Ауа райы
Мерекелер

АРАЛДЫҚТАР ТАҒЫ БІР МЕДИЦИНАЛЫҚ БЕКЕТТІ ІСКЕ ҚОСТЫ

Баршамыз үшін ең қастерлі – Тәуелсіздік күнін мерекелеуді Арал ауданы бастап кетті. Айтулы мереке қарсаңында Арал ауданына қарасты, шалғайда орналасқан Ақбасты елді мекенінде жаңа медициналық бекеттің ғимараты ел игілігіне берілді.

Бұл жаңалық, әсіресе, ауыл тұрғындарын үлкен шаттыққа бөледі. Себебі, аудан орталығынан біршама шалғай орын тепкен Ақбасты жұртшылығына бұл нысан ауадай қажет екені айтпаса да түсінікті. Басы ауырып, балтыры сыздаған жандар бұған дейін алғашқы ем-шараларды алу үшін аудан орталығына жүгінген болса, бұл мәселе енді талапқа сай медициналық бекетте шешімін таппақшы. Әрі тұрғындардың уақытын тиімді пайдалануға да ықпалы зор.

Жаңа әлеуметтік нысанның ашылу салтанатына аудан әкімі Мұхтар Оразбаев қатысып, жергілікті жұртшылықты қос қуанышпен құттықтады. Өз сөзінде аудан басшысы жекеменшік мемлекеттік әріптестік аясында салынған үш медициналық бекеттер тікелей аймақ басшысының қолдауымен жүзеге асып жатқанын жеткізді. Мұнан соң, сөз тізгінін ауыл ардагері Сәуірхан Смағұлов алып, ауыл тұрғындары атынан жылы лебізін жолдап, жалпы жасалып жатқан қолдауларға риза екендіктерін жеткізіп, батасын берді.

Еске сала кетейік, ауданда 1-желтоқсан Тұңғыш Президент күні қарсаңында дәл осындай екі бекет іске қосылған болатын.

Сая ЕРАЛИЕВА.

https://tolqyn.kz/zanalyk/60-araldytar-tay-br-medicinaly-bekett-ske-osty.html

ҚЫЗЫЛОРДАДА 400 ОРЫНДЫҚ ЕМХАНА АШЫЛДЫ


Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына орай Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Қызылордада мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында салынған 400 орындық емхана пайдалануға берілді.

Бұл мемлекеттік-жекеменшік әріптестік нәтижесінде жүзеге асқан республикадағы алғашқы жоба.

Емхананың ашылу салтанатында Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев тұрғындарды мерекемен және жаңа нысанның ашылуымен құттықтады.

– Соңғы екі жылда аймақтағы медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасы нығайды. Облыстың барлық аудандарында 250 келушіге арналған емханалар мен 11 медициналық бекет салынған. Екі жылда медициналық жабдықтар сатып алу үшін 3,1 млрд. теңге бөлінді, оның ішінде ана мен баланың денсаулығын нығайтуға арналған заманауи жабдықтар сатып алынды. Мәселен, ота жасауға арналған құны 600 миллион теңгеден асатын мобильдік қондырғы әлемдегі клиникалардың кез-келгенімен байланысуға мүмкіндік береді. Мұндай қондырғы республикадағы 5 клиникада ғана бар, - деді облыс басшысы.

Емхана ашылуына ҚР денсаулық сақтау министрлігінің вице-министрі Алексей Цой қатысты.

– Елбасы «Ұлт жоспарында» көрсеткен 100 нақты қадамының бірі – жекеменшік медицина саласын дамыту. Қазіргі таңда елімізде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 110 жоба, оның ішінде 3 республикалық және 107 жергілікті жоба жүзеге асырылуда. Жалпыұлттық мереке – Тәуелсіздік күні қарсаңында Қызылордада мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынған емхананың ашылуы, әрине, біз үшін үлкен қуаныш, - деді А.Цой.

Жаңа клиника облыс орталығының 46 мың тұрғынына қызмет көрсететін болады. Ғимаратта балалар мен ересектерге арналған бөлімдер, функционалды диагностикалық бөлім, зертхана, 10 төсектік күндізгі стационар және қосалқы бөлмелер бар. Нысан «ALEXEY SULTAN AKHMED» ЖШС жеке инвестор және кепілдендірілген тегін медициналық көмекке тапсырыс аясында бюджет қаржылары есебінен салынды.

Сондай-ақ, аз күнде Жаңақорған және Қазалы аудандарының орталық ауруханалары пайдалануға беріледі.

ҚЫЗЫЛОРДАДА 400 ОРЫНДЫҚ ЕМХАНА АШЫЛДЫ
ҚЫЗЫЛОРДАДА 400 ОРЫНДЫҚ ЕМХАНА АШЫЛДЫ

https://syr-media.kz/news/1153-yzylordada-400-oryndy-emhana-ashyldy.html