Ауа райы
Мерекелер

Қазақстанда 100-ден астам мемлекеттен келген білікті мамандар қызмет етедіАСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда жылына орта есеппен 30 мың білікті маман тіркеледі. Бұл туралы бүгін Астанада ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Біржан Нұрымбетов мәлім етті.

«Өткен жылдың соңында елімізде көші-қон заңнамасына бірқатар өзгертулер енгізілді. Бұл тұрғыда жоғары білікті шетел мамандарын тартуға қолайлы жағдайды құруға бағытталған шаралар қамтылған және олар 2017 жылдан бастап күшіне енетін болады. Бүгінде көптеген елдер секілді Қазақстан да квоталау және жұмысқа тұру рұқсатнамасын беру жүйесін қолдануда. Соңғы үш жылда квоталар аясында біздің елдің жұмыс берушілері тарапынан орташа есеппен алғанда жылына 30 мың шетел маманы тартылды. Бұл өз кезегінде елдің экономикалық белсенді халқының 0,3 пайызын құрайды»,-деді вице-министр «Көші-қонның әлеуметтік-экономикалық әсерлері: мигранттардың қорғансыздығы және Орталық Азиядағы интеграциялық қажеттіліктер» атты дөңгелек үстелде.

Оның сөзіне қарағанда, Қазақстанда әлемнің 100-ден астам елінен келген мамандар қызмет етуде. Соның ішінде негізгілері Қытай, Түркия, Үндістаннан тартылуда.

Мұнымен қоса Б. Нұрымбетов Қазақстан жоғары білікті еңбек ресурстарын тартумен қатар, мамандығы жоқ жұмыс күші де қабылданып жатқандығын атап өтті.

«Былтыр елімізде ішкі істер органдарының рұқсатымен үй шаруашылықтарында ТМД елдерінен 141 мың шетел жұмысшылары қызмет атқарды. Сонымен қатар бақыланбайтын заңсыз еңбек көші-қоны сақталуда, яғни заңсыз келген жұмысшылар тартылған салаларда ел үшін және жұмысшылардың өздері үшін экономикалық және әлеуметтік проблемалар туындайды. Жасырын мигранттардың қызметі негізінен базарлардағы саудада, құрылыста, ауыл шаруашылығында байқалуда»,-деді вице-министр.

Айта кетейік, көші-қон мәселесіне арналған аталған дөңгелек үстел ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасында өтіп жатыр. Бірқатар мемлекеттерден келген мамандар осы саладағы проблемаларды талқылауда.

Автор:Руслан Ғаббасов