Ауа райы
Мерекелер

Дәрігерге мың алғыс!


Ақ халатты абзал жандарға алғысымыз шексізҚазіргі таңда облысымызда онкология, инфаркт, инсульт аурулары белең алып бара жатқаны жасырын емес. Ауруханаға түсіпті деген екі адамның бірі, асыра айтты демеңіз, осы аурудың біріне шалдыққан болып шығады. Қатерлі дерт болып саналатын осы ауру түрлерінің дендеп бара жатқаны үлкен мәселе деп ойлаймын. Халықтың денсаулығы - мемлекеттiң байлығы, оған немқұрайлы қарауға болмайды. Дер кезінде көңіл бөліп, шешімін тауып, алдын алмаса, болашақ ұрпағымыздың денсаулығына балта шапқанмен бірдей емес пе.

Әрине, ауру айтып келмейді. Менің күйеуім Болтаев Бақытжан Арапбайұлы да, жұмыс орнында аяқ астынан қан қысымы 250-ге дейін көтеріліп, «жедел жәрдеммен» облыстық медицина орталығының нейроинсульт бөліміне дер кезінде жеткізілген болатын. Жұмысынан телефон шалып, жағдайын айтқан кезде қорыққанымнан бір Аллаға сиынып, ауруханаға қалай келгенімді білмеймін. Ес-түссіз ауыр халде жатқан күйеуімді көргенде аяғымның астынан жерге еніп бара жатқандай сезіндім.

Нейроинсульт бөлімшесінің дәрігері Шакиров Ғалымжан дереу шара қолданып, қан қысымын 160-қа түсірді. Алайда, күйеуімнің тілі байланып, сол жақ аяқ-қолының жаны кетіп, қозғалмай қалды. "Ишемиялық инсульт” деп диагноз қойған дәрігер Ғ.Шакиров:

– Жақсы болып кетеді, уайымдамаңыз. Ауруханаға дер кезінде жеткізілді. Комаға түсіп кетпегеніне Аллаға шүкір деңіз, әйтпегенде комадан шыққанша ештеңе жасай алмас едік. Қан қысымы көтерілу әсерінен басына қан ұйыған (гематома), кешіктірмей ота жасамаса болмайды, - деп мені жұбатып, ота жасауға рұқсат сұрады.

Қан қысымы көтерілгеннен пайда болған гематомаға дер кезінде ота жасалмаса, өліп кетуі мүмкін көрінеді. Отаның қай-қасысысы да, әсіресе миға жасалатын ота өте қауіпті екені айтпаса да белгілі. Алайда, медицина-лық орталық заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтылғандықтан, ұйыған қанның қай жерде орналасқанын бірден тауып беретін құрылғы бар екен.

Алматыда оқитын ұлымыз, туған-туыс, бауырлар түгелдей жиналып, отағасының жанын бірінші Аллаға, екінші осы дәрігерлердің қолына тапсырдық. Күйеуімнің шашын алып, отаға дайындап, наркоз берді. Біз ойлаған едік, ұйыған қанды алу үшін бас сүйегін кесетін шығар деп. Аллаға шүкір, компьютерлік тамография арқылы гематоманың қай жерде орналасқанын анықтап, кішкентай ғана тесік жасап, ұйыған қанды сыртқа ағызып жіберіпті. Медицинаның жетілгенін мойындамасқа амал жоқ. Қазіргі заманның тағы бір жетістігі - жердің түкпір-түкпіріндегі дәрігерлер бір-бірімен онлайн-режимде байланысқа шығып, түскен науқастарының дертiн жан-жақты зерттеп, талқыға салып, ақылдасып отыратын көрінеді. Адам өміріне жауапты дәрігер қателік жібермеудің бар амалын жасайтыны анық. Сол үшін де оларға мың алғыс.

Отаны нейрохирург Қанат Набденов жасады. Айтайын дегенім, өзі қаншалықты қарапайым болса, қолы да соншалықты жеңіл, өз ісінің хас шебері екен. Хирургке сақтық, ептілік, шыдамдылық, ең бастысы білім қажет. Адам өмірін құтқару үшін ота жасау оңай іс емес, оның үстіне, мидан аққан қанды дер кезінде дұрыс тоқтата білу үлкен шеберлікті талап етеді, ол үшін мықты жүрек керек деп ойлаймын.

Ақ халатты абзал жандарға алғысымыз шексіз
Ақ халатты абзал жандарға алғысымыз шексіз
Ақ халатты абзал жандарға алғысымыз шексізБұл жерде дәрігерлер Ғалымжан Шакиров пен Қанат Набденовтың ұқыптылығын, өз ісіне барынша берілгендіктерін ерекше атап өткім келеді. Түскен науқасты, жағдайы қаншалықты қиын болса да, аспай-саспай, салқынқандылық танытып, ажал аузынан алып қалу баға жетпес ерлік. Күніне алдарына инсульт алған бір емес, бірнеше науқас келетінін ескерсек, жандарының беріктігіне таң қаласың.

Ота өте сәтті өтті. Қуанышымызда шек жоқ. Отадан кейін бір күн жан сақтау палатасында (реанимацияда) жатты. Сосын нейрохирургия бөлімшесіне жатқызды. Күйеуімнің қол-аяғы қозғалғанымен, сөйлеуі қиын болды. Алайда, қайта қалпына келтіру (нейрореабилитация) бөліміндегі мамандардың көмегімен сөйлеуі де қалпына келе бастады. Емдік денешынықтыру, жаттығу залы, қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған физиотерапиялық кабинеттер, сөйлеу қабілетін қалпына келтіруге арналған логопед маманының көмегі сауығып кетуіне мол мүмкіндік берді.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді қазақ атамыз. Мен бір апта нейрохирургия бөлімшесінде күйеуімнің қасында болып, күтімін жасадым. Сонда байқағаным, бөлімнің меңгерушісі Шынжырбай Оразмаханұлы күнделікті таңертең жұмысқа келісімен алдымен науқастардың палатасын аралап, амандасып, жай-күйлерін сұрайды екен. Қарап отырып риза боласың. Оның өзі емделушілердің көңіл-күйлерін көтеріп, сауықтырып тастағандай әсер қалдырады. Дәрігердің жылы сөзінің өзі науқасқа жарты терапия деп бекер айтылмаған ғой.

Нейрохирургия ұжымының дәрігерлері, мейірбикелері, кіші буын қызметкерлері өте ұйымшыл, ауызбірлікті екені көрініп тұр. Олар үнемі бірін-бірі қолдап, қандай қиын жағдай болса да дайын тұрады. Атап айтар болсам, дәрігерлер: Марат Алматов, Нұржан Байдүйсенов, Абай Тайманов; мейірбикелер: Гүлмира Түменбаева, Шолпан Оспанова, Ақжарқын Пржанова, Жаңагүл Абубакирова, Майра Жүсіпбекова, Айнұр Мырзахметова; санитаркалар: Гүлжан Ахметова, Жансая Қалиева. Барлығыңызға да алғысым шексіз.

Дәрігердің біліктілігі мен білімділігін, олардың науқасқа деген ілтипатын шипа іздеген жан ғана бағалай біледі. Сіздердің ақылдарыңыз өткір, ойларыңыз дана, ал қолдарыңыз - сиқырлы дер едім, өйткені сіздер науқасты өлімнен арашалап, дертіне шипа беріп, үмітсізге үміт сыйлайтын керемет жансыздар. Алла сіздердің жолдарыңызды жарылқасын! Еңбектеріңізге табыс, жанұяларыңызға бақыт, өмірдегі бар жақсылықты тілеймін Сіздерге! Жұлдыздарыңыз әрдайым жоғарылай берсін, құрметті ақ халатты абзал жандар!

Захро БОЛТАЕВА,

Қызылорда қаласы,

"Сыр медицинасы" газеті

МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ СПАРТАКИАДАСЫНЫҢ АШЫЛУЫ


Қызылорда медициналық жоғарғы колледжінің спорт алаңында Қызылорда қаласының 200 жылдығы және медицина ардагері Ақмырза Сыздықов 80 жылдық мерейтойына арналған облыстық медицина қызметкерлерінің 52-ші спартакиадасының ашылуы болды. Бұл туралы қалалық аурухананың баспасөз қызметі хабарлады.

Жарыстың ашылуында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жақсылық, Абдусаметов, Қызылорда медициналық жоғарғы колледжінің директоры Салтанат Тасмағамбетова және сала ардагері Ақмырза Сыздықов қатысушыларға сәттілік тіледі.

Бір айға жуық созылатын жарыста қатысушылар спорттың 8 түрінен бақ сынамақ.

МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ СПАРТАКИАДАСЫНЫҢ АШЫЛУЫ
МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ СПАРТАКИАДАСЫНЫҢ АШЫЛУЫ

https://syr-media.kz/sport/3538-medicina-yzmetkerler-spartakiadasyny-ashyluy.html

ҚОЛЫ ШИПА, СӨЗІ ДӘРУ ДӘРІГЕРӘр кезеңнің алмағайып күндерін өз абыройына, адами биіктігіне сай өткере білу, азаматтық таным-пайымына сәйкес етіп тіршілік кешу — шын мәнінде, қажырлы да табанды кісілердің еншісіндегі қасиет. 1938 жылдың 15 қарашасында Сайғонды ауылдық кеңесіндегі Ақжона елді мекенінде дүниеге келген Қали Әбішев талайлы тірлікке, құндылық пен құбылыстарға куә болған ақсақал. Арал-Қазалы өңіріне жігерімен, өз саласына адалдығымен танымал болған Қалидың өрелі де өнеге тұтарлық өмір жолы көпке үлгі. Әр заманның өзіндік құбылыстары, дүрбелеңі болатындығы уақыт шындығы емес пе?

 

Иә, ол жылдары Арал-Қазалы өңірінде лепра ауруымен ауыратын жеті мыңдай адам бар еді. Екі ауданда бұл сырқатпен күресетін 11 пункт ажал аузындағы адамдарды арашалау жолында жұмыс жасап, жыл сайын Қызылорда қаласындағы емдеу ауруханасына жүздеген осы аурумен ауыратын адамдарды жіберіп тұратын. Маман аз ба, әлде дәрі жеткіліксіз бе, әйтеуір, сонда да бүл дерттен сауығып қайтушылар аз еді. Осындай зұлмат жылдарды басынан өткерген Қали қария бүгінде сексеннің сеңгіріне шығып отыр. Кезінде қара халықты күйзелткен дертпен күресу жолында аянбай тер төге еңбек еткен білікті маман саналы ғұмырында сан алуан тірліктің дәмін татты. Түйткілі мол тіршіліктің тауқыметіне ерте араласты. Жас күнінде әке жолын қуып шопан да болды. Ерте есейіп, бауырларына қамқор, қорған да бола білді. Алайда, бала күннен бері дәрігер болсам деген арманын ешқашан естен шығарған емес. Сол мақсатына жету үшін 1958 жылы Ақтөбе мемлекеттік медицина институтына оқуға түсіп, емдеу ісі факультеті бойынша тәмамдады. Жоғары оқу орында оқып жүрген кезінен білімпаздығымен, жан-жақтылығымен ерекшеленді. Өз дарынымен көзге түскен болашақ маманнан ұстаздары үлкен үміт күтті.

Дәрігер мамандығын алған Қали 1966 жылы Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің жолдамасымен сол кездегі «Арал-Қазалы» лепродиспансеріне жұмысқа жіберіледі. Институтта үздік болуды мақсат еткен ол, медицина жайлы кітаптарды ізденіп оқыған болса, жұмысқа орналасқан соң да, ел ішінде «жаман ауру», «алапес» деп аталатын дертпен күресу жолында жазылған әдебиеттерді ақтарды. Сонау Қытай, Индия, Парсы, Африка, Латын Америкада көптеп кезігетін бұл лепра ауруы Арал-Қазалы аймағындағы Карл Маркс кеңшары, Құланды, Ауан, Ұялы, Аманөткел елді мекендерінен қылаң беруі қатты алаңдатты. Жүртшылық үшін де үлкен қасірет болған бүл дертпен күресу жолында, яғни, 1962-1965 жылдар аралығында екі ауданның кішкене баладан қарияға дейін жалпы саны 70 мыңга жуық адамға екпе жасалды. Сол қажырлы еңбектің арқасында ауру саны күрт азайды. Яғни, Арал-Қазалы лепродиспансерінде меңгеруші-дәрігер қызметін атқарған Қали ағамыздың ұжымы көптеген жетістіктерге жетті. Ұйымшыл басшының жүйелі жоспарларының нәтижесінде жыл сайын бұл ауруды емдейтін әдістер жетілдіріліп, дәрілердің түрлері табылды. Мәселен, жыл өткен сайын елді мекендерде аталған ауру түрімен ауыратындар саны өте сирек болып, кейіннен мүлдем жойылды.

Осы салада 40 жылдан астам басшылық қызмет жасаған «Қазақстанның денсаулық саласының үздігі», «Еңбек ардагері» төсбелгілерінің иесі, бірінші санатты білікті дәрігер Қали Әбішев мехнаты бөлек абыройлы жұмыс жасап, өз ісіне деген жауапкершілігімен ел құрметіне бөленіп отыр. Абыройлы жұмыс жасаған сала мақтанышы Қали Әбішев:

— Дәрігер болуды арман ететін жандар өте көп. Алайда, екінің бірінің дәрігер бола алмасы анық. Ол үшін қызметке деген қызығушылық пен мамандық алу ғана жеткіліксіз. Сондай-ақ, олардың құлшынысы мен адалдығы, адамдығы маңызды. Дәрігер болатын жанға ең алдымен, үлкен жүрек пен өзіңе деген сенімділік қажет. Ұзақ жылғы жүмыс тәжірибемде қарамағымдағы мамандардың барлығы дерлік жауапкершіліктері жоғары, өз саласының үздіктері болатын, Атап айтар болсам, кезінде әр жылдары жұмыс істеген маман дәрігерлер — марқұм Зейнолла Мамырбаев, Аққағаз Оспанова, Ұзақбай Әлсейітов, Жеткерген Әзілхановтың еңбектері өлшеусіз. Олардың барлығы дерлік күн-түн демей елді мекендерді аралап, мүмкіндігінше көмек қолдарын созып, қажет болған жағдайда Қызылордадағы емдеу орталығына жолдама беріп отыратын. Ылғи өзім де, әріптестерім де Алматыдагы республикалық тері аурулары институтында, Ленинградта, Мәскеудегі Бүкілодақтық лепро институтында білім жетілдіру сатыларынан өтіп отыратынбыз. Қаншама адамның жазылуына себепші болып, ризашылығына бөлендік — деп, дәрігерлік қызметтің қыр-сырымен бөлісті.

Мыңдаган науқас жанды емдеп, алғысына бөленген Қали ақсақал жұмысқа келгенде қандай талапшыл болса, ұрпақ тәрбиесінде де сондай мінез-құлық танытты. Жұбайы, зейнеткер-ұстаз Света екеуі балаларына өнегелі тәлім-тәрбие бере білді. Әке мұратын, ана мерейін мәртебе тұтқан ұрпақтары азамат болып жетілді.

 

Света АРТЫҚБАЙҚЫЗЫ,

Арал қаласы.

Арал аудандық «Толқын» газеті.

11 мамыр 2018 жыл

ЖҮРЕКТІ ЕМДЕЙТІН ЖАБДЫҚҚА ЖАУАПТЫ КІМ?

ҚР Денсаулық сақтау министрі Е.Біртановтың,
Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының
басшысы А.Әлназарованың назарына

Халықтың денсаулығын бақылап отырған жоғарғы лауазымды басшыларға науқастардың мұңын көзбен көріп, құлақпен естіген шынайы әңгімелерімді халықтың қамын ойлайтын «Халық» газеті арқылы білдірмек болып, қолыма қалам алдым.
Әңгіме түсінікті болуы үшін көргенімді айтайын.­ 2009 жылы облыстық ауруханада кар­диология орталығы ашылды. Оның ішінде кардио­хирургия бөлімі жұмыс істей бастады. Шетел­ден мамандар келіп, бір жылдай жергілікті жерден мамандар дайындап, тәжірибеден өткізіп, облыста­ алғаш рет жүрекке ашық ота жасауды бастады­. Халық­тың шексіз шынайы алғыстарына бөленді.
Жас мамандар жыл сайын шетелдегі білікті мамандардан тәжірибе жинай бастады. Жүрек, жүрек-қан тамырлары ауруларымен ауы­ра­тын адамдар ота жасату үшін Астана, Алматы қалаларына бармайтын болды. Әрине, бұл тұрмысы төмен отбасылар, зейнетақы алмайтындар, зей­нетақы алса да, отбасын толық қамтамасыз ете алмай­тын отбасыларға өте тиімді еді. Жылына 200-ден астам адамның жүрегіне ашық ота, 2500-ге жуық адамға коронарография жасап, қаншама адамның өмірін ұзартып, аман алып қалды. Есептей берсеңіз, 8-9 жылда қаншама адамның өмірін сақтады. Халыққа осындай түн ұйқысын төрт бөліп қызмет жасап жатқан білікті дәрігерлердің еңбектерін еш қылып, 2018 жылдан бастап облыстық кардиохирургия бөлімінде жүрекке ашық ота жасауд­ы тоқтатып отыр. Не себепті екенін ешкім дөп басып айта алмай­ды. Жүрек ауруымен ауыратын адамдардың жүздері солғын, емдеуші дәрігерлер «бізде аппарат бұзылып жатыр, оны жөндеу үшін көп уақыт кетеді, уақыт кетірмей Астана, Алма­тыға барыңыздар» дейді. «Осы облыс орталығына зорға жол қаражатын тауып келгенімізде Астан­а, Алматыға қалай барамыз, тағы да портал дегені бар, ол қай уақытта болады? Оған дейін кім бар, кім жоқ? Мұңымызды кім тыңдайды, бұған кім жауап беретінін де білмейміз?» деп, науқастар­ төмен қарайды, жанарына жанарың түссе, өзің ауырасың.
Бүгінгі таңда жүрек ауруы өте белең алып тұрған жоқ па? Қаншама адам аяқ астынан өліп кетіп жатыр­. Бұл дерт жас та талғап тұрған жоқ. Біздің облыс нағыз экологияның орталығы емес пе? Жел батыстан соқса, Арал теңізінің ұлтанынан ұшқан тұзды шаң үстімізді басып, тынысымызды тарылтып жатқан жоқ па? Соны біле тұра, халыққа адам өмірін сақтап қалу үшін күні-түні қызмет жасап жатқан жабдықты «бұзылып жатыр» деп, неге жүрекке ашық ота жасауды тоқтатады? Біздің білуімізше, әңгіме аппараттың бұзылуында емес, әңгіме қаражаттың жоқтығында болуы керек. «Ауруын жасырған өледі» демекші, түбінде шындықтың беті ашылады емес пе? Халықты қашанғы алдайды?
2010 жылы облыстарда кардиохирургия орталығ­ы сынақ үшін ашылды дейді. Сонда кімді кім сынап жүр? Халықты ма, әлде халыққа көмек көрсеткен дәрігерлерді ме? Қаншама жас мамандар шетелге барып оқып, тәжірибеден өтіп туған жерінде қаншама халыққа қалтқысыз қызмет жасап­ жатыр, олардың ертеңі қалай болады? Кім тұрақтайды?
Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына биылғы Жолдауының жетінші міндетінде «Денсаулық сақтау саласында жаңа техно­логияларды қолдану, аурулардың алдын алу мен емдеуді айтарлықтай жақсартып, медициналық қызмет көрсетулердің сапасын жоғарылатуы тиіс» деген. Ал ойланып көрейік, бұл Елбасымыздың Жолдауына қарама-қайшы жұмыс емес пе? Аурудың алдын алғанымыз қайсы, жаңа технология дейміз, жаңа аппарат қайда? Облыстық медициналық орталықтың эндоваскулярлық бөлімінде коронарография жасайтын жалғыз-ақ аппарат бар. Ол да 2009 жылы алынған. Ал қазіргі кезде 10 жыл­ға жуық үздіксіз жұмыс істеп келеді. Құдай білсін, оның да қай уақытта істен шығатынын, әйтеуір операцияның үстінде бұзылмасын деп тілейік. Бұзылған жағдайда ауыстыра қоятын қосымша жабдық жоқ. Сонда науқастың күні не болмақ, шарасыз дәрігер не істейді?
Оқырман қауымға түсінікті болу үшін бұл аппа­раттың қызметін айтайын. Бұл аппарат жүректің, жүрекке баратын қан тамырларының, мидың, миға баратын қан тамырларының қызметін анықтайды. Қан тамырларының бітелген жерлері болса ашып, стенд (стенд дегеніміз – кәдімгі серіппе.-ред.) қояды, жүрек-қан тамырлары қалыңдау болып бітсе, онда оған ота жасау керек екендігін анықтап береді. Менің білуімше, бұл ангиография аппараты күрделі аурулардың қай түрі болмасын, анықтап береді.
Халық саны бойынша бізде 3 аппарат болуға тиіс. Ал бізде біреу-ақ. Ол да ескі. Ойланып көрейік, ағайын. Әлемдегі дамыған 30 елдің қатарында боламыз дейміз, сонда 30 елдің қатарында қалай боламыз? Ұлттың байлығы – адамның денсаул­ығы емес пе?
Дені сау ұлттың ғана келешегі кемел болмай ма? Олай болса, ҚР Денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов, Қызыл­орда облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы А.Әлназарова тұшымды жауап берер деген үміттеміз. Біреуді кінәлаудан аулақпыз. Тек түсіністікпен қарап, қаражат көздерін тауып, облыс орталығындағы жүрекке ашық ота жасап жатқан кардиохирургия бөлімін жаппай, қолдан келген көмегін халыққа көрсетеді деген сенімдеміз.
ТҮЙІН. Ойлы да білікті, елдің қамын күні-түні ойлап, халықтың көңілінен шыға білген аймақ басшысы­ Қырымбек Елеуұлы бұл жағдайды біл­мей­тін шығар. Білсе, науқастарды әуре-сарсаңға салмай­, оң нәтиже шығарады деген ойдамыз.
 

Сердалы ШАЛБАЕВ,
Жаңақұрылыс ауылдық ардагерлер
кеңесінің төрағасы,
Арал ауданы
Сурет Tomografa.net сайтынан алынды.
«Халық» газеті