Ауа райы
Мерекелер

Елімізде медицина мамандарын даярлау сапасы сын көтермейді - Қ. ТоқаевАСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатында өтіп жатқан Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрімен кездесу барысында сөз сөйлеген палата спикері Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі медицина кадрларын даярлау сапасын сынға алды.

Сөз барысында спикер Мемлекет басшысының денсаулық сақтау саласы бойынша алдыға жүктеген міндеттерге тоқтала келе, оны тиімді орындауда медицина кадрларын даярлау сапасының маңызды екенін атап өтті. «Мойындауымыз керек, бұл бағытта біздегі жағдай жақсы емес, сын көтермейді. Жыл сайын қоғамдық өмірдің стратегиялық саласы саналатын медицинаға біздің жоғары оқу орындарымызды тамамдаған жүздеген даярлығы төмен мамандар келіп жатыр. Қажетті білім мен дағдының жоқтығынан олар ұлттық денсаулы сақтау жүйесіне залалын да келтіруде. Бұл - жалпыға мойындалған факт. Ол туралы баршаңыз да білерсіздер», - деп атап өтті Сенат Төрағасы.

Дей тұрғанмен, палата спикері Қазақстанның қалаларында жоғары білікті мамандар бар екенін, олар қарапайым ауруханалар мен клиникаларда қызмет етіп жатқанын да тілге тиек етті.

Бұдан бөлек, Қ. Тоқаев медицина қызметкерлерінің әлеуметтік мәселелеріне де тоқталып өтті. Оның айтуынша, еңбекақы төлеудің жаңа моделіне сәйкес, медицина қызметкерлерінің жалақысы 7-ден 25 пайызға артады. Бұл ретте спикер аталған шараны маңызды қадам ретінде санағанымен оны жеткіліксіз деп есептейді.

«Дәрігерлерді баспанамен қамту проблемалары баршылық. Тұтастай алғанда медицина маманының беделін арттыра түсу қажет. Біз қыруар жұмыстар істейтін медбикелер мен санитарлардың еңбекақыларына үлкен назар аударуға тиіспіз. Біз өзіміз ұмтылатын батыс елдеріндегі жүйеде бұл бірнеше есеге жоғары», - деді Сенат Төрағасы.

Автор:Қанат Мәметқазыұлы

http://www.inform.kz/kaz/article/2841206

Дәрігерлер пациентті қараудың орнына қағазбастылықтан арыла алмай келеді - Қ.ТоқаевАСТАНА. ҚазАқпарат - Дәрігерлер пациентті қараудың орнына қағазбастылықтан арыла алмай келеді. Бүгін Парламент Сенатында өтіп жатқан Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрімен кездесу барысында сөз сөйлеген палата спикері Қасым-Жомарт Тоқаев осылай мәлім етті.

«Денсаулық сақтау саласындағы қалыптасқан ахуалға басымдықтардың ұдайы өзгерістерге ұшырауы әсер етіп келеді. Қаптаған бағдарламалық құжаттар, стратегиялар, нормалар мен ұсыныстарды толтырудан дәрігердің қолы босамайды. Денсаулық сақтау саласы бюрократтанып кетті. Азаматтар дәрігерлердің өздерін қараудан бұрын қағаздарды рәсімдеп, формулярларды толтырумен айналысуға мәжбүр екенін айтып, таң қалады, осыған шағымданады. Ал дамыған елдерде орнықты модельдер бекітіледі, сосын бағдарламалар мен стратегияларды өзгертуге ешкім құлықты болмайды», - деп атап өтті Сенат Төрағасы.

Бұл ретте Қ.Тоқаев Қазақстандағы денсаулық сақтау саласы үшін бір ғана оңтайлы модельге тоқталатындай уақыт жеткенін айтып, соны табанды түрде жүзеге асыру қажеттігін атап өтті.

«Бізде осы жылдары денсаулық сақтау министрлері аз ауысқан жоқ. Келген әр министр өзінің бағдарламасын ұсынып, Парламент депутаттарын соған сендіріп, әркім өзінің үлгісі оңтайлы екенін, сынақтан сүрінбей өткенін айтумен болды. Алайда олардың барлығының аяғы қалай болғаны да бәрімізге белгілі», - деді Сенат Төрағасы.

Бұдан бөлек, спикер депутаттарға азаматтар тарапынан дәрі-дәрмек бұйымдарына, оның сапасына қатысты көптеген шағымдар түсетінін де алға тартты.

«Дәріханалар контрафактілі өнімдерге толып тұрғаны да жасырын емес. Мұнда мемлекеттің реттеуші рөлі болмай отырғаны да анық», - деді Қ.Тоқаев.

 

Автор:Қанат Мәметқазыұлы

http://www.inform.kz/kaz/article/2841222

Қызылорда дәрігерлері енді шала туған нәрестелерді ескі салт - «тымаққа салу» амалы бойынша бақпақҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облыстық Ана мен бала орталығының мәліметіне сүйенсек, аймақта өткен жылы дүниеге келген 350 нәрестенің 37-сі шала туылған. Биыл 9 айда 510 бала мерзімінен бұрын туылған. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.

Жаңа туған 35 шақалақтың салмағы 1 келіге де жетпейді. Бұрын егде жасқа келіп босанған әйелдердің баласы әлсіз болса, бүгінде иммунитеттің төмендігі жас аналарда да байқалады.

- Көптеген адамда мерзімінен бұрын дүниеге келген балалардың ары қарайғы тағдыры мен мүгедектікке байланысты сұрақтар туындайды. Жөргекте жетілуге тиісті бөпенің бабын табу оңай шаруа емес. Аса ұқыпты күтім, жоғары технологиялық құралдарды қолдана отырып сапалы емдеу қажет. Ұзақ бақылау тағы керек,-дейді облыстық ана мен бала орталығы бас дәрігерінің орынбасары Манат Бодықова.

Ата-әжелеріміз бұл проблеманың түйінін өткен ғасырларда-ақ шешкен. Он құрсақ көтеріп, оларды өсіріп-жетілдірген батыр ана Ұлжан әжей шала туылған немересін «тымаққа салып» өсіріпті. Қазір ол салт біршама өзгерген. Жаңаланған нұсқаның авторлары - «28 ілмек» клубы. Қайырымдылық ұйымы шала туылған нәрестелерге қажетті тоқыма бұйымдарын әзірлейді.

Әлжуаз баланы баптауда ата-бабалар амал-әрекетін қазіргі медицина да мойындады. Тоқыма киімдердің шала туған балалардың өсіп-жетілуіне пайдасы орасан екенін ақ халаттылар медициналық тұрғыда дәлелденгенін айтады. Қазіргі таңда облыстық перинаталды орталық «28 ілмек» клубымен тығыз байланыста.

 

Автор:Елубай Әуезов

 

http://inform.kz/kaz/article/2840646

 


 

ДДСҰ: адамдар антибиотиктерді дұрыс қолданбайдыАнтибиотиктерді ретсіз қабылдау денсаулыққа қауіпті. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мамандары осындай мәлімдеме жасады. Себебі дұрыс қолданбаған дәріге ағзада төзімділік пайда болып, инфекциялармен күрес қиындайды.

 

Тіпті АҚШ-та өткен зерттеу антибиотиктер тиімділігінің әлсіреуіне байланысты елде жылына 6 мыңнан аса адам қайтыс болатынын көрсетті. Бұған бұл дәрілерге қатысты халық сауатының төмендігі себеп. 12 елде зерттеу жүргізген Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мамандары осындай қорытындыға келген. Зерттеуге қатысқандардың 64%-ы антибиотиктер тұмауды емдеуге көмектеседі деп санайды. Үштен бірі тәуір бола бастағанда-ақ дәрілерін қабылдауды доғарады екен. 25%-ы дәрігерге көрінбей, кезінде белгілері ұқсас ауруға шалдыққан таныстарының кеңесі бойынша антибиотик ішуге дайын.

Маргарет Чен, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Бас директоры: - Антибиотиктерге төзу қабілетінің артуы жаһандық дағдарысқа айналған. Көптеген мемлекеттер осы мәселенің маңыздылығын мойындап, денсаулыққа төнген ең басты қатерлердің бірі ретінде қарастырып отыр. Бұл әлемнің бүкіл аймақтарына тән мәселе.

Дереккөз:24.kz

 

Астанада денсаулық сақтау секторында институционалды реформаларды жүзеге асыру жобасы қорытындыландыАСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау секторында институционалды реформаларды жүзеге асыру және технологияларды тарату» жобасын жүзеге асыру барысы туралы» қорытынды конференция өтті.

«Бұл жоба кешенді жоба, себебі 7 бөлім мен 13 тармақшадан тұрады. Бұл бөлімдердің барлығы ортақ мақсатқа жету үшін өзара байланысқан. Негізгі мақсат - шетелдік консалтинг компаниялары мен денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі арасында өзара тиімді әріптестік орнату», - деді жобаның ұлттық үйлестірушісі Болат Тәкежанов.

Оның айтуынша, жобаны жүзеге асырудың нәтижесінде Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесіне халықаралық стандарттар енгізіліп, ұзақ мерзімді институционалды потенциал қалыптасқан.

Жалпы, 16-20 қараша аралығында Қазақстан мен Дүниежүзілік банктің жобалау топтары, Канада, АҚШ, Финляндия, Испания және өзге елдердің сарапшылары жобаның барлық жеті бөліміне талдау жасайды.

 

 

Автор:Кенжекей Тоқтамұратқызы


 

Ванильді йогурт көңіл-күйді жақсартуға көмектеседіАСТАНА. ҚазАқпарат - Майлылығы төмен ванильді йогурт - жақсы өнім. Вагенинген Университетінің сарапшылары анықтағандай, ол ас қорытуға ғана көмектесіп қоймай, сонымен қатар жақсы көңіл-күй сыйлай алады, деп жазды IBN Live.

Өз жұмысында мамандар жаңа әдісті - эмоциялық проекцияны пайдаланды. Оны түрлі йогурттардың дәмін тату кезінде қолданды.

Ғалымдар еріктілердің көңіл-күйін тексерді. Үш топ болды (кем дегенде 24 адамнан). Әрбір топ екі түрлі йогуртты алды. Өнім дәмі және майлылығымен ерекшеленді.

Майы аз ванильді йогурт қатысушылардың көңілін көтерген. Бұл ваниль иісі адам психикасы үшін пайдалы екенін тағы бір дәлелдеді.
Бұрын аурухананың қабылдау бөлімінде таратылған ваниль иісі агрессия көрсеткішінің төмендеуін көрсеткен.

 

http://inform.kz/kaz/article/2839343

Көздің көруін жақсартатын жаттығуларmassaget.kz 

Егер көзіңізге күнделікті жаттығу жұмыстарын жасап жүрсеңіз, көп ұзамай нәтижесін көресіз. Оған күніне 10 минут қана уақыт бөлсеңіз жеткілікті. Назарларыңызға көзіңіздің көруін жақсартатын жаттығуларды ұсынып отырмыз.

 

1. 2 минут бойы көзіңізді жыпылықтатыңыз.Бұл жаттығусіздің көзіші қанайналымыңызды қалыпқа келтіреді.

2. Көзіңізді оңнан солға қарай, жоғарыдан төменге қарай айналдырыңыз.

3. Ашық көзіңізбен ауаға сурет салып үйреніңіз. Бастапқы кезеңде геометриялық пішіндерді салсаңыз, уақыт өте келе қиын нысандар мен масштабты композицияларды сала бастаңыз.

4.Көзіңізді3-5 секунд сығырайтып, кейін қайтадан ашыңыз. Сөйтіп, 7 рет қайталаңыз. Бұл жаттығу көз бұлшықетін нығайтып, қанайналым жүйесін қалыпқа келтіреді.

5. Қабағыңыздың үстін жайлап саусағыңызбен 2-3 секунд басыңыз. Мұндай әдіс арқылы көз іші сұйықтығын жақсартуға болады.

6. Басыңызды айналдырыңыз. Бұл дакөзқанайналымына өте пайдалы.

Дайындаған:Жасұлан Исакаев

http://islam.kz/kk/news/gylym/kozdin-koruin-jaqsartatyn-jattygular-3567/#gsc.tab=0

Қазақстанда денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржы көлемі 9 жылда 6,3 есеге артты - Т.ДүйсеноваАЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстанда 9 жылда денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржы көлемі 6,3 есеге артты. Бұл туралы бүгін Алматыда ҚР Денсаулық сақтау жəне əлеуметтік даму министрі Тамар Дүйсенова қаланың медициналық қауымымен кездесу барысында айтты.

Кездесу барысында министр 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы жайында жан-жақты айтып берді.
Оның айтуынша, əлемде жан басына шаққандағы медициналық шығындардың көлемі артып келеді. Оның басты түйткілді себептері, жұқпалы емес аурулардың саны артуы, зейнет жасындағы адамдардың санының артуы болып отыр.

«Қазақстанда да бұл проблема бар. 2004 жылы республикалық бюжеттен денсаулық сақтау саласына 131 млрд теңге бөлінсе, 2013 жылы 824 млрд теңге бөлінген. Яғни 6,3 есе артты. Бұл ел экономикасының ЖІӨ-нен 3.8 %-ын құрап отыр»,- деді министр.

Тамара Дүйсенова Қазақстанның медициналық саласын қаржыландыру жүйесінің негізгі проблемаларын да атап өтті.«Мемлекеттің қаржы бөліп жатқанына қарамастан, халық тарапынан төлем көлемін (33%) азайту мүмкін болмай отыр. ДСҰ нормасы бойынша, бұл көрсеткіш 20 %-дан жоғары болса, жүйенің тұрақсыздығын көрсетеді. Дамыған елдерде қаржының 61%-ы амбулаторлық-емханалық емдеуге бөлінеді, қалғаны стационарға бөлінеді. Бізде керісінше 54%-ы стационарға бағытталса, қалған 46%-ы амбулаториялық көмекке жұмсалады. Мемлекет басшысы біздің алдымызға жүйені өзгерту туралы міндет қойды. Медициналық міндетті сақтандыру жүйесін енгіземіз. Бағдарламаның бұл бағытымен біз белсенді жұмыс жасап жатырмыз»,- деді Т.Дүйсенова.

Автор:Гүлмира Ғосманәли

http://inform.kz/kaz/article/2838757



Кардиохирургтар көптің алғысын алып жүрАрал ауданының тұрғыны Ерхан Тілеубергенов(суретте)жүрегі ауыратын болғандықтан, екі жылдан бері есепте тұрады. 2013 жылы аудан емханасындағы дәрігер ревматологке қаралған. Осы жылы мүгедектікке өтетін болады. Әрі жиі ентігіп, шаршап-шалдығуы жиілеген соң емхананың есігін қайта қағады. Кардиологқа көрінген кезде ол бағытты ревматологке сілтейді. Аудан емханасында ревматолог маманның тапшылығынан ол қалаға қарай тартуға бел буады. Қай жерің ауырса, жаның сол жерде.

Сөйтіп облыстық медицина орталығына келіп, жүрегін УЗИ-ге түсіреді. Ондағы маман кардиохирургия бөлімі­нің меңгерушісі Берік Дәуітбаевқа шығарылған нәтижені оқытып алыңыз деп кеңес береді. Қолына бір жапырақ қағазын ұстап, іле-шала кар­диохирургтың кабинетіне кіреді. Гиппократ антына берік дәрі­гер оны жылы жүзбен қар­сы алады. Кардиограмманы кө­ріп, дереу ауруханаға жату керектігін жеткізеді. «Экстренный» науқас ретінде. Себебі Ерханға тез арада жүрегі­нің екі қақпашасын ауыстырмаса, жағдай кейін қазіргіден де күрделеніп кететінін айт­қан. Осылайша апыл-ғұпыл бір аптаның ішінде оның жүре­гіне ота жасалады.

- Операция сәтті өтті. Жүрек ауруына шалдығуына ревматизмнің әсері болған. Жасан­ды қақпашаны 20 жыл бойы ауыстырмай, жүре беруге болады. Операция осыдан екі апта бұрын жасалды. Нау­қас жақын күндері ауруханадан шығады. Негізі жүрек ауруына көбіне темекі тарту, аз қозғалыс жасау, тамақты көп жеу, жатар кезде үнемі тамақтану әкеп соға­ды. Стресс те әсер етуші фактор­. Қан қысымының көтерілуі тағы бар. Адамдар үнемі асығып жүреді. Баланы балабақшаға апарып тастау­ керек, үйден жұмысқа ерте қайту керек деп. Бұлардың барлығы да өз әсерін тигізбей қоймайды,- деді бөлім меңгеру­шісі Берік Русланұлы.

«Бала күнімізде құлап қалып, балтырымыз тартылып қалса, мән бермей жүре беруші едік», - дейді Ерхан. Операцияға кірер сәтте толқынысты бастан кешір­генін, қалай болады екен деп қам жегенін де жасырмады. Сегіз сағатқ­а созылған ота кезінде салмағына қарай наркоз бергендіктен, ол кезде қаннен-қаперсіз жатқанын айтты. Есін жиғаннан кейін жүрегінің мазалауы сап тыйылған. Денсаулығын қайта қалпына келтіріп берген ақ халаттыла­рға Ерханның айтар алғысы шексіз.

Дәрігер Берік Русланұлының айтуынша, макарон тағамын біркелкі дастарқаннан түсірмеу жүрек ауруының басталуына өз ықпалын тигізе алады. Оның орнына жеміс-жидек, балық секілді теңіз өнімдерін тұтыну иммунитетті күшейтеді. «Бүгінде республикалық интернет сайттар жүрек ауруы жасарып барады деп дабыл қағып жатыр. Біздің өңірде бұл көрсеткіш қалай?» дегенімізде, дәрігер: «Мұндай көрсеткішті скрининг­тік тексерумен тікелей байла­ныс­тыруға болады. Мәселен, жалпылама тексеру өтеді. Сол кезде анықталады. Ал жалпы біздің об­лыс­ымызда жүрек ауруы­на шалдығатындардың 90 пайызы – үлкен кісілер. Сондай-ақ бұл ауру бойынша біздің республи­калық көрсеткішіміз ортаңғ­ы деңгейде», - деді.

Әңгімесін әрі қарай жалғаған дәрігер экологиялық ахуалдың жүрек ауруына шалдығуға еш қатысы жоқ екенін жеткізді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымның мәлі­метінше, миллион адам­ға шаққанда жүрекке мың операция жасалуы керек. Ал біздің облысымызда 700 адам­ға­ ашық операция жасалуы тиіс. Мысалы, аймағымызда бір жылдың ішінде 100-150 адамға ота жасалады екен. Дәл осындай өзге науқастар басқа облыс орталықтарына жіберіледі. Егер науқастың жағдайы тым ауыр болса, Алматыдан санитарлық авиация шақыртылады. Біз­дегі дәрігерлер қан тамырларын және жүрек қақпақшасын ауыстырады. Сондай-ақ туабітті ақауларға операция жасайды. Операция құны екі миллион теңгені құрайды. Бұл қаржыны өтеуді мемлекет өз мойнына алып отыр. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, өт қалтасын алып тастау отасы 150 мың теңгег­е пара-пар. Осыдан-ақ жүрекке жасалатын отаның қаншалықты қымбат тұра­тынын бағамдай беріңіз. Елімізде жүрек ауыстыру отасы бір ғана жерде, Юрий Пя басқаратын Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығында жасала­ды. Біздің облыстық медицина орталығындағы кардиоло­гтар да ешкімнен кем емес. Үнемі шетелге барып, білімін жетілдіріп келіп отырады. Соның арқасында Берік Русланұлы бастаған дәрі­герлер Ерхан секілді талай­ жанның алғысын арқалап жүр.

http://www.halyk-gazeti.kz/index.php?option=com_content&view=article&id=4807%3A2015-11-12-04-40-59&catid=5%3A2011-11-18-09-02-24&Itemid=5


Д.Назарбаева: Денсаулық сақтау саласындағылар үшін халықтың әділ бағасын алу - басты міндетАСТАНА. ҚазАқпарат - Халыққа медициналық қызмет етудің сапасын көтеру және тұрғындардың қажеттілігіне орай қызмет ету - бұл ел денсаулық саласындағы басты міндет, деп мәлімдеді елордалық әкімдікте болған кездесуде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Дариға Назарбаева.

«Мемлекет медицина және денсаулық сақтауға өте көп қаржы салды. Сондықтан көршілес аймақтар Ресей мен Қытай тәрізді бүгінгі таңда бізде де медициналық қызмет сапасын көтерудің орасан зор мүмкіндіктері бар. Бәрінен бұрын қазақстандықтар тарапынан әділ баға алу біздің әрқайсымыздың қазіргі уақыттағы басымдықты міндетіміз», - деп атап өтті Д.Назарбаева.

«Бізге медициналық көмектің қолжетімділігіне, сондай-ақ медициналық қызмет сапасына байланысты шағымдар көп түседі. Жалпылай айтқанда, көңіл толмаушылық деңгейі жоғары екені байқалады. Бұл қос тарапқа - дәрігерлер мен азаматтарға да тән болып отыр. Сіздер де жақсы білесіздер, шетелдерде медициналық қызметті пайдаланатындар саны артып барады», - Премьер-Министрдің орынбасары осындай пікірде.

Ол құрылатын міндетті медициналық сақтандыру қоры медициналық мекемелер мен дәрігерлерді рейтингті көтеруге, халықаралық аккредитация алуға және жалпы алғанда, көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға ынталандыратынына сенімді, деп хабарлайды Primeminister.kz.

Сондай-ақ Д.Назарбаева денсаулық сақтау мекемелерінде дұрыс психологиялық ахуалды қалыптастыру мәселесіне де баса назар аударды.

 

http://www.inform.kz/kaz/article/2837805