Ауа райы
Мерекелер

Қызылордалық медбикелердің мәдениетсіздігі тұрғындардың жағасын ұстаттыҚызылорда облысының медицина саласында қордаланып қалған мәселелері аз емес. Әсіресе, емханалардың жұмысына көңілі толмайтын сырбойылықтар жетерлік деп хабарлайды NUR.KZ порталының аймақтағы тілшісі.

 

Мамандардың біліксіздігі мен ұзын-сонар кезек, қағазбастылық тұрғындарды әбіржітіп жіберді.
Қызылорда қаласындағы №3 емханада да аталмыш мәселелер көптеп кездесуде. Қаланың қақ ортасында орналасқан бұл медициналық мекеменің салынғанына көп уақыт бола қойған жоқ. Жаңадан пайдалануға берілген нысанның материалдық–техникалық жағдайы өзге емханаларға қарағанда әжептәуір ілгеріде. Соған қарамастан, 20 аумақтың тұрғындары тіркелген мекеменің жұмысына сын айтып, шағым білдірушілер көп –ақ.

«Мен осы №3 емханаға қараламын. Мұндағы медбикелердің мәдениетсіздігі жаға ұстатады. Қашан барсаң да ұзын–сонар кезек. Дұрыстап диагнозыңды да қойып бермейді. Әбден шаршатты», - дейді Досымжан Жалғас.

Айта кету керек, 17 маусым - медицина қызметкерлері мерекесінде аталмыш емхананың ұжымы мараптталып, құрметке бөленген болатын. Салтанатты шарада Қызылорда облысының әкімі «кезек күттірмейтін емхана» номинациясымен марапаттап, бас дәрігерге алғысын білдірген еді.

Алайда, осы мәселе бүгінде әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатыр. Тіпті бұл номинация қандай мақсатта берілгендігін түсінбей жатқандар көп. Осы орайда, №3 емхананың бас дәрігерімен NUR.KZ тілшісі сұхбаттасқан болатын.

Бұл қызметке келгеніне небәрі екі ай болғанын айтқан басшы қордаланып қалған мәселелерді рет-ретімен шешіп жатқанын жеткізді.
«Біз өндіріске өркениетті елдердің тәжірибесін енгізіп жатырмыз. Қазір электронды кезек деген жүйені қолданудамыз. Кезектің әлі де бар екенін мойындаймын. Әсіресе, аса қажет мамандарға кезек бар. Оның үстіне қазір жалпы тәжірибе дәрігері деген ұғым пайда болды. Бұл мамандар таңертең балаларды, түстен кейін ересектерді қабылдайды. Халық осы үрдіске үйрене алмай келеді. Шу осыдан шығып отыр», - деді бас дәрігер Гүлстан Мақсұтова.

Осы уақытқа дейін 9 аумақта ғана жалпы тәжірибедегі дәрігерлер болса, бүгінде барлық науқастар осындай мамандармен қамтылған. Алайда, бұл жүйенің қандай нәтиже берері белгісіз. Әзірге науқастар ашулы. «Кезек күттірмейтін емхана» қай уақытта расымен кезек күттірмейтінін күтіп жүр.

Дереккөз: NUR.KZ