Ауа райы
Мерекелер

Қазақстанда жоғары технологияны қолдану арқылы емделгендер саны 5 есеге арттыАСТАНА. ҚазАқпарат - 2010 жылдан бастап Қазақстанда жоғары технологияларды қолдану арқылы емделгендердің саны 5 есеге өсті.

«Сонымен бірге, аталған қызметті күнделікті енгізуге байланысты, 2014 жылдан бастап жоғары мамандандырылған көмектің (ЖММК) 30 технологиясы мамандандырылған көмек қатарына ауыстырылды. ЖММК - азаматтар диагностикалау мен емдеудің ерекше қиын тәсілін әрі бірегей медициналық технологияларды талап ететін аурумен сырқаттанған жағдайда медициналық ұйымдардың медициналық көмек көрсетуі. 2010 жылдан бастап Денсаулық сақтаудың бірегей ұлттық жүйесін енгізу - еліміздің барлық өңірлерде жоғарғы технологиялардың белсенді дамуына ықпал етті. Бұл ЖММК-нің ауыл тұрғындарына қолжетімді болуын қамтамасыз етіп отыр», - делінген ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі мәліметінде.

ЖММК қызметі 2010 жылы 10690 адамға, 2011 - 34706, 2012 жылы - 41747, 2013 жылы - 54454, 2014 жылы - 46391, сондай-ақ 2015 жылы - 55975 пациентке көрсетілді.

Сонымен бірге, елімізде соңғы жылдарда отандық трансплантологияны дамыту бойынша кешенді шаралар қолданылуда. Бұл жылдан жылға трансплантология көрсеткішін ұлғайтуға мүмкіндік беріп отыр.

Егер 2010 жылы тек 2 технология енгізілсе, 2011 жылы - 4, 2012 жылы - 7, ал 2015 жылдан бастап 10-ы енгізілді. Бұл тұрғыда жүрек, бауыр, жасанды сол жақ асқазан, бүйрек, ұйқы безі, сүйек кемігін ауыстырып отырғызу бойынша оталарды қамтып отыр. Бұған дейін мұндай медициналық қызметтерді алу үшін еліміздің азаматтары тек шетел қызметтеріне жүгінетін.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда алғаш рет жүректі ауыстыру 2012 жылы жасалған болатын. Ал 2015 жылы осындай 20 ота жасалды. 2012 жылы 6 науқастың бауыры ауыстырылса, 2015 жылы мұндай ота 51 адамға жасалды. Ең көп ауыстырылып отырғызылған мүше - бүйрек. 2010 жылы - 9, ал 2015 жылы 204 ота жасалды. Сүйек кемігі 2010 жылы 1 пациентке ауыстырылды, 2015 жылы 44 адамға жасалды.

Автор:Руслан Ғаббасов

http://inform.kz/kaz/article/2899964