Ауа райы
Мерекелер

ЖИЫРМАСЫНШЫ БЕЛЕСТІ БАҒЫНДЫРҒАН ҰЖЫМЕлбасымыз үнемі халыққа арнаған Жолдауларында «Мәңгілік елдің бүгінгі және ертеңгі ұрпағы денсаулығы мықты, салауатты өмір салтын ұстанатын азаматтар болуы тиіс» деп айрықша атап көрсеткен болатын. Себебі, күшті мемлекетті денсаулығы мықты азаматтар ғана құра алады. Сондықтан, жаңа заманауи емдеу мекемелерін көптеп ашып, оларды соңғы үлгідегі техникалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету басты міндеттердің біріне айналып отыр. Бұл ретте, жекеменшіктегі емдеу орындарының да алар орны ерекше. Осы тұрғыда біз де құрылғанына 20 жыл уақыт толып отырған «Аралстомед» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жайында айтқанды жөн көрдік. Иә, осыдан тура жиырма жыл бұрын, яғни, жекешелендірудің дүрмегі денсаулық сақтау мекемелері арасында әсіресе, стоматологтар қауымына айрықша салмақ салған тұста Арал аудандық тіс емханасының бас дәрігері қызметіндегі Ордабек Едігеев өз әріптестерін сарсаңы көп шақта тығырықтан шығуға көмектесті. Сөйтіп, облыстық әділет басқармасынан тіркеуден өтіп, облыстық денсаулық департаментінен салалық қызметін жүргізуге лицензия алды. Бұрынғы жүйеден ешқандай құрал-жабдықтарды алмай шыққан ұжым мүшелері намысқа тырысып, өз орталарынан ақша жинастырып, керек жабдықтарды сатып алды. Алғашқы кезде баспана табудың өзі мұң болған еді. Алайда, сол бір қиын күндердің бәрі артта қалды. Бүгінгі күні қаламыздың қақ ортасынан ойып орын алып тұрған жаңа мекен-жайды ауданымыздың барлық тұрғындары жатқа біледі десек, артық айтқандығымыз болмас. Сол шақтары мекеменің жандануына зор үлесін қосқан Қонысбай Маханов пен Мақсұт Айсауытов халыққа өздерінің қалтқысыз қызметін көрсеткен болатын. Сол білікті мамандардың іздерін қуған тіс емдеудің мамандары емделушілерге барлық қолайлы жағдайды жасап отыр. Яғни, онда жұмыс жасап жүрген дәрігерлер мен аяжандар соңғы үлгіде жабдықталған кабинеттерде барлық қолайлылық пен жайлылықты сезініп, белсене еңбек етіп жүр. Атап айтар болсақ, дәрігерлер Сәбила Жанкүшікова, Марал Қуатова, дәрігер-стоматолог Қазила Байешова, аяжандар Күлдәрі Әбілезова, Жақсыгүл Жалмағанбетова, тіс технигі Құттыбике Байділдаева және жас мамандар, дәрігер Гүлзия Тәжімбетова, аяжан Күнсая Кубекова мен тіс жұлу кабинетінің маманы Әскербек Қыстаубаевтарды мекеме мақтаныштары деп атауға болады. Есеп қызметін жіті меңгерген Алмагүл Сатыбалдиеваның құжаттарды ұйымдастырып, жаңа құрылымның бой түзеуіне үлесі зор болды. Осы жандардың арқасында «Аралстомед» ЖШС-і бүгінде жылына орта есеппен 11 мыңға жуық адамды емдейтін еңселі ұжымға айналған. Тіс емдеу және жұлу, тіс салу функциясы күннен-күнге дамып жатырған тұста қызметкерлер әрдайым оқу курстарынан өтіп, білімдерін жетілдіріп келеді екен. Сонымен қатар медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің шеңберінде қаламыздағы №83, №62, №260 және Сексеуіл кентіндегі №177 орта мектеп оқушылары мен жүкті әйелдер тістерін тегін емдей алады екен. Ширек ғасырға жуық тарихы мекеменің басшысы Ордабек Едігеев тіс емдеу саласы төңірегінде былайша әңгімеледі: - Халық саулығына қалтқысыз қызмет етуді мақсат етіп қойғанбыз. Әсіресе, адам өмірінде тіс ауруының алар орны ерекше. Оны емдеу тек қана стоматолог-дәрігерлердің қолынан келетін іс. Жасыра алмаймыз, қазіргі уақытта кішкентай бала да, ересек те тіс жегі ауруларымен ауырады. Тіс жегінің көптігі экологияның нашарлығынан, әрі тамақтың құнарсыздығынан да болып жатады. Кейбір адамдар «бұрынғы кісілер тамақтан кейін де, алдында да тісін жумай, тарымен аузын шая салады, біз де солай жасаймыз» деп айтып отырады. Алайда, жоғарыда көрсеткен себептерге байланысты, олай істеуге қазір мүлдем болмайды. Тағы да бір ескертетін жайт, кішкентай балалардың тістері ауырған бойда жұлдыруға әкеліп жатады. Тістердің қисық өсетіні содан. Қолдан келгенше емдеп, өзі табиғи түрде түскенше көңіл бөлу керек - деп мекемеде алдағы уақытта атқарылатын жұ мыс тары жайында ой бөлісті. Біз жиырмасыншы белесті бағындырып, тұрғындар талабынан табылған ұжым мүшелерінің еңбектеріне табыс тілейміз.

 

 

Света АРТЫҚБАЙҚЫЗЫ.

 

«Толқын» газеті, 22 сәуір 2017 жыл