Ауа райы
Мерекелер

МЕН ҮШІН ЖАН МЕН ТӘН БІР ҰҒЫМ(«Сыр психология әлемі» газетінің бас редакторымен сұхбат)

-Серікбай Смағұлұлы! Қысқаша өмір жолыңызды айтып берсеңіз.

-Мен 1953 жылдың 12 наурызында Арал ауданы «Аманөткел» ауылында дүниеге келдім. Сол ауданның «Қамбаш» ауылында 1970 жылы №21 орта мектепті бітірдім. Сол жылы Алматы мемлекеттік медициналық институтына оқуға түсіп, 1976 жылы бала дәрігері мамандығы бойынша "үздік” («қызыл») дипломмен бітіріп шықтым. Еңбек жолымда Тереңөзек ауданы "Шаған” ауылдық учаскелік ауруханасында бала дәрігері, Сырдария аудандық ауруханасының балалар бөлімшесінің меңгерушісі, Қызылорда қалалық денсаулық сақтау бөлімінің инспекторы, 1989-2002 жылдары Қызылорда қалалық балалар ауруханасында педиатр, облыстық "халық емшілігі” орталығының меңгерушісі, облыстық наркологиялық орталықта бөлімше меңгерушісі, медициналық психолог болып жұмыс істедім. Қазір зейнеткермін. ҚР Журналистер Одағының мүшесімін, "ҚР Денсаулық сақтау үздігіне” және "Алтын дәрігер” төсбелгілерінің иегерімін.

 

-Психология бойынша қазақша газет ашуға не түрткі болды?

 

-Мен мектепте өте жақсы оқыдым. Оны бітіргенде аттестатымда бір ғана «төрттік» баға болды. Өйткені «алтын медаль» беруге мұғалімдер қорықты. Оқуға түсе алмай қалса, өздеріне қиын болады деп ойлады-ау.

Дәрігер болуды армандаған жоқпын. Ең бастысы өз орнымды тауып, ел қатарлы азамат болу еді тілегім. 6-шы сыныпта жүргенімде «Виталогия» деген ғылымды «ойлап» таптым. «Вита» - өмір, «логос» - ғылым. Бұған түрткі – «Мен кіммін?», «Өмір деген не?», «Бұл өмірде не істеп жүрмін?» деген сұрақтар болатын. Бірақ мұны ешкімге айтпадым, ішімде жүрді. Кейін қарасам, «Интернетте» «виталогия» туралы жазылғандар бар екен. Түсінгенім – өмір туралы білім құрастыру мүмкін емес. Оған қоса «өмірдің мәні, мағынасы жоқ». Бұл сөзге көптеген адамның қарсылық білдірері сөзсіз. Әркім өз өмірінің мәні мен мағынасын құрастырады. Өмірдің мәні мен мағынасы шексіз және өлшемсіз.

Бізге жоғары медициналық оқу орнында тек қана адам тәнін оқытты, онда да жіліктеп-бөлшектеп. Кейін жұмыс істегенде анатомияның да, басқасының да еш қажеті болмай қалды. Өйткені мен хирург емеспін. Хирургке де адам тәнінің бір бөлігін білу қажет. Жүрек хирургына сүйектің бұдыры не үшін керек?

Кезінде материалистік тұрғыда жанға көңіл бөлінбеді. Соның зардабын әлі тартып жатырмыз. Мен үшін жан мен тән біртұтас, яғни ғылыми тілмен холистикалық. Жан бөлек, тән бөлек дегенді дуалистік деп атайды.

Менің жеке пікірім – еліміз жаңа капиталистік қоғамға көшті. Оның психологиясының жағымды тұстары көп. Соны халқым білсін, пайдалансын деген. Өкінішке орай, бұл ойымнан ештеңе шықпады. Ел енжар, күнделікті күйбең тірліктің соңында. Алайда бұл газетті шығарған алты жылыма еш өкінбеймін. Газет "Қанатты қалам-2013” облыстық форумында «Тәлім-тәрбиелік маңызы зор үздік газет» номинациясы бойынша облыс әкімінің арнайы дипломымен марапатталды. 500-ге жетпесе де, өз оқырманы болды. Психология бойынша көптеген жаңа тың мақала жарияланды.

Психологияны басталуы бар, шегі жоқ ғылым деп жатады. Бұл рас. Өмірдегі бар мәселені психологиямен шешу қиын. Дегенмен, бұл өзіңді және Жаратқан Иеңді табуға, яғни өзіңді тануға көмектеседі.

 

-Медицина саласында қырық жылдай жұмыс істедіңіз. Адам денсаулығы туралы айтар сөзіңіз бар шығар...

 

-Иә, медицина қазір мен оны оқып-үйренген кездегіден әлдеқайда бөлек, аса ілгері дамыды. Дәрігер болсын, психолог болсын, күнделікті оқу қажет. Біздің кезімізде Ленин деген көсемді дәріптеді. Оны біреу жақтырар, біреу жақтырмас. Дегенмен, оның бір сөзі жадымда қалды. «Егер мен білімімнің аз екенін білсем, көбірек білуге тырысамын» деген. Мұны «Мадақтау Грамотасына» суретімен бірге жазып қоятын. Орыс тілінде. Соны басшылыққа алып, көп оқыдым. Іздендім. Соның жемісі ретінде миыма тың ойлар келетін. Жалпы кітап оқудың пайдасы орасан зор. Қызық кітап болса, жаңа әлемге бойлап, түсініксіздеу жерін қайта оқып, тың деректер жинайсың. Біз инстиутты бітірген кезде Алматыдан шамадан-шамадан кітап алып қайтатынбыз. Ол кезде «Интернет» жоқ. Сол кітаптарды қолың бос кезінде оқып, күнделікті өздігіңнен білім жетілдіресің.

1996 жылы "Дерт пен Дауа” атты облыстағы алғашқы медициналық газет аштым (кейін "Сыр емшісі” деп аталды), сол газеттің 15 жыл бойына бас редакторы болдым. Қазір «Сыр медицинасы» облыс медицина қызметкерлері газетінің бас редакторымын. Мұндағы мақсатым: медицина ғылымының қазақ тілінде сөйлеуі. «Интернеттегі» жеке сайтымда 2000-ға жуық медицина бойынша мақала тұр. Біздің қазақ деген ұлт болып қалуымыз, ана тіліміздің өмірдің кез-келген саласында қолданыс табуына тікелей байланысты.

Адамды және кез келген тіршілік иесін Алла Тағала өзін реттейтін, яғни өзін емдейтін жүйе етіп жаратқан. Сондықтан кейбір емшілердің бойымда құдірет бар, қасиеттімін дегені бекер. Адамда иман, сенім мықты болса, ем өз денесінен табылады.

Емханаға барып қаралатын ауру адамдардың тең жартысынан астамын, дәрі-дәрмек қолданбай-ақ емдеп шығаруға болады. Бұл ғылыми дәлелденген. Өйткені олардың көбісінде жан күйзелісі. Оны жеңілдетсең, тәннің сауығуы да оңай. Бұл жерде психотерапевтік тәсілдер аса ықпалды.

Жан мен тән бір ұғым болғандықтан мен өз емдеу практикамда екеуіне де бірдей әсер ететін ем түрлерін таңдаймын. Барынша дәріге, химиялық өнімдерге жоламауға тырысамын. Бұл бағытта инерефлекстік терапия («алтын ине»), медициналық сүлікпен емдеу, дәрілік шөппен емдеу сияқты емдерді қолдануда мол тәжірибе жинадым.

 

- Халық емшілігі туралы не айтасыз?

- Өзіңізге белгілі өткен ғасырдың 90-шы жылдары «халық емшілігі» деген атаумен емдеу кең қанат жайды. Кеңес Одағы кезінде бұл қыспақта болып, елдің қолы жетпеді деп даурықтық. Алайда бұлар шынайы халық емінен тысқары дүние болатын. Мұны мен кезінде облыста алғаш рет ашылған «халық емшілігі орталығының» меңгеруші ретінде ашық айта аламын. Емшімін дегендердің көбісі сол куәлікті сатып алып, оларға ақпарат құралдары дем беріп, біраз шалқыды. Қазір де бұл дүрмек басылар емес. Медициналық жоғары технология дамыған кезде медициналық сауаты мүлдем жоқ бейтаныс адамдарға барып, ең асыл қазынаң – денсаулығыңды сеніп тапсыруды менің миым қорыта алмайды. Олардың көбісінің алаяқтық әрекеті әшкере болғанымен, әлі де сенетін адамдар табылады. Бұл жерде Алла Тағала адамның бойындағы дертті жеңетін күшті өзіне силағанын есте ұстаған жөн дер едім. Халық емшілігі туралы Алматы, Ташкент, Киев қалаларында өткен алқалы жиындарға қатысып, әрі емшілермен қоян-қолтық жұмыс істеп, осындай ой түйдім.

 

-«Алтын ине» емі туралы айтсаңыз...

 

-Инемен емдеу еміне 5000 жылдан астам уақыт болды. Сол кезден егер бұл ем түрімен маман адам айналысса, ешқандай зиянды әсері жоқтығы дәлелденген. Дегенмен, мұны теріске шығарушылар да жетерлік. Соның бірі ине салдыруда сендіру (психотерапевтік) әсер басым деген пікір. Мен бұған өз тәжірибемнен бір мысал келтірейін. Облыстық халық емшілігі орталығында жұмыс істеп жүрген кезімде түскі үзілісте Даун кеселі бар 6 айлық сәбидің дене қызуы 40 градусқа дейін көтеріліп, орталыққа емдеуге алып келді. Дене қызуын түсіретін дәрі орталықта жоқ. Ондағы ем түрлері дәрісіз ем. Содан сәбиге ине салуға тура келді. 4 нүкте қолданылып, дене қызуы 20 минуттен соң қалыпқа келді, бала тынышталды. Мұны сендіру деп қалай айтасың? Өйткені сәби Даун дертіне шалдыққан және нерв жүйесі әлі қалыптаспаған. Екінші оқиға – бір жасқа толмаған сәбидің іші өтіп, жұқпалы аурулар ауруханасынан ата-анасы алып қашып, ине салдырды. Бас-аяғы 4 күннің ішінде сәбидің ішінің өткені тиылып, сауықты. Инерефлекстік терапия арқылы көптеген кесел түрлерін зиянсыз емдеп шығуға болады. Бір бір ескерер жайт: маманның дәрігер және онда да арнайы жарамдылық мерзімі көрсетілген сертификаты болуы шарт.

 

-Сүлікпен емдеу бойынша не дер едіңіз?

 

-Сүлікпен емдеу (гирудотерапия) әдісінің де тарихы тереңде. Жалпы табиғатта сүліктің 600 түрі болатын болса, оның тек 3-і ғана емге қолданылады. Ол медициналық сүлік деп аталады. Сүліктің бұл түрі табиғатта жоқ, қолдан арнайы фабрикаларда өсіріледі. Олар тек Ресейде. Медициналық сүліктің бойында азы 20, көбі 500 биологиялық белсенді заттар бар. Оларды қолдан синтездеу мүмкін емес. Бұл ем түрі кәдуілгі медицина шарасыз кезде қосымша ем ретінде көптеген тамаша жетістіктерге жетуге мүмкіндік береді. Ал көтеу (геморрой), парапрктит және көк тамырдың варкозды кеңеюінде бірден-бір ықпалды ем. Өкінішке орай, гирудтерапиямен оған ешқандай рұқсаты болмаса да емшілер, медициналық білім жоқ адамдар айналысады. Ал елімізде бұл емді тек гирудотерапевт жоғары медициналық білім бар дәрігердің жүргізуге құқығы бар. Ал басқаларының жабайы тірлігімен прокуратура және медициналық қызметті бақылау мекемелері айналысуы тиіс.

 

-Әңгімеңізге рахмет!

 

Гүлдана АСАНОВА

«Сыр психология әлемі» газеті, маусым 2016 жыл

МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТІЛДІҚашанда адам денсаулығы - ал­ғашқы орында тұрады. Себебі, дені сау, жаны таза адам қоғам байлығы. Осы орайда, жуырда Қызылорда облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру ор­талығы мен «Самұрық» инновациялық идеяларды дамыту орта­лығы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен қаламызда «Өз денсаулығың - өз қолыңда!» атты көпшілікке арналған акция өтті. Акцияның мақсаты - аудан тұр­ғындарын медициналық мекеме­лерден тұрақты профилактикалық тексеруден уақытылы өтуге ша­қыру және салауатты өмір салтын насихаттау.

 

Аталмыш шара бірнеше бөлім­дер бойынша жүзеге асырылды. Мәселен, «Өз жүрегіңді сақта!» акциясы бойынша тұрғындардың қан қысымын өлшеу, қандағы глюкозаны анықтау, ЭКГ түсіру және кардиолог дәрігерлердің кеңесін алуға мүмкіндік болса, ал, «Әйелдер денсаулығын сақтайық!» тақырыбы бойынша жүргізілген тексеру барысында келушілерді рентген аппаратына түсіріп, он­колог дәрігерлер өз қызметін көрсетті.

Сонымен қатар, «Теме­кіден бас тарт - денсаулықты таң­да!» атты флеш-моб пен «АИТВ, ЖИТС - ғасыр дерті» акцияла­рында гинеколог және психолог мамандардың кеңестері көпші­лік назарына ұсынылып, адамдар арасында тест түріндегі сынама жұмыстары жүргізілді.

Сонымен қатар, Қызылорда облыстық жас­тар денсаулық сақтау орталығының Арал аудандық бөлімшесінің маманы М. Саимова салауатты өмір салтын қалыптастыру мақ­сатында қала тұрғындарына ақпа­раттық жадынамалар таратты.

Жалпы, облысымыздың әр ауданында өткізіліп келе жатыр­ған игі іс-шара аясында қаламыз­дың еріктілері де медициналық тексеруден өтіп, ұйымдастыру­шылар мен аудандық ауруха­наның дәрігерлеріне өз ризашылықтарын, ыстық лебіздері мен алғыстарын білдірді.

 

(Өз тілшімізден).

 

Арал аудандық «Толқын» газеті. 26 шілде 2016 жыл