Ауа райы
Мерекелер

ЗЕРТХАНАШЫ ГҮЛБИКЕ


 

Арал – аймағымыздың облыс орталығынан шалғай орналасқан аудандарының бірі. Экологиялық апат аймағы саналатын сол өңір тұрғындарының денсаулығына бүкіл әлем көз тігіп отыр десек, артық айтқандық емес. Жол дорбасын арқалап апат аймағын өзі көзімен көруге ынтық көптеген шет елдіктерді қала көшелерінен әлі де кездестіруге болады.

Ауданда мүмкіндігінше замануи медициналық құралдармен жабдықталған орталық аурухана бар. Жаңасы да бой көтеруде. Сол аурухананың зертханалық бөлімшесінде отыз жылдан астам уақыт қарапайым лаборант қызметін атқарып келе жатқан Гүлбике Әбжәмиқызы Қалиева бұл мақалаға арқау болмақ.

1961 жылы Арал қаласында дүниеге келген Гүлбике Әбжәмиқызы №220 орта мектепті ойдағыдай бітіріп ару қаламыз Алматыдағы республикалық медициналық колледжде лаборант мамандығына оқыды. Оны 1981 жылы аяқтап Арал аудандық орталық ауруханасына зертханашы болып жұмысқа орналасты. Осы кезге дейін сол бір орында еңбек етіп келеді.

Әдетте пациенттер емдеуші дәрігердің өзіне жасаған медициналық қызметін көзбен көріп бағалай алады. Алайда соның бойындағы кеселді нақтылауға үлес қосқан зертханашы еңбегі тасада қалады. Тек саусағынан қан алғандағы қысқы мерзімді шым етіп ауырған сезім болмаса...

Көз майын тауысып, микроскопқа үңіле қараған зертханашының диагноз қоюдағы үлесі зор. Мұндайда мина іздеген сапер сияқты қателесуге болмайды. Өйткені асығыстық жасап талдау нәтижесіне немқұрайлы қарау бұрыс диагнозға жетелейді, дәрігерлі шатастырады. Сондықтан зертханашыға мол шыдамдылық, зор ыждағаттылық пен аса дәлдік қажет.

«Менің лайықты маман ретінде қалыптасуыма алғаш рет жұмысқа орналасқан кездегі бөлімше меңгерушісі дәрігер лаборант Ғаламнұр Ғалымжанқызы Бекмамбетованың жәрдемі тиді – деп еске алады Г.Қалиева. Ал Нәзира Қапанқызы Есжанованы өз ұстазым ретінде құрмет тұтамын. Өйткені ол кісі осы күрделі мамандықтың бар қыр-сырын жалықпастан үйретті».

Бүгінде ауруханадағы зертханалық жұмыс электронды микроскоп, үлкен гематологиялық талдау аппараттарының көмегімен жаңа сатыға көтеріліп, салыстырмалы түрде біршама жеңілдеді.

Г.Ә.Қалиева өз саласы бойынша бірнеше рет білім жетілдірген, жоғары санатты лаборант. Ол үлгілі еңбегі үшін сан рет түрлі марапаттарға ие болды. Ұжымда силы. Дәрігер лаборант Нұрбек Сұлтановпен, лаборант Айнұр Жарымбетовамен және тазалықшы Ләззат Жұбандықовамен бірге дәрігерлердің дерт түрін нақтылауына қомақты үлес қосып келеді. 90-шы жылдары Аралда болған оба мен безгек дерттеріне шалдыққан науқастардан сақтық шараларын сақтай отырып талдауға материал алғаны және оны анықтағаны ерекше есінде қалыпты.

Гүлбике күйеуі құрылысшы Бақытпен бірге қазір химия-биология пәнінің мұғалімі Клараны және Арал аудандық әкімшілігінде заңгер болып жұмыс істейтін Берікті өмірге әкеліп тәрбиеледі. Сонымен қатар қыздарынан немере сүйіп отырған аяулы жан.

 

Гүлдана АСАНОВА,

Арал қаласы

«Сыр медицинасы»


МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ СПАРТАКИАДАСЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ


Қызылорда қаласындағы орталық алаңда Астана қаласының 20 жылдығы, Қызылорда қаласының 200 жылдығы, Қызылорда медициналық колледжінің 90 жылдығы және медицина саласының ардагері Ақмырза Сыздықовтың 80 жылдық мерейтойына орай және салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында ұйыдастырылған медицина қызметкерлерінің спартакиадасы қорытындыланды.

Акцияда «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ибадулла Құттықожаев, облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ақмарал Әлназарова және облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілбек Шаухаманов құттықтау сөз сөйлеп, Қызылорда қалалық ауруханасы қызметкерлерінің командасын "Орнынан тұрып секіру" спорт түрінен І-орынды иеленгені үшін және басқа да спартакиада жеңімпаздарын «Дипломмен» және бағалы сыйлықтармен марапаттады.

Мұна соң Елбасының бұқараны салауатты өмір сүруге шақырған - «Сhallange! Сенің жаңа қырың!» атты акциясына үн қосқан «Денсаулық Көші» орталық алаңға дейін келіп, түрлі-түсті шарларын көкте ұшырып жиылған қауымға әсерлі көрініс сыйласа, сонымен қатар орталық алаңда спорттық көрсетілімдер көрсетіліп, 3000-нан аса қала тұрғындары бір мезгілде таңғы жаттығу жасап, спорттық «флешмоб» биін биледі.

Сондай-ақ «Денсаулық қалашығында» «Флюро», «Қан тапсыру» жылжымалы кешенді машинасы жұмыс жасаумен қатар, «Балалар қалашығында» түрлі ойындар ойнатылды.

Шара одан әрі концерттік бағдарламаға ұласты.

МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ СПАРТАКИАДАСЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ
МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ СПАРТАКИАДАСЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ

Қызылорда қалалық ауруханасының баспасөз қызметі

https://syr-media.kz/news/3972-medicina-yzmetkerlern-spartakiadasy-orytyndylandy.html