Ауа райы
Мерекелер

Қазақстан - Қызылорда

 

Аймақ дамуындағы айшықты оқиғалар... 2017 жылдың қорытындысы


ДЕРТКЕ ДӘРУ ІЗДЕГЕН

Соңғы жылдары аймақ медицинасына ерекше көңіл бөлініп келеді. Бұл адам денсаулығы – басты назарда деген сөз. Расында, аталған салада жыл сайын қарқынды істер көбейіп, қолжетімділік артты. Оның ішінде соңғы үлгідегі заманауи қондырғыларды ерекше айтуға болады. Нәтижесінде ақ халатты абзал жандар әрбір науқасқа әлем елдерімен терезесі тең дәрежеде көмек көрсетуде.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы осы орайда БАҚ өкілдеріне баспасөз турын ұйымдастырды. Ондағы басты мақсат – емдеу мекемесіндегі құрал-жабдықтардың сапасы мен қолжетімділігі туралы.

Ең алғашқы нысан – облыстық медицина орталығы. Ондағы кардиология бөліміне 2009 жылы алынған ангиограф құрылғысының мүмкіндігі таныстырылды. Сыр өңірі жұршылығына арналған қондырғы қаншама адамның өміріне араша түсуде. Бүгінге дейін онда 5000-нан астам коронографиямен басқа да зерттеулер жүргізіліп, ота жасалды. Өкініштісі, соңғы кезде науқастардың барлығына бірдей көмек көрсету мүмкін болмауда. Өйткені, жүктеменің көптігінен құрылғының жалғыз өзінің шамасы келмейді. Ал, мамандардың айтуынша, біздің облысқа мұндай құрылғының 3-і қажет. Емдеу мекемесі жанынан 2012 жылы нейроинсульт орталығы ашылды. Содан бері оны нейрохирургиялық ота жасау кезінде кеңінен қолдануда.

Жанына шипа іздеген әрбір жанға жылы сөздің өзі үлкен ем. Дегенмен, инфаркт, инсульт алған науқастарға жедел көмек көрсетілуі керек. Мұндай кезде әрбір минуттың өзі үлкен маңызға ие. Сол үшін дәрігерлер «алтын сағат» қағидасын ұстанады. Алайда, шалғай орналасқан Арал, Қазалы, Қармақшы аудандарының тұрғындары бұл мүмкіндікті пайдалана алмауда. Себебі, ауруды облыс орталығына жеткізу үшін қаншама уақыт кетеді. Осыған орай сала мамандары осы жаққа да ангиограф қондырғысының қажет екенін айтады.

Баспасөз туры барысында журналистерге бұл құрылғының көмегімен жасалған отаны экран арқылы көруге мүмкіндік туды. Жетпіс екі жастағы науқас Арал ауданының тұрғыны. Ол кісі жүректің ишемиялық ауруымен сырқаттанған. Дәрігерлер жарты сағаттың ішінде бітелген тамырды қайта қалпына келтірді. Осылайша аталған қондырғының арқасында ота сәтті аяқталды. Енді емделушінің өміріне қауіп жоқ. Мамандардың айтуынша, бір-екі күнде аяғынан тік тұрып кетеді.

– Қазіргі кезде облыстық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында біршама жұмыстар атқарылуда. Мәселен, бұл саланы халықаралық стандарттарға сәйкестендіру мақсатында – 2020 жылға дейін 5,9 млрд. теңгеге кезең-кезеңімен қымбат тұратын, аса қажетті құрал-жабдықтарды сатып алу жобасы жасалды. Оған алдағы уақытта медицина саласындағы сұранысқа ие барлық құрылғылар алынады деп жоспарлануда. Атап айтсақ, МРТ (магнитті резонансты томоргаф), КТ (компьютері томоргаф), ангиограф, маммограф, террогамм және осы секілді сапалы қондырғыларды әкелу көзделуде, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Баян Боранбаева.

Содан соң, былтыр қолданысқа берілген қант диабеті орталығына бас сұқтық. Соңғы жылдары өңірде осы дертке шалдыққандар саны артып келеді. Мәселен, біздің өңірдің өзінде тоғыз мыңнан астам ауру тіркеуде тұр. Олардың саны жыл сайын 1000-1200 адамға толығып отыр. Аталған бөлім меңгерушісі Елена Цхайдың айтуынша, бұл еліміз бойынша төртінші орталық. Науқастарға жүйелі көмек көрсету мақсатында – инсулинді помпа, денсинтометр секілді замануи құралдар пайдалануда. Олар емделушінің жағдайын бақылап, бірқалыпты ұстайды.

Осылайша аймақ медицинасының адымын барлап, емдеу мекемелерінің жеткен жетістігін көзбен көріп, соңғы үлгідегі заманауи құрылғылардың оң нәтижесіне куә болып қайттық. Сондықтан бұл салаға қандай құрал-жабдықтар алынса да артықтық етпейді. Өйткені, қай кезде де адам денсаулығы назардан тыс қалмайды.

Ақмарал ОЛЖАБАЕВА

https://aqmeshit-aptalygy.kz/zanalyk/2356-dertke-dru-zdegen.html