Ауа райы
Мерекелер

ЖАҢА ЖҮЙЕГЕ ЖАН-ЖАҚТЫ ДАЙЫНДЫҚОблыстық денсаулық сақтау басқармасы мен облыс әкімінің баспасөз қызметінің ұйымдастыруымен Қазалы ауданындағы дәрігерлерік қызмет және елімізде енгізілгелі жатқан міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру жүйесін тұрғындар арасында насихаттау, түсіндіру аясында жасалып жатқан шаралармен және «Емханаға тіркел де, әлеуметтік мәртебеңді анықта!» ұранымен өткізіліп жатқан науқанның өту барысымен танысуға арналған баспасөз туры өтті.

Шара аясында тілшілер қауымы алдымен Қазалы теміржол ауруханасына ат басын бұрды.

Жалпы, Қазалы теміржол ауруханасының қызметі аудан халқына жақсы таныс. Ғасырдан аса тарихы бар аурухана 140 орынға арналған. Мұнда хирургиялық, гинекологиялық, неврологиялық, балалар, жалпы терапия және жансақтау секілді алты бөлім бар. Кеңес беру-диагностикалық бөлімі ауысымына 250 келушіні қабылдауға қауқарлы. Өткен жылдың ақпан айында аурухана базасынан нейроинсульт орталығының ашылуы тек қазалылықтарға ғана емес, сонымен бірге Қармақшы, Арал тұрғындары үшін де мол мүмкіндік болып отыр. Нейроинсульт орталығы 24 төсек орынға арналған. Оның ішінде 10-ы инсульт бөліміне арналған, тағы 10 төсек нейрореабилитация, 4 төсек орын жансақтау бөлімі. Орталықтың бас-ты мақсаты бөлімшеге келген науқастарға жоғары дәрежелі медициналық көмек көрсету, диагноздарын анықтап, стандарттарға сәйкес сапалы ем жасау болып табылады. Орталық дәрігерлермен, мейірбикелермен және кіші буын медицина қызметкерлерімен толық қамтамасыз етілген.

– Орталық заманауи құрал-жабдықтармен толық жабдықталған. Мәселен, тәуліктік мониторинг аппараттар, тыныс алу құралдары, электроотсос, дефибриллятор, электрокардиограф құрылғылары жұмыстың өз деңгейінде жүріп, науқас жағдайының жақсаруында үлкен маңызға ие. Облыстық медицина орталығынан кейін тек біздің орталықта ғана бар КТ,УЗИ аппараттары тәулік бойы жұмыс жасайды. Сонымен бірге науқастың сауығып кетуіне мол мүмкіндік беретін жаттығу залы, физиотерапиялық кабинетіміз қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтылған,– дейді Қазалы теміржол ауруханасының бас дәрігері Құбыл Ршымбетов.

– Инсульттің геморрагиялық және ишемиялық түрлері бар. Ишемиялық инсульт алған жағдайда науқас үш сағат ішінде ауруханаға келіп үлгерсе, онда оны құтқарып қалу мүмкіндігіміз мол. Яғни, медикаментозды реперфузионды терапия жүргізіледі. Былайша айтқанда, дәрі егу арқылы науқастың тартылған аяқ-қолын, қисайған бет-ауызын қалыпқа келтіруге болады. Ал, басына қан құйылған жағдайда оның қаншалықты көлемде екені анықталған соң ота жасалады, – дейді бас дәрігер.

Орталық жұмысымен танысу барысында оңалту бөлімінде ем алып жатқан Қазалы ауданы, Ғ.Мұратбаев ауылынан келген Айша Асановамен әңгімелесудің сәті түсті. 1957 жылы туылған Айша ағымдағы жылдың 28-наурызы күні ауыр жағдайда ауруханаға түскен. Дер уақытында келгендіктен мамандардың көмегінің арқасында аман қалған. Он бес күндей емделіп үйіне шығарылған ол осында қайта келіп үш-төрт күннен бері оңалту бөлімінде емін жалғастыруда.

– Екінші рет инсульт алдым. Осында келген соң әуелі Алланың, онан соң дәрігерлердің арқасында қазір жағдайым қалыпқа түсті. Бүгінде, міне, өздеріңіз көріп отырғандай, сөйлеп отырмын, аяқ-қолымды қозғалта аламын, – деді Айша апа.

Екінші рет инсульт алған Бейсенкүл Шеріпбаеваның оңалту бөлімінде жатып ем алғалы бері сөйлеу қабілеті қалпына келе бастаған.

– Заманауи медициналық көмектің арқасында жағдайым күн санап жақсарып келеді. Ауданымыздан мұндай орталықтың ашылғанына қуанып отырмыз. Әйтпесе менің мынадай жағдайымда облыс орталығына жету дегеніңіз азап болар еді. Орталықты ашуға сеп болған азаматтарға алғысым шексіз. Мұнда аурудың айығып кетуіне барлық жағдай бар, мамандар да жақсы, – деп Бейсенкүл апа ағынан жарылды.

Өткен жылы бұл орталықтан 292 науқас емделіп шыққан, оның ішінде 100-ге жуығы ерте оңалту курсынан өткен. Былтыр 11 ота, ал үстіміздегі жылдың алғашқы тоқсанында 6 ота жасалған.

Баспасөз туры аясында тілшілердің келесі тоқтаған нысаны бұл – Қазалы аудандық ауруханасы.

Бес жыл бұрын қазалы аудандық ауруханасының ескі ғимараты аппатты деп танылып, жаңа ғимараттың құрылысын салу көзделді. Оған республикалық бюджеттен 4 млрд теңгеден астам қаржы қаралды. Бүгінде құрылыстың алғашқы кезеңі аяқталған.

Жаңа аурухана аудан орталығы – Әйтеке би кентінде салынуда. 150 төсектік аурухана үш қабаттан тұрады. Бас мердігер – «Қазқұрылыс сервис» ЖШС. Жаңа нысан үстіміздегі жылдың желтоқсан айында пайдалануға беріледі деп күтілуде. Бұл жерде ауысымына 250 келушіге арналған аудандық емхана да бой көтеретін болады.

– Аурухананың жаңа ғимаратқа көшірілуімен бірге медициналық қызмет сапасы да жақсара түседі, жаңа заманауи құрал-жабдықтармен қамтылады деп отырмыз. Әзірге ескі ғимаратта ауруларды қабылдап, ем жасап жатырмыз, – деді аудандық аурухана бас дәрігерінің міндетін атқарушы Бақыткүл Әлішева.

Айта кету керек, ауруханада хирургиялық бөліммен қатар басқа да бірнеше бөлім бар. Бөлім меңгерушісі Көбек Наршабаевтың айтуынша, хирургиялық бөлімде жоғары мамандандырылған құрал-жабдықтардың көмегімен түрлі операциялар жасалуда.

– Мысалы, 2016 жылы лапраскопияның көмегімен 100-ден аса ота жасалса, үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында ота саны 34-ке жетіп отыр. Бұл құралдың арқасында науқас отадан кейін 2-3 күнде үйлеріне шығарылуда, сонымен бірге аталған құрал түрлі аурулардың диагнозын қоюға мүмкіндік береді, – дейді К.Наршабаев.

5-сәуір мен 31-маусым аралығында «Емханаға тіркел де, міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру жүйесіндегі өз мәртебеңді анықта!» ұранымен ұйымдастырылған науқан аудан көлемінде де қарқынды жүргізілуде екен. Мамандардың айтуынша, емханаға келген әрбір азаматқа жаңа жүйенің жай-жапсары түсіндіріліп, тиісті ақпараттар берілуде.

Мәселен, Жетес би ауылдық емханасының меңгерушісі Фатима Мұстафаеваның айтуынша, аталған емханаға 17500 тұрғын қарайды, оның 6200-і бала. Тұрғындарға телефон арқылы ақпараттар берілуде және медицина қызметкерлері үй-үйді аралап түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Арнаулы кабинет те ашылған. Бүгінде тұрғындардың 70 пайызының мәртебесі анықталған.

Баспасөз туры аясында тұрғындармен кездесу өтті. Онда аудандық аурухана бас дәрігерінің міндетін атқарушы Бақыткүл Әлішева бастаған мамандар жалпыға ортақ жаңа жүйенің маңызы мен міндеті туралы жан-жақты түсіндірді. Аудандық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Раушан Қалуова арнайы хабарлама жасап, тұрғындар сауалдарына жауап берді.

– Акция басталғалы бері біз еңбек ұжымдарымен, ауыл тұрғындарымен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізудеміз. Ауданда 59 мың тұрғын бар, бүгінде соның 60 пайызы бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін ұйымға тіркеліп, мәртебелері анықталды. Бұл бағыттағы жұмыс әлі де жалғаса береді, – дейді аудандық аурухана бас дәрігерінің міндетін атқарушы Бақыткүл Әлмәмбетқызы.

Айнұр БАТТАЛОВА.

Қазалы ауданы

http://qazaly.kz/zha-a-zh-jege-zhan-zha-ty-dajyndy/