Ауа райы
Мерекелер

Өңірімізде 2010-2014 жылдары адамдар арасында құтырма ауруының 8 жағдайы тіркелген. Соның барлығы өкінішке орай өлім жағдайымен аяқтал­ған екен. Ал соңғы екі жылда ауру тіркелмесе де, жарақат алғандар саны былтырғымен салыстырғанда артқан. Бұл туралы Қызылорда облысының тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Ұ.Аханаева БАҚ өкілдерімен өткізген брифинг барысында мәлімдеді.

– Өңірімізде жануарлардан жарақат алған адамдар саны жоғары деңгейде тұрақтануда. Ағымдағы жылдың осы күніне дейін жануарлардан жарақат алған 2618 жағдай тіркелді. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 1,6 есеге өсіп отыр,-деді.

Індеттің алдын алу мақсатында 39,6 млн теңге бөлінген. Аталған қаржы қаңғыбас иттер мен мысық­тарды аулауға жұмсалып жатыр.

Биылдың өзінде (9 айда) 18821 бас ит пен мысық ауланып жойылды. Әлі де жойылуды қажет ететіндері бар. Өйткені облыс бойынша 54297 иттің тек 22083-і, 17659 мысықтың 3020-сы ғана паспорт­талған,- деді облыстық ветеринария басқармасының бөлім басшысы Марат Ойнаров.

Бұл орайда әр адам үй жануарларын ұстау ережелерін жауапкершілікпен орындаса, жарақаттанудың алдын алуға болады. Ал жарақат алып қалған жағдайда дер кезінде тиісті антирабиялық егу жұмыста­ры жүргізіледі. Антирабиялық вакци­на­ мен иммуноглобулин препараттары барлық облыстық­ медициналық мекемелерде жеткілікті мөлшерде қамтылған. Сондықтан да қандайда бір жануардан жарақат алсаңыз, қауіптілігі жоғары құтырма ауруының алдын алу үшін дер кезінде ауруханаға қаралыңыз. Ал оған дейін жарақат алған жерді кір сабынмен жуу қауіптің бетін қайтаруға көмектеседі.

"Сыр медиа” ЖШС жанындағы облыстық коммуни­кация орталығында Халықаралық құтырмамен күрес күні қарсаңында өткен брифинг барысында күз айларында қоздырғышы жоғарылайтын тұмау ауруы мен онымен сырқаттану қаупі жоғары тұлғалар арасында вакцинациялау тақырыбы да сөз болды. Әлемде ең көп таралған аурулар тобына жа­тат­ын тұмауға қарсы вакцинациялау ең әуелі қауіпті топтарға жататын кісілерге жүргізіледі. Олар – жүкті әйелдер, 6 айдан 5 жасқа дейінгі балалар, 65 жастан асқан қарт адамдар, созылмалы аурулармен ауыратын адамдар мен денсаулық сақтау саласының қызметкерлері. Қазірдің өзінде егу жұмыстарына қажетті вакциналар толығымен алынып, емхана­ларға жеткізілген. Биылдан бастап бірінші рет Ресей­ден әкелінген вакциналар тұмаудың алдын алудағы тиімді дәрмектер болмақ. Бұл вакциналар жайлы №1 емхананың инфекционист дәрігері Марал­ Желібаева:

Тұмауға қарсы вакцина 60 жылдан аса қолданылуда. Мәліметтерге сәйкес, дені сау ересектер арасында тұмауға қарсы вакцинация аурудың 70-90 пайызға дейін алдын алуға көмектеседі. Ал қарт адамдар арасында 60 пайызға дейін аурудың асқыну­ының алдын алса, өлім-жітім оқиғасын 80 па­йызға дейін төмендетеді,- деді.

Бұл ретте әрбіріміз тұмауға қарсы вакцина салып,­ аурудың асқынуына жол бермегеніміз жақсы­. Қазіргі күні вакцина бағасы 800 теңгені құрап отыр. Былтыр бұл баға 2500 теңгеге дейін көтерілген болатын.

Жансая ЖҮНІСОВА

Сурет www.medznayka.ru сайтынан алынды

http://www.halyk-gazeti.kz/index.php?option=com_content&view=article&id=6171:2016-09-28-09-37-31&catid=2:2011-11-18-08-59-27&Itemid=2