Ауа райы
Мерекелер

«Денсаулық» бағдарламасы

 

ТҰРҒЫНДАРДЫҢ СҰРАНЫСЫН ҚАНАҒАТТАНДЫРҒАНЕлбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлт жоспары - 100 нақты қадам» бес институционалдық реформасының 82-ші қадамында медициналық қызмет көрсетудің алдыңғы қатарлы стандарттарын енгізіп, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, медициналық қызметтің тұрғындар үшін қолжетімді болуы айтылған. Осы орайда, кент тұрғындарын бүгінгідей күнде қаржылық дағдарыстың әсері дәрі-дәрмектердің қымбаттауына да септігін тигізіп жатырған тұста, кент тұрғындарын сапалы әрі төмен бағадағы дәрі-дәрмектермен қамтып отырған Пакизада Жолдасбаева жайында айтпақпыз.

 

Иә, «Айкен» дәріханасының иесі Пакизада негізінен кәсіп­керлікпен көп жылдан бері ай­налысып келеді. Қызылорда қала­сындағы медициналық училищені фармацевт мамандығы бойынша бітірген ол, алғашқы еңбек жолын медицина саласында 1968 жылы бастады. Талай жылдар дә­ріханада еңбегін сіңірген жан, фармацевтика саласында тәжіри­бе жинақтап, 1998 жылы кәсіпкер ретінде тіркелді. Туған жерінен дәріхана ашты.

«Сексеуіл» кенті тұр­ғындарының сұраныстарын қа­нағаттандыруға толық мүмкіндігі бар дәріханадағы препараттардың бағасы да қолайлы әрі ғимарат іші заманауи жабдықтармен жаңалан­ған. Яғни, медициналық тауар түр­лерін сақтаудың барлық шарттары ескерілген дәріханада дәрі-дәрмек­терді белгілі бір температурада сақ­тайтын арнайы орындары бар екен.

Барлық талаптарға жауап беретін дәріханада жақпамайлардан бас­тап, фитотерапия өнімдері және қабынуға қарсы қолданылатын дә­рілік заттар ассортименті, иммуни­тет жоғарылататын дәрумендер мен сироптар жалпы саны 600-ге жуық дәрілік заттар сатылады.

Бірнеше адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкер мұны­мен шектеліп қалған жоқ. Атап ай­тар болсақ, «Даму» қоры арқылы 8 миллион теңге несие алып, амбу­латориялық және диагностикалық қызмет көрсету кабинетін ашқан кәсіпкер, қазіргі уақытта игі ісінің арқасында тұрғындардың ризашылығына бөленіп отыр.

Себебі, онда­ғы жаңадан орнатылған ультрады­ быстық зерттеу диагностикалық аппараты көптеген науқастардың йод жетіспеушілігіне байланысты туындайтын қалқанша, қол асты, ұйқы, талақ, қуық асты бездері ауруларымен қатар, өт қалтасы толуы, бүйрек тас аурулары мен қатерлі ісік дерттерін дер кезінде аңғаруға мүмкіндік беріп отыр.

Кабинетте Данияр Маханов есімді дәрігер өз жұмысын жоғары дең­гейде атқарып, дерт дендеп келген науқастарға диагноздарын дөп ба­сып айтуға жағдай жасап отыр.

Сонымен қатар, бұл жерде дәс­түрлі медицинамен емдеу ісі жолға қойылған. Оның ішінде нано-техно­логияның нақ өзі болып табылатын гирудотерапия, яғни, сүлікпен ем­деу ісін Пакизада апайымыздың өзі жүргізеді екен. «Халықтың денсаулығына мән беруі қай деңгейде?» деген сауалы­мызға П.Жолдасбаева:

- Салауатты өмір салтын қалып­тастыру, халық денсаулығын оңалту жайын Елбасымыз жыл сайынғы Жолдауында айтып және оған Үкіметтің алқа мәжілісінде үне­мі назар аударып отырады. Сол үшін де жаңадан өз ісін бастап жатырған кәсіпкерлерге қолдау көрсетіліп келеді. Мен де Үкі­меттің беріп отырған мүмкінді­гін пайдаланып, біраздан бері көкейімде жүрген арман-мақсат­тарымды жүзеге асырып жатыр­мын.

Ең басты қалауым, адамдар өз денсаулықтарына үлкен жауап­кершілікпен қараса деймін.

Өйт­кені, мені қазақтардың бейқам­дығы қатты алаңдатады. Басқа ұлттар басы ауырып, балтыры сыздаса, емханаға жүгіреді. Ал, біздер болсақ, әбден асқынғанда ғана емханаға келіп жатамыз. Мұндай жағдайда кейбір науқас­тар дертінен айығып кетсе, енді бірі өмірімен қоштасады.

Қазақ­станда аурудың алдын алуға ба­са көңіл бөлінген. Мемлекет жыл сайын әрбір ел азаматының жер­гілікті емханаларда тегін кешенді медициналық тексеруден өтуіне жағдай жасап отыр.

Өкінішке орай, осы мүмкіндікті халық әлі дұрыс пайдаланбауда. Мысалы, біздерде асқазан аурулары асқынған нау­қастар көптеп саналады. Олардың бірнеше жыл бойы кешенді тек­серуден өтпегенін байқайсың. Егер әркім жыл сайын тексеруден өтіп тұрса, кез келген ауруды бастап­ қы кезеңінде оңай емдеуге болар еді - деп жауап беріп, бір жылдары Азияның іскер әйелдер форумына қатысқаны жайында кеңінен айтып өтті.

Иә, біз де ұзақ жылдар дәріха­ на саласында еңбек етіп жүрген тәжірибелі фармацевттің ісі өрге жүзіп, кент тұрғындарының денсау­ лығын жақсартуға үлес қоса береті­ніне сенімдіміз.

 

Света ҮСЕНҚҰЛОВА.

 

«Толқын» газеті. 6 қыркүйек 2016 жыл

ЕКПЕ ЕГУДІҢ ПАЙДАСЫ ҚАНДАЙ?Қазіргі кезде екпе егу қаншалықты адам денсаулығына пайдалы деген сұрақ үлкен мәселеге айналып отыр. Өйткені, соңғы жылдары жаңа туылған нәрестеге екпе егуге қарсылық білдіріп жүргендер арамызда кездеседі. Басым көпшілігі қызуы көтеріліп, мазасызданғандықтан денсаулыққа зиян дегенді алға тартады. Себебі, екпенің түрлі аурудың алдын алатынын дамыған елдердің медицинасы әлдеқашан дәлелдеп қойған.

 

 

 

Бүгінде жер шарында осы арқылы миллиондаған бала өлімнен, мүгедектіктен аман қалуда. Дегенмен, түрлі дертке шалдығып, сал ауруына ұшыраған жандарды да құлағымыз естіп, көзіміз көріп жүр. Бірақ, оның қажеттілігі болмаса, қолданысқа енбес еді.

– Қауіпті дерттерге қарсы екпе егу жұмыстары әлемдік тәжірибеге еніп отыр. Осыған орай, сәби өмірге келген сәттен бастап белгілі мерзім ішінде түрлі аурулардың алдын алу, жұқпалы дерттерден сақтануды қамтамасыз ету үшін иммундау шаралары дәстүрлі түрде қолға алынды. Оның пайдасы мен қажеттілігі туралы түсіндірме жұмыстары әлі де жүргізіліп келеді.. Елімізде иммундау шаралары баланың жарық дүние есігін ашқан сәтінен бастап 6 жасқа толғанға дейін кестеге сай жүргізіледі. Ата-анасының рұқсатынсыз балаға екпе салу заңға қайшы. Егер олар қарсы болса, тілхат жазып, одан бас тарта алады. Екпені алдын ала арнайы оқытылған медициналық маман тек жұқпалы ауруларға қарсы жүргізуге рұқсат берілген егу бөлмелерінде жүргізеді. Бүгінде пайдаланылып отырған екпе – белгілі бір жұқпалы аурулардың өлі немесе әлсіретілген қоздырғыш микроорганизмдерінен жасалған препарат екенін тағы да нақтылаймыз. Олардың шығарылу тәртібіне қатаң талап қойылып, оның зиянсыздығына, қауіпсіздігіне және тиімділігіне зертханалық, клиникалық тексерулер өткізіледі, – дейді тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің инфекциялық және паразиттік ауруларға эпидқадағалау бөлімінің бас маманы Жұлдызай Жансүгүрова.

Дүние жүзі бойынша осы жұқпалы аурулардың кесірінен мыңдаған адамдар көз жұмады екен. Осыған орай, елімізде жұқпалы аурудың 15 түріне қарсы (қызылша, қызамық, шошқа мойын, вирусты гепатит А және В түрлеріне қарсы, құрөзек, сіріспе, көкжөтел, сал ауруы, гемофильді инфекция, пневмококкты инфекция, тұмау, құтыру, туберкуллез, оба) екпелер тегін жүргізіледі.

Кейінгі уақытта дін жолына түскен азаматтар арасында екпе егуді харам деп түсініп, бас тарту жағдайы жиі орын алуда. Екпе жасау дұрыс емес дейтіндер өз қарсылықтарын шариғатпен байланыстырады. Олар: «Ислам екпе жасатуға тыйым салады» деп түсінуде. Ал, медицина саласының мамандары ғылыми тәжірибелерге сүйеніп, екпе жасату дұрыс әрі қажет дейді.

– Соңғы жылдары көп дау тудырған мәселелердің бірі – екпе егу. Дәстүрлі медицинаға сеніммен қарайтындар бұл мәселені көтермейді. Алайда, ғаламторда екпеге қарсы материалдар өте көп. Оны қабылдап, денсаулығына зиян тигізген деректер де жоқ емес. Сонымен бірге, екпенің құрамына байланысты діндар ата-аналар тарапынан қарсылық болуы мүмкін. Бірақ, екпе егуге шариғатта ешбір тыйым салынбаған. Керісінше, денсаулықты күтуге үндеген діни мәтіндер көп. Бұл ата-ананың жауапкершілігіне, олардың таңдауына тікелей қатысты, – дейді дін мәселелерін зерттеу орталығының аға маманы Сержан Андарбаев.

Облыс бойынша үстіміздегі жылдың 7 айында дүниеге келген 10847 баланың 10552-і немесе 97,3 пайызы перзентханада ВГВ ауруына қарсы алғашқы екпесін алған. Қызылша қызамық, эпидпаротит ауруларына қарсы жоспарлы егумен 1 жастағы 9997 бала, 6 жастағы 13078 бала қамтылған. Ал, құрөзек ауруына қарсы егуге 28353 ересек жоспарға алынып, оның 25973-і қайта егілген. Алайда, егуден кейінгі асқынулар тіркелмеген. Осы мәліметтерге сүйене отырып, біздің өңірде екпе егу жұмыстары бірқалыпты деңгейде өткізіліп отыр деуге негіз бар.

Дана халқымыз «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген қағиданы берік ұстанған. Бүгінде екпеге қатысты теріс пікірлерге әлі күнге нүкте қойылмай келеді. Дегенмен, насихаттық түсіндірме жұмыстары да жалғасын табуда. Өйткені, халық денсаулығы – ұлт байлығы. Ал, халық өз денсаулығына салғырттық танытпауы қажет. Сонда ғана дені сау ұрпақ қалыптасады.

Ақмарал ОЛЖАБАЕВА.

http://aqmeshit-aptalygy.kz/ekpe-egudi-pajdasy-andaj/