Ауа райы
Мерекелер

ҚЫМЫРАННЫҢ ҚАДІРІНЕ ҚАШАН ЖЕТЕМІЗ?Қазақтың ұлттық тағамдарын сөз еткенде, әрине, ұлттық сусындарды тасада қалдыруға болмайды. Нақ осы ұлтымыздың сусындарына қатысты отандық ғалымдар бір ғана қымыранның жүзге тарта қасиетін дәлелдеп отыр. Ғылыми дәйектерге жүгінсек, қазақтың қымыраны әлемнің шөлін қандыруға қауқарлы, халықаралық нарықта бәсекеге бәс тігуге қабілетті, сондай-ақ, талай дертке дауа болар қасиеттері де баршылық.

 

Жалпы жылқы, сиыр малындай емес, түйенің жейтін шөбі басқа. Сондықтан оның сүті де ерекше болып келеді. Түйе жиде, жыңғылдың гүлдерін, қараталдың басын, тікен, жантақ шөптерін азық етеді. Шұбатты ішкен адамның қарны да аш­пайды. Ол — әрі сусын, әрі тамақ. Қымы­ранның маңыздылығы, майлылығы жоғары. Іш құрылыстары ауыратын адамдарға бұл — мың да бір ем. Әсіресе, асқазан жара­сына шипалы. Шұбаттың арқасында осын­дай дертпен ауырған талай адам жазылып кетті. Сондай-ақ, шұбат адамның имму­нитетін көтереді.

Жақында ғана ғалым-профессор Мұсатілла Тоқанов диабеттен құтқарудың ғылыми негізін жасады. Сусамыр дертіне шипа таппай әлемдік медицина дағдарып жатқанда шымкенттік ғалым Мұсатілла Тоқанов дауасын түйе сүтінен тапты. Қазір дүниені обыр ауруы теңселтіп тұр. Әлемдік медицина дәрменсіз. Бірақ, емін жаппай іздеп жатыр. Мәскеудің Герцен атындағы онкологиялық институтының профессоры Р.И.Якубовская бастаған бір топ ғалымдар обыр ауруының алдын алатын лапрот деген препаратты өндіріске енгізбекші. Про­фессор ракқа қарсы лактоферрин деген ферментті ана сүтінің ақуызынан тапқан. Бірақ, ғылыми жаңалықтың өзіндік қиын­дықтары аз емес. Мәселен, 1 грамм лакто­ферринді алу үшін 25 әйелдің сүті өңделуі керек. Оның өзіндік құны 2500-3000 АҚШ доллары. Ал 100 грамм алу үшін 2,5 тонна ана сүті керек. Ғалымның дәлелдеуінше, түйе сүтінен де лактоферрин алуға болады. Сонымен қатар, түйе сүті сиыр сүтімен салыстырғанда «С» дәрумені 5 есе, «РР» 3 есе, «Е» 2 есе, «темір» 10 есе, «кальций» 1,5 есе, «лактоферрин» 30 есе көп. Басқа қасиеттерін санамағанда құрт ауруына, ішек-құрылыстары, бауыр, дәрумен жетіс­пеушілік, қан аздық және қант ауруына бірден-бір еміңіз түйе сүтінде.

Негізінде, денсаулыққа аса пайдалы бұл сусынның қадірін бізден бұрын шет ел біліп отыр. Қазірде Израиль, Германия, Норвегия тәрізді елдерде қымыранның құны да жоғары, өндірілу технологиясы да сапалы. Малайзия, Израиль, Германия елдерінде қымыранның құрылысын, қасие­тін, құрамын зерттеуге сол елдің ғалымдары барынша ықылас білдіруде. Ғалымдардың айтуынша, сапасы жоғары қымыранның адам ағзасындағы өт жол­дарын тазалауға, бауыр-бүйрек жұмысын жақсартуға берер шипасы мол екенін анықтады. Оған дәлел, бір литр қымыран ересек адамның В1, В12 және С дәрумен­деріне деген қажеттілігін бере алады екен. Қымыран қышқыл бөлуді тездетіп, асты жылдам қорытуға септігін тигізеді. Осы арқылы бауырды тазалап, өт жолдарының жұмысын жақсартады. Айран мен сүтке қарағанда қымыранның тиімділігі анағұр­лым жоғары.

Қымыранның адам ағзасына тигізер шипасы орасан. Біріншіден, адамның асқазаны мен ішегіне көмегі көп. Екін­шіден, жүйке жүйесін қалпына келтіреді. Адам ағзасын орнына келтіруге пайдасы зор. Сондықтан күнделікті тағам рацио­нына түйенің сүтінен жасалған қымыранды қосатын болсаңыз, ішіп-жегеніңіз жақсы қорытылып, қуатыңыз арта түседі.

Осыдан біраз бұрын ҚР Парламенті Сенатының депутаты Қуаныш Айтаханов «Қымыз бен шұбат туралы арнайы заң керек» деп Үкіметке депутаттық сауал жол­даған да болатын. Қымыз-шұбат мәселесі­нің Парламент мінберінде көтерілуі бірінші рет емес. Барды бағалай білу керек емес пе? Қымыздың патенті немісте. Көжеге қыр­­ғыздар иелік еткен. Біз әлі ойланып жүр­­генде ұлттық сусындарымыз өзгенің иелі­гіне өтіп жатыр. Қазақ қашан қозғал­мақ?

Керек десеңіз, қымыран – қырық түрлі ауруға ем. Кезінде елімізде өкпе ауруларын тек шұбат-қымызбен емдейтін 15 шипажай болса, бүгінде олардың жұмысы тоқтап қалған. Керісінше, Ресей 80-нен астам шұбат өндіретін агрофирма ашып, осы елде қымыз бен шұбат арқылы емдейтін 48 шипажайдың жұмысын жолға қойған. шұбаттың емдік қасиеттеріне Жапония мен Батыс Еуропа елдері де ерекше қызығу­шылық таныта бастаған. Мәселен, Гер­мания біздің ұлттық сусынымызды дайындап, оның ұнтағынан түрлі тағамдар мен косметикалық заттар алуды игерген.

Иә, қазақ қымыран ішуден қалып бара жатқандай. Бүгінде дүкендердегі қымыз-шұбат сусындары мүлдем талапқа сай келмейді деген де пікір бар. Бәлкім, қымыранды ғылыми тұрғыда зерттеу орталығы ашылса, біраз мәселе шешімін табар… Мұнан бөлек, қазақтың ұлттық тағамдары деген республикалық ұлттық орталық ашуымыз керек-ақ. Кезінде ұлттық сусындарды түбегейлі зерттеп, қымыз бен шұбатты баптап, әзірлеудің, он айға дейін алғашқы дәмі мен сапасын сақтайтындай технологиясын, оларды ұнтақ түрінде дайындаудың әдістерін де ойлап тапқан қазақ ғалымы профессор Зұлхайнар Сейітұлы еді. Қайткен күнде де қымыранның қасиетін насихаттауды бір сәтке де тоқтатпаған жөн. Сонда жастарымыз арақ-шарапқа құмар болмай, ұлттық сусынымызға бет бұратын еді. Ел арасында маскүнемдер азайып, түрлі аурулар мен өлім-жітімнің алдын алар едік. Әйтпесе, қазақтың қымызы мен шұбатын да, ұлттық ойындарын да шетелдіктер иемденіп барады. Осының бәрін салыс­тырып қарағанда, ұлттық сусынымыз — қымыранды әлі күнге дейін дамыта алмай отырғанымыз бойкүйездік пен нем­құрайдылық емес пе? Ата-бабамыздың аманатына адалдық танытып, ардақтаған асын, сүйсіне ішкен сусындарын ұлттық брендке айналдыру үшін қымыз бен шұбат жөнінде арнайы заң қабылдауымыз керек. Сонымен бірге, ұлттық сусындар өндіргісі келетін фермерлерді ынталандыратын жеңілдіктер қарастырылуы қажет шығар…

 

Серік ЖҰМАБАЕВ.

http://almaty-akshamy.kz/2016/05/23/%D2%9B%D1%8B%D0%BC%D1%8B%D1%80%D0%B0%D0%BD%D0%BD%D1%8B%D2%A3-%D2%9B%D0%B0%D0%B4%D1%96%D1%80%D1%96%D0%BD%D0%B5-%D2%9B%D0%B0%D1%88%D0%B0%D0%BD-%D0%B6%D0%B5%D1%82%D0%B5%D0%BC%D1%96%D0%B7/