Ауа райы
Мерекелер

Тәнді жаттықтыру - жанды сауықтыру

Тәнді жаттықтыру - жанды сауықтыру

Елімізде жыл сайын маусымның үшінші жексенбісінде медицина қызметкерлерінің күні тойланады. Биыл ақ халатты абзал жандардың кәсіби мерекесі 17 маусымға, қасиетті Рамазан айының Айт күндеріне сәйкес келді. Айттың бірінші күні, яғни 15-ші маусымда медицина қызметкерлерінің төл мерекесіне орай облыстық психикалық денсаулық орталығында жаңадан ашылған әкімшілік ғимаратының және орталық емделушілері мен орталық қызметкерлеріне арналған заманауи спорт кешенінің ашылу салтанаты өтті.
Бір ғасырдан аса тарихы бар мекеменің тағдыры бір кітап жазарлықтай оқиғаға толы. 1907 жылы 1 қыркүйекте, Перовск (Қызылорда) қаласында жүйке жүйесі ауруларына арналған бұл аурухананың салтанатты ашылуы әскери губернатордың және әскери музыка оркестрінің қатысуымен өткен. Бар-жоғы 49 төсек орны бар аурухананың 7 төсек орны әскери гарнизонның соматикалық аурулармен ауыратындарына арналған. Ашылған сәтінен бастап революцияға дейін аурухананың алғашқы аға дәрігері болып мемлекеттік кеңесші, медицина ғылымының докторы M.В.Игнатьев, кіші дәрігері Герценштейн болған. Түркістан территориясы және бүкіл Қазақстан үшін Перовск психиатриялық ауруханасының ашылуы сөзсіз үлкен оқиға еді. Содан бері талай оқиғаны басынан өткерген аурухана, қазіргі уақытта бас дәрігер Әдiлбай Қаниұлы Медетбаевтың басшылығымен, психиатриялық қызметті одан әрі реформалауда.
Атап айтар болсақ, өткен 2017 жылы облыстық психоневрология ауруханасының төлқұжаты өзгерiп, "облыстық психикалық денсаулық орталығы” болып аталды. Орталыққа толықтай жөндеу жұмыстары жүргізіліп, заманауи медициналық құралдармен қамтамасыз етілді. Орталық ғимаратындағы мәжіліс залы күрделі жөндеуден өткiзiлiп, қайта жабдықталды. Оның орнына жаңадан спорт кешені ашылды. Спорт кешеніне тиісінше кіші футбол, волейбол, баскетбол, үстел теннисі сияқты спорт түрлеріне арналған жаттығу құралдары алынды. Болашақта басқа да түрлі жаттығу құралдары алынады деп жоспарлануда. Осы күнге дейін орталық қызметкерлері мен емделушілері спорттық жаттығуларды басқа мекемелердің кешендерінде жасап жүрген болса, ендігі жерде дене шынықтыру және спортпен тұрақты түрде өз орталықтарында айналысатын болады.
Медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шараға облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы А.Ш.Әлназарова, «Нұр Отан» партиясы Қызылорда қалалық бөлімшесінің бірінші орынбасары Шәріп Әбдрахманов, «Сыр медицинасы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, медицина ардагері Мұхтар Бейісов, облысымыздың басқа да зиялы қауым өкілдері мен медицина ардагерлері және өзге де құрметті азаматтар қатысты.
Спорт кешенінің ашылу салтанатында мемлекеттік гимн орындалып, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ақмарал Шәріпбайқызы құттықтау сөз сөйледі:
- Құрметті әріптестер, ардақты ардагер апа-ағаларымыз, құрметті психикалық орталықтың ұжымы, өзімнің және басқарма атынан барлығыңызды кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Ұлт денсаулығы - мемлекеттің байлығы, сондықтан Елбасымыздың басты талаптарының бірі - денсаулығы мықты ұлт қалыптастыру. Оған жетелейтін бірден-бір жол - салауатты өмір салтын ұстанып, бұқаралық спортты дамыту. Осыған байланысты психикалық денсаулық орталығында спорт кешені салынып, ұжым мүшелері балаларының арасында керемет сайыс ұйымдастырылып жатқаны бізді қатты қуантып отыр. Осындай игі бастаманы қолға алып, басшылық жасап жүрген орталықтың бас дәрігері Әділбай Қаниұлына алғыс айтамын. Барлығыңызды медицина қызметкерлері күнімен құттықтай отырып, ардагер апа-ағаларымызға қошемет білдіргім келеді. Алдымызда асқар тау болып жүре беріңіздер, сіздердің салып кеткен жолдарыңызбен медицина сапасын түсірмей, алдағы уақытта тек қана абырой мен алғысқа бөленейік. Мереке құтты болсын! Барлықтарыңызға зор денсаулық, отбастарыңызға амандық тілеймін.
Іс-шара барысында Ақмарал Шәріпбайқызы облыстық денсаулық сақтау басқармасының атынан психикалық денсаулық орталығы жоғары дәрежелі балалар психиатр дәрігері Макашева Наталья Павловнаны жоғарыда аталған бірлестіктің "Сыр медицинасының үздігі” медалімен марапаттады. Сонымен қатар облысқа танымал, 1980 жылдан 1996 жылға дейін психикалық денсаулық орталығының басшысы болған, ҚР құрметті дәрігері Дина Аппазқызына шапан жауып, орамал тақты.
Өз кезегінде, медицина саласының ардагері, "Алтын дәрігер” белгісінің иегері Базарбай Асанбайұлы Атабаев әріптестерін ораза айт қарсаңындағы төл мерекемен құттықтап, осындай көңілден шығарлықтай игі істің басында жүрген басшыға, ұйымшыл ұжымға рахметін айтты.
- Кеңес одағы кезінде осы психоневрологиялық ауруханада фельдшер болып жұмыс істеп жүріп, медициналық институтқа оқуға түстім. Ауруханада керемет, жақсы кісілермен қызметтес болдым. Бүгінгі марапатталып жатқан Наталья Павловна Макашеваның әкесімен сол кезде бірге жұмыс істедім. Айналайын Наталья, осы салаға еңбегің сіңіп, Сыр медицинасының үздігі атанғаныңа өз қуанышымдай қуанып отырмын. Құтты болсын! - деп жылы лебізін білдірді.
"Нұр Отан” партиясы Қызылорда қалалық бөлімшесінің бірінші орынбасары Шәріп Әбдрахманов:
- Құрметті Ақмарал Шәріпбайқызы! Сіз басқарып отырған облыстағы үлкен медицина қауымдастығын, ардагерлерімізді, Әділбай Қаниұлы басқарып отырған жүйке аурулар ауруханасының ұжымын бүгінгі кәсіби мерекемен құттықтаймын! Біздің барлығымыздың алдымыздағы мақсат - ол болашақ ұрпағымызға осындай жақсы, қуанышты сәттер сыйлау, денсаулығын нығайту. Ақ халатты абзал жандардың атқарып жатқан еңбектері нәтижелі, жемісті болсын демекпін. "Спорт - денсаулықтың кепілі” демекші, медицина саласы қызметкерлері күніне орай осындай спорттық сайыс ұйымдастырып жатқан сіздерге рахмет айтып, қатысушы командаларға сәттілік тілеймін. Ораза айтта барлықтарыңыздың тілектеріңіз қабыл болсын!
Сөз соңында, осы мерекелік салтанатты пайдалана отырып, Шәріп Әкбарұлы Елбасының, "Нұр Отан” партиясының саясатын жүргізуде атсалысқан азаматтарды «Алғыс хатпен» марапаттады.
Марапаттау сәтінен соң мерекелік іс-шараның құрметті қонақтары спорт кешенінің ашылу салтанатына орай психикалық денсаулық орталығындағы қызметкерлер балаларының қатысуымен ұйымдастырылған «Көңілді старт» атты спорттық сайысын тамашалады.
Спорттық сайысқа алты команда қатысып, спорттың: қаппен секіру, скакалка, дарс, футбол, баскетбол сияқты бес түрінен жарыс өткізді. Жарыстың өткізілу ережелері бойынша қаппен секіру түрінде балалар кезек-кезек қапты аяққа киіп, мәрені бір айналып келіп, келесі қатысушыға тапсыруы; скакалка түрінде кезек-кезек скакалкамен секіріп келіп, келесі қатысушыға тапсыруы; дарс түрінде ілінген шарларды дарс құралымен жаруы; футбол түрінде алаң ортасынан бос қақпаға допты теуіп енгізуі; баскетбол түрінде баскетбол сақинасына допты лақтырып енгізуі қажет.
Спорттық сайыс өте тартысты өтті. Барлық командалардың ойыншылары жоғары дайындықпен келгендері көрініп тұрды. Жарыстың қорытындысы бойынша 60 ұпаймен бірінші орынды "Сұңқар” командасы иеленсе, екінші орын 58 ұпаймен «Қыран» командасына бұйырды, ал «Достық» командасы 50 ұпаймен үшінші орыннан көрінді. Төртінші, бесінші, алтыншы орындарды "Қайсар” командасы (48 ұпай), "Тұлпар” командасы (32 ұпай), "Ұлан” командасы (30 ұпай) өзара бөлісті.
Барлық жүлделі орын алған командалар мен қатысушыларға бағалы сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар, ойынға қатысушылар ішінен жарыс барысында өзінің белсенділігімен, ұтқырлығымен көзге түскен бір қыз бала мен ер балаға қосымша сыйлық берілді.
Салауатты өмір салтын қалыптастыру жолында спорттың алар орны ерекше. Орталық қызметкерлері балаларының арасында осындай спорттық сайыс ұйымдастырылуының өзіндік астары бар. Елбасы атап өткендей, «Бала - біздің болашағымыз». Олай болса, ұлт саулығы - стратегиялық тұрғыдан өте маңызды мәселе. Өйткені, өскелең ұрпақтың спортпен жүйелі түрде айналысуына жағдай жасасақ, жасөспірімдер арасындағы қылмыс азайып, шылым шегу, маскүнемдікке салыну, нашақорлық сынды жат әдеттерді түбірімен жоюға мүмкіндік туар еді.
Сонымен қатар, сырқаттанған адамдардың дене саулығы мен психикалық саулығын сақтау үшін бір мезгіл спортпен айналысу дәрі-дәрмектен де артық, баға жетпес дүние. Спортпен шұғылдану науқастың көңіл-күйін көтеріп, ағза күшін оятып, иммунитетті дамытып, кеселден жазылуға деген рухани сенімін туғызады.
Шара соңында мәртебелі қонақтар қысқа мерзімде психикалық денсаулық орталығының ауласына салынған жаңа әкімшілік ғимаратын аралап көріп танысты.
Тағы бір айта кетерлігі, спорт, әкімшілік ғимаратынан бөлек орталықтың ауласында емделушiлерге арналған серуен алаңы салынуда. Оның да құрылысы бітуге жақын. Осыған дейін әр бөлімшенің серуен алаңы бөлек-бөлек, ауланың әр жерінде орналасқан болса, ендігі жерде бір ғимараттың ішінде, заманауи үлгіде салынып жатыр. Емделушілердің жағдайын жақсарту мақсатында жасап жатқан еңбектеріңіздің жемісін көріңіздер. Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын!
 
Гүлдана Асанова,
"Сыр медицинасы”

 

Тәнді жаттықтыру - жанды сауықтыру

Тәнді жаттықтыру - жанды сауықтыру
Тәнді жаттықтыру - жанды сауықтыру
Тәнді жаттықтыру - жанды сауықтыру
Тәнді жаттықтыру - жанды сауықтыру
Тәнді жаттықтыру - жанды сауықтыру
Тәнді жаттықтыру - жанды сауықтыру