Ауа райы
Мерекелер

ҚАНДАС БАУЫРЛАРЫ МОЛ ДӘРІГЕРОрақпен таныстығым сонау жылдары облыстық денсаулық сақтау басқармасының Қазалыға жолдаған іс сапары кезінде басталды. Қазалыда таныстарым жоқ, қонақ үйге орналасқанмын. Менің сол жерде екенімді білген ол іс сапар біткенше үйіне қонақ қылды. Кейінірек өмірлік досқа айналды. Менің ұнатқаным: оның бойындағы турашылдық, еңбекқорлық, жан-жақтылық, ең бастысы дәрігерге аса қажет қасиет – адамға деген сүйіспеншілік. Басқаның қайғысын түсіну үшін жүректің кеңдігі қажет. Соның бір көрінісі – керек кезінде өз бойындағы қасиетті қанымен мұқтаж жандарға бөлісті, ұзақ жылдар донор болды.

Мақала кейіпкері Орақ Кеубасов қасиетті Қазалының перзенті, 1976 жылы менімен қатар, бірақ Ақтөбедегі мемлекеттік медициналық институтты педиатр мамандығы бойынша бітірді. Бір жыл Қызылорда облыстық аурухананың балалар бөлімшесінде өз саласы бойынша интернатурадан өтті. Міне, қырық жылға жуық бір орында, Қазалы аудандық ауруханасында инфекционист дәрігер болып еңбек етіп келеді.

1983 жылы сол аурухананың жұқпалы аурулар бөлімшесіне меңгеруші болды. Ол кезде бөлімше 50 төсек орындық еді, бүгінде 20 төсек орын ғана қалды. Орақ кезінде бөлімшені басқарған білікті дәрігер, медициналық жоғары білімді Ресейден алған Валентина Ивановна Нефедованы ұстаз тұтып, оны әрдайым ардақтайды.

Ол Қазалыда алғаш рет бұғана асты артериясына катетер салу, жұлынға пункция жасау және көптеген реанимациялық шараларды бөлімшеге жаңалық ретінде енгізді. Мұны байқаған облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Қызылордадағы дәрігерлерді Қазалыға үйренуге де жіберген болатын. Алматы, Ақтөбе, Новокузнецк қалаларында бірнеше мәрте инфекциялық дерттер бойынша білімін жетілдірді, күнделікті медициналық кітаптарды оқып, ондағыларды күнделікті дәрігерлік практикасында қолданды.

Бір айта кетерлігі – өңірдегі 2 оба ошағын тұрақтандыру бойынша басын қатерге тігіп, жұмыс істеді. Бірақ оның бұл еңбегі кезінде ескерілмеді, марапат басқа адамға бұйырды. Қазалы ауданында кездесетін жұқпалы кеселдермен – іш сүзегімен, сары аурумен, құтырмамен және т.б. табысты күресті. Аты жұқпалы деп айтып тұрғандай, бұл аурулардың емдеуші дәрігерге де қауіпі болатынын есте ұстаған жөн.

Оның біліктілігі туралы мына мақаланың үзіндісінде жақсы айтылған: Жұмабек ТАБЫНБАЕВ, «Құрметке лайықты ЛАЙЫҚ» мақаласынан:

«Бірде ауылда тұратын құрдасымды көшеден кездейсоқ жолықтырдым. Жанында келіншегі бар. Қашан көрсең де жайдары жүретін досымның жүзі тым сынық көрінді. Әлденеге абыржып тұрғаны аңғарылады. Аздап жүдеген де тәрізді. Жөн сұрастық. Айтуынша сырқаттанып жүргеніне біршама уақыт болыпты. Қызуы көтеріледі, тәбеті де төмендепті. «Ой аздырады» деген рас екен. Өзі аты жаман­ кесел шығармын деп қауіптенетін сынды. Құрдасым үшін мен де қорықтым. Не істеу керек? Есіме Орекең, білікті дәрігер Орақ Кеубасов түсті. Дереу қоңырау шалдым. Бізді мұқият тыңдаған ағамыз әлі кездеспеген емделушісіне «бруцеллез» деген қорытынды қойып, кабинетіне келуді өтінді. Бардық. Түрлі сынамалар тапсырды. Міне, керемет. Кеубасовтың диагнозы тура шықты. Ауруханада жатып ем алған құрдасым құлантаза айығып кетті. Кәсіби сауаттылық дегеніміз осы.» («Халық» газеті).

Кезекті бір іс сапарымда Орақтың үйіне қыста бардым. Үйі салқын екен. «Неге от жақпадыңдар?» деген сұрағыма жұбайы Орынша «Орекең үйдегі бар көмірді бөлімшеде отын жоқ деп алып кетті» деді. Кейін бұл әңгіменің жөнін айтқан Орақ «Бөлімше суық. Жағатын отын жоқ. Бас дәрігер отын кейін болады, қазір қаржы тапшы деп қол қусырып отыр. Содан ашуға булығып, аурухананың бас дәрігеріне: Сіз осы суық бөлімшеге өз балаларыңызды жатқызар ма едің? деп сұрақ қойдым» деген болатын. Мұны ол ерлік жасағандай емес, қарапайым адами тірлік ретінде баяндады.

Орақ жұбайы Орыншамен бірге тәрбиелеген ұл—қыздары бүгінде бір отау. Қуанышы – Талдықорғанда әскери қызметте, подполковник. Қайраты – Қазалыда, инженер. Гаухары – Ақтөбеде, Қ.Жұбанов атындағы өңірлік мемлекеттік университетте аға оқытушы, магистрант. Олардан өрбіген 8 немере бар.

О.Кеубасовтың денсаулық сақтау саласындағы сіңірген еңбегі еленіп, ол кезінде «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» медальдарымен марапатталған. Мақалаға арқау болған тақырыпты оның «ҚР Құрметті доноры» төсбелгісімен марапатталуы одан әрі дәлелдей түседі.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Орақ өз өміріндегі ауры кезеңді бастан өткерді, онкологиялық кеселге шалдығып, операция жасатты. Дегенмен, өмірге құштар жан бұл қиындықты да жеңе білді. Қазір зейнеткерлікке шыққанына қарамастан өз сүйікті ісін жалғастыруда.

 

С.СМАҒҰЛҰЛЫ,

Әйтеке би кенті,

Қазалы ауданы

БІЛІКТІ МАМАН, АБЗАЛ АЗАМАТ ЕДІ!10 жыл. Адам өмірі үшін 10 жылды біршама уақыт деп айтуға болатындай. Себебі, 10 жылда жаңа туған нәресте мектеп табалдырығын аттап, әріп танып, сандарды санап, бастауыш білімді аяқтайды. Ал, енді жаңадан мектепке барған бала кәмелеттік жасқа жетіп, жаңа өмірге қадам басады. Жоғарғы оқу орнына түскен түлек, жас маман атанып, жаңа еңбек жолының бесінші жылын тәмамдар еді. Міне, өмір осылай «Өмір-өзен» деп аталатын, өз ағысымен өте беретіні бір жағынан қандай қуаныш болса, екінші жағынан өтіп бара жатырған уақытқа қарап, өмірдің өткінші екендігіне өкінесің. Иә, осындай өткінші бір өмір, тура 10 жыл бұрын білікті маман, абзал азамат Алмас Жақсылықұлы Жетесовті арамыздан алып кеткен болатын.

 

Бұл күн, 2006 жылдың мамыр айының бір күні еді. Осы бір азалы күн жанұя жандарының жанына өксік болып кіріп, жүректеріне жазылмастай жара салып кетті. Осы кезде қызы Жанар Алматыдағы Абай атындағы педагогикалық университеттің «шет тілдер» факультетінің магистратурасын «қызыл дипломмен» бітіріп, ұлы Әлімжан Атырау мұнай- газ институтын ойдағыдай бітіріп, диплом алып, елге оралатын қуанышты сәтіне аз ғана күн қалып еді. Иә, солай дейтіндей, Алланың ісіне не шара бар.

Алмас аға 1956 жылы тамылжыған тамыздың 18-жұлдызында Арал қаласында дүниеге келген. 1973 жылы Сексеуіл кентінен орта мектепті бітірген жалын ды жас, осы жылы Ақтөбе мемлекеттік медицина институтының «емдеу ісі» факультетінің түлегі атанады. Аталмыш оқу орнын ойдағыдай бітіріп, өмірге жолдама алған жас маман Қызылорда облыстық ауруханасында ЛОР дәрігері мамандығы бойынша интернатурадан өтеді.Содан соң, Арал аудандық орталық ауруханасында ЛОР мамандығы бойынша еңбек жолын бастайды.

1991-1996 жылдары аудандық аурухананың ЛОР аурулары бөлімшесінің меңгерушісі, 1996-2000 жылдары Қызылорда облыстық міндетті медициналық сақтандыру қорының Арал аудандық филиалының директоры, 2000-2006 жылдары аралығында Арал аудандық денсаулық сақтау бөлімінің ұйымдастыру-әдістемелік орталығының меңгерушісі болып өсу жолынан өтеді.

Осы жылдары экологиялық аймақта тіршілік етіп жатырған Арал ауданы адамдарының денсаулығын сақтау жолында аянбай еңбек етіп, Үкімет тарапынан бірнеше рет «Құрмет грамоталары» мен «Алғыс хаттар» иеленеді. Алмас аға денсаулық сақтау саласының қай жерінде жүрмесін, өзінің терең білімі мен біліктілігі, еңбекқорлығы, өз мамандығының адал иесі ретінде еңбек еткендігін осы күнгі замандастары әлі күнге дейін құрметпен еске алады.

Солардың бірі де бірегейі, осы күнгі медицина саласының ардагері Сайлау Ботабаев ағамыз «Үмітті Арал» газетінің 2014 жылғы 27 наурызы күнгі санында «Жаны жайсаң, жақсы іні еді» атты мақаласында Алмас аға туралы: «Иман жүзді, үнемі күлімдеп жүретін бұл адамды Хақ Тағала о баста адам жанының арашасы етіп жаратқан ба дерсің. Ақ халатын киіп, палата жағалап, науқастың жанына келіп, жанға жайлы жағымды дауыспен халін сұрап, қарай бастағанда-ақ, науқас та кеселін ұмытып, оған үлкен үмітпен, өзінің құтқарушысына кездескендей, жанарынан үміт оты маздап, қуана қарсы алатын еді. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, жақсы іні, абзал азамат, өз ісінің маманы, беделді жанұя басшысы ретінде еске аламыз» -деп жазған болатын.

Алмас ағаның кезіндегі медицина саласында бірге қызметтес болған ағалары мен замандастары, бүгінде марқұм болған сала майталмандары - Мамай Бұйраев, Махашбай Алмағамбетов, Ерғазы Орынбаев, Досхана Ранов, Шакидулла Жүрментаевтар мен қазіргі таңдағы білікті дәрігерлер - Алдақияр Махамбетжанов, Жеткерген Өтегенов, Нағашыбай Халықұлов, Абат Тәжіғұлов, Самат Ильясов, Гүлжан Дошниязова, Толыбай Медетов, Арғынбай Асанбаев, Асылхан Нұрхожаев, Әмірхан Жүсіпов, Серік Сералиев, Жаңаберген Жұмахметов, Жолдасбай Жақсылықов, Ғабит Нұрғалиев, Шарапат Медетов, Бақытжан Қасымов, Амантай Нұрпейісов, Балтабек Кемалов, Әшім Әлмаханов сынды дәрігерлердің бірқатары медицина саласының ардагерлері атанған. Осы елдің денсаулығын сақтауда халық ықыласына бөленген жандармен қызметтес болуы ұрпағы үшін үлкен өнеге болғандай.

Дәрігер мамандығы бәрімізге науқастың кеудесіне үміт отын тұтатып, адам өміріне араша болып, оған екінші өмір сыйлайтын жандар болып көрінеді. Әдептілік пен кішілік көрсете отырып, кісі болу Алмас ағаның өз тегінен алған тәлім-тәрбиесі екендігі аңғарылып тұратын еді.Алмас ағаның әкесі, марқұм Жақсылық Жетесов 30 жылдай «Құланды» жылқы зауытын басқарған, «Қызыл Ту» орденінің иегері, республикаға танымал тұлға екені өз замандастарының жадында мәңгі қалып, ұрпақ үшін өнегеге айналды.

Ал, анасы марқұм Шакен апа да 10 бала тәрбиелеп өсірген «Батыр Ана» болатын.

"Орнында бар оңалар” дегендей, Алмас ағаның жары Бақтыгүл Сермағамбетова -”Қазақстан халық ағарту ісінің үздігі”, «Ерен енбегі үшін» медалінің иегері, бүгінде ардагер ұстаздар қатарынан саналатын аяулы жан. Тұңғыштары Жанар - Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің шетел тіл дері факультетінің «Аударма ісі» кафедрасының оқытушысы, күйеу баласы Самат - темір жол маманы, ұлы Әлімжан - мұнай-газ саласы маманы, келіні Эльвира - фармацевт, кенже қызы Анар әке жолын жалғап, үлкен арманды арқалап, Ақтөбе қаласындағы М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік меди цина университетінде «Жалпы дәрігер» мамандығы бойынша интернатурадан өтуде.

Балаларынан тараған Әсем, Әлинұр, Гүлназ, Дәулет, Асқар сынды немерелері аталарының суретіне қарап, балалық са ғыныштарын баса алмай, үнемі еске алып отырады.

Шүкір, "Қыз өссе - өріс, ұл өссе - қоныс”дегендей, құда-құдағилы болып өріс кеңейген. Үлкен құдасы Елеуғазы Қиғашов, Бақтылы Абдуллина ақтөбелік ұстаздар болса, Аралдағы құдасы мен құдағайы Шүкірла Шарапатов пен Сұлуша Ешниязовалар - медицина ардагерлері.

Уақыт - емші, өміріңді жұбатады, емдейді, Өмір - айна, оңды істер тек биікке өрлейді. Дәуір көшіп, тау алыстап, тарих бетін жапқанмен, «ғалымның хаты, жақсының аты еш уақытта өшпейді» - дегендей, ендігі жерде Құдайым осы үрдістен жаңылдырмағай дейміз

 

Шолпан БАЛМАНОВА,

«Толқын» газетінің қоғамдық тілшісі.

 

Арал аудандық «Толқын» газеті. 4 мамыр 2016 жыл