Ауа райы
Мерекелер

Кандидоздардың лабораториялық диагностикасыКандидоз деп - Candida туыстастығының ашытқы тәрізді зеңдерімен қоздырылған терінің, шырышты қабаттардың және ішкі ағзалардың қабынуын айтады. Негізі Candida туыстастығы 196 түрден тұрады, адам патологиясында маңызды рөл атқаратын оның 7 түрі бар. Candida туыстастығы шартты-патогенді микробтар қатарына жатады.

Адамға патогенді түрі Candida albicans болып келеді. Ол сүт қышымасынан жүйелі кандидиозға дейін ауруларды қоздырады.

C. albicans барлық зеңдік қабынулардың 80 процентін құрайды.

Кандидоздың пайда болу себептеріне: созылмалы ауруларға байланысты ұзақ уақыт антибиотиктер қабылдау, демікпе, сусамыр, лейкоз, обырлар, авитаминоздар жатады. Кандида зеңдері ағзаның барлық органдары мен жүйелерін зақымдайды.

Жиі кездесетін кандидоздарға: стоматиттер, фарингиттeр, бронхиттер, бронхопневмониялар, пиелиттер, вульвовагиниттер, холециститтер, менингиттер және т.б жатады.

Ауыз қуысы ас-қорыту жолының (трактының) кіре берісі болып есептеліп, сыртқы орта микроорганизмдері енетін жер болғандықтан, ауыз қуысы шырышты қабатының кандидозын ерте анықтап, диагностикалап, емдеп, жұқпаның (инфекцияның) төмен қарай таралуына жол бермеудің маңызы зор.

Кандидоздың клиникалық көріністері мен ауру ұзақтығы әр түрлі болады: беткейліктен терең таралған висцералдық зақымдануларға дейін, қысқа жедел өтетін түрінен созылмалы ұзақ ағымға дейін, жеңіл түрінен ауыр процесстерге дейін.

Кандидоздардың клиникалық көріністерінің сан алуандығы, жасырын формаларының болуы мен кандида тасымалдаушылық кандидоздың зертханалық нақтылануын (лабораториялық диагностикасын) қиындатады.

Лабораториялық зерттеуге науқастан зақымданған жерге байланысты: несеп, нәжіс, қақырық, ауыз қуысы шырышы, бронхтардың шайынды сулары, жұлын сұйықтығы, қан, ірің, түрлі пунктаттар, отадан кейінгі материал және т.б алынады.

Алынған биоматериалдың зерттеуі 3 сатыдан (этаптан) құралады:

1. Микроскопиялық зерттеу.

2. Зеңді қоректік орталарда дақылдандыру.

3. Зеңнің антибиотиктерге сезімталдығын анықтау.

Зеңдердің этиологиялық рөлін растау үшін олардың биоматериалдарының ең аз көлеміндегі саны жеткілікті болуы қажет. Мысалы: қақырықта – 500-ден астам жасуша, нәжісте – 300-ден астам, несепте – 1000-нан астам.

 

Салтанат ОРЫНБАСАРҚЫЗЫ,

облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы,

бактериологиялық зертхана дәрігері

Сурет boleznimatki.ru сайтынан алынды

Несепті бактериологиялық зерттеу тәсілдеріНесеп - микроорганизмдерде жиі зерттелетін биологиялық материал. Несеп жолы инфекцияларының көпшілігі қуық пен уретрада кездеседі. Инфекция бұл органдардан уретра арқылы жоғары көтеріліп, бүйректі қабындыруы мүмкін (пиелонефрит).

Несеп жолдарының инфекцияларына ерлерден гөрі әйелдер бейім. Несеп жолдарының инфекциясы әйелдерде де, ерлерде де симптомсыз жедел немесе созылмалы түрде өтеді.

Әйелдердің симптомсыз пиелонефриті ұзақ уақытқа дейін анықталмай, несептің көп мөлшерін зерттегенде ғана қоздырғышты бөлуге болады.

Ерлерде несеп жолдары инфекциялары созылмалы простатиттерге әкеп соғуы мүмкін.

Несепті бактериологиялық зерттеуге барлық зарарсыздық шараларын сақтап алу қажет. Ол үшін зарарсыздандырған қақпағы тығыз жабылатын шыны немесе пластик ыдыс қажет. Несепті табиғи жолмен немесе науқастың жағдайына байланысты, қуық үстінен пункциялау, цитоскопиялау, катетеризациялау арқылы алады.

Табиғи әдіспен олардан бұрын науқас жыныс мүшесін жууы қажет. Несептің алғашқы бөлігі ағызып жіберіліп, зерттеуге ортаншы порциясы 5-10 мл көлемінде алынады.

Несептің өзі бактериялар дамуына қолайлы қоректік орта болғанымен сынама зерттеуге алынғаннан соң, лабораторияға 2 сағат көлемінде жеткізілуі қажет. Егер ондай мүмкіндік болмағанда тоңазытқышта 4 градус С жағдайында 18 сағатқа дейін сақтауға болады.

Зертханада бактериологиялық зерттеуді Грам әдісімен бояп, микроскопиялаудан бастау қажет. Өйткені, несеп шартты-асептикалық материалға саналатын болғандықтан, оның 1 мл көлеміндегі бактериялар санын анықтау керек. Егер микроскоптың бір көру алаңында бір немесе бірнеше жасуша табылса, ол 1,0 мл зерттеу материалында 10 немесе одан көп микроорганизмдердің болуын білдіреді.

Бір көру алаңда бір немесе бірнеше лейкоциттардың болуы несеп тракты инфекциясының көрсеткіші болып саналады.

Кейде әйелдер несебінің жағындысында көп мөлшерде эпителий анықталып, ол несептің қынап микрофлорасымен араласқанын (контаминацияланғанын) көрсетеді. Бұл кезде несеп зерттеуін қайта тағайындау қажет.

Несепте жиі анықталатын патогендерге стафилококктар, энтерококктар, псевдомонадалар, ішек таяқшалары жатады. Егер микроскопиялау кезінде микроорганизмдер мен лейкоциттер анықталмаса: онда несеп жұқпаланбаған (инфицирленбеген).

 

Салтанат ОРЫНБАСАРҚЫЗЫ,

облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы,

бактериологиялық зертхана дәрігері

Cурет pro-analizy.ru сайтынан алынды

Жұлын сұйықтығын бактериологиялық зерттеуҚалыпты жағдайда жұлын сұйықтығы стерильді және мөлдір, 1 мл көлемінде бірнеше лейкоциттер болып, эритроциттер болмайды. Менингитті және церебралды қабынуларда (менингиттер мен энцефалиттер) жұлын сұйықтығының химиялық және цитологиялық құрамы өзгереді. Жұлын сұйықтығында жиі анықталатын патогендерге -менингококк, пневмококк, инфлюэнция таяқшасы, туберкулез микобактериялары жатады. Бактериологиялық зерттеуге науқастың жұлын сұйықтығы мен менингококкты менингитте көмейдің мұрын бөлігінен шырыш алынады. Жұлын сұйықтығын дәрігер стерильді жағдайда люмбалды (жұлындық) немесе омыртқа аралық пункция арқылы 5-10 мл көлемінде алады. Пункция алар алдында тері бетін залалсыздаған дұрыс. Алынған жұлын сұйықтығының бір бөлігін химиялық және цитологиялық зерттеуге, екіншісін – микробиологиялық анализге пайдаланады.

Микробиологиялық анализға алынған жұлын сұйықтығын стерильді жылы центрифугалық пробиркаларға құю қажет. Алынған үлгілерді жылдам зертханаға жеткізу керек. Кешіктірген жағдайда микроорганизмдердің саны азаяды.

Зертханада материалды центрифугада айналдырып, түбіндегі тұнбасын зерттейді. Тұнбадан 2 түрлі микроскопия жасалады. Бірі - тікелей микроскопия, екіншісі - Грам әдісімен боялған жағынды микроскопиясы.

Тікелей микроскопияда жұлын сұйықтығы тамшысында лейкоциттерді, эритроциттерді, бактериялар мен зеңдерді анықтайды. Жағынды препаратта грам оң немесе теріс боялған бактериялардың анықталуы мүмкін.

Соған байланысты материал егілетін қоректік орта таңдалады. Егер, грам теріс таяқшалары анықталса материалды қанды агарға, Мак-Конки агарына, триптиказо-соя сорпасына егеді, грам теріс кокктар анықталса қанды агар мен триптиказо-соя сорпасына егеді.

Ал жағындыда микроорганизмдер анықталмаған жағдайда материал барлық аталған орталарға егіледі.

Жұлын сұйықтығының бактериологиялық, химиялық, цитологиялық зертеулерінің нәтижесінде лейкоциттердің түрін, глюкозаның концентрациясын, ақуыздың көлемін ескере отырып менингит түрін (бактериалды, туберкулезды, зеңдік, вирустық) анықтауға болады.

Зерттеу нәтижесінде қоздырғышты ажыратқан соң: антибиотиктерге сезімталдық тесті қойылып қорытынды нәтиже беріледі.

 

Салтанат ОРЫНБАСАРҚЫЗЫ,

облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы,

бактериологиялық зертхана дәрігері

Сурет mamapedia.com.ua сайтынан алынды

Жоғары тыныс алу жолдарының жұқпаларын (инфекцияларын) микробиологиялық зерттеуЖоғары тыныс алу жолдары – бұл қуыс ағзалар (органдар) жұтқыншақтан мұрынға дейінгі. Оларға: көмейдің ауыз бөлігі мен мұрын бөліктері, синустар, ортаңғы құлақ жатады. Жоғарғы тыныс алу жолдарында болатын инфекциялар фарингит, назофарингит, отит, эпиглоссит, синуситтер болып келеді.

Жұтқыншақтың қалыпты микрофлорасы альфа-гемолитикалық стрептококктар, пневмококктар, стафилококктар, дифтероидтар, ашытқы зеңдер түрінде білінеді.

Көмейдің ауыз және мұрын бөліктерінде қалыпты жағдайда стрептококктар, бактериоидтар, стафилококктар кездеседі.

Жоғары тыныс алу жолдарының патогендеріне - іріңді стрептококк, дифтерия коринебактериясы, пневмококк, гемофиль таяқшасы, көгілдір ірің таяқшалары жатқызылады.

Иммунды тапшылықтан зардап шегетін немесе ұзақ уақыт антибиотик емін қабыдаған егде жастағы адамдардың жоғарғы тыныс жолдарында энтеробактериялар мен ферменттемейтін грам теріс бактериялар жиі ұшырады.

Зертханалық (лабораториялық) зерттеуге стерильді мақта тампонмен қабынған жерлерден шырыш алынады. Материал алу кезінде тампонды тістерге, тілге, ұрттың шырышты қабатына тигізуге болмайды. Алынған материалға жолдама толтырып, тез арада зертханаға жеткізу қажет.

Ондай мүмкіндік болмаған жағдайда 4 сағатқа дейін тоңазытқышта сақтауға болады.

Зерттеудің микроскопиядан басталуы қажет. Ол үшін алынған материалдан заттық шыныға жағынды жасалып, Грам әдісімен боялады. Микроскопиялау арқылы микроорганизмдердің түріне болжам жасалып, келесі зерттеу және ажырату сатылары бағытталады.

Мысалы: жағындыда грам оң ланцет тәрізді қос кокк анықталса, материалды қанды агар ортасына, ал грам оң сопақша пішінді зеңдер табылса Сабуро ортасына егу керек. Қоздырғыштың түрі ажыратылғаннан соң, оның антибиотиктерге сезімталдығы анықталып, ақырғы нәтиже берілуі тиіс.

 

Салтанат ОРЫНБАСАРҚЫЗЫ,

облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы,

бактериологиялық зертхана дәрігері

 

 

Сурет pvdc.ru сайтынан алынды

ДЕНСАУЛЫҚ: Балаларға планшет пен смартфондар неге зиян?АСТАНА. ҚазАқпарат - Кішкентай балалар планшет пен смартфондарды тез меңгеретініне қазір таңғалмайтын болдық. Жаңа технология жетістіктерімен шектен тыс әуестену балаға қандай қауіп әкелуі мүмкін екенін баяндайтын, ғылыми зерттеулерге негізделген осы мақаланы уақыт тауып, оқып шығуға кеңес береміз, деп жазады bilim-all.kz.

1. Мидың тез жетілуі. Баланың миы туғанынан және 2 жасқа дейін үш есе тез жетіледі және 21 жасына дейін жетілуін тоқтатпайды. Заманауи гаджеттердің (ұялы телефондар, интернет, теледидар) жетіліп келе жатқан миды одан сайын тездетеді - бірақ мұның теріс жағы да бар. Зерттеулер көрсеткендей, гаджеттерді пайдалану назар жетіспеу синдромына, дамудың когнитивті бөгелісіне, білім алуының қиындауына және есіріктікке әкелуі мүмкін.

2. Дамудың тежелуі. Қимыл-қозғалыс - денсаулықтың кепілі, сонымен қатар бұл зейін мен зеректікті дамытады. Бірақ заманауи ойыншықтарға әуес бала аз қимылдайды - нәтижесінде, дамуы тежеледі.

3. Артық салмақ. Ғалымдар балаларда артық салмақтың пайда болуын ұзақ уақыт бойы смартфонда ойын ойнауымен және теледидар қарауымен байланыстырады. Түрлі гаджеттерді өз бөлмесінде еркін пайдалана алатын балалардың 30%-ы көбіне толықтықтан зардап шеккен. Өз кезегінде, 30% толық балалардың диабетке ұшырау қаупі жоғары, сонымен қатар толық адамдар ерте инсульт алуға және жүрек тоқтап қалуға бейім келеді.

4. Ұйқының жетіспеуі. Ата-аналардың 60%-ы балаларының гаджетпен қанша уақыт отырғанына назар аудармайды. Әрине балалар ойынның қызығына кіріп, кеш жатады, ұйқылары қанбайды, күн тәртібі бұзылады, ал кейде ұйқысыздыққа ұрынады - мұның бәрі олардың денсаулығына кері әсер етеді.

5. Психикалық аурулар. Көптеген зерттеулер тағы мынадай пікір айтады: заманауи ойыншықтар мен құрылғыларды шамадан тыс көп пайдалану балаларда күйзеліс, үрей, назар жетіспеушілік синдромы, аутизм, қос полярлық ауытқушылық, психоз бен баланың іс-әрекетіндегі басқа да ауытқушылықтардың пайда болуына әкелуі мүмкін.

6. Агрессия. Психикасы әлі қалыптаспаған кішкентай балалар теледидар мен ойындарда көрсетілетін көріністерге аса бейім. Онда кейде өлтіру, сабау, қиынау мен зорлау сияқты зұлымдық іс-әрекеттерді көрсетеді. Мұның бәрі балада агрессияның пайда болуына әкеледі.

7. Ақпараттық қайта жүктеу. Шамадан тыс көп ақпарат (мысалы, БАҚ) та назар жетіспеушілік синдромының пайда болуына себеп болуы мүмкін, сонымен қатар бұл зейін қоюды сейілтіп, жақсы оқуға кедергі болады.

8. Гаджеттерге байлану. Ата-аналар балаларымен ойнап, сөйлесудің орнына көп уақытын ноутбукқа және смартфонға қараумен өткізеді. Егер бала ата-анасына байланбаса, онда кейбірі заманауи ойыншықтардан жұбаныш іздеп, соларға байланып қалады.

9. Радиациялық сәулелену. Балалар үлкендерге қарағанда әлдеқайда сезімтал, сонымен қатар олардың миы мен имундық жүйесі әрдайым даму үстінде. Сол себепті ұялы телефондардан бөлінетін радиациялық сәулеленуге назар аудармауға болмайды. Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымы оларды және басқа да сымсыз құрылғыларды 2В санатына - ықтимал канцерогенге жатқызды.

http://inform.kz/kaz/article/2937556