Ауа райы
Мерекелер

Болашақтың бағбаны – балалар дәрігері


Жарқын елдің болашағы саналатын сәбилердің, яғни, қоғамның басты байлығы адам өмірінің сақшысы бола білген дәрігерлердің ерен еңбегі, атқарған істері әрқашан елеулі. Баланы ұрпақ жалғастырушы, елдiң болашағы деймiз. Сол балдырғандардың денсаулығына қатты мән береміз. Бүгінгі тақырып бала денсаулығының кепілі ақ халатты балалар дәрігері жайында болмақ...

Бала жаны жұмбақ әлем. Кішкентай сәбидің, естияр баланың саулығын білу үшін сезімталдық қасиет те керек. Ал, өмір үшін күреске толы мамандықты игеруге екінің бірі келмейтіні анық. Осы орайда, аудандық орталық аурухананың балалар бөлімінде тек нәзік жанды, өз ісінің хас мамандары жұмыс жасайтынына куә болдық. 8 наурыз – халықаралық қыз-келіншектер мерекесі қарсаңында нәзік жанды жаратылыс иелерінің елеулі еңбектерін ескерусіз қалдырмауды жөн санадық.
Сырқатын айтуға тілі жоқ сәбидің ауруын табу үшін байқампаз, қырағылық қажет. Ол үшiн баланың тәнi мен жанын жақсы бiлуiң керек. Ал, бала дәрiгерiнiң болмысы бөлек. Елбасы Н.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріндегі дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында ұлт денсаулығы басты жолға қойылған. Бұл ретте мемлекет тарапынан медицина саласына айрықша көңіл бөлінуде. Мақсат – халыққа сапалы медициналық көмек көрсету. Осы орайда, өңірдегі балалар дәрігерлерінің беделі төмен деп айта алмаймыз. Балаларға көрсетілетін медицина­лық көмектің қолжетімділігі артты. Қазіргі таңда балалар бөлімінде 30-ға жуық қызметкер жұмыс жасайды. Солардың ішінде 1 дәрігер және 15 аяжан, 10 кіші медициналық қызметкерлер сапалы қызмет көрсетеді. Атап айтар болсақ, бөлімше меңгерушісі Сәуле Исмайлова, дәрігер Балжан Абдрашова, аға мейіргер Жұлдызай Байбұраева және Алтынкүл Арыс­танова, Нұржамал Меңлібаева, Сәулеш Исмайлова, Райхан Құдайбергенова сынды білікті мамандарды кезіктіруге болады. Жалпы, балалар бөлімі 30 төсек орынға арналған.«Кішкентайлардың өмірін арашалап қалуда мамандарымыз қолдан келгенді аямайтыны анық. Оған қызметкерлердің біліктілігі де, мекеменің техникалық базасының қуаты да жетеді» – дейді бөлімше меңгерушісі С.Исмайлова.
Қазақстанда балалар денсаулы­ғын сақтау ісі қашанда басты назарда тұратын маңызды істің бірі десек, жауапкершілігі үлкен, зор біліктілікті талап ететін балалар медицинасы елімізде жақсы дамыған. Соның нақты көрінісі 1991 жылдан бері балалар бөлімінде үздіксіз жұмыс жасап келе жатқан С.Киікбайқызы. Оның 27 жыл ішінде ауырып келген баланың сырқатын таппай сандалған кезі болған емес. Керісінше, дерті жанына батқан баланы дем арада жұбатып, тез тіл табыса кетеді. Кішкентайлардың ине салдырудан қорқатыны белгілі. Сондықтан, бір сәт баламен бала болып, ойын ойнап көңілін аулай отырып, инені қалай салғанында аңғартпайды. Бұл әрине, тәжірибелі дәрігердің әдісі. Сондай-ақ, біліктілігі мен білімін де жұмыс барысында байқауға болады. Адам өмірін оның ішінде бала денсаулығын сақтауда аянбай еңбек еткен С.Исмайлова 2014 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталады.
Иә, дәрігер мамандығы қашан да үлкен жауапкершілікті талап етеді. Әсіресе, жұмысың балғын балақайлармен байланысты болса, тіпті, оңай болмасы анық. Кішкентайлардың ауырған жерін анықтау, дертіне шипа табу аса ұқыптылықты қажет етеді емес пе, – деген сұрағымызға кейіпкеріміз: «Балаларға ана ретінде барынша сүйіспеншілікпен қарауға тырысамын. Сәбилер – өте пәк, жұмбақ болады. Олардың тілін табу, бабын жасау әрине, қиынның-қиыны. Әйтсе де, қиналғанын жүрегіңмен сезу, аурудың алдын алуға кеңес беру біздің басты міндетіміз» – деп жауап қатты. Олай болса, міндетіне адал жан Сәуле Исмайлова бастаған балалар бөлімінің, жалпы барша нәзік жанды ақ халатты дәрігерлерді мерейлі мерекелерімен құттықтай отырып, жұмыстарына табыс тілейміз.

Гүлнәр ӘБДІХАНИҚЫЗЫ.
Фото Б.БӘЙІМБЕТТІКІ.

https://osken-onir.kz/kogam/1794-bolashaty-babany-balalar-drger.html

ТУБЕРКУЛЕЗ ТЕГІН ЕМДЕЛЕДІ

Дүниежүзілік экономикалық форумның 2017-2018 жылдарға арналған жаһандық бәсекеге қабілеттілік туралы есебіне сәйкес Қазақстан 2017 жылдың қорытындысымен туберкулездің таралуы бойынша өзінің жағдайын 2016 жылмен салыстырғанда 2 позицияға жақсартып, 138 елдің ішінен 90-орын алды.

Қазақстанда туберкулез бойынша тұрақты эпидемиологиялық жағдай байқалады. Соңғы 10 жылда бұл дертке шалдығу жағдайы 2,4 есеге төмендеп, 2017 жылы 100000 адамға шаққанда (2007 жылы 126,4) 52,2-ні құрады. Өлім-жітім жағдайы 100000 тұрғынға шаққанда 6 есеге төмендеп 3,0-ді құрады.

Ал біздің облыста аурушаңдық көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 100000 тұрғынға шаққанда 64,9-дан 59,2-ге, ал өлім-жітім көрсеткіші 3,4-тен 3,2-ге төмендеді.

Қазақстанда және облысымызда туберкулезді біріккен (интеграцияланған) бақылау стратегиясы жүзеге асырылуда. Соған сәйкес, облысымызда аурушаңдықтың азаюына байланысты төсек-орын саны 400-ге дейін қысқартылды. Арал, Жалағаш, Шиелі, Жаңақорған аудандық туберкулезге қарсы ауруханалары жабылып, үнемделген қаржы диагностикалық зерттеулерді жетілдіруге, жаңа құрылымдар алуға жұмсалды. Ал, барлық аудандардағы туберкулезге қарсы диспансерлер жергілікті аудандық аурухананың құзырына берілді. Мұндағы мақсат – туберкулезді анықтау және емдеуде науқастарды бір жерден қарап, кеңес беру, аудандық аурухана құрамындағы диспансер мамандарының науқастарға медициналық көмекті барынша жақсартуы болып отыр.

Аймақта туберкулезді ерте анықтау үшін диагностиканың халықаралық стандарттарға сәйкес заманауи әдістері қолданылуда. Облыстық туберкулезге қарсы диспансерінің бактериологиялық зертханасында ауруды және оның көптеген дәрілерге көнбейтін түрін тез анықтау (2 сағаттан 2 күнге дейін) бойынша алдыңғы қатарлы инновациялық технологиялар енгізіліп жұмыс жасауда. Бұл әдістер БАКТЕК қондырғысы, Хайн-тест, Джейн-эксперт әдістері арқылы іске асырылуда.

Туберкулезді анықтауды жетілдіру мақсатында 3 ауданға (Арал, Шиелі, Сырдария) жылжымалы флюоромашина алынды. 2 флюороқондырғы жаңадан алынып, облыстық перинаталдық орталық пен №1 емханаға орнатылды. Науқастардың қосымша ауруларын емдеуге 41561630 теңгеге жаңа үлгідегі аппараттар мен құрал-жабдықтар алынып, жұмыс жасауда. Туберкулез уақытылы анықталып, дұрыс емделген жағдайда, одан толық айығып кетуге болады.

Туберкулез микобактерияларын бөлмейтін және айналасындағыларға қауіп төндірмейтін пациенттер, егер үй жағдайында емделуге ынталы болса, тұрғылықты мекен-жайы бойынша емханаларда амбулаториялық ем қабылдай алады. Мысалы, облысымызда 2017 жылы туберкулез микобактериясын бөлмейтін 462 науқастың 152-сі немесе 32,9 проценті емін амбулаториялық жағдайда бастады. Әрбір науқасқа әлеуметтік қаржылай көмек берілуде. Өткен жылы 1490 науқас 185768,8 мың теңге (2016 жылы 1219 науқас – 139745,9 мың теңге) әлеуметтік көмек алды.

Ауруды емдеуде де өзгерістер бар, яғни көптеген дәріге төзімді туберкулезбен ауыратын науқастар бұрын 24 ай емделсе, қазір жаңадан дәрілердің емге қосылуына байланысты емнің ұзақтығы 9-12 айға дейін қысқарды.

Туберкулез бактерия бөліп шығаратын науқастан ауа арқылы беріледі. Туберкулезге шалдыққандардың тек 40 проценті ғана бактерия бөліп шығаратын және жұқпалы ауруы бар науқас болып табылады. Ол науқас адамдардың тек 10 процентінде ғана дамиды, ал қалған 90 проценті иммунитеті жоғары болса, туберкулез микобактериясын жұқтырғанмен ауырмайды. Дер кезінде анықталып, ем шаралары қабылданатын болса, туберкулезден толықтай айығуға болады.

Туберкулезді анықтау мен емдеу тегін және ол мемлекет есебінен жүргізілетіндігін ескерте кету қажет. Тез диагностикалау әдістері мен тиімділігі жоғары дәрі-дәрмектер арқасында туберкулезді толығымен емдеуге болады. Туберкулезді еңсеріп, айығып кеткен адамдар оқып, еңбек етіп, дүниеге дені сау сәбилер әкеліп, мәнді де мағыналы өмір сүре алады.

Әсіресе, кәсіпкерлердің туберкулездің бизнеске ықпал ету қаупінің жоқ екендігін объективті түрде бағалауы еліміздің бәсекеге қабілеттілік рейтингінің өсуіне және инвестиция тартудағы өзіндік тартымдылығының арттыруына септігін тигізеді.

 

Әбдіғабит ӘБЛӘЗІМ,

облыстық туберкулезге

қарсы диспансерінің бас дәрігері.

http://syrboyi.kz/negizginews/18635-tuberkulez-tegn-emdeled.html