Ауа райы
Мерекелер

 АЗАМАТТЫҢ АСУЫҰлт даналығында «жас келсе іске» деген бар. Астарына ауқымды ұғым бүккен, жастарды қамшылайтын-ақ сөз. Бұл жастарды жауаптылыққа бастайтын, тіпті баулитын болмысқа да ие. Ендеше мұның мақсат-мүддесін жастар қалай қабылдап, қалай орындап келеді? Ендігі әңгіменің барысын жеке тұлғалардан өмірінен іздеп көрсек деймін. Біздің бірінші көздеген қатарласымыз Азамат Мүгімбаев болды. Өйткені ол өз ісінің шебері, мақтаулы тұрарлық азамат. Мамандығы – фельдшер. Нақтырақ айтқанда, көпсалалы орта буын қызметкері.

Азамат 30 қыркүйек 1984 жылы Сырдария ауданы Шаған ауылында дүниеге келген. Ауылдағы №37 орта мектептің түлегі. «Өркениет» медициналық колледжін ойдағыдай тәмамдап, фельдшер-акушер мамандығын алған. Еңбек жолын туған ауылынан бастады. Шаған ауылдық жедел жәрдем стансасының фельдшері ретінде талай ауыр науқаспен бетпе-бет келіп, шұғыл шешім қабылдауды үйренді. Қиын-қыстау уақытта адам жанын арашалап алу жауапкершілігін жіті сезінді. Алыс ауылда жүріп, тәжірибесі толысты. Бәлкім, осы артықшылығы ескерілсе керек, Қызылорда қылмыстық атқару жүйесінің ЗК-169/5 мекемесіне рентген-лаборант қызметіне шақырылды. Жасыратыны жоқ, істі болғандар арасында дертке шалдығушы көп кездеседі. Оларға тұрақты түрде ем жасалмаса ауру асқынуы мүмкін. Бұл орта Азаматты адам ағзасының мың түрлі құбылысын еркін ұғуға жетеледі. Әрине, мамандықты сүю бір бөлек, оның қыр-сырын меңгеру басқа әлем. Ол мейлінше дерт пен дауа аралығын терең түсінуге тырысты, сауап пен міндет тұрғысында тынбастан ізденді. Қазір сол ізденістің нәтижесі өз жемісін көрсетті. Оны 2010 жылы «Авиценна» серіктестігіне вахталық фельдшерге жұмысқа қабылдағанда айқын ұқты. Бүгінде кәсіби маманның табысы да жақсы, тәжірибесі де мол.

– Адамға қызмет көрсетудің сан түрлі бағыты бар. Ал, адам жанына медициналық көмек көрсету бәрінен биік. Себебі онда адам тағдыры тұр. Мен еңбек жолымда бір ерекшелікке қатты назар аудардым. Ол – науқасты барынша жылы сөзбен емдеп, жарық дүниеге сенімін жоғалтпау екен. Бұл қасиет әрбір емдеуші тұлғаның еншісінде болғаны жөн, – дейді фельдшер.

Ия, өте орынды. Жас та болса еңбекпен ысылған жігіттің беталысы «жас келсе іске» деген тәмсілге татырлық дегім келеді. Азамат бүгінде екі қыз, бір ұл тәрбиелеп отырған өнегелі отбасының тұтқасы. Зайыбы Нұргүл Кешубаева облыстық онкология орталығының дәрігер эпидемиологы. Олар болашақта ұрпағының дәрігер болғанын қалайды. Әке мен ана сүйікті ісінің жалғаушылары бұл шешімді қолдауы тиіс. Себебі ұяда не көрген ұшқанда соны іледі.

Ерасыл ШӘРІБЕК

http://aqmeshit-zhastary.kz/bez-rubriki/azamatty-asuy/