Ауа райы
Мерекелер

САЛЬМОНЕЛЛЕЗ ТУРАЛЫСальмонеллез зооантропонозды жұқпа (инфекция) қатарына жатады. Жұқпа көзі – сырқат адам, бактерия тасымалдаушы. Сальмонеллездің қоздырғышы – сальмонелла. Ол қоршаған ортаға төзімді: ашық суда, топырақта 30-90 күнге дейін сақталады. Дезинфектанттарды қолданғанда 2-3 минутте көзі жойылады.

Қоздырғыш аш ішектің кілегейлі қабатына жабысып көбейеді, лимфа жүйесінен қанға түсіп, бактеремия туғызады. Қан арқылы сүйек кемігіне, талаққа (көкбауыр), өт қабына өтеді. Өт сальмонелланың өсіп-өнуіне қолайлы орта болып есептеледі. Өт арқылы ұлтабарға еніп, аш ішекке екінші рет өтеді. ішектің жатауын зақымдап, эндотоксин бөліп, организмде уыттану (интоксикация) болады.

Сальмонелла патогенді микробтар қатарына жатқандықтан адам организміне әсер етуі үшін оның аз мөлшері де жеткілікті. Олар организмге су, тамақ және ластанған заттар арқылы түседі. Оған қоса жеміс-жидектің қабығында, топырақта, құс еттері мен жұмыртқада ұшырасады. Қоздырғыш адам организмінен оның нәжісі арқылы сыртқы ортаға түседі. Организмдегі клиникалық өзгерістер былайша білінеді: 2-3 күннен соң науқас адамның іші өтеді, құсады, басы ауырады, дене қызуы артады. Улану дәрежесі жоғары болса, ауру сезімі күштірек болады.

Сальмонеллездің іш өтпей, бірінші рет дене қызуы көтерілетін нейротоксикозды түрі бар.Тифоздық түрінде бөртпелер пайда болады. Ауру адамның асқа тәбеті шаппай, іші кебеді, ауыр жағдайда сандырақтайды. Септикалық түрінде дене қызуының бірде жоғары бірде төмен болып өзгермелі күйде болу әсерінен дененің уыттануы күшейіп, басқа ағзалар да зақымданады. Кесел түрінің алуандығы себепті жедел түрде дәрігерге қаралып, тек дәрігердің емдегені жөн.

Іш өту, құсу салдарынан адамда сұйық азайғандықтан адам әлсірейді. Дәрігерлік көмекке дейін науқасқа қайнаған суды жоғалтқан сұйықтың орнын толтыру үшін оны көбірек ішкізген жөн.

Алдын алу шаралары:

-адамның жеке бас гигиенасын қатаң сақтауы;

-ыдыс-аяқты, үй мүліктерін таза ұстау;

-шыбындарды жою;

-жеміс-жидектерді мұқият тазалап жуып барып тұтыну;

-құс өнімдерінің толық пісірілуін қадағалау.

 

Бейсенкул Пайзрахмановна БЕРДИЯРОВА,

бактериологиялық зертхана лаборанты,

ҚР ҰЭМ ТҚҚК «ҰСО»ШЖҚ РМҚ Қызылорда облысы бойынша филиалы, Жаңақорған аудандық бөлімшесі

Сурет ladyspecial.ru сайтынан алынды

БАЛАЛАРДАҒЫ ІШЕКҚҰРТ КЕСЕЛДЕРІ (ГЕЛЬМИНТОЗДАР) Адамдар арасында аса көп таралған ауру түрлерінің біріне паразитарлық кеселдер жатады. Паразитарлық кеселдерге көп жағдайда диагнозды дәл қою қиындық келтіреді. Себебі адам ағзасындағы дерт қоздырғыштары клиникалық тұрғыда көрініс түрлі болады.

Ішек қызметі нашарлайды, нерв жүйесінің жұмысы бұзылады, иммунитет төмендейді, бұлар жұқпалы және соматикалық ауруларға бейім болуға жетелейді.
Аскаридоз ластанған топырақ, көкөністер, көкшөп, жидектер және ластанған немесе адамның нәжісімен қоректендірілген топырақ және т.б. арқылы жұғады. Адам гельминттерді жеке бас гигиенасын сақтамаған жағдайда да жұқтыруы мүмкін (лас қол арқылы).
Жаздың соңғы айларында топыраққа түскен аскарида жұмыртқалары келесі жылдың көктем айларында өсіп-жетіледі де көкөніс, жидектер, алғашқы көк шөптерге түсіп, осы азық-түліктерді пайдаланатындарға жұғады. Топырақта жұмыртқалардың 2 жылдан 5 жылға дейін сақталуы ықтимал. Аскарида жұмыртқаларын жоғары температура (100 градусқа дейін), күннің тура түскен сәулелері ғана жояды.

Нәжістерді қоршаған ортаға шашу, сонымен бірге өңделмеген нәжістерді тыңайтқыш ретінде пайдалануға болмайтынын ескерген абзал.
Гельминтоздардың алдын алу үшін жеке бас гигиенасын сақтау, оны әсіресе балалардың сақтауы үлкен рөл атқаратынын естен шығармаған жөн.

 

 

Алдын алу шаралары:

- қолды ас ішер алдында міндетті түрде жуу;
- көкөністі, көкшөпті, жемістерді сүзгіні қолдана отырып 5 минут ішінде ағын таза сумен мұқият жуып барып пайдалану;
- әжетханаға барған сайын міндетті түрде қолды жуу керектігін естен шығармау;
- жерге түскен заттарды ауызға салмауын балалардың естеріне үнемі салып отыру.
Бұл қорғаныс шараларын ұдайы есте сақтап, оны орындау гельминттердің жұқпауына ықпал етеді.

 

 

Бейсенкул Пайзрахмановна БЕРДИЯРОВА,

бактериологиялық зертхана лаборанты,

ҚР ҰЭМ ТҚҚК «ҰСО»ШЖҚ РМҚ Қызылорда облысы бойынша филиалы, Жаңақорған аудандық бөлімшесі

 

 
 
Сурет pishhevarenie.com сайтынан алынды