Ауа райы
Мерекелер

Құрөзекті (дифтерияны) зертханалық нақтылаудың тәсілдері

 

Құрөзектің жасырын және белгісіз (симптомсыз) түрде өту мүмкіндігі ескеріліп, оған күмәнданғанда бадамша бездің шырышы мен таспасын дифтерия таяқшасына (Corinebacterium diphtheriae) бактериологиялық тексеру жүргізеді.

Құрөзек – тек адамнан адамға ғана жұғатын жұқпалы дерт. Алайда онымен ауырған адам да, сондай-ақ уытты (токсигенді) штаммдарды тасымалдаушы да кесел жұқтыру бағытында қауіпті. Мұндай тасымалдың еш белгісі болмайды. Оны тек зертханалық тексеру арқылы анықтайды.

Дифтерия бактериялары – Леффлер бациллалары ылғалдың немесе шаңның өте ұсақ бөлшектерімен ауа арқылы берілуі мүмкін. Оған қоса бактериялрдың жұқпаланған тұрмыстық заттармен және кейде жұқпаланған тағаммен де таралуы ықтимал.

Дерттің алғашқы белгілері 2-10 тәуліктен соң байқалады. Дене қызуы 38-39оС-ге дейін жетеді. Тамақ ауырады, жұту қиындайды.

Құрөзектің белгілері баспаға (ангинаға) ұқсас, дегенмен соңғысына тән өзіндік белгілер болады. Басты айырмашылық – бадамша бездердің зақымдану түрі. Оларда тығыз таспа пайда болады.

Құрөзектің өзі емес, оның асқынулары аса қауіпті. Олардың ішінде: жұқпалық-уыттық талуды; миокардитті – жүрек бұлшықетінің зақымдануын; полинейропатияны – шеткі нервтердің зақымдануын; нефроздарды – бүйректердегі дистрофиялық үдерістерді; ДВС-синдромды – қан ұюының бұзылуын; крупты – жұтқыншақтың тарылуымен асқынған тыныс жолдарының қабынуын бөліп көрсеткен жөн.

Құрөзекті нақтылау үшін бірнеше әдіс: бактериологиялық, серологиялық және ПЦР-талдау, сондай-ақ қанның жалпы талдауы қолданылады.

Диагноз қоюға ерік беретін негізгі әдіс – дифтерияның микробилогиялық диагностикасы. Оны бадамша бездерінде ерекшеліктік тұнба болған баспаға, инфекциялық мононуклеозға, паратонзиллярлы іріңдікке (абсцесске) немесе ларинготрахеитке күдіктенгенде жүргізеді.

Бактериологиялық зерттеу үшін зақымданған тұстан жағынды алып, оны қоректік ортаға орналастырады. Шамамен 5-7 күннен соң биоматериалда дифтерия таяқшасының өскені және оларда уыттық қасиеттердің болуы анықталады. Қалыпты кезде өсудің болмауы тиіс.

Бұған қосымша ПЦР-диагностиканы қолдануға болады. Алайда диагноз нақтылауда ол міндетті емес. Бұл зерттеуге материал зақымданған ошақтан алынып, арнайы ортаға себіледі. Зертханада дифтерия бактериясының гендерін бөліп алады.

Серологиялық тексеру мақсатындағы қан көктамырдан (венадан) алынады. Лабораторияда олардан алынған сарысудан антиденелер анықталады. Бұл шамамен 2-5 жұмыс күніне созылады.

 

Фото ЦСМ-Центр современной медицины сайтынан алынды.

 

Әлия БӘЛІБАЕВА,

Ұлттық сараптама орталығының Қармақшы ауданы бойынша бөлімшесінің бактериолог-дәрігері,

Қармақшы ауданы,

Қызылорда облысы