Ауа райы
Мерекелер


АЛАШТЫҢ АРДА АЗАМАТЫ

 

«Адамның мейірбандығы туған жердің топырағынан, ананың сүтінен дариды. Ал, біздің бесігіміз де, несібеміз де–ауыл».

Академик Камал ОРМАНТАЕВ.

ЕРЛІККЕ ТОЛЫ ӨМІР

Өткен ғасырдың 70-90 жылдары Арал аймағы өңірінде адам өлімі екі есеге дейін өсіп, ол ел арасында үлкен мәселе тудырған еді. Оның ішінде ана мен бала өлімі одақтық көрсеткіштен еселеп жоғары болатын. Адам санасына сыймайтын бұл дерек кімді де болса ойландырмай қоймайтын. Жарық дүние есігін ашпастан қаншама қызылшақа сәбилер мен аналар пәни өмірмен қоштасты десеңізші?! Бірақ ұлтының ауыр қасіреті көлеңкеде қала беретін.

Осы бір түйіні тарқамаған өліара тұста балалар хирургиясы көгіне жұлдызы жарқырай жас ғалым, дарынды дәрігер, талантты тұлға, күллі қазақ елінің мақтанышына айналған балалар хирургиясының негізін қалаушы, академик Камал Сәруарұлы Ормантаев келді.

АЛАШТЫҢ АРДА АЗАМАТЫОл өмір мен өлім жан алысып, жан беріскен медицина саласында 60 жылдай шаршамай-шалдықпай еңбек етті. Ұлттық намыс пен рухани болмысты биік ұстай жүріп, қазақ ұлтының ұлы перзентіне, үлкен жүректі азаматына айналды.

Қарапайым отбасында өмірге келіп, халықтың шын мәніндегі қалаулысы, туған жерінің тұғыры биік тұлғасы атана білді. Тынымсыз еңбектің арқасында атақ-даңққа бөленді. Оның осы бір ауыр да сан тарау саладағы жанкешті еңбек жолы-халқын шексіз сүйетін, оның бола­шағы-бала тағдыры мен денсаулығына бей-жай қарай алмайтын­дығы­ның айқын көрінісі. Оның елге, Отанға деген ыстық сүйіспеншілігі «Балалар хирургиясының атасы» дәрежесіне көтерді. Небәрі 35 жасында Қазақстанда бірінші болып бала­лар хирургиясынан докторлық диссертация қорғаған тұңғыш профессор. Бүгінгі күнге дейін сан мың сәбидің өмірін аман сақтап, мыңдаған білікті де білімді шәкірт тәр­бие­леген-ұлағатты ұстаз, ұлт жанашыры.

Туған жер топырағынан түлеп ұшып, алтын бесік аймақ­тың айбарын асырып жүрген академик Камал Сәруар­ұлы­ның медицина саласына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз.

Қорқыт абыздың мәңгілік мекенінен кіндік тартқан тау тұлғаның есімі қазіргі кезде өз еліміз де ғана емес, әлемнің көптеген елдеріне мәшһүр.

Оның қолы да, жүрегі де алтын. Сол алтын жүрегі мен алтын қолымен 14 мыңнан астам балаға күрделі операция жасап, оларға екінші рет өмір сыйлады.

Камал Сәруарұлы өзінің «Ұрпақ-ұлт тағдыры» атты кітабында: «…Медицина институтын 1959 жылы жақсы бітіріп, 1961 жылға дейін сол кафедрада болдым. Балалар хирургиясы ғылыммен шындап терең айналысқан жыл­дардың тізбегі басталды. «Туа біткен аурулар» атты тақы­рып­ты талмай зерттедім. Ізденіс, ерінбей еңбектену, том-том кітаптарды, күрделі ғылыми еңбектерді үздіксіз оқып, игерумен ұйқысыз өткізген түндердің ауырлығы мен рухани ләззатын айтып жеткізу оңай емес. Адам өзі сүйіп атқарған ісінен рухани қанағаттанғандық алуға да тиісті, сонда ғана оның төккен тері, еткен еңбегі еш болмайды. Еңбек, ізденіс бақыты дегеніміздің өзі осында…» деп жазады.

Ғалымның бұл сөздері жастарға, жас мамандарға үлгі-өнеге болғандай.

Еңбек, ізденіс бақыты-оны биік белестерге, асуларға жетеледі. Жігер берді, қамшы салды. Ізгілікті ізденістер мен жемісті жылдар жаңғырығы оны медицина ғылым­дарының докторы, Қазақстан Республикасының Ұлттық академия­сының академигі, Қазақстан Респуб­ликасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Парасат» ордені мен 2000 және 2003 жылғы «Алтын адам» ата­лым­ының, тәуелсіз «Тарлан-2004» платина сый­лы­ғы­ның иегері етті.

Ертеде бір данышпан: «Бұл өмірде бізге бәрі жетеді, жетпейтін бір-ақ нәрсе бар. Ол-уақыт»-деген екен. Да­на­лық­пен айтылған осы бір сөздің астарында расында да шындық жатыр. Камал Сәруарұлы тынымсыз тір­шілік арасынан уа­қыт тауып, туған жер топырағына атбасын тіреп тұрады. Өзі білім алған Шоқан Уәлиханов атындағы №26 орта мектепке соқпай кетпейді. Өткенге көз жүгіртіп, балалық, боз­ба­лалық шақты сағына еске түсіру де бір ғанибет?!

Ауылға келгенде бірге оқыған сыныптастары академик­ті құшақ жая қарсы алады. Әйтсе де бүгінде олардың да қа­тары сиреп келеді.

Әйгілі хирургтің бірге оқыған сыныптасы, білім са­ласы­ның ардагері Көшербай Іскендіров сыныптас жайлы бы­лай­ша ой толғайды.

-1942 жылы аудан орталығынан 25 шақырым жерде орналасқан Байзақ тоғайында бірінші сыныпқа барып, сол жерде төрт жыл бастауышта білім алдық. Содан соң Жосалыдағы Шоқан Уәлиханов атындағы №26 орта мектепте (бұрынғы Молотов атындағы) оқуымызды жалғастырдық. Камал екеуміз сыныптастығымызбен қатар, көршіміз және бір атадан тараған туыстығымыз да бар. Бірінші сыныптан мектепті бітіргенше қол ұстасып бірге жүрдік, бірге білім алдық. 1953 жылы орта мектепті тәмамдағаннан кейін білім қуып, әр тарап­қа аттандық. Кәмекең медицина, ал мен педагогика саласын таңдадым. Бір сыныпта 24 оқушы оқыдық. Оның 8-і қыз бала да, қалғандары ер бала болатын. Сол 24-тен бүгінде үшеуміз, Камал Ормантаев, Марат Кірекесов (ол да дәрігер) және мен қалдық. Өмір деген осы ғой… Мен Қы­­зылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институттың математика фак­уль­тетінің студенті атансам, сол жылы Камал Алматы мемлекеттік медициналық институтына оқуға қабылданды. Содан бері де арада 63 жыл сырғып өтіпті. Біз сыныптастар әрдайым Камалды мақтан тұттық, ол біздің ғана емес, күллі қазақтың мақтанышы десем артық айтқандық болмас. Ауылда туып, қазақ мектебін бітірген өрімдей жас сабағы тек орыс тілінде жүретін медицина институтында оқып, қазіргідей зор жетістікке жетіп, ғылымға орасан жаңалықтар енгізген Камалдың бұл әрекетін батырлыққа теңегім келеді. Ол бірде студент атан­ғаннан кейін орыс тілін үш айда таза меңгеріп кеткенін айтқан еді. 35 жасында Мәскеуден докторлықты екінің бірі қорғай алмайды. Қайсыбір қасиет болмасын тектен тарайды. Камалдың ата-анасы өте еңбекқор, батыл, мейірімді жандар болатын. Сәруар әкеміз осы заманның адамы болғанда-нағыз кәсіпкер болған болар еді. Айжан анамыз қарапайым жан болды. Камал інім медицина саласына бар ынта-жігерімен берілген ғалым. Оның салаға келуінің де өзіндік себебі бар. Оның алдында 3 ұл, 3 қыз шетінеген. Отбасындағы 7-ші бала Камал да, 8-ші бала Самал дүниеге келген. Ана құрсағында тоғыз ай, тоғыз күн тербелген шарананың жарық сәуле көрмей, қыршыннан қиылуы шындығында да нәубет болатын. Әкесі бала Камалға дәрігер бол, адамдарға шипа дарыт деп жастайынан өсиет етті. Ол өсиетін орындады да. Ініммен әлі күнге арамыз жақын. Жағдай, амандық сұрасып тұрамыз. Інім биыл мерейлі 80 жасқа толып отыр. Құдай берген жасын жасай берсін дегім келеді. Қазақта «Еңбегін ескермесе обал, ер­лігін ескермесе қасірет» деген даналық сөз бар. Барлық еңбегі ескерілді, алайда ерлігі ескерілмей жүргендігі мені ойлантады да тұрады. Академик Камал Ормантаевқа «Ха­лық Қаһарманы» атағы берілсе екен деген тілегіміз бар,-дейді ар­дагер аға.

Туған жерден бойына мейірбандық дарытып, әлемдік деңгейде алтын тұғырға айналған ағамызды біз де 80 жылдық мерейтойымен құттықтаймыз.

Халқыңыздың, еліңіздің абыройын асқақтатып жүре беріңіз, аңыз Аға!

Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕКҚЫЗЫ.

***

СЫР ПЕРЗЕНТІ

Сырдың бойы «Байзақ» тоғай қос басы,

Сәруар әке, Айжан ана отбасы.

Шілдехана тойы болды көл-көсір,

Мәре-сәре, көрші-көлем, ағайындар бас қосты.

Азан айтып Камал деп ат қойыпты,

Қалжасы деп көк саулық та сойыпты.

Жиналғандар қайдан білсін, япыр-ай,

Сол «шарана» қазақ атын жер шарына танытты.

Ғажайып көп, Жаратқанда қуат көп,

Кім ойласын осы ауылдан ұлы ғалым шығады деп.

Кім ойласын шыққан жігіт Сыр бойынан,

Ғалымдардың алды Ормантаев боп тұрады деп.

Ғылым іздеп, білім іздеп дүние кезіп шаршамай,

Елден шыққан пысық еді қара бала қаршадай.

Мақсат үлкен, талап таудай, арман көп,

Инеменен құдық қазды, қаншама жыл, қаншамаай.

Қанша оқып ізденсе де көңілі бір толмайды,

Іңгалаған сәби көрсе елжірейді, ет жүрегін қозғайды.

Жанашырлық, азаматтық ар-ождан,

Әдет болған науқас көрсе емдемесе болмайды.

Мансап іздеп, байлықты да қумады,

Бар еңбегін, маңдай терін Отанына арнады.

Шүкір қазір шәкірттері жетерлік,

Академик, докторлары бар әлемді шарлады.

Ақ жеңгеміз Розаменен бақытты,

Немере мен балалары бар жүзігіндей жақұттың.

Бақытты адам Кәмекеңдей болсайшы,

Абыройлы батасымен халықтың.

Шүкір қазір атағы бар атан түйе зорға-зорға көтерер,

Қаһармандық атқа лайық кеудеде бар берсе егер.

Сол баяғы ақ көңілді қарапайым қалыпы,

80 Сізге ештеңе емес,100-ден де асып өте бер…

Ордабек ТОТАЙҰЛЫ.

***

АҒАМА ХАЛЫҚ ДӘН РИЗА

Әрбір адамның көрнекті тұлға болып қалыптасуына туған жерінің тигізер әсері зор. Себебі адам өзі өскен ортасында жетіліп, оның өткен тарих жылнамасынан рухани нәр алып қанаттанады. Тәуелсіз Қазақстанның бүгінгідей биік деңгейге жетуіне еліміздің айтулы тұғырлы тұлғаларының белгілі үлестері бар. Сондай атпал азаматтардың бірі де бірегейі Сыр елінің перзенті, Қазақстандағы балалар хирургиясының негізін қалаушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор, академик, ғалым Камал Ормантаев.

АЛАШТЫҢ АРДА АЗАМАТЫОл әкесі Сәруар мен анасы Айжанның отбасында дүниеге келген. Оның дәрігерлік саласына біржола бет бұрып, өмір жолын таңдауда шешу­ші орын ал­ған әкесінің көп­­теген адамдар өмірін сақтап қалған білікті әс­кери дәрігерлер жайындағы, олар­дың жанкешті ерліктері туралы естеліктері болды. Ауыр әлеу­меттік-эконо­ми­ка­лық жағдай, білікті ма­ман­дардың бол­мауы Камал Сәруарұлының алты бірдей бауырының өмірін сақтап қалуға мүмкіндік бермеді. Міне, осы жағ­дайлар ағама пе­д­иатриялық са­­ланы таң­дауы­­ның басты себебі болды.

Ардақты аға 1953 жылы қазіргі Шоқан Уә­ли­ханов атын­дағы №26 қазақ орта мектебін тәмам­­даға­сын Алматы мемлекеттік медицина инс­ти­тутының педиатрия факультетіне жоғары оқу орнына оқуға түсті.

Аталмыш білім ордасын­да оқып жүріп сту­дент­тер­дің ғылыми үйір­мелерінің бел­сенді қатысу­шысы ре­тінде Бүкіл­одақ­тық форумдарда өзекті мәсе­лелерге байланысты баяндамалар жасады. 1962-1965 жылдары Алматы мемлекеттік ме­ди­­цина­лық институтында әйгілі ға­лым Михаил Иванович Брякин басқарған госпитальдік хирургия кафедрасына ас­пирантураға оқуға түсті. Ас­пиран­тураны аяқтағаннан кейін балалар хирургиясы кафе­д­ра­­­сының ас­сисенті қыз­­­метінде ғылыми-пе­да­го­ги­­калық жұ­мы­сын жал­ғас­тырып, 1966 жылы өз ма­ман­­­дығына сәйкес диссертациясын сәтті қорғап шықты.

Осылайша білікті сала маманы еңбек жолында көп­теген жүйелі жұмыстар ат­қарып, мың­даған сәбилердің өмірге қайта келуіне теңдессіз көмегін тигізді. Ту­ған хал­қына жасаған қалтқысыз қызметі ес­керу­сіз қалмай, көптеген жо­ғары марапаттарға ұсынылып, елдің батасын алды. Осы уақытқа дейін ауыр бас сүйек-ми жарақаттарына, кеуде, құрсақ қуысының туа біткен ауруларына, урологиялық патологиялар бойынша созылмалы бронх-өкпе ауру­ларына 14 мыңнан аса ота жасады. Сонымен қатар, құрсақ аурулары кезінде шұ­ғыл көмек көр­сетіп, көптеген бала­лар­дың өмірін сақтап қалды.

Академик Камал Ормантаевтың ға­лым, клиницист және педагог ретіндегі та­биғи дарыны төрткүл дүниеге кеңінен танымал. Ол әлденеше рет педиатрия мен балалар хирургиясының өзекті мәсе­ле­леріне ар­налған ха­лық­аралық конференцияларда, мәжі­лістерде, ғылыми форумдарда баянда­малар жасаған ғалым ретінде есімі әлемдік деңгейде абыроймен аталады.

Ағам Камал Сәруарұлы бүгінгі таңда сексен жастың сеңгіріне шыққан ел ағасы. Балаларының аяулы әкесі, немере-шөберелердің қамқор атасы.

Анамыз 11 құрсақ көтерген жан болатын. Ата-анамыз бізді қарапайым­ды­лық­қа, еңбексүйгіштікке, Отанды сүйіп, құр­мет­теуге, ұлттық дәстүр­лері­­міз­ді қас­­­­терлей білуге, адамдарға жылы көз­қараста қарауға баулыды. Біздің ба­лалық шағымыз өз замандастарымыз секілді елдің басына келген қиын ке­зеңмен тұспа-тұс келді. Сол уақыттың ауыр зардабын бастан кешірген ұрпақ өкілдеріміз. Қазір Қазақстан өз алдына дербес мемлекет болып, егемен ел атанғалы 25 жыл болды. Бұл тарих үшін аз ғана уақыт болғанымен адам жасымен салыстырғанда жігіт­тің жілік майы толысып, буыны қа­тайған яғни, ат жалын тартып мінер азамат болған кезеңі. Елі­міз­дің осы уақыт аралығында жеткен жетістігін санамаласа саусақ шаршап, тізбектесе тіл сүрінеді. Мұның барлығы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының жемісі. Ендігі кезекте Камал ағам жайлы айтар болсам, ол кісі жайлы көп айтуға да, айтпауға да болады. Себебі атқарған жұмысы, жа­саған еңбегі бәрі дерлік хал­қының көз алдында жүріп жатыр. Ол жайында сөзімнің бас жағында айтып та өттім. Ағам дәрігерлік мамандықты жас­тайынан қалап, сол жарқын жолда тер төгіп келеді. Менің де дәрігер болуыма көп септігін тигізді. Өзім де осы салада еңбек етіп, зейнеткерлік демалысқа шықтым. Қыркүйек айында Алматы қаласында 80 жылдық мерейтойы өз дәре­же­сін­де сән-салтанатымен аталып өтілді. Әлі күнге дейін шәкірт­тері іздеп келіп, кеңес сұрап немесе арнайы шақырып үлкен операцияларға қатыстырып жатады. Сонда ағам «Ел үшін қызмет жасауға қашанда әзірмін» деп ешбіріне қарсылық танытпай, я болмаса қабақ шытпай қолынан келгенінше ем-до­мын жасап қайтады. Бала-бауыр етің. Ол қандай отбасында не болмаса қандай қоғамда өмір сүрсе де елдің бір азаматы. Ата-анаға бала амандығынан артық байлық та, бақыт та жоқ. Жас­өс­пі­рімдердің денсаулығы жолында бар саналы ғұмырын арнап келе жатқан тұлғаның танымы терең, өмірі өнегеге толы. Алла тағала ендігі жерде ұзақ ғұмыр беріп, ел-жұртының ортасында қуанышқа кенеле беруін нәсіп еткей деп тілей­мін. Еліміздің еңсесі биік, іргесі берік болсын. Қазақтың алда да ғажап күндері көп болғай.

Мариямкүл СӘРУАРОВА,

қарындасы.

***

АЛҒЫСЫМ ШЕКСІЗ

Өмірде түрлі жағдайлар болып жатады. Менің де жас кезімде денсаулығым сыр беріп, жүрегім ауырған еді. Алланың бұйыртуымен басыма түскен қиын сәтте танымал балалар дәрігері, белгілі хирург, жерлес ағамыз, академик Камал Сәруарұлы Ормантаев көмек қолын созған болатын. Сол кісінің алтын қолымен жүрегіме операция жасалып, науқасымнан құлантаза жазылып кеткен едім. Өмірде бір адамға қарыздар болсам-ол Камал ағам. Өмірге қайта әкелген алаш азаматына айтар алғысым шексіз. Бүгінгі таңда жігіт ағасымын. Отбасымда 3 бала тәрбиелеп отырған әкемін. Бірінші құдай, одан соң Камал аға сыйлаған денсаулықтың арқасында ел қатарлы күн кешіп жатырмын. Жеңгем Шырынкүл Күзенбаевамен бірігіп «сыбаға» бағдарламасымен ірі қара мал алып, кәсіпкерлікпен айналысып жатқан жайым бар. Міне, мұның бәрі денсаулықтың, амандықтың арқасы деп білемін.

Кәрім Анафин,

Қармақшы ауылы.

http://qarmaqshy-tany.kz/alashty-arda-azamaty/