Ауа райы
Мерекелер

«ҚазМедТех» АҚ «СК-Фармация» ЖШС-іне қосыладыАСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазМедТех» АҚ «СК-Фармация» ЖШС-іне қосылады. Бұл туралы бүгін «СК-Фармация» ЖШС-інің кеңейтілген отырысы барысында компания басқармасы төрағасының орынбасары Максим Касаткин айтты.

Ол өз сөзінде бірлесе отырып шешуді талап ететін міндеттердің бірі, медициналық техникаларды сатып алуды жетілдіру екендігін баса айтты.

«Белгілі болып отырғандай, қазіргі уақытта «ҚазМедТех» АҚ-ты «СК-Фармация» ЖШС-іне қосу процедуралары жүргізіліп жатыр. Қосу жұмыстары аяқталғаннан кейін біздер медициналық техникаларды сатып алу процедураларын оңтайландыруды ұсынамыз. Олар былай өрбуі тиіс: лизингтік жобаларды келісу және сатып алу мерзімін қысқарту, тікелей өндірушімен арадағы келісімшарттар үлесін арттыру», - деді М.Касаткин.

Сонымен қатар ол жеке денсаулық сақтау ұйымдары үшін қаржылай лизинг жүйесі іске қосылатындығын атап өтті.

 

Автор: Марлан Жиембай

http://www.inform.kz/kaz/article/2853880

 


Елордада жарамдылық мерзімі өткен дәрі-дәрмекті жинау акциясы басталдыАСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада жарамдылық мерзімі өткен дәрі-дәрмекті жинау акциясы басталды. Бұл туралы бүгін «Адам денсаулығы институты» қоғамдық бірлестігінің директоры Дмитрий Терешкевич мәлім етті.

«Бұл - Қазақстандағы, Астанадағы ең алғашқы ілкі жоба. Біз мұның одан ары да өз жалғасып тауып, халықпен жұмыс істеудегі тұрақты жобаға айналарына сеніміміз мол», - деді ол.

Оның атап өтуінше, бұл акция екі бағытта өрбитін болады. Бірінші бағытта жарамдылық мерзімі өткен дәрі-дәрмектер халықтан жинап алынады. Ал екінші бағытта сынап термометрлер электронды термометрлерге ауыстырылатын болады.

«Біз жарамдылық мерзімі аяқталған кәдеге жарамайтын дәрі-дәрмектерді халықтан жинап алмақпыз. Өйткені, қазіргі уақытта халық жарамсыз дәрі-дәрмекті қоқыс жәшіктеріне тастай салады. Ал бұл экологиялық нормаларға қайшы. Ал жарамсыз дәрі-дәрмекті жинайтын арнайы жәшіктер елорданың бірқатар дәріханаларына орнатылады», - деді Д.Терешкевич.

Оның атап өтуінше, екінші акция аясында кеше елорданың мемлекеттік медициналық ұйымдарында 1100 электронды термометрді сынап термометрге алмастыру шарасы өткізілген.

Фото: Марат Кураков

Автор: Марлан Жиембай

 

http://www.inform.kz/kaz/article/2853393

 

ДЕНСАУЛЫҚ: Ағзадағы артық суды шығарудың жолы қандай? АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағзада судың шамадан тыс көп болуы ісінуге, көз астының дорбаланып, салмақтың артуына әкеледі. Аяқ та ісініп, аяқ киім тар болып сезіледі. Қолдың саусақтары да ісінеді. Мұның бәрі адамның тынышын кетіріп, мазасын алады. Ағзадағы артық судан қалай арылуға болады?

Артық су қайдан пайда болды?

 

Ағзадағы судың мөлшерден тыс болуы денсаулықта кінәраттың барын білдіреді. Мүмкін, бүйрек өз жұмысын жақсы атқармайтын шығар. Немесе, жүрегіңіз сыр бере бастаған. Әрине, дәрігерге қаралу керек. Бірақ, көп жағдайда дұрыс тамақтануды жолға қойып, тұзды шамадан тыс жеуден тартынғаныңыз керек.

Су жиналуының себептері:

1.Судың жетіспеушілігі. Күніне 2 литрден кем емес су ішу керектігін бәрі де біледі. Алайда, мұны орындайтындар аз. Тәулік нормасын орындау үшін, ми ағзаға суды жинау туралы сигнал береді. Қасыңызға бір құты таза суды қойып, күні бойы соны ішіп жүруге тырысыңыз. Аз аздан, бірақ жиірек ішіңіз. Екі аптадан соң ағза үйреніседі де, артық суды жинауды тоқтатады.

2.Несеп айдағыш шырындар. Алкогольдің (оның ішінде сыра) несеп айдағыш әсері өте мол. Сонымен қатар, шай, кофе және газдалған сусындар да осындай қасиетке ие. Көп жағдайда аталған сусындар ағзаны құрғатып жібереді. Зерттеу көрсеткендей, ағза артық суды ісік секілді сақтайды. Сондықтан, көп жағдайда таза су ішуге тырысыңыз.

3.Тұздың артық мөлшері. Тұздың бір молекуласы судың 20 молекуласын байланыстырады да, май жасушаларында көрінбей қалады. Содан соң, олар үлкейеді де, артық салмақ жинала бастайды. Сонымен қатар, зиянды тұзды шығару үшін ағзаға қосымша су қажет болады. Жол бітеледі де, ісік тарқамайды. Сол себепті, тұзды тағамдар, әсіресе, чипстер, тұзды балық, сыраға арналған жаңғақтарды мейілінше азырақ пайдаланыңыз.

4.Түнге қарай су ішу. Сағат кешкі 20.00-ден соң ішкен су бүйрекке салмақ түсіреді де, таңертең бетіңіз ісіп кетеді. Судың көп бөлігін кешкі сағат 6-7-ге дейін ішуге тырысыңыз. Өзіңіздің тамақтану салтыңызға мән беріңіз. Мүмкін, өз қателіктеріңізді байқамай жүрген шығарсыз. Айтпақшы, суды ағзадан тез шығаруға арналған дәстүрлі әдістер де бар.

Ағзадан суды шығаратын тағамдар:

1. Жаз кезінде қарбыз жеген пайдалы. Ол тек суды шығарып қоймай, бүйректі тазартып, қызметін жақсартады. Ағзадағы суды шығаруға қауын мен қияр да көмектеседі. Аптасына бір рет күніңізді тек қарбыз немесе қияр жеуге арнаңыз. Нәтижесін алғашқы күні-ақ көресіз.

2. Көктем кезінде қайың шырынын ішкен дұрыс. Ол ұлпадағы шлактар мен тұзды шығарады. Бұл өте пайдалы шырын және оны күніне үш стаканнан ішкен жөн.

3. Көк шай мен каркадэ де жеңіл несеп айдағыш сусындар ретінде танымал. Қара шайға қарағанда, көк шайды көбірек ішуге де болады.

4. Күріш және сұлы ботқасы да суды жақсы шығарады. Күріште натрий көлемі аз (ал натриде су көп) және тұзды шығаратын калий көп. Кәсіби спортшылар маңызды жарыс алдында арнайы диета қолданып, бірнеше күн бойы тұзсыз күріш ботқасын ғана жейді.

5. Балғын жеміс-жидек пен көкөністерде тұз жоқ. Сондықтан, жеміс-жидекті көп жесеңіз, тұздың тепе теңдігі сақталады. Қызылша мен орамжапырақ ісінуге қарсы құралдардың бірі.

6. Ағзадағы тұзды шығаратын, құрамында калий көп тағамдарды көп пайдаланыңыз: асқабақ, орамжапырақ, кәді, алма, өрік және кептірілген жемістер.

Ағзадағы артық суды қалай шығару керек

Ағзадағы суды шығаруға сауна немесе монша көмектеседі. Артық су сол кезде шығады. Саунаға жиі барып тұру арықтауға да көмектеседі.

Дене жаттығулары метаболизмді тездетіп, денедегі сұйықтықты тер арқылы шығаруға көмектеседі. Аяқтың ісінуіне жаяу аяң жүріс, жүгіру, аэробикалық жаттығулар, велосипед тебу де жол бермейді.

Күніне 1-2 сағат аяқты жүрек тұсынан жоғары көтеріп қоюдың да көмегі көп. Мысалы, диванда жатқанда аяқ астына жастықты қойып қойыңыз. Сол кезде табандағы ісік тез қайтады. Бұл күні бойы отырып жұмыс істейтін адамдар үшін өте пайдалы.

Егер жағдай өте қиын болып, ағзадағы суды дереу шығару қаже болса, несеп айдайтын препараттар - «Фуросемид», «Торасемид», «Диувер», «Этакриновая кислота», «Диурсан» және басқаларын қабылдаңыз.

Алайда, бұл дәрілерді де шамадан тыс қабылдамаңыз. Ағзадан суды шығаратын таблеткалар ұлпадағы кальций, калий және магнийді өзімен бірге алып кетеді. Сондықтан, аталған препараттарды тек дәрігердің рұқсатымен қабылдаңыз. Алайда, ең дұрысы табиғи несеп айдағыштарды қабылдаған. Оның ішінде шөптің алатын үлесі зор. Шөп жиынтықтары жұмсақ әрі ағзаға қауіп төндірмейді.

Ағзадан суды шығаруға арналған шөптер мен тұнбалар:

1. Қайың жапырақтарынан дайындалған тұнба. Ұсақталып, кептірілген жапырақтар кез келген дәріханада сатылады. 2 ас қасық құрғақ жапырақты ыстық суға салып, 30 минут бұқтырыңыз. Тұнбаға пышақтың ұшымен ғана ас содасын қосыңыз. Күніне үш рет 1 шай қасықпен ішіп тұрыңыз.

2. Итмұрын немесе бүлдіргеннен дайындалған шай: құрғақ жидектерді әдеттегі шай секілді шығарыңыз да, күніне жарты кеседен 2-3 рет ішіңіз.

3. Аскөктің тамыры да мықты несеп айдағыш болып есептеледі. 1 ас қасық тұнбаны ыстық суға қосыңыз да, жарты сағатқа қалдырыңыз. Күніне үш реттен 1 ас қасықпен ішіңіз.

4. Алманың құрғатылған қабығынан компот қайнатып, күніне 5 рет жарты кеседен ішіп тұруға болады.

Егер сіз жоғарыда айтылған әдістердің бірін қолданып, олардың пайдасын көрмесеңіз, көңіліңізге кірбің түспесін. Бір заттың барлық адамға бірдей әсер бермейтінін де ұмытпаған абзал. Әртүрлі әдістерді қолданып, өзіңізге лайықтысын табыңыз. Мүмкін, қайың тұнбасы мен итмұрыннан жасалған қоспа сіз үшін өте пайдалы болатын шығар.

Керек кеңес confederation.kz сайтынан алынды.

 

http://www.inform.kz/kaz/article/2853244


Дәрігердің жылы сөзі дәріден де қымбатҚызылордалық дәрігерлердің арасында қызметіне шалағайлықпен қарайтындар бар. Жыл басынан бері Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментіне емделушілер тарапынан түскен арыз-шағымдардың 33 пайызы негізді болған. Қала тұрғындары облыстық медицина орталығының және №3 емхананың ақ халаттыларына көңілі толмайтындығын білдірсе, Жаңақорған ауданының жұрты да абзал жандарға арыз айтқан. Олардың көпшілігі қызмет көрсету сапасына, дәрігерлердің біліктілігіне мін таққан. Медицина саласының осындай проблемалары мен ақсап тұрған тұсын өткен аптада аталмыш департаменттің басшысы Шакизада Исағалиева журналистерге жасырмай айтып берді.

Қоғамдағы қайбір салан­ы алып қарасақ та, кемшін тұсы жетіп артылады. Ал денсаулық сақтау саласындағы әрбір қателік адамның өміріне яки тағдырына тікелей қатысты. Сондықтан дәрігерлер қауымы ағаттыққа бой алдырмауы керек­. Десе де, ақ халаттылар тарапынан кететін кемшіліктер толастар емес. Бұл дәрігерге тағылар мін мен айтылар сынның көбеюіне әкеліп отыр. Оның үстіне көп­шілік дәрігерлерге сенуден қалған.

- 2015 жылдың қаң­тар айынан бастап 99 арыз-шағым қаралды. Оның 57-сіне тиісті шаралар қабылданды. Осы қаралған арыз-шағымдардың 33 пайызы негізді, 17 пайызы ішінара негізді деп танылған. Өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 136 арыз-шағым қаралып, оның 42 пайызы негізді болған­ еді. Байқасаңыздар, департамент арыз-шағымдардың легін азайту және бір орталыққа жинау мақсатында облыстық ден­саулық сақтау басқармасы жаны­нан 2015 жылдың қазан айында Coll-центр ашылды. Орталық об­лыстағы 43 медициналық ұйыммен байланыстырылған. Бұл орта­лықта сағат 08:00-ден 20:00-ге дейін бірнеше оператор, психолог, менеджер тұрғындардан түскен сұрақтар, өтініштер, арыз-шағымдарды қабылдап анықтама беред­і және медициналық ұйым­дарға автоматты түрде жолдайды, - деді департамент басшысы.

Кейінгі кезде өңір медицинасы үлкен жетістіктерге жетті. Расынд­а, емханалар мен медицина орталықтары көптеп салынды. Алайда осындай ілкімді істерді дәрігерлердің бір ғана қателігі жоққа шығарып кететіндей. Өйткені, бұл саладағы салғырттықтың салдары ылғи сын садағына ілігеді. Әсіресе, абзал жандардың кәсібилігі мен этикасы көп­шілікті толғандырады. Соңғы сөз­ден ішіңіз қылп ете қалған шығар? Дәл осы этика мәселесіне арыз-шағымдар көптеп түседі. Жасыратыны жоқ, дөрекі дәрігерлер көп. Дәрігердің бір ғана жылы сөзі науқас­ жанына демеу болады, ал оның құны дәріден де қымбат. Дәрі демекші, департамент басшысы жиі қолданыста болатын 200 атаулы дәрі-дәрмектердің бағасы­ нарықтағы жағдайға қарамастан сол күйінде сақталатын­дығын жеткізді. Ал қалған медициналық препараттардың бағасы­ 60-70 пайызға көтеріліп кеткенін жасырған жоқ.

- Облыстағы емдеу мекемелері­мен сатып алынатын дәрі-дәрмектердің 70 пайызын бірыңғай дес­трибьютер СК «Фармация» қамтамасыз етеді. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде берілетін дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету бары­сында кейбір дәрілердің жыл аяғына дейін жетпей қалатын жағдай­лары болады. Бірақ қосымша келісімшарт жасалып, жергілікті бюджеттен жоқ дәрілер толықтырылып отыр. Мәселен, жүрек қалқаншалары протезделген, жүректің ишемиялық ауруымен, остеоартрозбен, теміржетіс­пеушілік анемиямен ауыратын науқа­старға тегін берілетін дәрі­лерге келісімшарт жасалды,-деді Ш.Исағалиева.

Мұнан соң, департамент басшысы тұрғындарға дәстүрлі ем-домдарды қабылдаудан аулақ болуд­ы ескертті. Себебі, түскен шағымдарды сараптағанда, халық емінен жапа шеккендер де бол­ған. Сондай-ақ, түрлі медициналық фирмалардың дәрілік заттарын сатып алмауды ұсынды. Ондай препараттардың көбінесе лицензиясы да болмауы мүмкін екен. Басшы брифингтің соңында дөре­кілік танытатын дәрігерлерге қа­тысты түскен кез келген арыздың ескерусіз қалмайтындығын айтты.

Н.ШӘКІМ

http://out.easycounter.com/external/halyk-gazeti.kz

Тәуелсіздік мерекесіне орай сала «Үздіктері» марапатталдыОблыстық денсаулық сақтау басқармасы «Тәуелсіздік күніне» орай салтанатты мереке ұйымдастырды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысы Ақмарал Шәріпбайқызы Әлназарова мен «Нұр Отан» партиясы филиалының орынбасары Роза Аяғанқызы Бохановалар, салаға еңбегі сіңген бірқатар медицина қызметкерлерін марапаттады.

ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ АЛҒЫС ХАТЫМЕН:

1 Достанова Мейрамкул Козденбаевна Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасының бухгалтерлік есеп және қаржыландыру бөлімінің басшысы
2 Төлеутайұлы Кәрібай облыстық онкологиялық орталығының эндоскопист дәрігері
3 Сатмагамбетов Ауесхан Курмантаевич облыстық медициналық орталығының анестезиология-реанимация бөлімшесінің меңгерушісі
4 Бураханова Жадыра Бегайдаровна Амбулаториялық-емханалық қызметі бар Жаңақорған аудандық орталық ауруханасының күндізгі емдеу бөлімінің меңгерушісі
5 Тулепова Айгуль Ермековна Амбулаториялық-емханалық қызметі бар Жалағаш аудандық орталық ауруханасының «Мақпалкөл» дәрігерлік емханасының акушеркасы

«ЕҢБЕК АРДАГЕРІ» МЕДАЛІМЕН:
1 Арғынбаев Абдулла Амбулаториялық-емханалық қызметі бар Сырдария аудандық орталық ауруханасының бас дәрігерінің орынбасары
2 Байманова Айымкүл Молдасейтқызы Қызылорда қалалық туберкулезге қарсы диспансерінің бөлім меңгерушісі

«ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ІСІНЕ ҚОСҚАН ҮЛЕСІ» ТӨС БЕЛГІСІМЕН:

1 Сарсенбаева Зоя Набиевна облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының дәрігері
2 Садықова Салтанат Бектурсуновна Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасының арнайы медициналық жабдықтау базасының директоры
3 Зархумова Жамиш Едигеевна Амбулаториялық-емханалық қызметі бар Жалағаш аудандық орталық ауруханасының бас есепшісі
4 Айжанова Алия Өміртайқызы Шиелі аудандық туберкулезге қарсы диспансерінің бөлім меңгерушісі

«ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ІСІНІҢ ҮЗДІГІ» ТӨС БЕЛГІСІМЕН:

1 Оразмаханұлы Шынжырбай облыстық медициналық орталығының нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі
2 Абдыкалыков Ғани Молдахметович Қызылорда қалалық ауруханасының хирург-дәрігері
3 Бурамбаева Баян Уристамбековна Облыстық қан орталығының директорының медицина жөніндегі орынбасары
4 Абдиканиева Бахыт Егизбаевна Қызылорда медициналық колледжінің директорының практикалық ісі жөніндегі орынбасары
5 Үсейнов Сәкен Алеудинұлы Жаңақорған аудандық туберкулезге қарсы диспансерінің бас дәрігері

«АЛТЫН ДӘРІГЕР» ТӨС БЕЛГІСІМЕН:
1 Кудебаев Жалғас Назарович облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының БОКС бөлімінің меңгерушісі
2 Алдамжаров Амантай Нұрмышұлы Облыстық медициан орталығының травматология бөлімінің меңгерушісі

«СЫР МЕДИЦИНАСЫНЫҢ ҮЗДІГІ» МЕДАЛІМЕН:

1 Мамбетжанов Аралбай Аяғанұлы Амбулаториялық-емханалық қызметі бар Қазалы аудандық орталық ауруханасының «Майдакөл» дәрігерлік амбулаториясының фельдшері
2 Қаюпова Гүлсім Телеубайқызы Амбулаториялық-емханалық қызметі бар Жалағаш аудандық орталық ауруханасының терапия бөімінің меңгерушісі

«Нұр Отан» партиясының бағдарламалық мақсаттары мен міндеттерін іске асыруға бағытталған қызметі және азаматтық белсенділігі үшін;
АБДРАСУЛОВ МҰРАТ СЕЙДІЛДАҰЫЛЫНА алғыс жарияланды.

 

Ресейлік ғалым паразиттер туындататын ауруларды емдеу клиникасының филиалын Қызылордада ашпақҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - 7 желтоқсаннан бері Қызылорда қаласында белгілі ресейлік дәрігер-паразитолог, профессор Хачатрян Ашот медицина қызметкерлерімен кездесулер өткізіп, халыққа тегін кеңестер берді.Бұл кездесулер 10-ына дейін жалғаспақ. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.

Профессор алдымен облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың жеке қабылдауында болып, ертеңіне медицина қызметкерлерімен кездесті. Оларды емдеу әдістерімен таныстырды. Қала тұрғындарына паразиттердің әсерінен туындайтын ауруларды емдеу жайлы кеңес берді. Ертең сағат 9-13 аралығында облыстық диагностикалық кеңес беру орталығында тұрғындарды қабылдайды.

Профессор Новосибирсктегі паразиттер туындатқан ауруларды емдеу клиникасының филиалын Қызылорда қаласында ашуды жоспарлап отыр.

 

 

Автор: Елубай Әуезов

http://www.inform.kz/kaz/article/2848301

ЕМДЕЛУШІЛЕРДІҢ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ ҚЫЗМЕТІ АШЫЛДЫ7 желтоқсанда «Сыр медиа» ЖШС жанындағы коммуникациялар орталығында өткен брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ақмарал Әлназарова ағымдағы жылдың он айында салада атқарылған жұмыстарды саралады.

Биыл облыс бойынша туу көрсеткіші 1000 адамға шаққанда өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 26,83-тен 27, 29-ға жоғарыласа, табиғи өсім 1000 адамға шаққанда 21,31-ден 20,79-ға төмендеген. Десе де, салада жүргізілген жұмыстар нәтижесінде өмір сүру ұзақтығы 70,6-дан 70,8 жасқа жетсе, жалпы өлім көрсеткіші 1000 адамға шаққанда өткен жылмен салыстырғанда 3,9-дан 3,6-ға төмендеген. Ал ағымдағы жылдың есепті мерзімінде аймақта 16086 нәресте дүниеге келіп, былтырмен салыстырғанда 889 сәбиге төмен туылған.

– Ана мен бала өлім-жітімін айтар болсақ, сәби өлімі 1000 тірі туылған нәрестеге шаққанда 9,6 промиль болып өткен жылмен салыстырғанда 10,2 пайызға төмендегені байқалады. Аталған мерзімде аймақта алты ана өлімі тіркелді,– деген басқарма басшысы ана өлімінің негізгі себептерін жүктіліктен тыс ауруларының болуымен байланыстырады. «Бұл дегеніміз туу жасындағы аналарымыздың денсаулығының нашарлығын көрсетеді» деген Ақмарал Шәріпбайқызы осыған орай барлық емдеу ұйымдарының күндізгі стационарларында болашақ аналар денсаулығын сауықтыру мақсатында гинекология төсектерін барынша кеңінен қолдану, облыстық перинаталды орталығынан босанғаннан кейінгі сауықтыру шаралары үшін 30 төсектік орын ашуды қолға алынғанын айтты.

Есепті мерзімде облыстық перинаталды орталық жанынан ашылған генетикалық орталықта жалпы саны 9013 зерттеу жасалған. Қазіргі уақытта республикалық деңгейде жасалатын тың әдістің енгізіліп жатқаны да белгілі болды. Ол әдіс жатырдағы нәрестенің денсаулығын тексеруге мүмкіндік береді. Яғни, сәби саулығын алдын ала тексеру арқылы түрлі ақаулардың алдын алып, өлім көрсеткіштерін төмендетуге септігін тигізбекші.

Облыста қан айналым жүйесі ауруларымен аурушаңдық көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 1183,1-ден 1113,9-ға төмендеген. Осы орайда басқарма басшысы қан айналым жүйесі ауруларынан болатын ауыр зардаптар мен одан болатын өлім-жітімнің алдын алу және науқастардың толыққанды еңбекке жарамды болуын қамтамасыз ету мақсатында барлық жеті ауданның кардиостандарттармен (Тредмил тест, Холтер-мониторы, ЭХО кардиограф) қамтамасыз етілетінін жеткізді. Бұл қондырғылармен ауруды ерте сатысында анықтауға болады. Мәліметтерге сүйенсек, соңғы төрт жылда 3599 коронаграфия жасалып, жоспарланған оталардың 80 пайызын құраса, қан тамырларына – 990 стент қойылған. Облыста екі мамандандырылған кардиобригада жұмыс атқарады. Олар өткір инфаркт науқастарын облыстық кардиоорталыққа тасымалдап, 12 сағатқа дейін инфаркт ошағына стент қойылады.

Қатерлі ісіктермен аурушаңдық көрсеткіші бойынша облыс көлемінде есепті мерзімде 4372 науқас анықталып, белсенді түрде жүргізілген скринингтік тексерудің есебінен біршама артқаны байқалады. Қазіргі уақытта басқарма басшысының айтуынша, онкологиялық ауруларды ерте сатысында анықтау және өлім көрсеткішін төмендету мақсатында облыстық онкология орталығын заманауи «экспертті класты» медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету қарастырылуда. Бұл өз кезегінде қатерлі ісіктерге ота жасаудың тың әдістерін енгізуге әкелмек. Сонымен қатар, қатерлі ісікке шалдыққандарға 15 төсектік паллиативтік көмек көрсететін хоспис ашу да көзделуде.

Өңірде туберкулезбен аурушаңдық және онан қайтыс болу көрсеткішінің төмендеу қарқыны байқалады. Атап айтқанда, ағымдағы жылдың 10 айында 100 мың тұрғынға шаққанда өкпе дертімен аурушаңдық көрсеткіші 62,3 болып отыр. Өткен жылы бұл көрсеткіш 66,1-ді құраған. Өлім-жітім көрсеткіші 100 мың адамға шаққанда 2014 жылмен салыстырғанда 4,8-ден 3,6-ға төмендеген.

Есепті мерзімде 445 науқасқа жоғары медициналық көмек көрсетілген.

Жалпы, денсаулық сақтау саласына соңғы үш жыл көлемінде бөлінген қаржы 58 пайызға өссе, күрделі шығыстарға бөлінген қаржы көлемі 86 пайызға артып, жан басына шаққандағы қаржы көлемі республикалық көрсеткіштен жоғары деңгейді көрсетіп отырғаны белгілі болды.

Брифингте, сондай-ақ, басқарма басшысы есепті кезеңде саладағы арыз-шағымдардың саны өткен жылмен салыстырғанда 51 пайызға өскенін айтты. Арыздардың 42 пайызы сапасыз медициналық қызмет көрсетуден болғанын да жасырмады.

– Өздеріңізге белгілі, денсаулық сақтау саласы тікелей тұрғындардың денсаулығымен тығыз байланысты. Сондықтан біздің салаға қатысты түрлі пікірлердің туындауы заңды құбылыс. Біз өз тарапымыздан халыққа медициналық қызмет көрсетуде жаңашыл бастамаларға қашанда әзірміз. Айтылған сын-пікір, ұсыныстар саланың өркендеуіне қосқан үлес болмақ, – деген басқарма басшысы Ақмарал Әлназарова әрбір емдеу ұйымдарында «Пациенттердің құқығын қорғау» қызметінің және облыстық медицина орталығы жанынан ашылған «СаІІ» орталықтың саланы тұрғындарға жақындата түсетініне сенімін білдірді және бұл қызметтердің барлығы салаға қатысты арыздарды шешуде «Осы жерде және дәл қазір!» ұранын басшылыққа алатынын, сондықтан осы қызметті қарқынды түрде дамыту уақыт талабы екенін жеткізді.

Айнұр БАТТАЛОВА.

http://www.syrboyi.kz/negizginews/7179-emdelushlerd-yyn-orau-yzmet-ashyldy.html

Ғалымдар: Facebook ерлерге қарағанда әйелдердің денсаулығына зияндыАСТАНА. ҚазАқпарат - Америкалық Окленд Университетінің ғалымдары кезекті зерттеулері кезінде әлеуметтік желінің ер адамдарға қарағанда әйелдерге зияны көбрек екенін анықтады.

Тәжірибеге 11 мың ерікті қатысты. Олардың 62 пайызы әйелдер, ал 38 пайызы ер адам болған.

Белгілі болғандай әйелдер әлеуметтік желіде, оның ішінде Facebook-та отырса басқа біреулердің өмірімен өз өмірін салыстырып, жиі күйзеліске түсетін көрінеді. Осындай белгілерді байқаған ғалымдар әлеуметтік желінің әйелдерге зияны көп деген шешімге келді.

Сондай-ақ, мамандар қыздардың басым бөлігі желіге өздерінің сәтті түскен суреттері мен Photoshop бағдарламасы арқылы «дұрысталған» суреттерін қоятынын атап өтті.

http://inform.kz/kaz/article/2846961

50 түрлі дертке дауа болатын ерекше өсімдікАСТАНА. ҚазАқпарат - Қара зере (черный тмин) - ерекше емдік қасиеті бар өсімдік.

Қара зеренің жиырмаға жуық түрі бар. Өсімдік дәнінің түсі қара болып келеді, оның «қара зере» деп аталуының себебі де осы. Қара зеренің емдік қасиетіне байланысты көптеген ғылыми зерттеулер жүргізілген. 1960 жылы профессор Дахакна қара зеренің майымен артритті емдеуге болатындығын дәлелдеген. Ал 1992 жылы Дакка (Бангладеш) университетінде жүргізілген зерттеуде қара зеренің бактерияға қарсы тұра алатын қасиеті анықталған. Сондай-ақ ол қатерлі ісікті емдеу үшін де қолданылады.

Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ерекше мақтаған бұл өсімдік бар дерттің дауасы екенін бірі білсе, бірі білмейді. Араб елдерінде «пайғамбар өсімдігі» аталып кеткен қара зеренің пайдасы айтарлықтай. Медицина мамандарының айтуынша, қара зере майының химиялық құрамын фосфат,темір,фосфор,кальций, карбогидраттар,Ежәне В дәрумендері, линолей, олеин,пальмитин, эйкозен, стеарин, альфа-линолен қышқылдары құрайды.

Ғалым Ибн Қайым Жаузия өзінің «Пайғамбар медицинасы» атты кітабында қара зеремен 50 шақты ауруды емдеуге болатындығын көрсеткен. Кейінгі зерттеулер бойынша да оның мынандай ауруларға ем екендігі белгілі:

Қандағы холестеринді азайтады;

Ағзаны улы заттардан тазартады;

Иммунитет жүйесін күшейтеді;

Инсультқа (миға қан кету) қарсы тұрады;

Артрит (буын ауруы) пен бауыр ауруынан айықтырады;

Құрамындағы тимохинон арқылы қандағы глюкозаны азайтады;

Құрамындағы эфир майлар арқылы бактерияларды өлтіріп, олардың көбеюін тоқтатады;

Бронхит пен астмаға (тыныс жолдарының қабынуы) ем;

Ішектердегі қажетті бактерияларды қалпына келтіру арқылы іш-құрылыстың жүйесін реттейді;

Тері ауруларына пайдалы (қотыр, қышыма, бөртпе т.б.);

Өт пен бүйректе жиналған майда тастарды уатады;

Несеп жолдарын тазалайды;

Ішті жүргізеді;

Ішек құрттарын жоюға көмек береді;

Бала емізетін әйелдердің сүтін молайтады;

Сүйелді кетіреді;

Жөтел мен сарыауруға таптырмайтын ем;

Белсіздікке ем;

Семіздіктен арылуға көмектеседі;

Тәбетті арттырады;

Асқазанның ойық жарасын (язва) жазады,

Етеккiр циклын қалпына келтіреді, т.б.

Қара зере майы.Қара зеренің, негізінен, дәнектері мен майы емге пайдаланылады. Мәселен, қара зере майы аллергияны, қышыма мен псориазды бәсеңдетуге, демікпеге қарсы ағзаның иммунитетін арттыруға, асқорыту қиындағанда, жоғарғы қан қысымы байқалғанда емге пайдаланылады. Түрлі витаминдер, минералды тұздар, микроэлементтермен қатар, қара зере майының құрамында көмірсулар, белоктар мен майлар да бар. Өсімдік майы негізгі маймен қатар майлы қышқылдардан да түзіледі. Осы себепті аталғандардың соңғысы қанықпаған майға жатады. Зерттеуші медицина мамандарының айтуынша, қара зере майының химиялық құрамын фосфат,темір,фосфор,кальций, карбогидраттар,Ежәне В витаминдері, линолей қышқылы, олеин қышқылы, пальмитин қышқылы, эйкозен қышқылы, стеарин қышқылы, альфа-линолен қышқылы құрайды. Ол сондай-ақ нигелон семохиропинон немесе меланин секілді арнайы белсенді компоненттерге де ие.

Қара зере шайы.Бүгінгі күні қара зеренің дәндерінен қайнатылған арнайы шай да жасалады. Бұндай шай көбіне іш кебу, іш өту және өт шаншуы сияқты ауруларға ем. Жас босанған сүті аз әйелдерге де оның пайдасы зор.

Қорыта келгенде, Қара зере - расында да емдік қасиеті мол шипалы өсімдік. Оның өлімнен басқаның бәріне ем екендігін бүгінгі медициналық зерттеулер бірінен соң бірі дәлелдеуде.

Ақпарат интернеттен алынды.

 

http://www.inform.kz/kaz/article/2846168

ҰЛТ ДЕНСАУЛЫҒЫ: Академик Т. Шарманов дұрыс тамақтану жөнінде айтып бердіАЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Елбасы таяуда өзінің «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» аты жаңа Жолдауын жариялады. Онда Мемлекет басшысы әлемдік дағдарыс жағдайында Қазақстанда қолға алынатын жаңа іс-әрекеттер туралы айтты. Оларды жүзеге асыруда халықтың тұрмысы мен денсаулығының мықты болу керектігін баса атап көрсетті.

«Біздің халқымыз ешқашан бүгінгідей бақуатты тұрмыс кешіп көрген жоқ. Тәуелсіздік алғаннан бері 1300-ден астам денсаулық сақтау нысаны мен 1700-ден астам білім беру ошағын салдық. Жалпы халықтың тұрмысының, денсаулығының түзелуі, санының өсуінің нәтижесінде қазақстандықтардың орташа өмір ұзақтығы 72 жасқа жуықтады», - деді Елбасы. Осыған байланысты халқымыздың тұрмысын жақсартып, денсаулығын нығайту жолында тағы қандай шараларды жүзеге асыру керек? Саламатты өмір салтын ұстануда дұрыс тамақтана білу қаншалықты маңызды? «ҚазАқпарат» тілшісінің осы және өзге де сұрақтарына Қазақ тағамтану академиясының академигі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Төрегелді Шарманов жауап берген еді.

- Бүгінде тренажер залына барып жаттығу, дұрыс тамақтану қалыпты үрдіске айналып келеді. Осы орайда денсаулықты нығайту үшін тағы қандай шараларды жүзеге асырған дұрыс?

- Ұзақ өмір сүруге және денсаулықты нығайтуға өмір бойы ұмтылу керек. Өмірге дені сау ұрпақ әкелу үшін, оның денсаулығын, анасының құрсағында жатқан кезден бастап қамқорлыққа алу керек. Қазіргі таңда, майлы тамақты аз пайдаланып, көкөніс пен бидайдың төменгі сұрыптарын пайдаланған маңызды. Яғни, талшықты өнімдер пайдалы деген сөз. Жоғарғы сұрыпты ұннан жасалған нанды, қантты өте аз пайдалану қажет. Адамдар «майлы тамақ семіздікке әкеп соғады», - деп санайды. Жоқ, тек олар ғана емес. Қанттың көмірсулары мен құрамында қанты бар сұйықтықтарды аз пайдалану керек. Мысалы, кока-кола, пепси-кола, фаст-фуд, хот-догтар өте қауіпті. Қуырылған тамақтар жүрек-қан тамырлары ауруына, тіпті қатерлі ісік дертіне әкеп соқтырады. Қазір адамдар холестерині бар тамақтарды жеуден қорқады. Негізі олардың өздері қауіпті емес. Оларды қауіпті ететін транс-майлы қышқылдар. Бұл қышқылдар сиырдың сүтінде болады. Сондықтан, күніне кем дегенде 400 грамм көкөніс пен жеміс-жидектерді пайдалану қажет. Ал бізде бұл көрсеткіш әзірге жан басына шаққанда 150-200 грамнан аспайды. Бұл аз.

Негізі тамақта майлардың мөлшері 25-30 пайыз, ақуыздар - 11-13 пайыз, көмірсулар 55 пайызды құрауы керек. Тағы бір маңызды жәйттің бірі, ол - қимыл-қозғалыс. Негізі көп жүріп-тұру керек.

- Биологиялық белсенді қоспалар жөнінде пікіріңіз қандай?

- Ұзақ жылдар бойы техногендік үдерістердің салдарынан азық-түліктің құрамында дәрумендер мен микроэлементтер азайды. Сондықтан бұл белсенді қоспалар мен дәрумендерді пайдалану өте қажет. Дегенмен, оларды қабылдаудың алдында дәрігермен кеңесіп алған жөн.

- Базарларда гендік модификацияланған жемістер көбейіп жатыр. Бұл туралы да пікіріңізді білгіміз келеді.

- Бұл туралы көп әңгіме айтылып жүр. Мұндай өнімдердің өмірімізге мықтап енгендігін мойындау керек. Бір сөзбен айтқанда мұндай өнімдер адам ағзасына кері әсер ете алмайды.

- Төрегелді Шарманұлы, өзіңіз қалай тамақтанасыз?

- Мен бұл жағынан қатал ережені сақтаймын. Таңертең міндетті түрде дене шынықтыру жаттығуларын жасаймын. Жүремін. Қыста тренажерлік залда жаттығамын. Кейін душ қабылдаймын. Бірінші жылы сумен, кейін мұздай сумен шайынамын. Таңертеңгілік асқа - бір қызанақ, бір қияр, бір болгар бұрышы немесе алма және кілегей қосылған шай. Ал нан, май, шұжық дегендерді жемеймін. Түсте тауық еті немесе жылқы еті салынып әзірленген сорпа ішемін. Қойдың етін татып алмаймын. Жалпы, қызыл етті көп жемеймін. Дегенмен, жылқының еті өте пайдалы. Биенің сүтін зарарсыздандыруға, яғни стерильдеуге және қайнатуға әсте болмайды. Себебі сапасын жоғалтады. Бұл өте нәзік сүт. Оның ақуызы ана сүтінің ақуызымен бірдей. Ал сиырдың сүтін қайнатпасаң, тазартпасаң тез бұзылады, ал қайнатсаң пайдалы қасиеттерін жоғалтады. Сондықтан мен сиырдың сүтін ішпеймін, одан жасалған ірімшікті жемеймін.

- Биыл биенің сүтінен жасалған жаңа өнімді жұртшылыққа таныстырдыңыз. Қазір осы бағытта қандай шараларды жүзеге асырып жатырсыз?

- Иә, біз биенің сүті негізінде жаңа өнім жасап шығардық. Бұл -торттар, балмұздақ, шоколад, тәтті тоқаштар және йогурт. Бұл өнімдерде қант, транс-майлы қышқылдар атымен жоқ. Қазір біз бұл өнімдерді кең көлемде шығару үшін қажетті жабдықтарды сатып алып жатырмыз. Ал әзірге Төле би, 127 мекен-жайында біздің дәмхана бар. Сонда тұтынушыларға аталған өнімдерді ұсынамыз. Олар дән риза. Болашақта бұл өнімдерді экспортқа да шығаруды көздеп отырмыз. Бұл жерде әсіресе шоколадтың бағасы қымбаттау. Бірақ сапасы керемет, ал балмұздақтың дәмі ерекше.

- Тәуелсіздік күні, Жаңа жыл мерекесі жақындап келеді. Мерекелік дастархан қандай болуы керек?

- Өте құнарлы және майлы тамақтардан бас тартқан жөн. Мереке өтеді де кетеді. Ал майлы тамақты көп жегеннен денсаулық сыр беруі мүмкін. Ұйқы безінің осыншама тамақты қорытуға шамасы жетпейді. Дегенмен, ферменті бар таблеткалар алып қойыңыздар. Салаттарды, балықтан және құс етінен жасалған тағамдарды көбірек жасаған абзал. Және әрине бауырды ойлау керек, яғни ішімдіктен мүлдем бас тарту керек.

- Отандық денсаулық сақтау саласының дамуы қандай дәрежеде?

- Отандық денсаулық сақтау саласының болашағы бар. Мемлекет бұл жүйеге көп қаржы бөліп жатыр. Бірақ әзірге тиімділігі аса жоғары емес. Ана мен бала өлім-жітімі жоғары деңгейде. Жүрек-қан тамырлары аурулары бойынша әлемде алдыңғы орындардың біріндеміз. Дейтұрғанмен, медициналық-санитарлық көмек көрсету саласына көп көңіл бөліне бастады. Қазір қоғамдық денсаулық сақтау маңызды роль атқарады. Сондай-ақ аурулардың алдын алуға күш жұмсалып жатыр. Өйткені ауруды емдегеннен оның алдын алу анағұрлым тиімді әрі арзан. Бұл жерде ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі қажырлы еңбек етіп жатыр. Қазіргі министр дәрігер болмаса да бұл саланың мәселелерін, әлеуметтік дамудың маңыздылығын өте жақсы түсінеді.

- Әңгімеңізге рахмет.

 

Автор: Жаппарберген Айбота

http://www.inform.kz/kaz/article/2845742