Ауа райы
Мерекелер

Госслужба Кызылорда

Опубликовано: 5 апр. 2017 г.

Құрметті достар! Бүгіннен бастап біз мемлекеттік қызмет саласында еңбегі сіңген қызылордалық ардагерлермен болған сұхбаттарды жариялай бастаймыз.

Бүгінгі кейіпкеріміз - дәрігер, бірнеше жыл бойы денсаулық сақтау саласында басшылық қызмет атқарған Тұрғанбай Маханов.


«Халықаралық дәрігерлер ассоциациясы» Сыр өңірінің бірқатар медицина қызметкерін ең үлкен марапатқа лайықты деп таныды. Соның бірі, Шиелі ауданынан Тұрсынай Әбдісадық - «Алтын дәрігер» төс белгісімен марапатталды.

«Қазақстан-Қызылорда» телеарнасы. 19 маусым 2017 жыл.

Дереккөз: http://kyzylordatv.kz/kz/news/society/medicina-kyzmetkerlerinin-tol-merekesi


Денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің төл мерекесі Қармақшы ауданында да аталып өтті. Айтулы күні саланың өрістеуіне сүбелі үлес қосқан бір топ азамат марапат биігінен көрінді.

«Қазақстан-Қызылорда» телеарнасы. 19 маусым 2017 жыл.

Дереккөз: http://kyzylordatv.kz/kz/news/society/sala-mamandary-marapattaldy-1


Бүгінде Сыр медицинасындасоны серпіліс бар. Дәрігерлікемдеу мекемелері заманауи құрал-жабдықтарменжабдықталып, қызмет көрсету сапасы жақсарды. Нәтижесінде, аймақ тұрғындарының өмір сүру ұзақтығы 72 жасқа жетті. Ана өлімі 86 пайызға азайса, сәби өлімі екі жарым есеге төмендеді. Әрине, бұл жетістіктердің артында Гиппократ антынан айнымаған ақ халатты абзал жандар тұр. Медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай еңбегімен ел алғысына бөленген сала үздіктерімарапатталып, құрмет төрінен орын алды.

«Қазақстан-Қызылорда» телеарнасы. 19 маусым 2017 жыл.

Дереккөз: http://kyzylordatv.kz/kz/news/society/ak-halatty-abzal-zhandarga-kurmet

ОРТАҚ МҮДДЕГЕ ЖҰМЫЛҒАН ҰЖЫМ

 

...Тербенбес тауының баурайындағы іргелі кентке жолымыз түскен еді. Негізгі мақсат -жұртшылық арасында жақсы пікір қалыптасқан Сексеуіл кенті ауруханасының жай-күйімен танысу. Бірден сонда тоқтадық... Жатағандау келген ескі ғимарат іші қарбалас. Ақ халат киген медицина қызметкерлері тұрғындарға ем-домдарын жасау үстінде. ... Жалпы, дәрігерлік – жауапты мамандық. Бұл мамандықты таңдағандарға ешқашан қателесуге болмайды. Олар үнемі білімін жетілдіріп, ізденіс үстінде өз саласында ем жүргізудің барлық тәсілдерін жетік меңгеруі тиіс. Осы ретте, жемісті еңбек етіп, халықтың алғысына бөленіп жүрген дәрігер, осы аурухана меңгерушісі Динара Баянбайқызы Битуғанова туралы сөз қозғағанды жөн көрдік. Қызылорда қаласында дүниеге келген Динара Баянбайқызы 2004 жылы облыс орталығындағы қазақ-тү рік лицейін тәмамдайды. Жас түлек Ақтөбедегі М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетіне түсіп, 2010 жылы жалпы тәжірибелі дәрігер мамандығын алды. Елбасы Н.Назарбаевтың «Дипломмен - ауылға» бағдарламасы бойынша Сексеуіл ауылдық емханасында тәжірибе жинақтаған ол, 2015-2016 жылдары күндізгі стационар дәрігері болып жұмыс істеді. Өз ісін жетік меңгерген жас маман Сексеуілдің тумасы Бақдәулет Дербісовпен шаңырақ көтеріп, бүгінде қос перзент тәрбиелеуде. Білікті дәрігер өткен жылдан бастап Сексеуіл ауылдық ауруханасының меңгерушісі қызметіне кіріскен. Бізбен емен-жарқын әңгімелесіп, жұмыс барысы туралы кеңінен мағлұмат берген Динара Битуғанова:

- Өздеріңіз көрген ғимарат 1928 жылы салынған. Осыдан он екі жыл бұрын күрделі жөндеу жүргізіліпті. Облыс әкімінің қолдауымен келешекте жаңадан аурухана салынады деп көзделуде. Жанына шипа іздеген тұрғындар жоспарлы портал арқылы емделіп, құлан- таза айығып шығуда. Сондай-ақ, кентте жыл санап бала туу көрсеткіші еселеніп, өткен жылы 301 алтын құрсақты ана сәбилі болу бақытына кенелсе, ал үстіміздегі жылдың 6 айында 116 бала дүниеге келді. Бұл мемлекетіміздің әлеуметтік мәселелерге айрықша мән беруінің нәтижесі деп білеміз. Қазіргі кезде ана мен бала денсаулығы кент ауруханасындағы ақ халатты абзал жандардың басты қадағалауында, - деді.

Иә, басы ауырып, балтыры сыздағандардың жанынан табылатын кенттегі медицина қызметкерлері жүктелген міндеттерге асқан жауапкершілікпен қарап, Гиппократ антына адалдық танытып келеді. Осынау ортақ мүдде жолында ауруханадағы 2-ші санатты дәрігер-педиатр Гүлсая Сәулебайқызы мен жас маман, дәрігер-терапевт Әйгерім Көшекбаева және аға аяжан Ботакөз Еңсепова мен Әсем Қоңырбаева, Жұмагүл Иманбаева, Гүлнар Сарбаева, Алтынгүл Ибрагимова, Галя Ниязова, Алтынгүл Молмаханова, Гүләйім Аймолдаева, Гүлсім Ибрашева сынды аяжандар абырой биігінен көрінуде. Олар Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауы аясында туындаған денсаулық сақтау жүйесіндегі серпінді бастамаларға нақты іспен үн қосады.

 

А. ҚАРЫМСАҚ.

Сексеуіл кенті.

«Толқын» газеті. 17 маусым 2017 жыл

ҚҰРМЕТКЕ ЛАЙЫҚ

 

Қашанда адам жанына араша түсіп, шықпас жанға себепші болатын дәрігерлер қауымының еңбегі қазіргі қоғамда ұшан-теңіз. Солардың ішінде бала жанының бағбаны болып, абыройлы еңбек ету кім-кімге де оңай тимес. Осы ретте, біз білетін Туби Ибраева есімді аудандық емхананың балалар невропатологы көптің алғысын арқалаған жандар қатарынан. Ол 1958 жылы Арал қаласында дүниеге келген. Талай тұлғаны түлеткен бұл өңірдің киелі топырағы біз білетін Тубиге де бір кісінің бойынан табыларлық білім мен ғылымды, ақыл мен мейірімді дарытып қойған. Біз оның өзіне тән жылы шырай мен жанға жағымды майда сөзінен ерекше бір ілтипаттың лебін сезінгендей боламыз. Дертіне шипа іздеп келгендердің қашанда көңіліне қарай білетін қатардағы маманның аудандағы медицина саласында өзіндік орны ерекше дер едік. Ол соған әбден лайықты. Ісімен де, адамгершілік болмысымен де басқалардан дараланып тұратын ақ халатты жанның еңбек жолы сонау 1985 жылдардан бастау алған. Оған дейін Ақтөбе қаласындағы медициналық инсти тутты бітіріп, Қызылорда қалалық балалар ауруханасында интернатурадан өткен. Бүгінде отыз жылдан астам уақыт бойы бір салада табан аудармастан тер төгіп келе жатқан білікті дәрігердің елге жасайтын қызметіне біздер дән ризамыз. Мейірімге толы мінездің иесі бола білген кейіпкеріміз жыл сайын өтетін атаулы мерекелерде мүгедек балаларға сый-сияпат жасауды да қаперіне алған. Балалар дәрігері біздердің сал ауруына шалдыққан балаларымызды ұдайы қамқорлығына алып келеді. Олардың жүйелі түрде, уақытымен ем алуын қатаң қадағалайтын Туби Бақтыбайқызы - аудандағы жас буынның жақсы ем алып, қатарға қосылуына себепші болған жан. Бүгінде бұл кісіге біздердің айтар алғысымыз шексіз. Отбасын жұмақ мекені санайтын кейіпкеріміз бүгінде ел білетін аяулы жар, өнегелі ана, немерелері үшін сүйікті әже. Біздер осы орайда әйел бақытына тән берекелі өмірдің иесі атанған ақ халатты абзал жанды төл мерекесімен құттықтай отырып, деніне саулық, қызметіне табыс, отбасына ортаймас бақыт тілейміз.

 

Мейрамкүл ҚҰЛМАҒАНБЕТОВА,

қала тұрғыны.

«Толқын» газеті. 17 маусым 2017 жыл

ҚЫРЫҚ ЖЫЛ ЖАНҒА ЖЕЛЕУ БОЛҒАН

 

Кез келген елдің ең басты байлығы - халықтың денсаулығы. Сондықтан, денсаулық сақтау саласының жағдайы қашанда Елбасының ерекше назарында. Халқымыздың «Алғашқы байлық - денсаулық» деген сөзінің өзі осыған кепіл болмақ. Ақ халатты абзал жандардың көмегімен қамқорлықтарының арқасында науқас жандар сырқаттарынан айығып, денсаулықтың қадірін түсініп жатады. Дәрігер науқасқа сырқатының салдарын тауып, оны емдеу жолдарын айқындап берсе, бар мейір, ықыласымен оның әрі қарай емделіп, сауығуына медициналық көмек көрсететін мейірбике қызметінің мәні ерекше. Көпбалалы отбасында дүниеге келіп, еңбек жолын бұдан қырық жылдан астам уақыт бұрын, яғни 1976-1978 жылдары аудандық аурухананың тері аурулар диспансерінде тазалықшы болып бастаған Мария Сейтмамбетова 1978 жылы Түркістан қаласындағы медицина училищесіне түсіп, 1980 жылы медбике ісі мамандығы бойынша тәмамдаған еді. Балалар консультациясында аймақтық медбике болып еңбек еткен жылдары өзіндік тәжірибе жинақтай білді. Жайдары жүзді, ашық жарқын мінезді «Байтұрсынов» ауылдық емханасының мейірбикесі Мария Қадірбергенқызын Арал қаласының үлкен-кішісі түгел таниды десе де болғандай. 1985 жылдан егу кабинетіне ауысқан. Жоғары санатты медицина қызметкері Мария Сейтмамбетова 2000 жылдан емханадағы күндізгі стационар медбикесі болып еңбек етуде. Медбике ісіне кездейсоқ адамдар келмейді деп жатады. Расымен де, бұл сөз бекер айтылмаған тәрізді.

- Жанына дауа табу үшін емхана есігін аттағаннан қобалжулы қалыпта болатын науқастарды жылы шыраймен қарсы алып, көңілін демей білетіндей сөз айту - әрбір медбикенің негізгі міндеті. Бір ауыз сөздің өзі сырқат адамға қаншама күш береді. Емнің нәтижелі болуы да осыдан басталады. Ал, ұзақ жылдар бойы медицина саласында қызмет атқарғанымда қаншама оқиғалар басымнан өтті десеңізші. Уақытпен санаспай еңбек еттік. Қарамағымдағы әрбір көшенің тұрғындары менің ең жақын адамдарыма айналды. Әлі күнге дейін үлкендері ақ батасын беріп, кішілері тұра қалып амандасып жатады. Халықтың алғысы мен ықыласына бөленгеннен артық не бар, - дейді бүгінде жас буынға бай тәжірибесін үйретуден танбай келе жатқан Мария апа.

Ал, «Байтұрсынов» ауылдық емханасының меңгерушісі Гүлжанат Төлепова: «Мария апа -бәріміздің ақылшымыз. Қашан көрсеңіз де сабырлы қалпынан бір танбайды. Емханаға келушілердің көпшілігі бірден оны іздейді. Алпыс жылдан астам уақыт отасып, гауһар тойға жеткен Қадірберген ата мен Фатимадай ананың перзенті Мария апа - аяулы жар, үлгілі отбасының анасы. Еткен еңбегі бағаланып, бірнеше рет аудандық және облыстық денсаулық сақтау басқармасының Құрмет грамоталары мен бағалы сыйлықтарына ие болды. Ұл-қыздары таңдаған мамандықтары бойынша еңбек етуде. Немерелерінің қызығына бөленіп отырған абзал жанның бір салада осыншама жыл абыройлы қызмет атқаруы кім-кімге болса да өнеге» дейді ризашылық пішінде.

... Жұмысқа ертелетіп келуді қырық жыл бойы әдетке айналдырған Мария Сейтмамбетованы бүгін барша әріптестері мерекесімен құттықтап, ақ тілектерін арнауда. Мейірбикенің мейірімге толы жүзі құшағындағы алқызыл гүлдермен бірге алаулауда. Мамандығынан бақытын тапқан жан осындай-ақ болар.

 

Л. ИМАНБАЙҚЫЗЫ.

«Толқын» газеті. 17 маусым 2017 жыл

АҚ ХАЛАТТЫ АБЗАЛ ЖАНДАР

 

«Денсаулық-баға жетпейтін дәулет» дегендей, үнемі адам жанының арашашысы болып, халықтың шексіз алғысына бөленіп жүрген Қамбаш ауылдық дәрігерлік амбулаториясының 1-санатты фельдшері Аманқос Алмашовпен осы мекемеде балалар аяжаны боп жұмыс жасайтын жұбайы Рахия Жайықбаеваның медицина саласында бірге қызмет жасап жүргендеріне 40 жылға жуық уақыт болыпты. Аманқос 1978 жылы Қызылорда медициналық училищесіне түседі. Диплом алғаннан кейін, Мәскеудегі Запорожье қаласында Отан алдындағы әскери борышын абыройлы өтеп қайтады. Алғашқы еңбек жолын Қызылорда қаласының «жедел жәрдем» бөлімінде фельдшерліктен бастаған ол, Қармақшы ауданының қызы Рахия Жайықбаевамен бас қосып, шаңырақ көтереді. Аманқос облыс орталығында жұмыс жасап жүргенде-ақ, ширақтығы мен пысықтығының және ұқыптылығының арқасында жауапты мамандықтың майталманына айнала білді. Күні-түні түсетін шақыртулар бойынша науқас жандарға көмек қолын созып, көпшіліктің алғысына бөлене білді. Ұжым мүшелері арасында да жоғары беделге ие еңбекқор жанды әріптестері сабырлылығы мен салмақтылығы, нағыз ер-азаматқа лайық бір сөйлейтін мәрттігі үшін құрмет тұтты. Қай жерде қызмет жасаса да, өз ісіне адал Аманқостың өмір жолы көпке үлгі.

Олай дейтініміз, ауылдағы мерейлі отбасылардың бірі болып саналатын Алмашовтар әулетінен шыққан білікті маман өзінің тектілік дара болмысымен-ақ өзгелерден оқ бойы озық тұрады. Әрине, мұның бәрі маңдай тердің ащы дәмін татып еңбек етіп, ұл-қыздарын оқытып, құтты орнына қондырған аяулы ана мен абзал әкенің арқасы екені белгілі. Осындай өнегелі жандардың тәрбиесін көріп өскен Аманқос та ертелі-кеш ерінбей ауыл тұрғындарына сапалы қызметін көрсетіп жүр. Үнемі науқастың көңілін көтеріп, өмірге деген құлшынысын арттырып, жанына дауа, тәніне шипа бола білетін фельдшер ауданымыздың денсаулық сақтау саласына қосып жүрген үлесі үшін сала басшылығы тарапынан түрлі марапаттарға ие болды. Мәселен, ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай аудан әкімінің Алғыс хатын иеленуі оның еңбек жылдарының жемісіндей болды. Сонымен қатар, асыл жары Рахия да ауылдағы жаңа туған нәрестелердің екпелерін уақытылы егіп, ұдайы денсаулықтарын бақылап отырады.

- Осы уақытқа дейін қызмет барысында небір сәттерді басымыздан кешірдік. Жаңа туған нәрестелермен жұмыс істейтін болғандықтан, бұл жерде, ең бастысы, ептілік, мейірімділік, жанашырлық қажет. Олардың әрқайсысына күтім жасап, уақытымен емін қабылдатып, аналарға ілтипат көрсетіп, ақыл-кеңес беріп отырамыз. Бұл жұмыстың барлығын дер кезінде және шын ниетіңмен жасауға міндеттісің. Себебі, кіп-кішкентай «періштелер» болашақта еліміздің дамуына сүбелі үлесін қосатын азаматтар емес пе,-деді жұмысы жайында Р.Жайықбаева.

Иә, қашанда жүздерінен мейірім шуағы төгіліп тұ ратын ерлі-зайыпты медицина қызметкерлері - өз мамандықтарының шеберлері. Біз де медициналық білімі мен білігі жоғары мамандарға өз ісінің жемісін көре бер демекпіз.

 

Света ҮСЕНҚҰЛОВА.

«Толқын» газеті. 17 маусым 2017 жыл

ӨНЕГЕ БОЛАРЛЫҚ ӨМІР ИЕСІ

 

Кез келген ата-ана бала үшін бәйек болады. Оның баянды болашағы мен денінің саулығы үшін алаңдайды. Бала болашағының жарқын болуын мемлекетіміз де басты назарда ұстауда. Олардың денсаулығын бақылап, уақытылы емдеу жұмыстарын жүргізіп тұратын арнайы бөлімшелер бар. Олар жақсы кадрлар даярлауды да қолға алған. Міне, осы салада тынымсыз еңбек етіп, абырой биігіне көтерілген жандардың бірі - Лаура Жанысқызы Әділбаева.

Ол бүгінде Арал аудандық орталық аурухананың аудандық туберкулезге қарсы диспансерлік бөлімшесінің меңгерушісі болып өткен жылдан бері еңбек етеді. Жастайынан «Армансыз адам - қанатсыз құспен тең» деген өміршең қағиданы жанына серік етіп өскен Лаура Жанысқызы 1990 жылы Ақтөбе мемлекеттік медицина институтына оқуға қабылданды. Аталған оқу орнын 1996 жылы педиатрия мамандығы бойынша бітіріп шықты. Сол жылы туған елге оралып, еңбек жолын бұрынғы балалар консультациясында балалар дәрігері болып бастаған. Өзіне сеніп тапсырылған жауапты қызметті қалтқысыз атқарған дәрігер, көптеген ата-аналар қауымы мақтана айтар білікті маманға айналды. Ол сол салада 10 жыл еңбек етті. 2006 жылдан бастап аудандық туберкулезге қарсы диспансерінде фтизиатр болып 2012 жылға дейін жұмыс жасады. Біліктілігінің арқасында басшылықтың сенімінен шыға білген Лаура 2012 жылдан 2016 жылға дейін осы мекеменің бас дәрігерінің ұйымдастыру, әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасары қызметін абыроймен атқара білді. Бүгінде аудандағы денсаулық сақтау саласының өсіп- өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып келе жатқан кейіпкеріміз Әділбаевтар әулетінің мейірімді отанасы. Өмірлік жары Сәкен Әділбаевпен жарасымды отбасы болып, бүгінде екі ұл, бір қыз бала тәрбиелеуде. Тұңғыштары осы жылы 11 жылдық мектепті бітіріп, қияға қанат қақпақшы. Екеуі әлі мектеп жасында. Ана жолын жалғағысы келетін Бекзат есімді ұлы дәрігер болуды армандайды. Міне, берекелі жанұяның ұйытқысына айналған аяулы жар, асыл ана Лаура қай уақытта да қызмет пен отбасылық өмірді қатар алып келеді. Иә, әріптестерінің қадірлісіне айналған, өзгеге үлгі боларлық жан, білікті маманды кәсіби мерекесімен құттықтай отырып, деніне саулық, отбасына бақ-береке тілейміз.

 

А. БИСЕНОВ.

«Толқын» газеті. 17 маусым 2017 жыл

Арал қаласы

 

«Толқын» газеті. 17 маусым 2017 жыл

Әлемде бірнеше ардақты да құрметті мамандықтар бар. Соның бірі – дәрігерлер. Оларға «ақ желеңді абзал жандар, адам жанының арашашысы» деп баға беріп жатамыз. Қалай атасақ та артықтық етпейді. Ауырсақ, сырқаттансақ бірден осы адамдарға жүгіреміз. Алдына барған бізге мейірім төге қарап, емдеп, ақыл-кеңестерін береді. Күн демей, түн демей қажет кезде жанымыздан табылады. Осындай абзал жандардың төл мерекесі қарсаңында «Абай» ауылдық емханасының дәрігерге дейінгі бөлімінің аяжаны Гүлназ Сейілова жайлы айтпақпыз бүгін. Ол Арал қаласында дүниеге келген. 1984 жылы №14 мектепті бітірген соң, Ресейдің Калинин облысы, Бежецк қаласындағы медициналық училищесіне оқуға түседі. 1987 жылы аталмыш оқу орнын тәмамдаған Гүлназ, алғашқы еңбек жолын сол қаладағы облыстық балалар ауруханасының терапия бөлімшесінде кезекші аяжан болып жұмыс жасаудан бастайды. Одан соң, сол облысқа қарасты Конакова қаласында орталық аурухананың перзентханасында жұмыс жасап, талай ауру меңдеген жандардың жазылуына себеп болады. «Ақ халатты абзал жан» деген атқа әбден лайық ол өзге елде жүрсе де, өзінің білімі мен біліктілігін, жұмысына деген адалдығын ұжым мүшелері мен емделушілерге көрсете білді. Өйткені, аяжанға тән шыдамдылық пен сабырлылық, мейірімділік маманның бойынан табылып, адамдар осы асыл қасиеттері үшін құрметтеді.

Балалар аяжаны болып жүргенде-ақ, ұқыптылығына сенім артқан өзге ұлт дәрігерлері білікті маманға тек көмекші ретінде ғана қарамай, науқастарға дәрі алуға рецепт жазып беру және белгілі бір ауру түрлеріне ем-дом жасауға кеңес беру секілді жауапкершілігі зор жұмыстарды сеніп тапсырды. 1991 жылы туған жерге оралған маман, өз саласына байланысты бірнеше жерде абыройлы еңбек етті. Бүгінде «Абай» ауылдық емханасында дәрігерге дейінгі бөлімде аяжан боп жұмыс жасайтын оған тұрғындар алғыстарын жаудырып, баталарын беріп кетіп жатады. Қорыта айтқанда, «Өзге елде сұлтан болғанша, өз елінде ұлтан болуды» жөн санаған Гүлназ, еліміздегі соңғы реформаларға сәйкес, қызметтік міндеттері кеңейіп жатырған мейірбикелік ісін жанындай сүйеді. Ұдайы халықпен түсіндіру жұмыстарын жүргізу, аурудың алдын алу және тұрғындарды салауатты өмір салтын ұстануға шақыру сияқты шараларға белсене қатысатын білікті маманды біз де төл мерекесімен құттықтап, өсіріп отырған ұл-қызының қызығын көре беруіне тілеулестігімізді білдіреміз.

 

А.ЖҰБАНЫШОВ,

Арал қаласы

«Толқын» газеті. 17 маусым 2017 жыл
Назад Вперед