Ауа райы
Мерекелер

Елімізде медицина мамандарын даярлау сапасы сын көтермейді - Қ. ТоқаевАСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатында өтіп жатқан Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрімен кездесу барысында сөз сөйлеген палата спикері Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі медицина кадрларын даярлау сапасын сынға алды.

Сөз барысында спикер Мемлекет басшысының денсаулық сақтау саласы бойынша алдыға жүктеген міндеттерге тоқтала келе, оны тиімді орындауда медицина кадрларын даярлау сапасының маңызды екенін атап өтті. «Мойындауымыз керек, бұл бағытта біздегі жағдай жақсы емес, сын көтермейді. Жыл сайын қоғамдық өмірдің стратегиялық саласы саналатын медицинаға біздің жоғары оқу орындарымызды тамамдаған жүздеген даярлығы төмен мамандар келіп жатыр. Қажетті білім мен дағдының жоқтығынан олар ұлттық денсаулы сақтау жүйесіне залалын да келтіруде. Бұл - жалпыға мойындалған факт. Ол туралы баршаңыз да білерсіздер», - деп атап өтті Сенат Төрағасы.

Дей тұрғанмен, палата спикері Қазақстанның қалаларында жоғары білікті мамандар бар екенін, олар қарапайым ауруханалар мен клиникаларда қызмет етіп жатқанын да тілге тиек етті.

Бұдан бөлек, Қ. Тоқаев медицина қызметкерлерінің әлеуметтік мәселелеріне де тоқталып өтті. Оның айтуынша, еңбекақы төлеудің жаңа моделіне сәйкес, медицина қызметкерлерінің жалақысы 7-ден 25 пайызға артады. Бұл ретте спикер аталған шараны маңызды қадам ретінде санағанымен оны жеткіліксіз деп есептейді.

«Дәрігерлерді баспанамен қамту проблемалары баршылық. Тұтастай алғанда медицина маманының беделін арттыра түсу қажет. Біз қыруар жұмыстар істейтін медбикелер мен санитарлардың еңбекақыларына үлкен назар аударуға тиіспіз. Біз өзіміз ұмтылатын батыс елдеріндегі жүйеде бұл бірнеше есеге жоғары», - деді Сенат Төрағасы.

Автор:Қанат Мәметқазыұлы

http://www.inform.kz/kaz/article/2841206

Дәрігерлер пациентті қараудың орнына қағазбастылықтан арыла алмай келеді - Қ.ТоқаевАСТАНА. ҚазАқпарат - Дәрігерлер пациентті қараудың орнына қағазбастылықтан арыла алмай келеді. Бүгін Парламент Сенатында өтіп жатқан Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрімен кездесу барысында сөз сөйлеген палата спикері Қасым-Жомарт Тоқаев осылай мәлім етті.

«Денсаулық сақтау саласындағы қалыптасқан ахуалға басымдықтардың ұдайы өзгерістерге ұшырауы әсер етіп келеді. Қаптаған бағдарламалық құжаттар, стратегиялар, нормалар мен ұсыныстарды толтырудан дәрігердің қолы босамайды. Денсаулық сақтау саласы бюрократтанып кетті. Азаматтар дәрігерлердің өздерін қараудан бұрын қағаздарды рәсімдеп, формулярларды толтырумен айналысуға мәжбүр екенін айтып, таң қалады, осыған шағымданады. Ал дамыған елдерде орнықты модельдер бекітіледі, сосын бағдарламалар мен стратегияларды өзгертуге ешкім құлықты болмайды», - деп атап өтті Сенат Төрағасы.

Бұл ретте Қ.Тоқаев Қазақстандағы денсаулық сақтау саласы үшін бір ғана оңтайлы модельге тоқталатындай уақыт жеткенін айтып, соны табанды түрде жүзеге асыру қажеттігін атап өтті.

«Бізде осы жылдары денсаулық сақтау министрлері аз ауысқан жоқ. Келген әр министр өзінің бағдарламасын ұсынып, Парламент депутаттарын соған сендіріп, әркім өзінің үлгісі оңтайлы екенін, сынақтан сүрінбей өткенін айтумен болды. Алайда олардың барлығының аяғы қалай болғаны да бәрімізге белгілі», - деді Сенат Төрағасы.

Бұдан бөлек, спикер депутаттарға азаматтар тарапынан дәрі-дәрмек бұйымдарына, оның сапасына қатысты көптеген шағымдар түсетінін де алға тартты.

«Дәріханалар контрафактілі өнімдерге толып тұрғаны да жасырын емес. Мұнда мемлекеттің реттеуші рөлі болмай отырғаны да анық», - деді Қ.Тоқаев.

 

Автор:Қанат Мәметқазыұлы

http://www.inform.kz/kaz/article/2841222

Қызылорда дәрігерлері енді шала туған нәрестелерді ескі салт - «тымаққа салу» амалы бойынша бақпақҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облыстық Ана мен бала орталығының мәліметіне сүйенсек, аймақта өткен жылы дүниеге келген 350 нәрестенің 37-сі шала туылған. Биыл 9 айда 510 бала мерзімінен бұрын туылған. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.

Жаңа туған 35 шақалақтың салмағы 1 келіге де жетпейді. Бұрын егде жасқа келіп босанған әйелдердің баласы әлсіз болса, бүгінде иммунитеттің төмендігі жас аналарда да байқалады.

- Көптеген адамда мерзімінен бұрын дүниеге келген балалардың ары қарайғы тағдыры мен мүгедектікке байланысты сұрақтар туындайды. Жөргекте жетілуге тиісті бөпенің бабын табу оңай шаруа емес. Аса ұқыпты күтім, жоғары технологиялық құралдарды қолдана отырып сапалы емдеу қажет. Ұзақ бақылау тағы керек,-дейді облыстық ана мен бала орталығы бас дәрігерінің орынбасары Манат Бодықова.

Ата-әжелеріміз бұл проблеманың түйінін өткен ғасырларда-ақ шешкен. Он құрсақ көтеріп, оларды өсіріп-жетілдірген батыр ана Ұлжан әжей шала туылған немересін «тымаққа салып» өсіріпті. Қазір ол салт біршама өзгерген. Жаңаланған нұсқаның авторлары - «28 ілмек» клубы. Қайырымдылық ұйымы шала туылған нәрестелерге қажетті тоқыма бұйымдарын әзірлейді.

Әлжуаз баланы баптауда ата-бабалар амал-әрекетін қазіргі медицина да мойындады. Тоқыма киімдердің шала туған балалардың өсіп-жетілуіне пайдасы орасан екенін ақ халаттылар медициналық тұрғыда дәлелденгенін айтады. Қазіргі таңда облыстық перинаталды орталық «28 ілмек» клубымен тығыз байланыста.

 

Автор:Елубай Әуезов

 

http://inform.kz/kaz/article/2840646