Ауа райы
Мерекелер

АЛҒЫСҚА БӨЛЕНГЕН АБЗАЛ ЖАНЕл Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында Сыр өңірі медицинасының қанат жайғанына да ширек ғасырға толып отыр. Бүгінде облысымыздың әрбір тұрғыны керекті ем-дом шараларын уақытылы алып, халықтың әлеуметтік хал жағдайы оңала түскен-ді. Медицина саласының сан тармағында жер-жердегі амбулаториялық емханалардағы қызметкерлердің көзге көріне бермейтін еңбектері еселі. Себебі, ауыл халқы көбіне ауылдық емханалардан алғашқы көмек алып, ем-домын жүргізіп шығады.

Басың ауырып, балтырың сыздағанда да сол ақ халатты абзал жандарға барып жан тыныштығын табатынымыз жасырын емес. Әсіресе, үй-үйді аралап, жанына дауа іздеген әрбір ауыл тұрғынына өз көмегенін жеткізуші фельдшер мамандары әр ауылға керек маманның бірі. Шаршауды білмейтін, өз мамандығын бар ынтасымен орындап ел-халықтың алғысына бөленіп жүрген азаматтың бірі – Руслан Бейсенбаев. Ол Еңбек ауылының жас маманы, Тәуелсіздіктің төл құрдасы. Тіршілігі қазандай қайнап жатқан ауыл тұрғындарының әр қайсысының жан жарасы мен шипасын Русланнан артық білетін жас кемде-кем шығар?!
Елдің ыстық ықыласына бөленіп жүрген дәрігер жігіт Ақтөбе медициналық колледжінің 2011 жылғы түлектерінің бірі. Қым-қуыт қарбаласқан қалада өз қызметін бастап кеткен Русланды 2013 жылы ауыл әкімі маман тапшылығына байланысты шақыртқан екен. Елге келіп қызмет етуді ойлаған жас маман осы жылы «Дипломмен–ауылға» бағдарламасы бойынша ауылға ат басын бұрыпты. Уақыт өте келе бағдарлама аясында алғашқы жарнасын алып, кейін баспаналы болады. Бүгінгі таңда жауапты маман иесі Еңбек ауылдық дәрігерлік емханасында жалпы тәжірбиелік фельдшер қызметін атқарады. Медицина саласының қиындығынан мойымайтын ол ауыл халқының денсаулығы үшін уақытпен санаспай жұмыс жасайтындығын да жасырмады.
–Емхана қызметіне күніне кем дегенде 10-15 ауыл тұрғыны жүгінеді. Оған қоса күніне 5-6 науқас үйге шақыртып, ем-домын жүргізіп кетеміз. Ауру айтып келмейді демекші, түнде егде жастағы науқастарға алғашқы көмек көрсету де біздің мойнымызда. 3 жыл ішінде ауыл тұрғындарының бір баласындай болып кеттім, — дейді Руслан өз сөзінде.
Жас маман өз қызметі барысында түрлі тосын жайттарға да кездесіп жатады екен. Өткен жылы таңғы уақытта дәрігерлік пунктке шақырту келіп түседі. Ай-күні толған келіншекті толғақ қысып, ауданнан жедел жәрдем шақыртады. Ауылға жедел жәрдем біршама уақыттан соң жетіп, Бұқарбай батыр ауылының бойында келіншек жолға шыдамай босанып қалады. Фельдшер маманы болса да Руслан жаңа дүниеге есігін ашқалы отырған сәбидің өмірін сақтап қалуға өзі білек сыбана кіріседі. Бұл Русланның алғаш сәбиді аман-есен анасына қауыштырған қуанышты сәтінің бірі еді.
Түйін. Өзі, сөзі, пышағы ем болатын дәрігерлер қауымы ауыл тұрғындарының ғана емес бүтін ұлт саулығына үлес қосатыны сөзсіз. Тәуелсіздікпен қатар жасасқан Сыр медицинасына талмайтын қайсар жүректі ұл-қыздар керек-ақ. Көптің батасын алып жүрген Руслан бүгінде шаңырағын биік ұстап отырған азамат. Келіншегі Ардақпен жарасымды жанұя құрып, Аяна есімді тәтті періштенің қызығына кенеліп жүр.

Жайна ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ.

«Жалагаш Жаршысы» газетінен

http://zhalagash-zharshysy.kz/al-ys-a-b-lengen-abzal-zhan/