Ауа райы
Мерекелер

Кеңесбай Қалиев «Еңбек ардагері» медалімен марапатталдыБүгін Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаев Ұлы Отан соғысының ардагері, Қызылорда облысының құрметті азаматы Кеңесбай Қалиевті 95 жас мерейтойымен құттықтады.

Медициналық техникумді бітірісімен 1941 жылы соғысқа аттанды. Оқ пен оттың ортасында жүріп, Кеңес жауынгерлерінің аман қалуына зор еңбек сіңірді. «Батыр қала» Мәскеуді қорғауға, Кенингсберг қаласын, Белоруссияны, Польшаны босатуға қатысып, Берлинді алуда ерлік көрсетті. Отан алдында жасаған адал қызметі мен танытқан батырлығы үшін 2 мәрте «Қызыл жұлдыз» орденімен, «Жауынгерлік ерлігі үшін» («За боевые заслуги») медалымен, екінші дәрежелі «Ұлы Отан Соғысы» орденімен марапатталды.

Соғыстан кейін, 15 жыл бойы Литваның, Түркіменстанның Мемлекеттік қауіпсіздік әскери бөлімдерінде қызмет етіп, медицина саласындағы қызметін шекара қызметімен ұштастырды. Қайырымдылық пен мейірімділіктің шыңы саналатын «Қызыл крест және қызыл жарты-ай» қоғамында қызмет етті. 1964 жылы әскери қызметтен демалысқа шығып, облыстың денсаулық сақтау саласының өркендеуіне үлесін қосты. Денсаулық сақтау саласының кәсіподағын 20 жыл басқарып, бұл салада да ерен еңбектің үлгісін танытты. 1966 жылы Кеңесбай Смағұлұлының бастамасымен медицина қызметкерлерінің денсаулығы тексеріліп, дәрігерлер арасында салауаттылықты насихаттау мақсатындағы Спартакиада жалауы бірінші рет көтерілді. Кейін бұл бастама жалғасын тауып, дәстүрлі түрде өткізілуде. Биыл сол дәстүрлі Спартакиаданың 50 жылдығын медицина қауымы салтанатты түрде атап өтті.

Кеңесбай Смағұлұлы - қажырлы еңбегі үшін ҚР Президентінің Алғыс хатымен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Қызылорда қаласының құрметті азаматы. 2005 жылдан бастап Қызылорда медицина колледжінде үздік студентке Кеңесбай Қалиев атындағы шәкіртақы беріліп келеді.

- Үлкен қоғамда да, шағын ортада да өзінің бітім – болмысымен, мінезі, ақыл-парасатымен ұлтының бар жақсы қасиетін көрсетіп тұратын тұлғалар болады. Міне, сол тұлғалардың бірі және бірегейі бүгінгі мерейтой иесі Кеңесбай Смағұлұлы деген пікірмен ағамызды білетін әрбір азамат келіседі деп ойлаймын- деген аймақ басшысы Кеңесбай ақсақалды облыс әкімінің алғыс хатымен және «Еңбек ардагері» медалімен марапаттады.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

http://syrboyi.kz/zedelnews/8330-keesbay-aliev-ebek-ardager-medalmen-marapattaldy.html

КІРШІКСІЗ КӨҢІЛ, АҚ ПЕЙІЛХалық үшін, ел үшін деп еңбек еткен жастарды көргенде сүйсінесің. Кейде алғыс білдіргің келіп тұрады. Өйткені қоғамда ортақ мүддеден гөрі жекенің мүддесі биік тұрғанда халықтың мүддесін биік қоюы көз қызықтырады.

«Жас келсе іске» деген ежелден жүрген сөз бар. Қолынан іс келетін жастарға арналса керек. Әйтпесе қаншама жас қолында қауқары, бойында қуаты болса да ата-анасына емініп отыр. Шыны керек, әлі күнге солардың мойнына асылып жүр. Алайда Қармақшы ауданы, Ақтөбе ауылының тумасы Бота Жакенованың тірлігіне қарап былайғы жұрт разылығын білдіреді. Өйткені ол ауыл тұрғындарының саулығы үшін аянып жүрген жоқ және отбасының да жайын түзеп жүр. Алғашында дипломын қолына алып, ауыл дәрігері атанғанда күмән туындатқаны рас. Кейін білек сыбана кіріскен жас маман талайды аяғынан тік тұрғызып жіберді. Бүгінде ауылдағы алпысты алқымдаған ақсақал мен алты жасар баланың өзі разылығын білдіріп жүр.

Ботаны бала күннен білемін. Көрші үйдің бүлдіршін қызы тұлымшағы желкілдеп жүрген сәттен дәрігерлікке құмар-тын. Ауладағы өзімен қатар балаларды үлкен талдың түбіне жайғап, бәріне ем-дом жасап жүретін. Бала болмаған жағдайда ит пен мысықтың да емдеушісі Бота-тын. Қолындағы дене қызуын өлшеуіш құрылғысымен ала мысықтың соңынан қуалап жүргені. Бірде мысық мойнына шалма орап жүрсе, енді бірде алдыңғы аяғы дәкемен оралып жүретін. Сонда көршілер Бота дәрігердің мысығы тұмауратыпты немесе қолынан зақымданған екен деуші еді.

Адам нағыз маман болу үшін мамандыққа деген махаббат қажет. Ал махаббат қалай пайда болады? Мәселе сонда. Ботаның дәрігерлікке сезімі сонау бала күнінде оянған. Бәлки теледидардан аңғарды, мүмкін емханадан дәрігердің шынайы бейнесін көрді. Елдің амандығы мен халықтың саулығы үшін жанұшырған дәрігер боламын деген арманның нәзік сәулесі көкейінің төріне шұғыласын төккен шығар. Әйтеуір бүгінде кешегі жас маман бүгінгі білікті дәрігер.

Бота Жакенова 1991 жылы тамыздың 13-жұлдызында қарапайым отбасында дүниеге келген. Әкесі Бақыт егіншілікпен айналысады. Елге сыйлы, ортасына құрметті азамат. Анасы үй шаруасындағы кісі. Өз қуанышы мен шаттығы бар отбасында 5 бала тәрбиеленуде. Бота сол бесеудің екіншісі. Алдыңғы толқын апасы тұрмысқа шыққан. Ал ауылдың дәрігері атанған Бота арман қуып, Ақтөбе қаласындағы Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университетке оқуға түседі. Табиғатынан тік, тәрбиеге аса мән беретін әкесі мен шаңырақтың шаттығына айналған анасының тәлімін алған студент қоғамдық шаралардың бел ортасында жүрді. Жақсыдан үйренді, жаманнан жиренді. Бастысы, білікті маман болуға талпынды.

Мемлекет жастарды қай жағынан да қолдап келеді. Әсіресе елім деген өрендерді қолпаштауда. Мемлекеттің қолдауына Бота Жакенова да ие болды. Жуырда жас дәрігер «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша баспаналы болды. Бұл оның жұмысына тың ынтамен ден қоюына себепші.

Бірде ауылдық амбулаторияға бас сұқтық. Мұнда күйкі тірлік. Үстін-үстін ағылған ауыл тұрғындары. Жас әрі білікті дәрігерден шипа іздеп келген. Ем-дом жасаған дәрігердің мойнына жүктелген ауыртпалыққа қарамастан күлім қағып, жымиып жүруіне таңданасың. Сірә, Гиппократ антын қабылдаған сабырлы да салмақты ұстанымы болар. Үстіне киген ақ халаты жүрегі таза, пейілі ашық, көңілі кіршіксіз екеніне көзіңді жеткізгендей. Сонда мынадай ой туды: Қармақшы ауданы, Ақтөбе ауылы тұрғындарының денсаулығы сенімді қолда.

Д.САДЫҚ

http://aqmeshit-zhastary.kz/zharshy/kirshiksiz-k-il-a-pejil/