Ауа райы
Мерекелер
0

БІЛІКТІ ДӘРІГЕР АУЫЛҒА ДА КЕРЕК


Досбол Жұмашевтың медицина саласында қызмет еткеніне сегіз жыл болды. Осы уақыт аралығында Оңтүстік Қазақстан облысында тәжірибе жинақтаған дәрігер 2017 жылы туған өлкеге қайта қоныс аударып, еңбек жолын Қандөзде жалғастыруда. Ауыл тұрғындарының сауықтыру және емдеуге жауапты маманды әңгімеге тартқан едік.
Қандөз ауылында туып-өскен Досболдың бала кезгі арманы дәрігер болу болатын. Осы жолдан адаспаған ол өзі қалаған мамандық иесі атанды. 2002 жылы Ғ.Мұратбаев атындағы мектепті бітіргеннен кейін Ахмет Яссауи атындағы Қазақ-Түрік университетінің медицина факультеті, емдеу ісі мамандығы бойынша білім алады. Одан кейін, 2009 жылы бітіреді. Алайда, тағы бір жыл өзі тәмамдаған оқу орнының Шымкент қаласындағы филиалында интернатура бойынша білімін шыңдайды. Оқу бітіргеннен кейін ОҚО, Ордабасы ауданында еңбек жолын бастайды. Аудандық емханада дәрігер-хирург болып қызметке орналасып, өзінің кәсіби деңгейін көрсете бастайды.
– Ең алғашқы емделушім Қасымбек деген ел ағасы болатын. Әлі есімде ол кісінің батасы жылы лебізі маған үнемі жігер сыйлап жүреді. Өмірден озған шағына дейін ақылын айтып, жол сілтейтін жанның бірі еді. Осындай ағалардың ақ батасымен қызметте өстім, өндім, – деді білікті дәрігер.
Жалпы, дәрігер-хирург бас дәрігердің нұсқауы бойынша науқастарға түрлі дәрежедегі оталар жасап, әрі қарай да бақылап, қажетті емін қолданып, олардың толық сауығып кетуін қамтамасыз етеді. Шұғыл ота жасау олардың басты міндеті. Кейіпкеріміз мұндай жауапкершілікті сезініп келеді. қызметтегі жауапкершілігі мен адалдығын бағалаған басшылық оны 2011 жылдың «Ең жас үздік дәрігері» атайды.
Осындай білікті дәрігерді ауылдағы ағайын кіндік қаны тамған жерде қызмет етуді ұсынады. Мұны ауылдық әкімдік қолдай кетеді. Ағайынның тілегін дәрігерде қуаттайды. Үнемі біліктілігін арттыруды мұрат еткен дәрігер былтыр Алматы қаласында үш айлық оқуға барып, тәжірибе алмастырып, білімін жетілдірді.
– Әрбір жанның арманы туған өлкенің өрістеуіне еңбек етуінде деп білемін. Иә, кіндік қаны тамған ауылыңа, ондағы тұрғындарға қызмет ету үлкен абырой. Әрі, жауапкершілік жүгін арттыра түседі. Сондықтан, былтыр Қандөзге қайта қоныс аударып, осында қызметке кірістім, – деді ол.
Қазір ол ауылда жалпы тәжірибелік дәрігер қызметінде. Бүгінде екі баланың әкесі Досбол Жайылұлының алға қойған мақсаты медицина саласында абыройлы еңбек ету.
Түйіндей айтқанда, медицина саласында еңбек етіп жүрген Досбол Жұмашевтің бойынан қызметке деген адалдықты ғана емес, туған өлкеге деген сүйіспеншілікті, сағынышты байқадық. Мұндай ізгі қасиет адал қызмет етуге жетелейтіні анық...

Әлібек ТЕМІРБЕК.

https://zhanaqorgan-tynysy.kz/zanalyk/1198-blkt-drger-auyla-da-kerek.html