Ауа райы
Мерекелер

Қазақстан - Қызылорда

 

Сыр өңіріне жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева сала мамандарымен жүздесті. Елбасы жолдауынан туындаған міндеттер жөнінде сөз қозғап, денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру бағытындағы жоспарларымен бөліскен вице-министр аймақтағы ахуалға оң бағасын берді.


Қазақстан - Қызылорда

 

Байқоңыр қаласы тұрғындарының әлеуметтік-тұрмыстық мәселесі ұдайы жергілікті биліктің назарында. Ресей мен Қазақстан арасындағы үкіметаралық келіссөздердің нәтижесінде биылдан бастап жұлдызды қалашықта тұңғыш қазақстандық емхана жұмысын бастады. Бүгінде отандастарымыз сапалы алғашқы медициналық көмек алып, емдеу мекемесінің игілігін көруде.

АЛЛО, БҰЛ 103 ПА?

Жедел-жәрдем дегенде көз алдымызға жүйткіген көлікпен науқас жандарға көмекке асыққан ақ халатты абзал жандар елестейді. Біреудің өміріне араша түсуге асығып бара жатқанын көресің де, қобалжи бастайсың. Өйткені «жылдам көлік» жаны қиналған кісіге асығып барады. Осындай халық алдындағы міндетін қалтқысыз орындап жүрген жандарды жазғыратындарымызда аз емес. Осыған байланысты жедел-жәрдемнің бір күндік қызметін көруге бел будық.

Біз жедел-жәрдем бөліміне барғанда шамамен ымырт үйірілген шақ еді. Есік алдында белгіленген үш бригаданың біреуі ғана болды. Қалған екеуі шақыртумен кеткен екен. Кіре бергенім сол еді№60 бригаданың екі фельдшері де шақыртуға жиналып жатыр екен. Жөн сұрасып, біліскеннен кейін жолға шықтық. Баратын мекен-жайымыз – Батыс көшесі, №8 үй. Науқастың есімі – Мырзалы Аманжолов. Жол бойғы әңгімеміз осы кісі жайында болды. Науқастың дерті біраз жылдан бері дендеп келе жатқанға ұқсайды. Асқазанның обыр дертіне шалдыққан. Күніне осы науқастан2-3 рет шақырту түсетінін жасырмады жедел жәрдемдіктер.Сонымен біз белгіленген мекен-жайға да келіп жеттік. Қызметкерлер шалт қимылдап, төргі бөлмеге өтті. Керуерт үстінде жасы егде тартқан, өңі бозарған қария жатыр. Қасында қызы мен жұбайы зыр жүгіріп жүр. Жедел-жәрдем қызметкерлерінің бірі дереу қан қысымын өлшеуді қолға алса, екіншісі дәрі-дәрмек әзірлеп жатты. Қарияның жанына батқан дерттің бетін қайтарып жеделжәрдемдіктер қайта жолға шықты.

21:38. Бөлімге келгеніміз сол еді фельдшердің телефонына тағы да шақырту үсті. Бағытымыз- Қармақшы көшесі, №8 үй. Бұл жолы да көптен бері төсек тартып жатқан науқас Роза Тұрдалиеваның үйіне бардық. Оның диагнозы бүйрек үсті безінің қатерлі ісігі. Жағдайы орташа деңгейде. Науқастың ауруы жанына батпаса дәрігерлерді жөнсіз мазаламайтын көрінеді. Көрсетілген емнен кейін бөлімшеге бет алдық.

22:02. Бөлімге жетпей жатып тағы да хабарлама келді. Бұл жолғы шақырту Марал баба көшесі, № 19 үйдің тұрғыны Д.Дагировтен еді. Науқастың қан қысымы көтерілген. Фельдшерлер өздерінің алғашқы көмегін көрсетіп жатты.Науқастың жанында бақылып, әдеттегіден ұзағырақ отырды. Науқастың көңілі жайланғаннан кейін бөлімшеге қайта келдік.

23:45. №59 бригада жедел-жәрдем бөліміне жетті. Жүздерінен шаршаңқылық байқалады. Соған қарағанда «Шақырту» көп болғанға ұқсайды. Бұл топ кешкі сағат 17:00 ден түнгі 24:00 ге дейін қызмет көрсетеді.

00:03 №59 бригада қайтатын шағында тағы да шақырту түсті. Бір емес екі бірдей көлікпен екі бригада баруға міндеттелді. Шақыртудың себебі бір әйел мен екі баланың көмірқышқыл газынан иістенуі. Дәрігерлердің айтуы бойынша балалардың жағдайы орташа. Бірақ әйелді ауруханаға әкелуге тура келді.

Жарты сағатқа жуық бөлімшеде отырдық. Күн ұзақ безілдеп қоймағандиспечер Айнагүл Ақболтаеваның да телефоны тынышталды.

- Қазіргі күні біздің жедел-жәрдем бөлімі облысқа қарайды. Шақырту бірінші кезекте сол жаққа түседі, содан кейін бізге баяндалады. Күніне 60-70 шақырту болады. Қазір таңғы 8-ден бері 46 шақырту тіркелді. Ауру атаулы түнде қозады. Мейрам күндері тіпті көбейеді. Тамақтан улану, күйіп қалу, тағы басқа. Бүгін балалардан келген шақырту аз. Ылғи ересектер. Кейде үш бригаданың үшеуі де шақыртумен кетіп қалып жатады. Сол кездебөлімде жалғыз өзім қаламын,-деп А.Ақболтаева ағынан жарылды.

Тыныштық. талай дерттің бетін қайтарған жеделжәрдемдіктер тоңа бастады. Үлкен шаруаны тындырғаны жүздерінен байқалады. Күрес. Дертпен күрес. Бұл ақхалаттылардың күнделікті тірлігі. Тынымсыз тіршілікте бұл кісілердей жанталаса жүріп жұмыс істейтіндер аз. Уақытпен санаспай, түн-күн демей өңір халқының саулығы үшін күресіп келеді. Былайғы жұрт жеделжәрдемдіктерге сын айтқыш. Сынды айту оңай, ал тірлік ету бір бөлек. Дерт атаулы тыншыған уақытта жедел-жәрдем қызметі туралы әңгіме тарқатыла бастады. Алдымен жүргізушілер назын жеткізді.

- Тұрғындар бізді кешігіп барады деп жатады көбіне. Біз кешікпейміз. Себебі бізді телефон арқылы, GPS арқылы қай жерде бара жатқанымызды, қай кезде шыққанымызды облыстан бақылап отырады. Кейде кешігетін жайттар болады. Көшені тапқанмен үйді таппай әлекке түсеміз. Нөмірсіз үйлер көп. «Пәленшенің» үйінің жанында дейді. Жобалап барамыз, әйтеуір. «Жастар» көшесі, «Мөлтек», «Жол бойы» көшелеріне барсаңыз, шақырту түскен үйді табу аса қиын... Болмаған соң «есіктің алдына шығып тұрыңызшы» деп өтініш айтамыз. Осы жайға мән берілсе дейміз.Тағы айта кетері, темір жолды кесіп өтетін шойын жолдың үстінен көпір салынса. Біз күткенмен, науқас күтпейді. Кейде бір пойыз, кейде бірнеше пойыз өткенде ғана ұзақ кідіруге тура келеді. Әйтпесе, көлігіміз бен өзіміз шақыртуға дайын тұрамыз ғой»,-деді жедел- жәрдем жүргізушілері.

Иә, не нәрсені көзбен көрмей, тон пішуге болмайтынын тағы да білгендейміз.Уақытпен санаспай жұмыс істейтін ақхалаттылардың жанында жүріп, біраз жағдайға да қанық болдық. Жедел жәрдемшілер шынында да жан арашашысы екен.

Арайлым АБАЙҚЫЗЫ.

https://qarmaqshy-tany.kz/kogam/970-allo-bl-103-pa.html

КӨЗ АУРУЫНА «КӨЗ ЖҰМЫП» ҚАРАМАЙЫҚ

 

Әлемде көз ауруы ушығып тұр. Әрбір үшінші адам көру мүмкіндігінен айырлуға шақ тұр. Бұрын көз ауруы деген бірен-саран болмаса, кездесе бермейтін. Тіпті, көзілдірік тағатындар сирек соншалық оларға тоқырқай қарайтынбыз.

Елімізде де көзілдірік киетіндер қатары көбейіп келе жатқанға ұқсайды. Шамамен, Қазақстандықтардың 32,3%-ның көзінде ақау бар. Ғалымдар әлі де болса көз ауруына себеп-салдары анықтай алмай отыр. Бірі-қазіргі замандағы сымсыз құрылғылардың әсері десе, енді бірі, елдегі экологиялық жағдайдың салдарынан көреді.

Көзілдірік тағу бір кездері қиямет секілді көрінгенмен, бүгінде екінің бірі көзілдірікке тәуелді бола бастады. Алаңдатыны, тіпті, жастарды айтпағанда мектеп табалдырығын кеше ғана аттаған бүлдіршіндердің көзілдірік тағып, асыр салып ойнап жүргенін жиі көреміз. Бұрынғыдай, көзілдірік таққандарды мазақтап, келеке етіп жатқан да ешкім жоқ. Бұл жайға да көзіміз әбден үйренген сыңайлы. Әрине, техниканың мысы басып тұрған заманда көзге көңіл бөлмей, дертке қалай кез болғаныңды білмей қаласың. Ата-ана өзінің құлағы тыныштығын ойлап, баланың көк жәшік алдында телміріп отыруына, компьютерде ойын ойнауына, ұялы телефон мен планшеттерде сағаттап отыруына жол береді. Күні-түні телефонға, теледидарға шұқшиып отыратын баланың көзі тек жақыннан көруге ғана қалыптасады. Себебі жақыннан көріп үйреніп қалған көз алыстағыны көруге «ерінетін» көрінеді. Бұл ауруды ғылыми тілде-миопия деп атайды. Атаулы дерт қазірдің өзінде балалар арасында дендеп келе жатқан көрінеді. Ата-аналардың қателігі де сол баланың көз ауруларын мектеп жасына жеткен соң ғана анықтауға болады деп ойлайды екен. Сол үшінде балаларды ай сайынғы тексерістен уақытында өтіп, денсаулыққа бей-жай қарамауға мамандар кеңес береді.

Осы мәселеге тұздық ретінде ауданымыздағы мамандардың пікірін білуді жөн көрдік. –

-Ауданымызда туа бітті көзі көрми қалған балалар жоқ. Мұндай жағдаймен Төретам кентінде 6 бала тіркелген. Бұл экологияның әсері шығар деп ойлаймын. Негізінен ондай балалар мерзімінен бұрын дүниеге келіп жатады. Әкесі немесе анасы көзілдірік тағатын болса, міндетті түрде бұл бала да көзілдірік киеді деген сөз. Себебі қай ауру да тұқым қуалайтын ауру түрі. Кейде жүре пайда болып та жатады, кейбірі жанарларынан абайсызда айырылып қалады. Мысалы, тас тиген, отшашу, жебе т.б. Егер осындай жағдайлар болып, ертерек қамданса мүлдем көрмей қалудың алдын алуға болады. Себебі мұндай көз дерті жазылады, ал туа бітті көрмей қалған балалардың жазылуы сирек кездеседі.Бір жағынан, дамыған заманда компьютерсіз, телефонсыз жүре алмаймыз. Күндіз-түні соған байлаулымыз. Кейбір оқушылар көзілдірік кигісі жоқ, кейде ата-аналардың қалтасы көтермей дерті одан сайын асқындырып алып жатады. Көзге кішкене демалыс жариялап тұру керек. Күніне 15 минуттан артық экран алдында отырмағанымыз жөн және көзімізге арнайы гимнастикалар жасап тұру керек- дейді аудандық емхананың балалар офтальмологі Зағипа Көпбергенова.

-Біздің мектепте көзілдірік тағатын оқушылар бар. Бірақ саусақпен санарлық қана. Тұқым қуалайтын болғаннан кейін, әкесінен не анасынан берілген болуы керек. Кейбір оқушылар көзілдірік тағуға қысылып, ұялып, басқа оқушылардан оқшауланып өзімен-өзі жүреді. Ондай жағдайды болдырмас үшін, мектепте әрбір сыныпқа алдын ала түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. «Екі көзің -шырағың» деп тегін айтылмаса керек, сондықтан көзімізді барынша сақтағанымыз абзал- дейді №183 орта мектептің психологі Г.Нұрланқызы.

-«Бала-болашағымыз. «Баламыз көштен қалмасын, қатарынан кем болмасын» деген желеумен қолына арзаны бар, қымбаты бар, әлімізге қарай ұялы телефон ұстатып қойдық. Мектептен «Ұялы телефон ұстауға болмайды» деген ескертпеге, «баламыздың қайда жүргенін, не істеп жүргенін біліп отыруымыз керек» деген сылтау дайын тұр. Бала ұялы телефоннан не көріп жүр, кіммен не туралы сөйлесіп жүр, оған аса мән бермейміз. Балаларымыз өз денсаулығын көз алдымызда құртып жатқанын білсек те, түк етпейміз.Қазіргі кезде тайға таңба басқандай көрініп тұрғаны – оқушылар арасында көздің көруінің нашарлап бара жатқандығы. Көзілдірік киіп жүрген баланың саны жыл сайын артып келеді. Бұл қолдан жасалған кемшіліктеріміз десе де болады.

Жанардан айрылу-күллі дүниенің қызығынан айрылу. Сондықтан көзге күтім жасаңыз. Балалардың жанарын сақтаңыз.

Арайлым Абайқызы

https://qarmaqshy-tany.kz/kogam/789-kz-auruyna-kz-zhmyp-aramayy.html

ҚЫЗЫЛОРДАДА ОНКОЛОГИЯЛЫҚ БӨЛІМШЕСІ БАР КӨПСАЛАЛЫ АУРУХАНА САЛЫНАДЫ

Алдағы 2 жылда тағы 8 нысанның құрылысы жүреді. Бұл туралы Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев халықпен есепті кездесуінде мәлімдеді.

«2017 жылы денсаулық сақтау саласындағы апатты нысандардың мәселесін шешу және олардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға басымдық берілді. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде авариялық нысандар проблемасы шешіліп жатыр. 5 жылда салынған 57 нысанның 49-ы апатты объектілердің орнына бой көтеріп, жаңаланды. Қалған 8 нысанның құрылысын алдағы 2 жылда бітіреміз деп жоспарлап отырмыз. Өткен жылы Қазалы ауданы Әйтеке би кентінен 150 орындық аудандық аурухана пайдалануға берілді. Биыл Арал ауданында 150 орындық орталық аурухана ашылады. Келер жылы Шиелідегі аудандық аурухананың құрылысын тәмамдаймыз. Сондай-ақ, Жаңақорған ауданындағы 250 келушіге арналған емхананы салып бітіреміз»,-деп атап өтті аймақ басшысы.

2018 жылы мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында Арал ауданының Беубауыл, Қазалы ауданының Өркендеу, Сырдария ауданының Ақжарма ауылдарында дәрігерлік амбулаториялардың құрылысын бастау көзделіп отыр. Сонымен қатар, Қазалы ауданында 250 орындық емхананың жобасы әзірленеді. Қызылорда қаласында 100 келушіге арналған 300 орындық емханасы мен онкологиялық бөлімшесі бар көпсалалы аурухананың іргесі қаланады.

«Сондай-ақ, биыл Жалағаш кентіндегі апатты жағдайдағы 100 орындық аурухананың жобасын әзірлеу жұмыстарын аяқтап, жыл соңына дейін құрылысын бастап кетуге күш саламыз. Денсаулық сақтау саласындағы тағы 24 жобаны мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында жүзеге асырамыз, яғни 15 дәрігерлік амбулатория, 3 емхананың жобалық құжаттарын дайындап, құрылысына кірісеміз. Медициналық қондырғы алу мақсатында 6 жобаны іске асырамыз», - деді облыс әкімі.

Айта кетейік, биыл аймақтағы денсаулық сақтау мекемелерінің медициналық қондырғымен қамтылу көрсеткішін 90%-ға жеткізу жоспарланып отыр. 2015 жылы бұл көрсеткіш 43% болса, 2017 жылы 76,5%-ға жетті.

https://aqmeshit-aptalygy.kz/zanalyk/2425-yzylordada-onkologiyaly-blmshes-bar-kpsalaly-auruhana-salynady.html

БАЛАЛАР ХИРУРГІ

Балалар дәрігері мамандығын таңдауға екінің бірінің батылы бара бермейді. Өйткені, тілі шықпаған, қай жерінің ауыратынын айта алмайтын бүлдіршінді емдеу қиынның-қиыны. Оған сезімталдық пен үлкен жауапкершілік қажет-ақ.

Облыстық балалар ауруханасында дәрігер-хирург қызметін атқаратын Болат Маханбетияров жарық дүние есігін енді ашқан шақалақтарға ота жасайды. Әрине, дүниеге дімкәс күйде келген сәбиді емдеу, оны аман алып қалу – ақ халатты абзал жанға артылған жауапкершілік. Сондықтан олар науқас балаға қайта өмір сыйлау үшін күреседі.

Біздің кейіпкеріміз – Болат Үмбетиярұлы 1984 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келді. Титов қыстағындағы №173 Ә.Молдағұлова атындағы орта мектепті бітіргеннен кейін М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетіне оқуға түсіп, педиатрия мамандығын алып шықты. Ақтөбе облысының балалар ауруханасында балалар хирургиясы бойынша интернатураны тәмәмдағаннан соң, туған топыраққа қадам басты. Облыстық медицина орталығына қызметке орналасты. Алғаш еңбек жолын балалар хирургі болып бастаған ол 2009 жылдан бері бөлім меңгерушісімен бірігіп, дүниеге келген нәрестелердегі ақауларға ота жасауға қатысты.

Ал, 2011 жылы Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы В.А.Алмазов атындағы ұлттық медициналық зерттеу орталығында неонаталді хирургия бойынша білімін жетілдірді. Өз қызметіне қайта келгеннен кейін науқастың ата-анасына кеңес беріп, жеңіл, алғашқы кезеңдегі оталарды өзі істей бастады. 2016 жылы ресейлік аталған орталыққа қайта оқуға барып келді. Сол кезден бері аурудың барлық түріне отаны жеке жасау мүмкіндігі туды. Осылайша ол аймақтағы мықты неонаталді хирургтардың біріне айналды. Бүгінге дейін өңеш атрезиясы, асқазан-ішек жолдарының даму ақаулары мен диафрагмальды жарықтар дерттері анықталған сәбилерге ота жасады.

Ол бала күнінен адам жанына араша болғысы келетін еді. Арманы алдаған жоқ. Оның ендігі мақсаты – антына адал мықты дәрігер болу. Сондай-ақ, туа бітті ақаулары бар сәбилердің болашағына жарқын жол ашып, қайта жарық сәуле сыйлау – негізгі міндеті.

– Соңғы жылдары науқас нәрестелер қатары артты. Оны көбінесеэкологияның салдарынан туындап отырған мәселе деп қараймыз. Алайда, оған күнделікті тұтынатын тағамдардың құнарсыздығы да тікелей әсер етуде. Сондай-ақ, ересек адамдардың уақытылы дәрігерге көрінбеуі, ішімдік ішіп, темекі тартуы өз зиянын тигізіп отыр. Осыдан кейін ауру бала дүниеге келуде. Сондықтан болашақ ата-ана баланы жоспарламай тұрып, алдын-ала өз денсаулықтарын тексеруден өткізіп алғандары жөн. Айта кету керек, қазір физикалық қимыл-қозғалыс та өте аз. Оның үстіне соңғы жылдары адамдардың басым көпшілігі, әсіресе, жастар тез әрі дәмді дайындалатын фаст-фуд тағамдарына үйреніп алды. Қазір газды сусындарды да көп қолданамыз. Сондай-ақ, уақытылы ұйқыны да ұмыттық. Қарап отырсаңыз, кейбір адамдар үнемі күйзелісте, ашуланып жүреді. Міне, осының бәрі денсаулыққа кері әсерін береді. Әсіресе, мұндай жағдай іштегі шарананың жетілуін бөгейді. Сөйтіп, аз салмақтағы бала дүниеге келеді. Айта кететін тағы бір жайт, жүкті әйелдің мерзімінен бұрын босануы өзекті мәселеге айналып отыр. Осының салдары аш және тоқ ішектің шіруіне әкеп соқтыруда. Бүгінде бұл жағдай тек бізді емес, әлемдік деңгейдегі мамандарды да алаңдатуда. Өйткені, ол – күрделі ақаудың бірі, – деді кейіпкеріміз.

Расында, біз өз денсаулығымызға салғырт қараймыз. Мәселен, жүктілік кезінде басым көпшілігі тұмау болса да, дәрігерге қаралмай, үй жағдайында емделеді. Бірақ, саналы дені сау ұрпақты өмірге әкелуді барлық ана қалайды. Алайда, ол үшін ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеген жөн секілді.

Осы салада 10 жылға жуық жемісті еңбек етіп жүрген дәрігердің жеткен жетістіктері де аз емес. Бастысы көптеген ата-ананың алғысына бөленді. Республикалық, облыстық, қалалық деңгейде түрлі марапаттарға ие болды. Атап айтсақ, балалар ауруханасының басшылығы «Жыл дәрігері» номинациясын табыстады. Сондай-ақ, облыстық медициналық орталықтың директоры С.Пазыловтың алғыс хатына ие болды.

Кейіпкеріміздің жары да осы саланың маманы. Ақ халатты абзал жандардан құралған отбасы бүгінде үш баланы тәрбиелеуде.

 

Ақмарал ОЛЖАБАЕВА.

https://aqmeshit-aptalygy.kz/zanalyk/2393-balalar-hirurg.html

ЕКІ КӨЗІҢ – ШЫРАҒЫҢ...

Адамның ең нәзік бөлшегі – көз. Көру арқылы біз қоршаған ортаны тани отырып, ақпаратты көріп, оны ұғына аламыз. Қарап отырсаңыз, соңғы жылдары көзілдірік кигендердің саны артқан. Тіпті, олардың саны жылдан-жылға өсіп бара жатқаны ойлантады. Оның ішінде жастар жағы көзілдірік киюге намыстанып, линза тағады. Алайда, оны дұрыс қолданбау ертеңгі күнге қауіп төндіреді. Себебі, линза көзге ауаның баруын тежейтін көрінеді.

XXI ғасыр – техниканың дамыған заманы, бұл кезеңде көзге көңіл бөлмесек дертке қалай шалдыққаныңды білмей қаласың. Қазіргі кезде адамдарда қозғалыс аз. Қыс түгілі жаймашуақ жаздың өзінде далада бұрынғыдай асыр салып ойнап жүрген баланы көрмейміз. Өйткені, олар оның орнын компьютер мен ұялы телефондағы ойындарға алмастырды. Бұл дегеніміз –көздің шаршап түрлі аурулардың пайда болуына әкеп соғады.

Бүгінде офтальмолог мамандарды оқушылардың арасындағы миопия дертінің көбею мәселесі толғандыруда. Миопия – жақыннан көргіштік дерті. Мұндайда адамның алыстан көру қабілеті нашарлайды. Бұл ауру көбінесе мектеп жасындағы балаларда пайда болады екен. Себебі, компьютерлік ойындар, ұялы телефонды шамадан тыс пайдалану, теледидар көргенде арақашықтық сақтамай ұзақ отыру салдарынан туындайды. Сондықтан әрбір адам жас ерекшелігіне қарамастан жылына бір рет көз дәрігеріне тексерілгені абзал.

Облыстық медицина орталығында офтальмохирургия орталығы жұмыс істейді. Онда барлығы 6 дәрігер, 16 медбике қызмет етуде. Аталған бөлімде өткен жылдың қорытындысы бойынша 2825 науқас емделіп шыққан. Мамандардың айтуынша, оның ішінде 2099 науқасқа ота жасалған. Алайда, бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 358 науқасқа азайды. Орталық соңғы үлгідегі диагностикалық және офтальмологиялық емдеу аппараттарымен жабдықталған. Атап айтқанда, хирургиялық лазер, офтальмологиялық микроскоптар, факоэмульсификатор инфинити, контактасыз офтальмотонометр тағы осы секілді құрылғылар бар. Мұнда емделушілер күндізгі және ақылы негізде, сондай-ақ портал бойынша ем қабылдайды. Соның нәтижесінде аймақтан сыртқа емделуге кеткен науқастар саны 4 есеге төмендеді. Айта кету керек, басқа өңірден осы орталыққа 21 науқас емделуге келді.

– Қазіргі кезде глаукома (су қараңғы) мен катаракта (көз ішіндегі бұршақтың қартаюы) ауруы кең белең алуда. Глаукома ауруы тұқым қуалайды. Бұл дерт адамның көру қабілетін төмендетіп, уақытысында емделмесе соқырлыққа алып келеді. Бір өкініштісі, науқастар ауруы асқынып, көзінің көру қабілеті төмендегенде ғана тексерілуге келеді. Осындайда «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген тәмсіл еске түседі. Бұл дерттің алғашқы белгілері бірден байқалмауы мүмкін. Сондықтан әрбір адам біздің орталыққа келіп, қаралғаны жөн, – дейді облыстық медицина орталығы көз аурулар бөлімшесінің меңгерушісі Сәкен Бабаомарұлы.

Оның айтуынша, ұзақ уақыт қызмет істесе көздің қызаруы, бұлдырлауы секілді ауру белгілері біліне бастайды екен. Жолда немесе көлікте отырғанда қалтафонды қарау немесе кітап оқу секілді әрекеттер ауруды одан әрмен асқындырады. Көз шаршағанда адамдар оны уқалауды әдетке айналдырған. Алайда, қолда бактериялар көп болғандықтан көзге қол тигізу ауруды одан әрі асқындырады.

Қазіргі кезде ата-аналар жан тыныштығы үшін балаларына ұялы телефондарын береді. Тіпті, бесіктегі сәбидің өзі әуен тыңдамаса ұйықтамайтын жағдайға жетті. Десе де, ондағы балаға берілетін жағымсыз энергияны ескеріп отырған ешкім жоқ. Бірақ, баламыздың ақыл-есі дұрыс, он екі мүшесі аман болсын десек, жаман әдеттерден аулақ ұстағаныңыз абзал.

Фариза МАДИЯРОВА,

ҚМУ-дің IV курс студенті.

https://aqmeshit-aptalygy.kz/zanalyk/2359-ek-kz-shyray.html


Қазақстан - Қызылорда

 

Аймақ дамуындағы айшықты оқиғалар... 2017 жылдың қорытындысы