Ауа райы
Мерекелер
Сіз емшіге қаралдыңыз ба?

ҚАЗАҚТЫҢ ИБАЛЫ КЕЛІНІ АТАНДЫМ


Қазақ ұлтының дархан-кеңпейіл халық екен­дігін бала күнінен біліп өстім. Достарымның көпшілігі қазақ балалары болды. Әрқашан көр­шілерімізбен тату-тәтті тұрып, бірлігіміз жарасқан күйде кент орталығында тұрдық. Ұлтым кәріс болғанымен, өзім қазақтың келінімін. Отбасында балаларыма ұлттық тәрбиенің маңызын үнемі айтып отырамын. Үлкенге ізет көрсетіп, шаңырақ шаттығын берік сақтаймын.Үнемі әдет-ғұрпымызды ұрпақтарымызға айтып отырамыз. Жолдасым екеуміздің ойымыз бір жерден шығып, отбалысылық қиындықтарды жеңуге күш саламыз. Шүкір, қазақтың ибалы келіні атанып, ана бақытын сезінген жандардың қатарындамын.
Он алты жылдан бері «Амбулаториялық емханалық қызметі бар Сырдария аудандық орталық ауруханасында» медицина саласының статистика маманы ретінде жұмыс жасап келемін. Әр кез мамандығымды мақтан тұтып, кәсібіме адалдық танытып келемін
Жалпы биылғы жылы медицина саласына айрықша мән беріліп, Елбасы Жолдауында адами капиталды жақсартуға байланысты нақты тапсырмалар жүктелді. Міне, басым бағыттарды жүзеге асыруда біздер жұмысымызға тиянақты қарап, жаңа технологияларды меңгеріп, сапалы қызмет көрсетуге бет бұрудамыз. Медицина саласында қызмет атқарғандықтан көпшілікпен тығыз қарым-қатынаста боласың. Сонда үлкен кісілердің ақ батасын алып, ізгілікті көрсетуді ниет қыласың. Негізінен Қазақстанның өзге этнос өкілдеріне деген қамқорлығы ерекше. Кейде өзімнің осындай Тәуелсіз мемлекетте тұрғанымды мақтан етемін. Достығымыз жарасқан күйі бір-бірімізді бөліп-жармай, еркін пікір алмаса білеміз. Тіліміз басқа болса да тілегіміз бір екендігіне кәміл сенеміз.
Көктемнің шуақты мерекесі 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында барша нәзік жандыларды мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Әрбір ананың жүрегіне мейірім ұялап, шаңырақ шаттығын сезініп, бақытты ғұмыр кешсін.

 

Юлия ПІРЖАНОВА,
«Амбулаториялық емханалық
қызметі бар аудандық орталық ауруханасының» статистика маманы

https://tirshilik-tynysy.kz/kogam/1607-azaty-ibaly-keln-atandym.html

БІЛІКТІ ДӘРІГЕР

Ана мен бала денсаулығы үшін уақытпен санаспай қалтқысыз қызмет етіп жүрген ақ халатты абзал жандардың бірі – Ләйла Елібаева. Бүгінде ол амбулаториялық емханалық қызметі бар аудандық орталық аурухананың перзентхана бөлімінде акушер-гинеколог дәрігері қызметін абыроймен атқарып жүр.

 

Ләйла Рахатқызы 2000 жылы М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина академиясының «емдеу ісі» факультетін бітірген. Содан кейінгі жылдары Ақтөбе мемлекеттік медицина академиясында акушер-гинеколог мамандығы бойынша білімін жетілдірді. Алғашқы еңбек жолын Қызылорда қалалық перзентханада акушер-гинеколог дәрігері болып бастаған ол бүгінгі таңда аудандық перзентханада ана мен бала денсаулығына жауапты қызметте жүр.
– Ана мен бала денсаулығын нығайту жолында мемлекетімізде барлық жағдайлар жасалып келеді. Әйел жүкті болғаннан бастап есепке алынып, дәрігерлердің қарауында болады. Егер барлық жүкті келіншектер дәрігердің нұсқауларын мүлтіксіз орындап, ақыл-кеңесін дер кезінде пайдаланып отырса, сәбиін аман-есен босанады. Мұнда жұмыс жасағаныма 12 жылдан асыпты. Осы уақыт аралығында мыңдаған сәбидің кіндік шешесі атандым. Бұл мен үшін зор мәртебе, – дейді Л.Елібаева.
Шығармашылық топ өкілдері перзентхана бөліміне барғанда енді ғана босанып, баласын бауырына алған жас аналармен тілдесіп, хал-жағдайын сұрастық. Барлығы да перзентхана дәрігерлері мен қызметкерлеріне алғыстарын жаудырып жатыр.
– Осынау көктемнің шуақты күні баға жетпес ана бақытына ие болып отырмын. Аналар мерекесі қарсаңында аудан әкімі келіп, жаңа босанған аналарды құттықтап, сый-құрметін көрсетті. Барша жас аналардың атынан аудан әкіміне, аурухана дәрігерлеріне, перзентхана қызметкерлеріне алғыс айтамын. Акушер-гинеколог Ләйла Рахатқызы аналарға ерекше мейіріммен қызмет көрсетеді. Мінезі сабырлы, кішіпейіл жанның жұмсақ сөзінің өзі де жаныңа демеу, дертіңе ем болатындай, – дейді жас ана Таңшолпан Нұрғали.

 

Н.АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
М.ТАБЫСБЕКҰЛЫ (сурет).

https://zhalagash-zharshysy.kz/kogam/1381-blkt-drger.html

Балалар дәрігері Болтай

Халқымызда «Бірінші байлық – денсаулық» деген жақсы сөз бар. Сондай-ақ, «Қай жерің ауырса – жаның сол жерде», «Денсаулық – зор байлық» деп те бекер айтылмаса керек. Себебі, бір жерің ауырса саған ешқандай байлығың да, жинаған бақ-дәулетің де көмектесе алмайды. Бұл мезетте сіздің қасыңыздан табылып, жаныңызға жалау болатын дәрігер ғана. Шын мәнінде, ақ халатты абзал жандардың біздің ортамыздағы алар орны ерекше.

Дәрігер өмір сақшысы, олар – қолын жүрекке қойып, адам өмірі үшін күресуге ант берген арашашы жандар. Бірақ, дәрігердің де дәрігері бар. Ерінбей еңбек етіп, зор ізденіс үстінде тәжірибе жинақтап, өз білгенін науқасқа қолданатын кіршіксіз пәк жүректі абзал азаматты нағыз маман деп білеміз.

Бала күнінен дәрігер болуды армандаған Болтай әрдайым басы ауырып, балтыры сыздаған жандардың жанынан бірінші болып табылады. Оның медицина саласына келгеніне 20 жыл уақыт болыпты. Жанқожа батыр ауылынан түлеп ұшқан бұрымды қыздың арман жетегінде жүріп, Ақтөбе қаласындағы медициналық институтқа түскені әлі күнге дейін есінде. Оқуын жақсы деген бағамен бітірген жас маман алғашқы еңбек жолын Ақтөбе қаласындағы №1 қалалық емханасында аймақтық балалар дәрігері болып бастайды. Осы жерде табан аудармай 10 жыл жұмыс істеген соң, туған жерге оралуды ойға алады. Қазалыға келген Болтай Серікқызы Әйтеке би кентіндегі "Жетес би" ауылдық емханасында жұмысын жалғастырды. Ал, 2015 жылдан аудандық орталық ауруханада балалар бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарып келеді.

Балалар дәрігері Болтай туралы аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Күншығар Әбіловтен сұрағанымызда: «Қай кезде болмасын науқастарды ілтипатпен қарсы алып, олардың шағымын ықыласпен тыңдайды. Алдына барған әрбір жанға мейірім төге қарап, ыждағаттылықпен емдеп, ақыл-кеңестерін береді. Қажет кезінде күн демей, түн демей қызмет орнынан табылады», – деген лебізін жеткізді.

Дәрігер Болтай Нұрмаханова қарапайымдылығымен бірге адалдығымен, орнықты мінезімен, еңбексүйгіштігімен көптің құрметіне бөленуде. Ол көп ізденеді, көп оқиды, мамандығын үздіксіз жетілдіреді. Осындай бiлiм мен еңбекқорлықты ұштастыра бiлген ақ халатты абзал жанды 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесімен құттықтап, деніне саулық, отбасына бірлік, береке тілейміз.

Жеңісбек АЙЫМҚҰЛОВ.

https://qazaly.kz/kogam/1967-balalar-drger-boltay.html