Ауа райы
Мерекелер


Дәрігерлік мамандық бірнеше салаға бөлінетінін білеміз. Соның ішінде балалар дәрігері, яғни, педиатрия саласы өте күрделі екенін бәріміз мойындаймыз. Себебі, тілі шықпаған сәби қай жері ауырып тұрғанын айта алмайды, мазасызданғанын тек жылап ғана жеткізеді. Сондықтан да аналар қауымы «бала ауырғанша өзім ауырайын» деп жатады. Шақалағымыз шырылдағаннан жанымызды қоярға жер таппай, алып-ұшып дәрігерге жетеміз. Өзінің 35 жылдық еңбек жолында талай сәбидің саулығын сақтауға үлес қосып, дертіне дауа тапқан абзал жан №6 қалалық емхана дәрігері Бақыт Оразбақованың есімі аналар қауымына жақсы таныс.

Алматы мемлекеттік медицина институтының педиатрия факультетін бітірген ол Қызылорда қалалық бірік­кен балалар ауруханасында интернатурадан өтеді. Еңбек жолын аймақтық педиатр-дәрігері болып бастайды. Онан соң қалалық бірік­кен балалар ауруханасында еңбек етіп, 1982-1989 жылдары осы ауруханада бөлім меңгерушісі қыз­метін атқарды. Дәрігерлік маман­дықтың қиындығын басынан өткен адам ғана жақсы түсінеді. Алдыңа келген әр адамның тағдыры сол ақжелеңдінің біліктілігіне, жауап­кершілікті сезінуіне, науқасқа деген жанашырлығына байланысты болып жатады. Дәрігердің жылы сөзінің өзі ем дейтіні сондықтан. Бақыт Оразбақованың да көпжылдық қыз­метінде талай қиындықтар, періште тағдыр үшін қауіпке толы оқиғалар жиі ұшырасты. Солардың бірін әлі күнге дейін есіне алып айтып отырады. Балалар ауруханасының педиатрия бөлімінің меңгерушісі болып тұрған кезінде ауруханаға өте ауыр халде сәби түседі. Бірнеше күн ақжелеңділер әлгі баланың өмірін сақтап қалу үшін барын салады. Әйтсе де, баланың атасы аурухана рұқсатынсыз әл үстінде жатқан баланы үйіне алып кетеді. Бақыт дәрігер баланы іздеп үйіне барды. Барса, бала ақ матаға ораулы жатыр екен. Дәрігер мән-жайды сұрағанда әлгі баланың үй-іші үміттерін үзген­діктен, осылай жасағандарын айтады. Сонда дәрігер баланы қайтадан ауруханаға жатқызу керек екенін айтады. Ал атасы немересінің жазы­лып кететініне кепілдік берсе ғана ауруханаға қайта апаратынын айтып, табандап тұрып алады. Бақыт Жұмабайқызы сонда: «көшеде аман-сау келе жатқан адамға да еш кепілдік жоқ» деп баланы әй-шәйға қарамай алып кетеді. Сонан өзі жіті қадағалап, бар ем-домын жасайды. Әуелі Алланың, сосын Бақыт дәрігердің емі дертіне шипа болған баланың 2-3 күнде беті бері қарады. Не керек, бала аяғынан тұрып, отбасына аман-есен оралады.

1989 жылы ол №6 қалалық ем­ха­наға қызмет ауыстырады. Мұн­да дәрігер-иммунолог болып еңбек етеді. Яғни, балалар мен ере­сектердің вакцинамен егілуіне жауапты маман. Сонан күні бүгінге дейін осы ұжымда абыройлы еңбек етуде. Зейнеткерлік жасқа әлдеқашан жеткенімен, Бақыт Жұмабайқызы әлі де ұжым басшылығының, әріп­тестерінің қалауымен жұмыс іс­теп жүр. Бұл, әрине, білікті маман­ның қадірін білгендік. Ұйым­дас­­тырушылық қабілеті жоғары, талап­шыл әрі ізденімпаз маман ретінде сыйлы дәрігер өзінен кейінгі жастарға білгенін үйретуден жалыққан емес, ақыл-кеңесін айтып, бай тәжірибесімен бөлісіп отырады. Емхананың ішкі қоғамдық жұмыстарына да белсене араласып, ұжымның бірлігін, ынтымағын жарастырып жүрген үлкендігі тағы бар.

Майталман маманның еңбегі еленіп, талай марапат та алған. 2017 жылы «Алтын дәрігер» төсбелгісін таққаны сөзіміздің бір ғана мысалы. Бақыт Оразбақова білікті, абыройлы маман ғана емес, сонымен бірге, ардақты ана, немерелерінің сүйікті әжесі. Ендеше, берекелі, мерекелі, базарлы ғұмырыңыз тарқамасын демекпіз.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы».

http://syrboyi.kz/zedelnews/18582-balalardy-babyn-blgen-drger.html