Ауа райы
Мерекелер

Жақында Арал аудандық орталық ауруханасында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау ісінің еңбек сіңірген қызметкері, академик, медицина ғылымдарының докторы, профессор Дербісәлі Сексенбаевпен кездесу болып өтті.

«Ұялы» елді мекенінде дүниеге келген Д.Сексенбаев туған жерінен жырақта жүрсе де, жерлестерінің денсаулығына да өзіндік еңбек сіңіріп келе жатқан абзал жан.

Академикпен өткен кездесу кешінде аудандық аурухана бас дәрігерінің міндетін атқарушы А.Кірбасов:

- Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау ісінің еңбек сіңірген қызметкері, «Парасат» орденінің иегері, профессор Д.Сексенбайұлы медицина саласында қажырлы еңбек етіп, ғылым жолында да аянбай тер төкті. Ғалымның 10 монографиясы, жоғары оқу орындарына арналған хирургиялық еңбектері және 600-ден астам ғылыми жұмыстары бар. Бұл еңбектері кейінгі буын медицина мамандары үшін пайдасы мол дүниелер, - деп ғылыми еңбектерінің құндылығына арнайы тоқталды.

Өз кезегінде сөз алған Д.Сексенбаев хирургияның соны жетістіктері туралы кеңінен айтып, денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің осы сала бойынша қойған сауалдарына жан-жақты жауап берді.

Сондай-ақ, кездесу барысында Қызылорда облыстық медицина орталығының құрметті директоры Т.Маханов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы К.Айбосынов және денсаулық сақтау саласының ардагері, медицина ғылымдарының кандидаты Ж.Майданов өз ой-пікірлерімен бөлісті.

 

 

 

«Толқын» ақпарат

 

«Толқын» газеті. 30 шілде 2016 жыл