Ауа райы
Мерекелер

ТОРШАЛЫҚ ТЕРАПИЯ ЕКІ ПАЦИЕНТКЕ ЖАНАРЫН ҚАЙТАРДЫ

 

Ұлыбританияның мамандары жас шамалық макулярлық дегенерацияны емдеудің төңкерістік әдісін алғаш қолданды. 80 жасар еркек пен 60 жастағы әйел тіпті көзілдірік арқылы да оқи алмайтын. Бірақ діңдік торшалар қолданылған терапияның нәтижесінде пациенттердің жанары қалпына келді деп хабарлайды The Daily Mail.

Процедураны денсаулық сақтау саласындағы зерттеулердің Ұлттық институты қызметкерлерінің көмегімен Лондонның Университеттік колледж ғалымдары ойлап тапқан. Ол жергілікті анестезия арқылы бар болғаны 45 минутте атқарылады. Бір ғана эмбрионалдық діңдік торшадан тор қабықтың 100000 пигменттік жасушасы бар 6 миллиметрлік телім алынады.


Одан соң телімді орап, жұқа түтікке айналдырып кішкене есік арқылы көзге енгізеді. Кейін орау ашылып, жарамсыз жасушаны алмастырады. Бұл тор қабықтың ар жағына орналастырылады. Телімді тор қабықтың астына қою үшін арнайы жобаланған хирургиялық аспап қолданылды. Пациенттер 12 ай бойына бақыланды.Олардың жанары елеулі түрде жақсарды.Емнің нәтижесінде еркек пен әйел енді оқуға арналған көзілдірік арқылы минутына 60-80 сөз оқи алады.

 

«Сыр медицинасы» газеті

 

Дереккөз:http://www.meddaily.ru ://www.meddaily.ru/article/21mar2018/zamvrdiag">http://www.meddaily.ru

 

АҚЫЛДЫ КОМПЮТЕРЛІК БАҒДАРЛАМА ДИАГНОСТ-ДӘРІГЕРЛЕРДІҢ ОРНЫН БАСУҒА УӘДЕ БЕРЕДІ

 

Қытай ғалымдары ауру адамның тін (ткан) үлгілерін сау адамнан ажыратып, аталық без (простата) обырын (рагін) нақтылауға қабілетті өзі оқитын жасанды интеллектті ойлап тапты. Жүйенің бақылау дәлдігі шынайы дәрігердің нақтылығымен теңесе алады деп хабарлайды The Deccan Chronicle.

Келешекте жүйе диагнозды қою процесін толығымен автоматтандырады деп есептейді құрастырушылар. Мұндай жүйеге қажеттілік аса жоғары, өйткені простата рагі – ерлер арасында кең тараған онкологиялық дерт (жылына миллионнан астам жаңа оқиға диагностикаланады). Диагнозды дәлелдеу үшін оны кейін дәрігер зерделейтін материал алынатын биопсия қажет болады.

Алайда жаңа жүйеде бәрі өзгереді.Ол қатерлілік дәрежесін дәл сыныптайды. Жүйе 283 пациенттен алынған патологиялық тіннің 918 үлгісін сынақтан өткізді делінеді. Деректер өз жұмысын ұдайы жетілдірген және диагноз туралығын арттырған жүйе арқылы сүзгіден өткізілген. Нәтижесінде 99,38% дәлдікке қол жетті.

 

«Сыр медицинасы» газеті

 

Дереккөз: http://www.meddaily.ru

0

БІЛІКТІ ДӘРІГЕР АУЫЛҒА ДА КЕРЕК


Досбол Жұмашевтың медицина саласында қызмет еткеніне сегіз жыл болды. Осы уақыт аралығында Оңтүстік Қазақстан облысында тәжірибе жинақтаған дәрігер 2017 жылы туған өлкеге қайта қоныс аударып, еңбек жолын Қандөзде жалғастыруда. Ауыл тұрғындарының сауықтыру және емдеуге жауапты маманды әңгімеге тартқан едік.
Қандөз ауылында туып-өскен Досболдың бала кезгі арманы дәрігер болу болатын. Осы жолдан адаспаған ол өзі қалаған мамандық иесі атанды. 2002 жылы Ғ.Мұратбаев атындағы мектепті бітіргеннен кейін Ахмет Яссауи атындағы Қазақ-Түрік университетінің медицина факультеті, емдеу ісі мамандығы бойынша білім алады. Одан кейін, 2009 жылы бітіреді. Алайда, тағы бір жыл өзі тәмамдаған оқу орнының Шымкент қаласындағы филиалында интернатура бойынша білімін шыңдайды. Оқу бітіргеннен кейін ОҚО, Ордабасы ауданында еңбек жолын бастайды. Аудандық емханада дәрігер-хирург болып қызметке орналасып, өзінің кәсіби деңгейін көрсете бастайды.
– Ең алғашқы емделушім Қасымбек деген ел ағасы болатын. Әлі есімде ол кісінің батасы жылы лебізі маған үнемі жігер сыйлап жүреді. Өмірден озған шағына дейін ақылын айтып, жол сілтейтін жанның бірі еді. Осындай ағалардың ақ батасымен қызметте өстім, өндім, – деді білікті дәрігер.
Жалпы, дәрігер-хирург бас дәрігердің нұсқауы бойынша науқастарға түрлі дәрежедегі оталар жасап, әрі қарай да бақылап, қажетті емін қолданып, олардың толық сауығып кетуін қамтамасыз етеді. Шұғыл ота жасау олардың басты міндеті. Кейіпкеріміз мұндай жауапкершілікті сезініп келеді. қызметтегі жауапкершілігі мен адалдығын бағалаған басшылық оны 2011 жылдың «Ең жас үздік дәрігері» атайды.
Осындай білікті дәрігерді ауылдағы ағайын кіндік қаны тамған жерде қызмет етуді ұсынады. Мұны ауылдық әкімдік қолдай кетеді. Ағайынның тілегін дәрігерде қуаттайды. Үнемі біліктілігін арттыруды мұрат еткен дәрігер былтыр Алматы қаласында үш айлық оқуға барып, тәжірибе алмастырып, білімін жетілдірді.
– Әрбір жанның арманы туған өлкенің өрістеуіне еңбек етуінде деп білемін. Иә, кіндік қаны тамған ауылыңа, ондағы тұрғындарға қызмет ету үлкен абырой. Әрі, жауапкершілік жүгін арттыра түседі. Сондықтан, былтыр Қандөзге қайта қоныс аударып, осында қызметке кірістім, – деді ол.
Қазір ол ауылда жалпы тәжірибелік дәрігер қызметінде. Бүгінде екі баланың әкесі Досбол Жайылұлының алға қойған мақсаты медицина саласында абыройлы еңбек ету.
Түйіндей айтқанда, медицина саласында еңбек етіп жүрген Досбол Жұмашевтің бойынан қызметке деген адалдықты ғана емес, туған өлкеге деген сүйіспеншілікті, сағынышты байқадық. Мұндай ізгі қасиет адал қызмет етуге жетелейтіні анық...

Әлібек ТЕМІРБЕК.

https://zhanaqorgan-tynysy.kz/zanalyk/1198-blkt-drger-auyla-da-kerek.html

КҮНДІЗГІ ЕМДЕУ БӨЛІМІНІҢ ТЫНЫСЫ


Басымыз ауырып, балтырымыз сыздай қалса, ақ халатты абзал жандарға жүгінетініміз ақиқат. Адам жанының арашасысы деген қастерлі мамандық иелерін қаншалықты айтсақта артық етпейді. Оған қоса, медицина қызметкерлеріне мемлекет тарапынан жасалынып жатқан қолдаудың өзі қомақты. Бұған емдеу мекемесіндегі білікті мамандар мен мекеменің заманауи медициналық қондырғылармен толығуы дәлел.
Бүгінгі таңда елімізде медицина саласының алдына қойған міндетінің бірі – тұрғындарға қолжетімді әрі сапалы медициналық қызмет көрсетумен қатар, олардың ауруханаларда емделмей-ақ күндізгі стационарлар арқылы ем алуын қамтамасыз ету. Яғни, қазіргі таңда ауылдағы ағайын облыс орталығына сабылмай-ақ аудан орталығынан қажетті ем-домдарын ала алады. Осы тұста, Жаңақорған аудандық емханасындағы күндізгі емдеу бөлімінің жұмысы қашанда қарбалас. 30 төсектік емдеу бөлімінде, күніне 50-60 адам жолдама арқылы ем қабылдайды. Дертіне дауа іздеген әрбір емделушінің көңілін тауып, жылы сөзін аямайтын ақ халаттылардың жұмысымен таныстық. Жаста болса, бас болып бөлім меңгерушілік қызметін абыройлы атқарып жүрген жас дәрігер Мерей Жұмаш алдына келген әрбір емделушінің саулығын бүге-шүгесіне дейін сұрап, диагнозын дөп қоюға бейімделген. Әріптесі Мейірман Дүйсенбай екеуі келушілердің қан қысымын өлшеп, хал-жағдайын сұраудан еш жалыққан емес. Бір айта кетерлігі, Мерей мен Мейірман Алматы қаласындағы С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде қатар оқыған. Екеуі де медициналық білімді тәмамдағаннан кейін, туған жерге қызмет етуге оралған.
– Ұлт саулығы – мемлекет байлығы. Тәні саудың – жаны сау екендігі айтпасада түсінікті. Сондықтан бүгінгі таңда аурудың алдын алу біз үшін өте өзекті болып табылады. Келешек ұрпақтың баянды болашағының кепілі болып табылатын денсаулық мәселесін жетілдіру – біздің дәрігерлік борыш. Біз халықтың бізге деген сенімі артатындай, қажетті кәсіби көмек алатындай халыққа қызмет көрсетсек одан артық абырой жоқ. Бұл бағытта біздің бөлімде 7 қызметкер еңбек етуде. Яғни, екі дәрігер, аға мейірбике, үш медбике, бір тазалықшы бар. Оның үстіне емдеу бөліміндегі қызметтер тегін, кепілді медициналық қызмет көлемінде 8 күн бойы ем қабылдайды, – деді бөлім меңгерушісі Мерей Сейдахметұлы.
Біз барғанда күндізгі емдеу бөлімінде бірнеше емделуші бар екен. Соның бірі – жаңақорғандық Аманкүл Қияқбаева. «Ем қабылдап жатқаныма екі күн болды. Осындағы Ақмарал, Сағыныш, Махаббат есімді медбикенің қызметі көңіл қуантады. Ал, дәрігер мен аға мейірбике қашанда қасымнан табылып, саулықтың қадірін білуге негіздейтін кеңестерін аямайды» дейді кент тұрғыны Аманкүл Қияқбаева.
Әрине, емдеу ісімен қатар, жаңа талаптарға сай, білімін арттыру – бүгінгі күн талабы. Бұл бағытта бөлімнің аға мейірбикесі Шолпан Сүлейменова түрлі оқыту семинарлары мен курстарда біліктілігін арттырған. Ол елдегі маңдайалды медициналық университет базасы жанындағы тәжірибе алмасу басқосуларына қатысып, тың тәсілді ауданның денсаулық саласында ұтымды өндіріске енгізуде. Талай сырқаттың сауығуына себепші болған Шолпан Сүлейменова ізінен ерген жас медбикелерге қашанда ақыл-кеңесін аяған емес. Оларды үнемі өзіне жақын тартып, әрбір пациентті жылы жүзбен қарсы алуды қайталап айтып отырады.
– Негізі ауруды асқындырып алғаннан гөрі, алдын алған әлдеқайда абзалырақ. Қазақта мақал бар ғой: «Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» деген. Ол үшін күнделікті тұрақты түрде спортты серік ету керек. Үнемі денесі шыныққан жанның иммунитеті берік болады. Ең болмағанда, таңертең ұйқыдан тұрғанда жаттығу жасау тиіс. Соның өзі саулыққа тигізер пайдасы мол» деген аға мейірбике тұрғындарды салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.
Иә, жас пен кәріге көмек қолын созып, жанына дауа, дертіне шипа боларлық ем жасауға қашанда даяр тұратын ақ халатты абзал жандар ел үшін еңбек етіп, халықтың алғысын арқалап жүргені белгілі. Бұл бағытта аудандық емхананының күндізгі емдеу бөліміндегі қызметкерлердің еңбегі елеулі.

Самат ОҢҒАРҰЛЫ.

https://zhanaqorgan-tynysy.kz/zanalyk/1197-kndzg-emdeu-blmn-tynysy.html

МАМАНДЫҒЫНА АДАЛ ЖАН

 

Абилмажит Нысанов 1955 жылдың қаңтар айында Арал ауданының «Қамыстыбас» стансасында дүниеге келген. 1971 жылы сондағы №21 орта мектепті бітіргеннен кейін Қызылорда медициналық училищесінде оқыды. Одан соң жолдама бойынша Арал аудандық жедел жәрдем стансасында фельдшер мамандығы бойынша жұмыс істеді.

Жоғары медициналық білімді игеруді мақсат еткен ол 1981-1987 жылдары Ақтөбе мемлекеттік медициналық институтында оқып, «педиатрия» мамандығы бойынша дәрігер дипломын иеленді. Бір жыл Қызылорда облыстық ауруханасында «анестезиология және реанимация» мамандығы бойынша интернатураны бітірді. Интернатурадан кейін Қызылорда қалалық перзентханасының реанимациялық–анестезиологиялық бөлімшесіне дәрігер анестезиолог-реаниматолог ретінде қабылданып, кейін сол қиын да жауапкершілігі мол бөлімшенің меңгеруші болып он жыл қызмет етті.

2007-2012 жылдары ҚР ДСМ «Медициналық қызметтің сапасын бақылау» Комитетінің Қызылорда облысы бойынша филиалының бас маманы, ҚР ДСМ «Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің» Қызылорда облысы бойынша департаментінің медициналық қызметті бақылау бөлімінің бас маманы лауазымдарын абыроймен атқарды.

2012 жылдан бастап «Қазақ республикалық лепрозорийі» РММ бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары болып осы уақытқа дейін сол мекемеде жұмыс атқарып келеді.

І-ші санатты «анестезиолог-реаниматолог», І-ші санатты «гигиена және денсаулық сақтау ісін ұйымдастырушы-дәрігер» біліктіліктері бар.

40 жылдан астам облыс медицинасындағы еткен еңбегі «Денсаулықты сақтау ісінің үздігі», «Денсаулық ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгілерімен, Қызылорда облысының дамуына елеулі үлес қосқаны үшін «Қызылорда облысына 70 жыл» және «Қазақстан республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалдарімен марапатталған, бірнеше рет облыс әкімшілігі мен облыстық денсаулық сақтау басқармасының Алғыс Хаттарын және Грамоталарын иеленген.

Жұбайы Гүлжихан Нысанова «облыстық наркологиялық орталығының» бас дәрігері. 5 немерелері бар.

Лепрозорий ұжымы қадірлі әріптесіміз Абилмажит Нысановты 63-ке келген кемел жасымен шын жүректен құттықтай отырып, оның әлі де денсаулық сақтау ісіне қосар үлесінің мол екеніне сенеді. Әбекеңе мықты денсаулық, бойындағы жігердің әлі таусылмауына және балалары мен немерелерінің бар қызығын сүйікті жарымен бірге бөлісіп, көре беруіне тілектестік білдіреміз.

 

Ұжым атынан: Молдағали СЕЙТАЛИЕВ,

«Қазақ республикалық лепрозорийі» РММ басшысы

"Сыр медицинасы" газеті

 

 

МАМАН ЖЕТІСПЕЙДІ

 

Қармақшының экономикалық тыныс-тіршілігімен танысудың бастамасы жаман болған жоқ. Одан ары аудан халқының денсаулығына жауапты мекеме саналатын аудандық емханаға бас сұқтық. Бас дәрігер Ж.Құдайбергеновтың айтуынша, «Жол картасы» бағдарлам­асы аясында аудандағы емдеу мекемеле­рі­нің техникалық базасы жаңа технологиялармен жабдықталған. Оған дәлел ретінде 3 жаңа жедел жәрдем көлігінен бөлек жалпы құны 80 миллионнан асып жығыла­тын «HAMILTON», «ISOLETTE», «MOT 6000», «ТІ 500 Сlobe Trotter» инкубатор аппараты секілді 8 қондырғы сатып алыныпты. Бұл құрылғылардың өзіндік қызметтері бар. Пайдалануға берілгелі жөндеуден өтпеген аудандық орталық аурухананың кәріз жүйесі жаңартылып пайдалануға берілсе, ауызсу мен жылу мәселесі жуық арада шешімін табады­ деп күтілуде. Сондай-ақ, Қармақшы ауданына қарасты Ақай ауылында орналасқан аудандық орталық­ аурухана құрылымдық бөлім ғимаратына да күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Төребай би ауылындағы медициналық пункте типтік жобадағы ғимарат салынып, пайдалануға берілген. «Жақсылықтың ерте-кеші жоқ» демекші, қазіргі күні ауданда акуше­р-гинеко­лог маман тапшы. Бас дәрігердің айтуын­ша, 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» бағдарламасы аясында мамандары бар меди­циналық кешен елді мекендерді аралап жүр. Бір сөз­бен айтқанда, 2017 жыл аудандағы денсаулық сақтау саласы үшін табысты болған.

Ердәулет КӘКІМЖАНОВ,

Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың 4-курс студенті

 

«ҚАРМАҚШЫНЫҢҚАДАМЫҚАРҚЫНДЫ» мақаласынан үзінді

http://www.halyk-gazeti.kz/index.php?option=com_content&view=article&id=8723:2018-03-15-04-40-56&catid=3:2011-11-18-09-00-35&Itemid=3
ЕМХАНА ҚЫЗМЕТІНЕ КӨҢІЛІМІЗ ТОЛМАЙДЫ
Өткенде  ауылдық  округ  әкімшілігі  ұйымдастырған  қоғамдық  кеңес  отырысының  біріне  қатысқан едік.  Сол  жиында  айтылған жергілікті  қоғамдық кеңес және  халық  алдында  ауылдағы мекеме басшылары есеп беретіні  қуантарлық  жағдай. Осы жылғы ақпан  айында  ауылдық  емхананың  есебі тыңдалатыны  жадыма жазылып, маза бермей келеді. «Дені саудың – жаны  сау»  демей  ме қазақ атамыз. Қай жерің ауырса, жаның сол жерде деген де бар. Алайда қынжылтатыны  сол, даңғарадай  ғимараты  бар, барлық  жағдайы  жасалған  ауылдық емхана қызметінің өте төмен деңгейде  болуы еді. Нақты айтар болсақ, осыдан екі ай бұрын қайғылы жағдай орын алды.  Бәрі де бір Құдайдың қолында шығар, бірақ бұл – қателік. Себебі ауылдық емхана қызметкерлерінің  салғырттығы,  шақырту кезінде бірінші кезекте  жеке басының жұмыстарын қоюы. «Қолым тимей жатыр», «қонақ келіп қалды», «үйде адам жоқ» деген жайттарды жиі естиміз. Олай болмаған жағдайда келген дәрігердің қолында дәрісі немесе құралы жоқ, тек тамыр ұстаушылар келеді. Тамыр ұстаудың заманы өтті, алғашқы медициалық көмек көрсететін арнайы қолсөмке бар емес пе, ол қайда?
Науқастың жанына келген медбикелер көп жағдайда дәрігеріне қоңырау шалып жатады: температурасы бар немесе жоқ, «ана жерім дейді», «мына жерім дейді, не істейін» деп. Осы кезде арғы жақтан «ана дәріні салып көр» деген дауысты  естиміз, сонда ауру адам сынақ жүргізетін сынақ алаңы болғаны ма?
Соңғы кезде ауыл тұрғындары арасын­да  «бірден  қалаға  көрінейік»  деген­ сөз туындауда. Жолдама алу үшін амалсыз­ ауылдық емханаға келеміз. Сонда ауылдық емхана кеңес дәуірінде жұмыс істегеніміздей жүргізушілерге­ жолдама (путевка)  беретін диспетчер­дің қызметіне  айналғаны  ма?
Дәрі жоқ! Бөлінген дәрі қайда? Емхан­а жанында дәріхана бар, онда дәрі де бар. Бұл дәріхана қалай ашыл­ған? Жеке біреулердің дәрісін сатуға арнайы­ маман бекіткен бе? Әлде бөлінген дәрі саудаға шыға ма? Ең бірінші дәрігер науқасты жүрегімен емдейт­іні қайда? Басы ауырып, бал­тыры сыздағандарға жылы сөз, оң көз­қарас қажет емес пе? Жақында болған­  қайғылы  жағдайдан соң, қателігі бар дәрігердің оның отбасына барып: «Өлетін адам өлді, енді не қыласың­дар?» дегені қалай? Гиппократтың  алдындағы ант қайда? Осыдан 2-3 жыл көлемінде ауыл тұрғынының әлеуметтік  желіде  жариялаған  мақаласы елді елең еткізді. Себебі емханаға барсаң, шай болмаса, қарамай ма деген. Бұл не сонда­, шай беру, шай ішу үрдіс пе? ҚР ҚК-інде медицина қызметкерлерінің осы кәсiпқой қателіктері үшін қыл­мыстық­  жауапқа  тартылады  де­лінген. Сол  шектеулі  тізімдегі «Заңсыз сыйлық  берудi  алу»  деген  бапқа жатпай ма?  Демек,  бұл –  дәрігерлік қате­ліктің пайда­ болуы­.  Анығырақ  ашып  айта­йық.
Дәрігерлік  қателіктің  пайда  болуы­ның себебі,  бірінші – дәрiгердiң  құзырлы  еместiгi,  емделушіге енжар қатынас, бұл – ең ауыр жағдайлар. Кейбір кезде ең сирек кездесетін ауруды­ң пайда болуы дәрiгердiң төмен бiлiктiлiгiне тікелей байланысты. Төменде көрсетілген тізімдер бойынша ҚР ҚК-нің баптарымен медицина қызметк­ерлері  осы  кәсiпқой  қателіктері  үшін  қылмыстық  жауапқа  тар­ты­лады:
- байқаусыздық бойынша өлтiрiп алу;
- алып қоюға мәжбүр ету немесе адамның мүшелері және кездеме­лерi­нiң заңсыз алып қоюы;
- дәрiгерлiк және фармацевтикалық  қызметкерлердiң кәсiби  мiндеттерiн  лайықсыз  орындауы;
- клиникалық зерттеу­лердiң жаңа әдiстер мен профи­лактика бойынша диагно­стика, емдеу және медици­налық оңалтудың өткiзуiндегі қолдану ретiн бұзу;
- түсiктiң заңсыз өндiрiсi;
- ауру адамға көмек көр­сетпеу;
- қауіпті жағдайда қал­дыру;
- психиатриялық стационарға  заңсыз  жатқызу;
- адамдармен  сауда;
- бөпені ауыстырып жiбе­руi;
- бала асырап (қыз бала асырап алу) алудың жасырын сырдың  ашылуы;
- дәрiгерлiк жасырын сырдың­  ашылуы;
- заңсыз сыйлық берудi алу;
- есiрткi заттарды заңсыз жасау, өңдеу, алу, сақтау, тасыма­лдау немесе өткiзуi;
- заңсыз дәрiгерлiк немесе­ фармацевтикалық қызмет;
- рецепттердi заңсыз беруi немесе басқа құжаттардың жалғаны­.
Осы мәселелерге байланысты дәрігердің кінәлі әлде кінәлі еместігін сот шешеді.
«Айта-айта Алтайды, Жамал­ апам қартайды». Бұл не? Түсінбей қалсаңыздар, айтайық. Ауылдың ұйыған ауызбірлігіне кері әсерін туғызар­, ағайындық араға жік түсер, бірақ айтпасқа бол­майды. Бұл мәселе бұрын­дары да туындап, өзгеріссіз қалған жедел жәрдем көлі­гінің  уақытында келмеуі, кешігуі, бұзылдым деп сылтау айтуы, науқастан бензинім жоқ деп жанар-жағармай тала­п етуі. Басқа салғасын амал жоқ, табасың, болмаса, өле бер. Неге өлу керек осындай заманда? Бөлінген қаржы қайда? Жедел жәрдем жүргізушісінің үйінен сататын жанар-жағармайы не май? Осыған үңіліп көрдіңіздер ме? Қарақұм беткейінен мал  тасу, өзінің немесе басқа біреудің сойылған малы­н­ың етін тарату не деген сұмдық немесе жеке жұмыстарға жалдануы қалай? Санитарл­ық талаптар қайда? Қасқырға қой бақтырғанымыз ба? Тұрғындардың емделемін деп жүріп, ауру жұқтыр­масына кім кепіл? Жедел  жәрдем көлігі үнемі дайын болуы­ керек емес пе? Әлде дәрігердің жиналысқа қатынайтын немес­е жүр­гізушінің жалдан­ып пайда тауып, шаруа­сын  бітіретін  жеке  көлігі  ме?
Білмесеңіздер, анықтап көрейік.
Жедел  медициналық жәрдемнің міндетіне  мыналар  кіреді:
1. Ауруханаға дейінгі кезеңде нау­қастың немесе оны қоршаған адам­дардың денсаулығына және өміріне қауіп төнген жағдайда, кенеттен болған­ аурулар және созылмалы аурулардың асқынуы, бақытсыз жағдайлар, жара­қаттар, уланулар, жүктіліктің және босану­дан кейінгі асқыну жағдайлары.
2. Науқастарды емдеу профилактикалық мекемелерге тасымалдау.
3. Табиғат, төтенше жағдайлар, жол апаттарын жоюға белсенді араласу.
Негізгі  талаптары:
1. Тәуліктің барлық уақытында ЖМЖ-ге тұрғындардың толық қолы жетуі.
2. Ауруханаға дейінгі түрлі медициналық қызметтің шапшаң, әрі дер кезінде­ көрсетілуі.
3. Барлық санаттағы жарақаттан­ғандар мен науқастарға қажетті ЖМЖ көлемін көрсету үшін жоғарғы білікті медициналық мамандармен қамтамасыз  етілуі.
4. Нақтылы медициналық мекемелерге кідірусіз жатқызуды қамтамасыз ету.
5. ЖМЖ-мен жеткізілген жарақаттанғандар мен науқастар аурухананың қабылдау бөлімінде шұғыл қаралып, қажет болса, ауруханада бос орынның бар-жоғына қарамастан жатқызылады.
6. Аурухананың  қабылдау  бөлімінде ЖМЖ 10 минуттан артық кідіруге немес­е кідіртуге болмайды. (Науқас немес­е жарақаттанғандарды ауруха­наның  кезекш­і дәрігеріне өткізетін уақыт).
Шұғылдылық:
Сыртқы және ішкі факторлардың әсерінен болған барлық шұғыл пато­ло­гиялық жағдайларды жою және оларды ауырлық дәрежесіне қарай тез арада анықтау және ем шараларын жүргізу.
Шұғыл  жағдайлар:
Адам денсаулығын күрт нашарлатып және өміріне қауіп төндіретін ағзадағы патологиялық өзгерістер.
Бұл кезде күттірмейтін шұғыл емдік шараларды жүргізу қажеттігі туындайды.
Шұғыл көмекті қажет ететін пато­логиялық  жағдайлар:
1. Жедел медициналық жәрдемсіз өлімге әкелетін өмірге қатер төнуі жағдайлары.
2. Өмірге қаупі жоқ, бірақ патоло­гиялық жағдайға байланысты, түрлі уақытта қатер төнуі мүмкін.
3. Өміріне қаупі жоқ, бірақ науқастың  қасіретін жеңілдету.
4. Науқас өміріне қауіп жоқ, бірақ айнала қоршаған адамдарды сақтан­дыру  үшін  көмек  қажет.
ЖМЖ  дәрігерінің  жауапкершілігі:
1. ЖМЖ дәрігері заңмен қарастырылған тәртіп бойынша жауапты.
2. ЖМЖ жұмысын ЖМЖ дәрігерлері үшін бекітілген салалық өлшемдерге, ережелер мен стандарттарға сәйкес сапалы ұйымдастыруға.
3. Науқастың денсаулығына нұқсан келетін немесе оның өліміне әкелетін құқыққа қарсы әрекеттер мен әрекет­сіздіктерге.
ЖМЖ  шақыртылу  тәртібі:
ЖМЖ телефон немесе өз бетінше шақыртылуы мүмкін.
ЖМЖ ЖМК көрсету үшін келесі жағдайларда  жіберіледі:
1. Төтенше жағдайларда.
2. Өмірге қауіп төндіретін кенеттен болған ауруларда.
Келесі  жағдайларда  көмек  көрсетіп, арнайы  медициналық  мекемелерге  тасы­малд­айды:
1. Босану және жүктілік ағымының асқынуында.
2. 1 жасқа дейінгі балаларға.
3. Жіті және денсаулығының күрт нашарлап кетуіне байланысты әртүрлі созылмалы аурулардың асқынуында.
4. Емдеу дәрігерінің шақыртуымен денсаулығына қарай, зембілмен, санитарлы автокөлікпен тасымал­дауды қажет ететін жол-жөнекей медицина­лық көмек қажет ететін науқаста­рға.
Ауруханаға жатқызу үшін тасы­малдау:
1. Емдеу дәрігерінің шақыртуымен жіті жарақаттануларда, жіті хирургиялық, акушер-гинекологиялық ауруларда. Жүрек-қантамыр жүйесінің ауруларында жол бойы медициналық көмекті қажет ететін және зембілмен тасымалданатын жағдайларда.
2. Ауыр жағдайдағы жұқпалы ауруларды жұқпалы аурулар ауруханасына.
3. Жоспарлы түрде ауруханаға жолдама алған науқастарды, егер жағдайы санитарлық көмекті қажет етсе.
Әлқисса, қандай  міндеттері бар  екенін  білдік. Жиналысқа немесе жеке шаруаға пайдалануға еш негіз жоқ. Сонда­ бекітілген ережені белінен бас­қаны­ ғой. Түсінбедік, елдің иесі қайда? Ауыл  әкімінің  жұмысы от жағушыларды  тексеру  ғана ма?
Құрметті қоғамдық кеңес мүшелері мен ауыл әкімі, бұл – ел аузында айтылып, наразылық туғызып жүрген жағдай. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген, бұл мәселе шешімін таппай, алға басу қиын. Көп жағдайда біреудің өзі, біреудің көзі жақсы дейміз. Биліктегілерге келсек, «бақсыға айтып бақ­тыртам, балгерге айтып қақтыртам» деумен­ сиырқұйымшақтанып жоқ болады.­ Ал сондағы нәтиже қандай: «баяғы  жартас – бір  жартас».
Қорытындылай келсек, емделуші де өз денсаулығына жауапты болуы абзал. Яғни адамның өз денсаулығына салғырт қарауы да қателікке әкеліп соқтыруы әбден мүмкін. Мысал келтірсек, емделушілердің аурудың нақты белгілерін жасыруы, немесе өз-өзін емдеумен айналы­суы... Соған қоса тағы бір негізгі мәселе бар. «Дәрігер-емделуші» қатынастарында  құқықтық  сауаттылықтың орны ерекше. Егер емделуші өз құқық­тарын жеткілікті білсе, ол өз денсаулығына қатысты барлық тиісті қызметті талап етер еді. Мүмкін осындай жағ­дайда ғана көптеген қайғылы қателіктер  болмас  еді.
 
Бұл мәселе шешімін таппаған жағ­дайда, жоғарғы тұрған құзырлы орган­дарға, әлеуметтік  желіге, аймақ басшысы  Қырымбек Елеуұлына, облыстық ден­саулық басқармасының басшысы Ақмарал­  Шәріпбайқызына   жолдана­тын­дығы  ескертіледі.
Жанқожа  батыр  ауылының
бір  топ  тұрғындары,
Қазалы  ауданы
 
 
РЕДАКЦИЯДАН:  Аталмыш хат газетіміздің электронды поштасы­на  келіп түскеннен кейін, әдепкіде нақты бір адамдардың аты-жөндері көрсетіліп, қолы қойылмағандықтан, бейтарап қалуға тырысып едік. Бірақ, тиісті орындар мәселеге мән беріп, құлақ аспағаннан кейін соңғы үміті ретінде БАҚ-қа арқа сүйеп, пана іздейтінін ескеріп, хат мәтінін барынша өзгертпей, сол күйінде бергенді жөн санадық. «Халық» газетіне үміт артып, жолдаған хатында: «Ел болам десең, бесігіңді түзе» демей ме? Айып етпессіз, елдің арасындағы ренішін ашығынан жеткізейін. Бұл мәселе ауыл әкімшілігі ұйымдастырған жергілікті қоғамдық кеңес отырысына ұсынылды. Халық алдында оқып беру сұралды. Алайда ауыл әкімінің бұл мәселені жасырып қалғаны қалай? Ауыл тұрғындарының жанай­қайы емес пе? Оны қараусыз қалдырғаны несі? Тура бидің бүйрегі басқа жаққа бұрғаны ма, ханның алдында қара халық тартынб­ай сөйлеу керек дегендері қайда? «Ханның сөзін қара да айтады, бірақ аузының дуасы жоқ» деген рас болғаны ма? Ауыл халқы­ атынан жазылған өтініш қараусыз қала бере ме? Анығына үңіліп көрерсіз, кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін» депті.
Ендеше, бір топ ауыл тұрғындары көтеріп отырған мәселеге тиісті орындар атүсті қарамай, оңтайлы шешім қабылдайды деп ойлаймыз. Сондай-ақ, қарсы тараптың уәжі болса, тыңдауға, басылым­ бетінен орын беруге дайын екенімізді де айта кетейік.
 

АҚСАҚАЛДАРДЫ АМАЛ МЕРЕКЕСІМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

Облыс әкімі Қырымбек Көшербаевоблыс орталығында «Қауышу күні» мерекесінеорай облыстың қоғам қайраткерлерімен, еңбек ардагерлерімен кездесті. Көктемніңкелуін бейнелейтін, Наурыз мейрамықарсаңында атап өтілетінбұл мереке «Амал» немесе «Көрісу күні» деп те аталады.
Кездесу барысында аймақ басшысы ақсақалдарды мерекеменқұттықтап, өңірдің дамуынақатысты сұрақтарды талқылады.
«Қауышу - тек адамдардыңбір-біріне амандасып, жақсылықтілейтін, бір-бірімен қауышатынмерекесі ғана емес, сондай-ақ, жасы үлкендерге ізет көрсетіп, ілтипат білдіретінкүн. Біздің аймақ ата-бабаларымыздың салт-дәстүрлерімен әдет-ғұрыптарынқатаң сақтаған, біз осы мәдениетті сақтауымызкерек. Бүгін осындайкеремет күні бас қосып отырмыз. Өздеріңізгемықты денсаулық, отбастарыңызға береке-бірлік, жақындарыңызға амандықтілеймін»,-деді ҚырымбекКөшербаев.
Кездесуде облыстың танымалқоғам қайраткерлері ТұрғанбайМаханов, Оразғали Бекпанов, ФайзуллаСахиев және басқаларсөз сөйледі. Олар облыстыңдамуына қатысты ойларымен, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру аясындағыидеяларымен бөлісті.
«Соңғы жылдары облысымызқарқынды дамып келеді.Республикабойынша біздің аймақ үздік үштікте. Бұл мақтанатындай көрсеткіш.Осында отырған әр ардагердің өңірдіңдамуына сіңірген еңбегі зор. Ата-салтымызжаңғырып жатқан уақыттакөрген-білгенімізді жастарғажеткізу біздің парызымыздеп есептеймін»,- деді қоғам қайраткері, облыстың Құрметтіазаматы, медицина ғылымдарының кандидаты Тұрғанбай Маханов.
Сондай-ақ, ақсақалдар Сырдарияныңсол жағалауына барып, жаңа қала құрылысыментанысты, «Қауышу күні» мерекесінеорай «Сыр сүлейлері» аллеясындағы мерекелікіс-шараларға да қатысты.

http://syrboyi.kz/negizginews/18720-asaaldardy-amal-merekesmen-ttytady.html

Болашақтың бағбаны – балалар дәрігері


Жарқын елдің болашағы саналатын сәбилердің, яғни, қоғамның басты байлығы адам өмірінің сақшысы бола білген дәрігерлердің ерен еңбегі, атқарған істері әрқашан елеулі. Баланы ұрпақ жалғастырушы, елдiң болашағы деймiз. Сол балдырғандардың денсаулығына қатты мән береміз. Бүгінгі тақырып бала денсаулығының кепілі ақ халатты балалар дәрігері жайында болмақ...

Бала жаны жұмбақ әлем. Кішкентай сәбидің, естияр баланың саулығын білу үшін сезімталдық қасиет те керек. Ал, өмір үшін күреске толы мамандықты игеруге екінің бірі келмейтіні анық. Осы орайда, аудандық орталық аурухананың балалар бөлімінде тек нәзік жанды, өз ісінің хас мамандары жұмыс жасайтынына куә болдық. 8 наурыз – халықаралық қыз-келіншектер мерекесі қарсаңында нәзік жанды жаратылыс иелерінің елеулі еңбектерін ескерусіз қалдырмауды жөн санадық.
Сырқатын айтуға тілі жоқ сәбидің ауруын табу үшін байқампаз, қырағылық қажет. Ол үшiн баланың тәнi мен жанын жақсы бiлуiң керек. Ал, бала дәрiгерiнiң болмысы бөлек. Елбасы Н.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріндегі дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында ұлт денсаулығы басты жолға қойылған. Бұл ретте мемлекет тарапынан медицина саласына айрықша көңіл бөлінуде. Мақсат – халыққа сапалы медициналық көмек көрсету. Осы орайда, өңірдегі балалар дәрігерлерінің беделі төмен деп айта алмаймыз. Балаларға көрсетілетін медицина­лық көмектің қолжетімділігі артты. Қазіргі таңда балалар бөлімінде 30-ға жуық қызметкер жұмыс жасайды. Солардың ішінде 1 дәрігер және 15 аяжан, 10 кіші медициналық қызметкерлер сапалы қызмет көрсетеді. Атап айтар болсақ, бөлімше меңгерушісі Сәуле Исмайлова, дәрігер Балжан Абдрашова, аға мейіргер Жұлдызай Байбұраева және Алтынкүл Арыс­танова, Нұржамал Меңлібаева, Сәулеш Исмайлова, Райхан Құдайбергенова сынды білікті мамандарды кезіктіруге болады. Жалпы, балалар бөлімі 30 төсек орынға арналған.«Кішкентайлардың өмірін арашалап қалуда мамандарымыз қолдан келгенді аямайтыны анық. Оған қызметкерлердің біліктілігі де, мекеменің техникалық базасының қуаты да жетеді» – дейді бөлімше меңгерушісі С.Исмайлова.
Қазақстанда балалар денсаулы­ғын сақтау ісі қашанда басты назарда тұратын маңызды істің бірі десек, жауапкершілігі үлкен, зор біліктілікті талап ететін балалар медицинасы елімізде жақсы дамыған. Соның нақты көрінісі 1991 жылдан бері балалар бөлімінде үздіксіз жұмыс жасап келе жатқан С.Киікбайқызы. Оның 27 жыл ішінде ауырып келген баланың сырқатын таппай сандалған кезі болған емес. Керісінше, дерті жанына батқан баланы дем арада жұбатып, тез тіл табыса кетеді. Кішкентайлардың ине салдырудан қорқатыны белгілі. Сондықтан, бір сәт баламен бала болып, ойын ойнап көңілін аулай отырып, инені қалай салғанында аңғартпайды. Бұл әрине, тәжірибелі дәрігердің әдісі. Сондай-ақ, біліктілігі мен білімін де жұмыс барысында байқауға болады. Адам өмірін оның ішінде бала денсаулығын сақтауда аянбай еңбек еткен С.Исмайлова 2014 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталады.
Иә, дәрігер мамандығы қашан да үлкен жауапкершілікті талап етеді. Әсіресе, жұмысың балғын балақайлармен байланысты болса, тіпті, оңай болмасы анық. Кішкентайлардың ауырған жерін анықтау, дертіне шипа табу аса ұқыптылықты қажет етеді емес пе, – деген сұрағымызға кейіпкеріміз: «Балаларға ана ретінде барынша сүйіспеншілікпен қарауға тырысамын. Сәбилер – өте пәк, жұмбақ болады. Олардың тілін табу, бабын жасау әрине, қиынның-қиыны. Әйтсе де, қиналғанын жүрегіңмен сезу, аурудың алдын алуға кеңес беру біздің басты міндетіміз» – деп жауап қатты. Олай болса, міндетіне адал жан Сәуле Исмайлова бастаған балалар бөлімінің, жалпы барша нәзік жанды ақ халатты дәрігерлерді мерейлі мерекелерімен құттықтай отырып, жұмыстарына табыс тілейміз.

Гүлнәр ӘБДІХАНИҚЫЗЫ.
Фото Б.БӘЙІМБЕТТІКІ.

https://osken-onir.kz/kogam/1794-bolashaty-babany-balalar-drger.html

ТУБЕРКУЛЕЗ ТЕГІН ЕМДЕЛЕДІ

Дүниежүзілік экономикалық форумның 2017-2018 жылдарға арналған жаһандық бәсекеге қабілеттілік туралы есебіне сәйкес Қазақстан 2017 жылдың қорытындысымен туберкулездің таралуы бойынша өзінің жағдайын 2016 жылмен салыстырғанда 2 позицияға жақсартып, 138 елдің ішінен 90-орын алды.

Қазақстанда туберкулез бойынша тұрақты эпидемиологиялық жағдай байқалады. Соңғы 10 жылда бұл дертке шалдығу жағдайы 2,4 есеге төмендеп, 2017 жылы 100000 адамға шаққанда (2007 жылы 126,4) 52,2-ні құрады. Өлім-жітім жағдайы 100000 тұрғынға шаққанда 6 есеге төмендеп 3,0-ді құрады.

Ал біздің облыста аурушаңдық көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 100000 тұрғынға шаққанда 64,9-дан 59,2-ге, ал өлім-жітім көрсеткіші 3,4-тен 3,2-ге төмендеді.

Қазақстанда және облысымызда туберкулезді біріккен (интеграцияланған) бақылау стратегиясы жүзеге асырылуда. Соған сәйкес, облысымызда аурушаңдықтың азаюына байланысты төсек-орын саны 400-ге дейін қысқартылды. Арал, Жалағаш, Шиелі, Жаңақорған аудандық туберкулезге қарсы ауруханалары жабылып, үнемделген қаржы диагностикалық зерттеулерді жетілдіруге, жаңа құрылымдар алуға жұмсалды. Ал, барлық аудандардағы туберкулезге қарсы диспансерлер жергілікті аудандық аурухананың құзырына берілді. Мұндағы мақсат – туберкулезді анықтау және емдеуде науқастарды бір жерден қарап, кеңес беру, аудандық аурухана құрамындағы диспансер мамандарының науқастарға медициналық көмекті барынша жақсартуы болып отыр.

Аймақта туберкулезді ерте анықтау үшін диагностиканың халықаралық стандарттарға сәйкес заманауи әдістері қолданылуда. Облыстық туберкулезге қарсы диспансерінің бактериологиялық зертханасында ауруды және оның көптеген дәрілерге көнбейтін түрін тез анықтау (2 сағаттан 2 күнге дейін) бойынша алдыңғы қатарлы инновациялық технологиялар енгізіліп жұмыс жасауда. Бұл әдістер БАКТЕК қондырғысы, Хайн-тест, Джейн-эксперт әдістері арқылы іске асырылуда.

Туберкулезді анықтауды жетілдіру мақсатында 3 ауданға (Арал, Шиелі, Сырдария) жылжымалы флюоромашина алынды. 2 флюороқондырғы жаңадан алынып, облыстық перинаталдық орталық пен №1 емханаға орнатылды. Науқастардың қосымша ауруларын емдеуге 41561630 теңгеге жаңа үлгідегі аппараттар мен құрал-жабдықтар алынып, жұмыс жасауда. Туберкулез уақытылы анықталып, дұрыс емделген жағдайда, одан толық айығып кетуге болады.

Туберкулез микобактерияларын бөлмейтін және айналасындағыларға қауіп төндірмейтін пациенттер, егер үй жағдайында емделуге ынталы болса, тұрғылықты мекен-жайы бойынша емханаларда амбулаториялық ем қабылдай алады. Мысалы, облысымызда 2017 жылы туберкулез микобактериясын бөлмейтін 462 науқастың 152-сі немесе 32,9 проценті емін амбулаториялық жағдайда бастады. Әрбір науқасқа әлеуметтік қаржылай көмек берілуде. Өткен жылы 1490 науқас 185768,8 мың теңге (2016 жылы 1219 науқас – 139745,9 мың теңге) әлеуметтік көмек алды.

Ауруды емдеуде де өзгерістер бар, яғни көптеген дәріге төзімді туберкулезбен ауыратын науқастар бұрын 24 ай емделсе, қазір жаңадан дәрілердің емге қосылуына байланысты емнің ұзақтығы 9-12 айға дейін қысқарды.

Туберкулез бактерия бөліп шығаратын науқастан ауа арқылы беріледі. Туберкулезге шалдыққандардың тек 40 проценті ғана бактерия бөліп шығаратын және жұқпалы ауруы бар науқас болып табылады. Ол науқас адамдардың тек 10 процентінде ғана дамиды, ал қалған 90 проценті иммунитеті жоғары болса, туберкулез микобактериясын жұқтырғанмен ауырмайды. Дер кезінде анықталып, ем шаралары қабылданатын болса, туберкулезден толықтай айығуға болады.

Туберкулезді анықтау мен емдеу тегін және ол мемлекет есебінен жүргізілетіндігін ескерте кету қажет. Тез диагностикалау әдістері мен тиімділігі жоғары дәрі-дәрмектер арқасында туберкулезді толығымен емдеуге болады. Туберкулезді еңсеріп, айығып кеткен адамдар оқып, еңбек етіп, дүниеге дені сау сәбилер әкеліп, мәнді де мағыналы өмір сүре алады.

Әсіресе, кәсіпкерлердің туберкулездің бизнеске ықпал ету қаупінің жоқ екендігін объективті түрде бағалауы еліміздің бәсекеге қабілеттілік рейтингінің өсуіне және инвестиция тартудағы өзіндік тартымдылығының арттыруына септігін тигізеді.

 

Әбдіғабит ӘБЛӘЗІМ,

облыстық туберкулезге

қарсы диспансерінің бас дәрігері.

http://syrboyi.kz/negizginews/18635-tuberkulez-tegn-emdeled.html