Ауа райы
Мерекелер
Сіз емшіге қаралдыңыз ба?

КӨБІНЕ АРЫЗ-ШАҒЫМ АКУШЕРЛІК-ГИНЕКОЛОГИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТ БОЙЫНША ТҮСЕДІӨңірліккоммуникациялар қызметінде облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы А.Әлназарова және ҚР ДСжӘДМ Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің облыс бойынша департамент басшысының міндетін атқарушы Ғалия Әбсадыққызы БАҚ өкілдеріне брифинг берді. Жиын барысында денсаулық сақтау саласындағы оң нәтижелер мен алдағы жоспарлар сөз болды.

Басқарма басшысы Ақмарал Шәріпбайқызының айтуынша, жалпы өлім-жітімге себеп болатын аурулардың 52 пайызын жіті миокард инфаркты, ми қан айналымының жіті бұзылысы (инсульт), қатерлі ісіктер, жарақаттар, жүкті әйелдер мен перинаталдық кезеңнің патологиялары құрайды. Бүгінде аталмыш 5 бағыт бойынша емханаларда жаңадан 89 мамандандырылған кабинеттер ашылып, жұмыс істеуде. Былтыр денсаулық сақтау саласына 32 889,6 млн теңге қаржы қаралды. Оның ішінде 21 935 млн теңге республикалық бюджеттен, 10 954,6 млн теңге жергілікті бюджеттен бөлінген.

Еміне шипа іздеген науқасты сауықтыру үшін дәрігердің біліктілігі басты орында тұрса, одан кейінгі мәселе – талапқа сай медициналық құрал-жабдықтардың болуы. Заманауи техниканың күші көптеген ауруларды дер кезінде дертінен айықтыруға сеп болуда. Осы орайда былтыр офтальмохирургиялық орталық диагностикалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілгенін айта кеткен жөн. Медициналық құралдарға жергілікті бюджеттен 90 млн теңге қаржы бөлінген. Нәтижесінде жасалған ота саны өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге артып отыр.

- 2016 жылдың қорытындысы бойынша облыста жалпы өлім көрсеткіші 1000 тұрғынға шаққанда 5 пайызды құрап, 2015 жылмен салыстырғанда 13,3 пайызға кеміген. Ана өлімі 88,4 пайызға, сәби өлімі 5,9 пайызға төмендеді. Ал туберкулез ауруынан ажал құшқандар саны 17,1 пайызға, қатерлі ісік ауруларынан көз жұмғандар көрсеткіші 7,9 пайызға азайған. Мекемелерді медициналық техникамен қамту 45,19 пайыздан 73,4 пайызға артты. Енді республикалық бюджеттен 4 бірлік қымбат медициналық құрал алуды көздеп отырмыз. Аудандық емханалардың жағдайы басты назарда. Осы жылы Қазалы ауданы, Әйтеке би кентіндегі 150 орындық аудандық орталық аурухананың құрылысын аяқтау, Арал, Шиелі, Жалағаш аудандарындағы аудандық емхананың құрылысын бастау, лизинг жағдайындағы медициналық ұйымдарды 1 млрд 227 млн теңгенің құрал-жабдықтарымен қамтамасыз ету алдағы жоспарлар қатарына қойылды, - деді басқарма басшысы Ақмарал Әлназарова.

Өткенжылды қорытындылаған ҚР ДСжӘДМ Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің мәліметінше, былтыр денсаулық сақтау субъектілеріне барлығы 92 тексеру жүргізілген. Медициналық қызмет бойынша 45 әкімшілік іс қозғалып, нәтижесінде заң бойынша жауапқа тартылып, айыппұлдар салынған. Аталмыш департаментке жолданған арыз-шағымдардың көпшілігі құқық қорғау және мемлекеттік органдар тарапынан түскен. Өтініштің мазмұны бойынша сапасыз емдеу, тексеру алдыңғы орында тұр. Департамент басшысының міндетін атқарушы Ғалия Бәйменованың айтуынша, ең көп негіздегі арыз-шағымдар акушерлік-гинекологиялық қызмет саласы бойынша тіркелген.

Жазира БАҒЛАНҚЫЗЫ

http://www.halyk-gazeti.kz/index.php?option=com_content&view=article&id=6834:2017-01-30-11-54-38&catid=2:2011-11-18-08-59-27&Itemid=2

ҚОҒАМНЫҢ ҚАЛАУЫ ДА ОСЫЕлбасы ұсынып отырған конституциялық реформа мемлекет өзінің қалыптасуының бір кезеңін аяқтап, енді қызметінің жаңа механизмдерін іске қосқанын білдіреді. Бірден айта кетейік, бұл өзгерістер қандай да бір ішкі немесе сыртқы факторлардың ықпал етуімен жасалып жатқан жоқ, қоғамның қалауына қарай қолға алынып отыр. Осыдан да Қазақстан халқы бұл өзгерістерді қызу қолдау үстінде.

Жалпы билікті бөлісу, қоғамдағы жауапкершілікті арттырады. Алда Үкімет пен Парламенттің жұмысы жүйелене түседі деген ойдамын. Ел үшін ең керегі де осы.

 

Сәулебек ЫСҚАҚОВ,
Жаңақорған аудандық
орталық ауруханасының
бас дәрігері

ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫСТАР ЖАЛҒАСА БЕРЕДІ«Амбулаториялық-емханалық қызметі бар Сырдария аудандық ауруханасының» мәжіліс залында 2016 жылы атқарылған жұмыстарды қорытындылау және алда тұрған мақсат-міндеттерді айқындау мақсатында жиын өтті. Жиналысқа облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ж.Қожарипова, аудандық аурухана бас дәрігері М.Садықова, аудандық туберкулезге қарсы диспансерінің бас дәрігері Т.Бектеген және сала мамандары мен жергілікті БАҚ өкілдері қатысты.

 

Жиналысты ашқан облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жанат Шайхисламқызы мемлекет тарапынан денсаулық сақтау саласына бағытталып жатқан қолдаулар жөнінде айтып өтті. Сонымен бірге, 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы аясында облыста атқарылған жұмыстар жөнінде мәлімет берді. Мұнан соң ауданның денсаулық сақтау саласы бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде ауданның бас дәрігері М.Садықова баяндама жасады.
– Амбулаториялық-емханалық қызметі бар Сырдария аудандық орталық аурухана құрамында аудандық орталық аурухана, 2 ауылдық аурухана, аудандық емхана,10 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік-акушерлік бекет, 1 медициналық бекет медициналық қызмет көрсетеді. Аудандағы емдеу және алдын алу ұйымдарында 82 дәрігер, 352 орта буынды медицина қызметкерлері жұмыс жасауда. Аудан бойынша барлығы 17 жалпы тәжірибелі аймақ қажетті дәрігерлермен қамтамасыз етілген. Мамандардың біліктілігін арттыру мақсатында тиісті жұмыстар атқарылып, дәрігерлер, медбикелер, өзге де мамандар арнайы курстарға тұрақты қатысуда. Былтыр ауданда 794 бала дүниеге келіп, туу көрсеткіші 70 балаға артты. Тұрғындардың өмір сүру жасын арттыру, сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз ету жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса береді,- деген Манат Рүстемқызы ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Ұлттық қор және облыстық бюджет есебінен Қоғалыкөл ауылында жаңа емхана ашылғанын атап өтті. Сондай-ақ, Аманкелді ауылдық аурухана ғимаратына облыстық бюджеттен 12,3 млн. теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілгенін жеткізді.
Мұнан кейін аудандық туберкулезге қарсы диспансерінің бас дәрігері Т.Бектеген туберкулезге қарсы күресті саяси тұрғыдан қолдау, жұмысты күшейту және төсек орындарды тиімді пайдалану арқылы эпидемиологиялық жағдайды одан әрі жақсарту бағытында атқарылған жұмыстардың есебін берді. Қорытынды жиын барысында қатысушылар алда тұрған мақсат-міндеттер туралы пікір алмасып, өзара ой бөлісті. Ауданның бас дәрігері Манат Садықова тиісті сала мамандарына тапсырмалар беріп, тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсету басты парыз екенін атап өтті.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ

http://tirshilik-tynysy.kz/zh-jeli-zh-mystar-zhal-asa-beredi/

МЕДИЦИНАЛЫҚ ҰЙЫМДАРДА ЖАҢА БАҒДАРЛАМА ЕНГІЗІЛЕДІБиыл Қызылорда облысында ауруларды басқару бағдарламасын енгізу жоспарланып отыр, деп хабарлайды еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми сайты.

Бұл созылмалы жүрек кемістігі бар бағдарлама қатысушыларының ауыр жағдайын 50%-ға азайтуға, артериалдық гипертензиясы бар көптеген пациенттердің артериалдық қысымын тұрақтандыруға мүмкіндік береді.
Емханалар жанында пациенттерді өзіне өзі көмек көрсету қағидаларына, өз денсаулығына дұрыс қарым-қатынас жасауға үйрететін, салауатты өмір салты мен өздігінен білім алу бойынша ақпараттық материалдармен қамтамасыз ететін денсаулық мектептері жұмыс істейді. Ақпараттандырылған пациенттер өзін-өзі бақылау күнделігін жүргізеді, денсаулығына әсер ететін факторларды бақылайды.
Осылайша, бағдарлама пациенттермен қатар медициналық қызметкерлерге өз ауруларын басқаруға, оның асқынуына жол бермеуге мүмкіндік туғызады.
Бағдарлама 2013 жылдан бастап Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарындағы 7 емханасында пилоттық тәртіпте енгізілді. 2016 жылғы оң нәтижелерді ескере отырып, АББ-ны жүзеге асыру 5 жаңа аймақта: Астана, Алматы қалаларында, БҚО, Қарағанды, Қостанай облыстарында енгізілген болатын.
Ал биыл АББ-ны 4 жаңа аймақта: Ақмола, Алматы, Ақтөбе, Қызылорда облыстарында енгізу жоспарланып отыр.

http://syr-media.kz/news/meditsinaly-jymdarda-zha-a-ba-darlama-engiziledi/

Назарбаева: Диплом сату – ұлттың денсаулығына шаш-етектен зиян тигізудеӨткен 2016 жылы Қазақстанның денсаулық сақтау саласына 1 трлн 16 млрд теңге бөлінген. Бірақ мемлекеттің бұл шығыны дұрыс жұмсалуда деп айта аламыз ба? Өйткені қазақстандықтардың дәрігерлік көмек пен қызмет сапасына деген көңілі жылдан-жылға толмай келеді. Осы орайда жақын арада елімізде енгізілгелі отырған міндетті медициналық сақтандыру туралы Сенат депутаты Дариға Назарбаева ой толғағанынkaz.365info.kzсайты хабарлады.

 

Денсаулық сақтауға құйылатын инвестиция неге нәтижесіз?

Назарбаева: Диплом сату – ұлттың денсаулығына шаш-етектен зиян тигізудеЕң басты себеп – қаржыны тиімсіз жұмсау. Басқару, жоспарлау және қаржыландырудағы кемшіліктер:

1. Денсаулық сақтау саласының қазіргі әкімшілік жүйесі күрделі, қымбат және ауқымды. Медициналық мекемелерге қаражат түрлі мемлекеттік және жергілікті басқару органдарының елегінен әрең өтіп, қатты «қысқарып» жетеді. Бөлінген ақшаның 15-30% (!) ғана науқасты емдеуге қалады.

2. Біздің білім беру жүйеміз денсаулық сақтау саласы бойынша кәсіби басқарушыларды дайындаған емес. Жақсы дәрігер – мекеменің жақсы басқарушысы бола алмайды. Осыдан медициналық мекеме де, пациент те ұтылып жатыр.

3. Медицина кадрлерін дайындауды әлі де жетілдіру керек. Оқу орындарының коммерциялануы жағдайды қиындатты. Диплом сату – ұлттың денсаулығы мен мемлекет мүддесіне шаш-етектен зиян келтіруде.

4. Мемлекет «кереует-орын» есебін жақсы төлейді. Осыдан келіп гипердиагностика, хирургиялық операцияларды қажет етпейтіндерге де ота жасай беру көбейді. Созылмалы аурумен ауыратын адамдар саны артты.

5. Бірінші орында дәрігердің немесе медбикенің біліктілігі емес, тікелей таныстық, телефон құқығы, басқа да жайттар тұрады. Нәтижесінде біз штаттық кестенің өтірік көбейтілгенін, шығындарды артығымен есептегендерін көріп отырмыз.

6. Емдеу жұмыстарының тиімділігін білдіретін «индикаторлар» дәрігерлердің диагонозды ауыстыруына, жағдайдың нақты бейнесін жасыруға итермелеп отыр. Ауруды шын мәнінде анықтау және берілген көрсеткіш санынан артық кетудің арты айыппұл төлеуге соқтырады. Бұл жүйе өзін-өзі алдап отыр.

7. Министрлік қағаз жүзіндегі есеп алуды әлі тоқтатқан жоқ, өзіндегі ақпараттық жүйеге сенбейді. Бірақ ақпараттық жүйеге едәуір қаржы бөлуде. Есеп беру жүйесін қолайлы әрі оңай ету қажет.

8. Кепілдендірілген бюджеттік қаржыландыру азғындық пен салақтыққа соқтырады – өйткені үнемдеуге, үздік болуға, жақсы жұмыс істейтіндермен бәсекесуге тырысуды қажетсінбейді. Бөлінген қаржыны дер кезінде "игермесең”, таяқ жейсің. Ал үнемдеп жұмсағандарды қаржыландыру кезінде аз ақша бөлініп «жазалайды»…

9. Отандық медицина салалық стандарттар құрсауынан шыға алмай келеді. Бұл қызмет көрсету құнының қымбаттауына, емдеу шараларын өтірік санмен көбейтуге соқтырады.

 

Ақшаны қайдан алу керек?

Біз – медициналық сақтандыру жолын таңдадық. Медициналық сақтандыруды енгізу – салықты шамалы өсіруді білдіреді. Жүктеме мемлекет, жұмыс беруші және жұмысшы арасында әртүрлі пропорцияда бөлінеді.

 

Реформадан қандай нәтиже күтеміз?

1. Мемлекеттің, жұмыс берушінің және жұмысшының жауапкершілігі принципін енгізу. Жақын арада міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне көшу басталады. Реформаның мәні мынау: жұмыс жасындағы азаматтарды медициналық қамтамасыз ету мемлекеттің, жұмыс берушінің және шамалы деңгейде – жұмысшының өз есебінен іске асырылады.

Назарбаева: Диплом сату – ұлттың денсаулығына шаш-етектен зиян тигізудеМемлекет бұрынғыдай кепілдендірілген тегін медициналық көмектің барлық көлемін төлейтін болады – жедел жәрдем және санитарлық авиация, шұғыл медициналық көмек, туберкулез, диабет, онкология, гепатит, жүйке аурулары секілді әлеуметтік маңызды ауруларды егу және емдеу және т.б. Сонымен қатар мемлекет тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне кірмейтін маңызды медициналық қызметті (алғашқы медициналық санитарлық көмек, жоспарлы операциялар…) қаржыландыруды өз мойнына алады. Бұл қызметтер халықтың әлеуметтік аз қамтылған бөлігін медициналық сақтандыру пакетіне кіреді, ал бұл 9,8 миллион адам. Олардың ішінде зейнеткерлер, мүгедектер, барлық жастағы балалар, жоғары оқу орындарының студенттері – барлығы азаматтардың 15 санаты бар. Олардың әрқайсысына ай сайын бюджеттен орташа айлық жалақының 7 пайызына тең қаражат бөлініп отырады.

Жұмыс берушілер 2017 жылдан бастап жұмысшының орташа табысының 2 пайызынан бастап, 2020 жылға қарай 5 пайызына дейін аударады.

Жұмысшылар медициналық сақтандыру үшін тек 2019 жылдан бастап қана жалақысының 1 пайызын, ал 2020 жылдан бастап 2 пайызын төлей бастайды.

Азаматтардың денсаулығына инвестицияларға жұмысшылар мен жұмыс берушілер тарапынан қатысу — жалпыәлемдік тәжірибе, дамыған елдерде ондаған жылдардан бергі еңбек шартының міндетті бөлігі.

2. Бұл жүйеге сақтандыру полисін жеңіл бағамен сатып алу мүмкіндігін беру арқылы «өзін-өзі жұмыспен қамтушы» халықты тарту. «Өзін-өзі жұмыспен қамтушылар» қатарына 2,1 миллион азаматты жатқызу қабылданған. Олар жұмыссыздар ретінде тіркелмеген, жұмысқа ресми қабылданғандар болып саналмайды, салық төлемейді, әлеуметтік сақтандыру қоры мен зейнетақы қорына төлемдер жасамайды, бірақ әлеуметтік сфера қызметін белсенді пайдаланады: жәрдемақылар алады, медициналық қызметтерді пайдаланады, балаларды мектепте оқытады және т.б. Бұл қызметтердің ақысын салық төлеушілер төлейді.

3. Жеке меншік ерікті медициналық сақтандыруды дамыту, олар жоғары деңгейдегі қызмет түрлерін бере алады, міндетті сақтандыруды дамыту секілді ол да маңызды. Әлемдегі бір де бір мемлекеттің бюджет қаржысы есебінен халықты медициналық қызметпен 100 пайыз қамтамасыз етуге шамасы келмейді. Бұл тақырыптағы барлық әңгімелер утопия немесе жауапсыз популизм болып табылады. Мемлекет ерікті сақтандыруды дамыту саясатын қолдау саясатын жетілдіруі керек.

4. Аурулардың алдын алу бойынша жұмыстарды күшейту:

— емханалық көмекті дамытуға басымдық беру,

— жалпы тәжірибе және отбасы дәрігерлері рөлін нығайту,

— саламатты өмір салтын жаппай насихаттау, денсаулық пен әдемілік культін енгізу,

— балалық кезден спорт пен жақсы тағамдарға деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу, мектеп дәрігерлері мен медициналық кабинеттер рөлін арттыру.

Бұл маңызды іске денсаулық сақтау, білім, мәдениет, спорт, әлеуметтік желілер және коммерциялық емес ұйымдардың, жалпы алғанда қоғамның барлық жүйесін тарту қажет.

Ұсынылып отырған алдын алу шаралары мен амбулаторлық-емханалық қызметтер халықтың денсаулығын жақсартады, созылмалы ауру адамдардың санын қысқартады, қымбат тұратын ауруханалық кереует санын азайтады, ал жалпы алғанда денсаулық саласына кететін шығыстарды оңтайландырады. Дамыған елдер бұл жолмен табысты жүріп келеді, ал бізге олардың тәжірибесінен үйрену керек.

Медициналық сақтандыру – денсаулықты қорғау саласындағы мемлекет пен жеке меншік бизнестің өзара әрекеттесуінің ыңғайлы құралы. Ол әр адамды жеке қаржыландыруды білдіреді, атап айтқанда, әр азамат, өз сақтандыру полисінің қожайыны, «жағдайдың иесі» болып, дәрігер мен медициналық мекемені өзі таңдай алатын мүмкіндікке ие болады. Клиникалар мен ауруханалар әр пациент үшін жақсы дәрігерлерді тарту, сапалы емдеу, шығыстарды азайту, соның арқасында жақсы ақша таба білу арқылы күресетін болады.

Медициналық сақтандыру жүйесінің қалыптасуы – бұл күрделі және ұзақ уақытты қажет ететін процесс. Денсаулық жүйесінің барлық қатысушыларына жаңа жағдайларда оқып, еңбек етуге тура келеді. Бұл кезең жеңіл болмайды. Тәжірибе ылғи өзінің түзетулерін енгізіп отырады.

Мінсіз әдіс әзірше ешкімде де жоқ. Бірақ саладағы қазіргі жағдайға енді төзуге болмайды!

«Қала мен дала»

https://www.dalanews.kz/22970

 

БІР МИНУТТЫҢ ҚАДІРІКейіпкер кейпіне енгенде

Өң мен түстің ортасында өмір үшін жанталасып жатқан қаншама науқастың халі мен олардың аяқтан тұрып кетуін тілеп отырған жұрағаттың жанын ұғынып, медицина саласы қызметкерлерінің уақытпен санаспай жасайтын жұмыстарын, адам өмірін аман сақтаудағы орасан еңбегін көзбен көру ойда жүрген. Осы орайда Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасы мен облыстық медициналық орталығының арнайы рұқсатымен күнделікті ресми қалпымды бір күнге ОМО-ның жансақтау бөліміндегі анестезиолог-реаниматологтың формасына ауыстырдым.

 

ЖАНСАҚТАУ БӨЛІМІНДЕГІ

«ЖАҢА ҚЫЗМЕТІМ»

Несін жасырайын, облыстық медициналық орталықтың реанимация бөліміне бару үшін 15 минут адасқаныма сенесіз бе? Жол білместіктен бұрын, аурухана есігінен кіргеннен бастап қателік жібермеу керектігін ұғындым. Өйткені мұнда қаншама адамның тағдырмен күресіп жатқанын білеміз. Ауруханадағы жансақтау бөлімі­нің жұмысы сырт көзге бір сарынды болып­ көрінеді. Іс жүзінде, бұл ойыма өзім де қарсы шықтым. Бөлімге кіргеннен бастап, қос қолдың инфекциясын «өлтіріп», киімді түгелімен ауыстырдық. Бұл, біріншіден, қатаң сақталған санитарлық талап, екін­шіден, бұлжымайтын ереже. Мен барғанның өзінде жұмыс уақыты әлдеқашан басталып кеткен. Қызу жұмыс, қарбалас тірлік, медициналық құрал-жабдықтардың тарсылдаған дауысы мұндағы біраз жайттан хабар береді. Сондықтан біраз күтуге тура келді. Оған қуанбасам, түк те ренжіген жоқпын. Өйткені бізде біреуді күтетін, әр ісімізге мүмкіндік беретін уақыт бар. Тырп етпестен төсекке таңылып жатқан әр науқа­с үшін осы уақыттың өзі тапшы, қымбат.Жұмыстың басы палата аралаудан баста­лды. Түрлі нақтамамен түскен науқас­тардың барлығы арнайы аппараттың кө­мегімен тыныс алып, ес-түссіз жатыр. Жандарында қажетті ем-домдарын дайындап, жүгіріп жүрген мейірбикелер мен дәрігерлер. Бәрі де адам өмірін арашалап қалу үшін арпалысып жүр. Оларға қолғабыс етіп тұрған «ақылды» аппараттар да жоқ емес. «Vacuson40», «Savina 300», «Bionet», «NIHON KOHDEN», «Hamilton – G5» секілді арнайы құрылғылар арқылы емделушілердің жағдайын қалпына келтіру үшін бар жігерін жұмсайды олар. Соңғы үлгідегі аппа­раттардан бөлек, мұнда қолданыл­ғанына­ 15 жылдан асып, тозығы жетіп тұр­ған электронды құрылғылар ауыстыруды қажет етіп тұрғандығы әңгіме арасында айтыл­ды. Десек те, қолдағы бар құрылғының көмегімен жансақтау бөліміне түскен ахуалы ауыр науқастардың біразының беті бері қарайды. Тілге тиек ете кетейік, аталмыш бөлімде пациенттер туралы барлық ақпарат, оларға жасалған ем-дом, бақылау парақшасы компьютерге енгізіліп отырады. Мұны кереуетке таңылып жатқан науқас­қа таңертеңнен бері қандай препараттың тағайындалғаны мен қолданылғаны жөніндегі маңызды құжат десек те болады. Алда­ғы уақытта әрбір палатаға осы бағдарлама енгізіледі деп жоспарлануда.

 

ОТАҒА КУӘ

БОЛАМЫН ДЕП...

Науқастардың жалпы жағдайын бағдарлап болған соң ота жасау бөліміне бет алдық. Мұнда да бекітілген тәртіп қатал. Меди­циналық форма киіп жүрсең де, ота үстеліне кірер алдында арнай­ы киім тағы киесің. үстіміздегі көк киімнің сыртында ақ желең, оның сыртынан бір реттік қана киюге рұқсат еті­летін арнайы желең, шашыңды жауып тұратын қалпақ, аяқкиім сыртынан да гигиеналық қап­шық киіледі. Сонымен ОМО-ның штаттан тыс бас анестезиологы Әуезхан Құрмантайұлының жанын­а ілесіп, ота жасау бөлімі­не бас сұқтық. Барлық талап­тарын сақтаға­ныммен, ота үстеліне жақындау­ға дәтім шыдамады. Бірақ, жұмысым осы болғандықтан бісміллә айтып, мүмкін­дікті қалт жібермей, алғашқы отаның куәгеріне айналдым. Өз ісіне жауапкершілікпен, ыждағат­тылықпен қарайтын хирургтар мен олардың көмекшілері нау­қастың жүрек қақпақшаларын ауыс­тыру үстінде. Құдайым-ау, бұған дейін «операциядан шықтым»­, «жүрегіме операция жасатт­ым» дейтіндердің сөзінен ешқандай әсер алмайтын едім. Ту сыртынан қарап тұрып, зәре-құтымқалмады. Екі қадам аттаған күйімше қалдым. Кері шегі­ніп, шығып кеттім. Келе­сі палаталардағы қызу жұмыстың қарқынын көргенім дұрыс шығар деген оймен сонда бас сұқтым. Мұнда да ота. Не керек, қаз-қатар тізіліп тұрған палаталарда бос тұрған ота үстелі жоқ. Адамға бой үйретуге көп уақыт керек емес екен, алғашқысынан кейін травматологиялық, урологиялық, нейрохирургиялық оталарды көргеннен кейін көзім де үйренді, көңілім де кері тепкен­ жоқ. Осылай ойлағанмын, отаның қалай жасалатынына қызығушылығым артып­, алдыңғыларына қарағанда ұзақтау телмірдім экранға. (Экран демекші, қазіргі кезде отаның біраз бөлігі соңғы технологиялық тәсілмен, яғни лазерді түрде жасалады.) Түтіктер, инелер, қысқыштар, тісті іскектер, тістеуіктер, қайшы, қалақшалар мен трубкалар секілді қажетті кесетін, қадайтын, қысатын, шолғырлайтын құрал-жабдықтар қолданылды. Бірер минуттан соң айналамды түгелдей экран басып кетті. Мұнысы несі деп таңырқап тұрғаным сол еді, әлгі экраным аударылып бара жатқандай сезілді. Сол кезде барып ұқтым, басымның айналғанын. Соның әсерінен ішкен-жегенімді сыртқа шығара жаздадым. «Сабыр­ түбі – сары алтын» дейді емес пе? Дәлізге шығып, өз-өзімді сабырға шақырып­, ағзадағы тітіркену реакциясын бақылауғ­а алдым. Әйтеуір мишығымның қимылды­ үйлестіру мен тепе-теңдікті сақтау­қызметі­нің нәтижесінде тез арада қалпыма түстім. «Жығылған жұдырыққа тоймайды» дей ме, одан кейін де бірнеше отаға кіруге мүмкіндік алдым. Анестезиолог-реаниматолог, хирург, мейірбикелер, санитарлық тазалықшы секілді мамандардың қатысуымен өтетін ота сәтті аяқталысымен, науқас «Наркоздан ояну бөлмесіне»­ әкелінеді. Бұл аралықтың өзінде науқастың өміріне жауапты мамандардың ат­қаруы тиіс қыруар жұмысы бар.

 

ЖАҚҰТ

Медицинаның қыр-сырын ұға қоймайтындар үшін барлығы оңай әрі жеңіл көрі­неді, шынтуайтына келгенде жүгі ауыр. Таздың тарағы, мергеннің садағы алтын болса, дәрігерлердің қолы – жақұт. Осыған көзім жетті.

- Ота жасалмас бұрын науқасқа наркоз егіледі. Ол орталық жүйке жүйесіне арнайы дәрілер жіберу арқылы организмде жасанды түрде шақырылған терең ұйқы. Наркоздан кейін адам есінен толық не жартылай айырылып, ауыру сезімін жоғалтып, тіндер жансызданады. Түптеп келген­де,­ күрделі хирургиялық операциялар кезінде­ ауру сезімін болдырмау мақсатында салынады. Наркоз берер алдында нау­қастың ауыз қуысы, асқазаны, ішегі толық тазаланады, жүйке жүйесін тыныштандыратын дәрі қабылдатады, мұны премедикация кезеңі деп атайды. Айтып отырған наркоз арнайы аппараттардың көмегімен беріледі. Анестезиолог-реаниматолог мамандар жіберілетін дәрінің мөлшерін аппарат арқыл­ы бақылап, тамырдың соғуын, қан қысымын қадағалап, оттегі мөлшерін өлшеп отырады. Отаның ұзақтығы 20-25 минуттан басталып, 8-9 сағатқа дейінгі уақытты қамтиды, - деп тереңінен түсін­дірді бас анестезиолог Әуезхан Сатмағамбетов.

Сонымен, бір науқасқа ота жасау процесі тамамдалды. Жылжымалы кереуетте жатқан науқасқа жауапты адамдар «Наркоздан ояну бөлмесі» деп аталатын арнайы палатаға әкелді. Науқастардың наркоздан кейін есін жиюына медицинада 36 жыл еңбек тәжірибесі бар анестезиолог-реаниматолог Жұмағали Батталұлы жауапты. Жылына 5500 адамға ота жасалса, соның тең жартысына жуығына осы бөлменің білікті мамандары қызмет көрсетеді. Қолымызға ине алып, науқастарға инфузиялық ерітінді құйып, оларды жасанды тыныс алу аппаратына қоспасақ та, білікті мамандардың жанында жүгіріп жүріп-ақ жансақтау бөлімінің расымен де адам жанын сақтап қалу үшін аянбайтын еңбегін көрдік. Жоспарлы түрде күніне жасалатын оталардың жалпы саны 50-ден асып кететін кездер болады екен. Ал тәжірибелік тұрғыдан түйсіну үшін барған күні 25 жоспарлы ота жасалынуы тиіс. Бұл жұмыс таңертеңгі 8-ден басталып, кешке дейін жалғасады. Аурухана бекіткен ережелерге сәйкес, ота жасау аз ғана уақытқа тоқтатылып, медициналық құрал-саймандарға залалсыздандыру жұмыстары жүргізіледі. Айтпақшы, халық арасында «дәрігерлер қарамайды, жылдам келе қоймайды» деген ренішті пікірлер қалыптасқан. Мұның да жауабын осы бөлімде жүріп таптым десем әбден болады. Операцияның екі түрі болады. Жоспарлы және жедел жасалатын ота. Апта­ның дүйсенбі күнінде ота жасау бөлі­мінде санитарлық тазалық жұмыстары жүргізілуіне байланысты ешқандай ота жоспарланбайды. Тек соқырішек, оқыс оқиға салдарынан ауыр жарақат алған және халі ауыр деңгейде келіп түскен нау­қастарға кезек күттірместен, жоспарсыз, жедел түрде ота жасалады. Бұл жұмыстардың барлығы бөлім мамандарының және ота жасау бөлімінің меңгерушісі Әлия Исае­ва, ота жасау бөлімінің аға мейірбикесі Гүлмира Еділбаева және дәрігерлердің ортақ шешімімен орындалады. Сондай-ақ, жансақтау бөліміндегі Жаңатай Нәбиұлы, Жұмағали Батталұлы, Бейбіт Бижанұлы, Әуезхан Құрмантайұлы, Нұрлан Тоқжұма­ұлын облыстық ауруханада 40 жыл табанды қызмет еткен, медицина саласына үздіксіз еңбегі сіңген Шадияр Нұрым­бетовтың шәкірттері десек, ешкім сөз таластыра­ қоймас.

 

«ДОКТОР, АМАН АЛЫП

ҚАЛЫҢЫЗШЫ...»

Шынын айтайын, дәрігерлердің жұмысына кедергі жасағымыз келмеді, барынша тырыстық. Өйткені дертіне дауа, жанына сауға іздеген қанша науқас осы ақ халатты­ны асыға күтіп жатыр. Оларға барған кезде­ мен де іздеріне ілесіп аламын, құдды бәрін тындыратын адам секілденіп. Олай етпесем де, адам жанының арашасына айналып, бәйек болып жүгіріп жүрген медицина мамандарының, оның ішінде жансақтау бөлі­міндегі қызметкерлердің еңбегін елге көр­сете білу де үлкен жұмыс деп ойлаймын.

- Анестезиолог-реаниматолог – бір-бірінен ажырамайтын, ажыратуға болмайтын мамандық. Жұмыс жүгі де жеңіл емес. Сол себепті біліктілік арттыру курстарынан­ өту үшін Алматы мен Астананың медици­на­лық орталықтарына іс-тәжірибеден өтуге жіберіледі. Кейде білікті доктор, профессорлар осында арнайы келіп дәріс оқиды.

Ал енді, жансақтау бөлімінің техникалық жабдықтарына келер болсақ, аурухана­ әкімшілігі қолдан келгенше бар мүмкіндікті жасап жатыр. Қазірдің өзінде жасанды дем беру аппаратының 4-еуі бар, бұйыртса, бесіншісін күтіп отырмыз. Алты кардиомо­нитор бар. Жаңаланған, жаңартуды қажет ететін құрылғылардың жоқ емес екендігі рас. Тіпті маман жетіспейді. Осында қызмет­ етіп жүргендер артық жүктемемен жұмыс жасап жүр. Сол себептен де адамға психологиялық ауыртпалық түседі. Еңбек демалысының өзін алғанда да, толық қалпына келе алмайды. Өйткені, өте ауыр сала. Кейде­ науқастың көңіл күйі, сырқаты өзімізге «беріліп», әсер етіп жатады. Оны ешкімге міндетсініп жатқан жоқ. Өйткені, басты мақсат – науқастың өмірін құтқарып қалу. Қуанарлығы, бөлімшеге түскен науқастардың 75-80 пайызының жағдайы оңалады, - дейді нейроинсульттық жансақтау бөлімінің меңгерушісі Нұрлан Абдіқадыров.

Аталмыш бөлімшеде кереует саны шектеулі. Дегенмен, ауыр дәрежелі науқас болса,­ орынның шектеулі екеніне қарамас­тан қабылдайды. Өйткені, басты мақсат – адам өмірін құтқару. Айтпақшы, осы тұста айтпай кетуге болмас, адам өмірін құтқару­дың тағы бір жолы – трансплантация. Яғни, бір ағзадан екінші ағзаға жасушаларды, тін­дер­ді және ағзаларды алмастыру. Әзірге бұл сала біздің облыста ақсап тұр. Жә, бұл туралы кейінірек толық нұсқасын ұсынамыз.

Науқастардың халін білмекке палаталарға бардық. Есін жиғаны да, жимағаны да бар. Дәл осы кезде жансақтау бөліміне тағы бір науқас түсті. «Үмітсіз - шайтан» дейді. Өлімге беріспей, өмірдің жарығы үшін рухани тұрғыдан да, болмыс, ағзалық тұрғыдан да күресіп жатқан әр науқастың еміне шипа тілеген ағайын жүр сыртта.

- Доктор, аман алып қалыңызшы, бір-екі минут болса да демі бітпесінші, - деп өңешіне өксік тығылғанша жалынып тұрған жанашырдың жан даусына мән бермеу мүмкін емес еді. Көз көреді, құлақ естиді. Жансақтау бөліміне келіп тұрған пациент­тің туысы өте қобалжулы. Әрине, оңай емес. Ал біз осы бір-екі минуттың қадірін біліп жүрміз бе?! Ойланайық.

БІР МИНУТТЫҢ ҚАДІРІНұрбике

ҚАЗИҚЫЗЫ

http://www.halyk-gazeti.kz/index.php?option=com_content&view=article&id=6821:2017-01-26-06-10-02&catid=6:2011-11-18-09-03-06&Itemid=6

Елжан Біртанов Денсаулық сақтау министрі болып тағайындалдыҚазақстан президентінің жарлығыменЕлжан Біртанов Денсаулықсақтау министрі болып тағайындалды деп хабарлайды Ақорданыңбаспасөз қызметіне сілтемежасап NUR.KZ.

«АСЫЛ МИРАСТЫҢ» СӘБИЛЕРГЕ СЫЙЫҚызылорда облысында бала туу көрсеткіші республикадағы орташа көрсеткіштен қашанда жоғары болған. Дегенмен, нәрестелер арасында өлім-жітім де кездесіп отыр. Айталық, 2015 жылы 198 нәресте шетінеп кеткен. Олардың 74 пайызы шала туған сәбилер. Ал өткен жылы 7 айда 79 балаға неонатологтардың шұғыл көмегі қажет болды. 62 нәресте облыстық перинаталдық орталыққа тасымалданса, 17 сәбиді аудандық ауруханаларда ем алған.

Ал бүгін шала туған сәбилер өмірін сақтайтын Atom Transcapsul V-808 көлік инкубаторының екеуі қаладағы перинаталдық орталыққа жеткізілді.
Перинаталдық орталықта медициналық құрылғының таныстырылымына арналған баспасөз мәслихаты өтіп, оған облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы А.Әлназарова, Болат Өтемұратовтың «Асыл Мирас» жеке қайырымдылық қорының директоры – М.Айтмағамбетов, қала әкімінің орынбасары М.Молдабаев қатысты.
— Құны 48300000 теңге болатын өмірлік маңызы зор медициналық жабдық Болат Өтемұратовтың «Асыл Мирас» қайырымдылық қорының ұйытқы болуымен «Charity Tour de Burabay 2016» қайырымдылық велошеруін өткізу кезінде жиналған қаржыға сатып алынды. Инкубаторлар нәрестелерді, әсіресе шала туған туған сәбилерді облыстық перинаталдық орталыққа тасымалдау кезінде оларды қоршаған ортаның әсерінен қорғап, баланың өмірін аман сақтап, оның әрі қарай өсіп жетілуі үшін қажетті ортаны жасап береді, — деді қор директоры М.Айтмағамбетов.
Айта кетейік, «Charity Tour de Burabay 2016» қайырымдылық велошеруінде барлығы 100 млн. теңге жиналып отыр. Қаржының қалған бөлігі Ақмола облыстық балалар ауруханасын қажетті медициналық жабдықпен қамтамасыз етуге бағытталады.
Фариза ОМАРОВА


«АСЫЛ МИРАСТЫҢ» СӘБИЛЕРГЕ СЫЙЫ
«АСЫЛ МИРАСТЫҢ» СӘБИЛЕРГЕ СЫЙЫ
«АСЫЛ МИРАСТЫҢ» СӘБИЛЕРГЕ СЫЙЫ

http://syr-media.kz/news/asyl-mirasty-s-bilerge-syjy/

ӨЗІ ДЕ, СӨЗІ ДЕ – ДӘРІ ДӘРІГЕРОқырманның «Мұндай атауға ие болған кім екен?» деп таң қалуы да мүмкін. Мен медицина қызметкері және ауру адам арасындағы қарым-қатынасты ғылыми түрде жете талдаған медициналық кітаптың бірінен Михали Балинттің «Дәрігердің өзі - дәрі» деген сөз тіркесін кездестіріп, Даналы туралы мақала жазарда тақырыпқа осы сөз өте лайықты деп шештім.

Онымен бірге жұмыс істескен жоқпын. Оған қоса отбасымен жете араласқан да емеспін. Өмірдің осынау қым-қуат шақтарында бірнеше мәрте басымыздың қосылған қысқа сәттері ғана бар.

Мінезі тумысынан сырбаз, ашу-ыза, өкпелеу дегенді білмейтін әріптесімнің болмыс-бітімі мені қызықтыратын. Оның да зейнеткерлік жасына аман-есен жеткенін кездейсоқ есітіп, қуандым. Әйтпесе, қаншама әріптесіміз осы қуанышты сәтке жете алмай, өмірден өтті-ғой.

Даналы Жұмашұлы жөнінде баспасөз беттерінде тек өзінің сала бойынша жазған бірнеше мақалаларынан басқа толыққанды мәлімет көзіме түспеді. Кезінде (2002 жылы) облыс медицинасының атасы, денсаулық сақтау саласын ұзақ уақыт басқарған Ернияз Омаровпен бірлесіп жазған «Сыр медицинасы. ХІХ-ХХ ғасыр» атты кітабыма қайта көз жүгірткенімде Даналының да, оның туған әкесі Жұмаштың (Ербатырдың) да есімін кездестірмедім.

Кітап жазарда сол кездегі денсаулық сақтау ұйымдарының басшыларына «Ешбір медицина қызметкері ұмыт қалмасын» деп өтініш айтқан болатынбыз. Ерекең екеуміз облыстағы барлық ауданды аралап, тағы да ескерттік. Алайда, өкінішке орай кейбір әріптестеріміз кітапқа енбей қалды. Сол олқылықтың орнын осы мақала толықтырар деген ойдамын.

Сонымен, мақал кейіпкері, Даналы Жұмашұлы Ералиев 1954 жылдың 21 қаңтарында Жалағаш ауданының «Ақарық» ауылында дүниеге келген. Кейін оның ата-анасы қазіргі Н.Ілиясов атындағы ауылға (бұрынғы К.Маркс) қоныс аударып, ол мектептің 10-шы сыныбын іргелес «Шіркейлі» ауылындағы мектеп-интернатта оқып бітірді.

1971-1977 жылдары Алматы мемлекеттік медициналық институтының «емдеу ісі» факультетінде оқып, дәрігер мамандығына ие болды. Институттен соң Қызылорда облыстық ауруханасында неврология саласы бойынша бір жылдық интернатурадан өтті. Одан соң Жалағаш, бұрынғы жабылып қалған Сырдария аудандық ауруханаларында психоневролог дәрігер болып қызмет етті.

1982-2002 жылдар аралығында облыстық психонервологиялық ауруханада алдымен дәрігер-ординатор, одан соң №9 (әйелдер) бөлімшесінің меңгерушісі болды.

ӨЗІ ДЕ, СӨЗІ ДЕ – ДӘРІ ДӘРІГЕР2002 жылдан бері осы кезге дейін Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон облыстық департаментінде мамандандырылған медициналық-әлеуметтік сараптау комиссиясының басшысы болып, бір орында жұмыс істеп келеді.

Киев қаласында психиатриядан 4,5 айлық алғашқы маманданудан өтіп, Алматы қаласында өз мамандығы бойынша білім жетілдірді.

Еңбегі еленіп, «Астананың 10 жылдығы» медалімен және «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Оған қоса облыс әкімінің, өзі жұмыс істейтін Департаменттің «Алғыс Хаттары» да бар.

Онымен жақын арада кездесіп, оңаша сұхбаттасу кезінде әріптесім өзі туралы баяндаудан гөрі әңгіме желісін ата-анасы, туған-туыстары жағына көбірек бұрды.

«Әкем Жұмаш (Ербатыр Қопабаев) Ақтөбе облысы Ырғыз ауданының «Нұра» ауылынан. 2-ші дүнижүзілік соғыс басталар алдында медицина маманын дайындайтын курсты бітіріп, әскерге шақырылды. Курсты бітірер кезде соғыс басталып, фельдшер-санитарлық нұсқаушы болды. Жеңістен кейін 1 жылдан соң елге аман-есен оралып, мамандығы бойынша 12 жыл бойы «Аламесек», «Шымбөгет», «Ақарық», «Қосарық», «Бесікті» ауылдық округтерінде фельдшер қызметін атқарды. 1958-1996 жылдар аралығында Нағи Ілиясов ауылдық округінің учаскелік ауруханасының бас дәрігері болып қызмет етті.

Анам Кенжегүл Сәрсенбайқызы «Ақарық» ауылынан. 8 баланың анасы, үй шаруасындағы әйел» деп бастады әңгімесін әріптесім.

- Әке жолын қуып, яғни медицинаны таңдаған бүгінде өмірден өткен апам Ғалия және мен болатынмын. Апам медициналық колледжді санитария саласы бойынша бітіріп, Тереңөзектегі аудандық СЭС-те қызмет етті. Дания апам Қызылорда қаласында тұрады, зейнеткер. Қарындастарым Нұрия облыстық психиатриялық ауруханада - бухгалтер, Нұрзия - кәсіпкер, «Даранұр» жеке балабақша меңгерушісі.

Інім Абзал болса, елге танымал, менің және отбасымыздың, тіпті Сыр елінің мақтанышы, Қазақстанның Еңбек Ері, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, Қызылорда облыстық күріш өндірушілер және өңдеушілер қауымдастығының Президенті. Дархан інім Н.Ілиясов ауылының төрағасы. Ата-анамның кенжесі, Бауыржан інім – бүгінде қара шаңырақтың иесі, ауылда тұрады.

Даналының өмірлік жары Зәуреш Тасыбаева 1977 жылы Қызылорда педагогикалық институтының «шет тілдері» факультетін бітірген. Тасбөгеттегі №11 орта мектепте ағылшын тілінен сабақ беріп, зейнеткерлікке шықты.

Зәурештің әкесі Болтай Тасыбаев 2-ші Дүниежүзілік соғыста 9 жыл өмірін өткізген, барлаушы болған, соғысты капитан шенінде аяқтаған, әйгілі «Катюшаға» басшылық жасаған, Мәскеудегі Жеңіс Парадына қатысқан, еліміздегі санаулы майдангерлердің бірі. Арал аудандық партия комитетінің хатшысы, Жалағаштағы СПТУ-дың директоры болып зейнетке шықты.

Зәурештің анасы Мінәш Әлайдарова соғыс кезінде тылда 16 жасында XVIII партсъезд ауылдық кеңес хатшысы, мектепте мұғалім болған. «Ленин» орденін кеудесіне таққан еді.

Даналы мен Зәурештің Құдай берген үш перзенті бар. Ермегі – фермер, күріш егеді. Қызы Жаннұр – мемлекеттік қызметте. Кенжелері Ернұр орта мектепті «үздік белгімен» бітірген. Қазақ Ұлттық Университетінің халықаралық қатынастар факультетін «ерекше» дипломмен тамамдаған. Бүгінде еліміздің Сыртқы істер министрлігінде жұмыс істейді, Белгияның Брюссель қаласында атташе және сол елдегі елшіміздің көмекшісі.

Бақытты отбасы осы ұл-қыздарынан 4 немере сүйіп отыр.

«Психиатрия – өзінше бір жабық әлем ғой. Ол көбінесе философиямен астасып жатады. Психиатрияның төрттен бір бөлігін ургентті (шұғыл) психиатрия құраса, қалған бөлігі әлеуметтік психиатрияның еншісінде. Шет елде осы соңғы бөлікке көп көңіл бөлінеді. Еліміз егемендік алғаннан соң отандық психиатрия да әлемдік үлгіде жұмыс істеуге көше бастады. Бұл салада да жағымды жаңалықтар жеткілікті» деді Даналы сөз арасында.

Жұмысындағы есте қалған бір оқиғаны тілге тиек еткен ол: «Өткен ғасырдың 90-шы жылдары медициналық сараптауға психикалық дерті барлар көптеп келе бастады. Кейбірінің жасы 40-50-ден асқан. Осы кезге дейін неге кешікеннін сұрағанымда, туыстары: әке-шешеміз: «Жүре берсін, сол үшін қазан көтеріп отырған жоқпыз» деп өзімізге ұрысатын деген дәйек айтқаны бар. Мен: «Қайран, қазағымның дархан көңілін-ай» деп сезімге бөленгенмін» деп сөзін аяқтады.

Иә, осыларды саралай келе Даналы Жұмашұлын «Өзі де, сөзі де дәрі - дәрігер» деп айтуға толық негіз бар деген ойға келдім. Оның сүйікті кәсібі психиатрия саласында психиатр дәрігердің тұлғасы мен сөзіне ерекше мән берілетінін ескеріп айтқаным ғой.

 

Серікбай СМАҒҰЛҰЛЫ,

дәрігер, ҚР Журналистер Одағының мүшесі,

«Сыр медицинасы» облыстық газетінің бас редакторы

«НҰР-ЖАН» журналы, қаңтар 2017 жыл

ЖҮЙКЕНІҢ МЫҚТЫЛЫҒЫ – ДЕНСАУЛЫҚТЫҢ ТҮП ҚАЗЫҒЫҚазіргі таңда мемлекеттік сала мамандарынан олардың білім-біліктілігінен бұрын, ең алдымен адамгершілікті, адалдықты, қарапайымдылықты талап ететініміз анық. Бүгінгі сұхбатымыздың кейіпкері ҚР Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон Комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті мамандандырылған медициналық-әлеуметтік сараптау бөлімінің басшысы Даналы Жұмашұлы Ералиев сондай жанның бірі. Оның жан дүние сымбаттылығы мен сыпайылығына, мәдениеттілігіне ерекше тәнті боласыз.

Даналы Жұмашұлы Жалағаш ауданының «Ақарық» ауылында дүниеге келген. Кейіннен отбасы Нағи Ілиясов атындағы ауылға көшіп келген соң, ол іргелес орналасқан «Шіркейлі» ауылындағы мектеп-интернатта оқиды. Мектепті ойдағыдай аяқтаған жас талапкер әкесінің жолын қуып, дәрігер мамандығын таңдайды.

"Мамандық таңдау - өміріңіздің бір кірпішін дұрыс қалау” деп бекер айтылмаған. 1971 жылы Алматы мемлекеттік медициналық институтына түскен Даналы оны 1977 жылы "емдеу ісі” мамандығы бойынша бітіріп шығады. Қызылордаға келгеннен кейін облыстық ауруханада неврология саласы бойынша бір жылдық интернатурадан өтіп, Жалағаш, Сырдария аудандық ауруханаларында психоневролог дәрігері болып қызмет атқарады.

Психоневрология дәрігері қызметі бойынша мол тәжірибе жинаған Д.Ералиев 1982 жылы Қызылорда облыстық психоневрологиялық ауруханасында дәрігер-ординатор, кейіннен бөлімше меңгерушісі болды. Осы мамандықты атқара жүріп, 1991 жылы облыстық әлеуметтік қорғау басқармасында мамандандырылған дәрігерлік-еңбек сараптау бөлімінің төрағалығын атқарды.

20 жылдан кейін, яғни 2002 жылы мамандандырылған медициналық-әлеуметтік сараптау бөлімінің басшысы қызметіне ауысады.

 ЖҮЙКЕНІҢ МЫҚТЫЛЫҒЫ – ДЕНСАУЛЫҚТЫҢ ТҮП ҚАЗЫҒЫ

- Даналы Жұмашұлы, әке жолын қуып дәрігер атандыңыз. Әкеңізді елде Ербатыр деп атайды екен, ата-анаңыз жайлы айтып берсеңіз.

 

- Әкем Ералыұлы Жұмаш 1917 жылы Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданы, «Нұра» ауылында дүниеге келген. Медицина мамандығын дайындайтын курсты 1939 бітірген жылы екінші дүниежүзілік соғыс басталып, әскерге алынады. Сұрапыл соғыста фельдшер-нұсқаушы болған. Өмір мен өлім арасында жүріп ес-түсін білмей жатқан жаралыға алғашқы медициналық көмек көрсету, оны майдан даласынан алып шығу жүректің мықтылығын, қажырлықты қажет етеді. Соғыста өлімді көрмейтін жауынгер жоқ, алайда оны ешкім әскери фельдшердей сезінбейтін шығар. Талай рет өлім қауіпін бастан кешірген ол соғыс аяқталғаннан кейін елге 1946 жылы оралысымен мамандығы бойынша жұмысқа кірісіп кетеді. 12 жыл «Аламесек», «Шымбөгет», «Ақарық», «Қосарық», «Бесікті» ауылдық округтерінде, "Қазақ ССР-нің 50 жылдығы” атындағы совхозда фельдшер болып, малды ауылға қалтқысыз медициналық қызмет еткен. 1958 жылдан еңбек демалысына шыққанша Н.Ілиясов ауылындағы аурухананың бас дәрігері болды.

Әкеміздің көзін көргендер: "Елге сыйлы, білікті дәрігер еді. Ауырып барғандарды жылы сөзбен қарсы алатын. Ол кезде қазіргідей жабдықталған дәрігерлік аппараттар болмаса да, аурудың себебін дәл анықтап, сауығуына жағдай жасайтын. Ауру адамдардың жайын ойлап, күн демей, түн демей жұмыс істеді. Халық арасында Ербатыр атанып кеткен әкең көптің алғысын алған адам” дейтін.

Анам Кенжегүл Сәрсенбайқызы «Ақарық» ауылынан. Әкем анамды, медициналық бiлiмi болмаса да, ауруханада жұмыс көбейіп, үлгермей жатқан кездері өзімен бірге ертіп алып барады екен. Анам медициналық аспаптарды, шприц, инелерді залалсыздандыру және т.б. аурухана жұмыстарын практикалық түрде үйреніп, әкеме көмектескен. Үйде де күні бойы тыным таппайтын, сиыр сауып, нан жауып, тағы басқа үй шаруасымен жүрсе де біздің уақытылы тамақтануымызға, таза жүруімізге көп көңіл бөлетін. Мұның бәрі менің келешек медицина саласын таңдауыма үлкен түрткі болды.

 

- Жанұяда неше ағайындысыздар? Сізден басқа отбасында медицина мамандығын таңдағандар бар ма?

 

ЖҮЙКЕНІҢ МЫҚТЫЛЫҒЫ – ДЕНСАУЛЫҚТЫҢ ТҮП ҚАЗЫҒЫ- Біз сегіз ағайындымыз. Медицина мамандығын алдымен үлкен апам Ғалия таңдаған болатын. Ол медициналық колледжді санитария саласы бойынша бітіріп, Тереңөзектегі аудандық СЭС-те қызмет етті. Өкiнiшке орай, апам өмірден ертелеу өтіп кетті. Дания апам Қызылорда қаласында тұрады, зейнеткер. Қарындастарым Нұрия облыстық психиатриялық ауруханада - бухгалтер, Нұрзия - кәсіпкер, «Даранұр» жеке балабақшасының меңгерушісі.

Інім Абзал - "Абзал және К” толық серіктестігінің директоры. Отбасымыздың және Сыр елінің мақтанышына айналған Абзал Қазақстан Республикасының Еңбек Ері, Қызылорда облыстық күріш өндірушілер және өңдеушілер қауымдастығының президенті, Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты.

ЖҮЙКЕНІҢ МЫҚТЫЛЫҒЫ – ДЕНСАУЛЫҚТЫҢ ТҮП ҚАЗЫҒЫДархан інім - «Мағжан және К» ЖШС директоры. Н.Ілиясов ауылының төрағасы. Аудандық мәслихат депутаты. Көп жылғы еңбегі еленіп, "ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығы”, "Мәслихаттың құрылғанына 20 жыл”, "Нұр Отан” партиясының "Ерен еңбегі үшін” медальдарымен, 2015 жылы «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен, ҚР Президентінің, ҚР Білім министрлігінің Алғыс хаттарымен, ҚР Президенті Н.Назарбаевтың 2016 жылғы 29 қарашадағы Жарлығы бойынша "ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл” медалімен, 2016 жылғы 5 желтоқсандағы Жарлығы бойынша "Ерен еңбегі үшін” медалімен марапатталған. Ата-анамның кенжесі Бауыржан інім - жеке кәсіпкер. Бүгінде қара шаңырақтың иесі, ауылда тұрады.

 

- "Отан - отбасынан басталады” дейді. Әр отбасы - өзінше бір шағын мемлекет. Құт-береке дарыған, сыйластық пен ауызбіршілік орнаған үлкен шаңырақтан шығып, өз алдына жанұя құрдыңыздар. Енді өзіңіздің құрған шағын мемлекетіңізбен таныстырсаңыз.

 

ЖҮЙКЕНІҢ МЫҚТЫЛЫҒЫ – ДЕНСАУЛЫҚТЫҢ ТҮП ҚАЗЫҒЫ- Әйелім Зәуреш Тасыбаева екеуміздің үш бала, төрт немереміз бар. Зәуреш Қызылорда педагогикалық институтының «шет тілдері» факультетін 1977 жылы бітіріп, Тасбөгеттегі №11 орта мектепте ағылшын тілінен сабақ берген. Қазір зейнеткер.

ЖҮЙКЕНІҢ МЫҚТЫЛЫҒЫ – ДЕНСАУЛЫҚТЫҢ ТҮП ҚАЗЫҒЫҮлкен ұлымыз Ермек - Қорқыт ата университетінің "құқықтану және экономика” факультетін және Қызылорда облысы Заң академиясын заңгер мамандығы бойынша бітірген. Жеке кәсіпкер. Келініміз Роза - жоғары білімді экономист. Облыстық әкімшілікте мамандығы бойынша бөлiм басшысы қызметiнде болған. Қазір бала күтімінде, бір ұл, бір қыз тәрбиелеуде.

Қызымыз Жаннұр - ҚР Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон Комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінде бас маман. Жанұялы, бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр.

ЖҮЙКЕНІҢ МЫҚТЫЛЫҒЫ – ДЕНСАУЛЫҚТЫҢ ТҮП ҚАЗЫҒЫКенжеміз Ернұр орта мектепті «Алтын белгімен» аяқтады. Қазақ Ұлттық Университетінің халықаралық қатынастар факультетіне оқуға түсіп, үздік дипломмен бітірді. Бүгінде еліміздің Сыртқы істер министрлігінде жұмыс істейді. Қазіргі уақытта Бельгия корольдігінің астанасы Брюссель қаласында атташе және сол елдегі елшіміздің көмекшісі.

Ернұр қызым Жаннұрдан соң 12 жылдан кейін дүниеге келген. Жаннұр інісіне кішкентайынан өзі қарап, баққан. Ернұр оқуын ойдағыдай бітіріп, жұмысқа орналасқан кезде бірінші айлық табысын тәтесінің қолына әкеліп берген еді. Жаннұр толқығаннан жылап жіберген, оған қосылып анасы да, қасында отырған жолдас қызының да жылағаны есімде.

 

-Даналы Жұмашұлы, қазір мінез-құлқындағы ауытқулары бар, ақыл-есі кем жандардың саны артып бара жатқан жоқ па? Себебі неде деп ойлайсыз?

- Оның нақты себебін айту қиын, ол әлеуметтік жағдайдан болуы мүмкін. Нашар экология да адамның жүйке жүйесіне әсер етеді, тұқым арқылы таралатыны бар. Нашақорлар жүйке ауруына көп шалдығады, басынан қатты соққы алған жағдайда, т.т. болады. Қазіргі шектен тыс интернетті пайдалану да адамның психикасына зиянды әсер етеді.

 

- Жүйке ауруымен облыс бойынша есепте қанша науқас тұрады? Қай аймақта жиірек кездеседі? Жас шамалары қандай?

- Облыс бойынша есепте тұрғандардың саны 2015 жылмен салыстырғанда 2016 жылы анағұрлым төмен. Мысалы, Қызылорда қаласы бойынша психикалық және мінез-құлықтық бұзылысының салыстырмалы түрдегі аурушаңдық көрсеткіші 2015 жылы 70,3% болса, 2016 жылы 57,1%-ға дейін төмендеген. Психоневрологиялық аурумен ауыратындар көбінесе Қармақшы, Сырдария аудандарында жиі кездеседі.

Облыста науқастарға мемлекеттік көмек көрсететін 6 сараптама бөлімі бар: 18 жасқа дейінгі балалар сараптама бөлімі; үш қала, ауданаралық сараптама бөлімі; мамандандырылған медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімі, әдістеме және бақылау сараптама бөлімі. Соның ішінде мамандандырылған медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімінен өтетіндер саны әлдеқайда көп.

Сонымен қатар, туберкулез, психоневрологиялық, лепрозорий, т.б. ауруханаларында ем алып жатқан ауыр науқастарға арнайы барып медициналық-әлеуметтік сараптама жасалады. Ал, жүйке ауруына шалдыққандардың жас шамасын айтатын болсақ, облыс бойынша алғашқы сатыда 18 жас және одан жоғары жас шамасындағылар, одан кейін 60 жастан жоғарғылар, сосын 14 жасқа дейінгілер және соңғы сатыда 15-17 жас аралығындағылар.

 

- Аудандарда психоневрологиялық мамандар жеткілікті ме?

- 2016 жылдың желтоқсан айында психоневрология ауруларына арналған Шиелі және Жаңақорған аудандарына қызмет көрсететін 40 орындық психоневрологиялық бөлім ашылды. Бөлімдер жаңа ашылғандықтан, білімі жетілдірілген мамандар әзірге жетіспеуде, алайда облыстық психоневрологиялық ауруханадан мамандар кезекпен барып жұмыс жасайды.

 

- Жүйке ауруына көбінесе ауыл тұрғындары шалдыға ма, әлде қалада тұратындар ма?

- Психоневрологиялық ауруларға ауыл тұрғындарынан гөрі қала тұрғындары көбірек шалдығады. Себебі, қалада жұмыс барысындағы қарбалас салдарынан күйзеліске ұшырау жағдайлары көбірек кездеседі.

 

- Қазіргі таңда не көп, емші көп. Емшілердің көмегімен жүйке дертінен жазылып кету мүмкін бе? Әлде оларға емшіге бару зиян ба?

- Әрине, ондай жағдайлар сирек те болса болатын шығар. Онда да бұлардың жүйке ауруларының истериялық невроз, неврастения, невроз сияқты жеңіл түрлері болуы мүмкін. Дегенмен, емшілерге психиатриялық, онкологиялық және инфекциялық кеселдерді емдеуге заңмен қатаң тиым салынған. Сондай-ақ, емшінің психиатрия ғылымынан мүлдем хабарсыз екенін ескерсек, дұрысы психикалық дертте емшіге бармаған абзал. Өйткені, дерт асқынып, өте ауыр жағдайға тап болуы ғажап емес.

Жалпы, тораптағы жоғары медициналық білімі бар дәрігерлердің өздері мұндай сырқаттарды тек психиатрға жолдап жатады. Өйткені, олар психиатрияның күрделі сала екенін түсінеді. Ал шизофрения, олигофрения, қояншық (эпилепсия) дегендей аурудың ауыр түрлерін емшілер мүлдем емдей алмайды.

 

-Психикалық дерттері бар мүгедек науқастарды оңалту жолы қандай?

-Ертеректе инсулинді-шоктық терапия қолданған. Қазіргі кезде медикаментоздық (дәрі-дәрмектік) емге көбірек сүйеніледі. Дәрі-дәрмектің құрамында түрлі химикаттар болғандықтан, бұл емнің адам ағзасына тигізер зияны әлдеқайда көбірек.

Медициналық психологтың, психотерапевтің де көмегі зор. Жеңіл саннаттағы мүгедектің әлеуметтік ортаға тез бейімделуіне бағытталған шаралар бар. Мұнда еңбек терапиясы, қызығушылығы бойынша орта тәсілдері қолданылады.

 

-Ата-анаңыздан қандай қасиеттерді өзіңізге өмірлік серік етіп алдыңыз?

 

-Әкемнің қайрат-жігері мен өз ісіне деген сүйіспеншілігі осы күнге дейін ел аузында. Ол кісі қиындыққа мойымайтын, еңбекте қажырлы, досқа адал, балаға қатал болатын. 80 жастан асқанша кітап оқып, көп ізденетін. Үйге келіп ауруына шипа іздеп, кеңес сұраушылар көп болатын. Анамызды барлығымыз «апа» деп атайтынбыз. Мінезі сабырлы, мейірімді, дастарханы үнемі жаюлы тұратын. Әулетіміздің бала-шағасы оны "ұрыспайтын апа” дейтін.

 

- Аса ауыр сала - психиатрияда қырық жылға жуық жұмыс істеу жүйкеңізге жүк түсірмеді ме?

-Дәрігер де ет пен сүйектен жаралған. Адам болған соң ауру адамға деген аяушылық сезімдері болады, ойлайсың, алаңдайсың. Ем қонбай жатса - қайғырасың, жазылып жатса - қуанасың. Психиатрия саласы медицинаның ауыр саласының бірі, жүйкеге жүк түсірмеу мүмкін емес. Себебі, адамның ең сезімтал жүйелерінің бірі - жүйке жүйесі. Қаншама төзімді болғаныңмен әсер етпейді деуге болмайды. Өз басым қан қысымым көтеріліп, екі рет инсульт алдым, жүрек тамырына стент қойылды.

 

-Газет оқырмандарына психикалық денсаулықты сақтау үшін маман ретінде қандай кеңес бересіз?

-Салауатты өмір салтын ұстану қажет. Спортпен айналысыңыздар, оның ішінде суға жүзу спорты нерв, жүрек-қан тамырлары мен тыныс алу жүйелеріне өте пайдалы. Түрлі треннингтерге қатысып тұрудың адам психологиясына пайдасы зор. Адамның өзін-өзі танып, қоршаған ортаға бейімделуіне, білімін, интеллектуалдық белсенділігін арттыруға жәрдемдеседі. Мүмкіндігінше санаторий, басқа да демалыс орындарында демалып тұрған дұрыс. Ең бастысы көңіл-күйді түсірмеу қажет. Көтеріңкі көңіл-күй - денсаулықтың патшасы. Өмірдің кез-келген жағдайына сын көзбен қарап, сабыр сақтай білсеңіздер, қандай қиыншылық болмасын жеңуге болады.

 

- Сұхбатыңызға рахмет! Пайғамбар жасыңыз құтты болсын. Алла Сізге мықты денсаулық, ұзақ өмір, баянды бақыт берсін!

ЖҮЙКЕНІҢ МЫҚТЫЛЫҒЫ – ДЕНСАУЛЫҚТЫҢ ТҮП ҚАЗЫҒЫ
ЖҮЙКЕНІҢ МЫҚТЫЛЫҒЫ – ДЕНСАУЛЫҚТЫҢ ТҮП ҚАЗЫҒЫ
ЖҮЙКЕНІҢ МЫҚТЫЛЫҒЫ – ДЕНСАУЛЫҚТЫҢ ТҮП ҚАЗЫҒЫ
ЖҮЙКЕНІҢ МЫҚТЫЛЫҒЫ – ДЕНСАУЛЫҚТЫҢ ТҮП ҚАЗЫҒЫ

Гүлдана АСАНОВА,

"Сыр медицинасы” газетінен

Назад Вперед