Ауа райы
Мерекелер
0

ДЕНСАУЛЫҚ НЕГІЗІ – ТАЗАЛЫҚТАЖаз айлары жедел ішек инфекцияларының өршитін маусымы болғандықтан, қазіргі кезде 1-3 жас аралығындағы балалар арасында жедел ішек инфекциясының көбеюі алаңдатарлық жағдайда. Облысымыз бойынша биылғы жылдың 5 айында жедел ішек ауруларының 521 оқиғасы тіркеліп, оның ішінде 74,1 пайызы 14 жасқа дейінгі балалар болса, 2 жасқа дейінгі балалар саны 65,3 пайызды құрап отыр. Осыған байланысты, біз де аталмыш кеселдің алдын алу мақсатында жоғары санатты дәрігер-инфекционист, «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі», Арал аудандық ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімшесінің меңгерушісі Жолдасбай ЖАҚСЫЛЫҚҚА жолығып, осы тақырыпта әңгіме өрбіткен едік.

 

Аталмыш ауру төңірегінде не айтар едіңіз?

 

- Жедел ішек инфекциясы - ас қорыту жолдарын зақымдайтын жұқпалы аурулар тобы. Инфекция ауыз арқылы жұғып, қоздырғышы ішекте өсіп жетіледі де, сыртқы ортаға тарайды. Инфекция гигиеналық тазалықты сақтамаудан, жуылмаған көкөністерді тұтынғаннан, ауыз суды қайнатпай ішкендіктен және жарамдылық мерзімі өтіп кеткен әрі шала пісірілген тағамдарды пайдаланғаннан жұғады.

Сондай-ақ, жедел ішек инфекцияларының қоздырғыштары топырақта, суда және тәрелке, есіктің тұтқасы мен ойыншық секілді тұрмыстық заттарда ұзақ уақыт бойы өз төзімділігін сақтап тұра алады.

Әсіресе, бұл микробтар суда, сүт өнімдерінде, етте, тәттілер мен салаттарда және басқа да тез бұзылатын азық-түліктерде тез көбейеді.

 

- Қазір көкөністер мен жеміс-жидектердің (қауын-қарбыз, әңгелек, өрік, т.б) ағылып келіп жатқан уақыты. Сырттан тасымалданған жеміс-жидектер көп жағдайда іш ауруының көбеюіне басты себеп болып жатады. Бұл жайында айтарыңыз?

 

- Сырттан тасымалданатын қауын-қарбыздар мерзімінен бұрын пісу үшін кейбіреулер азотты тыңайтқыштармен өсіреді. Нәтижесінде, көкөністердің құрамында нитраты көбейіп, табиғи қалпынан ауытқып өседі. Осындай дақылдарды, көкөністер мен жеміс-жидектерді тұтынар кезде баршамыздың, әсіресе, бала емізетін әйелдердің абай болғаны жөн. Себебі, ана сүті арқылы сәбилердің іші өтуі мүмкін.

Мәселен, 2015 жылы бөлімшеге 165 адам (шартты патогенді микрофлора) өткір ішек ауруларымен түссе, оның 87-сі бала болды. Ал, 2016 жылдың бес айында 43 науқас осы дертке шалдықса, оның 24-і бес алты айлық сәби мен үш жас аралығындағы бала. Көбісі қарбыз-қауын жегеннен, алмұрт, сары өрік, қара өрік секілді дақылдарды жумай пайдаланғандықтан іш ау руына шалдыққан.

Базарларда бұрынғыдай «нитратты бақылау» болмағандықтан, әркім өз басының амандығына және денінің саулығына үлкен жауапкершілікпен қарауы керек.

Та ғы бір айта кетерлік жайт, жуырда бөлімшемізге осы диагнозбен ауруханаға жатқызылған ересек адамдардың біразы түннен қалған тамақтармен түстенген, тойлардан, садақалардан ішкен сорпалардан ұшынған және тез бұзылатын тағамдар қатарына жататын торттарды жеген екен.

Бұрындары жаз басталғаннан тамыз айына дейін тез бұзылатын тағамдарды саттырмайтын. Бүгінде бәрі өзгеше. Жеке кәсіпкерлерге тексеруге мораторий жариялап, олардың қатары көбейген тұста әркім үйінен тәттілер пісіріп, айналымға шығарып жатыр.

Сондықтан, микробтардың өршитін тұсы жаз айларында ең бірінші кәсіп иелері жеке бастың гигиенасын қатаң қадағалағаны жөн. Себебі, олардың өнімдерін халық тұтынатын болғандықтан, қарапайым адамдардың денінің саулығы басты назарда болу керек.

 

- Аталмыш дерттің қанша түрі бар және оның таралу жолдары жайында айтып өтсеңіз?

 

- Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне жүгінсек, бүгінде ішек инфекциясының 60-тан астам қоздырғышы анықталған екен. Егер инфекцияны жұқтырған адам уақытында емделмесе, өміріне қауіп төнеді, әрі өзге адамдарды да осы ауруға шалдықтырады. Өйткені, микробтар науқас ішегінен бөлініп, тағамдарда және әр түрлі тұрмыстық заттар бетіне түсіп, сол жерде өз тіршілігін жалғастырады десек те болады. Сонымен қатар, алдағы уақытта шіліңгір шілде айы басталатындықтан, кішкентай балалардың ыстық күндері күн көзінде жүріп қалуынан сақтау керек.

Жалпы, ішек ауруларының көбеюіне ет, құс өнімдері де өз әсерін тигізеді. Яғни, сыртта қыдырып кәуап, жұмыртқаны шала пісіріп жеу сальмоноллез, диарея ауруларына шалдықтырады. Ал, бассейндерде, су қоймаларында шомылып жүріп су жұтып немесе аузыңызға су кіріп кетсе де, ішек ауруына шалдығуыңыз мүмкін.

 

- Қазіргі таңда аймағымыз бойынша балалар арасында жедел ішек инфекциясының көбеюі алаңдатарлық жағдайға айналып отыр. Инфекция жұқтырған балаларда қандай белгілер пайда болады және берілетін алғашқы көмек жайында айтып өтсеңіз?

 

- Ішек инфекциясын жұқтырған баланың дене қызуы көтеріліп, іші қайта-қайта өтеді. Асқа тәбеті болмай, құсады, емшектен бас тартып, мазасызданып және басы ауырады. Дәретіне қан немесе кілегей араласады. Қайта-қайта іші өтіп құсқандықтан, баланың ағзасы тіршілікке қажетті су мен тұздарды көп жоғалта бастайды. Соның әсерінен, ағзадағы су алмасу процесі бұзылып, жүректің, тамырлардың, бүйректің және өзге де ағзалардың қызметі төмендеп, науқас қалжырап, тұла-бойында әлсіздік пайда болады.

Балаларда жедел ішек ауруы басталған кезде көрсетілетін алғашқы көмек -регидрон ерітіндісін беру керек. Езілген сұйықтықты жиі-жиі 1 шай қасықпен ішкізеді. Ерітінді әрбір күнге жаңадан езіліп беріледі. Осы емнен кейін баланың іш өтуінің тыйылуы мүмкін. Сондай-ақ, науқас балаға сорпа, күріш, күріш суы, сұйық шай, кисель, қайнатылған және салқындатылған су секілді сұйықтықтарды жиі ішкізіп отырған жөн.

Керісінше, ішектің микрофлорасына тікелей әсер ететін қуырылған, ащы және кепкен тағам дарды беруге мүлде болмайды. Егер нәтиже болмай, баланың қызуы көтерілсе, сұйықтық ішпей шөлдей берсе, тамақтан бас тартса, дереу медицина қызметкерлеріне хабарласып, баланы ауруханаға жатқызу қажет.

 

- Қазақ атамыз «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дейді ғой. Адам өміріне қауіп төндіретін әрі тез таралатын дерттен сақтанудың қандай жолдары бар?

 

- Жедел ішек инфекциясының алдын алу үшін, әр отбасында қарапайым гигиеналық ережелер сақталынуы қажет. Атап айтар болсам, әр адам ас ішер алдында, дәретханадан кейін қолдарын сабынмен мұқият жууы керек. Микробтар тез қозатын жаз айларында тек қайнатылған су ішіп, асты әзірлеу технологиясына мән беріп, тез бұзылатын тағам түрлерін тоңазытқышта сақтаған жөн. Әсіресе, көкөністерді мұқият жуу, ыстық күндері лажы болса көшеден тағам сатып алмау, дайындалған тағамдарды ашық қалдырмау және үйдегі қоқыстарды уақытылы шығарып тұру сияқты қарапайым жеке бас тазалығын сақтай білсек, астан улану жағдайлары да белең алмас еді. Жалпы айтқанда, тағам өнімдерін сақтау мен қолдану әдістерін дұрыс орындау сіздің және балаларыңыздың денсаулығының кепілі. Өмір негізі - денсаулық, денсаулық негізі - тазалық десек, гигиеналық талаптарды қадағалай білейік.

 

- Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбатты жүргізген:Света ҮСЕНҚҰЛОВА

 

«Толқын» газеті, 12 шілде 2016 жыл