Ауа райы
Мерекелер
Екі жасқа дейінгі балалар ішек ауруына жиі шалдығады

Жаз айлары – жедел ішек инфекцияларының өршитін маусымы.­ Әсіресе, 1-3 жас аралығындағы балалар арасында бұл жағдайдың етек алуы алаңдатарлық жағдайға айналып отыр. Жыл басынан бері жедел ішек аурушаңдығының 521 оқиғасы тіркеліп, оның 71,4 пайызы 14 жасқа дейінгі балалар екені анықталды. Соның ішінде екі жасқа дейінгі балалардың осы ауруға тап болуы жиі кездесетін жайт. Сондықтан бұл мәселеге облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының маманд­ары бейжай қарамау керектігін ескертеді.

- Жедел ішек инфекциясы — жұқпалы ауру. Инфекция ауыз арқылы жұғып, қоздырғышы ішекте өсіп жетіле­ді де сыртқы ортаға тарайды. Инфекция гигиеналық тазалықты сақтамағаннан пайда болады. Атап айтсақ, жуылмаған көкөністерден, пісірілмеген сүттен, сапасыз тағамдарды пайдаланғаннан, шала пісірілген тағамдарды қолданғаннан, ауызсуды қайнатпай ішкендіктен жұғады. Ішек инфекциясының түрі көп. Қазіргі күні дизентерия, сальмонеллез, диарея аурулары жиі кездеседі. Бұндай аурудың­ құрығына алдымен балалар ілінеді,- деді облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы директорының орынбасары Ботагөз Демеуқызы.

Бүгінде қарбыз, әңгелек, өрік секілді көкөністер мен жеміс-жидектердің түрі-түрі жан-жақтан ағылып келіп жатыр. Сырттан тасымалдан­ған жеміс-жидектер көп жағдайда іш ауруы­ның көбеюіне басты себеп болып­ жатады. Сондықтан бала емізетін әйелдер көкөністер мен жеміс-жидектерді тұтынғанда абай болғаны жөн. Себебі ана сүті арқылы сәбидің іші өтуі мүмкін. Сонымен қатар жаз айларында сүт өнімдерін тұтынғанда аса сақтықты қажет етеді. Аздап болса да «быршып» ашыңқыраған ағар­ған сүт-қатық өнімдерін балаларға бермеген дұрыс. Өйткені бұл өнім­дерден де балалардың асқазанында ауыр кеселдер тудыруы мүмкін. Шіліңгір шілде айы басталғандықтан кішкентай балаларды ыстық күн­дері күн көзінде көп жүріп қалуы­нан сақтау керек. Жалпы, ішек ауру­ла­рының көбеюіне ет, құс өнімдері де өз әсерін тигізеді. Сыртта қыдырып кәуап, жұмыртқаны шала пісіріп жеу сальмонеллез ауруына шалдықты­рады. Ал бассейндерде, су қоймаларында шомылып жүріп су жұтып немес­е аузыңызға су кіріп кетсе де ішек ауруына шалдығуыңыз әбден мүмкін.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне жүгінсек, бүгінде ішек инфекциясының 60-тан астам қоздырғышы анықтал­ған екен. Егер инфекцияны жұқ­тырған адам уақытында емделмесе, өміріне қауіп төнеді әрі өзге адам­дарды да ауруға шалдықтырады. Өйткені микробтар науқас ішегінен бөлініп топыраққа, суға және тағамға түсуі мүмкін. Ал қауіпті вирустар су қоймаларында, тағамдарда және әртүрлі тұрмыстық заттар бетінде ұзақ уақытқа дейін сақталады.

Ішек инфекциясын жұқтырған балан­ың дене қызуы көтеріліп, іші қайта-қайта өтеді. Асқа тәбеті болмай, құсады, емшектен бас тартады, мазасызданады, басы ауырады. Дәретіне қан немесе кілегей араласады. Қайта-қайта іші өтіп, құсқандықтан баланың ағзасы тіршілікке қажетті су мен тұздарды көп жоғалтады. Осының әсерінен әбден қалжырап, әлсіздік пайда болады. Егер аталған белгілер байқалса, дереу медицина қызметкерлеріне хабарласу керек.

Балаларда жедел ішек ауруы басталғ­ан кезде көрсетілетін алғаш­қы көмек – регидрон ерітіндісін беру. Езілген сұйықтықты жиі-жиі 1 шай қасықпен ішкізеді. Ерітінді әрбір күнге жаңадан езіліп беріледі. Осы емнен кейін баланың іш өтуі тыйылу­ы мүмкін. Сондай-ақ нау­қас балаға­ сұйықтықты көп беру керек. Мәселен, сорпа, күріш суы, сұйық шай, кисель, қайнатылған және салқында­тылған суды ішкізген жөн. Ал ішектің микрофлорасына тікелей әсер ететін қуырылған, ащы, кепкен тағамдарды беруге мүлде болмайды. Егер нәтиже болмай, бала қайта құсса, қызуы көтеріліп, шөлдей берсе, сұйық ішпесе, тамақтан бас тартса, онда ауруханаға жатқызу­ керек.

 

Сурет www.zdorovih.net сайтынан алынды

http://www.halyk-gazeti.kz/index.php?option=com_content&view=article&id=5820%3A2016-07-07-05-44-31&catid=5%3A2011-11-18-09-02-24&Itemid=5

0
Сібір жарасы Сыр елінде соңғы рет қашан тіркелді?

Осы бір айдың көлемінде Қарағанды облысының Еркіндік ауданында екі тұрғын сібір жарасы індеті бар ауру малды сойып, етін сатқанын тегіс ел естіді. Соның салдарынан тоғыз адам аурухана төсегіне таңылып, оның екеуі көз жұмды. Біршама адамды әуре-сарсаңға салған жағда­й еліміздің Үкіметбасы Кәрім Мәсімовтің де назарын аудартты. Тіпті бүгінде ауруды жұқтырған адамдарға уақытылы ем-дом жүргіз­беген дәрігерлердің жауапкершілігі қаралу үстінде.

Тыныш отырған бір облысты тыпыр­латқан бұл не қылған кесел? Ауруда шекара болмайтыны секілді, бұл аурудың біздің өңірге тигізер қаупі қаншалықты? Алдымен соны саралап алсақ.

Сібір жарасы малдың қанында, зақымдалған барлық мүшелері мен тіндерінде, нәжісінде кездеседі. Қоздырғыш малдың өлім алдындағы серозды сұйықтығында көп болады. Микроб сыртқы ортаға төзімді, тығыз­ қабықшамен қапталған спора түзеді. Бұл спора тасбақалардың жоғары­ қабаты секілді қорғаныштық қабілетке ие. Егер спора ашық қалса, онда микроб дереу орнығып алады.

Айта кететіні, Сібір жарасының негізгі атауы түйнеме деп аталады.

Аталмыш індетке мүйізді ірі қара, ешкі, жылқы, бұғы, түйе секілді жануарлар жақын келеді. Біз сөз етіп отырған сібір жарасы таяқшасы малдың спора ағзасына түсіп, көбейеді. Одан соң қан арқылы тарап, екі-үш күннен кейін ауру тудырады. Індет жануарға тыныштық таптырмайды. Ішекті кепкізіп, қызуды көтертеді. Зәрі мен сүтінен қан көрінеді. Бұл белгілерден соң, екінші, үшінші күн дегенде мал өледі. Ал ауру малды союға тыйым салынады. Осы ауруға шалдыққан малдың бәрі тегіс қырылып қала ма? Жоқ. Егер уақытылы мал дәрігеріне көрсетсе, аман алып қалуға мүмкіндік бар. Ал адамға қалай жұғады?

- Егер адам ауру малға жанасса, күтім жасаса, сойса, терісін алса, көмсе жұғады. Одан бөлек, еті мен сүті арқылы да бойына таралуы бек мүмкін. Ауру адам денесінде бірнеше сағат пен біршама күн бойы жасырын жүреді. Кейін дақ пайда болып, ол артын­ша безеуге айналады. Одан соң бұлдыр қан аралас сұйықтығы бар көпіршікке айналады. Ол жарылып, сұйықтық ағып кеткен кезде қабықшамен қапталған жара пайда болады. Науқас жоғары температурамен, жалпы әлсіздікпен жүреді,- деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Қызылорда об­лысы бойынша аумақтық инспек­циясы басшысының міндетін ат­қарушы Жандос Сәрсенбаев.

Осы аты жаман індет дерегі Сыр елінде соңғы рет қашан тіркелді? Өткенге бір көз тастасақ.

2008 жылы Шиелі ауданындағы тау баурайында тіршілік етіп отыр­ған малшының сиырынан осы кесел анықталған. Өкініштісі, малшы да ауруға шыдас бермей, көз жұмған. Сегіз жылдан бері аталмыш кесел біздің өңірімізде кездеспеген. Себебі мұндай жағдайға жеткізбес үшін маман­дар жыл сайын малдарды иммунд­ау жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп отыр.

- Әр жылдың көктем-күз айла­рында иммундау жұмыстары қолға алынады. Биылғы жылдағы алты айдың қорытындысы бойынша облыс көлемінде 182 мың ірі қара, 488 мың уақ мал егілді. Иммундау жоспарлы түрде тегін жүргізіледі,- деді Жан­дос­ Сәрсенбаев.

Сондай-ақ оның айтуынша, айма­ғымыздағы барлық базарлар, ет сататын дүкендер қатаң түрдегі тексерістен өтеді. Еттің құрамын қарап, тұрғындардың қауіпсіздігі үшін сараптама жасайтын арнайы маман­дар бар. Олар бақылауды күнделікті жүр­гізеді. Сондықтан ет сатып алар кезде қорқы­нышқа бой алдырмай-ақ қойыңы­з.

Біздің облыста типтік жобадағ­ы 69, қарапайым үлгідегі 77 мал қорымы бар. Алайда сібір жарасымен сырқаттанған малдар мұнда әкелінбейді. Қауіптілігі жоғары­ болатындықтан, дереу өртеп жібереді.

Аурудың қай-қайсысымен болса да, ойнауға болмайды. Ал түйнеме ауруына келгенде, әңгіме тіпті де маңызы­н арттыра түседі.

 

Сурет www.caravan.kz сайтынан алынды

http://www.halyk-gazeti.kz/index.php?option=com_content&view=article&id=5821%3A2016-07-07-05-45-23&catid=5%3A2011-11-18-09-02-24&Itemid=5