Ауа райы
Мерекелер

Орта медициналық білім берудегі дуалдық жүйені енгізудің кейбір мәселелеріГулсара Хамарқызы ЖАКИПОВА,

Қызылорда медициналық колледжі,

мейірбикелік ісі бойынша мұғалім

 

Бүгінгі таңда әлемде кәсіби мамандарды дайындау ісінде дуалдық білім беру жүйесіне жете көңіл бөлінеді. Маман дайындаудың мұндай жаңа үлгісі орта медициналық білім беруде де аса қажет. Өйткені денсаулық сақтау саласына арнап орта медициналық білімді мамандарды дайындау кезінде көбіне медициналық колледжде студенттің алатын теориясы мен практикасында алшақтық болатыны баршаға мәлім. Мұндай кемшілік оқу процесінде теориялық және практикалық дайындықты үйлестіретін дуалдық білім жүйесінде жоқ. Сол себепті ол дамыған елдерде кәсіби даярлықтың ең ықпалды формасы ретінде кең тараған.

Дуалдық білім беру бұл жүйеге қызығушылық танытатын барлық тұстардың – емдеу-профилактикалық мекемелердің (ЕПМ), болашақ медицина мамандарының және мемлекеттің талаптарына лайықты жауап бере алады.

Бұл жүйе өңірлік еңбек нарығында медициналық мекемелердің ағымдағы және келешектегі сұраныстарын қанағаттандыруға, сондай–ақ медициналық колледж бен облыс ЕПМ–нің әлеуметтік серіктестігі мен өзара ықпал ету механизмдерін дамытуға ерік береді.

Болашақ медицина мамандарын практикалық тұрғыда дайындаудың рөлін арттыру нәтижесінде олардың өндірістік машықтары колледждегі оқу сатысында–ақ қалыптаса бастайды. Бұған оқу процесінің практикалық құрамдас бөлігін көбейту және кейбір маңызды сабақтарды жұмыс орнында өткізу жолымен қол жетеді.

Кәсіби білім беруді ұйымдастырудағы оқу процесіне оқытудың жаңа технологиясын ендіру дуалдық білім беру жүйесінің басты мақсаттарының бірі.

Дуалдық білім беру бағдарламаларының негізгі артықшылықтары ретінде жоғары білікті орта медицина мамандарын дайындау ықпалдылығын арттырудың қосымша мүмкіндігін, студенттің барынша кең дамуына ықпал етуін, жас мамандардың әлеуметтенудің жаңа сатысынан өтуін, яғни олардың «шынайы өмір» жағдайында әрекет ету қабілетін шыңдауын, бұл жүйемен дайындалған медицина мамандарының денсаулық сақтау мекемелеріне бірден сіңісіп кету мүмкіндігін, демек оларға кәсіби бейімделудің (адаптацияланудың) қажет болмауын ерекше атап өтуге болады.

Теориялық және практикалық оқыту медициналық колледжде, медициналық мекемеде және сол ЕПМ жанындағы оқу бөлмелерінде өтеді.

Дуалдық білім беру бойынша ұсыныстарда теориялық және практикалық оқыту сағаттарын бөлу – 1/5-тен 1/4-ке дейін, яғни шамамен (20-25)% және (80-75)% болуы тиіс деп есептеледі.

Оқу орнындағы әлеуметтік серіктестік кәсіби білім берудің жүйесін енгізу арқылы жүзеге асуы мүмкін. Мұнда үш жақты келісім-шарт жасалады (оқу орны – ЕПМ - студент).

Медициналық оқу орны (медициналық колледж) әлеуметтік серіктестер (денсаулық сақтау мекемелері) білікті орта медициналық білімді маман иелену үшін икемді модулдық бағдарламаларды құрастыруға қатысады. Білім берудің жаңа стандарттары қазіргі заман мамандарының еңбек нарығында және кәсіби аумақта табысқа жету, мобилділік, адаптивтілік, әлеуметтік қорғалған басты, социалдық және кәсіби қасиеттерді иеленуіне негізделетіні белгілі.

Сондықтан Қызылорда медициналық колледжінде студенттерді оқытудың практикаға бағдарланған жүйесіне жете мән беріледі. Студент колледж қабырғасында жалпы білім пәндерін бойына сіңіреді, мамандығы бойынша тұғырлы білімді, кәсібіне қажет ептіліктер мен машықтарды игереді.

Бұл жағдайда дуалдық жүйені студенттің алған білімінің сапасы тексерілетін, теориялық материал бекітілетін, жаңа практикалық ептіліктер мен машықтар қалыптасатын жаңа өріс деп батыл есептеуге болады. Орта білімді медициналық маман дайындауда ол аса маңызды.

Облыс денсаулық сақтау жүйесіне болашақ маман әзірлеудің дуалдық жүйесінің жалпы мәнінің практикалық бағыттылығын ескере отырып, колледждегі оқу процесінде мүмкіндігінше өндірістік тәжірибенің үлесін барынша арттыруға басты көңіл бөлінеді. Нәтижесінде колледж түлектерінің кәсіби мобилділігі артады.

Орта медициналық білім беруге дуалды жүйені енгізу колледждегі оқу процесін басқаша ұйымдастыруды талап етеді. Ол үшін оқу жылында теориялық дайындық пен өндірістік практиканы ЕПМ-дерде өткізу жетекші орын иеленуі тиіс.

Медициналық колледж студенттерін практикалық оқыту базалары ретінде Қызылорда қаласындағы 21 және аудан орталықтарының 7 ЕПМ таңдалған. Колледж әкімшілігі бұл медициналық мекемелермен белгілі бір үлгідегі келісім-шарт жасасып, онда көшпелі өндірістік практиканы ұйымдастыру, колледж түлектерін болашақта жұмысқа алу, оқу бөлмелерін бөлу, емхана мен аурухана жетекші мамандарын студенттерді оқытуға, тәжірибелі мамандарды тәлімгерлікке тарту және т.б. баптар қамтылған.

Колледжді бітіру қарсаңында облыс және аудан ЕПМ басшыларын колледжге арнайы шақырып үздік оқушыларды таныстыру, олардың алдағы кезде еңбекке араласуына ықпал ету үрдісі жылма-жыл жалғасып келеді. Мұнда оқу озаттарына, тұрмысы төмен отбасылардан шыққан студенттерге және балалар үйінің тәрбиеленушілеріне айрықша көңіл бөлініп, олардың жұмысқа орналасуына ерекше жағдай жасалады.

Кестеде колледж түлектерінің соңғы үш жылда жұмысқа орналасу деректері келтірілген.

Орта медициналық білім берудегі дуалдық жүйені енгізудің кейбір мәселелері

 

 

 

Сондай-ақ колледж қабырғасында өткізілетін «Үздік фельдшер», «Үздік акушерка», «Үздік мейірбике», «Үздік фармацевт» байқауларын колледжішілік өткізудің берері мол. Ол студенттердің өз оқу орнында игерген білім деңгейін нақтылауға, болашақ мамандығына деген қызығушылығының артуына, тәжірибелік ептіліктерін, машықтарын айқындауға және бұл байқауға арнайы шақырылған ЕПМ басшыларының назарына түсуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар колледж бітірушілеріне өндірістік практикадан соң «Менің болашақ жұмыс орным» тақырыбында эссе жазғызу да олардың болашақ мамандығының қыр-сырларын ашуға, ізденіске жетелеуге септігі тиеді.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев өзінің «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламасында: «Төртіншіден, дуальды кәсіби білім беруді дамыту маңызды. Жаппай мамандықтар кадр­лары­ның жетіспеушілігін еңсеруге мүмкіндік беретін осы заманғықолданбалы біліктілік орталықтарықажет» деген болатын. Қызылорда медициналық колледжі студенттерге берілетін білім сапасын арттыруда және олардың сұранысқа ие маман болуында Елбасының осы нұсқауын әрдайым ұстанып келеді.

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

1. А.А. Аканов, А.Д. Дуйсекеев, А.В. Балмуханова, Т.С. Мейманалиев,

З.Б. Исина, Г.Е. Суйеова, А.К. Мусина, Н.Бухарбаев, «Дуальная форма медицинского образования как продукт социального партнерства», журнал «Вестник КазНМУ», 2013

2. С.Б.Кузембаев , М.К.Альжанов , Д.Д.Нурмагамбетов , Ж.Н.Атамбаев, Г.Т.Аймагамбетова, «Вопросы перехода на дуальное образование»,

«Вестник КарГУ», 2013