Ауа райы
Мерекелер

НӘТИЖЕСІ МОЛ НЕГІЗГІ САЛА


Соңғы уақытта бірқатар орталықтардың ашылғаны белгілі. Олар медициналық қызмет сапасын арттыруға қаншалықты әсер етуде?

– 2016 жылы облыста оф­таль­мохирургиялық орталық ашыл­­ды. Осы орталыққа жер­гілікті қаржы есебінен ота санын 2 есеге өсіруге мүмкіндік беретін, жалпы құны 90 млн теңгені құрайтын жоғары диаг­ностикалық құрылғы сатып алынды. Аймақта алғаш рет аталған орталық базасында глаукомды кабинет ашылып, 2000-нан аса науқас есепке алынып, сауықтырылды.

Өткен жылы облыстық медицина орталығы базасынан қант диабетімен ауыратын нау­қастарға мамандандырылған көмек көрсететін «Диабет орта­лығы» ашылды.

Соңғы 5 жылда өңір кар­дио­­­­­хирургтары жүрек-қан та­­­­­мыр­­­­­лары­на және миға 2300 -ден аса ота жасады. 2016 жы­­лы Қазалы теміржол ау­ру­ха­­насы базасында Байқоңыр қа­­ласы және Арал, Қазалы, Қар­­мақшы аудандарының тұр­­ғын­­дарына ауданаралық ней­­ро­инсульт орталығы жұ­мы­­сын бастады. Сонымен бірге Қазалы аудандық ауру­ха­насы базасында инсультпен сыр­қаттанатын науқастарды әрі қарай оңалту бөлімшесі және №3 қалалық емханасы базасында нейрооңалту орталығы ашылды. Осының не­гізінде соңғы бес жылда ашық жүрекке ота жасау 48,3 про­центке, тамырды эндопротездеу бойынша оталар 6-ға, ней­рохирургиялық оталар 2-ге өсті.

–Ана мен бала саулығын сақтау бағытында қандай жұмыстарды айтар едіңіз?

– Жүкті әйелдер мен жаңа бо­­сан­­­ған аналарға медициналық көмек көрсетуді жақсарту үшін бес жыл ішінде 350 төсек- орынға арналған облыстық перинаталдық орталық, 350 төсек орынға арналған облыстық балалар ауруханасы және Талсуат кентінде 50 төсектік республикалық оңалту орталығы салынып, іске қосылды. Облыс­тық перинаталдық орта­лығында ауыр патологиясы бар әйелдерге арналған 30 төсектік босанғаннан кейінгі оңалту бөлімшесі жұмыс жасайды. Бірінші деңгейдегі стационар дәрігерлері арасында оперативті техниканы игерген мамандардың үлесін арттыру бойынша біршама жұмыстар жасалып, ота жасайтын аку­шер-гинекологтардың үлес сал­мағы 45 проценттен 67 процентке артты. Атқарылған жұмыс­тар­дың нәтижесінде нәрестелер өлі­мі 41,2 процентке азайып, өткен жылы ана өлімі тіркелген жоқ.

– Тұрғындардың меди­ци­на­лық қызметке қол­же­­тім­ділігін қамтамасыз ету үшін денсаулық сақ­тау мекеме­лерінің инфра­құры­лымын жетіл­­діру, яғни, мықты ма­териалдық-техникалық база қажет екені белгілі...

– Әрине, материалдық-тех­ни­калық база сай бол­майынша жетістікке жету қиын. Бұл орайда соңғы бес жылда жалпы құны 27,4 млрд теңгеге 58 нысан пайдалануға берілді, оның ішінде 49 немесе 84,5 проценті апаттық жағдайдағы нысандар орнына салынғанын айта кетуіміз керек. Бірқатар облыстық, аудандық ауруханалар құрылысы салынды, көптеген дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік амбулатория мен медициналық бекеттер жаңадан пайдалануға берілді.

Облыстық денсаулық сақ­тау ұйымдарын заманауи меди­циналық техникамен жабдықтау мақсатында соң­ғы бес жылда 6279,7 млн теңге медициналық құрал-жабдықтар алынып, нәти­жесінде медициналық техни­калық жабдықтармен қамту көрсеткіші 32,2 процентке өсіп, өткен жылы 76,5 процентті құрады.

– Істің тетігі мықты ма­манға байланысты екені белгілі. Кадр мәселесі жөнінде айтып өтсеңіз...

– Кадр мәселесі қашан да маңызды. 2016-2018 жылдарға арналған үшжылдық дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлерінің білік­тілігін арттырудың жоспары жасалды. Қажетті мамандарды оқытуға облыс әкімінің арнайы гранттары бөлініп, 2016-2017 жылдары 22 үміткер түсті. Облыс бойынша соңғы бес жылда 705 маман қайта даярлау, 11732 маман білімін жетілдіру курстарынан өтті. Олардың ішінде дәрігері – 4056, орта буынды маман – 7676. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде аймақта жетіспейтін неонатолог, трав­матолог, онколог, реабилитолог мамандарының тапшылығы жойылды. Аталған мерзімде 569 жас маман жұмысқа орналасты.

– Цифрландыруға бай­ла­нысты осы салада үлкен қоз­ғалыс бар. Бұл тұрғыда же­тістіктеріңіз қаншалықты?

– Иә, «Цифрлық Қазақ­стан» бағдарламасында нақты­ланғандай, электрондық ден­саулық сақтауды дамыту концепциясына сәйкес облыс көлемінде бірқатар жұмыстар қолға алынды. Атап айтқанда, қазіргі таңда облыстағы ме­ди­­ци­налық ұйымдарда 22 республикалық ақпараттық меди­­циналық жүйе іске асы­рылуда. Сонымен қатар, электрон­ды денсаулық сақтауды дамы­ту үшін ақпараттық жүйе­лер енгізіліп, жұмыс жасауда. Бүгінде медицина ұйым­дарының 77 проценті медициналық ақ­параттық жүйе­мен іске асы­ры­лады. Өткен жылы емдеу-алдын алу ұйымдарының компью­­терлік техникамен жаб­дықталуы 80 процентті құрап, 1614 компью­терлік техни­ка алынды.

Осындай ауқымды жұмыстар нәтижесінде өткен жылы облыс халқының өмір сүру ұзақтығы 1,3 есе өсіп, 71,91 жасты құрады. Өлім-жітім көрсеткіші 1000 тұрғынға шаққанда, 4 процентке төмендеді, нәрестелер өлімі 41,2 процентке, қатерлі ісіктерден болатын өлім-жітім 22,8 процентке азайды. Туберкулезбен сырқат­танушылық көрсеткіші 31,2 процентке төмендеп, өлім-жітім 2 есеге азайды.

– Биылғы жоспарлармен бөліссеңіз...

–Биыл Қазалы аудандық аурухана базасында Арал, Қазалы және Қармақшы аудандары мен Байқоңыр қаласы тұрғындарына арналған тері коронарлық араласу орталығын ашу, Арал және Шиелі аудандарындағы 150 төсектік орталық ауру­ха­на­лардың құрылыс жұмысын аяқтау секілді бірқатар жос­пар­лар бар. Сонымен бірге, облыстық қан орталығы, Жа­лағаш аудандық ауруханасы, 3 дәрігерлік амбулатория, 14 фельд­шерлік акушерлік бекеті құры­лыстарының жобалық-сме­та­лық құжаттамасын әзірлеу көзделуде.

Мұның бәрі, әрине, халықтың саулығына арналған әрі келешек үшін жасалып жатқан іс.

Облыс басшылығы денсаулық саласына айрықша көңіл бөліп келеді. Оның көрсеткіштерін айттық. Демек, өңірдегі медицина қызметкерлері кәсіби мерекеге лайықты жетістіктермен келіп отыр. Осы сұхбат аясында барлық әріптестерімді мерекемен құттықтағым келеді.

–Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан:

Айнұр БАТТАЛОВА.

http://www.syrboyi.kz/suhbat/21447-ntizhes-mol-negzg-sala.html


Апырай, ә!.. Кездейсоқтық па?! Кездейсоқтықтың өзі қажеттілік депті-ау бір білгіш. Аудандық орталық аурухана ардагерлері кеңесінің бір хаттамасы қолыма түсе қалды. Онда үлкен жиын өткені айтылады. Оған 117 адам қатысады.Күн тәртібінде: ардагер-дәрігер Ж.Ж.Өтегеновті «Аралдың құрметті азаматы» атағына ұсыну мәселесі. Танымалақ халаттылардан:Алдақияр Махамбетжанов, Маржан Рыстығұлова, Ералы Маханов, Жолдасбай Жақсылықовтар сөйлеп, ұсынысты қолдайды. Кеңес төрағасы Н.Халықұлов та мақұлдап, қаулыға мөрін басады.

Сонда олар не дейді? Ж.Өтегенов денсаулық саласында 41 жыл еңбектенді. Оның отыз тоғыз жылында басшылық қызметте болды. Басқарған саласындағы табыстары арқасында рес­публика педиатрларының 2-3 съездеріне делегат, ау­дандық мәслихаттың І-ІІ шақырылымдарында де­путаттыққа сайланды. Селолық аурухананы 25 жыл басқарды. Ол – ҚР Денсаулық ісінің үздігі, жо­ғары санаттағы педиатр-дә­рігер. «Қазақстан мәсли­хат­тарына 20 жыл» мере­келік медалімен және аудан, облыс әкімдігінің алғыс, мақтау грамоталарымен марапатталған. Қазір облыстық ардагерлер кеңесінің пленум мүшесі ретінде қоғамдық істерге белсене қатысады.

Міне, әріптестері осылай дейді.

***

Біраз мәлімет алғандаймын. Десе де аудан көлеміне ойша шолу жасадым. Тәуелсіздіктің елең-алаңында дәрігерлерден мәслихатқа депутат және селолық учаскелік аурухананы ширек ғасыр басқарған кім бар екен деймін ғой, баяғы. Жо-жоқ, сосын да Жеткерген мырзаның өмірдерегіне көз жүгірттім... Е-е, сөйтсем, ол өзіміздің «Аралтұз» кентіндегі орта мектепті он жетісінде, яғни 1961-жылы тәмамдап, тұз өңдеу цехына жүкші болып орналасып, қап-қап тұзды тірсегі майысып арқалап, екі жыл өндірістік практикадан өтіп, әбден шарболаттай шыңдалып барып, 1963-жылы Алматыдағы мемлекеттік медициналық институтының педиатрия факультетіне түседі екен.

Ойхой, жастық шақ. Студенттік алты жыл заулап өте шығыпты-ай! Қайран, 25!.. Осы жастағы үш педиатр жолдамамен Аралға келеді. Денсаулық бөлімінің меңгерушісі Зәуір Махатов ағалары оларды қуана қабылдайды. Қаладағы 6 учаскеде жалғыз-ақ педиатр мен бес медбике бар екен. Қырық мыңдай халықтың 30 пайызын 14 жасқа дейінгі балалар құрайды. Жалпы саны он екі мыңдай. Бір педиатрдың нормасы 800-1000 бала аралығында екенін ескерсек, жұмыстың ауырлығын осыдан-ақ байқай беріңіз. Балалар дәрігері 26 мамандыққа бөлінеді. Сәбидің іші жүз түрлі жағдайда ауырады. Міне, мәселе қайда! Жеткергендер 6 жылда сол 26 мамандықты да игергендер еді. Бұлар келгесін қала тоғыз учаскеге бөлінеді. Соның бірінде біздің кейіпкеріміз күн-түн демей, уақытпен санаспай жүреді. Балаға диагноз қою оңай ма? Сөйлеп тұрса бір жөн. АҚШ-та ауырған сәбиге үш бірдей аппаратты қолданады. Үшеуі де бір сырқатты көрсетсе, соған сай ем жасайды. Ол технологиялар бізде жоқ. Жаңа туған шарананы анасының өзі қолға ұстай алмайтын жағдайлар да кездеседі. Мұндайда көмекке келетін кім? Әрине, педиатр-дәрігер.

1971-жылы ауруханаға бас педиатр штаты келеді. Кім барады? Педиатрлар таңдауға, талқыға түседі. Бұлардың келгендеріне 1,5 жыл. Кім, кім? Жеткерген Өтегенов дараланады. Енді ол қала емес, аудан бойынша бас педиатр. Тағы бір екі жыл өтеді. 1973-жылы ол аудандық аурухана бас дәрігерінің «Аналар мен балаларға дәрігерлік көмек көрсету саласы» бойынша орынбасары қызметіне жоғарылайды. Есіне баяғы «Аралтұзда» қап арқалағаны түседі. «Әкел бері, бір жағын ұстасайын дегендерге, «Жо-жоқ, өзім» деп қап толы тұзды иығына бірақ ататын-ды. Бұл тұз емес, одан мың есе басым салмақ. Көтере алам ба?! Ойына францияның сүйікті ұлы Генерал Шарль Де Голльдің: «Әрдайым жолдың ауырын таңда, ол жолда қарсылас таппайсың» дегені келе қалады да: «ай-дә, Өтегенов, тарт алға» дейді өзіне-өзі жігер беріп.

Оқу керек, оқығанды көңілге тоқу керек-ті. 1977-1980 жылдары Аупартком жанындағы партия активінің мектебіне түсіп, КСРО тарихы, философия, саяси экономика, ғылыми коммунизм негіздері пәндерінен емтихан тапсырып, саяси біліммен жете қаруланады. Ақтөбе, Алматы, Тбилиси, Харьковте 2-3 айлық тәжірибе алмасу курсынан өтеді. 1978-жылдың 12 желтоқсаны күнгі облыстық аттестациялауда 1-ші санаттағы дәрігер-педиатр дәрежесін сәтті қорғап шығады. Осының бәрі ана мен бала денсаулығын қорғау көрсеткіштерін жақсартуға игі әсер етеді.

Облыстық денсаулық сақтау басқарма­сы­ның басшысы Е.Омаров бір келгенде Жеткергеннен:

– Ана мен бала денсаулығын қорғау саласын басқарғаныңа қанша жыл болды, –деп сұрайды.

– Биыл 12-ші жыл!

–Ә-ә, біраз болған екен-ау,–деп.

«Өзің бір ауданның бас дәрігерлігіне де дайын тұрсың-ау» деген ойда кетеді. Бірақ кадрлық өзгеріс партияның ықтиярында еді...

***

– Жолдас Балымбетов,– деді аупартком хатшысы Н.Маханова телефон тұтқасын ұстаған аудандық аурухананың бас дәрігеріне, кеше бюрода өзің де есіттің ғой, Қамбаштың учас­келік ауруханасының көрсеткіші төмендеп кет­кен. Бас дәрігерін ауыстыруға Біріншімен келістік. Соған үш жыл біздегі партия активінің мектебінен өткен, қазіргі орынбасарың Өте­ге­новті қолайлы көрдік. Ол аурухананың 6,5 мың­дай халыққа қызмет жасайтынын білетін боларсыз!

Ау-у, әлгі...

Жо-қ, бітті. Байланыс үзілді. Партия айтты–заң.

Поезд жүйткіп келеді. Жеткерген терезеден көз алмай отыр.

1985-жылдың жазы. Бұлттар қалаға қарай жөңкіледі. Неге?! Қалаға көп жауынның керегі жоқ қой. Мына шөліркеген кең далаға нәрін неге төкпейді екен, а... Солай дей келе Қуандық ақынның бір шумақ өлеңін іштей қайталады.

Дала. Дала. Даламенен келемін

Дала көркін көрсем ғана терезеге төнемін

Сол даланың сызы емес пе —

денем алғаш тигені

Сол даланың қызы емес пе—

жүрек алғаш сүйгені...

– Сіз келдіңіз!—деген жол­серіктің ескер­туінен кейін ұйқыдан шошып оянғандай күйде шығар есікке беттеді.

Қамыстыбас стансасы әуелі Темірші атанған-ды.

Шығысында – «Мақпал көл». Батысында «Қамыстыбас» айдынды кемерінен асып төгілген Сырдариямен беттесіп толқындатып ағатын-ды. 1905 жылы Теміржол тартылуына мұнда ішкі Ресейдің түкпір-түкпірінен саудагерлер құйылды. Дүкендер салды, ларектер ашты, үйлер тұрғызды. Осы аймақтан балық қабылдап, жер-жерге жөнелтті. 1920-жылы-ақ әйелдер босанатын 2 төсектік орын іске қосылады. Сөйте-сөйте – 10, кейін – 15, 1961-жылы 25 төсектік аурухана болып кеңейтіледі... Жеткерген келген 1985-жылға дейін, яғни 24 жылда 13 басшы алмасыпты. Аурухана Арал мен Қазалы арасындағы стансалар мен бекеттердің және «Құмбазар» мен «Ақбай» ауылының тұрғындарына, жалпы саны жеті мыңдай адамға қызмет жасайды. Аз шаруа емес. Төсек тартып жатқандарды күнбе-күн бақылаумен қатар, әлсін-әлсін ел аралап, әр тұрғынның әл-ахуалын білу керек. Ұжым жұмысы ауызға ілігіп, қызыл ту алып, ақшалай сыйлыққа да қолдары жетті. Күркіреп 86-жылғы желтоқсан оқиғасы өтті. Тәуелсіздіктің екінші жылының таңы атып келе жатты. Өтпелі кезең. Қиыншылық бар. Одақ бөлшектенді. Әр республика өз әлімен әлек. Жұмыс уақыты бітіп қалған кезде телефон зар-зар етті.

– Өтегенов тыңдап тұр!

– Ә-ә, сен бе? — күрік-күрік жөтеліп алды, – дұ­рыстап ұғып алыңыз. Аудан көлеміндегі барлық учаскелік ауруханалар жабылатын болды. Қаржы тапшы. Тіпті жоқ дерлік. Сексеуіл кен­тіндегіні ұстап қалсақ та жарар. Онда он бір мыңдай халық тұрады ғой. Ал сендер тү­сінік жұмысын жүргізіп, таратуға дайындала беріңдер!..

Жеткерген бұл ескертуге таңданған жоқ. Бұрыннан да сыбыс бар-ды. Сонда Сыр бойы мен теміржол бекеттеріндегі онүш мың халық ауданға шапқылай ма? Жақын жер емес. 100-200-шақырымдық шалғайда. Орталық етіп тоғыз жолдың торабындағы Қамбаштың ауруханасын ұстап қалсақ ше? Дереу Сыр бойындағы Қосжар, Райм, Ескіұра, Қызыл—жар, Шөмішкөл, Аманөткел, Аққұлақ, Бөген, Қарашалаң, Қаратерең, Жаңақұрылыс ауылдарын қамтитын аурухана басшыларымен хабарласып, ақылдасып, өз ойын жеткізіп еді, «Елдің тілегі де осы, Сіз бастаңыз–біз құптаймыз» деген жауап алды. Содан тыным болмады. Аудандық, облыстық денсаулық сақтау бөлімдері: «Қаржы жоғарының уысында, шешінген судан тайынбас, деген солай қарай өрлесеңші» десті. Несі бар?! Өрледі, түсіндірді, дәлелдеді, он үш мың халықтың хал-жағдайын алдарына тосты. Мәселе оң шешілді. Сөйтіп ауданда Сексеуіл мен Қамбаштың 25 төсектік ауруханалары мұрты бұзылмай, қысқармай, тұтас сақталып қалды.

Сол күні «Уһ» деп дем алып, ертелетіп ауруханаға келе жатқан-ды. Таяқ ұстаған қарияға бұрылып сәлем берді.

– Әй, балам! — деді қария сақалын бір сыйпап қойып,— қадамың құтты екен!.. Сен осында келгелі елде көп жаңалық болды. 86-ның желтоқсанында қазақ жастары кім екенін әлемге танытты емес пе?! Саны аз қазақтан шыққан батырлар, анау 1,5 миллиард Қытайдан, милиардтан астам Үнділерден, үш жүз миллиондай Индонезиядан шыққан жоқ. Біздің тарих көмулі жатыр. Енді ол ашылады. Тәуелсіздік алауы да бостан-босқа келген жоқ. Сол үшін алысқанбыз, ашаршылыққа да, қуғын-сүргінге де ұшырағанбыз. Енді іргеміз бекем болғай!..

Бұл кісі қыр мен сырға аты мәшһүр Бердалының Шорасы еді. Ол баяу қозғалды. Жеткерген біразға дейін сүйсіне қарап тұрды.

***

Тәуелсіз елдің алғашқы жергілікті сайлауы 1994 жылы өтті.

Осы бірінші және 1999 жылғы екінші шақырылымына да Жеткерген Өтегенов депутат болып сайланды. Сегіз жыл маңдайы жарқырап халық қалаулыларының қақ ортасында отырды. Халықпен кездесуде сауалдар көп болды. Ел аманатына сәйкес дәріхана, аудандық «Жедел жәрдемнің» филиалы, емхана ашылды. «Жедел жәрдемге» 4 жүргізуші, 4 фельд­шер, бір санитар штаты алынды. 1998-жылдың 7-сәуіріндегі облыстық денсаулық бөлімі мен аудан әкімінің келісіміне сай «Қамбаш» учаскелік ауруханасы медициналық орталыққа айналып, мәртебесі көтерілді. Мектептерді жөндеу, жол жайы, ауыз су мәселелері де рет-ретімен шешімін тапты.

2002 жылдың 28-маусымында Өтегенов Жеткерген Жанәділұлы «ҚР Денсаулық ісінің үздігі» белгісімен марапатталады. Бұл белгінің айрықша еңбегі сіңгендерге табысталатынын ескерсек, ол осыған бірден-бір лайық азаматты. Ол 25 жыл сіз-біз десіп, сыйласып қызметтес болған ұжымына: – «Өткіздім өмірімнің сәтті шағын, Арал мен «Қамыстыбас» ауылында...» деп қымай-қимай қоштасқан екен. Осы қанатты сөз әлі күнге айтылып жүр деседі.

Жұмагүл жұбайы екеуі Алмагүл, Әділжан, Жанна есімді ұл-қыз өсірді. Үшеуі де жоғары білімді, маман. Қыздары Алматыда, ұлы мен келіні Аралда. Жауапты қызметте. Немере-жеткіншектері құлпырып өсіп келеді. Осының өзі оларға әрі мақтан, әрі сүйеніш.

***

Бүгінде зейнеткер Жеткергенмен Темір­жол вокзалында ұшырасып қалдым. Ауданнан сайланған облыстық ардагерлер кеңе­сінің мүшелері:—Кішкене, Әбілбай, Жақ­сылықтармен бірге кезекті бір жиынға жүргелі тұрыпты. Өзі орта бойлы, жинақы, аса тазайын, ширақ көрінді. Вагонға өр қояндай орғып мінді. «Әттең-ай», деп білікті де сергек педиатрдың демалысқа ерте жіберілгеніне таңданыс білдірсем де, сәт сапар тілеп қала бердім.

Шәкірат Дәрмағамбетұлы,

Арал ауданының «Құрметті азаматы»,

дербес зейнеткер.

Арал қаласы.

http://www.syrboyi.kz/densaylik/21452-tkzdm-mrmn-stt-shayn-aral-men-amystybas-auylynda.html