Ауа райы
Мерекелер
0

Байқоңыр қаласында медициналық орталық ашылды (ФОТО)ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Бүгін Байқоңыр қаласында облыстық медициналық орталықтың филиалы ашылды. Аталмыш орталықта жұлдызды қалашықта тұратын Қазақстан азаматтары мен Қармақшы, Қазалы және Арал аудандарының тұрғындары медициналық көмек ала алады. Бұл туралы облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.

Естеріңізге сала кетейік, 2007 жылы Қазақстан мен Ресей арасындағы келісім негізінде Байқоңыр қаласында 80 төсектік перзентхана, Қазақстан Республикасының қаражаты есебінен ауысымына 100 келушіге арналған әйелдерге кеңес беру орталығын салу туралы шешім қабылданған болатын.

Орталық ғимаратының құрылысына 1 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалған. Құрылыс жұмыстары 2010 жылдың аяғында аяқталып, әртүрлі себептермен нысанның ашылуы кейінге қалдырылып келді. Тек 2015 жылдың қарашасында Қызылорда облысы әкімдігінің бастамасымен Мәскеуде өткен үкіметаралық комиссия отырысында аталмыш ғимаратты Қазақстан тарапына беру туралы шешім қабылданып, аурухананы жабдықтау үшін қосымша қаражат бөлінді.

Облыстық медициналық орталық филиалының ашылу салтанатына облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, «Жер үсті ғарыш инфрақұрылымын пайдалану» орталығы бас директорының міндетін атқарушы Ранохон Джураева қатысып, Байқоңыр қаласы тұрғындарының қуанышына ортақтасты.

«Облыстық медициналық орталық филиалының ашылуы - Байқоңыр қаласында тұратын қазақстандықтар үшін үлкен қуаныш. Тәуелсіздіктің 25 жылында облыста 3 медициналық орталық пайдалануға берілді. Олар: облыстық медициналық, диагностикалық және перинаталдық орталықтар. Сонымен қатар, 5 аудандық емхана, бір аурухана, 4 туберкулезге қарсы диспансер, Қызылорда қаласынан заманауи емхана және өңірдің барлық елдімекендерінен жалпы саны 100-ге жуық емдеу мекемесі ел игілігіне пайдалануға берілді. Олардың барлығы автокөлікпен, қажетті медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Сонымен бірге, жоғары мамандандырылған кардиологиялық және нейроинсульттік орталықтар ашылды. Нәтижесінде республиканың басқа қалаларына барып емделетін қызылордалықтар саны 3 есеге азайды», - деді облыс әкімі.

Айта кетейік, Байқоңыр қаласында жаңадан ашылған медициналық орталық 240 мың халқы бар Қармақшы, Қазалы мен Арал аудандарының тұрғындары үшін де медициналық көмек көрсететін болады.
Медициналық көмек солтүстік аудандардың тұрғындары облыс орталығына барып ем алатын басты бағыттар бойынша жүргізіледі. Қазірдің өзінде Байқоңырдағы облыстық медициналық орталық филиалында оңалту және терапия бөлімшелері жұмыс істеп тұр. Кезең-кезеңімен офтальмология, лор, хирургиялық, гинекологиялық бөлімше мен перзентхана жұмысын бастайды.

Байқоңыр қаласында медициналық орталық ашылды (ФОТО)
Байқоңыр қаласында медициналық орталық ашылды (ФОТО)
Байқоңыр қаласында медициналық орталық ашылды (ФОТО)
Байқоңыр қаласында медициналық орталық ашылды (ФОТО)
Байқоңыр қаласында медициналық орталық ашылды (ФОТО)

 

Автор:Елубай Әуезов

http://inform.kz/kaz/article/2936393