген еді. Оның орнына ақ халаттылардың тәуекел салығын төлейтіндігі айтылған. «Дәрігердің мамандығына байланысты міндетті сақтандыру жарнасы 24 мың мен 40 мың теңге аралығында. 40 мың хирургтардан алынады, себебі олардың тәуекелі ең жоғары. Қатардағы медқызметкерлер 5 мың теңгеден аударады. Егер де дәрігерлердің қателігінен пациенттің денсаулығына зиян келсе, 900 мың мен 1 миллион 800 мың теңге аралығында, қайғылы жағдай болса 2 миллион теңгеден аса өтемақы төленеді», – деген еді Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева. Яғни, әр дәрігер қорға ақша жинайды. Сол қорға түскен қаржыға емнен денсаулығына зиян келсе немесе өлім жағдайы тіркелсе, науқасқа өтемақы қарастырылады. Денсаулық сақтау министрлігі осылайша дәрігерді сотқа сүйреуден құтыламыз деген болатын. Министрлік есепке 29 мың дәрігерді алып отыр. Оған сәйкес қорға бір жылда бір миллиард теңгеден артық түсуі тиіс. Дәрігердің қателігін тыю мүмкін еместігін түсінген министрлік осылай сақтанбақшы.

Өткен жылғы статистикалық деректерге сенсек, бір жылда ақ халаттылардың үстінен 500-ге жуық шағым түседі. Бірақ оның санаулысы ғана сотқа жетеді. Мысалы, 2016 жылы 15 дәрігер жазаға тартылса, 2015 жылы екеуі ғана жазаланды. Көпшілік дәрігердің кінәсін дәлелдеу басқа бір дәрігердің қолында болғандықтан, қиынның қиыны дейді. Қарға қарғаның көзін шұқымайтыны жазылмаған заң. Тіпті, Денсаулық сақтау министрлігі де мамандарын қорғау үшін барын салуда.

Ал бір ғана Ақтөбе облысында өткен жылы дәрігерлердің үстінен жүзден астам шағым түсіпті. Түскен шағымдардың басым бөлігінде медицина қызметкерлерінің дөрекі сөйлейтіндігі, науқастарға мәдениетсіздік көрсететіндігі айтылады. Науқастардың арыз-шағымымен танысқан облыс басшысы Бердібек Сапарбаев мұндай ақ халаттыларды жазалау керектігін айтады. «Науқастар дәрігерлердің дөрекілігіне, кәсіби этиканы сақтамайтынына шағымданады. Ауру адам дәрігерге бармай, қайда барады? Соңғы үміті медицина қызметкерлерінде емес пе? Науқастар дәрігер дөрекі сөйлесе, ауру үстіне ауру жамайды ғой. Дөрекі сөйлеп, мәдениетсіздік көрсеткен дәрігерлер мен басшылар жазалануы керек», – дейді Бердібек Машбекұлы.

Жұрт не дейді?

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың дәрігерлерге қатысты пікірі мен көзқарасы қоғамда екі түрлі пікір қалыптастырды. Министрдің сөзін қолдайтындар да, «қателік жасаған дәрігерлерді жазалау керек» деп ұрандатқандар да табылды. Әрине, әркімнің өз шындығы бар. «Дәрігер де адам, ол да қателеседі» дейтіндердің де, «адам өміріне жауаптылардың ісі сауатты болуы керек» деп пікір білдіргендердің де айтқандары дұрыс. Бірақ ешбір дәрігер жасаған қателігі үшін жазаланбаса, ақ халаттылардың «қателіктері» көбейіп кетпесіне кім кепіл? Осындай жеңілдікті пайдаланып, адам тағдырын ойыншыққа айналдырып алса, оған кім жауапты болады? Гиппократ антын қабылдағандардың серттен тайып, «қателігім кешіріледі» деп еркінсіп кетпесіне министрлік сенімді ме?

Екінші жағынан, медицина саласында білікті мамандар да көп. Бәріне бірдей қара күйе жағуға әсте болмас. Ал сол білікті кадрларды бағалай алмай отырған министрлік олардың қателігін ақтап алуға неге құмартып отыр? Бағалай алмай отыр дегенде, бүгінгі дәрігерлердің әлеуметтік ахуалын сөз қылғымыз келген. Ақ халатты жандардың жалақысының төмендігін, есесіне атқарар жұмысының ауыр екендігін талай мәрте жазғанбыз. Егер дәрігерлердің жалақысына қосымша ақы қосылар болса, олар да барынша мінсіз қызмет етуге тырысар ма еді?! Емханаларда науқастар дәрігерлердің қызмет көрсету сапасын бағалап, сол арқылы ақ халаттыларға үстеме сыйақы төленетін болса, мәселе бір шешімін табар ма еді, кім білсін?!

Денсаулық сақтау министрінің мәлімдемесінен кейін дәрігерлерді кәсіби қателігі үшін жазалауға қатысты қарапайым халық арасында сауалнама жүргізіп көрдік. Бұл сауалды дәрігерлер қауымына жолдамадық. Олардың өздерін қорғап тұрған министрге қарсы пікір білдірмейтіні бесенеден белгілі. Сондықтан сол дәрігерлердің алдында жиі болатын қарапайым азаматтардың ой-пікірімен шектелдік. Жұрттың пікірі екіге жарылды. Тіпті, пікір білдірушілер арасынан дәрігерлерді емес, сол министрлікте отырған басшыларды жазаға тарту керек дегендер де табылды.

Нұржамал Әмірәлиева, 45 жаста:

– Дәрігерлер неге қателесуі керек? Сол мамандықты таңдаған кезде олар адам өміріне жауапты екендіктерін білді емес пе? Ендеше, дәрігердің қателесуі деген миға сыймайтын дүние. Сондықтан министрдің «дәрігердің де қателесуге қақы бар» дегенін құптай қоймаймын. Емханаларға барғанда талай дәрігердің науқастармен қалай сөйлесетінін көріп жүрміз ғой. Соның бәріне шыдап жүрген қарапайым халық енді дәрігерлердің кесірінен мүгедек атанса да, бәрін кешіру керек пе?

Берік Еркінұлы, 26 жаста:

– Дәрігерлердің жұмысы оңай емес. Олар да пенде ғой. Өздерінің қателескенін қалайды дейсіз бе? Кім біреудің өліміне себепші болғысы келеді? Сондықтан бас салып дәрігерлерді айыптау дұрыс емес. Министрдің ақ халаттыларды қорғап отырғаны қуантты. Әйтпесе, басшылықтағылар кінәні аудару үшін қарамағындағыларды төмпештеуге дайын тұрады ғой. Дәрігерлердің еркінен тыс орын алған қателіктер үшін кешірім беруді мен де құптаймын.

Толқын Жөңкебаева, 37 жаста:

– Біздер, қарапайым халық дәрігерлердің жұмысы қаншалықты қиын екенін біле бермейміз. Газет беттерінен олардың науқастардан бөлек құжат толтырумен әуре болатынын оқып отырып, оларға жаным ашып-ақ кетеді. Бірақ диагнозды дұрыс қоймағандықтан, балаларынан, жақындарынан айырылып қалып жатқандардың жайы не болмақ? Бұл мәселені министрлік шеше ала ма? Шеше алмаса, сол министрліктегілердің өздерін жазалау керек. Қарамағындағылардың жұмысын қадағалай алмаса, олар жылы орындарында неге отыр? Дәрігерлерді жазаламау керек дегенше, олардың халықты дұрыс емдеуіне жағдай жасасын.

Кәмшат Мұсаева, 40 жаста:

– Дәрігерлерді жазалаудан бұрын азаматтардың жауапкершілігін арттыру керек. Көпшілігіміз ауру бойымызды әбден дендегенде ғана дәрігерге барамыз да, соңында дәрігерлерді айыптап шыға келеміз. Өзіміздің қателігімізді ескермейміз де.

Бұл біз жинаған пікірлердің бірнешеуі ғана. Қарап отырсаңыз, әрбір азаматтың сөзінің жаны бар. Рас, дәрігерлер антына адал болуы қажет. Ақ халаттылар кәсіби міндетінде мүлт кетпеуі шарт. Себебі оның қолында бір адамның тағдыры тұр. Дегенмен де бүгінге дейін дәрігерлердің өз ісіне жауапкершілікпен қарамауының салдарынан қаншама науқас дертіне дерт қосты. Ақ халатты абзал жандарға деген сенім жоғалып барады. Оған себеп, тағы да дәрігерлердің біліктілігіне күмән туғызатын қайғылы жағдайлардың көптеп орын алуы. Қандай қателіктің де өтеуі болады. Сондықтан кәсіби қателік жіберген дәрігерді жазаламаудың жолын іздегеннен гөрі, сол қателіктің орын алмауына жағдай жасаған абзал.

https://turkystan.kz/article/46989-a-halattylar-a-atty-zhasasa

ДӘРІГЕР дәреметі


Елбасы Нұрсұлтан Н­азарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында «Үздік денсаулық сақтау ісі – дені сау ұлт» дей келе, медицина саласын мобильдік цифрлық басқару ісіне көшіріп, шалғай ауылдардағы амбулаториялық емдеу ісіне алыстан диагностика жасауды тапсырды. Президент пәрмені Жаңақорған ауданының барлық ауылдарында қызмет көрсетіп отырған ауруханалардың ісіне серпін берері сөзсіз. Осы тұста, цифр­лы медициналық қызметтің көпшілік біле бермейтін кереметін Төменарық ауылдық ауруханасының аға дәрігері Зуре Хайнекееваның әңгімесінен аңғардық.
Медицина саласында қырық жылға жуық қызмет етіп келе жатқан Зуре Хайнекеева: «Елбасы Жолдауында айтқандай, «қағаз қолданбайтын ауруханаға» ептеп айналуға әрекеттер басталды. Бұл ең біріншіден халықтың тиімді ем алуына мүмкіндік береді. Біздің ауылда интернет желісі арқылы электронды құжаттар әзірлеп, веб-порталдар арқылы алыс қалалардағы ауруханаларға қаралуға кезекке тұра алады. Мәселен, психолог, гинеколог, терапевт, невропатолог, лор және т.б мамандарға алдын-ала кезекке амбулаториядан тұруға болады. Осы қызмет түрін ауылдағы ағайындар қолданып, уақыт тиімділігі мен қаражат үнемділігін арттыруда», – деді.
Ауыл ауруханасының замана көшіне ілесіп, дамудың даңғыл жолына түсуіне Зуре Хайнекееваның еңбегі ерекше. Ес білгелі дәрігер болуды мұрат еткен маман кіндік қаны тамған туған жеріне тұтас ғұмырын арнады. Мақсат жолында Қарағанды мемлекеттік медицина институтында білім алды. Онда педиатрия мамандығы бойынша білім жинап, біліктілігін шыңдады. Ізденімпаз жас 1979-1980 жылдары облыстық ауруханасында интернатурадан өтті. Жігерлі жастың талабын аңғарған басшы Жаңақорған аудандық ауруханасына педиатр-иммунолог қызметіне жұмысқа бағыттайды. Осылайша үлкен мекемелерде тәжірибе жинақтаған маман 1981 жылы өзінің туған жеріне бала дәрігері болып оралады. Құтты мекен өз перзентіне құшағын кең жайып, білек сыбана еңбек етуге жол ашады.
Ауылға келген дәрігер ұжымға тез үйренісіп, әріптестерінің сенімін ақтайды. Ісіне адал, жұмысына ұқыпты, зерек те зейінді дәрігер ортасына сыйлы. Ол алға мақсат қойып, қызметте өрлей бастады. Арада екі жыл өтпей-ақ, Төменарық ауылдық ауруханасының бас дәрігері қызметіне тағайындалды. Бұған оның ісіне жауапкершілікпен қарайтыны себеп болды. Қызмет ете жүріп, Ақтөбе медициналық университетінде, С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінде біліктілігін шыңдады.
Аурухана тізгінін қолға алған тұста халық саны 10200-ден асатын. Себебі, Төменарық ауылдық ауруханасы 2002 жылға дейін Сунақата, Екпінді, Еңбек, Сүттіқұдық елдімекенінің тұрғындарына медициналық көмек көрсететін. Зуре Хайнекееваның жүктемесінде 4596 бала, 2365 әйелдің денсаулығын қадағалау тұрды. Осындай жауапкершілікті абыроймен атқарғаны үшін марапаттарға ілікті.
Оны облыстық медицина кәсіподақ комитеті, аудандық аурухана кәсіподақ комитеті «Алғыс хатпен» бірнеше рет марапаттаған. Ол 2002 жылы Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің «Құрмет грамотасына» қол жеткізді. Дарынды дәрігер 2004 жылы Елбасы Жарлығымен «Шапағат» медаліне ие болды. Осындай құрметке лайықты деп танылған Зуре Хайнекеева бүгінгі таңда аға дәрігер санатында қызмет етеді. Жерлестері денсаулық сақшысының адамгершілік, бауырмашылдық асыл қасиетімен көпшіліктің сенімінен шыққанын айтады.
Осы тұста, жетістікке жету жолын сөз еткенде: «Дәрігердің қолы шипалы, жүрегі кең болуы керек. Адам өміріне тікелей жауапты болғандықтан, бүкіл күшіңді, біліміңді салып, уақытпен санаспай тіршілік ету әр дәрігердің борышы. Осы міндетті абыроймен атқаруды өмірлік ұстанымыма айналдырдым», – дейді ол.
Туған жерге туын тіккен ақ халатты абзал жан елдің амандығын, ұлттар татулығын, отбасының іргесі берік болғанын тілейді. Ұжымда 30-дан аса орта буын қызметкердің ұйыса еңбек етуіне себепкер болып отыр. Барлығын өз отбасындай жақын көретінін жасырмады. Әріптестері «Қамыққанда қамқор әпке, жабыққанда сырлас дос. Қиын сәтте қолдау білдіріп, жас буынға өмір баспалдақтарында сүрініп кетпей, саналы өмір сүруге бағыт-бағдар береді», – дейді.

ТҮЙІН. Ауыл ардақтысына айналған жанның абыройлы қызмет жолы кімге де болса үлкен тәрбие мектебі іспетті. «Дәрігер арыстандай айбатты, қыздай икемді, анадай мейірімді болуы керек» деген халық даналығы Зуре Хайнекеева сынды маманға қарата айтылғандай.

Мақпал МАРҚАБАЙ.

https://zhanaqorgan-tynysy.kz/kogam/498-drger-dremet.html