Ауа райы
Мерекелер
0

 

Ұлымды балалар дәрігеріне көрсету үшін №6 емханаға келге­н болатынмын. Соңғы күндері көп жөтеліп кетті. Қасымда қолына айлық баласын құшақтаған жас ана отырды. Кезекті жылдамдату үшін әңгіме айтып, сырластық. Біраз уақыттан соң, дәрігерге не үшін келгенін сұрағанымда: "Баламның бұты қызарып кетті. Қызыл май, бепантен жақтық, ақ ұнтақты (присыпка) да септім. Пайдасы бол­мады. Қайта одан сайын бөртіп барады. Не істерімді білмей отырмын”, – деп қиналды. Сәбиінің осындай күйге түскенін Сәуле таңның атысы мен күннің батысы баламызға тастамай кигізетін бірреттік жөргектерден (памперс) көреді.

“ПАМПЕРС” деген пәлеОсы бірреттік жөргектерді ең алғаш ХХ ғасырдың соңына таман Американың Милфорд қаласында дүниеге келген Виктор Миллз ойлап тапқан екен. 35 жыл "Procter & Gamble” компаниясында бас химик-технолог болып қызмет атқарған ол зейнетке шығып, жал­ғыз қызынан туған жиенін бағарда қатты қиналған. Сөйтіп жаялықтарды қайта-қайта жумас үшін бір рет пайдаланып, тастай салатын жөргектерді ойлап табады. Осылайша өзі жұмыс жасаған компанияның өнімі болып қабылданып, "Памперс” деген атауға ие болады. Бұл ағылшынның "pamper” деген сөзінен шыққан. Қазақша аударсақ, "еркелету, әл­пештеу, аялау” деген мағына береді. Жөргектерді шығаратын алғашқы құрылғылар мен адам еңбектеріне біраз қаржы кеткендіктен, алғашқы өнім қымбат бағада сатылған. Алайда кейіннен барлық қиын­дықтардың соңы жеңіспен аяқталып, жөргек бағасы қарапай­ым халыққа да қолжетімді бола бастады.

Қарапайым халықтың қалтасы көтергенімен, бұл заттың пайдасынан зияны көп. Мысалы, олардың құрамында целлюлоза (өсімдік жасушаларының қабығын түзетін үлкен молекулалы көмірсу. Бірреттік жөргектердің мақтасында кездес­еді), полиэтилен (орама қабыршақтар мен ыдыстар жасауд­а, мата, қағаз, ағаш өнім­дерін сіңіруге қолданылады), жөргектің жанындағы жұмсақ резеңкелер – полипропилен (су өткізбейтін) секілді химия­лық қоспалармен қатар, аса күшті сорғыш қасиетке ие супер­абсорбент те бар. Абсорбент ретінде натрий полиакрилаты қолданылады. Натрий полиакрилаты халық көп тұтынатын заттар – ыдыс жуу құралдарында, душқа арналған гельдерде, жасанды қар мен әртүрлі бояуларда қолданылуымен қатар, осы жөргектерде ең көп пайдаланылады. Кез келген сұйықтықты өз массасынан 200-300 есе артық сіңіруге ыңғайлы қоюландырғыш қа­сиет­і бар бұл затты 1985 жылы медицина саласында қолдану­ға Әлемдік денсаулық сақтау ұйымы тыйым салған.

Үй ішіндегі тазалықты сақтап, ананың уақытын үнемдегеннен басқа бірреттік жөр­гектердің бала денсаулығына пайдасы жоқ. Жоғарыда атап өткен химиялық қоспалар балала­рымыздың болашағына балта шабуы да мүмкін. Зерттеулерге сүйенсек, ұл баланың мүшесінің ұшы мен ен қалтасының қалыпты температурасы болады екен. Жас бала бір­реттік жөргекке кіші дәретті жіберген мезетте, әлгі табиғи температура бірден жоғарылайды. Аздан кейін сіңген зәр қайтадан тастай болып суып, бір күйден екінші күйге ауысады. Бұл аталық бездің дамуын шектейді. Мұны біздің дәрі­герлеріміз де растап отыр. №6 емхананың №1 отбасылық медиц­ина бөлімінің меңгеру­шісі Қарлыға Болатқызы:

– Бірреттік пайдаланылатын жөргектер, әсіресе, ұл бала­ларға зиян. Ұрыққа әсер етуі мүмкін. Қазіргі таңда грыжа­, водянка секілді аурулардың жас балаларда көптеп кездесуі де осыған дәлел. 2000 жылдары мұндай аурулар елімізде аз кездесетін еді, бүгінде жиілеп кетті. Өйткені, үнемі ылғалдандырып тұратын жөр­гектер бала денесін қысып, ыңғайсыздық тудырып, қан айналымын дұрыс жүргізбейді. Мұның зиян екенін жөргектерді алғаш болып пайдалан­ған шетелдіктер де мойындап отыр. Ал Қазақстан халқының жөргектерді пайдаланғанына 20 жыл тола қойған жоқ. Ал­ғаш жөргектерді киген жастар отбасылық өмірге енді аяқ баспақ. Кейде аналарымыз балаларының "памперс” кигізген же­рінде аллергияның пайда болып, қышынуларға әкеп соғып жатқанын айтып, шағымданып келеді. Бұл, әрине, осы жөргектердің салдарынан. Нәтиже­сінде бір жөргектен екіншісіне ауысып, бұл проблеманы шешіп тастағандай болады. Бұл – дұрыс емес. Бала денесіне шыққан аллергия сол мезетте кеткенімен, өсе келе басқа жерінен шығып, түрлі тері ауруларына әкелуі мүмкін. Сондықтан, ата-аналар бірреттік жөргектерді мейлінше аз қолданғаны абзал. Көп жағдайда оларды толып кеткенге дейін ауыстырмайтын ата-аналарымыз да болады. Мүмкін, ақша­ға келген нәрсені тиімді пайда­ланғылары келетін шығар. Алайда бір жерге жинала берген нәжісте микробтардың шамад­ан тыс көп болатынын ұмытпауымыз қажет, – деп ана­ла­рға кеңес берді.

Дәрігер, сондай-ақ, біррет­тік жөргектерді киген бала өз-өзін бақылаудан қалып, салда­рынан дәрет сындыру рефлек­сі жойылатындығын айтады. Яғни бұрындары бұтына жібе­ріп қойған бала "мен жіберіп қойдым” дегендей жылайтын болса, қазір жіберіп қойғаны дұрыс секілді бойында ешқандай сезім болмайды. Соның нәтижесінде ес білген баланың есейсе де бұтына жіберуі жиілеп кеткен. Бұл жөргектер тек ұл балаларға емес, қыздары­мызға да зиян екенін ұмыт­пауымыз қажет. Ғалымдар аналы­қ бездің дамуына кері әсерін тигізеді деп алаңдауда.

«Адам ұрпағымен мың жасайды» деген ғой дана халық. Бәріміз де тек ұрпақ үшін өмір сүреміз. Бар бақытымыз да, қуанышымыз да балаларымыз деп білеміз. Ендеше неге бауыр­ еті – баламыздың денсаулы­ғына бейжай қараймыз? Бір­реттік жөргектің қызығын бүгін сіз көргеніңізбен, ертеңгі күні балаңыз зардабын тартып жатса, өкініштен бармағыңызды шайнауыңыз мүмкін.

Жансая ЕЛУБАЙҚЫЗЫ

http://www.halyk-gazeti.kz/index.php?option=com_content&view=article&id=6111%3A2016-09-15-04-53-58&catid=6%3A2011-11-18-09-03-06&Itemid=6