Ауа райы
Мерекелер

Журналистің архивінен

 

37 ЖЫЛ БҰРЫНИә, дәл осыдан 37 жыл бұрын, 1979-дың шілде айы. Үш қабатты зәулім ғимарат. Ол кезде мұндай үйлер Аралда тым санаулы-ақ. Солардың ішіндегі еңселісі - перзентхана тұғын. Ол өзі қаланың батыс бөлігіне, елден оқшау орналасқан. Айналасы тас плиталармен қоршалып, ауласына тал егілген. Демек, қай жағынан болса да, көз тартарлық. Ал, адамдары ше?! Мұнда барлығы 150-дей қызметкер бар. Оның 8-і дәрігер-гинеколог, 36-сы акушер, 28-і медбике. Жыл сайын кеміне есептегенде, екі мыңдай әйел босанады. Аз шаруа емес. Әсіресе, демалыс күндері келушілер өте көп. Солардың арасында біз де тұрмыз. Сәкең ағайымыз немерелі болып, соны құттықтағалы келдік. Жас нәрестені орап, ақ халаттылар тысқа шықты. Со бойда жанымдағылар ақ халатты қағылез келіншекті жабылып сүйіп жатты. Өзгелерін құшақтамай айрықша қағылез келіншекке «жабыса» қалғандары несі? Ол кім екен өзі? Дәрігер ме, әлде акушерка ма? Сұрастырсақ, есімі бұрыннан таныс дәрігер-гинеколог, әрі хирург Пак Валентина Евгеньевна осы кісі болып шықты. Әйтсе де ол жайында жазу бұл жолы ойым да тіпті болған жоқ. Ал, кейін қолға қалам алуыма мынандай оқиға себеп болды. Лауазымды Ерекең осы перзентханаға рұхсатсыз кіріп келеді де әлгі дәрігер Пакке жөнсіз тиіседі.

- Әйелімнің ішіндегі баласын ота жасап алуға қарсымын, - деп дүрсе қоя береді,- бұлай етсеңіздер, қайда шағымданатынымды өзім білемін!..

- Сізге мұнда келуге болмайды. Ананы да, баланы да аман алып қалу жағын қарастырудамыз. Бұл жөнінде ойланып шешім қабылдауға мұрша беріңіз,-дейді Валентина Евгеньевна сыпайы ғана.

Бірақ, лауазымды адам оның сөзін құлаққа ілмейді. Сол арада тұрып-ақ әр жерге телефон соғады. Өзінің ота жасауға қарсылығын білдіреді. Осыдан кейін Пактың шыдамы таусылады. Онсыз да әлгі әйелге жасалатын отаның жайын ойлап басы қатып отырған-ды… Отаның аса күрделі екені дәрігерлердің бәріне анық еді. Өйткені, ол әйелдің мұнан бұрынғы баласы да ішінен жарып алынған екен. Сол жырықтың ізі әлі бар. Екінші рет баласын жарып алуға әйелдің денсаулығы жарай ма, жоқ па, осы жағы көп мазалайтынды оны.

- Сіз бөлмені босатыңыз енді, - деп, Пак те лауазымды кісіге қатты келеді,-сырқатты емдеу және оны еңбекке қайта қосу - біздің борышымыз. Осы міндетімізді орындауға қол сұқпаңыз!..

Лауазымды кісі одырайып біраз үнсіз тұрады. Оған бұлайша ешкім де қатты келіп сөз айтпайтын. Мына келіншектің түрінен шошып, жылыстап жүре берді. Бұл оқиғаны мен аудандық денсаулық сақтау бөлімінен есіттім.

Осы әңгімеге қатысқандар Валентина Евгеньевна жағында екендігін білдіріп жатты. Осының арты не болды? Әлгі әйелге ота жасалды ма екен?! Мені қызықтырған жайлар осы еді.

Сол мақсатпен перзентхананың бас дәрігері Болат Әлсейтовке телефон соғуыма тура келді.

- Анау лауазымды ағамыздың әйелі есен-сау босанды ма?

Ол менің не жайында білгім келетінін бірден түсініп:

- Босанды. Жеңгей де аман, бала да аман. Бірақ, іштен жарып алынды. Валентина Евгеньевна көп еңбек сіңірді. Бірнеше тәулік бойы ұйқы көрген жоқ.

Ал, ағамыздың қуанғанын көрсең!.. Өзі келіп Валентинадан кешірім сұрады. Және гүл ұсынып, шын жүректен алғысын жаудырды. О кісіні де кінәлауға болмайды ғой. Әйелі мен баласынан кім айрылғысы келеді дейсіз. Оның бұл қиналысын Валентина да кейін түсінді.

Пак Валентина Евгеньевна 1960 жылы Семей қаласындағы дәрігерлер дайындайтын институты бітіріпті. Сол институт қабырғасында жүріп-ақ акушерлік қызметке кіріседі. Ал, Арал қаласына 1963 жылы көшіп келеді. 1965 жылға дейін аудан көлеміндегі акушер-гинеколог Пактың жалғыз өзі болады. О жылдары аудан орталығындағы фельдшерлік пункттің өзі мамандармен толық жасақталмаған еді. Сондықтан шалғайдағы мал жайылымдары мен балықшылар ауылына Валентинаның жиі шығып тұруы өте қажет болды. Осылай жүріп елмен, оның ақ көңілді адамдарымен етене араласып, ағайын болып танысып кетті. Бұрын ғыдай емес, оны тұс-тұстан іздеп келушілер көбейді.

Валентина Евгеньевна он алты жылғы қызметінің ішінде 1672 рет, яғни, 1979-жылға дейін осынша гинекологиялық ота жасапты, оның 571-і тым күрделі еді. Әр ота - әрбір әйел ананың өмірі үшін күрес… Өмір бойы жас нәресте көрмеген әйелдер де Валентинаны көп мазалайтын.

Айтарлық, Нина Викторовнаның тұрмысқа шыққанына 15 жылдың жүзі болған. Ол өзі тағдырынан тым түңілулі екен. Нәресте көрмедім, деп жылағанда жанында адам тұра алмайтын. Сол құрбысынан ақыл-кеңесін аямайды және 12 жыл тынбай ізденіп, оны тұрақты емдеумен болады. Сол көп жылғы күрестің арқасында Викторовтардың үйінен жас сәбидің іңгалаған дауысы естіледі. Ұлды болады. Осыдан кейін, бұл отбасының Пакке деген ықыласын, ыстық сүйіспеншілігін айтып жеткізуге сөз табудың өзі қиын-ақ.

Е-е, Пак Валентина көпке таныс, әрі өте сыйлы адам. Ол әрбір жанұяға қуаныш әкелуші. Осы жылдар ішінде тәжірибесі молайып, бұрынғыдан да мамандана түседі. 1968 жылы оған бірінші категориялы маман дәрігер, акушер-гинеколог, ал 1976 жылы «Денсаулық сақтаудың үздігі» атағы беріледі. Гинекология бөлімінен емделіп шыққан Гунко, Сүлейменова, Бердалиева және басқаларымен пікірлесе қалсаңыз, Валентина Пак туралы тек қана жылы лебізін айтады.

- Несін сұрайсыз, өлім аузынан алып қалды ғой,-деп аса ризашылығын білдіреді. Сүлейменованы әкелгенде тамыры мүлде соқпайды екен. Оның жанынан Валентина бір минутке болса да ұзап кетпеді. Іштен қан кеткен. Соны тоқтатудың барлық айласын жасап бақты. Ал, Бердалиеваны емдегенде үш тәулік бойы үйіне барған жоқ. Үш жастағы ұлын көршілеріне тапсырып, өзі әл үстіндегі ана өмірі үшін талай таңды ұйқысыз өткізді. Баласын іштен жарып алды. Бердалиеваның қазір денсаулығы өте жақсы, бес баланың анасы. Мұндай мысалдарды акушер-гинеколог, әрі хирург Пак жолдастың еңбек жолынан көптеп келтіруге болады. Уақытына жетпей босанатын әйелдерге де қызметі аз болмаған.

М.Құлымбетова жас ана. Жеті айға жетпей сәбиінен айырылып қалады екен. Бір емес, бірнеше рет осылай болады. Оны Валентина жеке бақылауға алады. Тұрақты ем жасайды. Баланы айы толғасын барып өмірге келтіру үшін бірнеше жылғы тәжірибесін қолданады. Ақыры ғылым жетістігімен ұштасқан тәжірибе жеңіп шығады. Жас ана уақытына жетіп босанады. Осындай жағдай Л.Қосжановадан да кездеседі. Ол баласынан әлгі жас анадан да ерте айырылып қалады. Және екі рет қатарынан солай болады. Ол да Валентина Евгеньеваның араласуымен бұл күндері бірнеше ұл мен қыздың анасы атанып отыр. Ота кезінде оған өздерінде істейтін гинеколог-дәрігерлер Ташканова, Мыңғышпановалар, сондай-ақ, аудандық аурухананың Кеншімбаев, Пак, Романова сияқты хирургтері де қолғабысын тигізеді.

Ал, медбикелер Г.Грибонкина, Г.Огишева, А.Құлтасовалар ұдайы оның жанында жүреді. Енді сол Пактің өзімен сөйлесуді жөн көрдік. Оны сол өзінің меңгеруіндегі гинекология бөлімінен таптым. Пак әңгімеге, әсіресе, өзі туралы айтуға тым сараң екен. Және бұл күні онымен әңгімелесуімізге бас дәрігер Б.Әлсейітов те ыңғай бере қоймады. Неге олай?!

Біздің көмейімізде осындай сауал тұрды. Әлсейітов бізді оңаша шығарып алып былай деді:

- Валентинаны бүгін мазалауға болмайды. Өйткені, күні ертең оның аса қиын ота жасауы керек. Сол мәселе төңірегінде ойланып-толғанып жүр. Облыстық ауруханадан гинеколог шақырып едік, олар операцияға келіспеді. Және бара алмаймыз деп кесіп айтты. Сонымен таңдауды Пактың өзіне қалдырдық. Ол болса операция жасамақ. Отасыз ол әйелді өмірге оралту мүмкін емес те сияқты. Ұмытпасам, фамилиясы Рзалиева. Иә, Рзалиева. Қырыққа әлі жетпеген. Қайталап айтайын, бұл әйел жынысына жасалатын оталардың ішіндегі ең салмақтысы болмақ. Мұның өзі ерлікпен тең. Ондай ерлік жасау-аса тәжірибелі, өзіне кәміл сенімді гинеколог-хирургтердің ғана қолынан келмек. Міне осындай хирург біздің Валентина Евгеньевна болып отыр. Ауыр сырқатты ананы да, оған пышақ жұмсауға батыл кіріскелі отырған дәрігерді де аяп кеттік. Қайсысы жеңеді?! Сырқат па, әлде дәрігер ме?! Бұл жағы әзірге белгісіз еді. Бұл сауалдың жауабы кейін болмақ. Оның жайын хабарлауды бас дәрігер өз мойнына алды. Сонымен, перзентханадан қоңырау соғылуын бір жетідей күттім. Таңертеңгілік бас дәрігердің көңілді дауысы естілді.

- Біз жеңдік! - деді ол.

- Не нәрсені?!-дедім алғашқыда не айтқалы тұрғанын түсінбей. Ота сәтті шықты. Рзалиева бір аптадан кейін мүлде айығып кетеді. Гинеколог-хирург Пак Валентина Евгеньевна туралы нендей мақтау сөз айтсаңыздар да жарасымды.

Әңгіменің түйіні түсінікті болды. Валентина Пак жайында жақсы лебіз айтуға осыдан кейін қолға қалам алдық.

 

Шәкірат ДӘРМАҒАМБЕТҰЛЫ,

Қазақ ССР-іне еңбегі сіңген мәдениет қайраткері.

 

Суретте: В.Е.Пак 1979 жылы түсірілген.

 

«Толқын» газеті. 20 тамыз 2016 жыл.