Ауа райы
Мерекелер


 

ЖАУАПКЕРШІЛІК ТЕ, ҚУАНЫШ ТА ЕКІ ЕСЕ

Осыдан бірнеше жыл бұрын халық игілігіне пайдалануға берілген "Ана мен бала орталығы” Сыр өңірі денсаулық сақтау саласының жеткен жетістіктерінің бірі. Заман талабына сай соны технологиялармен жабдықталған орталық бүгінде ел қуанышына айналған. Жұмыс жасағанына біршама уақыт болған орталықтың соңғы екі ай көлемінде жұмысына жан бітіп, бойына қан жүгіргендей болғаны рас. Себебі, көп бөлігі бос тұрған облыстық перинаталдық орталықтың жанына қалалық перзентхана ұжымы қоныс аударып, екі мекеме біріккен болатын. Осынша уақыттан соң әр бөлігі толыққанды жұмыс жасауға кіріскен орталықта бүгінде ана мен бала денсаулығы бағытындағы жұмыстар күшейіп, қарқын ала бастаған. Бұған дейін қалалық перзентхананың бас дәрігері қызметін он жылдан аса уақыттан бері мүлтіксіз атқарып келген Жұмашева Гүлнар Хамзақызы бүгінде ана мен бала орталығының бас дәрігері қызметіне тағайындалып, екі ұжымды басқара бастады. Қай уақытта болмасын денсаулық сақтау саласында өзекті болып саналатын ана мен бала денсаулығын жақсарту мақсатында аянбай еңбек етіп, талапшылдығымен, ұйымдастырушылық қабілетімен ерекшелене білген бас дәрігер Гүлнар Хамзақызымен сұхбаттасқан едік.

Облыстық «Ана мен бала орталығының» бас дәрігері Г.ЖҰМАШЕВА:- Гүлнар Хамзақызы, өзіңіз 12 жыл бойы басқарған қалалық перзентхана жақында ғана ана мен бала орталығына қоныс аударып, облыстық пери­наталдық орталығы ұжымымен бірікті. Жалпы екі ұжым бірін-бірі қалай қабылдады?

- Негізі облыстық перинаталдық орталық 2002 жылдың мамыр айынан бастап облыстық медициналық орталықтың жанынан ашылған болатын. Орталық алғаш ашылған уақытта 100 орынға арналған еді. Жалпы, халықаралық тәжі­рибеге сай перинаталдық орталықтың мамандан­дырылған медицина орталығында, әр бағыттағы дәрігер мамандардың жанында болғаны дұрыс болатын. Қай елде болмасын, жүкті әйелге стационарлық көмек көрсететін мекемелер көп салалы стационарлардың құрамында болады. Олай болуының негізгі себебі, жүкті әйелдердің көбінде жүктіліктен тыс басқа да сырқаттары кездеседі. Сондық­тан жүкті әйел босанғанға дейін де, босану кезінде де сырқат әйелге шұғыл көмек қажет болған жағдайда түрлі саладағы дәрігерлер­дің дайын болғаны тиімді.

Ал қалалық перзентхана мекемесі жайында айтар болсақ, 1969 жылы салынған перзентха­на­ның ғимараты бүгінде апатты жағдайда тұр. Оған қоса, қалада қазіргі таңда туу көрсеткіші соңғы үш жылмен салыстырғанда екі есеге ұлғайған. Яғни, бұдан үш жыл бұрын қалада жылына 3,5 мыңнан астам бала өмірге келетін болса, қазіргі күні жылына 7 мыңнан астам сәби дүние есігін ашуда. Бала саны артып, алайда апатты жағдайда тұрған мекемеде жұмыс жасау қалалық перзент­хана ұжымы үшін қиындық туғызғаны рас. Бұған дейін айтылғандай, қалалық перзентхананың жаңа ғимарат құрылысы «ҚазАтомПром» АҚ демеу­шілігімен жүргізілуі керек болатын. Ғимарат құры­лысы бастау алғанымен, түрлі себептерге байла­нысты құрылыс соңына дейін жеткізілмеді. Сол уақытта облыстық «Ана мен бала орталығы» ғимараты «100 мектеп, 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынып облыстық перинаталдық орталығына пайдалануға берілді. Облыстық және қалалық перинаталдық орталық­тың бір ғимаратқа шоғарлануына ең алдымен жаңа ғимараттың 100 пайыз игерілмегендігі себеп болса, сонымен қатар аймақтағы маман тапшы­лығы да бұған өз әсерін тигізді. Жалпы дәрігер мамандардың тапшылығы тек Сыр өңірінде ғана емес, сонымен бірге республика көлемінде де сезіліп отырған мәселе. Осыған орай екі мекеменің де дәрігер мамандарға тапшылығы бар болғандықтан, оларды қосу ұйғарылды. Бірақ екі перинаталдық мекемені қосуға қатысты мәселе 2 жыл бойы талқыланды.

Ағымдағы жылдың маусым айынан бастап облыстық перинаталдық орталыққа қалалық перзентхана мекемесі қосылып, өз жұмыстарын бастады. Енді екі үйдің баласын қоссаң қандай жағдайлар орын алып, қандай мәселелер туындайтынын кім-кімге де болса белгілі. Жалпы, екі ұжым қосылғаннан соң өз қиындықтары болатыны анық. Бірақ бұл мәселелердің барлығы өз шешімін тауып, бір жүйеге түсетініне сенімдімін. Өйткені, екі ұжымның да көздегені бір мақсат, бір бағытта болғандықтан мәселенің шешілері белгілі. Барлығымыздың мақсатымыз ана мен бала денсаулығын сақтау, жақсарту болып табылады. Негізі денсаулық сақтау саласында ана мен бала денсаулығы өте қиын сала болғандықтан біздерге қойылар талап та жоғары. Қиын дейтін себебіміз, ешбір салада бір мезгілде екі адамның өміріне жауап бермейді. Ал біздің сала бір мезгілде ананың да, баланың да өміріне жауапты болып табылады. Сондықтан жұмыстың қиындығы да, біздерге артылған жауапкершілікте екі есе, егер барлығы жақсы болса оның қуанышы да екі есе болмақ. Мұндай жауапкершілік жүгін арқалап жүрген дәрігерлер барлығына да түсіністікпен қарайды деп сенім білдіремін. Әйткенмен, екі ұжымның бір-біріне үйренісуіне, өзара түсінісуіне де уақыт қажет. Жалпы, екі ұжым қосылған уақытта айтарлықтай мәселе туындаған жоқ, тек бір ғана мәселе бүгінгі күні орталықта жұмыс қарқыны күшейе түсті. Сондай-ақ әлі де болса дәрігер мамандар тапшы.

- Дәрігер мамандардың тапшылығын болдырмау мақсатында қандай жұмыстар жүргізілуде?

- Қазіргі таңда орталықта жұмыс жасап жатқан дәрігерлердің дені жас мамандар. Оның ішінде тар буынды дәрігер мамандар тапшылығы сезілуде. Яғни, гинеколог, неонатолог, ренимато­лог, кардиолог, терапевт сынды дәрігерлер тапшы. Мамандардың тапшы болуының да өзіндік себебі бар. Бүгінде елімізде дәрігер мамандар даярлай­тын жоғарғы оқу орындарында жаңа стандарт­тар­ға сәйкес оқыту басталып, барлық жерде жалпы медициналық дәрігер мамандар даярлау қолға алынды. Мұның да өзіндік себептері бар. Бұл дәрігер мамандар ең алдымен ауылдық жер­лерге қажет болды. Бұл да елді мекендерге дәрігер мамандардың жетіспейтіндігінен туын­даған мәселе болатын. Сондықтан біздегі жоғар­ғы оқу орындары осы стандарттарға көшті. 2014 жылдан бастап тар буынды дәрігер мамандар резидентурадан өту керек болды. Мәселен бізге қажетті гинеколог, неонатолог немесе ренимато­лог мамандар 2-3 жыл көлемінде резидентурадан өтуі қажет.

Бұған дейін облыстық перинаталдық орталық­тың да, қалалық перзентхананың да дәрігерлер­мен қамтамасыз етілуі 50-60 пайызды ғана құраған болатын. Екі мекеме қосылғанымен де әлі де болса маман тапшылығы сезіледі. Дәрігерлерді толық­қанды қамтамасыз ету бағытында облыс әкімдігі тарапынан біршама жұмыстар атқарылуда. Атап айтар болсақ, резидентура бойынша білімін жетілдіретін көп балалы отбасынан шыққан немесе отбасылық жағдайы оқу ақысын төлеуге қауқар­сыз отбасының балалары облыс әкімінің қолдауы­мен тегін оқуға мүмкіндік алатын болады. Біз енді сол мамандардың білімін жетілдіргенін күтетін боламыз. Сонымен қатар қазіргі таңда 20-ға жуық неонатолог мамандар қайта даярлау курстарынан өтуде. Неонатолог дәрігерлер тамыз айының соңында біліктіліктерін арттыру курстарын толық аяқтайтын болады.

- Қала тұрғындары арасында «қалалық перзентхананың мамандары білікті» деген жағымды пікір бар. Өзіңіз басқарған мекеменің мамандары туралы айтылған мұндай пікір сізді де қуантары сөзсіз. Енді ана мен бала орталығының мамандары жайында да халық арасында осындай пікір қалыптастыруда бұл үдеден шыға аласыздар ма?

- Басшылық тарапынан талап күшейген уақытта мамандардың да біліктілігі, жауапкерші­лігі арта түсері анық. Кез-келген емдеу мекемесінің басшысы менеджер бола білуі керек екендігі бұған дейін де айтылып жүр. Басшы мекеменің жұмысын дұрыс жолға қоя отырып, ұйымдастыра білу керек. Сонда ғана ол емдеу мекемесінің алған бағыты айқындалып, саладағы көрсеткіштердің де жақсара түсері сөзсіз. Қалалық перзентханада жұмыс жасаған әрбір қызметкер өз ісінің майталмандары деп толық айта аламын. Біздің бағытымыз бір, көздеген мақсатымыз да бір болды. Мен өз қызметкерлерімді осы бағытқа жетелей де, ұйымдастыра да, талапшыл да бола білдім деп толық сеніммен айта аламын. Енді осыдан он екі жыл бұрын қолған алған ұйым­дастырушылық жұмысымды ана мен бала орталығында қайта бастаймын.

- Өзіңіз айтып өткендей, соңғы үш жыл ішінде қалада туу көрсеткіші екі есеге ұлғайған. Жалпы, республика көлемінде аймағымыз бұл көрсеткіш бойынша қай деңгейде?

- Ағымдағы жылдың 6 айында облыстық перинаталдық орталық пен қалалық перзентха­нада 5500 бала дүниеге келген. Яғни, бұл көрсеткіш жыл соңына дейін 11 мыңнан асады деген сөз. Жалпы, туу көрсеткіші бойынша соңғы 5 жыл көлемінде облысымыз республикада үшінші орында. Алғашқы орында Маңғыстау облысы болса, екінші орынды Оңтүстік Қазақстан облысы иемденіп отыр.

Өңірде өткен жылдармен салыстырғанда ана мен бала өлімі бойынша көрсеткіштер 10 есеге дейін төмендегенімен, әлі де көңіл көншітпейді. Дегенмен бұл мәселе бойынша да қарқынды жұмыстар атқарылып жатыр. Әлі де көрсет­кіштерді азайтуға жұмыс жүргізіледі. Осы орайда айта кету керек, жалпы ана мен бала өлімінің басты себебі, бұл жүкті әйелдердің жүктіліктен тыс сырқаттарының салдарынан болып отыр. Оған қоршаған ортаның, ауа райының да, ауыз судың да әсер ететіні белгілі. Сонымен қатар жылда дәрі­герлердің қарсылығына қарамастан жүктілікке қарсы көрсеткіштері бар әйелдердің де босанып жатқан жағдайлары көп кездеседі. Мәселен, жыл басынан бері облыста жүктілікке қарсы сипатта­масы бар 154 әйел босанды, енді жыл соңына дейін тағы 79 әйел тіркелген. Жүктілікке қарсы сипаттамасы бола тұра, дені сау бала талап ететін жандар да жетерлік. Жалпы әрбір адам өз денсаулығына немқұрайлылық танытпаса, дәрігерлердің кеңесіне көңіл бөлсе өлім-жітім көрсеткіші де азаяры сөзсіз.

- Екі ұжым біріккеннен кейін орталықта қызметкерлерді жұмыстан қысқарту болды ма?

- Орталықта дәрігер мамандар жетіспейді дегенімізбен, орта буын медицина қызметкерлері бойынша мамандар жеткілікті.

Негізі орталықта қызметкерлерді, жұмыс­шыларды қысқарту жұмыстары жүргізілген жоқ. Бірақ екі мекемені қосқан уақытта төсек орны бойынша артық саны шықты. Яғни, артық төсек орын алынған жағдайда жұмысшыларды да азайту қажет. Бірақ қазіргідей қиын кезеңде мекеме қызметкерлері мен жұмысшыларын жұмыссыз қалдыруға болмайды. Сол себепті жұмысшы­ларды жұмыстан қысқартпағанымызбен, олардың орнын алмастыру сынды жұмыстары жүргізілуде. Бүгінге дейін орталықта жұмысшыларды қысқарту орын алған жоқ.

- Сіз басқарып отырған орталықтың мүмкіндіктері туралы айтып өтсеңіз?

- Егер жүкті әйелдің жүктіліктен тыс сырқаты болып, ол сырқаты бірінші деңгейлі болатын болса, онда ол әйел Астана мен Алматы қала­ларындағы ғылыми орталықтарда ем қабылдауы қажет. Алайда жүкті әйел ғылыми орталықтарға барудан бас тартқан жағдайда өзіміздің ана мен бала орталығында да ем қабылдай алады. Біздің орталықта да ғылыми орталықтарда жаса­латын емдермен пара-пар ем-домдар жүргізіледі. Сонымен қатар орталықта лапарскопиялық ота­лар жасалуда. Яғни, гинекологиялық науқастар­дың ішін кеспей-ақ, тесу арқылы арнайы аппаратпен жасалатын оталар қолға алынуда. Сондай-ақ орталық жанынан 5 орынды жасөспірім қыз­дар­дың гинекологиялық сырқатын емдейтін стацио­нар ашу қолға алынды.

Сонымен қатар жаңа туған балалардың туа бітті сырқаттарын анықтайтын орталық ашылып, орталық жанында генетик мамандар, арнайы зертхана да жұмыс жасайды.

- Орталықтың алдағы жоспар­ларымен бөліссеңіз?

- Қазіргі таңда уақытынан бұрын ерте туылып жатқан нәрестелер бар. Сол нәрестелердің бірінің миы жетілмеген, енді бірінің өкпесі дамымаған, тағы бірінің көзінің көру қабілеті нашар болып шала туылады. Аймақта шала туған нәрестенің өкпесін дамыту бойынша әлемдік стандартқа сай жұмыс бұрыннан жүргізілуде. Ендігі кезекте ерте туылған балалардың көзінің көру қабілетін анықтау бойынша атқарылатын жұмыстар қолға алынбақ. Дәлірек айтсақ, жақын арада орталықтың осы сала бойынша дәрігер маманын оқуға жіберетін боламыз. Сонымен қатар жыл соңына дейін жаңа туған нәрестенің көру қабілетін анықтайтын және ота жасайтын озық технологиялы аппараттарды облыс әкімдігінің қолдауымен лизинг арқылы алу жоспарлануда. Оған қоса жүктілік кезінде баланың туа бітті ақауларын анықтайтын «Эксперт класс» УДЗ аппараттарын алу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Әзірге мұндай аппарат біздің облысымызда облыстық диагностикалық кеңес беру орталығы мен қалалық перзентханада ғана болған болатын. Яғни, аймақтағы барлық жүкті әйелдерді осы екі УДЗ аппараты арқылы тексереді. Бұл әрине дәрігерлерге де күш салуда. Енді жаңа аппараттар алынатын болса УДЗ мамандарға тиімді болатыны сөзсіз.

Сонымен қатар орталықта жасанды жолмен ұрықтандыру жұмысын қолға алу көзделіп отыр. Ана мен бала орталығын бұған дейін басқарған бас дәрігер тарапынан да мұндай жоспар болған. Бірақ бұл жұмысты нақты қалай қолға алу керектігі әлі де жоспарланған жоқ. Алайда оны ашу, оның жоспарын құру алда тұрған мақсат­тардың бірі. Бұл орайда халықтың сұранысын да ескеру қажет.

- Орталықтың ақылы бөлімі туралы айтып өтсеңіз. Бұл бөлімде нендей ерек­шеліктер бар? Онда қандай жағдай жасалған?

- ҚР Үкіметінің рұқсаты бойынша ана мен бала орталығында да ақылы бөлім қызмет етеді. Ақылы бөлімнің бір ерекшелігі мұнда барлық жағдай жасалған. Әр палата тоңазытқыш, қысқа толқынды пеш, теледидар сынды тұрмыстық техникалармен және басқа да құрал-жабдық­тармен жабдықталған. Сондай-ақ бұл ақылы палаталарға жаңа босанған әйелдің жақын-жуық туыстарынан бір адам кіргізуге мүмкіндік бар.

- Қалалық перзентхана ана мен бала орталығына көшіп келгеннен кейін, бұрынғы қалалық перзентхана ғимараты бос қалды ма?

- Ғимарат бос қалған жоқ. Қазір онда №2 гине­кология, күндізгі стационар және әйелдерге кеңес беру бөлімдері жұмыс жасауда. Ал Амангелді көшесіндегі әйелдерге кеңес беру қалалық пери­наталдық орталығы ана мен бала орталығына орналасты. Қазіргі таңда бұл мекеменің ғимараты бос, ғимарат әкімдік тарапына өткізілді.

- Ана мен бала орталығына әлі де не жетіспейді?

- Аймақта ана мен бала денсаулығын жақ­сартуға, оны сақтауға барлық жағдай жасалған. Бүгінде орталықта дәрігер мамандардың тапшылығынан өзге мәселе жоқ. Орталық жаңа озық технологиялармен қамтамасыз етілген. Ескірген аппараттар болса, дер кезінде облыстық денсаулық сақтау басқармасы және денсаулық сақтау министрлігі тарапынан қаржы қаралып жеткізілуде. Жалпы айтқанда, бірінші кезектегі ана мен бала денсаулығын жақсарту бағытында облыста біраз мәселелер шешімін тапқан.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Д.МАХАНОВА

http://qyzylorda.info/index.php/interview/item/36-oblysty-ana-men-bala-ortaly-yny-bas-d-rigeri-g-zh-masheva