Ауа райы
Мерекелер
Сіз емшіге қаралдыңыз ба?

МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТІЛДІҚашанда адам денсаулығы - ал­ғашқы орында тұрады. Себебі, дені сау, жаны таза адам қоғам байлығы. Осы орайда, жуырда Қызылорда облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру ор­талығы мен «Самұрық» инновациялық идеяларды дамыту орта­лығы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен қаламызда «Өз денсаулығың - өз қолыңда!» атты көпшілікке арналған акция өтті. Акцияның мақсаты - аудан тұр­ғындарын медициналық мекеме­лерден тұрақты профилактикалық тексеруден уақытылы өтуге ша­қыру және салауатты өмір салтын насихаттау.

 

Аталмыш шара бірнеше бөлім­дер бойынша жүзеге асырылды. Мәселен, «Өз жүрегіңді сақта!» акциясы бойынша тұрғындардың қан қысымын өлшеу, қандағы глюкозаны анықтау, ЭКГ түсіру және кардиолог дәрігерлердің кеңесін алуға мүмкіндік болса, ал, «Әйелдер денсаулығын сақтайық!» тақырыбы бойынша жүргізілген тексеру барысында келушілерді рентген аппаратына түсіріп, он­колог дәрігерлер өз қызметін көрсетті.

Сонымен қатар, «Теме­кіден бас тарт - денсаулықты таң­да!» атты флеш-моб пен «АИТВ, ЖИТС - ғасыр дерті» акцияла­рында гинеколог және психолог мамандардың кеңестері көпші­лік назарына ұсынылып, адамдар арасында тест түріндегі сынама жұмыстары жүргізілді.

Сонымен қатар, Қызылорда облыстық жас­тар денсаулық сақтау орталығының Арал аудандық бөлімшесінің маманы М. Саимова салауатты өмір салтын қалыптастыру мақ­сатында қала тұрғындарына ақпа­раттық жадынамалар таратты.

Жалпы, облысымыздың әр ауданында өткізіліп келе жатыр­ған игі іс-шара аясында қаламыз­дың еріктілері де медициналық тексеруден өтіп, ұйымдастыру­шылар мен аудандық ауруха­наның дәрігерлеріне өз ризашылықтарын, ыстық лебіздері мен алғыстарын білдірді.

 

(Өз тілшімізден).

 

Арал аудандық «Толқын» газеті. 26 шілде 2016 жыл